Бұлшықеттердің жиырылу түрлері
Бұлшық ет жиырылған сәтте ет қысқарып, осыған орай, оның тонусы (ширығуы) күшейсе, мұны ауксотониялық жиырылу деп, қысқарған тонусы өзгермесе, оны изотониялық жиырылу деп атайды. Ал ет қысқармастан тек қатаятын болса (тонусы жоғарыласа), оны изометриялық жиырылу дейді. Белгілі бір тітіркендіргіш жалғыз әсер етсе, оған ет бір рет жиырылып жазылады. Мұны жеке жиырылу деп атайды. Ал етті жиі-жиі тітіркендірсе, сандаған жиырылу бірігіп жинақталады да, ет біраз уақыт сіресіп қалады (тетанус). Осыған орай ет жиырылуы жеке және сіресіп жиырылуы (тетанус) болып бөлінеді.
Көлбақаның балтыр етінің жеке жиырылуы 0,11-0,12 секундқа созылады, ол жасырын (латенттік) жиырылу (0,01сек) анық жиырылу (қысқару - 0,05сек), босаңсу (0,05-0,06 сек) кезеңдерден тұрады. Тітіркендіргіш әсер етісімен ет бірден жиырылмайды, әсер тигеннен бастап қысқарғанша біраз уақыт өтеді. Ол жасырын кезең деп аталады. Жасырын кезең тітіркендіргіш әсерінен жиырылудың басталу арасындағы уақыт.
Қаңқа етінің әрекет потенциалы, сондай-ақ қозғыштық қабілетінің абсолюттік және салыстырмалы рефрактерлік кезеңдері өте қысқа болады. Сондықтан ет жиырылған кезде оны одан әрі жиі-жиі тітіркендірсе оларға жауап бере береді. Бірнеше жиырылу бірігіп жинақталады да жиырылу серпіні күшейеді. Мұндай жинақталу толық, шала болып екіге бөлінеді. Жиі тітіркендірген сәтте әрбір тітіркеніс, етке жиырылған кезде тисе, ет босаңсымастан одан әрі қарай жиырылып, оның жиырылу дәрежесі күшейе түседі. Бұл – толық жинақталу. Келесі тітіркендіргіш ет босаңси бастаған кезде тисе, ет солған жерінен бастап қайта жиырылып бұрынғыдан да күшті жиырылады. Мұны жиырылудың шала жинақталуы не өркеш тәрізді жинақталу дейді. Демек, жиі-жиі тітіркендірсе, ет ұзақ және күштірек жиырылады, яғни сіреседі. Мұны тетанус деп атайды.
Тітіркендіру жиілігіне қарай тегіс тетанус және тісті (кертіш) тетанус болып бөлінеді. Тетанустың түрі тітіркендіргіштің жиілігіне байланысты. Тітіркендіру жиілігі секундіне 20-дан асса, жайпақ тетанус, ал 15-20 аралығында болса, тісті тетанус пайда болады.
Организмде жүрек етінен басқа еттер жеке жиырылмайды. Мұның себебі орталық жүйке жүйесі шеттегі ағзаларға әрқашан да көптеген бірінен соң бірі тізбектелген серпіністер жібереді, жеке серпіністер болмайды. Бұл орталық жүйке жүйесінің ерекше бір қасиеті. Жүрек етінің жиырылып босауы, оның рефрактерлік кезеңінің ұзақтығына тап болса, көбі жауапсыз қалады. Сондықтан бір серпініске жауап берген жүрек еті жиырылып одан соң босап үлгереді.
Тез және баяу жиырылатын ет талшықтары болады. Тез жиырылатын талшық көбіне үлкен мотонейронның аксонымен бір түйіспе құрады. Мұнда жүйке серпінісінен әрекет потенциалы пайды болады да ол ет мембранасы бойымен тез таралып фазалық (кездік) қимылдар жасауға мүмкіндік береді. Ал баяу жиырылатын ет талшығы бірсыпыра мионевральдық түйіспелер құрады. Бұларда постсинапстық коздыру потенциалы әрекет потенциалын тудырмайды, сондықтан бұлшықеттің тек қатаю қабілеті күшейеді, бұл тонустық жиырылу болып саналады. Демек, еттердің фазалық және тонустық жиырылу түрлері болады.
Достарыңызбен бөлісу: |