Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы №4(62) 2017 ж.
243
да ескерілуге тиісті жайт.
Профессор А.Ысқақов «бағдарламада білім де таныстығы мен таныс еместігіне,
жеңілдігі мен
ауырлығына, оңайлығы мен қиындығына қарай баспалдақталып, өлшеніп берілуі қажет», – деп
түйіндейді. Одан әрі ғалым бағдарламаға қойылар негізгі талап тіліміздің өзіндік табиғатына, өз
заңына лайық және сол заңдардан туып қалыптасқан табиғи ерекшеліктерін дұрыс танып, дұрыс
түсіндіру болуы керектігін басты назарда ұстаған.
Осы мақаладағы тағы бір көңіл бөлерлік мәселе техникалық құралдар, әдіс-тәсілдерге қатысты.
Техникалық құралды пайдалану сабақты жандандырудың тілегінен туғаны, бірақ «бұрынғы
үйреншікті әдіс-тәсілдерді біржола жоя я қолданбау деген ұғым тумасқа тиіс,
керісінше, оны
балалардың белсендігін көтерерліктей, тез түсінуге жәрдемші боларлықтай дәрежеде қосымша
дәнекер етіп пайдалану қажет», – деген әдістемелік пікір айтады. Қайткенде де,мұғалімнің «берген
білімі берік және байсалды болуын», «білім беретін нәрсе техникалық құрал да емес, басқа құрал да
емес – мұғалімнің өзі, оқулық екені аян», – деп ескертеді. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін
қалаған әдіскер ғалым А.Байтұрсынұлы да кезінде «Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге
керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы
білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Баланың
ісіне, түсіне қарап, ішкі халынан хабар аларлық болу керек» [3, 334], – деп, бала өміріндегі мұғалім
рөлін жоғары бағалаған еді.
Олай болса, ғалымдар пікірлеріндегі сабақтастықтан үлкен жүректі
мұғалім мен сапалы оқулықтың мектеп өміріндегі орны айқындала түседі.
А.Ысқақов мұғалімдердің республикалық педагогикалық оқуларында жасаған «Ана тілін
оқытудың түйінде мәселелері » атты баяндамасын:
- ана тілі және баланы өмірге баулу мәселесі;
- ана тілі оқулықтары жайында;
- ана тілі және методикалық жұмыс;
- ана тілі және мұғалім, – деген төрт мәселеге арнаған. Ғалым: «...ұлт мектебінің негізі де, арқауы
да – ана тілі. Олай болса, ұлт мектептеріндегі жұмыстың нәрлі, нәтижелі болуы ана тілін оқытуды
ұйымдастырудың дәрежесіне, оның дұрыс жолға қойылуына байланысты», – дей келіп, ана тілінің,
сондай-ақ ана тілінде оқытылатын өзге де пәндердің сабақтарында балалардың тілдеріндегі әр қилы
кемшіліктер қырналып, түзетіліп, олар әдеби тілді еркін меңгерулеріне мүмкіндік
болатындығын
айтқан [4, 17]. Оқушыларды өмірге баулу жөніндегі міндеттерді тілдің негізгі қоғамдық қызметінен,
яғни «түпкіліктік коммуникативтік (байланыс, қатынас құралы болу) қызметі мен экспрессивтік
(әсер, ықпал етуге дәнекер болу) қызметінен тууға тиісті де, соған орай жүзеге асырылуға лайықты»
екендігін атап көрсеткен.
Одан әрі ғалым бағдарламалардағы «тіл дамыту» деп аталатын жұмыстың да өмір талабынан,
тұрмыс қалауынан туған нәрсе екендігін, қауымның жалпы мәдениеті көтерілген сайын өмірдің сала-
саласында қолданылатын тілдің мәдениетін де көтеріп, сөйлейтін я жазатын адамнан ойды әрі айқын,
әрі жатық, әрі әуезді етіп құруды қалайтындығын, бұл үшін әрине, оқушының тілін ауызша да,
жазбаша да дамытуға тоқтала келіп, «грамматиканы дұрыстап оқытудың өзі де балаларға ана тілінің
негізгі заңдарын білдірумен бірге, ережелерін оқу, түсіну, талдау үстінде олардың логикалық ойын
кеңейтуге, дамытуға жетекші болады», – деген тұжырым жасайды. Ал профессор А.Ысқақовпен
үзеңгілес, әріптес болған ғалым М.Балақаев: «Ғылым салалары мен тіл дамыту арасында тұрақты әрі
табиғи байланыс болуға тиіс. Бұл – өскелең жаңа өмір мұқтаждығы» [5, 77], – деген пікір айтады.
Ғалымдардың бұл пікірлері қазір де орта мектептегі оқу үдерісінде басты
назардағы мәселелердің
бірі, өйткені грамматикалық тақырыптарды оқыту мен тіл дамыту жұмыстары бір-бірімен тығыз
бірлікте жүргізілгенде ғана, оқушы білімінің сапалы болатындығы кейінгі зерттеулерде де жалғасын
тапты. Мысалы, әдіскер ғалым Б.Кәтембаева: «... мектеп балаға терең білім берумен қатар, олардың
ауызекі тілде ойын шебер айта білуін және жүйелі сөйлей білуін талап етеді» [6, 3], – дей келіп, тіл
дамытудың ойды жүйелеп айтуға, айтқанды жазбаша түрде жеткізе білуге дағдыландыру жолындағы
амал-тәсілдерді қарастыратын және осы мақсатта мұғалімдердің шеберлігін аса қажет ететін күрделі
процесс екендігін ескертеді. Ал Н.Құрманова «Грамматикалық тақырыпты оқыту барысында
оқушылардың тілін дамыту дегенміз – тіл білімінің теориялық заңдылықтарын оқыту мен тіл дамыту
жұмыстарын тығыз бірлікте жүргізу» [7, 23], – деп есептейді.
А.Ысқақов сондай-ақ «балаға берілетін (материал) аясы балаға түсінерліктей болумен қатар, оны
ойландырарлықтай, түсіну үшін іждаһат қоярлықтай болуы керек. Олай болмаса, оқу да, оқыту да,
білім беру де үдеп отырарлықтай болмайды» [4, 20], – деген пікір айтады. Бұдан ғалымның қазіргі