Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филологические науки», №4(62) 2017 г.
198
Түркістан қ., Қазақстан
ДУЛАТ ИСАБЕКОВТЫҢ «ӘПКЕ» ПЬЕСАСЫНЫҢ
ТАҚЫРЫПТЫҚ-ИДЕЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ
Аңдатпа
Бұл мақалада жазушы-драматург Дулат Исабековтың «Әпке» пьесасының тақырыптық-идеялық ерекшелігі
талданады. Пьесаның жазылу себебі нақтыланады. Дулат Исабековтың драмалық шығармалары – қоғам, өмір,
заман ұсынған сан алуан мәселелердің сахна төріне ыңғайланып, драматургтың өзіндік стилімен жазылып,
қалыптасқан туындылары. Драматург қаламынан туған пьесалардың тақырыптық болмысы алуан түрлі. Ол өз
кейіпкерлерінің рухани болмысын, психологиясын еш боямасыз табиғи күйде беріп отырады. Адам
тағдырының түрлі қиылыс-бұрылыстарын, оның ішкі әлемінің толқыныстарын зерделей көрсете түседі.
Жазушы Дулат Исабеков шығармашылығының бәрінде де автор өмірінің ұшқындары жатыр. «Әпке» пьесасы –
драматургтың тұнып тұрған шынайы өмірі. Ата-ана мейірімінен бір сәтте жырақ қалған жас бауырларына бар
қамқорлығын салып, мейірім-махаббатын төге білген кейіпкер Қамажайдың шынайы өмірдегі түптұлғасы
драматургтың анасындай болып кеткен үлкен әпкесі Бибіғали еді.
Түйін сөздер:
драматургия, кейіпкер сөзі, әпке, отбасы, тәрбие, татулық, бауырмашылдық, бақыт
Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінде драматургия саласы жан-жақты дамып келеді. Арнайы
зерттеулердің нәтижесінде танымал драматургтеріміздің туындыларына талдаулар жасалынып,
құнды еңбектер жазылып келеді. Қазақ әдебиеті тарихында ХХ ғасыр басында қазақ жазушылары
М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің
құнды көркем шығармалары
драмалық нұсқамен театр сахналарында қойылып өз құндылығын көрсете алды. Бұл дәстүрді бертін
келе Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, С.Жүнісов, Д.Исабеков, О.Бөкей секілді көркем сөз қаламгерлері
лайықты жалғастырып, дамыта білді. Солардың ішінде драмалық шығармаларымен ойтолғаныстарын
жеткізіп жүрген Дулат Исабеков жайлы сөз қозғасақ артық емес.
Жазушы-драматург Дулат Исабековтың драмалық шығармалары – қоғам, өмір, заман ұсынған сан
алуан мәселелердің сахна төріне ыңғайланып, драматургтың өзіндік стилімен жазылып, қалыптасқан
туындылары. Драматург қаламынан туған пьесалардың тақырыптық болмысы алуан түрлі. Мұндағы
суреткердің ең көп мән беретін, назарын аударатын жайт – оның өз заманының көріністерін, өз
қоғамын, өз замандастарының ішкі жан иірімдерін көрсете білуге деген талғампаздық пейілі. Ол өз
кейіпкерлерінің рухани болмысын, психологиясын еш боямасыз табиғи күйде беріп отырады. Адам
тағдырының түрлі қиылыс-бұрылыстарын, оның ішкі әлемінің толқыныстарын зерделей көрсете
түседі. Дулат Исабеков пьесада өз кейіпкерлерінің бейнесін айқын көрсете түсуі үшін, ұлттық кало-
ритті қолданысқа енгізу арқылы ұлттық болмысты жазушы екендігін дәлелдей түседі.
Бұл жөнінде
сыншы Әшірбек Сығай: «Дулат драматургиясына тән жақсы қасиет – оның халықтық калоритке,
ұлттық мінез-құлық тегершіктеріне молынан назар аударатындығы. Диалогтарының оралым-
дылығымен, юморға жомарт тапқыр тілімен дараланып жатады» деп айрықша баға береді [ 1, 130].
Шығармашылық адамының барлық туындылары оның өмірімен тікелей байланысты. Тіпті ол
фантастика жанрында жазса да, кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен ой-санасы жағынан автордың жеке
өмірінен алшақ кетпейді. Көптеген жазушылар өз шығармаларында өмірбаяндық сарын бар екенін
айтып өткен. Ал шығармалары реалистік өмірді суреттеуге арналған жазушының барлық
туындыларында өмірбаяндық ұшқындар жататыны ақиқат. Ұлы жазушы Лев Толстойдан: «Анна
Каренинаның өмірде прототипі бар ма?» деп сұрағанда, ол ойланбастан: «Анна Каренина – мен» деп
жауап беріпті. Демек, барлық шығармада автордың жан дүниесі шашылып жатады.
Жазушы Дулат
Исабеков шығармашылығының бәрінде де автор өмірінің ұшқындары жатыр. Оның өмірбаянын
тыңдап, шығармаларына зер сала қарасақ, осы пайымдауымыздың рас екеніне көз жеткізе түсеміз.
Дулат Исабековтің аса зор ықыласпен жазған драмалық шығармаларының бірі – «Әпке» драмасы.
«Әпке» пьесасы – 1977 жылы жазылған сахналық қойылымға арналған шығарма. Автордың бұл
туындысы – тұнып тұрған өзінің шынайы өмірі. Ата-ана мейірімінен бір сәтте жырақ қалған жас
бауырларына бар қамқорлығын салып, мейірім-махаббатын төге білген кейіпкер Қамажайдың
шынайы өмірдегі түптұлғасы драматургтың анасындай болып кеткен үлкен әпкесі Бибіғали еді.
Шығармадағы Қамажай артынан ерген үш інісі мен сіңлісінің бар қамын ойлап, әсіресе кішкентай
Ермекке ана орнына ана бола білді. Бауырларының қамымен жеке өмірін де ұмыт қалдырды.
Драмада күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары жан-жақты бейнеленеді.
Сан алуан
тартыстар драма қаһарманын Қамажайды ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілік
қуатын сынап көреді, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресу үстінде пьеса кейіпкерлері
мінезінің неше түрі қырлары ашыла түседі.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы №4(62) 2017 ж.
199
Драмалық туындыларда кейіпкерлердің ішкі-сыртқы қарым-қатынасын, мінезін дәл басып,
айқындайтын элемент – кейіпкер сөзі. Х.Кәрiмов: «Драмалық шығармалардағы бiрден-бiр басым сөз
кестесi – кейiпкерлер сөзi де, ара-тұра (бiр
шығармада аздау, екiншiсiнде көбiрек) автор сөзi
(ремарка) де қолданылады. Кез-келген шығармадағы кез-келген кейiпкер тiлiне қойылатын басты
талап – кейiпкер сөзiнiң мазмұны мен түрi жағынан кейiпкердiң мiнезiне, психологиясына лайық
мәдени дәрежесiне сыйымды, өмiр тәжiрибесiне, өскен ортасына, кәсiбiне,
оқиға болып жатқан
жағдайға т.б. сайма-сай етiп берiледi, … кейiпкердiң сөзiнен оның мiнезiн тануға мүмкiндiк туады»
[3, 11-14], – дейдi. Пьесадағы Темірбек, лақап аты Тимур – үйдің ортаншысы. Тік мінезді, қызу
қанды, ашушаң, дөрекілеу, бірақ еш арамдығы жоқ, адал, қамқор жігіт. Кейбір сәттерде
қызуқандылыққа салынып, мәселенің байыбына бармай, тез шешім қабылдайды. Әдемі киінгенді,
қыдырыс пен той-томалақта көңіл көтергенді ұнатады. Жалындаған жас жүрегі
махаббаттан басы
айналып сүйіктісі Кәмиланы отбасынан, бауырларынан артық көріп кетеді.
Дулат Исабеков кейіпкерлерінің характері мен тағдырын тек таза тұрмыстық көзқараспен бағамдау
мүмкін емес. Оның қай кейіпкерін болсын, бір жақты түсіндіру қиынға соғады, өйткені оның қазақы,
аңқау да аңғал кейіпкерлерінің бойынан кәдімгі адамға тән барлық жақсылы-жаманды қасиеттерді
табуға болады. Жазушы қаламының ерекшелігі де осында: ол өз шығармаларында жалаң дидактика
ұсынбайды немесе кейіпкер іс-әрекетін талдамайды, бұның бәрін оқырман талқысына салады [4, 119].
Пьеса шиеленісті оқиғадан басталып одан әрі өрбиді. Алғашқы оқиға Темірбектің өзінің
құрбысын, нақтырақ айтқанда болашақ жарын үйіне қонақ ретінде әкелуден басталады. Кәмила
(Кама) – Темірбектің сүйген қызы, кейіннен әйелі болады.
Темекі тартады, тілінің уы бар қыз. Өте
өжет жан, жүрген жерінде ұрыс-керіске ұшырап жағымсыз кейіпкер ретінде көрінеді. Әдеттегідей
сүйіктісінің үйінде де өзін тым еркін ұстап, құрбысы екеуі өмір сүру туралы философиялық ойларын
білдіріп үлгереді.
Келген қонақтардың бұл қылықтары Нәзилаға әсте ұнай қоймады. Ерке, тікмінезді Нәзила келген
бикештердің тым еркінсуін, Тимурдың тым әйелжандылығын жақтырмай, сөз арасында қағытып-
тиісіп отырады. «Қазіргі заманда жұрттың бәріне ұнай беру шарт емес» деген Кәмиланың сөзін қағып
алып, әп сәтте-ақ өзіне қайтарады. Ақырында, Кәмила сүйіктісінің ерке қарындасының қылықтарын
көтере алмай үйден кетіп қалады.
Ақкөңіл Қамажай бәрінің қас-қабағына қарап әлек. Ата-анасының жоғын білдіртпей, бауыр-
ларының қуанышына бірге қуанып, қайғы-мұңында демеу болып жүрсе де,
ашу-ренішке жиі
соқтығыса береді. Кейде өзінің көңіліне ешкім қарамайтындығына ренжиді. Бірде Тимурдың
костюмін үтіктеп отырып, Кішкентай Ермек мектептен жылап келеді. Соны жұбатамын деп әлгі
костюм күйіп кетеді. Жиынға кеткелі жатқан Тимур мұны көріп «мамулясына» қатты ашуланады.
Достарыңызбен бөлісу: