Еуразиялық экономикалық одақтың
Бірыңғай кедендік тарифі
1. Одақтың кедендік аумағында Комиссия бекіткен және Одақтың сауда саясатының құралдары болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасы және Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі қолданылады.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифін қолданудың негізгі мақсаттары:
1) Одақтың дүниежүзілік экономикаға тиімді интеграциялануы үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
2) Одақтың кедендік аумағына тауарлар әкелудің тауарлық құрылымын ұтымды ету;
3) Одақтың кедендік аумағында тауарлар әкету мен әкетудің ұтымды арақатынасын сақтау;
4) Одақта тауарлар шығару және тұтыну құрылымындағы прогрессивті өзгерістер үшін жағдай жасау;
5) Одақ экономикасының салаларын қолдау болып табылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің мынадай:
1) салық салынатын тауарларға кеден құнының пайыздарында белгіленетін адвалорлық;
2) салық салынатын тауарлардың зат түріндегі физикалық сипаттамасына (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамалары) қарай белгіленетін өзіндік ерекшелікті;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген екі түрді ұштастыратын құрамдастырылған түрлері қолданылады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері біртұтас болып табылады және осы Шарттың 35, 36 және 43-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізетін тұлғаларға, мәмілелердің түрлеріне және өзге де мән-жайларға қарай өзгертілуге жатпайды.
5. Одақтың кедендік аумағына тауарлар әкелуді жедел реттеу үшін қажет кезінде маусымдық кедендік баждар белгіленуі мүмкін, олардың қолданыс мерзімі жылына 6 айдан аспайды және олар Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде көзделген кедендік әкелу баждарының орнына қолданылады.
6. Одаққа қосылған мемлекет, мұндай мемлекеттің Одаққа қосылуы туралы халықаралық шарт негізінде Комиссия бекіткен тауарлар мен мөлшерлемелер тізбесіне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелерінен ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін қолдануға құқылы.
Одаққа қосылған мемлекет өздеріне қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифімен салыстырғанда кедендік әкелу баждарының неғұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылатын тауарлардың өз аумағының шегінде ғана пайдаланылуын қамтамасыз етуге және мұндай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелері бойынша есептелген кедендік әкелу баждарының сомасы мен тауарларды әкелу кезінде төленген кедендік әкелу баждары сомасының айырмасы мөлшерінде кедендік әкелу баждарын төлеместен, басқа мүше мемлекеттерге әкетуге жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
43-бап
Тарифтік жеңілдіктер
1. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын төлеуден босату немесе кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін азайту түрінде тарифтік жеңілдіктер қолданылуы мүмкін.
2. Тарифтік жеңілдіктер дара сипатта болмайды және тауарлардың шығарылған еліне қарамастан қолданылады.
3. Тарифтік жеңілдіктерді беру осы Шартқа № 6 қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
44-бап
Тарифтік квоталар
1. Егер ұқсас тауарлар Одақтың кедендік аумағында шығарылса (өндірілсе, өсірілсе), үшінші елдерден шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін ауыл шаруашылық тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты тарифтік квоталарды белгілеуге жол беріледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, Одақтың кедендік аумағына тарифтік квотаның белгіленген көлемі шегінде әкелінетін тауарларға Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің кедендік әкелу баждарының тиісті мөлшерлемелері қолданылады.
3. Үшінші елдерден шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін ауыл шаруашылық тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты тарифтік квоталарды белгілеу және тарифтік квоталардың көлемдерін бөлу осы Шартқа № 6 қосымшада көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
45-бап
Комиссияның кедендік-тарифтік реттеу мәселелері жөніндегі өкілеттіктері
1. Комиссия:
Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауарлық номенклатурасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифін жүргізуді жүзеге асырады;
маусымдық баждарды қоса алғанда, кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін белгілейді;
тарифтік жеңілдіктерді беру жағдайлары мен шарттарын белгілейді;
тарифтік жеңілдіктерді қолдану тәртібін айқындайды;
Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін қолданудың шарттары мен тәртібін айқындайды, оның ішінде:
дамушы елдердің - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардың тізбесін;
неғұрлым төмен дамыған елдердің - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардың тізбесін;
Одақтың аумағына әкелу кезінде тарифтік преференциялар берілетін, дамушы елдерден немесе неғұрлым төмен дамыған елдерден шығарылатын тауарлардың тізбесін бекітеді;
тарифтік квоталарды белгілейді, мүше мемлекеттер арасында тарифтік квота көлемін бөледі, сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың арасында тарифтік квота көлемін бөлу әдістері мен тәртібін айқындайды, ал қажет болған кезде үшінші елдер арасында тарифтік квота көлемін бөледі не оған сәйкес мүше мемлекеттер сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында тарифтік квота көлемін бөлудің әдісі мен тәртібін айқындайтын актіні қабылдайды, ал қажет болған кезде үшінші елдер арасында тарифтік квота көлемін бөледі.
2. Өздеріне қатысты кедендік әкелу бажының мөлшерлемелерін өзгерту туралы шешімді Комиссия Кеңесі қабылдайтын зәру тауарлардың тізбесін Жоғары кеңес бекітеді.
46-бап
Тарифтік емес реттеу шаралары
1. Одақ үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеудің мынадай бірыңғай шараларын қолданады:
1) тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге тыйым салу;
2) тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге сандық шектеулер қою;
3) тауарлардың экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық;
4) тауарлардың экспортын және (немесе) импортын автоматты түрде лицензиялау (бақылау);
5) тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат ету тәртібі.
2. Тарифтік емес реттеу шаралары осы Шартқа № 7 қосымшаға сәйкес тәртіппен жариялылық және кемсітпеушілік қағидаттарының негізінде енгізіледі және қолданылады.
47-бап
Тарифтік емес реттеу шараларын біржақты тәртіппен енгізу
Мүше мемлекеттер үшінші елдермен саудада осы Шартқа № 7 қосымшада көзделген тәртіппен тарифтік емес реттеу шараларын біржақты тәртіппен енгізуі және қолдануы мүмкін.
3. Ішкі нарықты қорғау шаралары
48-бап
Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
1. Одақта тауар өндірушілердің экономикалық мүдделерін қорғау үшін үшінші елдерден шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары түрінде, сондай-ақ осы Шарттың 50-бабында көзделген жағдайларда өзге де шаралар түрінде ішкі нарықты қорғау шаралары енгізілуі мүмкін.
2. Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолдану туралы, арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын өзгерту туралы не олардың күшін жою туралы не шараны қолданбау туралы шешімді Комиссия қабылдайды.
3. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану осы Шартқа № 8 қосымшаға сәйкес шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Комиссия тергеп-тексеру жүргізуге жауапты ретінде айқындаған орган (бұдан әрі - тергеп-тексеру жүргізуші орган) осы Шартқа № 8 қосымшаға сәйкес жүргізетін тергеп-тексеру тауардың импорты кезінде арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолданудың алдында жүргізіледі.
5. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы баждарын есепке жатқызу және бөлу осы Шартқа № 8 қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
49-бап
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану қағидаттары
1. Арнайы қорғау шарасы тауарға, егер тергеп-тексеру жүргізуші орган жүргізген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша осы тауардың Одақтың кедендік аумағына импорты мүше мемлекеттердің экономикасы салаларына елеулі залал келтіретіндей немесе осындай залал келтіру қаупін төндіретіндей үдемелі мөлшерде (мүше мемлекеттерде осыған ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды өндірудің жалпы көлеміне абсолютті немесе салыстырмалы көрсеткіштерде) және жағдайларда жүзеге асырылып жатқаны анықталған жағдайда қолданылуы мүмкін.
2. Демпингке қарсы шара демпингтік импорт нысанасы болып табылатын тауарға, егер тергеп-тексеру жүргізуші орган жүргізген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша осындай тауардың Одақтың кедендік аумағына импорты мүше мемлекеттердің экономикасы саласына материалдық залал келтіріп отырғаны, осындай залал келтіру қаупін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономикасы саласын құруды елеулі түрде баяулататыны анықталған жағдайда қолданылуы мүмкін.
3. Өтемақы шарасы өндірілуі, экспортталуы немесе тасымалдануы кезінде экспорттаушы үшінші елдің өзіндік ерекшелікті субсидиясы пайдаланылған, импортталған тауарға, егер тергеп-тексеру жүргізуші орган жүргізген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша осындай тауардың Одақтың кедендік аумағына импорты мүше мемлекеттердің экономикасы саласына материалдық залал келтіріп отырғаны, осындай залал келтіру қаупін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономикасы саласын құруды елеулі түрде баяулататыны анықталған жағдайда қолданылуы мүмкін.
4. Ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану мақсаттарында мүше мемлекеттер экономикасының саласы деп мүше мемлекеттерде осыған ұқсас тауарды (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеру мақсаттары үшін) не осыған ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды (арнайы қорғау тергеп-тексеруі мақсаттары үшін) өндірушілердің барлығы не, олардың ішінде тиісінше, осыған ұқсас тауардың не осыған ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауардың мүше мемлекеттердегі жалпы өндірілу көлеміндегі үлесі елеулі, бірақ 25 пайыздан кем емес бөлікті өндірушілер түсініледі.
50-бап
Ішкі нарықты қорғаудың өзге де шаралары
Үшінші тарап импортының мүше мемлекеттер өндірушілеріне теріс ықпалын болдырмау мақсатында Одақтың осы үшінші тараппен еркін сауда режимін белгілеу туралы халықаралық шартында арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларынан ерекшеленетін, оның ішінде ауыл шаруашылық тауарларының импортына қатысты ішкі нарықты қорғау шараларын екіжақты негізде қолдану құқығы көзделуі мүмкін.
Осындай шараларды қолдану туралы шешімді Комиссия қабылдайды.
X бөлім
ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ
51-бап
Техникалық реттеудің жалпы қағидаттары
1. Одақ шеңберінде техникалық реттеу мынадай:
1) өнімге немесе өнім мен өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, құрылыс, монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, іске асыру және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілеу;
2) Одақ шеңберінде өзіне қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай тізбе) енгізілген өнімдерге қойылатын, Одақтың техникалық регламенттеріндегі бірыңғай міндетті талаптарды немесе мүше мемлекеттердің заңнамасындағы ұлттық міндетті талаптарды белгілеу;
3) мүше мемлекеттерде Одақтың техникалық регламенттерін алып тастауларсыз қолдану және орындау;
4) Одақ шеңберінде техникалық реттеудің мүше мемлекеттердің экономикалық даму деңгейіне және ғылыми-техникалық даму деңгейіне сәйкестігі;
5) мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының, мүше мемлекеттердің сәйкестікті растау жөніндегі органдарының және мүше мемлекеттердің қадағалау (бақылау) жөніндегі органдарының дайындаушылардан, сатушылардан, орындаушылардан және сатып алушылардан, оның ішінде тұтынушылардан тәуелсіздігі;
6) сәйкестікті міндетті бағалау рәсімдерін жүргізу кезінде зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер қағидалары мен әдістерінің бірлігі;
7) мәмілелердің түрлеріне және (немесе) ерекшеліктеріне қарамастан, Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын қолданудың біртұтастығы;
8) сәйкестікті бағалауды жүзеге асыру кезінде бәсекелестікті шектеуге жол бермеушілік;
9) мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру негізінде Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру;
10) стандарттарды қолданудың еріктілігі;
11) мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу және қолдану;
12) мемлекетаралық стандарттарды халықаралық және өңірлік стандарттармен үйлестіру;
13) сәйкестікке міндетті бағалау жүргізу қағидалары мен рәсімдерінің біртұтастығы;
14) өнімге қойылатын міндетті талаптарды, сәйкестікке міндетті бағалау жүргізудің қағидалары мен рәсімдерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгілеу бөлігінде мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіруді қамтамасыз ету;
15) Одақ шеңберінде өлшемдердің біртұтастығын қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу;
16) кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін артық кедергілерді белгілеуге жол бермеу;
17) жаңа талаптар мен құжаттарға кезең-кезеңмен өту мақсатында өтпелі ережелер белгілеу қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы бөлімнің ережелері санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды белгілеуге және қабылдауға қолданылмайды.
3. Одақ шеңберіндегі техникалық реттеудің тәртібі, қағидалары мен рәсімдері осы Шартқа № 9 қосымшаға сәйкес белгіленеді.
4. Одақ шеңберінде өлшемдердің біртұтастығын қамтамасыз ету саласындағы келісілген саясат осы Шартқа № 10 қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
52-бап
Одақтың техникалық регламенттері және стандарттар
1. Одақ шеңберінде адам өмірін және (немесе) денсаулығын, мүлікті, қоршаған ортаны, жануарлардың тіршілігін және (немесе) денсаулығын, өсімдіктерді қорғау, тұтынушыларды шатастыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында, сондай-ақ энергетикалық тиімділік пен ресурс үнемдеуді қамтамасыз ету мақсатында Одақтың техникалық регламенттері қабылданады.
Одақтың техникалық регламенттерін өзге мақсаттарда қабылдауға жол берілмейді.
Одақтың техникалық регламенттерін әзірлеу және қабылдау тәртібін, сондай-ақ оларға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою тәртібін Комиссия айқындайды.
Одақтың техникалық регламенттері немесе ұлттық міндетті талаптар Комиссия бекітетін бірыңғай тізбеге енгізілген өнімге қатысты ғана қолданылады.
Бірыңғай тізбені қалыптастыру және жүргізу тәртібін Комиссия бекітеді.
Мүше мемлекеттер өз заңнамасында бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімге қатысты міндетті талаптар белгілеуге жол бермейді.
2. Одақтың техникалық регламенттері Одақ аумағында тікелей қолданылады.
Одақ қабылдаған техникалық регламенті қолданысқа енгізудің тәртібі және өтпелі ережелер Одақтың техникалық регламентінде және (немесе) Комиссияның актісінде айқындалады.
3. Одақтың техникалық регламентінің талаптарын орындау және Одақтың техникалық регламентінің талаптарына сәйкестікті бағалау үшін ерікті түрде халықаралық, өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар, ал олар болмаған жағдайда (өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар қабылданғанға дейін) - мүше мемлекеттердің ұлттық (мемлекеттік) стандарттары қолданылуы мүмкін.
53-бап
Өнімнің айналысы және Одақтың техникалық регламенттерінің қолданысы
1. Одақтың аумағында айналысқа шығарылатын өнім қауіпсіз
болуға тиіс.
Өзіне қойылатын талаптар Одақтың техникалық регламенттерінде белгіленбеген өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оның айналысының қағидалары мен тәртібі Одақ шеңберіндегі халықаралық шартпен айқындалады.
2. Өзіне қатысты Одақтың техникалық регламенті (Одақтың техникалық регламенттері) күшіне енген өнім Одақтың техникалық регламентінде (Одақтың техникалық регламенттерінде) белгіленген сәйкестікті бағалаудың қажетті рәсімдерінен өткен жағдайда Одақтың аумағында айналысқа шығарылады.
Мүше мемлекеттер Одақтың техникалық регламентінің (Одақтың техникалық регламенттерінің) талаптарына сәйкес келетін өнімнің өз аумағындағы айналысын осындай өнімге Одақтың техникалық регламентінде (Одақтың техникалық регламенттерінде) қамтылған талаптарға қатысты қосымша талаптар қоймай және қосымша сәйкестікті бағалау рәсімдерін өткізбей қамтамасыз етеді.
Осы тармақтың екінші абзацының ережелері санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қабылдауға қолданылмайды.
3. Одақтың техникалық регламенті күшіне енген күннен бастап мүше мемлекеттер аумақтарында мүше мемлекеттердің заңнамасында немесе Комиссияның актілерінде белгіленген, өнімге немесе өнім мен өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), шығару, құрылыс, монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, іске асыру және кәдеге жарату процестеріне қойылатын тиісті міндетті талаптар өтпелі ережелерде анықталған бөлікте ғана қолданылады және Одақтың техникалық регламентінде және (немесе) Комиссияның актісінде айқындалған өтпелі ережелердің қолданысы аяқталған күннен бастап өнімді айналысқа шығару, техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін бағалау, Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) үшін қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші абзацының ережелері санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қабылдауға қолданылмайды.
Одақтың техникалық регламенттері күшіне енген күнге дейін Комиссия актілерінде белгіленген, өнімге немесе өнім мен өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), шығару, құрылыс, монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, іске асыру және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптар Одақтың техникалық регламенттеріне енгізіледі.
4. Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру қағидаттары мен тәсілдері Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
5. Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталмағаны үшін, сондай-ақ өнімнің Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалауды жүргізу рәсімдерін бұзғаны үшін жауапкершілік мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
54-бап
Аккредиттеу
1. Одақ шеңберінде аккредиттеу мынадай:
1) аккредиттеу саласындағы қағидалар мен тәсілдерді халықаралық стандарттармен үйлестіру;
2) аккредиттеудің еріктілігін, аккредиттеу рәсімдері, қағидалары мен нәтижелері туралы ақпараттың ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының объективтілігін, бейтараптығы мен құзыреттілігін қамтамасыз ету;
4) аккредиттеуге өтінім берушілер үшін аккредиттеуге және аккредиттеу кезінде алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге қатысты тең жағдайларды қамтамасыз ету;
5) мүше мемлекеттердің сәйкестікті бағалау жөніндегі аккредиттелген органдарының (оның ішінде сертификаттау жөніндегі органдардың, сынақ зертханаларының (орталықтарының)) қызметін бақылауды жүзеге асыруды қоспағанда, мүше мемлекеттің бір органының аккредиттеу жөніндегі өкілеттіктерді мемлекеттік бақылау (қадағалау) жөніндегі өкілеттіктермен қоса атқаруына жол бермеу;
6) мүше мемлекеттің бір органының аккредиттеу және сәйкестікті бағалау жөніндегі өкілеттіктерді қоса атқаруына жол бермеу қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеуді мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы қызметті жүзеге асыруға уәкілеттік берілген, мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары жүргізеді.
3. Бір мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы басқа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарымен бәсекелеспеуге тиіс.
Мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының бәсекелестігіне жол бермеу үшін бір мүше мемлекеттің сәйкестікті бағалау жөніндегі органы аккредиттеу мақсатында аумағында аккредиттеу жөніндегі орган заңды тұлға ретінде тіркелген сол мүше мемлекеттің осы органына өтініш жасайды.
Егер бір мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органына басқа мүше мемлекеттің аумағында заңды тұлға ретінде тіркелген сәйкестікті бағалау жөніндегі орган аккредиттеу мақсатында өтініш жасаған жағдайда, осы аккредиттеу жөніндегі орган бұл туралы аумағында сәйкестікті бағалау жөніндегі орган тіркелген сол мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органына хабарлайды. Көрсетілген жағдайда, егер аумағында сәйкестікті бағалау жөніндегі осы орган тіркелген мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы талап етілетін салада аккредиттеуді жүзеге асырмайтын болса, мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының аккредиттеу жүргізуіне жол беріледі. Бұл ретте аумағында сәйкестікті бағалау жөніндегі орган тіркелген мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органының байқаушы ретінде болуға құқығы бар.
4. Мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары қолданылатын рәсімдердің тең мәнділігіне қол жеткізу мақсатында өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асырады.
Мүше мемлекеттердің сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарын аккредиттеу жөніндегі жұмыс нәтижелерін тану осы Шартқа № 11 қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
55-бап
Үшінші елдермен өзара саудада техникалық кедергілерді жою
Үшінші елдермен өзара саудада техникалық кедергілерді жоюдың тәртібі мен шарттары Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
XI бөлім
САНИТАРИЯЛЫҚ, ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КАРАНТИНДІК
ФИТОСАНИТАРИЯЛЫҚ ШАРАЛАР
56-бап
Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік
фитосанитариялық шараларды қолданудың жалпы қағидаттары
1. Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар ғылыми негіздемесі бар қағидаттар негізінде және бұл адам өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін қажет болатын дәрежеде ғана қолданылады.
Тиісті ғылыми негіздеменің негізінде тиісті халықаралық және өңірлік стандарттар, нұсқамалар және (немесе) ұсынымдар базасындағы шараларға қарағанда санитариялық, ветеринариялық-санитариялық немесе карантиндік фитосанитариялық қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ететін санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар енгізілген жағдайларды қоспағанда, Одақ шеңберінде қолданылатын санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар халықаралық және өңірлік стандарттарға, нұсқамаларға және (немесе) ұсынымдарға негізделеді.
2. Одақ шеңберінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық, карантиндік фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізіледі.
3. Келісілген саясат мүше мемлекеттердің санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану саласындағы халықаралық шарттарды және Комиссияның актілерін бірлесіп әзірлеуі, қабылдауы және іске асыруы арқылы жүзеге асырылады.
4. Әрбір мүше мемлекеттің уақытша санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды әзірлеуге және енгізуге құқығы бар.
Уақытша санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізу кезінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл жасасу тәртібін Комиссия бекітеді.
5. Жануарларды және жануарлардан алынатын өнімді сәйкестендіруді, тіркеуді және бақылауды жүргізу кезінде келісілген тәсілдер Комиссияның актілеріне сәйкес қолданылады.
6. Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану және мүше мемлекеттердің санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар саласындағы уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл жасасуы осы Шартқа № 12 қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
57-бап
Достарыңызбен бөлісу: |