Жүйке жүйесінің дамуы.
Жүйке жүйесінің құрылысы мен функциялық негізі – нерв клеткасы немесе нейрон. Орталық жүйке жүйесінде нейрондарды қосымша клеткалар – глиялар қоршаған. Нейрондар мен глиялар нерв ұлпасын құрайды. Глиялар нерв клеткаларының тірегі болып, оны қоректендіреді және электрлік изолятор қызметін атқарады. Жаңа туған нәрестенің нейрондарының саны глиялардан анағұрлым көп болады. 20-30 жаста олардың саны бір-бірмен теңеседі де, кейін адамның жасы ұлғайған сайын нейрондардың үлесі азайып, глиялардың үлесі көбейеді.
Нерв клеткасының құрлысы күрделі. Басқа тірі клеткалар тәрізді оның мембранасы, ядросы, ядрошығы мен органоидтары болады. Нейронның басқа клеткалардан айырмашылығы – денесінің көптеген өсінділері болады және цитоплазмасында нейрофибриллдері бар.
Нейронның денесін сома деп атайды. Денесінен ұзынды-қысқалы өсінділері – нерв талшықтары шығады. Ұзын талшығын аксон (грекше аксон-тірек деген мағынада), қысқа талшықтарын дендрит деп атайды (дендрон-ағаш). Аксонның сыртын қоршаған миелин қабығы бар. Миелин – ақ май тәрізді (липид) заттан түзілген. Дендриттер – тармақталған қысқа өсінділер. Дендриттердің бүртіктері бала туғаннан кейін көбейе түседі.
Нейрондардың бір-бірімен байланысы синапс деп аталатын арнайы ерекше құрлым арқылы іске асады. Адамның миы нәтижелі еңбек еткен сайын оның синапстары көп болады. Сондықтан жаңа туған нәрестелерде синапстар аз болып, ер жеткен сайын көбейе түсіп, ересек адамда өте көп болады.
Нервтер мен нерв талшықтары. Сыртқы қабықпен қапталған нерв клеткасының өсінділерін нерв талшықтары деп атайды. Нерв талшықтары 2 түрлі болады: миелинді және миелинсіз. Миелинді нерв талшығының сыртын миелин қабығы қоршаған, ал миелинсіз талшықтың сыртын тек қана эндотелий қабығы қоршаған, миелині болмайды.
Нерв талшықтарын олардың диаметріне байланысты 3 топқа бөледі: А, В, С талшықтары. Қозуды орталыққа өткізетін нервтерді орталыққа тепкіш немесе афференттік, мүшелерге таситын нервтерді орталықтан тепкіш немесе эфференттік нерв дейді. Нервтердің көпшілігі аралас нервтер. Олардың құрамында афференттік және эфференттік нервтер де болады.
Жүйке жүйесінің құрылысы. Адамның жүйке жүйесі орталық және шеткі немесе перифериялық жүйке жүйесі болып бөлінеді. Орталық жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұрады.
Жұлын жүйке жүйесінің маңызды бөлімдерінің бірі. Түрлі нерв әрекеттерінің бағытталуы мен реттелуі жұлын арқылы іске асады. Себебі жұлын өткізгіштік қызмет атқарады да, оның бойымен дененің барлық жерінен миға нерв импульстері мүшелерге барып, олардың қызметін реттейді. Бұларға қоса, жұлында адамның қарапайым рефлекстерінің орталықтары орналасқан (айталық, тізе рефлексі).
Адамның миы орталық жүйке жүйесінің ең негізгі маңызды бөлігі. Одан 12 жұп нервтер шығып, миды көптеген ішкі мүшелермен, беттің, мойынның еттерімен, тілмен, көзбен байланыстырады және сезім мүшелерінен келетін мәліметтерді жеткізеді. Ми сопақша ми, көпір, мишық, ортаңғы ми, аралық ми және екі ми сыңарларынан тұрады.
Сопақша ми – жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Ол екі түрлі қызмет атқарады: рефлекторлық және өткізгіштік. Сопақша мида тыныс, қан айналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей, қарын және қарынасты бездерінің сөлдерін шығаратын нерв орталықтары орналасқан және ІХ-ХІІ ми нервтерінің ядролары орналасқан.
Вароли көпірі – сопақша мидың үстінде орналасқан. Сопақша ми мен вароли көпірін артқы ми деп те атайды. Мұның қызметі де сопақша ми тәрізді: рефлекторлық және өткізгіштік қызметтерін атқарады.
Мишық 3 бөлімнен тұрады: мишықтың құрты деп аталатын ортаңғы бөлім және мишықтың екі жарты шарлары. Мишық – тонустық рефлекстердің жоғары дәрежелі реттеушісі болып есептеледі. Бұған қоса, мишық тыныс алуды, жүректің соғуын қимылдың түріне байланысты лайықтап отырады.
Ортаңғы ми вароли көпірінің үстіңгі жағында орналасқан. Мұндағы сұр заттар 4 төбешік түрінде шоғырланған: көзді қозғаушы және шығармашылық нервтерінің, қызыл және қара субстанцияның ядролары бар. 4 төмпешіктің алдыңғыларында алғашқы көру орталығы, артқы төмпешіктерінде – алғашқы дыбыс бағдарлау реакциялары орындалады. Қара субстанция үйлестірілген жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады. Қызыл ядрода еттің тонустары реттеледі.
Ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында аралық ми орналасқан. Ол 2 төмпешіктерден және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, ал төмпешік асты аймағын гипоталамус деп атайды. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамус дененің жоғарғы дәрежелі вегетативтік орталығы болып саналады.
Үлкен ми сыңарлары (ми жарты шарлары) мидың ең үлкен, ең маңызды бөлімі. Адам миының барлық салмағының 80%-ын ми сыңарлары алып жатыр. Құрлысы жағынан ми сыңарларының бір-бірмен сүйелді дене арқылы жалғасқан екі жарты шардан тұрады. Әрбір жарты шар 5 бөлімнен тұрады: маңдай, орталық, төбе, шүйде және самай.
Орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімі ретінде ми жарты шарлары бір-бірімен байланысты екі үлкен қызмет атқарады:
Организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамның мінез-құлқы, ойлау қабілеті, санасы, ақыл-ойы – бұлардың бәрі жоғары жүйке әрекеттері;
Организмнің қызметтерін бір-бірімен байланыстыру, ішкі мүшелердің қызметтерін қажетті жағдайға қалыптастыру, келтіру, яғни үйлестіру. Бұлар төменгі дәрежелі жүйке әрекеттері.
Тест тапсырмалары: (10 тест сұрақтарынан кем емес)
|