3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптар
11. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мақсаты осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы
үшін қажетті алғашқы білім, білік және дағдыларды қалыптастыру болып табылады.
12. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту:
1) балаға өмір бойы қажетті жеке қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болып табылатын
жалпы адамзаттық құндылықтарға баулуға;
2) халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға, әдебиет пен өнерге, фольклор мен
еліміздің мәдени мұрасына негізделген білім беру мазмұнын іске асыруға;
3) ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасауға;
4) мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған және қамтылмаған балаларды дамыту
мәселелерінде ата-аналардың біліктілігін арттыру, оларды психологиялық-педагогикалық
консультациялық қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған.
13. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны әртүрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру
арқылы кіріктіру жолдарымен іске асырылатын: "Денсаулық", "Коммуникация", "Таным", "
Шығармашылық", "Әлеуметтік орта" бес білім беру саласына негізделген.
14. "Денсаулық" білім беру саласы.
Мақсаты: өз денсаулығына саналы қарауды дамыту, денсаулықтың адамға табиғаттың берген
басты құндылығы екенін түсінуге тәрбиелеу, қимыл белсенділігін дамыту және дене бітімі
қасиеттерін қалыптастыру.
"Денсаулық" білім беру саласы дене бітімі қасиеттерін дамытуды; негізгі қимыл түрлерін
жетілдіруді; қимыл дағдыларын қалыптастыруды; қимыл ойындарының түрлерін ұйымдастыруды және
өткізуді; спорттық жаттығуларды орындауды (шанамен, шаңғымен сырғанау, велосипед тебу, жүзу);
спорттық ойындардың (футбол, баскетбол, бадминтон және басқалар) элементтерімен танысуды
қамтиды.
"Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға;
тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және
балалардың қимыл-қозғалыс тәжірибесін негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы байытуға; шығармашылық
, танымдық және сөйлеу қабілеттерін пайдалана отырып, тәрбиеленушілердің қимыл белсенділігіне
сұраныстарын жетілдіруге бағытталған.
"Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) дене шынықтыру;
2) қауіпсіз мінез-құлық негіздері.
15. "Коммуникация" білім беру саласы.
Мақсаты: айналадағы адамдармен араласуға қабілетті, көптілді тұлғаны тәрбиелеу үшін
баланың қажетті коммуникативтік дағдыларын дамыту.
"Коммуникация" білім беру саласы балалар әрекетінің әртүрлі нысандары мен түрлерінде
ауызша және байланыстырып сөйлеуді, шығармашылық сөйлеу әрекетін дамытуды; тілдің дыбыстық
мәдениетін тәрбиелеуді; белсенді сөздікті байытуды, тілдің грамматикалық жағын қалыптастыруды,
балалар әдебиетімен таныстықты дамытуды, мәнерлеп оқуды және мазмұндауды; мемлекеттік, орыс,
ағылшын және басқа тілдерді дамытуды қамтиды.
"Коммуникация" білім беру саласының мазмұны ересектермен және балалармен еркін араласу
дағдыларын дамытуға; зейінділікке, сөйлеуге, балалар әдебиетіне қызықтыруға бағытталған.
"Коммуникация" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) сөйлеуді дамыту;
2) көркем әдебиет;
3) сауат ашу негіздері;
4) қазақ (орыс тілінде оқытылатын топтарда), орыс (қазақ тілінде оқытатын топтарда) және
шет тілдерінің бірі;
5) драма.
16. "Таным" білім беру саласы.
Мақсаты: қоршаған әлеммен өзара іс-қимыл үшін қажетті танымдық әрекеттің қарапайым
дағдыларын меңгерген мектепке дейінгі тұлғаны қалыптастыру.
"Таным" білім беру саласы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруды: жиынтық
туралы түсініктерді, сандық есептеу дағдыларын жетілдіруді, геометриялық пішіндер туралы
түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық
материалдар және конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен
маусымдық құбылыстар, өсімдіктер туралы білімін кеңейтуді, қазақ және басқа халықтардың
әлеуметтік-мәдени құндылықтары, дәстүрлері мен мерекелері туралы, адамдардың ортақ мекені
ретінде Жер планетасы, оның табиғатының ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейтуді қамтиды.
"Таным" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, бөбек жасы топтарында (1 жастан 3
жасқа дейін) – сенсорика;
2) құрастыру;
3) жаратылыстану.
17. "Шығармашылық" білім беру саласы.
Мақсаты: баланың шығармашылық ойлау мәдениетінің негізі ретінде оның сезімдік-эмоциялық
саласы мен қиялын дамыту.
"Шығармашылық" білім беру саласы сурет салу; мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын
қабылдау мен түсінуді дамытуды, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды; өнер
түрлері туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыруды; музыканы, отандық композиторлардың
шығармаларын, ұлттық музыкалық аспаптарды, көркем әдебиетті, фольклорды қабылдауды; көркем
шығармалардың кейіпкерлеріне жанашырлықты ынталандыруды; балалардың өзіндік шығармашылық
қызметін іске асыруын қамтиды.
"Шығармашылық" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) сурет салу;
2) мүсіндеу;
3) аппликация;
4) музыка.
18. "Әлеумет" білім беру саласы.
Мақсаты: Отанға деген сүйіспеншілікке, үлкендерді құрметтеуге, айналасындағыларға жағымды
мінез-құлықты және қайырымды қатынасты тәрбиелеу.
"Әлеумет" білім беру саласы қоғамда өзін ұстаудың адамгершілік нормаларын, сондай-ақ
жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді, баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас
жасай білуін; дербес болуын, өзінің қылықтарына жауап беруін, өзінің қимылдарының мақсаттылығы
мен реттеуді; адамгершілік қасиеттерін: елгезектікті, жанашырлықты, өзінің туыстары мен
жақындарына құрметпен қарауды, өзінің отбасын жақсы көруін дамытуды; салт-дәстүрлерді сақтауды,
тарихты, қазақ халқының тұрмысын білуді және құрметтеуді; Қазақстан біздің ортақ үйіміз екені
туралы түсініктерін кеңейтуді, сондай-ақ басқа халықтардың мәдениетін, дәстүрлерін құрметтеуді;
еңбек пен шығармашылықтың әртүрлі түрлеріне қызығушылықтарын қалыптастыруды; тұрмыста, қоғамда
және табиғатта қауіпсіз мінез-құлық негіздерін тәрбиелеуді қамтиды.
"Әлеумет" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) өзін-өзі тану;
2) қоршаған ортамен танысу;
3) экология негіздері.
19. Балаларды тәрбиелеу мен оқыту деңгейлерін қадағалау баланың жасына сәйкес
жетістіктерінің мониторингі негізінде жүзеге асырылады:
1) 1-деңгей – бала белгілі бір қимыл мен біліктерді жаңғырта алады;
2) 2-деңгей – бала не істеп жатқанын түсінеді, белгілі білім қорына ие;
3) 3-деңгей – бала өзінің білетінін және жасай алатынын қолданады, білімін өз бетінше
және шығармашылықпен қолдана алады.
Индикаторлар көрсеткіш ретінде баланың даму мониторингін қамтамасыз етеді және оның жеке
дамуын жоспарлауға негіз болып табылады.
20. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын
меңгерудің мерзімі – 5 (6) жыл. Жас және топтық кезеңдері мынадай:
1) бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін:
ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ);
кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ);
2) мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6 (7) жасқа дейін:
мектепке дейінгі кіші жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (екінші кіші топ);
мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);
мектепке дейінгі естияр жас – 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (5 жастан 6 жасқа дейін –
мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер тобы, 6 жастан 7 жасқа дейін – жалпы білім беретін
мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы).
Достарыңызбен бөлісу: |