Санитариялық шараларды қолдану
1. Санитариялық шаралар адамдарға, көлік құралдарына, сондай-ақ Комиссия актілеріне сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдердің (тауарлардың) бірыңғай тізбесіне енгізілген, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудағы (бақылаудағы) өнімдерге (тауарларға) қатысты қолданылады.
2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдерге (тауарларға) бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар мен рәсімдер белгіленеді.
Өздеріне қатысты Одақтың техникалық регламенттері әзірленетін өнімдерге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар Комиссияның актілеріне сәйкес Одақтың техникалық регламенттеріне енгізіледі.
3. Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар мен рәсімдерді әзірлеу, бекіту, өзгерту және қолдану тәртібін Комиссия бекітеді.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдар мүше мемлекеттердің заңнамасына және Комиссияның актілеріне сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асырады.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) шеңберінде Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыруы мүмкін.
58-бап
Ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану
1. Ветеринариялық-санитариялық шаралар Комиссия бекітетін ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін және Одақтың кедендік аумағында орын ауыстыратын тауарларға (оның ішінде жеке пайдалануға арналған тауарларға) қатысты, сондай-ақ ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілерге қатысты қолданылады.
2. Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға және объектілерге Комиссия бекітетін бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар қолданылады.
3. Жануарлардың жұқпалы ауруларын, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ ауруларды қоздырғыштардың және бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес келмейтін тауарлардың әкелінуін және таралуын болдырмау мақсатында, жеке пайдалануға арналған тауарларды қоса алғанда, ветеринариялық бақылаудағы (қадағалаудағы) тауарларға, сондай-ақ Комиссияның актілеріне сәйкес ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілерге ветеринариялық бақылау (қадағалау) жүзеге асырылады.
Жануарлардың аса қауіпті, карантиндік және зооноздық аурулары ошақтарын профилактикалау, диагностикалау, оқшаулау және жою кезінде мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы Комиссия белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Ветеринария саласындағы уәкілетті органдар ветеринариялық бақылаудағы (қадағалаудағы) тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекараларындағы өткізу пункттерінен не мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ветеринариялық бақылау (қадағалау) құралдарымен жабдықталған және жарақталған, мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған өзге де жерлерден өткізу кезінде ветеринариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырады.
5. Ветеринариялық бақылаудағы (қадағалаудағы) тауарлардың әрбір партиясы Одақтың кедендік аумағына Комиссия бекітетін бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес және көрсетілген тауарлар аумағына әкелінетін мүше мемлекеттің ветеринария саласындағы органы берген рұқсаты және (немесе) көрсетілген тауарды жөнелтуші елдің құзыретті органы берген ветеринариялық сертификаты болған кезде әкелінеді.
6. Ветеринариялық бақылаудағы (қадағалаудағы) тауарлар бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес тасымалданады. Егер Комиссия өзгеше белгілемеген болса, көрсетілген тауарларда ветеринариялық сертификаты бірге болады.
Мүше мемлекеттер Комиссия бекітетін бірыңғай нысандар бойынша ветеринария саласындағы уәкілетті орган беретін ветеринариялық сертификаттарды өзара мойындайды.
7. Ветеринариялық бақылаудағы (қадағалаудағы) тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаты оларды үшінші елдерде шығару, қайта өңдеу, тасымалдау және (немесе) сақтау кезінде шетелдік ресми қадағалау жүйесінің аудитін жүргізу болып табылады.
Ветеринария саласындағы уәкілетті органдар ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілерге Комиссияның актілеріне сәйкес қадағалау мен тексерудің (инспекциялаудың) шетелдік ресми жүйесінің аудитін жүргізеді.
8. Мүше мемлекеттер тиісті халықаралық ұйымдардан, мүше мемлекеттерден, сондай-ақ үшінші елдерден үшінші елдердің немесе мүше мемлекеттердің аумақтарында эпизоотиялық ахуалдың нашарлауы туралы ресми ақпарат алған жағдайда, олардың уақытша ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар мен шараларды әзірлеуге және енгізуге құқығы бар.
Көрсетілген ақпарат болған жағдайда, бірақ ғылыми тұрғыда жеткілікті негіздеу болмаған немесе оны қажетті мерзім ішінде ұсыну мүмкін болмаған кезде мүше мемлекеттер кідіріссіз ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдана алады.
59-бап
Карантиндік фитосанитариялық шаралар
1. Карантиндік фитосанитариялық шаралар Одақтың кедендік шекарасында және Одақтың кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жататын карантинге жатқызылған өнімдердің (карантинге жатқызылған жүктердің, карантинге жатқызылған материалдардың, карантинге жатқызылған тауарлардың) тізбесіне (бұдан әрі - карантинге жатқызылған өнім тізбесі) енгізілген өнімге, Одақтың карантиндік объектілерінің, сондай-ақ карантинге жатқызылған объектілердің бірыңғай тізбесіне енгізілген карантиндік объектілерге қатысты қолданылады.
2. Одақтың кедендік аумағында және Одақтың кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) карантинге жатқызылған өнімнің тізбесіне енгізілген өнімге, Одақтың карантиндік объектілерінің, сондай-ақ карантинге жатқызылған объектілердің бірыңғай тізбесіне енгізілген карантиндік объектілерге қатысты жүзеге асырылады.
3. Карантинге жатқызылған өнімнің тізбесін, Одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесін және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарды Комиссия бекітеді.
XII бөлім
ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
60-бап
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау кепілдігі
1. Мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында, сондай-ақ осы Шартта тұтынушылардың құқықтарына және олардың қорғалуына кепілдік беріледі.
2. Мүше мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ олардың аумақтарында тұратын өзге де адамдар басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында осы басқа мүше мемлекеттердің азаматтары секілді құқықтық қорғауды пайдаланады және олардың осы басқа мүше мемлекеттердің азаматтарына жасалғандай жағдайларда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға, басқа да ұйымдарға, сондай-ақ соттарға жүгінуге және (немесе) өзге де процестік әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.
61-бап
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы саясат
1. Мүше мемлекеттер тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында мүше мемлекеттердің азаматтары үшін олардың мүдделерін шаруашылық жүргізуші субъектілердің жосықсыз әрекетінен қорғау бойынша тең жағдайлар қалыптастыруға бағытталған келісілген саясат жүргізеді.
2. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келісілген саясат жүргізу осы Шартпен және осы Шартқа № 13 қосымшаға сәйкес қағидаттар негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы мүше мемлекеттердің заңнамасымен қамтамасыз етіледі.
ҮШІНШІ БӨЛІК
БІРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК
XIII бөлім
МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ
62-бап
Келісілген макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары
1. Одақ шеңберінде мүше мемлекеттер экономикаларының теңгерімді дамуына қол жеткізу мақсатында мүше мемлекеттердің бірлескен әрекеттерін әзірлеуді және іске асыруды көздейтін келісілген макроэкономикалық саясат жүргізіледі.
2. Мүше мемлекеттердің келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізуін үйлестіруді осы Шартқа № 14 қосымшаға сәйкес Комиссия жүзеге асырады.
3. Мүше мемлекеттер жүргізетін келісілген макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттарына:
1) Одақтың интеграциялық әлеуетін және әрбір мүше мемлекеттің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, мүше мемлекеттер экономикаларының орнықты дамуын қамтамасыз ету;
2) мүше мемлекеттер экономикаларының жұмыс істеуінің бірыңғай қағидаттарын қалыптастыру және олардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
3) макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді қоса алғанда, мүше мемлекеттер экономикаларының ішкі орнықтылығын, сондай-ақ сыртқы әсерге қатысты орнықтылықты арттыру үшін жағдайлар жасау;
4) мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуын болжау үшін ортақ қағидаттар мен бағдарларды әзірлеу кіреді.
4. Келісілген макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру осы Шартқа № 14 қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
63-бап
Экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын
негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер
Мүше мемлекеттер экономикалық саясатты экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің мынадай:
мемлекеттік басқару секторының шоғырландырылған бюджетінің жылдық тапшылығы - жалпы ішкі өнімнің 3 пайызынан аспайтын;
мемлекеттік басқару секторының борышы - жалпы ішкі өнімнің 50 пайызынан аспайтын;
жылдық мәндегі (алдыңғы жылғы желтоқсан айына шаққанда желтоқсан айында, пайызбен) инфляция деңгейі (тұтыну бағаларының индексі) — осы көрсеткіш ең төмен мәнге ие мүше мемлекеттегі инфляция деңгейінің 5 пайыздық пунктінен аспайтын сандық мәндері шеңберінде қалыптастырады.
XIV бөлім
ВАЛЮТАЛЫҚ САЯСАТ
64-бап
Келісілген валюталық саясаттың мақсаттары мен қағидаттары
1. Мүше мемлекеттер экономикалық интеграцияны тереңдету, валюта-қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамыту, мүше мемлекеттер аумағында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарының сыртқы сауда операцияларындағы және инвестициялық операциялардағы рөлін арттыру, сондай-ақ көрсетілген валюталардың өзара айырбасталуын қамтамасыз ету мақсатында мынадай:
1) валюталық саясатты қалыптастыру мен жүргізуге арналған тәсілдерді интеграциялық ынтымақтастықтың қалыптасқан макроэкономикалық қажеттіліктеріне сәйкес келетіндей көлемде үйлестіру мен жақындастыруды кезең-кезеңмен жүзеге асыру;
2) валюта саласындағы интеграциялық процестерді дамыту, валюталық саясатты үйлестіру және келісу үшін ұлттық және мемлекетаралық деңгейлерде қажетті ұйымдастырушылық-құқықтық жағдайлар жасау;
3) валюта саласында интеграциялық процестерді дамытуға теріс әсер етуі мүмкін әрекеттерді қолданбау, ал оларды қолдануға мәжбүр болған жағдайда - осындай әрекеттердің салдарын барынша азайту;
4) әрбір мүше мемлекеттің ішкі валюта нарығында, сондай-ақ халықаралық валюта нарықтарында мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарына деген сенімді арттыруға бағытталған экономикалық саясатты жүргізу қағидаттарының негізінде келісілген валюталық саясатты әзірлейді және жүргізеді.
2. Мүше мемлекеттер келісілген валюталық саясатты жүргізу мақсатында осы Шартқа № 15 қосымшаға сәйкес шараларды іске асырады.
3. Бағамдық саясатты үйлестіруді құрамына мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерінің басшылары кіретін және қызметінің тәртібі Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалатын жеке орган жүзеге асырады.
4. Мүше мемлекеттердің валюталық құқықтық қатынастарды реттеуге және ырықтандыру шараларын қабылдауға қатысты келісілген тәсілдері Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
XV бөлім
КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САУДАСЫ, ИНВЕСТИЦИЯЛАР
ҚҰРУ, ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
65-бап
Реттеу мақсаты мен нысанасы, қолданылу саласы
1. Осы бөлімнің мақсаты осы бөлімнің және осы Шартқа № 16 қосымшаның талаптарына сәйкес Одақ шеңберінде көрсетілетін қызметтер саудасы, инвестициялар құру, қызметі және инвестицияларды жүзеге асыру еркіндігін қамтамасыз ету болып табылады.
Мүше мемлекеттерде көрсетілетін қызметтер саудасын, инвестициялар құруды, қызметін және инвестицияларды жүзеге асыруды реттеудің құқықтық негіздері осы Шартқа № 16 қосымшада айқындалады.
2. Осы бөлімнің ережелері мүше мемлекеттердің көрсетілетін қызметтерді беруді және алуды, инвестициялар құруды, қызметін және инвестицияларды жүзеге асыруды қозғайтын шараларына қолданылады.
Осы бөлімнің ережелері:
осы Шарттың XXII бөлімінде реттелетін мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуға;
мемлекеттік билік функцияларын орындау үшін көрсетілетін қызметтер беруге және жүзеге асырылатын қызметтерге қолданылмайды.
3. Осы Шарттың XVI, XIX, XX және XXI бөлімдерінде қамтылатын көрсетілетін қызметтер тиісінше осы бөлімдердің ережелерімен реттеледі. Осы бөлімнің ережелері көрсетілген бөлімдерге қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
4. Электр байланысының көрсетілетін қызметтерімен саудаға байланысты туындайтын құқықтық қатынастардың ерекшеліктері Электр байланысының көрсетілетін қызметтерімен сауда тәртібіне (осы Шарттың № 16 қосымшасына № 1 қосымша) сәйкес айқындалады.
5. Жеке тұлғалардың келу, кету, болу және еңбек қызметі ерекшеліктері осы бөлімге қайшы келмейтін бөлігінде осы Шарттың XXVI бөлімінде реттеледі.
6. Осы бөлімдегі ешнәрсе:
1) кез келген мүше мемлекетке ол ашылуын өз қауіпсіздігінің маңызды мүдделеріне қайшы келеді деп қарастыратын қандай да бір ақпаратты оның беруі жөніндегі талап;
2) кез келген мүше мемлекеттің өз қауіпсіздігінің маңызды мүдделерін қорғау үшін қажет деп есептейтін кез келген, оның ішінде:
әскери мекемені жабдықтау мақсатында тікелей немесе жанама түрде жүзеге асырылатын көрсетілетін қызметтерді беруге қатысты;
жарылатын немесе термоядролық материалдарға немесе олар алынған материалдарға жататын;
соғыс уақытында немесе басқа да төтенше мән-жайларда халықаралық қатынастарда қабылданған әрекеттерді заңнамалық акт қабылдау арқылы қолдануына кедергі;
3) кез келген мүше мемлекеттің халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес өз міндеттемелерін орындау үшін кез келген әрекеттерді қолдануына кедергі ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
7. Осы бөлімнің ережелері мүше мемлекеттің:
1) қоғамдық моральды қорғау немесе қоғамдық тәртіпті ұстап тұру үшін қажетті шараларды қабылдауына немесе қолдануына кедергі келтірмейді. Қоғамның негізгі мүдделерінің біріне қатысты шынайы және жеткілікті түрде елеулі қауіп-қатер қалыптасқан жағдайда, қоғамдық тәртіп пайымдаулары бойынша ерекшелік қолданылуы мүмкін;
2) адамдардың өмірін немесе денсаулығын, жануарларды немесе өсімдіктерді қорғау үшін қажетті;
3) мыналарға:
жаңылысуға ұшырататын және жосықсыз практиканы немесе азаматтық-құқықтық шарттардың сақталмау салдарын болдырмауға;
жеке сипаттағы мәліметтерді өңдеу және тарату кезінде жекелеген тұлғалардың жеке өміріне араласудан қорғауға және жеке өмірі мен шоттары туралы мәліметтердің құпиялылығын қорғауға;
қауіпсіздікке қатысы бар шараларды қоса алғанда, осы бөлімнің ережелеріне қайшы келмейтін, мүше мемлекеттердің заңнамасын сақтау үшін қажетті;
4) іс жүзінде ұсынылатын режимдегі айырмашылық көрсетілетін қызметтер саудасына, инвестициялар құруға және қызметіне қатысты әділ немесе тиімді тікелей салықтар салуды және оларды басқа мүше мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттердің тұлғаларынан алуды қамтамасыз етуге талпынумен байланысты болған жағдайда, осы Шартқа № 16 қосымшаның 21 және 24-тармақтарымен үйлеспейтін шараларды қабылдауына немесе қолдануына кедергі келтірмейді және мұндай шаралар мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарының ережелеріне қайшы келмеуге тиіс;
5) режимге қатысты айырмашылық тиісті мүше мемлекет қатысушысы болып табылатын салық салу мәселелері бойынша, оның ішінде қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімнің нәтижесі болып табылған жағдайда, осы Шартқа № 16 қосымшаның 27 және 29-тармақтарымен үйлеспейтін шараларды қабылдауына немесе қолдануына кедергі келтірмейді.
8. Осы баптың 7-тармағында көзделген шараларды қолдану мүше мемлекеттер арасында жөнсіз немесе ақталмаған кемсітушілікке немесе көрсетілетін қызметтер саудасында, инвестициялар құруда, қызметінде және инвестицияларды жүзеге асыруда жасырын шектеулерге әкеп соқпауға тиіс.
9. Егер мүше мемлекет үшінші мемлекетке қатысты көрсетілетін қызметтер саудасына, инвестициялар құруға, қызметіне және инвестицияларды жүзеге асыруға қатысты шектеулерді немесе тыйымдарды сақтаса, осы бөлімдегі ешнәрсе мұндай мүше мемлекетті басқа мүше мемлекеттің тұлғаларына, егер мұндай тұлға көрсетілген үшінші мемлекеттің тұлғасына тиесілі болса немесе оның бақылауында болса, ал осы бөлімнің ережелерін қолдану көрсетілген тыйымдар мен шектеулерді айналып өтуге немесе бұзуға әкеп соғатын болса, осы бөлімнің ережелерін қолдануға міндеттейтіндей болып түсіндірілмеуге тиіс.
10. Мүше мемлекет өзі осы бөлімге сәйкес қабылдайтын өз міндеттемелерін басқа мүше мемлекеттің тұлғасына, егер басқа мүше мемлекеттің тұлғасы осы басқа мүше мемлекеттің аумағында елеулі іскерлік операцияларды жүзеге асырмайтындығы және оның бірінші мүше мемлекеттің тұлғасына немесе үшінші мемлекет тұлғасына тиесілі екені немесе оның бақылауында екені дәлелденетін болса, көрсетілетін қызметтер саудасына, инвестициялар құруға, қызметіне және инвестицияларды жүзеге асыруға қатысты қолдана алмайды.
66-бап
Көрсетілетін қызметтер саудасын, инвестициялар құруды, қызметін
және инвестицияларды жүзеге асыруды ырықтандыру
1. Мүше мемлекеттер басқа мүше мемлекеттер тұлғаларының көрсетілетін қызметтер саудасына, инвестициялар құруына және қызметіне қатысты, осы Шарт күшіне енген күні қолданыста болған режиммен салыстырғанда жаңа кемсітушілік шараларын енгізбейді.
2. Көрсетілетін қызметтер саудасы, инвестициялар құру, қызметі және инвестицияларды жүзеге асыру еркіндігін қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттер көрсетілетін қызметтердің өзара саудасы, инвестициялар құру, қызметі және инвестицияларды жүзеге асыру жағдайларын кезең-кезеңмен ырықтандыруды жүргізеді.
3. Мүше мемлекеттер осы Шартқа № 16 қосымшаның 38 - 43-тармақтарында көзделген көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын құруға және оның барынша көп қызметтер секторында жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ұмтылады.
67-бап
Көрсетілетін қызметтер саудасын, инвестициялар құруды, қызметін
және инвестицияларды жүзеге асыруды ырықтандыру қағидаттары
1. Көрсетілетін қызметтер саудасын, инвестициялар құруды, қызметін және инвестицияларды жүзеге асыруды ырықтандыру мүше мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіру және мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара әкімшілік ынтымақтастығын ұйымдастыру арқылы, халықаралық қағидаттар мен стандарттарды ескере отырып, жүзеге асырылады.
2. Көрсетілетін қызметтер саудасын, инвестициялар құруды, қызметін және инвестицияларды жүзеге асыруды ырықтандыру процесінде мүше мемлекеттер мынадай:
1) ішкі реттеуді оңтайландыру - шамадан тыс ішкі реттеуді, оның ішінде көрсетілетін қызметтерді берушілер, алушылар, инвестициялар құруды немесе қызметін жүзеге асыратын тұлғалар және инвесторлар үшін рұқсат беру талаптары мен рәсімдерін көрсетілетін қызметтердің нақты секторларын реттеудің озық халықаралық практикасын ескере отырып, ала ол болмаған жағдайда - мүше мемлекеттердің неғұрлым прогрессивті модельдерін таңдау және қолдану арқылы кезең-кезеңмен оңайлату және (немесе) жою;
2) пропорционалдық - көрсетілетін қызметтер нарығының, инвестициялар құрудың, қызметінің немесе инвестицияларды жүзеге асырудың тиімді жұмыс істеуі үшін мүше мемлекеттер заңнамасын үйлестіру мен өзара әкімшілік ынтымақтастық деңгейлерінің қажетті және жеткілікті болуы;
3) өзара тиімділік - көрсетілетін қызметтер саудасын, инвестициялар құруды, қызметін және инвестицияларды жүзеге асыруды әрбір мүше мемлекет үшін көрсетілетін қызметтер секторларының және қызмет түрлерінің зәрулігін ескере отырып, пайда мен міндеттемелерді әділ бөлу негізінде ырықтандыру;
4) дәйектілік көрсетілетін қызметтер саудасына, инвестициялар құруға, қызметіне немесе инвестицияларды жүзеге асыруға қатысты кез келген шараларды қабылдау, оның ішінде:
көрсетілетін қызметтер секторларының және қызмет түрлерінің ешқайсысында өзара қол жеткізу жағдайларын осы Шартқа қол қою күніне қолданыста болған жағдайлармен және осы Шартта бекітілген жағдайлармен салыстырғанда нашарлатуға жол берілмейтінін;
осы Шартқа № 16 қосымшаның 2-тармағының 4-абзацында және 15 - 17, 23, 26, 28, 31, 33 және 35-тармақтарында көрсетілген, Жоғары кеңес бекітетін шектеулердің, алып тастаулардың, қосымша талаптар мен жағдайлардың жеке ұлттық тізбелерінде көзделген шектеулердің, алып тастаулардың, қосымша талаптар мен жағдайлардың кезең-кезеңмен қысқартылуын негізге ала отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру және әкімшілік ынтымақтастық;
5) экономикалық орындылық - осы Шартқа № 16 қосымшаның 38 - 43-тармақтарында көзделген көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру шеңберінде Одақтың ішкі нарығында шығарылатын және өткізілетін тауарлардың өзіндік құнына, бәсекеге қабілеттілігіне және (немесе) көлеміне неғұрлым жоғары деңгейде әсер ететін көрсетілетін қызметтер секторларына қатысты көрсетілетін қызметтер саудасына басым тәртіппен ырықтандыру жүргізу қағидаттарын басшылыққа алады.
68-бап
Әкімшілік ынтымақтастық
1. Мүше мемлекеттер осы бөлімде реттелетін мәселелер бойынша құзыретті органдар арасында тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуде бір-біріне жәрдемдеседі.
Мүше мемлекеттердің құзыретті органдары ынтымақтастықтың тиімділігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде ақпарат алмасу үшін келісімдер жасасады.
2. Әкімшілік ынтымақтастық:
1) мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арасында көрсетілетін қызмет секторлары бойынша тұтастай да, нарыққа нақты қатысушыларға қатысты да жедел ақпарат алмасуды;
2) көрсетілетін қызметтерді берушілердің тұтынушылардың, нарықтың адал субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ қоғамдық (мемлекеттік) мүдделерді бұзуының алдын алу тетігін жасауды қамтиды.
3. Мүше мемлекеттің құзыретті органдары жасалған келісімдер шеңберінде басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдарынан олардың құзыреті саласына жататын және осы бөлімде көзделген талаптарды тиімді іске асыру үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде:
1) бірінші мүше мемлекеттің аумағында көрсетілетін қызметтерді құруды жүзеге асырған немесе беретін осы басқа мүше мемлекеттердің тұлғалары туралы және атап айтқанда, олардың аумағында осындай тұлғалардың шын мәнінде құрылғанын растайтын және құзыретті органдардың мәліметтері бойынша бұл тұлғалар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратынын растайтын мәліметтер туралы;
2) құзыретті органдар берген рұқсаттар және жүзеге асырылуы үшін рұқсат берілген қызмет түрлері туралы;
3) құзыретті органдар осы тұлғаға қатысты қабылдаған және оның құзыреттілігін немесе іскерлік беделін тікелей қозғайтын, тұлғаның дәрменсіздігін (банкроттығын) тану туралы әкімшілік шаралар, қылмыстық-құқықтық санкциялар немесе шешімдер туралы ақпаратты сұрата алады. Бір мүше мемлекеттің құзыретті органдары тиісті ақпаратты, оның ішінде бірінші мүше мемлекеттің аумағында көрсетілетін қызметтерді құруды жүзеге асырған немесе беретін тұлғаларды жауаптылыққа тарту негіздері туралы ақпаратты оны сұратқан басқа мүше мемлекеттің құзыретті органдарына ұсынуға тиіс.
4. Мүше мемлекеттер құзыретті органдарының (оның ішінде қызметті бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын) әкімшілік ынтымақтастығы:
1) басқа мүше мемлекеттің көрсетілетін қызметтерді берушісі осы көрсетілетін қызметтерді берген кезде бір мүше мемлекеттің көрсетілетін қызметтерді алушыларының құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін жасау;
2) көрсетілетін қызметтерді берушілер мен алушылардың салық және өзге міндеттемелерін орындауы;
3) жосықсыз іскерлік практиканың жолын кесу;
4) мүше мемлекеттердің көрсетілетін қызметтер көлемі туралы статистикалық деректерінің анықтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
5. Егер мүше мемлекетке кез келген көрсетілетін қызметтерді берушілердің, инвестициялар құруды немесе қызметін жүзеге асыратын тұлғалардың не инвесторлардың осы мүше мемлекеттің аумағындағы немесе басқа мүше мемлекеттердің аумағындағы адамдардың, жануарлардың, өсімдіктердің денсаулығына немесе қауіпсіздігіне немесе қоршаған ортаға нұқсан келтіре алатын әрекеттері туралы белгілі болса, бірінші мүше мемлекет бұл туралы ең қысқа мерзімдерде барлық мүше мемлекеттерге және Комиссияға хабарлайды.
6. Комиссия осы бөлімде реттелетін мәселелер бойынша Одақтың ақпараттық жүйелерін құруға жәрдемдеседі және олардың жұмыс істеу процесіне қатысады.
7. Мүше мемлекеттер осы бапта көзделген міндеттемелерді басқа мүше мемлекеттердің орындамау жағдайлары туралы Комиссияға хабарлай алады.
69-бап
Достарыңызбен бөлісу: |