Тірек-қимыл жүйесінің гигиенасы. Баланың жататын төсегі, тамақ ішкенде, сурет салғанда отыратын үстелі мен орындығы, еңбек мөлшері, киімі гигиеналық талап бойынша жасына сәйкес болуы керек. Баланы дұрыс отыруға, төсекте дұрыс жатуға дағдыландыру қажет. Үстелде дұрыс отыруға дағдыланса, арқа еттері күшейіп, омыртқа жотасының дұрыс өсуіне мүмкіндік туады. Физиологиялық және гигиеналық тұрғыдан қарағанда бала үстелде тік дұрыс отырса омыртқа сүйектері қисаймай, дұрыс өседі, бұлшық еттері шынығады.