Депутаттық өкілеттіктер, этика және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы С.Ф.Солдатовтың 2017 жылғы 14 сәуірде облыстық мәслихаттың кезекті Х сессиясында сөйлеген сөзі
Құрметті депутаттар!
Депутаттық өкілеттіктер, этика және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия өз жұмысын Қазақстан Республикасы Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына, басқа да заңнамалық актілерге, Регламент талаптарына, облыстық мәслихат пен тұрақты комиссияның жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
Комиссия 6 шақырылған Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының бірінші сессиясында 10 депутаттан құрылды. Комиссия құрамында жеткілікті кәсіптік, қоғамдық және өмірлік тәжірибесі бар, азаматтық ұстанымы белсенді депутаттар жұмыс істейді.
Бұл комиссия мүшелеріне облыс аумағын дамыту бағдарламаларын іске асыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, облыс бюджеті мен оның орындалуы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тәрізді өзекті мәселелерді талқылауға белсене қатысуға және сындарлы ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, комиссиямыздың құрамында көзге көрінетін, болашағынан үміт күттіретін, облыстық мәслихаттың ең жас депутаттары бар – Альбина Харисовна Ахметова және Айдос Серікқалиұлы. Жастардың шешімдер қабылдауға, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүргізуге қатысуы мемлекеттік жастар саясатын табысты іске асыруға ықпал етеді деп есептеймін.
Депутаттық өкілеттіктер, этика және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия азаматтарымыздың күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін шешуге қатысуды өзінің басты міндеті деп санайды. Біздің депутаттық борышымыз – азаматтарға қай сайлау округінде тұрмасын олардың азаматтық құқықтарын қамтамасыз ету, оңды шешімдерге қол жеткізу.
Комиссия өз жұмысында Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы тұру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күрес, азаматтардың құқықтық нормаларының, кәмелетке толмағандар құқықтарының сақталуы мәселелеріне ерекше көңіл бөледі және өз қызметінде облыстық ішкі істер департаментімен тығыз өзара әрекет етеді.
Тұрақты комиссияның бүкіл жұмысы облыстық мәслихаттың перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарлары, сессия шешімдері, тұрақты комиссияның жұмыс жоспары негізінде жүргізіледі.
Есеп беріліп отырған кезеңде тұрақты комиссия 4 отырыс өткізіп, онда комиссияның жоспары бойынша 3 негізгі мәселе, облыстық мәслихат сессиясына енгізілген 100-ге жуық шешім жобасы талқыланды.
Қазіргі уақытта 5 шешім комиссия бақылауында тұр, олар бойынша жарты жылда бір рет орындалу барысы туралы ақпарат түседі, талдау жүргізіледі және шешімнің қолданылу мерзімі аяқталған соң оны бақылаудан алу туралы қорытынды дайындалады.
Бұлар Глубокое, Зырян аудандары әкімдерінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшыларының Қазақтан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын орындау бойынша; Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы есептері, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы есептер.
Әдетте тұрақты комиссия отырыстарына қаралатын мәселелер бойынша облыстық басқармалардың басшылары, мамандары шақырылады. Алайда жауапты қызметкерлер үнемі дайындықпен келмейді, бұл депутаттарға толық және шынайы ақпарат алуға мүмкіндік бермейді.
Комиссия қарайтын әрбір мәселе байсалдылықпен қарауды қажет етеді. Әр кезде – байсалды әңгіме, сұрақтар мен ескертулер, кейде ыңғайсыз, бірақ өзекті ұсыныстар мен ұсынымдар.
Комиссиямыздың депутаттары қарауға түсетін материалдармен өте мұқият танысады. Комиссиямыздың жоспарлы мәселелерінің бірі - Шығыс Қазақстан облысының білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдау мәселесі өте белсенді және қызу талқыланды.
Білім, денсаулық сақтау басқармаларының, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері тыңдалды. Білім беру мен денсаулық сақтауға қарасты ұйымдардың қызметін талдау барысында сыбайлас жемқорлыққа анағұрлым икемді тұстар мен сыбайлас жемқорлық қатерлері анықталды. Бұл – мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар, бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалану, бухгалтерлік есепке алуды бұзу, мемлекеттік қызметтер регламентінің сақталмауы, жұмысқа қабылдау кезінде еңбек заңнамасын бұзушылықтар.
Депутаттар жоғарыда аталған талдау бойынша ескертулері мен ұсыныстарын жеткізді. Қараудың нәтижелері бойынша тиісті қаулы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін жағдайларды бұдан кейін болдырмау, сыбайлас жемқорлық алғышарттарын уақытында анықтау және жою туралы ұсынымдар берілді.
Мәселелерді талқылау кезінде құқық қорғау, атқарушы және басқа да мемлекеттік органдардың алдын алу іс-шараларын орындауы туралы ақпарат, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылының тиімділігі талданады.
Аса маңызды мәселелерді тұрақты комиссия депутаттық сауалдар арқылы да шешеді. Есеп беріліп отырған кезеңде комиссиямыздың депутаттары тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 50-ден астам депутаттық сауал жолдап, округтерде сайлаушылармен 130-дан аса кездесу өткізді.
Бұл мәселелер негізінен халықты әлеуметтік қорғау, жастардың бос уақытын ұйымдастыру, балабақшалар мен тұрғын үйлер салу, жолдардың құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің қымбаттығы, еңбекақының аздығы және т.б. көптеген мәселелер.
Есеп беріліп отырған кезеңде комиссиямызға депутаттардың әдепке сай емес әрекеттеріне арыздардың түспегендігін атап өту қажет.
Сөзімнің соңында депутаттардың естеріне сала кетейін, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 3-тармағының 9-тармақшасына сәйкес, депутат өз мiндеттерiн жүйелi түрде орындамаса, оның iшiнде мәслихат сессиясының немесе құрамына өзі сайланған мәслихат органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз қатарынан үш реттен артық қатыспаса мәслихат депутатының өкiлеттiгi мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық депутаттарға, облыстық мәслихат аппаратына, әкімдік қызметкерлеріне бірлескен жұмыс үшін алғысымды білдіремін және барлығымызға табыстар тілеймін.
Назарларыңызға рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |