ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филологические науки», №4(62) 2017 г.
268
Аңдатпа
Бұл мақалада Қазақстан Республикасының тіл саясатына социолингвистикалық ұстанымдар негізінде талдау
жасалады. Тіл саясаты белгілі бір мемлекетте өмір сүріп жатқан азаматтар еркін сөйлей алатын, рухани және
материалдық қажеттіліктерді өтейтін, әкімшілік, әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым салаларында
кеңінен қолданысқа ие, мемлекет тұтастығының іргетасын қалаушы негізігі коммуникативтік фактор ретінде
қызмет атқарады. Тіл саясатының негізгі қағидасы –
бір мемлекеттегі азаматтарды ұлтына, діни ұстанымы
мен наным-сеніміне, лауазымына, жасына, жынысына, әлеуметтік топтық жіктелісіне қарамай ел мұраты
мен ортақ мақсатқа топтастырып біртұтас идеологияға қызмет ететін нысанды ұстану.
Тіл саясаты – тілдік жоспарлау, тіл туралы заң, тілдік ахуал, тілдік статус, тілдік жағдаят, тілдік құқық,
тілдің өміршеңдігі, тілдік қақтығыстану, тілдік теңсіздік, көптілділік, қостілділік сияқты социолингвистикалық
іргелі ұғымдар жүйесімен құрылымдық-мазмұндық сабақтастықта сараланады.
Мақалада көпұлтты мемлекеттердің тілдік жағдайы біртілді немесе қостілді мемлекеттермен салыстырғанда
күрделі екені нақты мәліметтер негізінде ғылыми айналымға түседі.
Түйін сөздер:
тіл саясаты, саяси ұтымды шешім, тілдік мәртебе, тілдің өміршеңдігі (витальность языка),
үштілділік, тіл туралы заң
«Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі.
Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің
барша азаматтарын біріктіруі тиіс»
Елбасы, Н.Ә. Назарбаев
Тіл саясаты – мемлекет нығаюы мен бақуаттылығы артуына айрықша әсер ететін мемлекет
ұстанымдарының маңыздысы. Тіл саясаты – мемлекеттік саясат, ол егеменді еліміздің берік арқауы,
демографиялық, әрі саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ықпалды күш. Мемлекет біртұ-
тастығы мен ынтымағын ұйытқы ретінде қалыптастыруда, әсіресе көпұлтты мемлекеттер үшін тіл
саясаты шешуші мәселе.
«Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»
, – деп А.Байтұрсынұлы айтпақ-
шы, аласапыран заманда кез келген халық өз ана тілін сақтап қалуға барынша тырысады. Тіл ұлтпен
бірге өмір сүруші, рухани құндылықтарды қайсар тамырына ғасырлар бойы сіңіруші, ұлттық сана
мен болмысты тәрбиелеуші сарқылмас қазынасы немесе Гумбольдше айтсақ,
«Тіл – халықтың рухы».
Тұрақты даму барған сайын қазіргі әлемдегі қоғамдық процестердің ұтымды жүруінің негізгі
өлшеміне айналып келеді. Ал тұрақты дамудың шарттарының бірі – ұлтаралық қатынастардың
тұрақтылығы болып табылады. Көпұлтты мемлекетте этностардың жарасты өмір сүруіне, ұлтаралық
бейбітшілік пен келісімнің сақталуына тіл саясаты ықпал етуге тиіс [1, 176].
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған
төрт белгіміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – көк байрақ, төртіншісі –
қазақ тілі» деген сөзі кім кімді болмасын, ойға қалдырады. Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол
егеменді еліміздің берік арқауы.
Жаһандану заманында тіл үшін күрес өте белсенді түрде жүріп жатыр. Тілдік талас, ана тілді
сақтап қалу, алпауыт тілдердің ұсақ тілдерді жұтып қою үрдісі ХХІ ғасырдағы тілдік жағдаяттың
шынайы көрінісі. Сол үшін әрбір мемлекет неғұрлым жақсы, саяси ұтымды тіл саясатын ұстануды
көздейді. Ал тіл саясаты өздігінен жасалмайтыны белгілі. Дамыған елдерде әлеуметтік
лингвистиканың талдаулары мен зерттеулерінің нәтижесінде тіл туралы заң қабылданады. Қазақстан
Республикасында тiлдердi қолданудың құқықтық негiздерi, еліміздегі тіл саясатын құқықтық
тұрғыдан реттеп, оны тиімді жүргізуге қатысты қабылданған заң актілері, бағдарламалар және қаулы-
қарарлар топтастырылған. Тіл туралы заң – тіл саясатының ең негізгі іргетасы, сүйенетін тірегі.
Себебі түрлі тілдік қақтығыстар мен проблемалар, тіл туралы заң жүзінде шешіледі. Тіл туралы заң
мемлекетте өмір сүретін барлық этникалық топтардың наразылығын тудырмайтындай болуы тиіс.
Американдық әлеуметтік лингвистикасының көрнекті өкілі Дж.Фишманның пікірі бойынша, «қандай
да бір мемлекетте өмір сүріп жатқан этникалық топтар өздерін толыққанды ұлт ретінде емес,
мемлекет тарапынан бақылаулы сезіне бастаса, мемлекетте ынтымақтық қалыптық құлдырай
бастайды», – дейді [2, 39].
Қандай да бір тілдің көсегесін көтертіп, сол тілдің қоғам өмірінің барлық саласындағы қызметін
мүлтіксіз атқара алатындай дәрежеде болуын көздейтін мемлекеттің тіл саясаты өте ұтқыр болуы
қажет. Бұл – өте күрделі мәселе.
Мемлекеттің тілдік саясат тұрғысынан көздейтін басты мақсаты – сол мемлекетте өмір сүріп
жатқан әрбір азамат еркін сөйлей алатын, рухани және материалдық қажеттіліктерін өтей алатын,
білім-ғылым мен шығармашылығын дамыта алатын, мемлекет тұтастығының іргетасын қалаушы,
қоғамның барлық салаларында коммуникативтік қолданысқа ие бір тілді қалыптастыру. Мемлекеттік
|