Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық консилиумдар туралы ереже
Әдістемелік ұсынымдар
Әдістемелік ұсынымдарда мектептік психологиялық-педагогикалық констилиум қызметін ұйымдастыру негіздері берілген. Қосымшаларда мектептік консилиумның үлгілік құжаттарының үлгілері берілген. Ұсынымдар жалпы білім беру мектептерінің басшыларына, мамандарға (логопедтерге, арнайы педагогтерге, психологтарға, әлеуметтік педагогтарға және т.б.) және педагогтарға арналған.
В методических рекомендациях изложены организационные основы деятельности школьного психолого-педагогического консилиума. В приложениях приведены образцы документации школьного консилиума. Рекомендации предназначены руководителям, специалистам (логопедам, специальным педагогам, психологам, социальным педагогам и др.) и педагогам общеобразовательных школ.
Кіріспе
Консилиум – бір немесе басқа білім саласындағы сарапшылардың, мамандардың мәжіліcі, өзара кеңесуі. Психологиялық-педагогикалық консилиум әлсін-әлсін жиналып, қандай да бір мәселені, мысалы, оқушылардың алдын ала белгіленген параметр бойынша оқығандарын, оқи алатынын және шынайы оқудағы мүмкіндіктерін талқылайтын және бағалайтын мамандардың бірлестігін білдіреді. Консилиум мәжілісіндегі оқыту үдерісінің сапасын арттыру бойынша мұғалімдердің жұмысы жағдайында оқушылардың болжамды үлгерімдері ғана емес, сонымен бірге үлгермеушіліктің себептері талқыланады және оқушылардың білімдері мен жалпы оқу икемділіктеріндегі ақтаңдақтарды жеңу бойынша шаралар жүйесі туралы шешім қабылданады.
Алғаш рет оқушыны алдын ала әзірленген теория мен оқу үдерісін тиімділеу әдістемесінің аясында оқытудың мүмкін болатын нұқаларын ішінен ең жақсысын таңдау негізіндегі сапада жалпы білім беру мекемесіндегі педагогикалық консилиум әдістемесін академик Ю.К. Бабанский құрды және сынап көрді.
Арнайы білім беру ұйымдарындағы (арнайы балабақшалар, арнайы мектептер) психологиялық-педагогикалық консилиум мамандар (психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог және т.б.) мен педагогтардың өзара әрекеттесуі ретінде психофизикалық дамуында бұзылыстары бар балаларды кешенді және психологиялық-педагогикалық қолдаудың бірыңғай тәсілдемесін жасау үшін белсенді қолданылады. Консилиум қарастырылған санаттағы балалардың білім алудағы қажеттіліктерінің сан алуандығына байланысты оларды оқыту мәселелерін шешудің командалық, мультидисциплинарлық тәсілдемесінің маңызды шартты талабы болып табылады. Консилиум мүшелерінің жұмысының негізгі тәсілдеріне талқылау және сараптамалық бағалау жатады.
Инклюзивтік білім беру практикасын жалпы білім беру мектептерінде дамыту олардың құрылымдарында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарының өзара әрекеттесу түрі ретіндегі консилиумдерді құру өзекті болып отыр.
Осы әдістемелік ұсынымда мектептік психологиялық-педагогикалық консилиумдарын ұйымдастыру және қызмет істеуі мәселелері ашып көрсетіледі, қажетті құжаттардың үлгілері беріледі.
1 Мектептік психологиялық-педагогикалық консилиумның қызметін ұйымдастыру және оның міндеттері
Білім беру ұйымының психологиялық-педагогикалық консилиумының негізгі мақсаты жалпы білім беру үдерісіне қосылған білім алуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды қолдау стратегиясын және оларды оқыту мен әлеуметтендірудің табыстылығы үшін ересектердің келісілген әрекеттерін алқалық анықтау болып табылады.
Консилиум міндеттері:
білім алуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды дамыту және\немесе оқыту жағдайларын талдау;
оқушыларға психологиялық-педагогикалық көмектің мазмұнын анықтау және оны көрсететін мамандардың өзара әрекеттесуін үйлестіру;
оқу үдерісіндегі балаларға көмек мазмұны туралы педагогтарға, ата-аналарға ұсынымдар әзірлеу;
психологиялық-педагогикалық көмектің тиімділігін бағалау.
Мектептік консилиум жұмысын құру негіздері:
қарастырылған мәселелерге (әр түрлі мамандардың өзара тығыз байланысы) кешенді тәсілдеме;
оқушылардың қажеттіліктерін динамикалық зерттеу;
оқушылардың қызығушылықтарын сақтау және жеке психофизикалық ерекшеліктерін есепке алу.
Мектеп консилиумының құрамы иілімді болып, оның тұрақты және уақытша қатысушылары болады. Тұрақты қатысушылар – оқу-тәрбие жұмысы бойынша мектеп директорының орынбасары, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, логопед мұғалім, дефектолог мұғалім. Тұрақты қатысушылар әрбір мәжіліске, оны дайындау жұмысына қатысады, оның ұсынымдарының орындалуын бақылайды. Уақытша қатысушылар (сынып жетекшілері, пән мұғалімдері, медициналық қызметкерлер) консилиумге қажеттіліктері бойынша қатысады.
Консилиум жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді. Жоспарлы консилиумдар жылына 3-5 рет өткізіледі. Жоспарлы консилиумдар жұмысының қызметі келесі бағыттармен жүзеге асады:
мектепке оқуға келген оқушылардың, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар, орта буынға өткен оқушылардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін талқылау;
білім алуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың мазмұнын әзірлеу;
түзете дамыту тапсырмаларын жүзе асырудың табыстылығын динамикалық бағалау және қажет болған жағдайда оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың алдын ала әзірленген бағдарламаларын өзгерту;
оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың тиімділігін бағалау.
Консилиумның тұжырымдамасы білім беру үдерісінің барлық қатысушыларына (пән мұғалімдеріне, қосымша білім беру педагогтеріне, ата-аналарға) хабарланады және ұсынымдама болып табылады.
Жоспардан тыс консилиумдар білім беру үдерісінің кез-келген қатысушысының, оның ішінде білім беру ұйымының басшылығының немесе ата-анасының (олардың орындағылардың) сұрауы бойынша өткізіледі. Жоспардан тыс консилиум үшін баланың оқуына және дамуына әсер ететін жаңа жағдайлардың анықталуы немесе туындауы, оның дамуы мен оқуының кері динамикасы себеп бола алады. Мамандар мен ата-аналардың сұрау түрлері әр түрлі болуы мүмкін, бірақ қандай жағдайда болмасын олар баланың мәселелерін (дамудағы және оқудағы) немесе педагогтың, ата-ананың баламен өзара әрекеттесуіндегі мәселелерді бейнелеуге міндетті. Жоспардан тыс консилиумның қызметінің бағыттары:
баланы оқыту мен тәрбиелеуде анықталған проблемаларды жою бойынша іс-шараларды ұйымдастыру;
өзгерген жағдайда баламен түзете дамыту жұмысының жоспарын әзірлеу.
2 Мектептік психологиялық-педагогикалық консилиумды жүргізу тәртібі
Консилиумның бірінші мәжілісінде консилиумдарды жүргізу кестесі құрылады және білім алуда ерекше қажеттіліктері бар және қолдау көрсететін мамандардың динамикалық бақылауына мұқтаж балалардың тізімі анықталады.
Консилиумде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің әрбір қызметкері жүргізген тексерудің жинақталған аналитикалық материалдары талқыланады. Олар мамандардың ұсынымдары түрінде құрылады (А қосымшасы). Мамандардың ұсынымдарында бала және оның жанұясы туралы мәліметтер педагог үшін түсінікті және қолжетімді тілде беріледі және бала мен оның жанұясының құпиялылыққа деген құқығын бұзбайтындай түрде жазылады.
Консилиумде оқушының әрекеттерін бақылау мен зерттеу нәтижелерін талқылауды консилиум төрағасы реттеуге және бақылауға міндетті. Консилиум жұмыс тәртібімен оның барлық қатысушылары таныс болуы қажет. Егер консилиумда уақытша қатысушылар болса, онда төраға жұмыс басталарда жүргізу тәртібін еске түсіреді. Консилиум мәжілісінің келесі жұмыс тәртібін ұстануға болады:
Баланы консилиумға жіберген маман (педагог немесе ата-ана) сөз сөйлейді. Ол оқушының оқу және даму жағдайы туралы, өзін алаңдататын проблемалары мен жағымды жақтарын нақты айтып береді. Маманның (педагог, ата-ана) сөзін ешкім сұрақ, реплика, ескертумен бөлмейді. Егер оқушыда ППК тұжырымдамасы болса, онда ол туралы сынып мұғалімі баяндайды.
Консилиум мүшелері баланың дамуы мен оқу жағдайларының мәнін нақтылау және түсіну үшін маманға (педагог, ата-ана) кезекпен сұрақ қояды. Маман (педагог, ата-ана) әрбір қойылған сұраққа жауап береді.
Консилиумның барлық қатысушылары, өз кезегімен консилиум үшін алдын ала дайындаған бала туралы ұсыныстарын пайдалана отырып, оқушының дамуы мен оқу әрекетінінің ерекшеліктеріне кәсіптік сипаттама беріп, мәселе туралы өзінің пікірін және жағдайды жақсартуға қатысты ұсыныстарын айтады.
Оқушыны қолдауды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдері әзірленеді, түзете дамыту жұмысының мазмұны анықталады, оқу үдерісінде, қосымша білім беру мен жанұялық тәрбилеуге қатысты жеке тәсілдемелік ұсынымдар беріледі.
Консилиум мүшелерінің арасындағы ақпарат алмасу және сұрақтарға өзара жауап беру оқушының психологиялық-педагогикалық мәртебесі сипатталатын, оқушыны қолдаудың ұсынылған түрі мен қатысатын мамандар консилиумның тұжырымдамасын жасау үшін негіз болады (Б қосымшасы). Тұжырымдамада консилиум мамандарының педагогтар ұжымымен немесе жеке мұғалімдермен, оқушының ата-анасы мен мектеп әкімшілігімен кеңес беру жұмысын өткізу қажеттілігі туралы нұсқау берілуі мүмкін.
Консилиум тұжырымдамасының негізінде оқуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыны психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламасы құрылады. Жарты жылға құрылатын қолдаудың жеке бағдарламасында баламен жүргізілетін түзете дамыту жұмысының бағыттары, әрбір бағыт бойынша жұмыстың мазмұны, күтілетін нәтиже көрсетіледі. Балаға қатысты мамандардың әрекеттері үйлестіріледі. Қажет болған жағдайда, әр түрлі мамандарды баламен жұмысқа қосудың бірізділігі анықталады. Бағдарламада оқушының даму картасын жүргізетін, қолдау кезеңдерін бақылайтын, жасалған жұмыстың нәтижесін қорытындылау және ары қарайғы жұмысты талқылау мақсатында баланың мәселелерін консилиумда қайтадан талқылауға ұсыныс беретін жауапты маман бекітіледі. Психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламасының мазмұнымен міндетті түрде ата-аналар, оқушымен жұмыс істейтін барлық педагогтар таныстырылады. Баламен жұмыс істейтін барлық мамандар оқушыны қолдаудың жеке бағдарламасының мазмұнын орындауға міндетті болады. Баланы қолдау бойынша негізгі жүктеме мұғалімге жүктеледі, ол оқушының оқудағы және әлеуметтенудегі жетістіктері үшін жеке жауапкершілікте болады.
Консилиумның мәжілісінде әрбір жеке жағдайға қатысты тұжырымдама шешімін талқылау кезіндегі қатысушылардың қысқа айтылымдарын бейнелейтін, тағайындалған ұсынымдарды орындауға жауаптылар белгіленетін хаттама жүргізіледі. Консилиум хаттамалары консилиум төрағасының іс қағаздарында сақталады. Консилиумның ұсыныстары директор жанындағы мәжілістерде әкімшілікке хабарланады, содан кейін педагогикалық кеңеске жіберіледі.
Консилиумның хатшысы балаларды тіркеу және есепке алу журналын жүргізеді, бала туралы жалпы мәліметтер жинайды, консилиум мәжілістерінің кестесінің орындалуын, консилиумның құжаттарының мұрағатта сақталуын бақылайды.
Консилиум жұмысына қатысушы төраға мен мамандарға балалар және олардың жанұялары туралы ақпараттың құпиялылығы туралы жауапкершілік жүктеледі.
Бала дамуының кері динамикасында, консилиум мүшелерінің баланы оқыту мен тәрбиелеуге қатысты бір мәнді шешім қабылдаулары мүмкін болмаған жағдайда, оқушыны тереңдетілген тексеруден өткізу үшін ол психологиялық-педагогикалық кеңеске жіберіледі. Бұл үшін мектептік консилиум құжаттар пакетін дайындайды, оның құрамында:
медициналық ұсыным;
логопедиялық ұсыным;
психологтың ұсынымы;
баланың педагогикалық мінездемесі (В қосымшасы);
баланың ана тілі, математика пәндері бойынша жазба жұмыстары, суреттері мен баланың дербес әрекетінің басқа да түрлері;
ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің баланы ППК-не тексеруге жіберуге қатысты жазбаша өтініштері.
3 Психологиялық-педагогикалық консилиум шеңберінде мамандардың өзара әрекеттестігі
Инклюзивті білім беруді енгізу және дамыту жағдайында заманауи білім берудің тиімді дамуы, әр білім алушының ерекшеліктерін, оның психологиялық-дене дамуының ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып баланың жеке бағытын және оны кәсіби қолдау жолдарын анықтай білуді талап етеді. Аталған міндет инклюзивті білім беру ортасын құрудың базалық компоненті болып табылуы тиіс, оның орындалуы мамандардың көп мультипәндік өзара байланыстарын ұйымдастырмайынша мүмкін емес.
Психологиялық-педагогикалық қызмет аясында мультикәсіптік ынтымақтастығы барысында, тиімді байланыс жасауларының келесі параметрлерін ескеру қажет:
баланың ерекшеліктерін және даму деңгейін, оның ресурстық мүмкіндіктерін есепке алу;
бейімделу және әлеуметтену міндеттерінің басымдылығы;
«қажетті маманның дер кезінде» баламен жұмыс істеуге «араласуының» қолайлы бірізділігі;
ата-аналардың баланың әлеуметтенуі мен білім алуға бейімделуіне қатысуы, олардың мамандармен серіктестік қарым-қатынасы.
Құрылған бейімді білім ортасы, оқу-тәрбие процесінің барлық мүшелерінің мінез-құлық мәдениеті, толеранттылығы, әр білім алушы үшін білім сапасының жоғары болуы мультипәндік команда күшінің нәтижесі болып табылады.
Мультипәндік команданың іс-әрекеті әр мұғалімнің келесі қағидаларды сөзсіз қабылдауларына негізделуі тиіс:
– инклюзияны бірегей психологиялық-педагогикалық идеология мен стратегия ретінде мойындау;
маманның байланысты пәндерге қызығушылығы, білімнің түрлі салаларынан хабардар болуға және жаңашылдыққа, жаңа білімді меңгеруге дайын болу;
команданың барлық мүшелерін сыйлау, өзара түсіністік, ашықтық, бір-біріне көмек көрсетуге дайын болу;
команданың барлық мүшелерінің білім беру процесіне бірдей қатысуы, жалпы жұмыстың нәтижесіне жауапкершілік;
команда мүшелері арасында рөлдердің айқын бөлінуі, педагогикалық нақты міндеттерді орындауға қатысудың алғышарттарын ұстану.
Аталған қағидалар психологиялық-педагогикалық қолдаудың барлық кезеңдеріндегі командалық жұмысқа қатысушы мамандардың ресурстарын оңтайлы қолдану арқылы, бала мен оның отбасының мәселелерін кешенді және тиімді шешуге жағдай жасайды.
1968 жылы ресейлік белгілі психологтар А.Н.Леонтьев, А.Р.Лурия, А.А.Смирнов ұсынған психологиялық-педагогикалық консилиум (ППк) мамандарының мультипәндік қағида жұмысы, баланың дамуын бағалауды кешенді жүзеге асыру мақсатында консилиумның барлық мамандарының деректері мен пікірлерін бірдей есепке алу қажеттігін болжайды.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, ерекше көзқарасты талап ететін балалар мен жасөспірімдерге жан-жақты және құзыретті көмек беруді қамтамасыз ету мақсатында, білім беру ұйымдарында және командадағы мұғалімдердің іс-әрекетін үйлестіруде, психологиялық-педагогикалық консилиумдар (ППк) құру ұсынылады. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында ППк барлық дерлік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтінін атап өту қажет. Бірақ оның қызметінің жүйесі барлық білім беру ұйымдарында бірдей нақты емес. Кейбір мектептерде, бала бақшаларда немесе колледждерде консилиум мамандарының командалық кешенді жұмыс атқаруына әкімшілік тарапынан қажетті қолдау көрсетілмейді, сол себепті ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің нәтижелі болу жауапкершілігі жекелеген маманға немесе мамандарға (педагог-психолог, дефектолог немесе логопед) жүктелуі мүмкін. Психологиялық-педагогикалық консилиум – бұл ең алдымен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының кәсіпаралық ынтымақтастығының түрі, яғни білім алу және тәрбие процесінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаға көмек көрсету стратегиясын бірігіп жасайтын барлық педагогтар ұжымы.
Кеңесші орган ретінде консилиумның негізгі мақсаты – жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесіне енгізілген балаларды қолдау стратегиясын анықтап және түзету-дамытушылық жұмыстарын жүргізудің жеке жоспарларын әзірлеп қана қоймай, баланың дәстүрлі ортаға әлеуметтенуіне, неғұрлым жоғары деңгейде әлеуметтік бейімделуіне арналған шаралар мен жолдарды анықтау.
Консилиум:
– білім беру ұйымының барлық педагогтік ұжымына – бала тұлғасын барлық параметрлерін (психологиялық және психикалық дамуын, дамуындағы әлеуметтік жағдайды, денсаулық жағдайы, педагогикалық әрекеттердің оңтайлылығы) есепке алу арқылы қарастыруға, сонымен қатар әр білім алушының мүддесіне қарай оқу-тәрбие процесіне қатысушы субъектілердің арасында міндеттер мен жауапкершілікті бөлу арқылы қолдаудың жалпы бағдарламасын белгілеуге мүмкіндік береді;
– сынып жетекшісіне – қарым-қатынастың ерекше ықпалды қажет ететін бала туралы білетінін, сол баламен қарым-қатынаста болатын консилиум қатысушыларына жеткізу;
– педагог-психологқа – оқыту мен тәрбиелеудің неғұрлым жақсы жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында, баланың танымдық және эмоциялық жағдайларына әділ баға беру арқылы және оның білім алуға талпынысын есепке ала отырып әр педагогқа жеке бағдарлама әзірлеуге көмек көрсету;
– әкімшілікке – балаға көмек көрсетудің біріккен стратегиясын әзірлеу барысында оқу-тәрбие процесіне қатысушы педагогтардың, психологтардың және басқа да субъектілердің күшін үйлестірге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандарға орай, ППк келесі міндеттерін анықтауға болады:
– арнайы (психологтың, логопедтің, дефектолог мұғалімнің, арнайы педагогтің немесе басқа мамандардың) көмекті қажет ететін балаларды анықтау, сонымен қатар балалардың оқудағы және мінез-құлқындағы ауытқуларының сипатын және себебін анықтау;
– психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламаларының мазмұнын анықтау;
– оқу және тәрбие бағдарламаларын бейімдеу (қажет болған жағдайда);
– мамандардың арнайы көмек көрсетуінің тиімділігін бағалау және қарым-қатынас жасауларын үйлестіру.
Команданың құрамына: білім беру ұйымының әкімшілігі, мұғалімдер, арнайы педагогтар (психолог, логопед, дефектолог мұғалім, әлеуметтік педагог), медицина қызметкерлері, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың, қамқоршылық кеңестің және серіктес ұйымдардың өкілдері, жасөспірімдер ісі бойынша инспектор кіреді.
Психологиялық-педагогикалық консилиум іс-әрекеттің келесі бағыттарын жүзеге асырады:
1. ықтимал «қауіп тобын» анықтау мақсатында консилиумның барлық мамандары білім алушылардың скрининг-диагностикасын жүзеге асыруды ұйымдастырудың іс-шараларын өткізу;
2. ықтимал «қауіп тобы» балаларының ішінен психологиялық-физикалық ауытқулары немесе білім беру бағдарламаларын меңгеруде қиындықтары бар балаларды анықтау; жеке диагностика өткізу және бала проблемасының мәнін анықтау;
3. даму ерекшеліктері бар білім алушылар үшін жеке түзете-білім беру бағдарламаларын әзірлеу, білім беру бағытын таңдау;
4. қолдаудың жеке бағдарламаларын жүзеге асыру, түзете-дамытушылық іс-шараларын жүзеге асыру, кеңес жұмысының бағыттарын анықтау;
5. психологиялық-педагогикалық қолдаудың нәтижелілігін қадағалау.
Аталған бағыттар бойынша әр педагог (сынып жетекші, пән мұғалімдері, логопед мұғалім, педагог-психолог, дефектолог мұғалім, әлеуметтік педагог) өзінің мамандану саласын ескере отырып жұмыс істейді.
Психологиялық-педагогикалық консилиум жұмысының қағидалары:
1. ППк жұмысының негізін қалаушы қағидалар: бала тұлғасын құрметтеу және жағымды қасиеттеріне сүйену қағидасы болып табылады. Баланы зерттеу оның дамуындағы мәселелер туралы ақпарат алуға ғана бағытталмай, оның бойында бар проблемалардың орнын толтыруға негіз бола алатын оң әлеуетті анықтауға да жұмылдырылуы тиіс.
2. Диагностиканың мүмкіндігінше педагогикаландырылу қағидасы консилиумның педагогикалық міндеттерінің басымдылығын анықтайды. ППк жұмысында психологиялық және педагогикалық білімдерді кіріктіру өте қажет мәселе.
3. ППк қызметінде ақпараттың жабықтығы қағидасын ұстану өте қажет. Аталған қағида консилиумға қатысушы мамандардың әдеп нормаларын қатаң ұстануларын, әсіресе баланың психологиялық-педагогикалық диагнозына қатысты құпияны сақтауларын қарастырады. Диагноз немесе консилиумның қорытындысы тұлғаға моральдық нұқсан (мысалы, баланың өзін-өзі бағалауының төмен болуы, оның эмоциялық жағдайының нашарлауы, оның үлкендермен және өзінің құрдастарымен қарым-қатынасының бұзылуы) келтірмеу үшін ППк-дан тыс жерде көпшілік арасында талқыланбауы тиіс.
4. Өзара әрекеттестік қағидасы. ППк-ның әрбір маманы өз құзыреттілігінің аясында баланың дамуы мен жағдайын анықтау, оны ары қарай тәрбиелеу мен оқыту саласында болжамдар жасауға қатысты сұрақтарын шеше отырып, жалпы көрініске өз түсінігін енгізеді.
Консилиумның жұмысын ұйымдастыру үш кезеңде жүргізіледі.
1-кезең. Дайындық кезеңінде консилиумға дайындықты әр қатысушы жеке жүргізеді. Балаға кешенді зерттеу жүргізу үшін жұмысты бастардың алдында ата-ананың келісімін алу қажет. Ата-аналардың келісімі құжатқа тіркелуі тиіс, бұл сараптамаға байланысты кикілжің жағдаяттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұдан әрі мамандар диагностикалық деректерді жинақтауды, қорытындылауды жүзеге асырады, алдын ала шешімдер мен ұсыныстарды тұжырымдайды. Диагностикалық мәліметтерге аталған нақты мәселе бойынша көптеген көрсеткіштер, мысалы: педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік, медициналық, логопедтік, дефектологтық және т.б. арқылы талдау жасалады.
2-кезең. Консилиум жұмысының бұл кезеңінде жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша алқалы отырыс өткізіледі. Зерттеулер қорытындысын алқалы талқылау бала дамуының сипаты мен ерекшеліктері туралы бірыңғай көзқарас қалыптастыруға, оның бұдан әрі дамуын жалпы болжауды және қажетті түзету-дамытушылық іс-шаралар кешенін анықтауға мүмкіндік береді.
Егер консилиум дамытушылық немесе түзету жұмысының қандай түрі қажет екендігі туралы жалпы бір ортақ пікір шығармаса, немесе күтілетін нәтижелер орындалған болса, немесе дамудың тұрақты теріс динамикасы байқалатын болса, бұндай жағдайда білім алушы неғұрлым жоғары деңгейдегі кеңеске жіберілуі мүмкін. Баланың ата-анасы консилиум ұсыныстарын қабылдамаған, ата-анамен дау-жанжалды жағдаят болған жағдайда да дәл осы шараларды қолдану қажет. Неғұрлым жоғары деңгейдегі ұйымның беделі ата-анаға ықпал етудің оңтайлы компоненті болуы мүмкін.
3-кезең – ППк шешімдерін жүзеге асыру; жеке бағдарлама құру; психологиялық түзету бойынша ұсыныстар; мамандар іс-әрекетін үйлестіру; қолданыстағы бағдарламаларды түзету; мәселе бойынша педагогтар мен ата-аналарға кеңес беру және т.б.
Консилиумның түрлері
Мақсаты бойынша психологиялық-педагогикалық консилиумдарды алғашқы, жоспарлы, жедел және қорытынды деп бөлуге болады. Әр түріне жеке-жеке тоқтала кетейік.
Алғашқы консилиум – балаларды ұйымға қабылдау және дамуындағы проблемаларды анықтау барысында жүргізілуі мүмкін. Аталған жағдайда консилиум барлық мамандардың алғашқы зерттеулері аяқталысымен өткізілуі мүмкін. Негізінен бұл психолог, логопед (дефектолог), психиатр, педагог; жекелеген жағдайларда басқа да мамандар шақырылуы мүмкін.
Мақсаты: білім алушы дамуының ерекшеліктерін, оны оқытудың мүмкін жағдайлары мен түрлерін, педагогикалық процесті психолгиялық, логопедтік немесе басқа да қолдаудың қажетті түрлерін анықтау.
Жоспарлы консилиумды жарты жылдықта бір реттен кем емес өткізу ұсынылады.
Мақсаты: оқыту мен түзету динамикасын бағалау, қажет болған жағдайда түзетушілік жұмысқа өзгертулер мен толықтырулар енгізу, оқыту формасына, режиміне немесе бағдарламасына өзгертулер енгізу, қосымша зерттеулер тағайындау.
Жедел консилиум қажет болған жағдайда педагогтың немесе кез-келген басқа маманның өтініші бойынша (ұзақ ауру, кездейсоқ аффекті реакция, оқуда немесе түзету жұмысында кездейсоқ пайда болған басқа да мәселелер) өткізілуі мүмкін.
Мақсаты: пайда болған мәселелердің себебін анықтау; кері кетудің өлшемдерін, оның тұрақтылығын, оны жеңу мүмкіндіктерін бағалау; мүмкін жүктемені анықтау; оқытудың режиміне және түріне өзгерту енгізудің қажеттілігін анықтау.
Қорытынды консилиум баланың оқытудың жаңа сатысына өтуіне байланысты (мысалы, бастауыш мектептен негізгі орта білім алуға) немесе түзету жұмысының аяқталуына байланысты өткізіледі.
Консилиум мақсаты: оқытудың аяқталу кезіне оқушы мәртебесіне баға беру: барлық оқу пәндері бойынша меңгерілген білім, әлеуметтену деңгейі, эмоциялық-жігерлілік және мінез-құлық жүйесінің жағдайы, жоғары психикалық қызметінің даму деңгейі; болашақта баламен жұмыс істейтін педагогтарға ұсыныстар.
Қорытынды қонсилиум материалдары баланың психологиялық-педагогикалық мінездемесін құрастырудың негізі ретінде қолданылады.
Тиімді және құзыретті жұмыс істеу үшін консилиумның құрамы икемді болуы тиіс. Оның құрамына тұрақты және уақытша қатысушылар кіреді.
Тұрақты қатысушылар әр отырысқа қатысады, отырысты дайындауға және ұсыныстардың орындалуын бақылауға араласады. Білім беру ұйымының директоры, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары (директордың оқу-тәжірибелік жұмысы жөніндегі орынбасары), директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, әдіскер, педагог-психолог, логопед мұғалім, сынып жетекшілері, медициналық қызметкер, әлеуметтік педагог консилиумның міндетті қатысушылары болып табылады.
Уақытша қатысушылар – жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор, психиатр дәрігер және т.б. денсаулығы немесе әлеуметтік кері бейімделуіне байланысты туындаған ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға қатысты сұрақтар бойынша шақырылулары мүмкін. Сарапшы ретінде сөз сөйлеуші пән мұғалімдері, шақырылған түрлі маман-кеңесшілер, ата-аналар және оқушылар (қажет болған жағдайда) уақытша қатысушылар бола алады.
Консилиум жұмысын ППк төрағасы басқарады, жалпы білім беретін мекемелерде оның қызметін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары (бастауыш деңгейде – директордың бастауыш сыныптар бойынша оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары), мектепке дейінгі білім беру жүйесінде – әдіскер, техникалық және арнайы білім беру жүйесінде директордың оқу-тәжірибелік жұмыс жөніндегі орынбасары орындай алады.
Психологиялық-педагогикалық консилиумның төрағасы:
– психологиялық-педагогикалық консилиум жұмысын ұйымдастырады;
– отырыстардың жүйелілігін қамтамасыз етеді;
– қатысушы-педагогтар құрамын қалыптастырады; отырыста талқыланатын балалар құрамын қалыптастырады;
– консилиумның оқу-тәрбие процесінің басқа тармақтарымен байланысын үйлестіреді;
– консилиум ұсыныстарының орындалуын бақылауды ұйымдастырады;
– балаларды қосымша тексеруге (қажет болған жағдайда) уақытылы жіберілуіне бақылауды жүзеге асырады;
– баланың ата-анасына (қажет болған жағдайда) нақты ақпарат беруді қамтамасыз етеді.
Мамандардың командалық жұмысын ұйымдастыру және мультипәндік тәсілдің жүзеге асырылуы ППк-ның төрағасына байланысты болады.
Психологиялық-диагностикалық консилиум жұмысы аясында психологиялық қолдау көрсетудің үлгілік алгоритмі (Битянова М.Р. бойынша).
1. Қолдау іс-әрекеттерін өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және әдістемелік дайындық:
- консилиумдарды, диагностикалық іс-шараларды нақты және сағат бойынша жоспарлау;
- консилиумның барлық қатысушыларын аталған жоспармен таныстырып, келісу;
- қажетті әдістемелік материалдарды дайындау - бланктерді, әдістеме мәтіндерін, шешім жолдарын, өңдеуге қажетті кестелерді және т.б.
2. Диагностикалық тексерудің бірінші кезеңін өткізу:
- сабақ барысында балаларды бақылау, деректерді хаттамаға тіркеу;
- таңдап алынған параллельдің барлық оқушыларына диагностикалық минимум әдістемесін жүргізу;
- (қажет болған жағдайда) педагогтер мен ата-аналар арасында сараптамалық сауалнама жүргізу;
- қорытындыларды өңдеу, барлық балалар бойынша қорытынды бланктерді толтыру, тереңдетілген түрлі психологиялық-диагностикалық тексеру өткізу үшін балалар тобын іріктеу;
- психологиялық диагностиканың екінші кезеңін ұйымдастыру және әдістемелік дайындық.
3. Психологиялық-диагностикалық тексерудің екінші кезеңін өткізу:
- іріктелген топ балаларымен тереңдетілген диагностикалық тексеру өткізу;
- деректерді өңдеу, тексеру бойынша қорытындыны толтыру.
4. Психологиялық-педагогикалық консилиумға дайындық:
- сынып жетекшілерімен және басқа да мамандармен (мектеп дәрігерімен, психиатрмен, психологпен, логопедпен, дефектологпен және т.б.) болуға тиісті консилиумға қатысты кеңес өткізу;
- сыныптар (топтар) және жалпы параллельдер бойынша талдамалық ақпарат әзірлеу;
- талқылау жоспарын құрастыру: психологиялық сау балаларды және түрлі проблемалары бар балаларды топтарға бөлу; консилиум қорытындысын жазуға арналған бланкілерді дайындау.
5. Психологиялық-педагогикалық консилиум өткізу:
- қонсилиумға қатысушылардың арасында нақты балаларға қатысты ақпаратпен алмасу;
- әр баланы, сондай-ақ сыныпты немесе топты қолдау стратегиясын әзірлеу және жоспарлау;
- нақты бала бойынша консилиумның қорытынды бланкісін толтыру.
Қорытынды
Білім алу үдерісіндегі білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау әр түрлі бейінді мамандардың (психолог, логопед, дефектолог мұғалім және т.б.) қатысуын талап етеді. Олардың әрекеттерін үйлестіру, бұл қызметке үйлесімділік пен мақсатты бағытталғандық түр беру үшін білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының жұмысында командалық тәсілдеме қажет болады. Командалық тәсілдеме мамандар мен педагогтардың қосымша кәсіптік құзыреттілікті меңгерулерін білдіреді. Қажетті құзыреттіліктер: педагогикалық бақылауды жүргізе білу, баланың әр түрлі жас шамасындағы нормативтік даму заңдылықтары мен кезеңдерін білу, командада жұмыс істей білу, педагогикалық мәселелерді және т.б. ұжымдық талқылауға қатысу.
Бұл жерде мамандар мен педагогтардың негізінде оқушының жеке басына деген терең сыйласымдық пен кез келген балаға көмек көрсетудің жоғары уәждемесі жататын ұстанымдарының бірдей болуы өте маңызды болады.
Әр түрлі бейіндегі мамандардың командалық өзара әрекеттесулерінде шешілетін мазмұндық міндеттердің құрамына балаға оқыту үдерісінде тиімді көмек пен көмек көлемін таңдау міндеті кіреді. Тағы да бір мазмұндық міндетке педагогтарды әдістемелік қолдау, олардың бірыңғай пәнаралык команда жағдайындағы кәсіптік жетілуі жатады.
Консилиумды психологиялық-педагогикалық қолдау қызметін және педагогтарды мамандардың өзара әрекеттесуінің негізгі түрі ретінде пайдалану, белгіленген екі міндетті де табысты шешуге мүмкіндік береді. Мамандар (психолог, логопед, мұғалім-дефектолог) оқушының мәселелері туралы тек айтып қана қоймай, сонымен бірге педагогқа оны жеңу жолдарын көрсетуге тиісті, себебі оқу үдерісіндегі білім алуда ерекше қажеттілігі бар баланы қолдауға байланысты негізгі жұмысты педагог атқарады. Арнайы білім беру әдістемесін және тәсілдерін меңгерген мұғалім оларды оқыту үдерісін жоғары тиімділікпен қаматамасыз ете отыра, сыныптағы барлық оқушыларға қатысты оларды шығармашылықпен пайдалануға қабілетті болады.
Сонымен, мектептік консилиум, оның жұмысын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дұрыс ұйымдастырған жағдайда ол оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесінде ғана емес, сондай-ақ мектептегі білім беру үдерісінің сапасын арттыру бойынша мәселелерді шешуде де маңызды рөл атқарады.
Глоссарий
1. Психологиялық-педагогичкалық консилиум – бұл білім алуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыратын, баланы қолдаудың бірыңғай стратегиясын құратын білім беру ұйымы мамандарының өзара әрекеттесу түрі.
2. Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар – бұлар оларды тәрбиелеу және оқыту жағдайында арнайы жағдайдың ұйымдастырылуына және арнайы психологиялық-педагогикалық көмекті алуға мұқтаж балалар.
3. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалар (ДМШ) – туа біткен, тұқым қуалайтын, жүре пайда болған аурулардың немесе жарақаттану салдарынан дене бітімінде және (немесе) психикалық дамуында кемшіліктері бекітілген тәртіпте дәлелденген балалар.
4. Психологиялық-педагогикалық қолдау – әрбір баланы оның мүмкіндігі мен қажеттілігіне сәйкес оқыту мен дамытудың табысты болуына арналған әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдай құрылатын үдерістегі мамандардың жүйелі түрде ұйымдасқан бір тұтас қызметін білдіретін, білім беру-тәрбиелеу үдерісіндегі балаға көрсетілетін көмектің (қолдаудың) ерекше түрі.
5. ППК – психологиялық-педагогикалық кеңес.
№ ... жалпы білім беру мектебінің психологиялық-педагогикалық консилиумы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. № ... жалпы білім беру мектебінің психологиялық-педагогикалық консилиумы (ары қарай ППк) психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының өзара әрекеттесуі болып табылады. Консилиумның қызметі мектеп оқушыларының дамуы мен оқуындағы ерекшеліктерді зерттеуді және олардың мәселелерін шешуді кешенді тәсілдемемен қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Мектептік ППк өзінің қызметінде БҰҰ «Бала құқығы туралы» конвенциясын (Нью-Йорк, 20 қараша 1989 жылы), Қазақстан Республикасындағы «Балалар құқығы туралы» Заңдарын (8 тамыз 2002 жылы), ҚР «Білім туралы» Заңын (9 сәуір 2016 жылы), ҚР «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңын (11 шілде 2002 жылы) және басқа да нормативті құқықтық актілерді басшылыққа алады.
2. Мектептің психологиялық-педагогикалық консилиумының мақсаты мен міндеттері
3. ППк мақсаты бала дамуының бірыңғай стратегиясын құру мен жүзеге асыру, консилиум баланың жанұясы мен оның оқуын жүзеге асыратын педагогтарға көмек ұйымдастыруға бағытталған кәсіпаралық ынтамақтастық болып табылады.
Міндеттері:
1. Оқушының оқуы мен әлеуметтенуін жетістіктермен қамтамасыз ететін профилактикалық, психологиялық-педагогикалық түзету және әлеуметтік шараларды анықтау үшін баланың танымдық қызметінің даму деңгейі мен ерекшеліктерін анықтау, эмоциялық-ерік және жеке тұлғалық дамуын зерттеу.
2. Баланың әлеуетті мүмкіндіктерін анықтау, жалпы және түзете оқыту мен тәрбиелеу үдерісін даралық-сараланған тәсілдемемен қамтамасыз ету үшін білім беру үдерісіне қатысушыларға арналған ұсынымдар әзірлеу.
3. Психологиялық-педагогикалық қолдаудың және оқушылармен түзете дамыту жұмысының жеке бағдарламасын әзірлеу.
4. Баланың өзекті дамуын, оның жағдайының динамикасын бейнелейтін құжаттарды дайындау және жүргізу. Баламен тікелей жұмыс жасайтын педагогтардың, өзара әрекеттесулерін ұйымдастыру.
3. Мектептің психологиялық-педагогикалық консилиумының қызметін ұйымдастыру
4. Консилиум мәжілісінде балалар мен жасөспірімдердің мәселелерін талқылау ата-аналарының (заңды өкілдерінің) ынтасы бойынша, сондай-ақ бала оқитын немесе тәрбиеленетін сыныптың (топтың) педагогының, білім беру ұйымында жұмыс істейтін басқа мамандардың да бастамалары бойынша жүзеге асырылады.
5. Барлық маман баланы жеке-жеке тексереді. Әрбір маманның өзінің әдістемелері, тәсілдемелері, диагностикалық кешендері болады.
6. Тексеру нәтижелері бойынша әрбір маман консилиум үшін бекітілген түрде өз ұсыныстарын береді.
7. Алынған мәліметтердің негізінде (мамандардың қорытындысы) коллегиалды түрде ППк тұжырымдамасы жасалады, баланың жеке мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін есепке ала отырып, түзете дамыту және оқу-тәрбиелеу жұмысын ұйымдастыруға арналған ұсынымдар әзірленеді.
8. Консилиум маман мүшелерінің кеңесін алған барлық балалар тіркеу және есеп журналына тіркеледі.
9. Консилиум жұмысына қатысқан мамандар және төрағасы тексеруден өткен балалар туралы ақпараттың құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді.
4. Консилиумды дайындау және өткізу тәртібі
10. ППк жоспарлы және жоспардан тыс болып екіге бөлінеді.
11. Жоспарлы консилиум ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жоспарына сәйкес өтеді. Оның қызметі төмендегі міндеттері шешуге бағытталған:
- бала дамуының ерекшеліктерін, оны оқытудың мүмкін болатын талаптары мен мақсаттарын анықтау;
- түзете дамыту жұмысының мазмұнын қоса отырып, баланы психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламасын құру;
- оқытудың, түзетудің және дамудың динамикасын бағалау, түзету жұмысына қосымшалар мен өзгерістер енгізу, оқыту түрін, түзімін, бағдарламасын өзгерту, қосымша тексеруді тағайындау.
12. Консилиумның жоспардан тыс мәжілісі мамандардың, педагогтар немесе ата-аналардың сұрауы бойынша ұйымдастырылады. Жоспардан тыс ППк келесі міндеттерді шешеді:
- туындаған мәселені талдау, оларды шешу жолын таңдау;
- рұқсат етілетін жүктемелерді, оқытудың түзімі мен түрін өзгерту қажеттілігін анықтау.
13. Баланың мәселелерін талқылау бойынша консилиум мәжілісін өткізуді дайындау консилиумды өткізу мерзіміне дейін 10 күннен кеш болмайтындай жоспарланады.
14. Мамандар, баламен тікелей жұмыс істейтін жетекшілер консилиум мәжілісін өткізуге дейін 3 күннен кеш болмайтындай уақытта консилиум хатшысына қажетті құжаттарды, баланың жазба жұмыстарын тапсыруға міндетті.
15. Мәжіліс ППк төрағасының басшылығымен өтеді.
16. Жетекші маман жалпы жағдайды баяндайды. Баламен жұмысқа қатысатын әрбір маман бала туралы ауызша тұжырымдама береді.
17. Баланы тәрбиелеу мен оқыту бойынша ППК түзете дамыту жұмысын ары қарай жүргізу бойынша ұсынымдар педагогтарды қосқанда, баламен жұмыс істейтін барлық мамандарға міндетті болады.
18. ППк хаттамасы мәжіліс өткеннен кейін 2-3 күн ішінде дайындалады, оған ППк қатысқан барлық мамандар қол қояды.
5. Мектептің психологиялық-педагогикалық консилиумының құжаттары
№ ... НОМ-де ПП консилиумының құрылуы туралы бұйрық.
№ ... НОМ-нің ПП консилиумының Ережелері.
ППк-не келген балалар тіркелетін журнал.
ППк мәжілістері тіркелетін журнал; ППк тұжырымдары мен ұсынымдары тіркелетін журнал.
Динамикалық бақылауда тұрған балаларды есепке алу журналы.
Мамандардың консилиум үшін оқушыларға берген ұсыным түсініктемелері.
А қосымшасы
Консилиумге арналған педагогикалық ұсыным
Баланың тегі, аты Жасы Сынып Жалпы хабардар болу
(өзі және жанұясы туралы мәлімет, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдылары, жалпы қабылданған тәртіп нормаларын орындау)
Білімі, қоршағандар туралы түсініктер
Оқу дағдыларының қалыптасқандығы.
Оқу пәндерін меңгеруінің бағдарлама талаптарына сәйкес болуы.
Оқу пәндерін меңгерудегі қиындықтар, қате түрлері.
Математика __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Оқу Жазу
Ауызша сөйлеу тілінің ерекшеліктері
Бейнелеу әрекеті, қол еңбегі __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Эмоционалды тәртіп ерекшеліктері __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Қорытынды:
Ұсынымдар: __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Тексеру күні Педагогтың қолы
Консилиумға арналған психологтың ұсынымы
Оқушының Т.А.Ә. ____________________________ Жасы ____________
Сынып
Тәртіп, қатынас, әдеттер мен қызығушылықтарының ерекшеліктері
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Қимылдық ептілік Жетекші: қол ___________аяқ ____________ құлақ ___________ көз _____
Әрекеттесудің сипаттамасы:
Уәждемесі
Сыншылдығы
Жұмысқа қабілеті
Әрекет етудің қарқыны __________________________________________________________________ __________________________________________________________________
Есте сақтаудың ерекшеліктері __________________________________________________________________ __________________________________________________________________
Сөйлеу тілінің сапалық сипаттамасы __________________________________________________________________ __________________________________________________________________
Зерде дамуының сипаттамасы
Кеңістіктік және мезгілдік қатынас туралы түсініктің қалыптасқандығы
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Эмоционалдық-тұлғалық және уәждемелік-ерік ерекшеліктері
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Қорытынды
(өзекті даму деңгейі, аталған салалардағы ерекше ерекшеліктері, әлеуеттік мүмкіндіктері)
Ұсынымдар:
Күні ______________ Психологтың аты-жөні ______________________
Балаға логопедиялық тұжырымдама
Баланың тегі, аты, әкесінің есімі _________________________________________________________________
Туылған күні
Сөйлеу тілдік қоршаған орта (жақындарының сөйлеу тілдік кемшіліктері, қос тілділік, тұқым қуалаушылық және т.б.)
Ерте жастағы сөйлеу тілдік даму:
уілдеу____________ былдыр ____________ сөз _____ тіркес
Сөйлеу тілдік бұзылыстар қашан байқалды?
Логопедпен сабақтар
(қайда, қандай нәтижемен?)
Сөйлеу тілінің жалпы дыбысталуы (қарқыны, жатықтығы, анықтығы)
Тұтығумен байланысты сөйлеу тілінің ерекшеліктері __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Сөйлеу тілінің дыбыстық жағы
Сөйлеу аппаратының құрылысы және қозғалғыштығы
Дыбысты айтудың бұзылуы
____________________________________________________________________
Сөздің буындық құрылымы __________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Дыбыстық талдау және синтез
Достарыңызбен бөлісу: |