Д.М.Арыстангалиева
Алматы энергетика және байланыс университеті, Алматы қ.
Халық даналығына баулудағы мақал – мәтелдердің тәрбиелік мәні
Аннотация. Бұл мақалада қазақ ауыз әдебиетінің бір үлгісі мақал-мәтелдар туралы
айтылған. Мақал-мәтелді зерттеушілер, оның түрлері, даму тарихы туралы және оның студент
жастарға, ұрпаққа беретін тәрбиелік маңызына шолу жасалған. Мақал-мәтелдер халықтың асыл
мұрасы.
Тірек сөздер: қазақ халқының ауыз әдебиеті, дүниетаным, асыл ой жиынтығы, өнегелі
өсиет, халық даналығы, өнер-білімді дәріптеу, еңбекке баулу, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу.
Қазақ халқы жазу өнері болмағанның өзінде-ақ ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін
тудырып, сол арқылы халық тіршілігінің әр алуан жақтарын суреттеген; қоғамдық өмірін,
дүниеге көзқарасын, арман-мүддесін т.б. бейнелеп көрсеткен. Осы негізде туған ауыз
әдебиетінің бір түрі – мақал-мәтелдер.
Мақал-мәтелдер бір ғасырдың ғана жемісі емес. Мақал-мәтел - халық ауыз
әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл
ойының көркем жиынтығы.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешетін асыл мұра,
ақылына ақыл қосатын, жарқын болашағына дұрыс бағыт сілтейтін, өмірді танытатын
қамқоршы. Мақал-мәтелде халықтың өмір сүру барысындағы барлық тәжірибенің өнегелі
өсиеттері айтылған халық даналығы сақталған.
Қазақтың мақал-мәтелдері –көркем әдебиетте сөздің мән-мазмұнын келтіретін,
айтайын деген ойдың мағынасын толықтыратын, сонымен қатар ұтымды да ықшам
қолданатын әдемі шағын форма. Өйткені бұл - мол тәжірибенің ұзақ уақыт әбден
сұрыпталған, екшелген, сыннан өткен асыл түйіні.
Қазақтың мақал-мәтелдерінің ел арасынан жиналуы, қағазға түсуі, баспа бетіне
шығуы ХIХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұлардың кейбір үлгілерін жинап
жазып алғандар Ш.Уәлиханов, И.Н.Березин мұрағаттарында ел аузынан жинап алған екі
жүзден аса мақал-мәтелдер сақталған. Мысалы, «Ақыл – дария, көңіл – бұлбұл» деген
сияқты мақал-мәтел қазіргі күнге дейін өз құндылығын жоймаған. Сонымен қатар мақал-
мәтелдерді жинап, баспаға шығаруда көп еңбек еткендер: Ш.Ибрагимов, Ы.Алтынсарин,
В.Радлов, П.М.Мелиоранский, В.В.Катаринский Ә.Диваев, М.Ысқақов, Ө.Тұрманжанов
Б.Ақмұқанова, С.Аманжолов, М.Әуезов т.б. айтып өтуге болады.
Ауыз әдебиетінің басқа үлгілеріне қарағанда, мақал-мәтелдің өзіндік ерекшеліктері
мен өзгешеліктері бар. Мақал-мәтелдің көркемдігіне, мазмұнына қарап М.Әуезов:
«Мақал-мәтелдердің молдылығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде
берілген терең, тіпті философиялық мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар
тудырған қазақ халқының өзі де асқан ақындық дарының,оның сарқылмас даналығының
анық айғағы» - деп келтірген. /1/. «Ең алдымен, әдебиеттік жағынан алғанда, мақал үлкен
толғау, образ арқылы берілген логикалық ойдың қорытындысы болып келеді, - дейді
профессор М.Ғабдуллин - ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда
кездесетін әртүрлі құбылыстарға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде
қолданылады». /2/. М.Горькийдің «Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын,
әлеуметтік, барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді» - деуі де осыдан
деп жазады профессор М.Ғабдуллин /3/.
Мақал-мәтелдер халықтың тұрмысына, өміріне байланысты туғандықтан, олардың
тақырыбы да алуан түрлі. Мақал-мәтелдердің тақырыптарын былай топтастыруға болады:
еңбек пен кәсіп, өнер және білім, халық және қоғам, тұрмыс және салт, адам және тәрбие,
батырлық пен ерлік т.б. Халықтың тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өмірге көзқарасы,
қысқасы, халық өмірінің барлық жақтары – мақалдардың басты тақырыбы болып
отырады.
Солардың ішінде ең керекті де маңызды бір саласы адам баласының еңбек ету
жағдайларына байланысты. Халық еңбекті әр уақытта ардақтап, барлық
жақсылықтың көзі деп таныған. Бұл «Еңбек түбі – береке», «Еңбек етсең, емерсің»,
«Ер дәулеті – еңбек», «Бейнет, бейнет түбі – зейнет», «Еңбек ет те, егін ек –
жарымасаң , маған кел, белді бу да бейнет қыл, байымасаң, маған кел» деген
мақалдардан айқын байқалады. Халық еңбек пен бақытты егіз деп бірге қараған.
Адамды ер атандырып, құрмет, қуанышқа жеткізетін де еңбек деп білген. «Еңбегіне
қарай – құрмет, жасына қарай – ізет», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік мұратқа
жеткізер», «Еңбек еткен – мұратқа жеткен», «Әрекет болмай, берекет жоқ»,
«Еңбексіз рақат жоқ», «Бір еңбектің көп рақаты бар», «Біткен іс-піскен жеміс» деп,
халық еңбекті мейлінше дәріптеген. Сонымен қатар жалқаулықты, еріншектікті
мінеген. «Тауық құс емес, жалқау кісі емес», «Ақымақ күлкіге тоймас, жалқау
ұйқыға тоймас», «Жұмысы жоқтық – ырысы жоқтық», «Еріншектің егіні піспес»,
«Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді», «Жақсы болар жігіттің
жұмыссыз жүрген күні жоқ, жаман болар жігіттің еш жұмысқа қыры жоқ» деп,
халқымыз жалқаулықты сынай отырып, еңбек адамының абыройын биіктетіп отырған.
Бұл тақырыптағы мақал-мәтелдер ақыл-өсиет түрінде айтылып, еңбек ету оңай еместігін,
еңбекті жеңген адам мақсат-мұратына жететіндігін аңғартады.
Мақал-мәтелдердің өзекті тақырыбының бірі – Отан, туған жер, атамекенге
байланысты. Елін, Отанын емірене сүйген халқымыз Отанын шексіз сүюді
ұрпағына өсиет еткен. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы», «Туған
жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елің — алтын бесігің», «Өз елім –
өлең төсегім», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақал-мәтелдерде
халықтың туған жеріне, Атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін терең
түйіндеумен қатар, қадірлеуді дәріптейді.
Мақал – мәтелдің енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған.
Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар»,
«Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», «Ер бір рет өледі, ез
мың рет өледі», «Ер елімен жақсы», «Елі жоқ ер жетім, ері жоқ ел жетім» деп,
халық ел қорғаны батырды мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен ез, батыр мен
қорқақ қатар сипатталады. Сөйтіп, елге ерді үлгі-өнеге етсе, қоян жүрек қорқақты
жеріне жеткізе сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді.
Ынтымақ – бірлік туралы да мақал-мәтелдер көп. «Бірлік болмай, тірлік
болмас» деп, қазақ елді, халықты бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің белін ешкім
сындырмас» деген мақал елді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырып
тұрғандай. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», «Ынтымақ жүрген жерде ырыс
бірге жүреді», «Ынтымақтың арты – игі», «Ері ынтымақты елде жоқшылық
болмайды» деген дана халқымыз байлық та, ырыс-береке де, молшылық та, елдік те,
күш те бірлікте екендігін айтып жеткізіп, үлкен түйін жасаған.
Мақал-мәтелдердің бір шоғыры достыққа, жолдастыққа арналған. «Досы көпті
жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Ағаш тамырымен, адам досымен
мықты», «Жолдасы көптің олжасы көп», «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып
айтады», «Жолдасы жақсы жолды болар, жолдасы жаман қолды болар» деген
мақалдарда достық пен дұшпандық, жақсы жолдас пен жаман жолдас салыстырыла
отырып, адал дос, жақсы жолдастың үлгі етілгенін көреміз.
Аңшылық пен балықшылыққа қарағанда қазақ халқының негізгі күн көрісі,
баянды кәсібі, тіршілігі малға байланысты болғанын білеміз. Төрт түлік мал – қазақ
халқының байырғы дәулеті. Сондықтан төрт түлік малға қатысты мақал-мәтелдер де
– өз алдына бір сала. «Мал – баққандікі, жер – жыртқандікі», «Ат – ер қанаты»,
«Өлкенің көркі мал болар, өзеннің көркі тал болар», «Жылқы – малдың патшасы»,
«Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның – көл-көсір» деген мақал-мәтелдер – осы
ойдың айғағы.
Сонымен қатар егіншілік кәсібіне байланысты айтылатын мақал мәтелдер де аз
емес. «Дән тоңға тимей, аузың нанға тимес», «Жердің сәні – егін», «Ексең егін, ішерсің
тегін», «Берген – алар, еккен – орар» деген сияқты т.б. мақалдар бар.
Ендігі бір мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Халқымыз
олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүниедегі
қол жеткен табыстары – адам еңбегінің, ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халықтың
«Білімді өлмес, қағазда аты қалар, ұста өлмес, істеген заты қалар», «Өнер – ағып
жатқан бұлақ, білім – қайық», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-
мәтелдері білімге, өнерге, ғылымға үндейді.
Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдер де – қазақ мақал-мәтелдерінің ең
бір қомақты үлкен саласы. Бұл тақырыпты қамтитын «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың
белгісі», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі,
жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген сияқты мақалдар көптеп кездеседі.
Қоғамдағы қатынастарға, әлеуметтік мәселелерге, ата- ана, туған- туысқан,
денсаулық т.б. тақырыптарға арналған қазақ мақал-мәтелдері тілімізде кең орын
алған. «Ата – ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы
болғанда білерсің», «Бала – ата-ананың бауыр еті, көзінің нұры», «Ананың сүті –
бал, баланың тілі – бал», «Баласыз ана – гүлсіз алма», «Ана алдында – құрмет, ата
алдында – қызмет» деген мақалдар баланы ата-анаға деген құрметке, сүйіспеншілікке
баулуды көздеген. Ал, «Денің сау болса, жарлымын деме», «Тазалық – саулық
негізі, саулық – байлық негізі» деген мақалдарда да ғибрат мол екендігі сөзсіз.
Қазақ өміріндегі әлеуметтік-тарихи өзгерістерге байланысты мақал-мәтелдердің
де мазмұны байып, өзгеріп отырғанын көреміз. Әрбір тарихи кезең мақал-
мәтелдерде өзінің ізін қалдырып отырған. Мысалы, «Базары жақын байымас»,
сол сияқты «Ексең егін, ішерсің тегін», деген мақалдар қазақ даласында сауда,
базар сияқты қарым-қатынастардың енуіне байланысты шыққаны, елдің
экономикалық тіршілігіндегі өзгерістен туғаны айқын.
Мақал-мәтелдердің көрнекті тақырыптары туралы әрі қарай жалғастырсақ:
ұйымшылдық, ынтымақ, бірлік; ерлік, батырлық істер; денсаулық, тазалық, тәрбие;
адамның мінез-құлқы т.б. Мақалдар мен мәтелдерді, сара сөз бен нақылдарды
халқымыз ежелден жақсы көреді, сүттей ұйып, сүйсіне тыңдайды. «Сөздің көркі
мақал » деп қадірлейді. «Аталы сөзге арсыз жауап қайырады» деп, сөз қадірін
білмейтіндерді сынайды, «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сөз өнерін жете бағалайды.
Өнер, білім, оқу, ғылым туралы сөз етсек, бұларсыз өмір бос екенін, олардың адам
баласына тигізетін пайдасының ұшан-теңіз екенін растайды. Жақсылығы көп жарық дүние
– оқу, ғылым арқылы жасалады дей келіп, оны сауатсыздық пен надандыққа қарсы қояды,
салыстыру жасап, түйінді қорытынды шығарады. «Оқу білім бұлағы, білім – өмір
шырағы», «Оқыған – озады, оқымаған – тозады», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды
жығады», «Білімдіге – дүние жарық, білімсіздің – түбі ғарып», «Өнерлінің өрісі –
ұзақ»деген мақалдармен халық өнер – білімді, оқу мен ғылымды аса жоғары бағалайды.
Бағасын бере отырып, ақылын айтады: оқы, үйрен, білімді бол! – дейді.
Мақал-мәтелдің өміршеңдігі – тілінің көркемдігі мен мазмұн-мағынасының
тереңдігінде, аз сөзбен көп мағына беретіндігінде және есте сақтауға қолайлығында.
Сайып келгенде, адамның қалыптасуы мен өмірі, яғни балалық шақтан кәрілік жасқа
дейінгі ақылы, мінезі, өнер-білімді үйреніп, игеруінен бастап, еңбек, кәсіп, білім,
адамгершілік қасиеттері т.б. толық қамтиды. Жас буын студенттер, жастар мақал-мәтелді
қанша білсе, сол арқылы өздерінің ойын еркін, мазмұнды жеткізе білу арқылы сөздік
қорларын, сөз байлығын байыта алады. Осы тұрғыда орыс тілді аудиторияда мақал-
мәтелдерді оқытып, үйрету үрдісі үнемі қолданыста. Студенттерге арналған «Қазақ тілі»
/4/ оқу құралында мақал-мәтелдер, нақыл сөздер тақырыптық жүйемен топтап ұсынылып
отыр. Мысалы: «Сәлем –сөздің анасы», «Сәлем беру де парыз, сәлем – алу да парыз»,
«Жақсы сөз жарым ырыс», т.б. мақалдары тәрбиелілікке, адамгершілікке шақырады. Әр
тақырып бойынша берілген мақал-мәтелдерді оқып, жаттау арқылы студент ақыл-ойын
дамытып, өзінің түсінуін еркін, мазмұнды, ұтымды жеткізуге тырысады. Олар
сөздік
қорларын байыта отырып, өзіндік ой-пікірлерін қалыптастырады.
Мақал-мәтелдер тіл үйренуде, сауатты жазып, ойды әсем де мазмұнды етіп
жеткізуде, тіл сауаттылығына үйренуде ең тиімді де құнды құрал деп есептеймін.
Мақал-мәтелді білу, меңгеру тек қана студенттерге ғана емес, жалпы адам тұлғасын
қалыптастырып, ақыл-ойын жетілдіруге, мінез-құлқын түзеуге айрықша көңіл бөліп, сол
үшін еңбекке, өнер мен білімге үлкен мән беру. Бұны халық педагогикасы деуге болады.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. М.Әуезов. Шығармалар, 2-том, Мақалалар, зерттеулер. Алматы, 1969, 234-бет.
2. М. Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1974, 78-бет.
3. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы,1950, 8-бет.
4. М.М.Төлеуп., Советова З. Қазақ тілі. Оқу құралы. - Алматы: АЭжБУ, 2015. - 110 б.
Достарыңызбен бөлісу: |