2-тапсырма. Шоқпарбас плаун (Lycopodium clavatum) мысалында олардың дамуымен танысу.
Ш оқпарбас плаун (Lycopodium clavatum). Қылқанжапырақты ормандарда кең таралған өсімдік. Спорофиті жерге төселіп өсетін сабақтан тұрады. Оның вертикаль бағытта көтеріліп тұратын бұтақтары мен төмен қарай кететін қосалқы тамырлары болады. Сабағы мен тамырларының төбелік тармақталған бұтақтары болады. Өткізгіш шоқтары сабақтың ортасында орналасады. Орталық цилиндр сабақтың аз ғана бөлігін алып жатады. Қабық қабатының жалпақ аймағына жапырақтың іздері өтіп жатады. Камбиі жоқ. Сабағы мен жапырағының сыртын эпидермис қабаты қаптап тұрады, онда устьице аппараттары болады. Жапырақ тақтасы таспа тәрізді, шеттері тегіс, ұзын болып келетін жіңішке жіпшемен аяқталады. Вертикаль бағытта тік көтеріліп тұратын сабақтарының ұшында біршама ұзын аяқшаның үстінде екіден спора түзетін масақтары орналасады. Масақтың пішіні цилиндр тәрізді, оның осі болады. Осьті айнала спорофилдері, басқаша айтқанда ұштары үшкір, әрі жоғары қарай қайырылған қабыршақ тәрізді үш бұрышты жапырақтары орналасады.
Плаунтәрізділердің сабағының
көлденең кесіндісі:
1 - эпидерма;
2 - қабықтық паренхима;
3 - жапырақ ізі;
4 - арқаулық ұлпа;
5 - эндодерма;
6 - ксилема;
7 - флоэма.
Спорофилдің үстінде қысқа аяқшасы бар бүйрек тәрізді спорангиі орналасады. Оның ішінде споралар жетіледі. Споралары бірдей, ұсақ, пішіні тетраэдр тәрізді болып келеді. Спородермасы (спора қабықшасы) екі қабаттан тұрады: сыртқы экзиннен және ішкі интиннен. Спорангилері көлденең жарықшақтары арқылы қақырап ашылады. Споралары жерге шашылып, бірнеше сантиметр тереңдікке жайлап (12-15 жылдың ішінде) өсіп, гаметофитке айналады. Пішіні жағынан гаметофит пияздың баданасына ұқсайды, кейін ұлғайып өсіп, оның диаметрі 2 см.-ге дейін жетеді. Бұл жағдайда оның пішіні өзгеріп, астау тәрізді қалыпқа келеді. Гаметофит түссіз болып келеді, ризоидтары болады. Эпидермистің астында жатқан жасушалары саңырауқұлақтың мицелиімен симбиозда болады. Кейбір түрлерінің гаметофиті топырақтың бетінде жатады, бұл жағдайда оның жасушаларында хлоропласттар пайда болады. Антерийдилері мен архегонийлері гаметофиттің үстіңгі бетінде орналасады және паренхималық ұлпаға еніп жатады. Аталық жасушалары көп, екі талшықты болады. Ұрықтануы сумен байланысты болады. Зигота тыныштық қалпына көшпей-ақ бірден өсіп, спорофиттің ұрығын береді. Ол алғашқы кезде гаметофиттің ұлпасына еніп жатады және оның есебінен қоректенеді. Бірақ көп ұзамай ұрықтан тамыр кетіп, жерге енеді, содан соң барып, спорофиттің ұзақ уақыт бойы дербес тіршілік етуі басталады.
3-тапсырма. Плаунтәрізділердің (Lycopodiophyta) жіктелуін оқып үйрену.
Плаунтәрізділер бөлімі (Lycopodiophyta) екі кластан тұрады: плаундар класы (Lycopodiopsida) және полушниктер класы (Isoetopsida).
Достарыңызбен бөлісу: |