«болашақ» консалтингтік тобы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «бекітемін» «Болашақ» кт» жшс-нің директоры



жүктеу 128,5 Kb.
Дата11.01.2020
өлшемі128,5 Kb.
#26318

«БОЛАШАҚ» КОНСАЛТИНГТІК ТОБЫ»

жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«БЕКІТЕМІН»

«Болашақ» КТ» ЖШС-нің директоры

________________ Д. Сәрсембаев

2014 жылғы « »______________

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен

азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы келісімге ғылыми құқықтық сараптаманың

ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Астана – маусым-шілде, 2014 жыл

Ғылыми сараптаманы жүргізген ұйым, «Болашақ» консалтингтік тобы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Сараптаманы ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Халықаралық шарттың атауы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы келісім.

Халықаралық шарттың жобасында қозғалатын ғылым салалары – халықаралық құқық.

Ғылыми сараптаманы өткізуге ұсынылған құжаттар



Құжаттардың атауы

мемлекеттік тілде

орыс тілінде

өзге тілде

1

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы келісім.

+

+

-

Ғылыми сараптаманы өткізу мерзімдері

Келісімнің түскен күні

27.06.2014

жаңартылған халықаралық шартты, халықаралық шарттың жобасын ұсыну күні

-

ғылыми құқықтық сараптаманы аяқтау (ұсыну) күні

04.07.2014

мемлекеттік немесе орыс тіліне аударуды аяқтау (ұсыну) күні

05.07.2014

Ғылыми сараптаманы өткізген сарапшылар туралы мәлімет

/№

Т.А.Ә.

Ғылыми немесе өзге дәрежесі

Мамандану саласы

1.

М.А. Сәрсембаев

заң ғылымдарының докторы

халықаралық құқық

2.

К.М. Сәрсембаев

заң ғылымдарының кандидаты

халықаралық құқық

3.

Л.Т. Назарқұлова

заң ғылымдарының кандидаты

конституциялық құқық

4.

М.Г. Шохметова

заңтану магистрі

халықаралық құқық

5.

М.Н. Байсакалова

заңтану бакалавры

халықаралық құқық

6.

С.М. Баймұрат

заңтану бакалавры

халықаралық құқық



  1. Халықаралық шарттың сапасын, оны жасасудың негізділігін, уақтылылығын бағалау.

Заңсыз көші-қон ауқымының артуы кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі үшін айтарлықтай қатер төндіреді. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, заңсыз көші-қон ресми көші-қоннан ондаған есе асып түседі. Көшіп-қонушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметінің айтарлықтай артуы Қазақстанның құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінің ерекше алаңдаушылығын тудырады. «Бақылаусыз көші-қон процестерінің» ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қатерлерінің бірі ретінде белгіленуі кездейсоқтық емес («ҚР ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңның 6-бабының 3-тармақшасы).

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынды. Келісім 2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербургте жасалды (оған Ресей Федерациясы, Армения Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Қырғыз Республикасы сияқты елдер қол қойды). Келісімге сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі (бұдан әрі – БЕЖ) құрылады.

БЕЖ үшінші мемлекеттердің ТМД елдерінің шекараларынан кесіп өтетін азаматтарының уақтылы есебін жүргізуге мүмкіндік беретін ақпаратты автоматты түрде жинауға, өңдеуге, жинақтауға, сақтауға, беруге және пайдалануға арналған. Ол Достастық мемлекеттерінің жұмыс істеп тұрған, сондай-ақ жасалынатын ұлттық ақпараттық-есепке алу жүйелерінің негізінде құрылатын болады1. Соның нәтижесінде үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы бойынша жүріп-тұруын бақылау саласындағы ұйымдастыру-басқару шешімдерін дайындау және қабылдау мүддесіндегі мемлекетаралық ақпарат алмасудың сапасы артады.

Келісімге қосылу үдерісі бірнеше жылға созылып келеді. Айталық, ҚР Премьер-Министрінің 2011 жылғы 25 қарашадағы № 12-50/5471 нұсқауымен мүдделі мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының Келісімге қосылуын қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Алайда Келісімді келісу кезінде ҚР Қаржы министрлігі ТМД БЕЖ құру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру тетігінің жоқтығына сілтеме жасады, ал ҚР Әділет министрлігі Қазақстан бұл Келісімге «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін ғана қосылуы мүмкін деп атап көрсетті. 2013 жылғы 21 мамырда «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының № 94-V Заңы қабылданды. 2013 жылғы 31 мамырда Минск қаласындағы ТМД Үкімет басшыларының Кеңесінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың БЕЖ-ін құру жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру туралы шешімге қол қойылды. Шешімге сәйкес БЕЖ құру жөніндегі жұмыстарға тапсырыс беруші – Федералдық көші-қон қызметі (РФ) орталық және ұлттық тораптар үшін РФ бюджеттік қаржы бөлуі есебінен бірыңғай бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеуді жүзеге асыратын болады. Келісімге қатысушы мемлекеттерге БЕЖ ұлттық тораптарының техникалық құралдары мен жүйелік бағдарламалық қамтамасыз етуін сатып алуды, монтаждауды және пайдалануға енгізуді қаржыландыру қажет болады. ТМД БЕЖ-дің қазақстандық ұлттық торабын құру «Бүркіт» БАЖ-ды қолдауға және дамытуға жыл сайын бөлінетін тиісті бюджет қаражатының шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Осылайша, БЕЖ шеңберінде іздеуде жүрген адамдар және ТМД елдеріне келуге тыйым салынған адамдар деректерінің жалпы есебі, олардың сыртқы көші-қоны жөніндегі статистикалық деректері (шекараны кесіп өту, болу, уақытша және тұрақты тұру, еңбек қызметімен айналысу, азаматтыққа қабылдау/одан шығару және т.б.) жүргізілетін болады.


Қазақстан Республикасының стратегиялық бағдарламаларына сәйкестігі

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесін құру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағында қылмысқа, лаңкестікке, заңсыз көші-қонға, өзге де сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы күресуге ықпал етеді, ол тұтастай алғанда, осы мемлекеттер халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделеріне сай келеді және бұл келісімнің кіріспесінде әділ атап көрсетіледі. Көрсетілген жағымсыз құбылыстарға қарсы күрес мәселелері өз кезегінде республиканың бірқатар стратегиялық құжаттарында – Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында (Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген), 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында (Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген), Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің 2014 - 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1587 қаулысымен бекітілген) атап көрсетіледі. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында «ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету» деген түйінді бағыттың шеңберінде «халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, халықаралық есірткі бизнесіне және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылатын болады» деп атап көрсетіледі (Ұлттық қауіпсіздік). БЕЖ құру сыртқы көші-қон, сондай-ақ іздеуде жүрген адамдар және ТМД елдеріне келуге тыйым салынған адамдар жөніндегі деректердің есебін жүргізуге мүмкіндік береді, ал ол қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға ықпал етеді (6 балл).



Уақтылылық және негізділік деңгейі (6 балл) – орташа.
Заңдылығын бағалау

Талдау жасалып отырған Келісімге 2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылды және ол жоба болып табылмайды. Осы Келісімге Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан қол қойды.

Сарапшылар Келісімнің Қазақстан Республикасы Конституциясынан, Қазақстан Республикасының басқа да халықаралық шарттарынан айырмашылықтары және оларға қайшылықтары жоқ екендігін анықтады. Онда Қазақстанның басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелері қозғалмайды.

2005 жылғы 3 маусымда «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы ереже жөнінде» ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі қабылданғанын атап айту қажет. Алайда осы шешімнің талдау жасалып отырған келісіммен қайшылықтары бар. Атап айтқанда, есептік деректердің бірыңғай тізбелері бір-біріне сәйкес келмейді, электрондық цифрлы қолтаңбаны қолданушылық жоқ және т.б. Осыған байланысты, сарапшылар ТМД Үкімет басшылары кеңесінің аталған шешімінің күші жойылды деп тануды ұсынады.

Тұтастай алғанда, ғылыми-құқықтық сараптамаға ұсынылған халықаралық акт 1970 жылғы Халықаралық құқықтың принциптері туралы декларацияда және 1975 жылғы СБСЕ қорытынды актісінде бекітілген халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған «jus cogens» қағидаттарымен үйлеседі. Атап айтқанда, мемлекеттердің бір-бірімен ынтымақтасу, мемлекеттердің ішкі құзыретіне кіретін істерге араласпау міндеттілігі, мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидаттары Хаттаманың бүкіл мәтінінде өз көрінісін тапқан. Дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаты 9-бапта өз көрінісін тапқан және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 23 желтоқсандағы № 1811 қаулысымен ратификацияланған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімнің уағдаластықтарына сәйкес келеді.

Тұтастай алғанда, Келісім заңдық нысаны, құрылымы, мазмұны бойынша 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттардың құқығы туралы конвенцияның ережелеріне қайшы келмейді. Талдау жасалып отырған халықаралық шарт «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы ҚР Заңы 1-бабының 6-тармағында келтірілген халықаралық шарт ұғымының анықтамасымен толық үйлеседі.

Осы Заңның 2-бабына сәйкес халықаралық акт үкіметаралық шарт болып табылады, бұл оған Үкімет басшысының немесе оның өкілетті өкілінің қол қоюын айқындайды. Алайда, Келісімнің 7-бабына сәйкес ол қол қойылған күннен бастап уақытша колданылады және оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша, қазіргі кезде мемлекеттер қажетті мемлекетішілік рәсімдер жүргізілгеннен кейін талдау жасалып отырған Келісімнің қатысушыларына айналады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Келісімнің қатысушысы болу туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Ережесіне сәйкес өз құзыретінің шеңберінде ұсынды.


Сапаны жалпы бағалау

Келісімнің барлық 11 бабы, қосымшалар – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесіне қойылатын техникалық талаптар; Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесіне техникалық тапсырма; Деректерді есепке алудың бірыңғай тізбесі осындай құжаттарға қойылатын заңнамалық техника талаптарының, жалпы талаптардың сақталуы тұрғысынан сарапшылардың мұқият зерделеу объектісі болды. Сарапшылар Келісімді Қазақстан Республикасы Парламентінің желісі бойынша ратификациялауға ұсынуға болады деп есептейді. Төмендегі Кестеде сарапшылар келтірген ұсынымдарды ескерген жөн. Сапаның бағасы Сапа (4) – лайықты сапа.


Халықаралық шартты жақсарту жөніндегі ұсынымдар

/№

Халықаралық шарт бабының немесе нормасының (тармағының) қолданыстағы редакциясы

Халықаралық шарт бабының немесе нормасының (тармағының) мазмұны бойынша сарапшы пікірі

Халықаралық шартты жақсарту жөніндегі, оның ішінде халықаралық шарттың мәтініне қосымша ережелер енгізу жөніндегі ұсыныстар

1

Келісімнің мәтінінде осы Келісімнің мәтінінде кездесетін терминдердің сөздігіне (глоссарий) арналған бап жоқ.



Келісімнің мәтінінде тиісті терминдерге берілетін анықтамалар жоқ. Терминдердің анықтамасын осы Келісімнің ерекшеліктеріне сәйкес келетіндей етіп берген орынды. Келісімнің мәтінінде осы Келісімнің ерекшеліктерін ескере отырып, мағынасын ашуды қажет ететін мынадай терминдер бар: «Есепке алудың бірыңғай жүйесі», «азаматтығы жоқ адам», «деректермен алмасу шлюзі», «кластерлік шешімдерді қолдау», «пішімді-қисынды бақылау», «желі топологиясының картасы», «деректерді сақтау сыйымдылықтарын ауқымдандыру».


Келісімнің жеке, жаңа бабына толықтыру тәртібімен «Есепке алудың бірыңғай жүйесі», «азаматтығы жоқ адам», «деректермен алмасу шлюзі», «кластерлік шешімдерді қолдау», «пішімді-қисынды бақылау», «желі топологиясының картасы», «деректерді сақтау сыйымдылықтарын ауқымдандыру» деген терминдерді топтастырған және олардың әрқайсысының мағынасын тиісті анықтама арқылы ашқан дұрыс.


2

Келісімнің баптарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесін реттейтін қағидаттар жоқ.


Қосымшаларда техникалық қағидаттар бар, алайда осы Келісімнің баптарында Азаматтарды бірыңғай есепке алу жүйесін қамтамасыз етудің жалпы ұйымдастыру қағидаттары жоқ.


Келісімнің жеке бабында Азаматтарды бірыңғай есепке алу жүйесінің қағидаттарын ықшам, мазмұнды түрде тұжырымдаған дұрыс (бірыңғай талаптардың негізінде үшінші мемлекеттер азаматтарының есебін қалыптастыру қағидаты, бірыңғай компьютерлік бағдарламалардың негізінде азаматтарды есепке алудың бірыңғай жүйесін қамтамасыз ету қағидаты, үшінші мемлекеттер азаматтарының дербес деректерінің құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаты, азаматтарды бірыңғай есепке алу саласындағы жауапкершілік қағидаты және басқа да қағидаттар): Келісімнің келесі баптары әрбір қағидатты ашу мәні болар еді.


3

3-бап:

«Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі шеңберінде ұлттық дерекқордан бөлінген мәліметтер құрылымына негізделген (ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясынсыз) есептік деректер банкін құрады».



Келісімнің 3-бабы бойынша пікір түйер болсақ, ұлттық дерекқордан бөлінген мәліметтер құрылымына негізделген (ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясынсыз) есептік деректер банкі өзара аса жақсы байланыспаған ұлттық дерекқорлар болып табылатын аморфты құрылымды білдіреді.



Сарапшылардың пікірінше, есептік деректердің осындай аморфтік банкінің құрылуын болдырмау үшін ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдасуы базасына негізделген есептік деректер банкін құру қажет.


4

4-бап:

«Жұмыстарға тапсырыс беруші Федералдық көші-қон қызметі (Ресей ФКҚ) болып табылады, ол Тараптардың өкілдерін тендерлік комиссия мүшелері мен сарапшылар ретінде тарта отырып, ТМД қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесін құруға арналған тендерлердің (конкурстардың, аукциондардың) өтуін ұйымдастырады».



5-бап:

«Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап үш ай мерзімде осы Келісімді орындауға жауапты өздерінің уәкілетті органдары туралы депозитарийге хабарлайды».




Осы Келісімнің мәтінінде азаматтардың бірыңғай есепке алу жүйесін құруға арналған тендерлердің (конкурстардың, аукциондардың) өтуін ұйымдастыратын Федералдық көші-қон қызметі (Ресей ФКҚ) туралы атүсті ғана айтылады. Бірақ осы Келісімді іске асырудың ұйымдастыру-құқықтық тетігі нақты баяндалатын арнайы бап жоқ.

Осы Келісімнің 5-бабында Тараптардың осы Келісімді орындауға жауапты болатын өздерінің уәкілетті органдары туралы депозитарийге хабарлайтыны туралы айтылады. Осы уәкілетті мемлекеттік органдарды осы Келісімнің мәтінін әзірлеу үдерісі сатысында көрсету керек еді.




Сондықтан сарапшылар Келісімнің мәтініне осы Келісімнің нормаларын жүзеге асыру жөніндегі ұйымдастыру-құқықтық тетік оның мәніне айналатын жеке бап енгізуді ұсынады. Осы бапта ратификациялағанға дейін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуіне жауап беретін мемлекеттік органдардың атауын келтіруді ұсынамыз.


5

6-бап:

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесінің ресурстарын толықтыру, пайдалану тәртібі, ақпаратпен жұмыс істеу қағидалары, сондай-ақ аталған жүйені әзірлеу, құру және дамыту жөнінде бірлескен жұмыстарды қаржыландыру тәртібі жекелеген құжаттармен айқындалатын болады».




Осы бап осы Келісімнің нақты емес, тараптар ниеттерінің әлдебір жиынтығын білдіретіндігінің тағы бір куәсі. Уағдаласушы мемлекеттер іс жүзінде Келісімнің барлық мәселелерін «кейінге қалдыруға» тырысады. Ал сараптама жасалып отырған 6-бапта осы Келісімде көтерілген негізгі мәселелер қандай да бір болашақтағы құжаттармен реттелетіндігіне сілтеме жасалады. Олардың қандай құжаттар екендігі түсініксіз.



Келісімнің 6-бабын істердің бүгінгі күнгі жағдайын және олардың таяу перспективадағы істермен байланысын айқын сезіне отырып, неғұрлым дәлірек тұжырымдаған орынды.

Сондықтан 6-бап былайша көрініс беруге тиіс: «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесінің ресурстарын толықтыру, пайдалану тәртібі, ақпаратпен жұмыс істеу қағидалары, сондай-ақ аталған жүйені әзірлеу, құру және дамыту жөнінде бірлескен жұмыстарды қаржыландыру тәртібі мынадай түрде айқындалады (осы жерде жұмыстардың тәртібі мен бағыттарын дәл және анық белгілеу қажет)».




6

Жоқ.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесінің дерекқоры негізінде азаматтардың реадмиссиясы мәселелерін шешуге болады және ол қажет.

Осы Келісімнің жеке бабында азаматтардың реадмиссиясы туралы және басқа да көші-қон проблемаларын шешу туралы нормалар тұжырымдауға болады.


2. Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепілдік берілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы
Келісім мәнінің өзі адамның және азаматтың төмендегідей аса маңызды құқықтары мен бостандықтарын қозғайды: адамның еркін жүріп-тұруға құқығы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабы) және адамның жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы). Тұтастай алғанда, Келісім жобасында адамның көрсетілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей шектеулер жоқ. Дей тұрғанмен, Келісім жобасында адамның жеке өміріне қол сұғылмаушылығы құқығына кепілдік беретін нормалар бекітілмеген. Айталық, Келісім іске асырылғанда үшінші елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарымен жүріп-тұруы туралы ақпаратпен мемлекетаралық ақпараттық алмасу болжанады. Алайда «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V Заңына сәйкес дербес деректерді шет мемлекеттердің аумағына трансшекаралық беру осы мемлекеттер дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз еткен жағдайда ғана жүзеге асырылады. Келісімде дербес деректерді қорғау туралы нормалар көзделмеген. Сол арқылы Келісімде республиканың ұлттық заңында көзделген кепілдіктер көлемі тарылады. Бұл шектеу негізсіз, сондықтан жобада дербес деректерді қорғау туралы нормаларды көздеу ұсынылады.

Сондай-ақ Келісімді іске асыру адамның мынадай құқықтарын қозғайтынын атап айтамыз: - еңбек жағдайларының қауіпсіздігі құқығы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы), осыған байланысты 1-қосымшаның 3.6-кіші бөлімінде пайдаланушы персонал жұмысының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленеді; - адамның зияткерлік меншікке құқығы (ҚР Конституциясының 26-бабы және Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік туралы заңнамасы). Бұл құқыққа кепілдік беру үшін 3.11-кіші бөлімінде патент тазалығына қойылатын талаптар белгіленеді.

Тұтастай алғанда Келісімге қосымшалардың осы кіші бөлімдерінде адамның көрсетілген құқықтарына жеткілікті кепілдіктер көзделгендігін атап айтуға болады.

Келісімде Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепілдік берілген адамның және азаматтың өзге де құқықтары мен бостандықтары қозғалмайды және оларға шектеу қойылмайды.


3. Халықаралық шартты іске асырудың ықтимал тиімділігін айқындау
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы келісім ТМД қатысушы мемлекеттердің аумағындағы заңсыз көші-қонға, қылмысқа, лаңкестікке, өзге де сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы бірлескен күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сараптама жасалып отырған халықаралық шарт Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесіне қойылатын техникалық талаптар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесіне техникалық тапсырма және Деректерді есепке алудың бірыңғай тізбесі сияқты негізгі құжаттарды бекіту жолымен іске асырылады.

Қазақстан Республикасының халықаралық шартты ратификациялауы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың келуіне-кетуіне және болуына бақылау жасау жүйесін күшейту, шетелдік құқық қорғау органдарымен және арнайы қызметтерімен ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың есебін уақтылы жүргізу сияқты бірқатар оң факторлармен түсіндіріледі.

Осылайша, осы халықаралық шартты жасасудан туындайтын құқықтық және саяси, әлеуметтік тиімділіктердің деңгейі елеулі әсер (1-деңгей) ретінде бағаланады.

Сарапшылардың пікірінше, Хаттаманың ережелерін іске асыру үшін заңға тәуелді актілер қабылдау және ҚР ұлттық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етілмейді. Осыған байланысты халықаралық шарттың іске асырылу тиімділігінің бағасы жоғары (++++) ретінде бағаланады.
4. Халықаралық шартты жасасудан туындайтын ықтимал теріс салдарларды анықтау
Әзірлеуші сараптамаға ұсынған Келісімге ықтимал теріс салдарларды анықтау тұрғысынан талдау жасалды. Сарапшылар осы Келісімнің нормаларын іске асыру Қазақстан Республикасының егемен құқықтарын қозғамайды деген қорытындыға келді.

Тұтастай алғанда, Келісім «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 5-бабында бекітілген Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келмейді.

Осы Келісімде Қазақстан Республикасының егемендігіне төнетін қауіп қамтылмайды. Сонымен бірге Келісімде депозитарийге ол туралы жазбаша хабарлама жіберіп, мемлекеттің одан кез келген уақытта шығуы құқығының сақталатынын атап айту қажет (11-бап).

Бұдан басқа, ұлттық дерекқорлардан алынған мәліметтердің бөлінген құрылымына негізделген деректерді есепке алудың халықаралық банкін құру ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясынсыз жүзеге асырылуы фактісін оң деп атап өтуге болады. Сөйтіп, сарапшылар ұлттық ақпараттық жүйелердің бір-біріне тәуелді болмайтынын атайды.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде Келісім қауіптер мен тәуекелдердің «жасыл (төменгі) аймағында» тұр.
5. Қазақстан Республикасы заңнамасының халықаралық шартқа сәйкестігін бағалау. Халықаралық шарттың ережелерін ұлттық заңнамаға имплементациялау

Халықаралық шарттың нормалары мен Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің (жарлықтар, қаулылар, бұйрықтар және т.б.) нормалары арасындағы айырмашылықтарды анықтау және көрсету

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағына келетін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды бірыңғай есепке алу жүйесі туралы келісімнің және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының ережелерін салыстырмалы талдау барысында айырмашылықтар анықталған жоқ. Дегенмен, «Дербес деректер туралы» ҚР Заңында деректерді трансшекаралық беру регламенттеледі, алайда онда дербес деректерді халықаралық ұйымдарға беру көзделмейді.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болатындығын және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылатындығын атап айту қажет.
Халықаралық шартқа ескертпелердің заңдық мазмұнын бағалау және оларды қолдану қажеттігі

«ҚР халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңы 1-бабының 3-тармағына сәйкес: «ескертпе – көпжақты халықаралық шартқа қол қою, оны ратификациялау, бекiту, қабылдау немесе оған қосылу кезiнде мемлекет немесе халықаралық ұйым кез келген тұжырыммен және кез келген атаумен бiржақты жасаған мәлiмдеме». Келісімде ескертпелер туралы мәселе регламенттелмеген, сарапшылар Қорытындыда берілген ұсынымдарды ескеруді ұсынады.
Қазақстанның халықаралық шартты не ратификациялау, не бекіту, не оған қосылу қажеттігінің негіздемесі

«Халықаралық шарттар туралы» ҚР Заңының 11-бабының 2-тармағына сәйкес орындалуы қолданыстағы заңдарды өзгертудi немесе жаңа заңдарды қабылдауды талап ететiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелердi белгiлейтiн халықаралық шарттар ратификациялауға жатады. Сондай-ақ «Халықаралық шарттар туралы» ҚР Заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекетаралық қатынастардың негiздерi туралы, қарусыздану немесе қару-жараққа халықаралық бақылау жасау, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мәселелер бойынша, сондай-ақ бiтiмгершiлiк халықаралық шарттар мен ұжымдық қауiпсiздiк туралы халықаралық шарттар ратификациялауға жатады.

Көрсетілген негіздемелер бойынша Қазақстан Республикасы үшін осы халықаралық шарттың міндеттілігіне келісім білдіру нысаны ретінде ратификация ұсынылады.


Қорытынды. Келісімнің уақтылылық және негізділік деңгейі орташа ретінде анықталды. Келісімнің нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына, республиканың бұған дейін жасасқан халықаралық шарттарына қайшы келмейді, бұл Келісім нормаларының заңдылығы туралы қорытындыны негіздейді. Келісім республика үшін теріс салдарларға әкеп соқтырмайды. Келісімді іске асырудың тиімділігі жоғары ретінде анықталды. Тұтастай алғанда, Келісімде бір құқықты қоспағанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепілдік берілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары шектелмейді. Сарапшылардың ұсынымдары осы сараптамалық қорытындының 2-бөлімінде келтірілген.

Сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып, Келісімді Қазақстан Республикасы Парламентінің ратификациялауына болады.



Бас ғылыми қызметкер, з.ғ.д. М.А.Сәрсембаев

Аға ғылыми қызметкер, з.ғ.к. Қ.М.Сәрсембаев

Аға ғылыми қызметкер, з.ғ.к. Л.Т.Назарқұлова

Ғылыми қызметкер, құқық магистрі М.Г.Шохметова

Ғылыми қызметкер М.Н.Байсақалова
Ғылыми қызметкер С.М. Баймұрат



1 http://www.cis.minsk.by/page.php?id=13898


жүктеу 128,5 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау