ДАРЫНДЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІЛЕРІ
Дарындылықтың белгілері Дарынды - талантты баланың мінез-құлқының екі аспектісін қамтиды: инструменталдық және ынталандырушы (мотивациялық).
Инструменталдық аспекттің белгілері:
1) Іс-әрекеттің арнайы стратегиясының болуы. Соған сәйкес іс-әрекеттің нәтижелілігінің негізгі үш деңгейі анықталады:
– іс-әрекетті тез игеру және оны орындаудың жоғары нәтижелілігі;
– берілген жағдаяттан шешім қабылдау жағдайында әрекеттің жаңа тәсілдерін ойлап табу және қолдану;
– пәнді терең меңгеру есебінен жағдаятты жаңаша бағалауға мүмкіндік беретін әрекеттің жаңа мақсаттарын ұсыну.
2) Дарынды - талантты баланың өзін-өзі реттеу жүйесінің болуына қатысты «бәрін өзінше жасау» бейімділігіен байқалатын өзіндік дербес сапалы іс-әрекет стилінің қалыптасуы.
3) Дарынды - талантты баланың білімін ұйымдастырудың ерекше типі: жоғары құрылымдылық; сан алуан байланыстар жүйесінен оқылатын пәнді тани білу қабілеті; нақтылық сипат (жалпы идеяларға құмарту, жалпы заңдылықтарды тауып, құрастыруға бейімділік).
4) Оқытылудың өзіндік типі. Дарынды - талантты балалар кіші жастан бастап, оқуға деген құмарлықтарымен ерекшеленеді, сондықтан оларға мақсатты түрде ықпал ете отырып, вариативті, байытылған дербестендірілген білім беру ортасын құру жөн.
Дарынды - талантты бала мінез-құлқының ынталандырушылық аспектісі мынадай белгілермен сипатталады:
1) Пәндік әрекеттің (белгілерге, дыбыстарға, түстерге, техникалық құралдарға, өсімдіктерге) немесе өз белсенділігінің (дене, танымдық, көркем-мәнерлі, т.б.) белгілі бір тараптарын таңдауда жоғары сезімталдық.
2) Білуге құмарлықтан көрінетін жоғары танымдық қажеттілік.
3) Нақты бір сабаққа немесе әрекет саласына деген айқын байқалатын қызығушылық.
4) Стандартты, типтік, дайын жауаптарды қажет етпеу, қайшылықты, анық емес ақпараттармен жұмыс істеуді ұнату.
5) Өз еңбегінің нәтижесіне жоғары талапшылдық, қиын мақсаттар қоюға, соған жетуге талаптануға бейімділік.
Дарынды - талантты баланың мінез-құлқы жоғарыда аталған белгілерге сәйкес келуі міндетті емес. Дарындылықтың мінез-құлықтық белгілері вариативті әрі әлеуметтік мазмұнға тәуелді болады. Дегенмен осы қасиеттердің біреуін бала бойынан байқасаңыз, оны маманнның көмегімен ұзақ уақыт бойы мұқият зерттеп талдау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |