5) отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгерту;
6) педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету;
7) білім беру ұйымдарының еріктілігін, дербестігін кеңейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру;
8) қоғам мен экономиканың қажеттеріне жауап беретін білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жұмыс істеуі;
9) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану;
10) жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша оқытудың және еңбек нарығының қажеттері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге өзінің білімге негізделген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін өмір бойы дамыту;
11) білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциясы;
12) білім алушылардың кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету;
13) жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің озық қарқынмен дамытылуын қамтамасыз ету болып табылады.
12-бап. Білім беру деңгейлері
Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі білім беретін оқу бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде мынадай білім беру деңгейлерін:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды;
2) бастауыш білім беруді;
3) негізгі орта білім беруді;
4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және кәсіптік білім беруді);
5) орта білімнен кейінгі білім беруді;
6) жоғары білім беруді;
7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды.
4-тарау. БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫ
13-бап. Білім беру мазмұнының ұғымы
Білім беру мазмұны – жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені).
Білім беру мазмұны білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде әзірленетін білім беретін оқу бағдарламаларымен айқындалады.
14-бап. Білім беретін оқу бағдарламалары
1. Білім беретін оқу бағдарламалары мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты:
1) жалпы білім беретін (үлгілік, жұмыстық);
2) кәсіптік (үлгілік, жұмыстық);
3) қосымша болып бөлінеді.
Үлгілік жалпы білім беретін және кәсіптік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді.
Жұмыстық жалпы білім беретін және кәсіптік оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді.
2. Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына қарай мынадай оқу бағдарламаларына:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
2) бастауыш білім беру;
3) негізгі орта білім беру;
4) жалпы орта білім беру болып бөлінеді.
Дарынды адамдардың әлеуетті мүмкіндіктерін неғұрлым толық дамыту үшін оқу бағдарламасының жекелеген пәндерін тереңдетіп оқытуды көздейтін мамандандырылған білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
Адамдардың жекелеген санаттары үшін психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялардың ұсынымдары ескеріле отырып айқындалатын, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму және әлеуеттік мүмкіндіктерінің ерекшеліктері ескерілетін арнайы білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
3. Кәсіптік оқу бағдарламалары экономика салаларындағы кәсіптік қызметтердің бағыттары бойынша техникалық, қызмет көрсету және басқару еңбегі мамандарын даярлауға, жеке адамның кәсіптік және жалпы білім деңгейін жүйелі арттыруға бағытталған;
Кәсіптік оқу бағдарламалары мазмұнына қарай:
1) техникалық және кәсіптік білім беретін;
2) орта білімнен кейінгі білім беретін;
3) жоғары білім беретін;
4) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларына бөлінеді.
4. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың өзін-өзі билеуін, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді.
5. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізу, білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін эксперимент режимінде (эксперименттік алаңдарда) жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында іске асырылатын эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
6. Интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлейді. Интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламалары пәнаралық және деңгейаралық, жоғары оқу орындары аралық және халықаралық болуы мүмкін.
7. Әскери мамандықтар бойынша кәсіптік оқу бағдарламаларын білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекітеді.
8. Медициналық және фармацевтік мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
9. Білім беру ұйымы лицензиясы болған жағдайда әртүрлі деңгейдегі оқыту бағдарламаларын іске асыруға құқылы.
15-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары іс-әрекет түрлерінің мектеп жасына дейінгі балалар үшін ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде әзірленеді.
2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары:
1) балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтыру тұтастығы принциптерін ескере отырып, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді;
2) әр баланың талабын, бейімділігін, қабілеттілігін, дарындылығын іске асыруға және оның даму ерекшеліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара әдіс негізінде оны бастауыш білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлауға бағдарланады;
3. Мектепке дейінгі оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары оқудың, жазудың, есептеудің және тілдік қатынас тәжірибесінің қарапайым дағдыларын қалыптастырады және бастауыш білім беруді меңгеру үшін бірдей бастапқы жағдайларды жасауды көздейді.
16-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі – төрт жыл.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру білім алушылар біліміне аралық бақылаумен және білім алушылардың оқу жетістіктерін іріктемелі мониторингтік бағалаумен аяқталады.
2. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламасы білім алушылардың бейін алды даярлығын қамтиды.
Әрбір пәннің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.
Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі - алты жыл.
3. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың бағдарланатын кәсіпке дейінгі даярлығын жүзеге асыру үшін әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми, технологиялық және басқа да бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып саралау, интеграциялау және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі - екі жыл.
17-бап. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары
1. Техникалық және кәсіптік білім беру орта білім беру деңгейінің құрамдас бөлігі болып табылады және қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегінің білікті мамандарын даярлауға бағытталған.
2. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бағдарлама мазмұнына және білім алушылардың даярлық біліктілігінің деңгейіне қатысты:
1) техникалық және қызмет көрсету еңбегінің жаппай кәсіптері бойынша кадрлар даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беретін оқу бағдарламалары болып бөлінеді.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы кәсіптік және арнайы пәндерді табысты игеру, кәсіптік дағдыларды иелену жөнінде өндірістік оқудан өту үшін бейіндеуші болып табылатын жалпы білім беретін пәндер бойынша интеграцияланған курстарды зерделеуді;
білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізілген деңгейін (разряд, сынып, санат) беруді көздейді.
2) жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысты экономиканың барлық салаларында техникалық және қызмет көрсету еңбегінің жұмыстарын орындаудың неғұрлым күрделі (аралас) кәсіптерін, мамандықтары мен практикалық дағдыларын игеруді көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын беруді көздейді.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді зерделеуді, кәсіптік дағдыларды иемдену және бекіту жөнінде өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейін беруді көздейді.
3) техникалық еңбектің жоғары білікті мамандарын даярлауды, оларды қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білім беруді көздейді.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
техникалық және кәсіптік білім берудің интеграцияланған білім беру бағдарламаларын жоғары оқу орындарының 1-2-курстарының білім беру бағдарламаларымен қоса зерделеуді көздейді.
Екі жылдық оқыту аяқтағаннан және аралық аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізген деңгейі (разряды, сыныбы, санаты) беріледі.
Үш жылдық оқытуды аяқтағаннан және аралық аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейі беріледі.
Оқытудың толық курсын аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға орта буын маманы біліктілігі беріледі.
3. Техникалық және кәсіптік білім берудің мәдениет және өнер мамандықтары бойынша кәсіптік оқу бағдарламалары көрсетілген мамандықтар бойынша білім алушылардың ерте мамандануын және даярлау ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді. Оқыту ұзақтығы оқу бағдарламаларының күрделілігі мен берілетін біліктілік деңгейіне қатысты және тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен айқындалады.
4. Жалпы орта білімі бар азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары жалпы кәсіптік, экономикалық, арнайы пәндерді зерделеуді және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсіптік қызметін айқындайтын оқу-өндірістік жұмыстарды орындауды көздейді.
5. Техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары теориялық және өндірістік оқыту бағдарламаларынан тұрады.
18-бап. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және білім алушылардың ғылым, мәдениет өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруіне, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскер қатарына шақыруға дейінгі терең даярлықты мамандандырылған мектептерінде іске асырылады.
19-бап. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға және дамытуға бағытталған, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялар ұсыныстарын ескере отырып айқындалатын психикалық-физикалық ерекшеліктерін және танымдық мүмкіндіктерін ескереді.
2. Ұзақ уақыт емделуді қажет ететін адамдар үшін, сондай-ақ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін жалпы білім беретін арнайы түзеу оқу бағдарламалары әзірленеді және енгізіледі.
3. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген арнайы білім беру ұйымдарында немесе үйде іске асырылады.
20-бап. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары
1. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары орта білімі бар (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) азаматтар қатарынан гуманитарлық мамандықтар бойынша қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші мамандарын даярлауға бағытталған.
Жалпы орта білімі бар азаматтардың орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын (медицина мамандықтарынан басқа) игеру мерзімі кемінде екі жыл, ал техникалық және кәсіптік білімі бар адамдар үшін - кемінде бір жыл.
2. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны:
1) кәсіптік пәндермен қатар жоғары білім берудің 1-2 курстарының кәсіптік оқу бағдарламаларымен интеграцияланған, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми жаратылыстану пәндерін оқуды;
2) оқыту аяқталғаннан кейін қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігін беруді көздейді.
21-бап. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары
1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілікті және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесін бере отырып мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.
Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша оқуды аяқтап, “бакалавр” академиялық дәрежесі берілген адамдар біліктілік талаптары жоғары білімі болуды көздейтін лауазымдарды атқара алады.
2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін, базалық пәндердің циклін, бейіндеуші пәндердің циклін зерделеуді, сондай-ақ тиісті мамандықтар бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.
Пәндердің әрбір циклі міндетті құрамдас бөлікті пәндерден және таңдау бойынша құрамдас бөлікті пәндерден тұрады. Білім алушылардың таңдауы бойынша құрамдас бөліктен тұратын пәндер әрбір циклде міндетті құрамдас бөлікті пәндерді мазмұндық толықтыруы тиіс.
Университеттер конкурстық негізде оқытудың жаңа сапалық жетілдірілген технологиялары, әдістері мен нысандары бар инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге құқылы.
3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру мерзімі мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартымен айқындалады және кемінде 4 жыл болуға тиіс.
4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар азаматтар үшін жоғары оқу орындары оқыту мерзімін қысқартуды көздейтін кәсіптік оқу бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
5. Әскери жоғары оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлеген және олардың мемлекеттік басқару органдары бекіткен әскери мамандықтар бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.
6. Интернатураның кәсіптік оқу бағдарламасын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекітетін клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.
Интернатура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
22-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары
1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары жоғары білікті ғылыми және педагог кадрлар даярлауға, олардың ғылыми және педагогтік даярлық деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.
2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны: базалық және бейіндік пәндерді қамтитын теориялық оқытуды; пракиканы; диссертация жаза отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
3. Резидентураның кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекіткен клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.
23-бап. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары
1. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың және тәрбиеленушілердің білім алу және мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға бағытталған.
2. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына және бағытына қатысты:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру;
2) мамандарды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру оқу бағдарламалары болып бөлінеді.
3. Мемлекеттік білім беру ұйымдары іске асыратын қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын оларға катысты мемлекеттік басқару органының функцияларын атқаратын органдар бекітеді.
24-бап. Ересектерге білім беру
Ересектерге (он сегіз жасқа толған адамдарға) білім беру қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білімдер мен дағдылардың қосымша көлемін алу үшін олардың өмір бойы білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
Ересектерге білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар іске асырады.
25-бап. Эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары
Эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізуге, білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге бағытталған.
5-тарау. БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
26-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білім беру ұйымдарына қабылдауға қойылатын жалпы талаптар
1. Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі тиісті үлгідегі оқу орындарына қабылдаудың үлгілік ережесімен белгіленеді.
2. Білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарында тұратын барлық балаларды қабылдауды қамтамасыз ететін мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі үлгілік қабылдау ережелерінің негізінде жергілікті атқарушы органдары бекіткен қабылдау ережесімен белгіленеді.
3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау конкурстық негізде азаматтардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Конкурстың шарттары білім алу құқықтарын сақтауға кепілдік беруге және неғұрлым қабілетті және тиісті деңгейдегі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеруге даярлығы бар азаматтарды қабылдауды қамтамасыз етуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес оқытудың күндізгі нысаны бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында жоғары білім алу үшін Қазақстан Республикасы азаматының конкурстық негізде “Болашақ” халықаралық степендиясын алу құқығы бар.
5. Білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білім беруден кейінгі және жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың құрамына алуға конкурс өткізу кезінде:
1) “Алтын белгі” белгімен марапатталған адамдардың;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек-балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.
6. Техникалық және кәсіптік білім алу үшін жоғары техникалық мектептерге оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған шарттармен жүзеге асырылады.
7. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алу үшін жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу ұйымдарына оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен конкурстық негізде азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
8. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде:
1) І, ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек-балалар арасынан шыққан азаматтар үшін;
2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін;
3) ауылдың (селоның) әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін;
4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін;
5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау үшін квота көзделеді.
9. Арнаулы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтарға оқуға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Мамандықтар тізбесі және арнаулы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі үлгілік қабылдау ережелерімен белгіленеді.
10. Рухани (діни) білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау орта білімі бар адамдар арасынан құрылтайшы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
11. Мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеу талап етілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыстарымен оқуға қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
12. Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібін осы Заңмен және қабылдаудың тиісті үлгілік ережелерімен реттелмеген бөлігінде білім беру ұйымдарының құрылтайшысы немесе құрылтайшылары (мемлекеттік басқару органы) белгілейді.
13. Оқуға түскен адамдармен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үлгі нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін шарт жасасады.
27-бап. Білім алу нысандары
Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, кешкі, сырттай оқу және экстернат нысанында жүзеге асырылады.
28-бап. Оқу және тәрбие процесін ұйымдастыру
1. Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие процесі жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдары жүзеге асыратын оқу және тәрбие жұмысын жоспарлау мен есепке алу оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі болып табылады.
Оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жоспарлары мен бағдарламаларының толық көлемде уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің графигі мен теориялық және практикалық сабақтардың кестесін бекіту арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарының есебі теориялық және өндірістік оқытудың есепке алу журналдарын және оқу бағдарламаларының оқу сағаттарында орындалуын есепке алу табельдерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
3. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және білім алушылардың, тәрбиеленушілердің патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және имандылық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және де халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихаттауға тыйым салынады.
4. Оқу және тәрбие процесі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагог қызметкерлердің адамгершілік қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтарды күндізгі бөлімдерінде оқыту уақыты мерзімді әскери қызметті өткеруге теңестірілетін білім беру ұйымдарындағы білім беру қызметін ұйымдастыру тәртібін олардың мемлекеттік басқару органдары айқындайды.
6. Әскерге шақырылуға дейінгі және шақырылу жасындағы білім алушылардың негізгі орта білім беру базасындағы алғашқы әскери даярлығы - жалпы орта білім берудің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (арнаулы білім беру ұйымдарынан басқа), ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери кафедраларда жүзеге асырылады.
7. Білім беру ұйымдары білім алушылардың білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүргізудің нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.
8. Негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру білім алушыларды міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
9. Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды және оқуын бітіретін жылы орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін ұйымдарға оқуға түсуге ниет білдірушілерді қорытынды аттестаттау ұлттық бірыңғай тестілеу нысанында жүзеге асырылады.
10. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау:
1) білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды;
2) кәсіптік даярлығының деңгейін бағалауды және біліктілікті беруді қамтиды.
Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген білім алушыларды қорытынды аттестаттау ерекшеліктерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
11. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне оқу және тәрбие процесінің барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ білім алушылардың үлгерімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
29-бап. Ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру
1. Ғылым мен білімді интеграциялау, оқу және тәрбие процесін қамтамасыз ету және жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:
жалпы орта білім беру ұйымдарында аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында облыстық (қалалық) білім департаменттерінің әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.
3. Білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда, оның ішінде ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарында ғылыми және оқу-әдістемелік қызметті үйлестіру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
30-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
1. Бір жастан бес жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу отбасында және (немесе) мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Жергілікті атқарушы органдар отбасына және мектепке дейінгі ұйымдарға қажетті әдістемелік және консультациялық көмек ұйымдастырады.
3. Мектепке дейінгі оқыту балаларды мектепте оқуға бес жастан бастап мектепалды даярлық түрінде жүзеге асырылады.
Мектепалды даярлық міндетті және отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық тегін болып табылады.
31-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру
1. 1-сыныпқа оқуға балалар алты жастан қабылданады.
2. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын орта білім беретін ұйымдардың негізгі түрлері мектеп, гимназия, лицей, бейіндік мектеп болып табылады.
3. Он алты жасқа дейінгі балаларды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымы мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншы және қамқоршы ұйымдардың келісімімен қабылданады.
32-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
1. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардағы оқу процесі оқу-өндірістік шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндірістік оқытуды қамтиды.
2. Кәсіптік оқыту тікелей өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарында, оқу орталықтарында, курстарда, білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген лицензиясы бар болған кезде және жұмысшылар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың оқу-өндірістік құрылымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.
33-бап. Орта білімнен кейінгі білім беру
Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрі колледж болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.
Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін гуманитарлық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
34-бап. Жоғары техникалық мектептер
Жоғары техникалық мектептер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.
35-бап. Жоғары білім беру
1. Жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрлері университет, академия, институт және оларға теңестірілгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында іске асырылады.
Инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттер инновациялық университеттер болып табылады.
Жоғары оқу орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын білім беру қызметінің кіші түрлерін қоспағанда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.
3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесі беріледі.
4. Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және (немесе) оған кіруге құқылы.
36-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру
1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жоғары білімі бар азаматтар алады.
2. Ғылыми және педагог кадрларды даярлау жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың магистратурасы мен докторантурасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша шет елдердің жоғары оқу орындарына “Болашақ” халықаралық стипендиясының стипендиаттарын оқуға жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Әскери мамандықтар бойынша магистратураның кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыру әскери жоғары оқу орындарының адьюнктурасында жүзеге асырылады.
3. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде:
1) екі жылдық оқу мерзімімен ғылыми және педагогтік;
2) кемінде бір жыл оқыту мерзімімен бейіндік болып екі бағытта жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан табысты өткен және магистрлік диссертациясын көпшілік алдында қорғаған білім алушыға тиісті мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесі беріледі.
4. Докторантурада магистратураның кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде кемінде үш жыл оқу мерзімімен философия докторлары (PhD) мен бейіні бойынша докторлар даярлау жүзеге асырылады.
5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтік білім беру резидентураны, магистратура мен докторантураны қамтиды.
Резидентурада мамандануына қарай оқыту ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша тереңдетіле даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
37-бап. Қосымша білім беру
1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру, түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын қосымша білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім алушыларға білім беру қызметтерін көрсетуді бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары шарттық негізде береді.
2. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, өндірісте және мемлекеттік ғылым ұйымдары мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерінің “Болашақ” халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өтуі кезінде жүзеге асырылады.
3. Білім беру ұйымдарының педагог және ғылыми қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бес жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.
38-бап. Білім алушылардың кәсіптік практикасы
1. Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын кәсіптік оқу бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады.
Кәсіптік практика тиісті ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжірибені меңгеруге бағытталған.
2. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.
3. Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымдары шарттық негізде практиканың базасы ретінде ұйымдары айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді.
Шарттарда білім беру ұйымының, практиканың базасы болып табылатын ұйымдардың және білім алушылардың міндеттері мен жауаптылықтары айқындалады.
4. Кәсіптік практикаға кететін шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады.
5. Практиканың базалары болып табылатын ұйымдармен шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттардың үлгілік нысаны негізінде жасасылады.
39-бап. Білім беру туралы құжаттар
1. Лицензиясы бар, мемлекеттік аттестаттаудан өткен және негізгі орта, жалпы орта, техникалык және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттар береді.
Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың болуы келесі деңгейдегі білім беру ұйымдарында білім алуды жалғастыру үшін қажетті талап болып табылады.
3. Білім алуды аяқтамаған не қорытынды аттестаттаудан өтпеген азаматтарға белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.
4. Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде танылады.
Халықаралық шарттар (келісімдер) болмаған кезде азаматтардың шетелдік білім беру ұйымдарында алған білімі туралы құжаттарын нострификациялау және оларға тиісті куәліктерді беру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
6-тарау. БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ
40-бап. Білім беру ұйымдары
1. Бір немесе бірнеше білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді асырау мен тәрбиелеуді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады.
Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
Білім беру ұйымдарының қызметі тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерімен және солардың негізінде әзірленген жарғылармен реттеледі.
2. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметін жүргізу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және соттың лицензиядан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензия жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
3. Білім беру ұйымының мәртебесін (үлгісін, түрін) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, білім беру қызметін лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптары, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері ескеріле отырып, оның жарғыларында көрсетіледі.
4. Білім беру ұйымдары үлгілері мен түрлерінің номенклатурасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Медициналық білім беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы бар болған кезде ғана жұмыс істеуі мүмкін.
Клиникалық базалар туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
41-бап. Білім беру ұйымының жарғысы
1. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген талаптардан басқа, мыналарды:
1) іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларының тізбесін;
2) білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін;
3) білім беру процесін ұйымдастыру тәртібін (оның ішінде оқыту және тәрбиелеу тілін (тілдерін), білім алушылардың, тәрбиеленушілердің сабақ режимін);
4) білімдерді ағымдағы бақылау, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау жүйесін, оларды өткізудің нысандарын және тәртібін;
5) ақылы қызмет көрсетудің тізбесін және тәртібін;
6) білім беру ұйымының білім алушылармен, тәрбиеленушілермен және (немесе) олардың ата-аналарымен және өзге де заңды өкілдерімен қатынастарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.
2. Білім беру ұйымының жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.
3. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.
42-бап. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату
1. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған немесе таратылған жағдайда оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыруға шаралар қолданады.
43-бап. Білім беру ұйымдарының құзыреті
1. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметі туралы үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу және тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
2. Білім беру ұйымдары өз қызметін жария түрде жүзеге асырады, жұртшылықты оқу, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметі туралы хабардар етеді.
3. Білім беру ұйымдарының құзыретіне мынадай функциялар:
1) ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту;
2) әскери мамандықтар бойынша жұмыстық оқу бағдардармалары мен жұмыстық оқу жоспарларынан басқа, жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларын әзірлеу және бекіту;
3) егер осы Заңда және қабылдаудың Үлгілік ережесінде өзгеше көзделмесе, білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензияға сәйкес білім алушылардың, тәрбиеленушілердің контингентін қалыптастыру;
4) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде оқытудың кредиттік технологиясын және қашықтықтан білім беру технологияларын енгізу;
5) ұлттық бірыңғай тестілеу мен техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кәсіптері (мамандықтары) бойынша біліктілікті беруді қоспағанда, білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылауды, аралық және қорытынды аттестатталуын жүргізу;
6) өз қаржы қаражаттары шектерінде мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымдық айлықақылар (ставкалар), қосымша ақылар, үстеме ақылар және өзге де ынталандыратын төлемдер белгілеу;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету;
8) білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жарақтандыру мен жабдықтау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) ұсыну;
10) жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерін тарту;
11) білім алушыларды тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету;
12) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша жеңілдіктер мен материалдық қамсыздандыру түрлерінің уақтылы берілуін қамтамасыз ету;
13) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді асырау және олардың тіршілік ету жағдайларының белгіленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;
14) қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жәрдемдесу;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілікті табыс ету;
16) жоғары оқу орындарының ғылыми және педагог қызметкерлеріне тиісті оқу орнының доценті және профессоры академиялық атақтарын беру;
17) “магистр” академиялық дәрежесін беру жатады.
44-бап. Білім беру ұйымдарын басқару
1. Білім беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, тиісті үлгідегі білім беру ұйымы қызметінің үлгілік ережелері мен білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жеке-дара басқару және алқалылық принциптерімен жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асырады.
3. Лауазымға тағайындау және лауазымнан босату тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қоспағанда, білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
Бірінші басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік орта білім беру ұйымының басшысы лауазымға конкурстық негізде тағайындалады.
4. Білім беру ұйымы басшысы лауазымының атауы, білім беру ұйымының алқалы органдарының құзыреті, құрылу және қызметінің тәртібі, олардың арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерімен айқындалады және олардың жарғыларымен бекітіледі.
5. Мемлекеттік білім беру ұйымының басшысы үш жылда бір рет Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларының аттестаттаудан өту тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымының (медициналық және фармацевтік білім беру ұйымдарынан басқа) басшысы мемлекеттік басқару органымен келісім бойынша өзінің орынбасарларын және бас бухгалтерді лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларына өздерінің лауазымдарын білім беру ұйымдары ішіндегі немесе одан тыс жерлердегі басқа да басшылық (ғылыми және ғылыми-әдістемелік басшылықтан басқа) лауазымдармен қоса атқаруға тыйым салынады.
8. Мемлекеттік білім беру ұйымдары басшыларының лауазымдық міндеттерін қоса атқаруға болмайды.
9. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.
Білім беру ұйымын алқалы басқарудың нысандары, оларды сайлау тәртібімен қоса, жұмысты ұйымдастырудың үлгілік ережелерін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін білім беру ұйымының кеңесі (ғылыми кеңес), қамқоршылық кеңес, педагогтік, әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңестер және басқа да нысандар бола алады.
45-бап. Еңбек қатынастары және білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі
1. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
Жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогтік қызметкерлердің (профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми қызметкерлердің) лауазымдарға орналасуы конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Азаматтарды күндізгі бөлімдерінде оқыту уақыты әскери қызметті өткеруге теңестірілетін білім беру ұйымдарының басшылары мен профессорлық-оқытушылық құрамын лауазымға тағайындау тәртібін және олардың еңбек жағдайларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың мемлекеттік басқару органдары айқындайды.
3. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:
1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу және тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауаптылықта болады.
46-бап. Білім беру жүйесіндегі бірлестіктер
Білім беру жүйесіндегі білім беру қызметі субъектілерінің мүдделерін олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және әрекет ететін бірлестіктері білдіре алады.
47-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдау талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарын және білім алу нысандарын таңдауға құқығы бар.
2. Білім алатын адамдар білім алушылар немесе тәрбиеленушілер болып табылады.
Білім алушыларға оқушылар, студенттер, магистранттар, адъюнкттар, курсанттар, тыңдаушылар және докторанттар жатады.
Тәрбиеленушілерге мектепке дейінгі, интернаттық ұйымдарда білім алушы және тәрбиеленуші адамдар жатады.
3. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің:
1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға;
2) білім беру ұйымы кеңесінің шешімі бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары шеңберінде жеке оқу жоспарлары, қысқартылған білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқуға;
3) оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстарды таңдауға;
4) өзінің бейімділігі мен қажеттеріне қарай қосымша білім беру қызметтерін, білімдерді ақылы негізде алуға;
5) білім беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;
6) қайта қабылдануға және бір оқу орнынан басқасына, бір мамандықтан басқасына немесе оқудың бір нысанынан басқасына ауысуға;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен білім беру ұйымдарында ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуге;
8) спорт, оқу, акт залдарын, кітапхананы тегін пайдалануға;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдай туралы ақпарат алуға;
10) өзінің пікірі мен сенімін еркін білдіруге;
11) өзінің адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне;
12) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегі табыстары үшін көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар.
4. Меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің:
1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруге;
2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметке шақырылу мерзімін кейінге қалдыруға құқығы бар.
5. Медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда білім алушыға академиялық демалыс берілуі мүмкін.
6. Азаматтар бітірген білім беру ұйымдарының меншік нысандарына қарамастан, келесі деңгейдегі білім беру ұйымына түсу кезінде бірдей құқықтарға ие болады.
7. Білім бepу ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік стипендиялар төленеді.
Мемлекеттік атаулы стипендия жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының неғұрлым дарынды магистранттарына және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушыларына жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғылыми кеңестерінің шешімдері негізінде төленеді.
Жеке және заңды тұлғалар тағайындайтын атаулы стипендиялар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың күндізгі нысаны бойынша білім алушыларға тағайындалады.
Атаулы стипендиялардың мөлшерін және оларды төлеу тәртібін оларды тағайындаған органдар мен тұлғалар айқындайды.
8. Жұмыстарының жоғары көрсеткіштері үшін мемлекеттік конкурс негізінде грант алған мемлекеттік білім беру мекемелері соның есебінен табысы аз отбасыларынан шыққан білім алушыларға стипендия төлейді. Стипендияны төлеу тәртібін және оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
9. Мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған білім алушыларды білім беру ұйымдары өздері белгілеген тәртіппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етеді.
10. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді.
11. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында білім алушы және (немесе) тәрбиеленуші жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекет қамқорлығында ұсталады.
12. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да жеңілдіктер беріледі.
13. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылардың қысқы және жазғы каникул кезінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар.
14. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білімді, шеберлікті, практикалық дағдылар мен біліктілікті меңгеруге, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті.
15. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер өздерінің денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және тән саулығын өздігінен жетілдіруге ұмтылуға міндетті.
16. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер педагог қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін, өздері білім алатын оқу орнының дәстүрлерін құрметтеуге міндетті.
17. Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар білім беру грантын беру ережелерінде және білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт талаптарында көзделген тәртіппен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеуге міндетті.
Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру тәртібі білім беру грантын беру ережелерімен айқындалады.
18. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің міндеттерін бұзғаны үшін оларға білім беру ұйымының ішкі тәртібінің ережелерімен және жарғысымен көзделген тәртіптік ықпал ету шаралары не білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.
48-бап. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау
1. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің науқастануын болдырмау, денсаулығын нығайту, тән саулығын жетілдіру, салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі.
2. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
3. Денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайына үнемі бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Білім беру ұйымдары медициналық пункттер үшін үй-жайлар ұсынады.
Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары білім алушыларға және тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелер құруға құқылы.
4. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық тексеруден өтіп тұруға міндетті.
5. Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді тынығуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс жасалуы көзделуге тиіс.
Білім беру ұйымдарында білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру үшін жағдай жасалады. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледі.
6. Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі.
49-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері
1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерінің:
1) баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымын таңдауға;
2) ата-аналар комитеттері арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
3) білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгеріміне, мінез-құлқына және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға;
4) өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан консуль-тациялық көмек алуға;
5) балаларының шарттық негізде қосымша қызмет көрсетулер алуына құқығы бар.
2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер:
1) балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге;
2) бес жастағы балалардың мектепалды даярлығын қамтамасыз етуге, ал алты жастан бастап жалпы білім беретін мектепке беруге;
3) балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуге;
4) балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті.
7-тарау.
ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ
50-бап. Педагог қызметкердің мәртебесі
1. Білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар педагог қызметкерлерге жатады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері азаматтық қызметшілер болып табылады.
2. Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды.
51-бап. Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі
1. Тиісті бейіні бойынша арнайы педагогтік немесе кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қызметпен айналысуға жіберіледі.
2. Педагог қызметкердің:
1) кәсіби қызметіне арналған жағдаймен қамтамасыз етіле отырып, педагогтік қызметпен айналысуға;
2) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен айналысуға, педагогтік практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;
3) жеке педагогтік қызметке;
4) тиісті білім беру деңгейіндегі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары сақталған кезде педагогтік қызметті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын еркін таңдауға;
5) білім беру ұйымдарын басқарудың алқалы органдарының жұмысына қатысуға;
6) ұзақтығы төрт айдан аспайтын, бес жылда кем дегенде бір рет біліктілігін арттыруға;
7) санатын арттыру мақсатында мерзімінен бұрын аттестатталуға;
8) педагогтік қызметтегі табыстары үшін мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйлықтар мен атаулы стипендиялар түріндегі моральдық және материалдық көтермеленуге;
9) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына;
10) әскери қызметке шақырылу мерзімінің кейінге қалдырылуына;
11) ғылыми қызметпен айналысу үшін педагогтік стажы сақтала отырып, шығармашылық демалыс алуға;
12) білім беру ұйымы әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға құқығы бар.
3. Педагог қызметкер:
1) өзінің кәсіптік құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді және оқыту дағдыларын меңгеруге;
2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге;
3) білім алушыларды жоғары имандылық, ата-аналарына, этномәдени құндылықтарға құрмет көрсету рухында, қоршаған дүниеге ұқыпты қарауға тәрбиелеуге;
4) білім алушылардың өмірлік дағдыларын, біліктіліктерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға;
5) өзінің кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін ұдайы жетілдіріп отыруға;
6) бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге;
7) педагогтік әдеп нормаларын сақтауға;
8) оқушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналарының абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Міндеттері мен педагогтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін педагог қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарында және еңбек шартында көзделген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.
5. Білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге педагогтік қызметіне сот үкімімен немесе медициналық қорытындымен тыйым салынған адамдар, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар жіберілмейді.
52-бап. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе оған уәкілетті адам айқындайды.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жалақыны есептеу ережесін еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Білім беретін мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың педагог қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы, қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сондай-ақ ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне ауылдық жерде жұмыс істегені үшін, сынып жетекшілігі үшін, дәптерді, жазу жұмыстарын тексергені үшін, оқу кабинеттеріне меңгерушілік еткені, пәндерді тереңдетіп оқытқаны, эксперимент режимінде жұмыс істегені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы және басқа да төлемдер төлеу жүргізіледі.
5. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы арттырылып отыратын коэффициентті ескере отырып айқындалады.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне тиісті дипломы бар болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:
философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;
ғылым кандидаты дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы дәрежесі үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.
7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі:
1) 18 сағаттан аспайтындай:
бастауыш білім беру ұйымдары үшін;
негізгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін;
білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдары үшін;
мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары үшін;
2) 24 сағаттан аспайтындай:
мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие берудің мектепалды топтары және білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары үшін;
балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін;
3) 30 сағаттан аспайтындай интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілері үшін белгіленеді.
Жоғары оқу орындарын қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагог қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне (біліктілік талаптарына) қатысты нормативтік оқу жүктемесін білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде белгіленеді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орнының басшысы бекітеді.
8. Мемлекеттік тапсырысты айқындау кезінде мемлекеттік жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мынадай орташа арақатынасты негізге ала отырып есептеледі:
1) студенттер мен оқытушылар (бір оқытушыға шаққандағы студенттердің орташа саны) тиісінше:
күндізгі оқу нысаны үшін - 8:1 (медициналық жоғары оқу орындары үшін - 6:1);
кешкі оқу нысаны үшін - 16:1;
сырттай оқу нысаны үшін - 32:1;
2) магистранттар және оқытушылар - 4:1;
3) докторанттар және оқытушылар - 3:1.
53-бап. Әлеуметтік кепілдіктер
1. Педагог қызметкерлер мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй, оның ішінде қызметтік үй және (немесе) жатақхана;
2) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін ұзақтығы күнтізбелік 56 күн; оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін - күнтізбелік 42 күн ақы төленетін жыл сайынғы демалыс алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленеді.
2. Ауылдық жерде жұмыс істейтін білім берудің педагог қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша:
1) қала жағдайында педагогтік қызметпен айналысатын педагог қызметкерлердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес процентке арттырылып белгіленеді;
2) коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыстарды жабуға және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленетін мөлшерде бюджет қаражаты есебінен біржолғы ақшалай өтемақы төленеді;
3) жеке меншігінде малы барларға ауылшаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей, жемшөп, малын жаю және шөп шабу үшін жер учаскелері беріледі.
3. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне жыл сайын тиісті бюджет қаражаты есебінен:
1) оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасымен айқындалған мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға жәрдемақы;
2) “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” атағын иеленушіге айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген мөлшерінде мемлекеттік грант;
3) “Үздік педагог” атағын иеленушіге айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді.
8-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
54-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты мен нысандары
1. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу білім алуға конституциялық құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерін көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, білім сапасын басқару, стандарттау, бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
55-бап. Білім беру сапасын басқару
1. Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құрайтын мемлекеттік және институционалдық құрылымдарын, білім беруді қаржыландыруға бөлінетін қаражатты пайдалану ұтымдылығын және білім беру жүйесі жұмыс істеуінің тұтастай тиімділігін қамтиды.
2. Білім беру сапасын басқару білім беру мониторингінің нәтижелері негізінде барлық деңгейлерде басқарушылық шешімдерді қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
3. Білім беру мониторингі білім сапасын сырттай және ішкі бағалау әдістері арқылы өткізіледі.
Білім беру сапасын сырттай бағалау білім беру ұйымдарын лицензиялаудың, мемлекеттік аттестаттаудың, білім беру ұйымдарын аккредиттеудің рәсімдерін, ұлттық бірыңғай тестілеудің, мемлекеттік аралық бақылаудың, сондай-ақ барлық үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдарын саралау мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарда білім алушыларға біліктілік берудің рәсімдерін қамтиды.
Білім беру сапасын ішкі бағалау сапа менеджменті жүйесін, білім беру ұйымдары қызметінің барлық түрлерінің өзін-өзі бағалауының әртүрлі рәсімдерін, үлгерімді ағымдағы бақылауды, білім алушылардың білім алу жетістіктерін бағалауды қамтиды.
Жоғары оқу орындарының қызметін бағалау осы оқу орнындағы оқыту сапасы туралы студенттердің пікірін қамтиды.
56-бап. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары
1. Қазақстан Республикасында әрбір білім беру деңгейі бойынша:
1) білімнің мазмұнына;
2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең көп көлеміне;
3) білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары белгіленеді.
2. Тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті.
57-бап. Білім беру қызметін лицензиялау
1. Заңды тұлғалардың (бұдан әрі - лицензиат) білім беру қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың қызметін олар үшін жаңа кәсіптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негіздерде жүргізіледі.
3. Лицензиар лицензияны беру, оның қолданысын тоқтата тұру мәселелерін алқалы және жария қарау үшін консультациялық-кеңесші орган құрады.
4. Лицензиардың білім беру қызметімен айналысуға құқық беретін лицензияның қолданысын алты ай мерзімге дейін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен тоқтата тұруға құқығы бар.
5. Білім беру қызметімен айналысуға құқық беретін лицензиядан айыруды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сот жүзеге асырады.
58-бап. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу
1. Аккредиттеуді білім беру ұйымдарының өтініші негізінде, олардың ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, аккредиттеу органы бес жыл мерзімге жүзеге асырады.
Аккредиттеу институционалдық және мамандандырылған түрде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары немесе олардың филиалдары аккредиттеуден Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары сияқты шарттармен және тәртіппен өткізіледі.
3. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу білім беру ұйымдарының өз қаражаттары есебінен өткізіледі.
4. Жоғары оқу орындары халықаралық дәрежеде танылған шетел агенттігі жүзеге асыратын халықаралық аккредиттеуден өтуге құқылы.
59-бап. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау
1. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау мемлекеттің білім алуға деген құқықты қамтамасыз етуге және білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын білім беру қызметінің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының талаптарына және білім беру қызметін лицензиялау ережелеріне сәйкестігін сақтауға бағытталған және оны білім беру саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау объектілері:
1) білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
2) білім алушылардың тиісті білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейі болып табылады.
3. Мемлекеттік бақылаудың негізгі түрлері:
1) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау;
2) мемлекеттік аралық бақылау;
3) Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және білім беру қызметін лицензиялау ережелерінің сақталуын бақылау болып табылады.
4. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан, білім беруді мемлекеттік басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
Медициналық және фармацевтік білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бірінші мемлекеттік аттестаттау жаңадан құрылған:
1) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында төрт жылдан кейін;
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мамандардың алғашқы бітіру жылынан кешіктірілмей;
3) мектепке дейінгі ұйымдарда және қосымша білім беру ұйымдарында үш жылдан кейін өткізіледі.
5. Шетелдік білім беру ұйымдары мен халықаралық білім беру ұйымдарының филиалдарын аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік аралық бақылау:
1) білім беру қызметтерін көрсету сапасын бағалау және орта білім беретін ұйымдар білім алушыларының бастауыш және негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін айқындау мақсатында;
2) білім беру қызметтерін көрсету сапасын бағалау және білім алушылардың оқытудың екінші курсын аяқтағаннан кейін (медициналық жоғары оқу орындарында – үшінші курсты аяқтағаннан кейін) жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жалпы білім беретін және базалық пәндерінің циклына енетін жекелеген пәндерді меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
7. Аралық мемлекеттік бақылаудан өтпеген білім алушылардың саны білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті саннан асатын білім беру ұйымдары кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.
8. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және білім беру қызметін лицензиялау ережелерінің сақталуын бақылау тексерулер нысанында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және лицензиялық ережелердің сақталуын тексеруге, меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары жатады.
9. Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып жүргізілетін білім беру саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жоспарлаған тексеру;
2) жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне дереу ден қою мақсатында тағайындалатын тексеру;
3) қарсы – егер тексеру жүргізу кезінде бақылаушы органдарда үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттігі туындаса, аталған адамдарға қатысты жүргізілетін тексеру.
10. Жоспарлы тексеру мемлекеттік аттестаттаулар аралығында бір рет жүргізіледі.
11. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеріледі.
12. Білім беру ұйымдарын тексеру білім беру саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның тексеру жүргізу туралы шешімінің негізінде жүргізіледі.
13. Тексеру жүргізу үшін комиссия құрылады. Комиссияның құрамын, тексеру жүргізу мерзімін, объектісін, тексерудің нысанасын білім беру саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекітеді. Тексеруге білім және ғылым ұйымдарының мамандары тартылуы мүмкін.
14. Тексерулер ұзақтығы жеті күннен аспауға тиіс. Тексерудің елеулі көлемі болуына не тексеру кезінде анықталған фактілерді қосымша зерттеу қажеттілігіне байланысты тексеру өткізу мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ ол үш күннен аспауға тиіс.
15. Тексеру жүргізу тексеру қорытындылары туралы анықтама жазумен аяқталады. Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға жазылған фактілердің дұрыстығын растайтын құжаттардың көшірмесі қоса беріледі.
16. Комиссия дайындаған тексерудің қорытындылары туралы анықтамамен тексерілген ұйымның басшысы танысуға, оған өз қолын қойып, ұйымның мөрін басуға тиіс. Бұл ретте ол тексеру нәтижелерімен тұтастай немесе жекелеген позициялары бойынша келіспейтіні туралы жазба жасауға құқылы.
Білім беру ұйымының басшысы немесе басшының міндетін атқарушы адам анықтамаға қол қоюдан бас тартқан немесе басшының немесе оның міндетін атқарушы адамның қолын қойғызу мүмкіндігі болмаған жағдайларда комиссия төрағасы анықтамада тиісті жазба жасайды.
Анықтаманың бір данасы тексерілген ұйымда қалады.
60-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар қажетті біліктілікке ие болуы және қосымша білім беру жүйесінде кемінде бес жылда бір рет тиісті оқытудан өтуі тиіс.
2. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) білім беру ұйымдарына, мекемелеріне және кәсіпорындарына тексеру мақсатында қызметтік куәлікті көрсету арқылы кедергісіз кіруге, ал ведомстволық білім беру ұйымдарына – оларға кірудің белгіленген режимін ескере отырып кіруге;
2) тексеруді жүргізу кезінде кез келген қажетті ақпаратты сұратып алуға, тексеру нысанасына жататын құжаттардың түпнұсқаларымен танысуға құқығы бар.
3. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамаларын, білім беру қызметі субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексерулерді осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде және оларда белгіленген тәртіпке қатаң сәйкестікте жүргізуге;
3) тексеру жүргізу кезеңінде білім беру ұйымдарының белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамаларымен белгіленген талаптарын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және болдырмау жөніндегі Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес берілген өкілеттілікті уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) білім беру ұйымына тексеру қорытындылары туралы анықтаманы оны аяқтаған күні беруге;
6) алынған құжаттар мен тексеру нәтижесінде алынған мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
4. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың іс-әрекетіне (шешімдеріне) және іс-әрекеттерді жасау (шешімдерді қабылдау) үшін негіздеме болған ақпаратқа мүдделі адамдар жоғары тұрған лауазымды адамға және (немесе) сотқа шағымдануы мүмкін.
9-тарау. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
61-бап. Қаржыландыру жүйесі, принциптері мен көздері
1. Білім беруді қаржыландыру жүйесі – республикалық және жергілікті бюджеттердің, басқа да кіріс көздерінің жиынтығы.
2. Білім беруді қаржыландыру жүйесі:
1) тиімділік пен нәтижелілік;
2) басымдық;
3) айқындылық;
4) жауаптылық;
5) бюджеттердің барлық деңгейлерінің ара жігін ажырату мен дербестік принциптеріне негізделеді.
3. Білім беру жүйесін қаржыландыру көздері:
1) мемлекеттік білім беру мекемелерін ұстауды бюджеттік қаржыландыру;
2) мемлекеттік білім беру тапсырысын бюджеттік қаржыландыру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы қызметтер көрсетуден түскен кірістер;
4) екінші деңгейдегі банктер кредиттері;
5) демеушілік және қайырымдылық көмек, өтемсіз аударымдар мен қайырмалдықтар, гранттар болып табылады.
62-бап. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру
1. Мемлекет білім берудің басымдығын ескере отырып оған бюджеттік қаражаттардың бөлінуін қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен белгіленген талаптар және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын нормалар негізінде бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік білім беру мекемелерін бюджеттік қаражаттар есебінен қаржыландыру мекемелердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес ұсталуын және функцияларды орындауын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік білім беру мекемелеріне жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін конкурстық негізде грант берілуі мүмкін.
4. Мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.
5. Білікті жұмысшылар мен мамандарды даярлауға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы:
1) мамандарды даярлау бағыттарын;
2) оқыту нысандары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін (орындар, гранттар санын);
3) бір маманды оқытуға жұмсалатын шығыстардың орташа кұнын қамтуға тиіс.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және білім беру ұйымының атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік білім беру тапсырысына сонымен қатар Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттармен көзделген оқу орындарында мамандарды даярлау, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды оқыту енеді.
6. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында орналастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы тәрбиеленушілер санын және бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс.
7. Білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұстауға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
8. Жоғары білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру гранттары түрінде мамандыққа, оқу орнының түрі мен мәртебесіне қарай саралана отырып орналастырылады.
Орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының өтемді білім беру қызметтерін көрсету шарты бойынша бір білім алушыға жұмсалатын шығындары білім беру грантының мөлшерінен кем болмайды.
63-бап. Білім беру ұйымдарының ақылы негізде тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) ұсынуы
1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге білім беру ұйымдары бюджет қаражаттары есебінен көрсететін білім беру қызметтері тегін ұсынылады.
2. Мемлекеттік білім беру мекемелеріне білім алушылар мен тәрбиеленушілерге мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары шеңберінде ақылы негізде білім беру қызметтерін көрсетуге тыйым салынады.
Өнер мамандығы бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ бұқаралық кәсіптердің қызметкерлерін даярлау жөніндегі кәсіптік оқытудың оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру мекемелері бюджеттік қаражаттар есебінен көрсетілетін білім беру қызметтерінің көлемдерінен тыс ақылы негізде білім беру қызметтерін ұсынуға құқылы.
3. Мемлекеттік білім беру мекемелері білім берудің мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарының талаптарынан тыс ақылы негізде мынадай:
1) қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру) іске асыру;
2) оқу жоспары мен бағдарламалары бойынша бөлінген оқу уақытынан тыс пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша жекелеген білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру;
3) пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша білім алушылармен ғылым негіздерін тереңдетіп оқып үйренуді ұйымдастыру;
4) білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әр түрлі: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
5) музыка аспаптарын пайдалануға беру және Интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;
6) жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім беру ұйымында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету;
7) энергия қондырғылары мен қазандықтар беретін жылу энергиясын жіберу;
8) кәсіптік оқытуды ұйымдастыру (техникалық және қызмет көрсетуші еңбек мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру);
9) оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу шаруашылықтарының, оқу-тәжірибе учаскелерінің өнімдерін өндіру мен өткізуді ұйымдастыру бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) беруге құқылы.
4. Мемлекеттік білім беру мекемелері ақылы негізде ұсынатын тауарларға (жұмыстарға және қызметтер көрсетуге) бағалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуге жатады.
5. Жеке меншік білім беру ұйымдары ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды және қызметтер көрсетуді) өткізуден, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының шеңберінде оқытудан түскен кірістерді, құрылтайшылардың қаражаттарын және заңнамамен тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерін дербес пайдаланады.
6. Ақылы негізде қызметтер көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының (тәрбиеленушінің), оның ата-анасының немесе өзге да заңды өкілдердің өзара қатынастары шартпен реттеледі. Ақылы негізде тауарлар (жұмыстар және қызметтер көрсету) ұсынуға арналған үлгілік шарттың нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Білім алушы шарт жасасу кезінде бүкіл оқу кезеңіне шығыстарды бір мезгілде төлеген жағдайда төлем сомасы оқу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейтін болады.
Оқуға төлемді кезең-кезеңмен төлеген ретте төлем сомасы жалақының ұлғаюы жағдайында және инфляция индексі ескеріле отырып, жылына бір реттен жиі емес өзгертілуі мүмкін.
64-бап. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау және дамыту бюджет қаражаттары, ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын тәртіппен мүліктерге иелік ету және пайдалану құқығы бар. Білім беру ұйымының мемлекеттік мүлкі алып қойылуға немесе білім беру ұйымының негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдаланылуға тиіс емес.
3. Білім беру ұйымдарын жекешелендіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
10-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
65-бап. Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы экономикалық қызмет
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымының білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша өз жұмысының ерекшеліктеріне сәйкес шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасуға, студенттер, магистранттар, докторанттар, педагог және ғылыми қызметкерлер алмасудың халықаралық бағдарламаларына қатысуға, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіруге құқығы бар.
Әскери оқу орындарының халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес шетелдік азаматтардың қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқығы бар.
Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында және білім беру ұйымдарының жарғысында айқындалған тәртіппен сыртқы экономикалық қызметпен айналысуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын құру халықаралық шарттардың негізінде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
5. Халықаралық оқу орындарының және Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, олардың филиалдарының білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ оларды мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеу, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.
2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.
3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
67-бап. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
68-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі
1. Осы Заң, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 2-тармағының екінші бөлігін, 52-баптың 6-тармағының екінші абзацын, 7-тармағы 1) тармақшасының екінші және бесінші абзацтарын, 8-тармағының 2), 3) тармақшаларын және 53-баптың 3-тармағының 1), 3) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. Білім беру ұйымдарына осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін оқуға түскен адамдар оқуға түскен кезде қолданыста болған білім беру бағдарламалары бойынша оқуын бітіріп, оларға білім туралы белгіленген үлгідегі құжат беріледі.
3. “Білім туралы” 1999 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 13, 429-құжат; № 23, 927-құжат; 2001ж., № 13-14, 173-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 18, 111-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 12, 71-құжат; № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі. № 319-ІІІ ҚРЗ
Достарыңызбен бөлісу: |