Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіні



жүктеу 1,17 Mb.
бет2/7
Дата25.05.2018
өлшемі1,17 Mb.
#17137
1   2   3   4   5   6   7

12-ұсыным

  1. ҚР Конституциясының 14-бабының 2-тармағына сәйкес тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

  2. Адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша тікелей немесе жанама шектеу заңмен қудаланады (ҚР Қылмыстық кодексінің 145-бабы).

13-ұсыным

  1. ҚР-да мүгедектердің үлесі ел халқының жалпы санының 3 %-дан астамын немесе 637,2 мың адамды құрайды.

  2. Мүгедектердің жалпы санының 56,3 %-ы - ер адамдар, 43,7 %-ы – әйелдер; жас белгісіне қарай мүгедектердің 11,9 %-ы балалар, 63,7 %-ы – жұмысқа қабілетті жастағы адамдар; 24,4 %-ы – егде жастағы адамдар. Мүгедектердің 54,5 %-ы қалалық жерлерде, 45,5 %-ы ауылдық жерлерде тұрады.

  3. Елімізде әлеуметтік жағдайына байланысты кемсітушілікке тыйым салынған. «ҚР-да мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік саясат мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілікке тыйым салу қағидатының негізінде жүргізіледі.

  4. Мүгедектер ҚР Конституциясында, ҚР басқа да заңнамалық актiлерiнде бекітілген барлық әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтар мен бостандықтарға толықтай ие.

  5. Мүгедектерге арналған әлеуметтік көмек ҚР заңнамасында көзделген мемлекеттік жәрдемақыларды, өтемақыларды және өзге де төлемдерді қамтиды.

  6. Республикадағы барлық мүгедектер еңбек өтілі мен жалақысына қарамастан мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы
    (2015 жылы – 134,8 млрд. теңге төленді), ал зейнеткерлік жасқа толған кезде базалық зейнетақы төлемін алады.

  7. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын адамдар еңбек ету қабілеттілігін жоғалту қатері туындаған кезде міндетті базалық жәрдемақыларға қосымша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады (2015 жылы – 7,4 млрд. теңге төленді).

  8. 2010 жылдан бастап ҚР-да ең төмен жалақының 1,05 мөлшерінде мүгедек балалардың күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы енгізілді.

  9. Мүгедектер оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оңалтудың техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Соңғы бес жылдың өзінде мүгедектерге оңалту құралдары мен қызметтерін сатып алуға арналған мемлекет шығыстары 4 млрд-тан 11,9 млрд. теңгеге дейін өскен.

  10. 2015 жылы Мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесі кеңейтілді.

  11. Елімізде 2012 жылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысымен
    кезең-кезеңімен бекітілетін ҚР-да мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған
    іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) іске асырылуда.

  12. Іс-шаралар жоспарының шеңберінде заңнаманы жетілдіру, Қазақстанда кедергісіз орта қалыптастыру, мүгедектердің тыныс-тіршілігі мен қоғамға етене араласуы үшін тең мүмкіндіктер беру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

  13. 2015 жылы мүгедектердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ҚР Заңдары қабылданды:

«Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы»;

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».


  1. ҚР барлық өңірлерінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін бағалау және оларды алдағы уақытта мүгедектердің мұқтаждықтарына сай бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. 2014-2015 жылдар аралығында мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған ұйымдар орналасқан жерлерде 12,3 мың бірлік жол белгілері мен нұсқаулары орнатылып, 304 бірлік жаяу жүргінші жолы дыбыстық құрылғылармен жабдықталды.

  2. Қалыптасып келе жатқан қолжетімді орта жағдайларында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбекмині) халықты әлеуметтік қорғау органдары мүгедектерге көрсететін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мынадай шаралар қабылдауда:

мүгедектер үшін протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоспағанда, оңалту құралдарының барлық түрін үйлеріне жеткізіп беру ұйымдастырылды;

мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық көмек көрсету және консультация беру үшін Онлайн қолдау қызметі құрылып, жұмыс істеуде;

аудан орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендерде тұратын азаматтар үшін «Қазпочта» АҚ және халыққа қызмет көрсету мобильді орталықтарының мамандары зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындауға құжаттар қабылдауды, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі мүгедектікті белгілеуді ұйымдастырды;

инватакси қызметін дамыту үшін республикалық бюджеттен өңірлерге ағымдағы нысаналы трансферттер бөлінеді.



  1. Мүгедектердің басқа азаматтармен тең дәрежеде ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқығы бар.

  2. ҚР-да инклюзивті білім беруді дамытуға көңіл бөлінеді, дамуында ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда. Бұл шаралар ҚР-да білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, ҚР әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында және ҚР басқа да нормативтік құқықтық актілерінде көзделген.

  3. 2020 жылға қарай балаларға инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі – 70 %-ды, ал 2030 жылға қарай 100 %-ды құрайды.

  4. Инклюзивті білім беру даму үстінде – мектепке дейінгі және орта білім алу, даму бұзушылығын түзету және әлеуметтік бейімдеу, балалардың барлық санаттарына: денсаулық проблемалары бар (дамуында ерекше қажеттілігі бар балалар, мүгедек балалар), қоғамға әлеуметтік бейімделуде қиындығы бар (девиантты мінез-құлықты, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-психикалық статусы төмен); мигранттар, оралмандар, босқындар отбасыларынан шыққан (6 мыңнан астам мигрант бала, оның ішінде 889 бала мектепке дейінгі жаста және 5358 бала мектеп жасында , 24725 бала репатриант (оралман) оқушы); мектептері жоқ 1523 елді мекенде тұратын 27363 балаға сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы жағдайлар жасалуда.

  5. Қазіргі уақытта орта білім беру ұйымдарында балалардың
    30,5 %-ына инклюзивті білім беру жағдайлары жасалған. Оларда арнайы жағдайлар жасала отырып мүмкіндіктері шектеулі 25 633 бала (27 %) дені сау құрдастарымен бірдей білім алуда.

  6. 2020 жылға қарай мектептердің 70 %-ында инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасау, мүгедек балалардың 20 %-ына «кедергісіз қолжетімділікті» қамтамасыз ету көзделген.

  7. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 752 қаулысымен бекітілген Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспарына сәйкес ҚР-да инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі
    2015-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені бекітілді (ҚР БҒМ-нің
    2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 534 бұйрығы).

  8. ҚР-да инклюзивті білім беруді дамытуға тұжырымдамалық тәсілдер бекітілген (БҒМ-нің 2015 жылғы 1 маусымдағы № 348 бұйрығы).

  9. Арнайы білім жалпы орта білімнің құрамдас бөлігі ретінде мүмкіндіктері шектеулі адамдардың білім алуына арнайы жағдайлар жасауды көздейді және мыналарды қамтиды: арнайы оқу бағдарламалары, оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқытудың арнайы әдістері мен амалдары, оқытудың компенсаторлық көмекші техникалық құралдары; медициналық, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер.

  10. 2015 жылы дамуында ерекше қажеттілігі бар балалардың саны 141 952-ні құрады (2014 жылы – 138516 адам). Инклюзивті білім берумен мектеп жасындағы 46 340 бала (84 120 баладан) (55 %) қамтылды (қалғандары арнайы мектептерде – 13 722 (14,6 %); арнайы сыныптарда - 11 461 (12,2 %) бала; үйінде – 10 408 (7,3 %) бала, жеке ұйымдарда – 2189 (2,3 %) бала, колледждерде – 2877 (3,0 %) жасөспірім білім алуда). Мектепке дейінгі жастағы 14 717 (35 %) бала (41 805 баладан) (қалғандары арнайы балабақшаларда – 5159 (12,3 %); арнайы топтарда – 4474 (10,8 %) бала, 12 663 (30,2 %) бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері (ППТК) мен оңалту орталықтарында (ОО) педагогикалық-түзету көмегін алуда, 683 (1,6 %) бала үйінде тәрбиеленуде).

  11. Дамуында ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтiк және
    медициналық-педагогикалық түзету қолдауын тегін алуға; мемлекеттiк медициналық ұйымдарда, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда немесе медициналық-әлеуметтiк сараптама бөлiмдерiнде ҚР заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн тексерiлуге және тегін медициналық көмекке; дене немесе психикалық кемiстiктерi байқалған сәттен бастап оның біліну дәрежесiне қарамастан психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысына сәйкес тегін
    медициналық-психологиялық-педагогикалық түзетуге құқығы бар.

  12. Дамуында ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуға құқықтарын іске асыру үшін 2015-2016 оқу жылының басына жалпы білім беру мектептерінде мектепке дейінгі 37 ұйым, 100 арнайы мектеп,
    51 медициналық-психологиялық-педагогикалық консультация,
    137 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 оңалту орталығы,
    880 логопедтік пункт жұмыс жасайды.

  13. Мүгедектерді жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді. Республикада 122,0 мыңнан астам мүгедектің жұмысы бар. Соңғы 5 жыл ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде 56,5 мың адам әлеуметтік келісімшарт жасасты, 42,7 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, 1 137 адам оқытудан өтті, 916 адам микрокредит алды,
    88 адам экономикалық өсу аймақтарына көшті.

  14. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы ҚР Заңында арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау, кәсіпорынның штаттық санына байланысты мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша квоталау тетігін жетілдіру нормалары көзделген.

  15. Мүгедектің жұмыс орнын жабдықтауға және өндірістік ортасына қойылатын бірыңғай талаптарды айқындау, осы жұмыс орындарын құруды жеделдету және мүгедектерді еңбекші қоғам өміріне сәтті интеграциялау мақсатында 2015 жылы мүгедектің жұмыс орны стандарттары қабылданды.

  16. Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша шешімдер әзірлеу үкіметтік емес сектормен бірлескен түрде жүргізіледі.

  17. Бұл жұмыстың тиімді тетіктерінің бірі 2005 жылдан бастап ҚР Үкіметінің деңгейінде жұмыс істейтін Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі болып табылады, оның 25 мүшесінің 16-сы (немесе 64 %-ы) мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілі болып табылады.

  18. 2013 - 2014 жылдары республикада орталық атқарушы органдар мен облыс әкімдерінің бірінші басшыларында Мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілер институты жұмыс істей бастады.

  19. Жыл сайынғы негізде өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдардың өмірін жақсартуға өз үлесін қосуда мүгедектер мен олардың қоғамдық ұйымдарының бастамаларын қолдайтын және ынталандыратын «ҚР-да іске асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» атты республикалық акциясы өткізіледі.

  20. Елімізде мүгедектерге қоғамның толерантты қарым-қатынасын қалыптастыруға, олардың әлеуетін және республиканың дамуына қосатын үлесін насихаттауға бағытталған қоғамдық-ағартушылық науқандар жүргізіледі.

  21. Мүгедектік проблемаларына қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында республикалық және өңірлік БАҚ-тарда 9,0-мыңдай материал орналастырылды.

14-ұсыным

Шетелдік азаматтардың ҚР аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруы бірқатар нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.



  1. ҚР Конституциясы көші-қон мәселелерін құқықтық реттеу негізі болып табылады, оған сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ҚР-да құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, азаматтар үшін белгіленген міндеттерді атқарады.

  2. Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттары мен нормаларына сәйкес ҚР Конституциясында (21-бап) «…ҚР аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар» екені белгіленген.

  3. ТМД шеңберінде 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім әрекет етеді (ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен ратификацияланған).

  4. Сондай-ақ 2008 жылғы 14 қарашада Кишинев қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің еңбекші мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық жағдайын реттейтін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды (2009 жылғы
    31 желтоқсандағы ҚР Заңымен ратификацияланған), онда тараптар
    еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты құлдық, кез келген басқа да мәжбүрлі жай-күйге, мәжбүрлі еңбекке, қинау, адамның
    ар-намысы мен ожданына қатыгездікпен және қорлай қарау немесе жазалау жағдайларына жол бермеуге міндеттенетін ережелер көзделген.

  5. 2014 жылғы 14 қазандағы ҚР Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарттың 97-бабының 1-тармағына сәйкес мүше мемлекеттің жұмыс берушілері және (немесе) жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушілері мүше мемлекеттердің еңбекшілерін ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей еңбек қызметін жүзеге асыруға тартуға құқылы. Бұл ретте мүше мемлекеттердің еңбекшілерінен жұмысқа орналасу мемлекетінде еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алуы талап етілмейді.

  6. ҚР-да 2011 жылғы 16 тамызда күшіне енген «Халықтың көші-қоны туралы» Заң (жаңа редакцияда) қабылданды.

  7. Заңда:

тарихи отанына оралу мақсатында;

отбасын біріктіру мақсатында;

білім алу мақсатында;

еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;



гуманитарлық және саяси уәждер бойынша алғаш рет заңнамалық тұрғыдан көші-қон ағымдарының негізгі түрлері белгіленген.

  1. ҚР-ны халықаралық еңбек нарығына интеграциялауды қамтамасыз етуге, жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға, ішкі еңбек нарығын қорғауға, этникалық қазақтардың елге келуіне және қоныстануына бірыңғай жағдайлар жасауға, оларды қоныстану өңіріне қарай әлеуметтік қолдауға, оралмандардың басым өңірлерде қоныстануын ынталандыруға бағытталған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы ҚР Заңы қабылданды.

  2. 1951 жылғы Женева Конвенциясын ратификациялаудан туындайтын Қазақстанның міндеттемелерін ескере отырып, 2009 жылғы
    4 желтоқсанда «Босқындар туралы» ҚР Заңы қабылданды, оның негізгі мақсаты – шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға пана берудегі қатынастарды реттеу жүйесін қамтамасыз ету, сондай-ақ босқын мәртебесін беру. Мәселен, «Босқындар туралы» Заңда босқындар мен пана іздеп жүрген адамдардың құқықтары нақты айқындалған. Мысалы, босқындар мен пана іздеп жүрген адамдардың ҚР заңнамасына сәйкес медициналық қызметтің көрсетілуіне, сондай-ақ еңбек ету немесе кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарды сот арқылы қорғауға құқығы бар.

  3. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы
    17 шілдедегі ҚР Заңы жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын босқын мәртебесі бар адамдардың, тұруға ықтиярхаты бар және
    ҚР-да тұрақты тұрып жатқан шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмекке құқығын айқындайды.

  4. 2014 жылғы 12 сәуірден бастап «Кейбір заңнамалық актілерге еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң іске асырыла бастады, қазіргі уақытта еңбекші көшіп келушіге жеке тұлғаларда жұмысқа орналасу үшін рұқсат беру жүзеге асырылуда, бұл оларға жеке тұлғаларда өз бетінше жұмысқа орналасуға және мемлекеттік баж салығын төлеуге мүмкіндік береді (ҚР Ішкі істер министрінің «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және қайтарып алу, сондай-ақ еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, олардың дактилоскопиялық, фотоесептерін қалыптастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы» 2014 жылғы 8 ақпандағы
    № 76 бұйрығы).

  5. 2016 жылғы 1 қаңтарға ішкі істер органдары көшіп келушілерге жеке тұлғаларда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін 141 254 рұқсат берген.

  6. Республикада ҚР-да тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығы қамтамасыз етіледі.

  7. Білім беру саласындағы мемлекеттік кепілдіктер «Білім туралы» ҚР Заңының 8-бабында бекітілген. Мемлекет ҚР азаматтарына тегін мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуды қамтамасыз етеді.

  8. Осындай мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу құқықтарына ҚР аумағында тұрақты тұратын, сондай-ақ ҚР-ға отбасын біріктіру мақсатында келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да ие.

  9. Республикада қолданыстағы заңнамаға сәйкес мигранттар балаларының білім алуына қатысты Бала құқықтары туралы конвенцияның
    28-бабының орындалуы қамтамасыз етілуде.

  10. Білім беру органдарының есепті ақпараты бойынша 2015-2016 оқу жылында республиканың жалпы білім беру мектептерінде басқа елдерден келген 3 402 мигрант бала оқиды.

  11. Олардың ең көп бөлігі Алматы (1 423) және Астана (351) қалаларында, Оңтүстік Қазақстан (418), Батыс Қазақстан (331), Қарағанды (235) және Жамбыл (111) облыстарында тұрады.

  12. Шетелдік азаматтардың балаларын оқуға қабылдау «ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 28 тамыздағы № 398 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

  13. Мәселен, ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ ҚР-да уақытша тұратын адамдардың (босқындар, пана іздеген адамдар, консулдық лауазымды адамдар, дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері, көші-қон заңнамасына сәйкес ҚР-да жұмыс істейтін еңбекші мигранттар) балалары білім беру ұйымдарына қабылданады және Қазақстан азаматтарымен бірдей құқықтарға ие.

  14. 2013-2014 оқу жылы ішінде барлық мектептерде шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың балаларының жеке істері тексеріліп, талаптарға сәйкес келтірілді. Республика аумағында жүрген шетелдік азаматтардың тізімдерін қолдағы дерекқор бойынша уақтылы нақтылау жөнінде көші-қон органдарымен өзара іс-қимыл жұмысы ретке келтірілген.

  15. ҚР азаматтары болып табылмайтын балалардың білім алуға және білім қажеттіліктерін қанағаттандыруға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету білім беру органдарының тұрақты бақылауында.

  16. «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 28, 31, 35-баптарына сәйкес ҚР-ға келген көшіп келушілердің міндетті медициналық сақтандыруы болуға тиіс.

  17. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»
    2009 жылғы 18 қыркүйектегі ҚР Кодексінің 88-бабының 5-тармағына сәйкес, егер ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ҚР аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналасындағылар үшін қауіп төндіретін жіті аурулары болған кезде ҚР Үкіметі айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

  18. Көшіп келуші өміріне немесе оның айналасындағылардың денсаулығына төнген қауіп жойылған сәттен бастап көшіп келушілерге жоспарлы медициналық көмек көрсету жіберуші тараптың, азаматтардың, сақтандыру компанияларының жеке қаражаты есебінен, сондай-ақ ұйымдардың қайырымдылық жарналары мен жанашырлық жәрдемі есебінен ақылы негізде жүзеге асырылады.

  19. «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 12-бабына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау министрінің мынадай бұйрықтары әзірленіп, бекітілді:

    1. 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 «Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың ҚР-ға келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы»;

    2. 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 «Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы».

15, 19-ұсынымдар

  1. 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру кезеңінде ҚР елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

  2. 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын қабылдау саяси санасы және азаматтық белсенділігі жоғары, гендерлік балансты ілгерілету, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мүмкіндіктерін кеңейту, ұлт денсаулығын нығайту, қоғамның
    рухани-адамгершілікті дамуына жағдайларды қамтамасыз ету үшін дамыған институционалдық негізі бар қоғамға қарай жасаған мемлекеттің маңызды қадамы болды.

  3. Гендерлік теңдік қоғамның әлеуметтік жаңғыруының басты бағыттарының бірі болып табылады, себебі тең мүмкіндіктер жасау әйелдердің елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік өміріне қарқынды қатысуын қамтамасыз етуде басты бағыттардың бірі болып табылады.

  4. Әйелдердің саяси ілгерілеуіне, сондай-ақ, уақтылы қабылданған арнайы уақытша шаралар да ықпалын тигізді. Мәселен, Елбасының тапсырмасы бойынша дайындығы бар әйелдердің қатарынан шешім қабылдау деңгейіне әйелдерді ілгерілету жөніндегі 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған іс-қимыл жоспары қабылданды.

  5. Жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форумда (ДЭФ) жасалатын жуырдағы Гендерлік теңдік туралы жаһандық баяндамада көрсетілгендей, ҚР экономикалық, саяси және басқа да салаларда әйелдердің мүмкіндіктері оң бағаланатын елдердің қатарына кіреді.

  6. Бүгінде әйелдердің азаматтық белсенділігін арттырудың оң үрдісі байқалуда және әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары жұмыс істейді.

  7. Гендерлік теңдік саласында 12 халықаралық құжат ратификацияланды. ҚР БҰҰ-ның төрт басты құжатына қосылды. Бұл
    1979 жылғы Әйелдерге қарсы кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенция, 1993 жылғы Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою туралы декларация, 1995 жылғы Бейжің декларациясы мен Іс-әрекет платформасы, 2015 жылғы «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейін тұрақты даму (ТДМ) саласындағы күн тәртібі» декларациясы.

  8. ҚР-дағы Гендерлік саясатты одан әрі дамыту ҚР-дағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын (ҚР Президентінің 2016 жылғы № 384 Жарлығымен бекітілген) іске асыруда көрінісін табады. Тұжырымдама ҚР Конституциясы, «Қазақстан 2050» стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенциясы, ТДМ және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттар мен келісімдер негізінде әзірленген.

  9. Әйел тақырыбы – республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында ең көп таралған тақырыптардың бірі. 2015 жылы «Гендерлік саясат» тақырыбы бойынша 3318 материал жарияланды. Оның ішінде республикалық телеарналарда – 589 сюжет, баспа БАҚ-тарда – 369 мақала,
    интернет-ресурстарда – 730 жарияланым; өңірлік телеарналарда – 657 сюжет, баспа БАҚ-тарда – 796 мақала, интернет-ресурстарда – 177 мақала.

  10. Бүгінде ҚР әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қоса алғанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдауда.

  11. Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, әл-ауқатын көтеруге жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту мақсатында 2011 жылдан бастап елімізде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырылды.

  12. Бағдарлама шеңберінде жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға және мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндік берілді. Әйелдер басқа нысаналы топтармен бірдей Бағдарламаға қатысуға басымды құқыққа ие болды.

  13. Бағдарламаны іске асыру үш бағытта іске асырылды:

инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту;

кәсіпкерлікті дамыту және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу;



жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныстандыру арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.

  1. Ол іске асырыла бастағалы Бағдарламаға 598 мыңға жуық адам қатысты (олардың 290,7 мыңнан астамы әйелдер), әйелдердің қатысу үлесі
    48,7 %-ды құрады.

  2. 2015 жылдан бастап 1926 әйел микрокредит алды, олардың 1102-сі алғаш рет өз ісін ашты, қалғандары бизнестерін кеңейтті. Олар қосымша тағы 573 әйелге тұрақты жұмыс орнын ашты.

  3. Бағдарлама шеңберінде 2015 жылы барлығы 49,8 мың әйел жұмысқа орналасты.

  4. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аталған бағдарламаның қисынды жалғасы болды.

  5. Жаңа Бағдарлама шеңберінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, оның ішінде әйелдерді оқытумен, микрокредит берумен және жұмыс орындарын құру шараларымен қамтуды ұлғайту қарастырылуда.

  6. ҚР-да адам құқықтарын іске асыру саласындағы негіз құрайтын бағыт ерлер мен әйелдердің бірдей еңбегіне бірдей еңбекақы төлеу болып табылады. Бұл қағидат ҚР Конституциясында бекітілген (24-б. 2-т.), онда азаматтардың еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алу құқығы көзделген. Аталған талап жалпы сипатқа ие, яғни ол еңбекті қолдану саласына байланыссыз барлық адамдарға қатысты қолданылады. Бұл ретте сөз кез келген нысандағы кемсітушілікке тыйым салу туралы (ҚР Конституциясының 14-б.) болып отыр.

  7. ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 6-бабына сәйкес ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Жоғарыда айтылғанның негізінде ҚР-да «бірдей құндылықтағы еңбекке бірдей ақыға» кепілдік берілгені анық.

  8. Еңбек қызметінің тиісті түріне тән айқындалатын не жоғары әлеуметтік және құқықтық қорғауға мұқтаж адамдар туралы мемлекеттің ерекше қамқорлығына негізделген өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.

  9. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де инстанцияларға жүгінуге құқылы.

  10. Бүгінгі таңда гендерлік теңдікті сақтау қағидаты білім берудің барлық деңгейінде қамтамасыз етіледі. 2012 жылы гранттық қаржыландыру аясында оқу бағдарламаларына гендерлік құрамдас бөлікті кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз ету үшін төрт жоғары оқу орнына зерттеулер жүргізуге 12 млн. теңге бөлінді.

  11. 2010-2016 оқу жылдары республиканың жалпы білім беру мектептеріндегі оқушылардың жалпы санының 50 %-дан астамы қыз балалар болды.

  12. Барлық оқушылардың жынысына қарамастан экономикалық, әлеуметтік және мәдени іс-шараларға қатысуға бірдей құқықтары бар.

  13. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы (Ұлттық экономика министрлігінің (ҰЭМ) Статистика комитетінің ресми ақпаратына сәйкес) 2015 жылы 126,0 мың теңгені немесе 2010 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 162,4 %-ды құрады. Ерлерде бұл көрсеткіш 151,7 мың теңгені
    (2010 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 63,4 %-ға өскен), әйелдерде
    99,9 мың теңгені (2010 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 63,1 %-ға өскен) құрады.

  14. Әйелдер жалақысының ерлер жалақысына қатынасы 2015 жылы 65,9 %-ды құрады. Бұған, ең алдымен, әйелдердің білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты қызмет салаларында көбірек топтасуы себеп болып табылады, мұндағы жалақы деңгейі өндірістік салаға қарағанда төмен.

  15. Ал ерлер көбінесе еңбек жағдайлары ауыр (зиянды), жалақысы орташа республикалық көрсеткіштен жоғары әрі ауыр және зиянды факторлардың болуына байланысты әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынатын өнеркәсіп (мұнай-газ, тау-кен өндіру, өңдеуші), көлік, құрылыс сияқты қызмет салаларында жұмыс істейді.

  16. Жаңа ҚР-дағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Экономикадағы гендерлік теңдік» стратегиялық бағыты бойынша Әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін өзектендіру жоспарлануда.

  17. Аталған іс-шараларды іске асыру Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ конвенциялары ережелерінің және әйелдерді жекелеген кәсіптер мен жұмыс түрлеріне жұмысқа орналасуға заңды түрде бекітілген шектеулер себептерінің бірі болып табылатын еңбекке ақы төлеуде әйелдер мен ерлер арасындағы айырымды азайту бөлігінде қазақстандық заңнаманың негізгі бағыттарына барынша қол жеткізу мақсатында қажет.

  18. Қолданыстағы заңнаманың халықаралық нормаларға сәйкес келуі ҚР-ға бірқатар халықаралық шарттарды ратификациялауға мүмкіндік берді.

  19. 2000 жылы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) «Құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы»
    № 100 Конвенциясы ратификацияланды.

  20. 2006-2016 жылдарға арналған ҚР-дағы гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мақсатында 2012 жылы ХЕҰ-ның «Ананы қорғау туралы» № 183 (2012 жылғы 14 ақпандағы ҚРЗ), «Отбасылық міндеттермен еңбек ететін еңбекші ерлер мен әйелдерге арналған тең қарау мен тең мүмкіндіктер туралы» № 156 Конвенциялары (2012 жылғы 16 қарашадағы ҚРЗ) ратификацияланды.

  21. ҚР-да жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек және еңбекті қорғау туралы заңнаманы бұзудың (оның ішінде еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысы және басқа да белгілер бойынша кемсітушілікке байланысты) алдын алу және оған жол бермеу мақсатында Мемлекеттік еңбек инспекциясы құрылды және жұмыс істейді.

  22. 2015 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 421 тексеру жүргізді, 19,6 мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзушылығын анықтады, оның ішінде еңбек қатынастары саласында 14 675, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 4 440, халықты жұмыспен қамту саласында 472.

  23. Бұл ретте аталған кезеңде жынысы бойынша кемсітушілік белгілері бар бұзушылықтар тіркелген жоқ.

жүктеу 1,17 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау