Сулейменова Г.Н., э.ғ.к., М.Өтемісов атындағы БҚМУ
Еуразиялық Экономикалық Одақ
Еуразиялық экономикалық одаққа дейін бізде Еуразиялық экономикалық қауымдастық болды. Ол қауымдастық өзінің алдына қойған мақсаттарын орындағаннан кейін өз күшін жойды. Ол қауымдастық арқылы біз Кеден одағын құрдық. Одан кейін Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруды көздедік. Сол кеңістікті бүгінде құрып отырмыз деуге болады. Кеден одағы жұмыс істеуде. Осы кеден одағында біздің экономикалық шекараларымыз ашылды. Кеден одағында экономиканы дамытып келеміз. Бірақ экономиканың саласы көп. Жалғыз кеден одағымен ол шешілмейді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ іске қосылмақ.
Алғаш тұжырымдама ретінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан 1994 жылы Мәскеу Мемлекеттік Университетінде тұңғыш таныстырылған болатын.
Еуропалық Одақ интеграцаиясына сүйенген идея Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин тарапынан 2011 жылдың қазан айында көпшіліктің назарына ұсынылды.
Еуразиялық Экономикалық Комиссия және 2012 жылдың 1 қаңтарынан Еуразиялық Экономикалық Кеңістік жұмыс істей бастады.
Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшылары арасында 2014 жылдың 29 мамырында қол қойылған келісім негізінде құрылатын экономикалық одақ. Мүше елдердің парламенттері бекітуімен, Одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан Кеден одағы кеңістігінде жұмыс істей бастайды.
— 2014 дерек бойынша оосы Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдердің халқы 218,016,222 (Қырым мен Севастопольды қосқанда)
— Тығыздығы 8.36/km²
Еуразиялық Экономикалық Одақ мүшелері үшін макроэкономикалық әсерлері:
• Қажетті шикізатты тасымалдауға кететін қаржының азаюы тауарлар құнының төмендеуі алып келеді
• Бәсекелестіктің артуы тауарлар мен қызметтердің сапасын арттырады
• Үлкен халқы бар нарықтын кұрылуына мүмкіндік береді.
«Шындығында қазір кез келген мемлекет жеке дара өмір сүре алмасы айқын. Белгілі бір бірлестікке бірікпей, экономикалық интеграцияға түспей саяқ жүріп, дамимыз деу бос сөз. Қай жерде экономикалық бірлестік бар, сол жерде өрлеу бар екенін бүгінгі күн мойындатып отыр. Мұндай ынтымақтастыққа қол жеткізген кез келген мемлекетте экономикалық даму бар, өсу-өркендеу бар, халықтың әл-ауқатының жоғарылығы сезіледі» - деп ел басы айтқандай одақтың алғашқы баспалдағы болып саналатын Кедендік одақтың өзі осы одаққа енген үш мемлекет үшін үлкен пайда әкелуде. Жалпы алғанда, Кедендік одақ құрылғалы бері, Қазақстанның серіктес елдерге жөнелткен экспорт көлемі 62,7%-ға артты, оның ішінде өңделген тауарлар үлесі жалпы экспорт көлемінің 44%-ынан 54%-ға ұлғайды
Одақ еркін сауда аймағын, кеден, төлем және валюта одағын құру сатыларынан бірізділікпен өтуді және тауарлардың, қызметтер мен капиталдың ортақ рыногын құруды қарастырды.
Эуразиялық экономикалық одақ қуатты бірлестік болады. Үш мемлекеттің жиынтық ЖІӨ шамамен 2 триллион долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі – шамамен 112 миллиард долларға тең.
Жалпы Қазақстан - көп тармақты саясатты ұстанған ел. Еуразиялық экономикалық одақ соның бір бөлігі.
Экономикалық тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақ Еуроодақтың, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның ырғақты экономикаларын байланыстыратын көпір болмақ. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы жүзеге асырылуда. Уақыт өте келе осы маршрут бойына Еуропа және Қытай рыноктарына тауарлар жеткізу мерзімін 3,5 еседен астамға қысқартуды қамтамасыз ететін заманауи көліктік-логистикалық жүйе түзілетін болады. Трансеуразиялық жүрдек темір жол желісін құрудың болашағы да зор.
Еуразиялық экономикалық одақ экономикамызды алға дамытудың тағы бір серпін беретін тегершігі болмақ. Біз өндіретін тауарлар әзірге Еуроодақ елдері шығарып жатқан тауарға бәсеке бола алмас әрі ол жақта сұраныс бола қоймас. Сондықтан біз өзіміз өндірген затты Еуразиялық экономикалық одақ көлеміне сата аламыз. Өйткені бұл аймақта 170 миллион адам тұрады. Яғни үлкен тұтынушы шоғыры бар деген сөз.
Бейбітшіліксіз өркендеу де, экономикалық өсім де болмайды. Қазір әлемде жаһандану процесі жүріп жатыр. Үш ел тең құқылы Еуразиялық экономикалық одақ құру арқылы әлемдік нарықта төл мүдделерін қорғайды.
ЕАЭО құрудағы мақсат – тауарлар, экономикалар мен жұмыс күштерінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету. Болашақ одақта барлық мәселе консенсустық негізде шешілетін болады, яғни түпкілікті шешім үшін барлық үш мемлекеттің де келісімі талап етіледі.
Осы одақ аясында тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88%-ға өсіп, 24 млрд долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63%-ға ұлғайып, 6 млрд доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі.
– Басты мақсаттың бірі – үш ел экономикасын бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру.
Бұл одақ заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеу үстінде.
– Еуразиялық экономикалық одақ – бұл ең алдымен біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметіне тең қолжетімділік жағдайлары жасалуда.
– Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одақтың мүше-мемлекеттерінің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан. Бұған қоса, шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады. Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен Қазақстанның іскер әйелдері үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады. Себебі бүгінде шағын және орта бизнес кәсіпорындары басшыларының тек 40%-ын әйелдер құрайды.
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біздің азаматтарымыз, тұтынушыларымыз үшін тиімді. Біріншіден, ірі ортақ нарықтағы экономиканың өсімі есебінен жаңа жұмыс орындары құрылады. Екіншіден, біздің елдеріміз арасында өнімдерді өзара жеткізу көлемі артады, яғни біз өнімдердің кең нарығына қол жеткізетін боламыз. Үшіншіден, тұтынушылар құқығын қорғау жүйесі айқындала түсіп, сапасыз, контрафактілік немесе адам өмірі үшін қауіпті өнімдермен күрес күшейеді.
2013 жылдан бастап әзірлене бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексi 2016 жылы қабылданады.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінiң зейнетақы жүйелерiнiң үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында зейнетақымен қамсыздандыру тұжырымдамасы жасалады.
«Үш елдегi зейнетақы жүйесi әр түрлi екені сөзсiз. Олардың бiр-бiрiнен айырмашылығы – өте үлкен. Еңбек миграциясы, халықтың мобильдiлiгi, адамдардың қалаған жерде жұмыс iстеулерi үшiн және үш жүйенiң өзара үйлесiмдi болуы үшiн зейнетақымен қамсыздандыру саласында тұжырымдама жасалады. Ол азаматтарға зейнетақы қорларындағы қаржысын қандай да бiр шығынға ұшыратпай, жұмысын ауыстыруға мүмкiндiк бередi. «Одаққа енетін елдердің бірінде жұмыс істегісі келетін азаматтар мәселесін қозғайтық болсақ, бүгінде еңбек мигранттарын жұмысқа тартуда ешбір квота жоқ. Егер де өзге елден жұмыс күшін тартуды біз квоталар арқылы реттейтін болсақ, ықпалдасу аясында мұндай шектеулер болмайды. Еркін түрде қалаған елге барып, тіркелгеннен кейін жұмыс істей беруге болады. Бұған қоса, миграциялық саясат бойынша тіркеу үдерістеріне сәйкес, қандай да бір елге келгеннен кейін 5 күннің ішінде кез келген шетел азаматы ішкі істер органдарына барып тіркелуі тиіс. Бұл мерзімді 30 күнге дейін ұзартып отырмыз. Бұл бизнесмендер үшін де, еңбек мигранттары үшін де өте қолайлы болып табылады. Ресей Федерациясындағы шетелдік жеке тұлғалардан алынатын жеке табыс салығы өз азаматтарына қарағанда айтарлықтай жоғары. Сондықтан Ресей, Қазақстан мен Беларусь елі үшін ЖТС салығы бірдей болатын келісімге қол қойылды.
«Бүгiнгi күнi орта бiлiм, жоғары бiлiм туралы дипломдар растау рәсiмдерiн қажет етедi. Бiздiң елiмiзде жұмысқа орналасқысы келген азамат өз дипломын растауы қажет. Ол нострификация немесе басқа рәсiмдер арқылы жүргiзiледi. Бұл талапты болашақта алып тастау жөнiнде келiсiмге қол қойылды. Яғни, Ресей немесе Беларусь елiнде бiлiм алған азаматымыз Қазақстанда жұмысқа орналасқан кезде дипломын растау рәсiмдерiнен өткізудi ешкiм талап етпейді. Сондай-ақ, Қазақстанның аймақтық жоғары оқу орындарының дипломдары Ресей Федерациясында ММУ, басқа да ЖОО дипломдарымен тең дәрежеде мойындалады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында біз өзімізге Ресейдің білім жүйесіне, яғни біздің мамандар мен екі елдің жоғарғы оқу орындарының өзара еркін қарым-қатынасына жол ашылады.
Егер салыстырар болсақ Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер халқы мен жалпы ішкі өнімі Еуроодақтан бірнеше есе кем бола тура, жаңа құрылған одақ әлемдегі газ қорының 1/5 бөлігі мен мұнайдың 15 пайызын басқарады. Атап айтқанда, жалпы ішкі өнімі 1,7 триллионды құрайды.
ЕЭК кеңесі Минскіде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аясында дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдерді қолданудағы бірыңғай ереже мен қағидаларды орнататын халықаралық келісімді мақұлдады.
Біздің басты мақсатымыз – көршілерімізге одақтың іс жүзіндегі маңызы мен тіршілікке қабілеттілігіне сендіру. Сонда санымыз үш мемлекеттен де айтарлықтай арта түсетін болады деп ел президенті атап өткен болатын.
Үш ел арасында құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мен Қырғызстан да қосылуға ниет білдірді.
Қырғыстанның еуразиялық экономикалық одаққа кірудегі негізгі мақсаты.
1. Маңызды фактор – адам әлеуетін дамыту. Ресми статистикаға сай, қазіргі уақытта Қырғызстанның 800 мың азаматы елден тыс жерлерде еңбек етеді. Жыл сайын еңбек мигранттары отанына 2 миллиард долларға дейін қаражат жіберіп тұрады. Ал бұл республиканың жалпы ішкі өнімінің үштен бір бөлігі деуге болады. Дегенмен, мигранттар құқығы көп елдерде қорғала бермейді. Ал Еуразиялық экономикалық одағы аясында еңбек ресурстарының жүріс-тұрысы шектелмес еді.
2. Қырғызстанда дағдарыстың екінші кезеңі басталды. "Қазақстан мен екі ортадағы шекара жабық, Тауарларды экспорттауға тиым салынған. Бюджет 2 миллирд сомға кеміді. (1 сом ҚР Ұлттық банкінің курсы бойынша 3,5 теңгеге тең. 5.06.2014). Қызмет көрсету саласы бойынша 16-20 миллион сом түскен. Бірнеше айдан кейін әлеуметтік салада дағдарыстың үшінші кезеңі басталады. Жылдың соңына дейін ел экономикасы төмендеп кетуі мүмкін сол себептен де Қырғыстанның осы одаққа кіруі олар үшін тиімді.
Достарыңызбен бөлісу: |