4.Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалының ерекшелігі.
ХХ-ғасырдың басында Қазақстан тәуелсіздігі жоқ, мемлекеттігінен айрылған Ресейдің бір түкпірдегі губерниясы еді. Ресейде үш ғасырға жуық уақыт Романовтар әулеті билік құрды. Алайда 1917 жыл елде революциялық толқулармен басталды. Ақпанда толқулар күшейіп, 23 ақпаннан бастап ол төңкеріске ұласты. 25 ақпанда сол кездегі Ресейдің астанасы Петроградта төңкеріс бүкіл қаланы қамтыды. 25 ақпан күні патша Петроград әскери округіне «... ертеңнен қалдырмай астанадағы тәртіпсіздіктерді тоқтатуды бұйырамын» деген тапсырма берді. Бұл патшаның соңғы өкімі еді. 26 ақпан күні Невск даңғылындағы демонстранттарға қарсы оқ атуға бұйрық берілгенімен төңкеріс барысында шешуші сәтте әскер көтерілісшілерге қарсы оқ атудан бас тартып, өздері көтерілісшілер жағына шығып кетті. 27 ақпан күні Петроградты жұмысшылар мен солдаттар түгел басып алып, қарулы көтеріліс жеңіске жетті. 27 ақпанда Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі құрылды.
1916-1917 жж. патша үкіметі соғыста жеңіске жете алмайтынына және революцияны тұншықтыру мүмкін еместігіне көзі жеткен буржуазия патша үкіметіне қарсы тарапқа шыққан болатын. Сондықтан қарулы төңкеріс жеңіске жетісімен оны пайдаланып қалғысы келген буржуазия 28 ақпан күні Мемлекеттік Думаның уақытша комитетінің құрылғаны туралы ресми түрде жариялады. Сөйтіп Николай ІІ патша тақтан құлатылып, Ресейде екі билік:
Жұмысшы және шаруалар билігін көздеген Кеңес үкіметі;
Буржуазия мен помещиктер өкілдерінен құрылған Уақытша үкімет орнады.
Осы жоғарыда айтылған Ресейдегі жағдай оның ұлттық аймағы Қазақстанда да өз бейнесін тауып жатты. 1917 жылғы ақпан төңкерісінің нәтижесін, патшаның тақтан құлағанын қазақ халқы қуанышпен қарсы алды. Ұлт зиялылары ұлттық автономия құратын сәт туды деп санады. Қазақстанда 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында жер-жерде жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері құрылды. Ресейдегі сияқты Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Әртүрлі партиялар мен топтар ымыраға келе алмай, шиеленіскен айтыс жүргізді. 1917 жылғы ақпан төңкерісі Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін оятуға, тарихи прогрестің дамуын жеделдетуге себепші болды.
Үкімет басына келген екі биліктің ұстанымдары әр түрлі болды. Ең негізгі мәселе соғысқа қатысты еді. Уақытша үкімет соғысты «жеңіске жеткенге дейін» жалғастыру және халықаралық міндеттемелерді түгел орындау керек деп шешті. Ал Кеңес үкіметі соғысты аннексиясыз және контрибуциясыз тоқтату қажет деді. Соғысты жалғастыру мәселесіне байланысты Уақытша үкімет ішкі саясатында жеңіске жеткенге дейін елдің ішкі қорғаныс қабілетін төмендетпеу үшін 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу жобасын кейінге қалдыруды ұсынды. Сондай-ақ Уақытша үкімет тағы осы жағдайға байланысты аграрлық және ұлттық мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешуді кейінге қалдыруды ұсынды. Осы және тағы басқа көптеген жағдайларға байланысты Уақытша үкімет пен Кеңес үкіметі келісе алмады. Сондықтан 1917 жылы 24 қазанда Қызыл армия қайта көтеріліске шықты. Көтерілістің орталығы большевиктер партиясы орналасқан Смольный үйі болды. Көтерілісшілер Уақытша үкімет орналасқан Қысқы сарайды, көпірлерді, почта, телеграф, вокзалды басып алды. Уақытша үкімет мүшелері тұтқындалды. Билікке большевиктер бастаған Кеңес үкіметі келді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін елде бір ғана үкімет Кеңес үкіметі орнады.
1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін орнаған Уақытша буржуазиялық үкімет елдегі әлеуметтік және ұлттық езгіні жою, жер мәселесін, империалистік соғыстан шығу және т.б. көкейкесті мәселелерді шешпеді. Қазақстандағы жергілікті халықтарды саяси құқықтарынан айырған бұрынғы патша үкіметінің заңдары өз күшінде қалды. Өлкедегі казак-орыс әскерлерінің ұлан-байтақ жер иеліктері мен барлық әлеуметтік артықшылықтары толығымен сақталды. Қазақстанның ең жақсы шұрайлы жерлерін отаршыл кулактар тартып алып берген Қоныс аудару басқармасының жергілікті аппараты өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Өнеркәсіп орындарында 8 сағаттық жұмыс күні енгізілмеді. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерде қазақ тіліне көшуге бұрынғысынша тыйым салынды. Қазақ халқының өзін-өзі билеуі туралы мәселе тіпті қойылмады да. Сондықтан Ресей мемлекетіндегі бұл жағдайларды В. И. Ленин бастаған большевиктер партиясы «Бүкіл өкімет кеңестерге берілсін» — деген ұранды пайдалана отырып, Уақытша үкіметті құлату үшін оны басты құралға айналдырды. Бұл елдің барлық жерінде халық бұқарасының большевиктер жағына көптеп шығуына әсер етті. Сөйтіп, 1917 жылғы 25-қазанда (7-қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталып, Уақытша буржуазиялық үкімет құлатылды.
Уақытша үкімет құлатылып, мемлекет билігінің кеңестердің қолына көшкені тек Ресейді ғана емес, дүниежүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға бүкіл елде, оның шет аймақтарында кеңес өкіметін құру, нығайтумен ұштасты. Ол көп жерлерде орталық аудандардың ықпалымен қан төгіссіз іске асты.
Революция бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Ресейдің жұмысшы, шаруа, солдаттар бұқарасы елді соғыстан шығарып, халықтың бейбіт еңбекке оралуына, соғыстан бұрын, соғыс жылдарында жоқшылық пен мұқтаждық зардаптарын шегіп, әбден қажыған жағдайын түзеуге енді айқын жол ашылады деп есептеді. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан революциясынан кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бүғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикалар жұмысшыға, жер шаруаға, бейбітшілік - бүкіл халыққа деген ұран көтере отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды революция туының астынан кетпеуге шақырды.
Қазан революциясынан кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Бұл тұста Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап болған жоқ еді. Биліктің Кеңестердің қолына өтуі мұнда кейінірек жүзеге асты. Оның бір себебі, мұнда саналы, жақсы ұйымдасқан саны мол жұмысшы табы болған жоқ. Екіншіден, шет аймақтарда билікті кімнің алатыны жөнінде жұрт қолдайтын бірыңғай пікір де болмады. Кейбір жерлерде автономия жарияланып, олардың Ресей құрамында болатыны-болмайтыны жөніндегі мәселе ашық тұрды. Мәселен, осы тұста құрылған Башқұрт, Түркістан, "Оңтүстік шығыс одағы" деген атпен Сібірде пайда болған автономиялар қазақ зиялыларын ұлттық өз иелігін құруға құлшындырды. Сөйтіп, 1917 жылы желтоқсанда Алашорда үкіметі пайда болды. Оның Батыс Қазақстандағы бөлігін Халел, Жанша Досмұхамедовтар, Шығыстағы бөлігін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т. б. басқарды.
Сонымен бірге казақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күресте жүріп жатты. Соның нәтижесінде 1917 жылғы қазаннан 1918 жылғы наурызға дейін Қазақстанның көптеген аудандарында кеңес өкіметі орнады.
Ресейдің орталық аудандарынан Қазақстанға көмек көрсету үшін Ә.Жангелдин, В.Чекмарев, П.Кобезев және т. б. төтенше комиссарлардың келуі қазақ халқының арасынан Әділбек Майкотов, Бекен Серікбаев, Сәкен Сейфуллин, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Амангелді Иманов, Әбдірахман Әйтиев сияқты көптеген күрескерлерді шығарды.
Революцияны қолдайтын күштер басым болған жерлерде жергілікті кеңестер большевиктер жағына түгелдей шықты. Ал қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Мұндай жағдай Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарының көптеген аудандарында, Сырдария және Бөкей ордасында орын алды. Бірақ революция қарсыластарының күштері көбірек шоғырланған Орынбор, Орал, Жетісу облыстарында өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына қарсылық көрсеткендерді талқандау арқылы, осы күресте жанын пида еткен құрбандықтар арқасында ғана тиді.
Кеңес өкіметі алдымен Сырдария облысында жеңіп шықты. Мұндағы Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 жылғы 30-қазанда (12-қараша) өз қолына алды.Ол кезде бұл үлкен әскери гарнизон орналасқан ірі темір жол станциясы болатын.
Сырдария облысында Кеңес өкіметінің орнауы, оның саяси– экономикалық және әкімшілік орталығы Ташкент қаласында 1917 жылғы 28-қазанда Кеңес өкіметі құрылғаннан кейін іске асты. 1917 жылы қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша-желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Әулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде қан төгіссіз бейбіт жолмен орнады. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату үшін күресте большевиктер өздерін жақтаған ұсақ буржуазиялық топтар және ұйымдармен – солшыл эсерлермен, интернационалдық меньшевиктермен, «Үш жүз» партиясымен келесімге барды. 1917 жылдың күзінде Қазақстанда өзін «Қырғыздың (қазақтың) социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы құрылды. Оның жетекшісі – адвокат, журналист және драматург Көлбай Тоғысов болды. 1917 жылғы наурыз-сәуір айларында К.Тоғысов Сырдария облысында «Шора-и-Ислам» партиясын құруда Мұстафа Шоқайұлына көмектесті. Дегенмен К.Тоғысов 1917 жылы шілдеде Орынбор қаласында өткен І Бүкілқазақ съезіне шақырылмады, себебі Ә.Бөкейханов т.б. сенімсіздік білдірді. Өзінің әлеуметтік тегі жөнінен К.Тоғысов құрған «Үш жүз» партиясы ұсақ буржуазияшыл демократтардың саяси ұйымы болды. 1918 жылы «Үш жүз» мүшелері Кеңес үкіметін қолдап, Алашордашыларға қарсы күресті. Сол жылы құрамында мүшелері аз болғандықтан партия тарап кетті.
1917ж. жергілікті бұқара халықтың қолдауымен Кеңес өкіметі Ақмола және Семей облыстарында кең өрістеді. Петропавлда жұмысшы және шаруа депутаттары Кеңесінің темір жол жұмысшыларымен бірлескен қимылының арқасында 1917 жылы 22-қарашада революциялық уақытша комитет құрылды, оның құрамына Ғ. Ыдырысов, Я. Побелянский, К. Сүтішев, П. Рыжов және т.б. кірді. Бұл комитет сол жылғы 27-желтоқсанда Ақмолада өткен еңбекшілердің бұқаралық жиналысында биліктің кеңестерге көшкені туралы қарар қабылдады. Дегенмен Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Семей, Өскемен уездерінде казак-орыс және офицер-старшина билеуші топтардың басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 16-нан 17-не қараған түнде көшті.
1917 жылғы желтоқсан – 1918 жылғы наурыз аралығында Кеңес өкіметі Торғай облысының орталығы және Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да ірі елді мекендерде орнады.
Қазақстанның бірқатар аймақтарында, соның ішінде Орал, Орынбор, Жетісу облыстарында кеңес өкіметін орнатуда көптеген қиындықтар кездесті. Бұл жерлерде, әсіресе, казак-орыс станицаларында контрреволюциялық күштер басым болды. Жетісу облысындағы казак-орыс офицерлері 1917 жылғы 1-қарашада өздерінің «әскери-үкіметін» құрды.
Орынбордағы контрреволюциялық күштерді талқандау және онда кеңес билігін орнату мәселесіне Кеңес үкіметі ерекше назар аударды. Өйткені Орталық кеңестік Ресейді Қазақстанмен және Орта Азиямен байланыстыруда Торғай облысының орталығы Орынбордың әскери-саяси маңызы өте зор еді.
Жетісуда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес, революция қарсыластары күштерінің басым болуына байланысты, 1918 жылдың көктеміне дейін созылды. Мұнда революция толқынының екпінді күш алуына 1917 жылдың күзінен бастап майданнан қайтқандармен және елдің басқа аудандарынан келген революция идеясын қолдаушылардың қосқан үлесі елеулі болды. Олардың арасында Т. Бокин, Т. Өтепов, Ж. Бабаев, А.Розыкабиев сияқты жергілікті халықтың өкілдері бар еді. Верный жұмысшылары қызыл гвардия жасақтарын ұйымдастырды, әскери-революциялық комитетін құрды. 1918 жылы наурыздың 2-нен 3-не қараған түні Верныйда Әскери-революциялық Комитет басқарған жұмысшылардың Қызыл ұлан жасақтары қала еңбекшілерінің қолдауына сүйеніп, казак-орыс «әскери өкіметтің» тірегі болған қамалды, қару-жарақ қоймасын, почта-телеграфты, т.б. маңызды мекемелерді басып алды да, Верный қаласында Кеңес өкіметін орнатты.
Кеңес өкіметі наурыз айында Жаркентте, Аягөзде, Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады. Сөйтіп, 1917 жылдың қазан айынан бастап 1918 жылдың наурыз айына дейін Кеңес өкіметі Қазақстанның көп жерінде жеңіске жетті.
Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде, Уақытша үкіметтің комисарлары, отарлау-шенеуніктік әкімшілік қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сот жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары кеңестерінің қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуына Қазақстан қалаларында құрылған революциялық комитеттердің рөлі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің кеңестердің қолына өткенін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты. Революциялық комитеттер жергілікті Кеңестермен тығыз байланысып, облыстық және уездік съездерді әзірлеу, оларды өткізу жөнінде бірқатар ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Бұл съездерге жұмысшы және солдат кеңестері мен шаруа депутаттары Кеңестерін біріктіру негізінде мемлекеттік біртұтас өкімет органдарын құру ісі жүктелді.
Өкімет билігінің ескі құрылымы Қазақстанда бірден жойылған жоқ. Олар әуелі кеңестердің қарамағына өтіп, сосын аттарын өзгертіп, бірте-бірте кеңес қарауына алынды.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде басқарудың бірыңғай құрылымы болған жоқ. Кейбір жерлерде Орталықтағы сияқты Халық Комиссарлар Кеңесі, екінші бір жерлерде облыстық мекемелер мен басқармалардың Комисариаттары құрылды. 1918 жылдың күзінен бастап, басқарудағы ала-құлалық жойылып, Кеңес атқару комитеттері билікті өз қолына топтастыра бастады. Маңызды мәселелер салалық басқармалардың коллегия мәжілісінде қаралып отырды.
1918 жылғы көктемде Түркістан автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 жылғы сәуірдің 20-нан 1-мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің бесінші съезінде іске асты. Оның құрамына Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Орта Азия республикалары мен Қазақстан жерін межелеу жүргізілгенге дейін Ақмола, Семей облыстарының орталығы Омбы қаласы болған, ол Батыс Сібір өлкесіне, Торғай, Орал,Бөкей ордасы Астрахань губерниясының қарамағына кірді.
Кеңес өкіметі ішкі және сыртқы жаулардан қорғану үшін республиканың қарулы күштерін құру мәселесіне көп көңіл бөлді. 1918 жылғы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар еріктілерден тұрды. Қазақстанда облыстық, уездік кеңестер жанынан әскери комиссариаттар, әскери бөлімдер, қызыл штабтар құрылып, жауынгерлерді әскер ісіне үйретумен шұғылданды.
Бірақ еріктілік негізінде құрылған бөлімдерде тәртіп, бір-бірімен байланыс нашар болды. Олардағы жағдай түзетуді қажет етті. Шет ел басқыншылығы, ішкі және сыртқы жаулармен күрес әскер бөлімдерін құруда еріктіліктен бас тартып, әскери міндеттілікті енгізу, әскер бөлімдерін темірдей тәртібі бар, соғыс өнеріне жақсы үйретілген күшке айналдыру керек еді. Солай істелді де, әскер құрамында ұлттық әскерлер құрамалары, оның ішінде қазақ жастарынан тұратын бөлімдер құрылды.Кеңес өкіметінің декреттері негізінде фабрика, зауыт, банктерді национализациялау іске асырылды. Қазақстанда алдымен ұсақ, орта кәсіпорындары мемлекет меншігіне көшті. Кейін ірі кәсіпорындар да, оның ішінде Спасск мыс қорыту зауыты, Екібастұз көмір өндірісі, Риддер рудниктері мемлекет қарамағына алынды. Онда еңбек тәртібін нығайту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесімен кәсіподақтар кеңінен айналысты. Олар өндіріс пен өнімді бөлуді бақылауға алды. Жұмыс күні, еңбекақыны реттеу, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мұқтаждарына көмек көрсету, әйелдер мен жасөспірімдердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелерімен шұғылданды. Кеңес орындарымен тығыз қарым-қатынас жасап отырды.
Кеңестердің екінші съезінің шешімдеріне сәйкес жерге жеке иелік ету жойылып, Қазақстандағы шіркеу мен монастрлердің, помещиктердің, бай казак-орыстардың, патша шенеуніктерінің иелігінде болып келген, сондай-ақ қоныс аудару қорындағы жерлер еңбекшілердің пайдалануына берілді.
Жер мәселесін шешудегі жергілікті кеңес орындарының қызметі бірнеше кезеңнен тұрды. Оның 1917 жылғы қарашадан - 1918 жылғы жазға дейінгі кезеңінде жергілікті Кеңестер, жер комитеттері мен комиссиялары бос жерлерді, тәркіленген помещиктік имениелерді есепке алып, шаруалардың жағдайын анықтап, жерсіз, жері аз шаруаларды жермен қамтамасыз ету мәселесімен шұғылданды. Шаруалар съездерінің шешімдерімен қоныс аудару қорынан алынған жерлерді пайдалану ережелерін жасады.
Екінші кезең – 1918 жылдың жазынан – 1920 жылдың аяғына дейінгі уақытты қамтыды. Бұл тұста жерді социализациялау жөніндегі шараларды іске асыруға әзірлік жұмыстары жүргізілді.
1921-1922 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде жер-су реформасы іске асырылса, 1924-1927 жылдарды қамтитын төртінші кезеңде – жерге орналастыру, шабындық, егістік жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күрестің барысында Қазақстанда ескі мемлекеттік машина қиратылып, жаңа мемлекеттік аппарат құрылды. Жергілікті Кеңестер өздерінің алдарына қойылған міндеттерді жүзеге асыруға кірісті. Революция жеңістерін контрреволюциялық күштердің қол сұғуынан қорғау жөнінде қажетті шаралар қолданылды. Өлкенің экономикасы мен әлеуметтік-мәдени салаларын социалистік жолмен қайта құру бағытында алғашқы қадамдар жасалды.
Достарыңызбен бөлісу: |