Бағалардың жіктелуі:
1. Бағаның қасиетіне байланысты:
Көтерме баға - өндіруші кәсіпорындар және көтерме сатып өткізу ұйымдары өз өнімін сатқан кезде белгіленетін баға.
Трансферттік баға – интеграцияланған фирманың бөлімшелері және филиалдары арасындағы өндіріс факторлары және өнімдер айырбасталған кездегі баға.
Сатып алу бағасы – ауыл шаруашылық өнімдері ауыл шаруашылық кәсіпорындарынан және тұрғындардан сатып алынған кездегі баға.
Бөлшек сауда бағасы – тұрғындарға немесе ұсақ көтерме саудагерлерге сатылған кездегі тауар бағасы.
Тариф – қызметтерге белгіленетін баға.
Еркін баға – нарықтың конъюнктурасына байланысты сатушының белгіленетін бағасы.
Сұраныс бағасы – тұтынушының тауарды сатып алуға келіскен бағасы.
Ұсыныс бағасы – сатушының тауарды жеңілдіксіз сатқан бағасы.
Реттелетін баға – арнаулы басқару органдары арқылы, яғни мемлекеттің араласумен белгіленетін баға.
Шектеулі баға – кәсіпорын өз өнімдеріне немесе қызметтерге одан жоғары белгілемейтін баға.
Нақты баға – белгілі бір деңгейде қойылатын және олардың өзгеруі тек қана мемлекеттік органдар немесе сол нарықтағы субъектілердің шешімімен ғана жүзеге асатын баға.
Қатаң баға – келісім шарт жасау кезінде белгіленетін және сол келісім шарттың мерзімі біткенше өзгермейтін баға.
Өзгеретін баға – келісім шарт жасау кезінде белгіленіп, бірақ кейін нарықтағы баға өзгерісіне байланысып өзгеретін баға.
Жылжымалы баға –ұзақ уақыт жасап шығарылатын өнімдерге белгіленетін баға.
2. Уақыт факторына байланысты:
Тұрақты баға – қаншалықты уақытқа дейін тұрақты болатын анықталмаған баға.
Маусымдық баға – қолданылу уақыты алдын ала белгіленген баға.
Нетто бағасы – тауардың «таза» бағасы.
Брутто бағасы – сату, сатып алу жағдайларына байланысты белгіленетін баға.
Келісілген баға - өнімді өндіруші мен тұтынушы арасында келісім бойынша белгіленген баға.
3. Нарық түріне байланысты:
Аукциондық баға –аукционда сатылған тауар бағасы.
Биржалық котировка – тауар биржаларында белгіленген келісім-шарт бағасы.
Анықтамалық баға – арнайы баспасөз беттерінде жарияланатын баға.
Халықаралық сауда бағасы – халықаралық нарықтарда және белгілі бір елдің сыртқы айналымында белгіленетін бағалар жиынтығы.
Әлемдік баға – тұрақты сипаттағы ірі экспорттық-импорттық операцияларды ұйымдастыру кезінде еркін айырбасталатын валютамен төлеуге көзделген баға.
3. Баға белгілеуде ықпал ететін факторлар.
Баға белгілеу процесіне төмендегідей факторлар ықпал етеді:
Белгілі бір тауардың орташа нарықтық бағасына бағыты
Баға көшбасшысына бағыты
Сұраныс көлеміне бағыты
Баға дискриминациясы
Сатып өткізу орны бойынша баға дискриминациясы
Сатып өткізу мерзіміне байланысты баға дискриминациясы
Жаңа нарыққа шығу шарттары.
Жаңа тауарды енгізу шарттары
Фирма мүдделерін қорғау жағдайлары
Нарық сегменттерін біртіндеп қамту жағдайлары
Тауар ассортименті шегінде баға белгілеу шарттары
Толықтырушы тауарларға баға белгілеу шарттары
Жеңілдікпен баға белгілеу шарттары
Тақырып 2. Баға саясаты: мәні, мақсаттары.
1. Баға саясатының түсінігі және мақсаттары.
2. Тауардың өмірлік циклындағы баға саясаты.
1. Баға саясатының түсінігі және мақсаттары.
Нарықтық экономика жағдайында баға – кәсіпорын қызметін сипаттайтын басты экономикалық параметр болып табылады. Әрбір тауар өндіруші өз ісін нарықта сақтап қалу үшін кәсіпорынның баға саясатын дұрыс анықтауы қажет. Баға саясаты кәсіпорынның жалпы маркетинг саясатының маңызды элементі ретінде қаралады.
Баға саясаты -бұл белгілі бір нарықтық жағдайда максималды табысқа жету мақсатымен тауарлар мен нарыққа байланысты оптималды баға деңгейін құру және қалыпта ұстау, мерзіміне қарай өзгертуді қарастыратын кәсіпорын саясаты. Белсенді және белсенді емес баға саясатын ажыратады.
Белсенді баға саясаты жағдайында кәсіпорын баға белгілеу арқылы барлық нарықтық мүмкіндіктерді пайдаланып, бәсекелестердің баға өзгерісіне тез бейімделе алады. Баға көмегімен кәсіпорын нарықтың басым бөлігін жаулап алуға және жоғары пайдаға қол жеткізе алады.
Белсенді емес баға саясаты жағдайында баға кәсіпорын маркетингінде маңызды роль атқармайды және кәсіпорын бәсекелестердің баға өзгерісіне тез бейімделе алмайды және өз қызметін баға көшбасшысына бағыттайды.
Баға саясатының негізгі мақсаттары:
Фирманың болашақта қызмет етуі
Қысқа мерзім ішінде пайданы максимизациялау
Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын көбейту
Сатып өткізу көлемін жоғарлату
Жоғары баға белгілеу арқылы тиімділікке жету
Сапа бойынша көшбасшылыққа жету
Баға саясатының атлған мақсаттары әртүрлі мерзімде, әртүрлі баға жағдайында іске асырылуы мүмкін, бірақ осы мақсаттардың барлығы ортақ мақсатқа – ұзақ мерзім ішінде пайданы ұлғайтуға біріктіріледі. Баға саясатының қалыптасуы және оның іске асырылуы кәсіпорынның жалпы саясатымен байланысты, себебі әрбір кәсіпорынның негізгі мақсаты – тұтынушылардың басым көпшілігіне өнімдерді табысты сатып өткізу мақсатын көздейді. Баға саясатын қалыптастыру және табысты іске асыру үшін белгілі бір кәсіпорындарда өнімдерге баға белгілеу мәселелерін шешетін тұрақты қызмет етуші құрылымдық бөлімшелер, яғни баға бөлімшелері әрекет етеді. Бұл бөлімшелердің қызметі кәсіпорынның маркетингтік және сатып өткізу қызметтерімен тығыз байланысты болады. Бұл қызметтерге ақпарат жинау, сатып өткізу көлемін жоспарлау, жарнама кампанияларын жүргізу, тауар маркасының имджін қалыптастыру, ақпарат тарату жатады.
2. Тауардың өмірлік циклындағы баға саясаты.
Нарықтық экономикада танымал концепциялардың бірі – бұл тауардың өмірлік цикл концепциясы. Тауардың өмірлік циклындағы баға саясаты келесі факторларға байланысты:
Тауар өндірудің көлемін көбейту нәтижесінде шығындарды өзгерту
Тауардың жаңалық дәрежесіне байланысты тұтынушы сұранысының өзгеруі
Нарықта тауардың өмір сүру мерзімінің ескерілуі
Тауардың өмірлік циклының сатылары:
Тауарды өндіру және нарыққа шығару сатысы маңызды ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық және өндірістік шығындардың және нақты бәсекелестердің болмауымен сипатталады және баға тауардың сапалық көрсеткіші ретінде қарастырылады.
Тауардың өсу сатысысында тауар алғашқы рет бәсекеге ұшырайды, соның салдарынан тұтынушы таңдау мүмкіндігіне ие болады және тауар туралы көптеген ақпаратты қажет етеді. Мұнда бірінші сатымен салыстырғанда баға жоғары болады. Өсу сатысында баға саясатының келесі мақсаттарын іске асыруға болады:
Бәсекелестердің бағаларынан жоғары баға белгілеу жағдайда тиімділікке жету
«Паритет» бағаларын белгілеу жағдайында бәсекелестерімен жасырын келісім-шаотқа отыру немесе көшбасшыға бағыт алу қарастырылады.
Тауардың жетілу сатысында нарық тауарлармен толтырылады, басқа фирмалардың нарықтан шығуына байланысты бәсеке азаяды, кейбір фирмалар жаңа өнімдер өндіруге бағыт алады.
Тауардың төмендеу сатысында тауар өзінің нарықта өмір сүруін аяқтайды, яғни баға төмендейді, соның салдарынан сұраныс азаяды, пайда қысқарады, тауар нарықтан шығады.
Тақырып 3. Баға сяасатының негізгі стратегиялары.
1. Баға стратегияларының мәні, түрлері.
2. Баға стратегияларын қалыптастыру кезеңдері.
1. Баға стратегияларының мәні, түрлері.
Кәсіпорынның баға саясаты баға стратегиясын қалыптастыру үшін қажет. Баға стратегиялары кәсіпорынның жалпы стратегияларының бір бөлігі болып табылады.
Баға стратегиялары – бұл кәсіпорынмен шығарылатын өнімнің нақты түрлеріне нарықтық баға белгілеу жағдайында негізге алынатын практикалық факторлар мен әдістер жиынтығы. Баға стратегияларының негізгі түрлері:
Жоғары баға стратегиясының мақсаты жаңа тауарлардыңпайдалыллыға жоғары болып саналатын және сол тауарларға қалыпты нарықтық бағадан жоғары бағасын төлеуге дайын тұтынушылардан «жоғары баға белгілеу арқылы тиімділікке жету» жолымен жоғары пайда алу. Бұл стратегияны біріншіден, аналогтары жоқ, патентпен қорғалған, нарыққа алғаш рет жаңадан шыққан тауарларға, екіншіден, табысы жоғары тұтынушыларға бағытталған тауарларға, үшіншіден, ұзақ мерзім ішінде жаппай сатып өткізу перспективасы жоқ фирмалардың жаңа тауарларына қолдануға болады.
Жоғары баға стратегиясы тиімді болады, егер нарықта бәсекелестер саны аз болса, бәсекелестер үшін жаңа нарықты игеру шығындары көп болса, жаңа тауарды өндіруде шикізат, материалдар, құрал-жабдықтар шектеулі болса, жаңа тауарды сатып өткізу күрделі болған жағдайларда. Белгілі бір тауарларға жоғары баға белгілей отырып, өндіруші-кәсіпорын уақытша монополияны иемденеді. Жоғары баға стратегиясы кезеңінде баға саясатының мақсаты – жаңа тауар нарығы бәсеке объектісі болғанға дейін пайданы максимизациялау.
Орташа баға стратегиясы тауардың өмірлік циклының барлық фазаларында қолданылады және ұзақ мерзімді саясат ретінде пайда алуды қарастыратын көптеген фирмалар үшін тиімді. Көптеген фирмалар мұндай стратегияны әділетті деп санайды, себебі ол «бағалар соғысын» болдырмайды, жаңа бәсекелестердің пайда болуына әкелмейді, фирмаларға тұтынушылар арқылы байуға жол бермейді және салынған капиталдан тиісті пайда алуға жағдай жасайды.
Төмен баға стратегиясы тауардың өмірлік циклының кез келген фазасында пайдалануы мүмкін және келесі жағдайларда қолданылады:
нарыққа ену, нарықта тауарлардың үлесін көбейту мақсатымен
өндірістік күштерді толық пайдалану мақсатымен
банкроттылықты болдырмау мақсатымен
Төмен баға стратегиясы ұзақ мерзімді пайда алуды көздейді.
Мақсатты баға стратегиясы жағдайында баға және сатып өткізу көлемі қалай өзгерсе де пайда мөлшері тұрақты болу қажет, яғни пайда мақсатты өлшем болып табылады. Бұл стратегия негізінен ірі корпорациялармен қолданылады.
Жеңілдік баға стратегиясының мақсаты сатып өткізу көлемін көбейту болып табылады. Бұл стратегия тауардың өмірлік циклының соңында пайдаланады және әртүрлі жеңілдіктерді қолдануда орын алады.
«Көшбасшыға бағытталу» стратегиясының мәні шағын фирмалар ірі компанияның баға деңгейіне сәйкес жаңа өнімге баға белгілеуді қарастырмайды, бірақ нарықта немесе салада көшбасшының баға саясатын ескеру қажет. Жаңа тауарларға баға көшбасшы компанияның бағасынан ауытқуы мүмкін, бірақ бұл жағдай сапалық және техникалық артықшылықтармен сипатталуы керек.
Баға стратегияларының келесі түрлері сирек қолданылады:
Өзгермейтін баға стратегиясы жағдайында фирма ұзақ мерзім ішінде өзгеріссіз баға белгілеуге ұмтылады, ал өндіріс шығындары көбейген жағдайда фирма бағаны өзгертудің орнына упаковка көлемін немесе тауардың құрылымын өзгертеді.
Психологиялық баға стратегиясы тұтынушыға оңды әсер етеді, себебі тұтынушы бағалардың сандық ерекшелігіне көңіл бөледі.
Сонымен қатар, сатып өткізуге көмектесу стратегиясы, дифференциацияланған баға стратегиясы, шекті баға стратегиясы, «көшбасшылықтан түсу» стратегиясы, жаппай сатып алу бағаларының стратегиясы, тұрақсыз өзгеретін бағалар стратегиясы қолданылады.
Белгілі бір уақыт аралығында фирмалар өз өнімдеріне бағаны өзгертуді қажет етеді.
Бағалардың төмендеуі өндірістік күштердің толық пайдаланбауы, күшті бәсеке ықпалынан нарық үлесінің қысқаруы, фирманың нарықта алдыңғы қатарлы болуға ұмтылуы салдарынан болуы мүмкін. Бағалардың жоғарлауы тұрақты инфляция мен сұраныстың тым көбеюі салдарынан болуы мүмкін. Фирма бағасын өзгерткен жағдайда бәсекелестердің әрекеттері белгілі бір тауарлардың сатушылар санына, оның қаржылық жағдайына, баға өзгерісіне нарықтың бейімделуіне, өндіріс шығындарының динамикасына тәуелді болады. Баға өзгерісі жағдайында фирма бәсекелестеріне байланысты келесі мәселелерді шешуі қажет:
Бәсекелес не себептен бағаларды өзгеттті
Бәсекелес уақытша баға өзгерісін жоспарлауда ма, әлде бұл ұзақ мерзімді саясат па
Фирма бәсекелестеріне қарсы шаралар жүргізбесе, онда оның нарықтағы үлесі және табыстары қалай өзгереді
Басқа фирмалар бәсекелестеріне қарсы шараларды қолдана ма
2. Баға стратегияларын қалыптастыру кезеңдері.
Баға саясаты мен кәсіпорын стратегиясын қалыптастыру көптеген іс-шаралар мен есептеулерді өткізуді қамтиды:
Кәсіпорынныңөнімдерін өндіруге және сатып өткізуге кеткен шығындардың оптималды мөлшерін анықтау
Потенциалды сатып алушылар үшін өнімнің пайдалылығын анықтау
Кәсіпорын үшін жоғары пайда әкелетін өнімнің сатып өткізу көлемін және нарықтағы үлесін анықтау
Баға бойынша шешімдер өндіру көлемі бойынша, шығындарды есептеу бойынша, өнімнің дизайны мен жаранамасы бойынша, сатып өткізу әдістері бойынша шешімдермен тығыз байланысты. Баға саясатын және кәсіпорын стратегиясын қалыптастыру 3 кезеңде іске асырылады:
1. Бастапқы ақпарат жинақтау:
Шығындарды бағалау
Кәсіпорынның қаржылық мақсаттарын анықтау
Потенциалды сатып алушыларды анықтау
Маркетингтік стратегияны бекіту
Потенциалды бәсекелестерді анықтау
2. Стратегиялық талдау:
Қаржылық талдау
Нарықты сегменттік талдау
Бәсекені талдау
Мемлекеттік реттеудің ықпалын бағалау
3. Стратегияны қалыптастыру:
Қорытынды баға стратегиясын белгілеу
Тақырып 4. Баға саясатындағы баға белгілеу.
1. Баға қалыптастыруды ұйымдастыру схемасы.
2. Баға белгілеудің шығындық, нарықтық, эконометриялық әдістері.
1. Баға қалыптастыруды ұйымдастыру схемасы.
Әрбір тауардың бағасы болады, бірақ кез келген кәсіпорын өз тауарын сатқысы келетін баға белгілей алмайды. Егер де тауардың бәсекелестері көп болса, кәсіпорын баға белгілей алмайды және нарықпен белгіленген бағаны қабылдайды. Баға белгілеу бойынша шешімдер шығындарға және рентабельділікке байланысты қабылданады. Баға белгілеуге ықпал ететін факторлар: инфляцияның жоғары деңгейі, шикізатқа бағаның өсуі, проценттік ставканың өсуі, бәсекенің күшеюі, сатып алу қабілеттілігінің төмендеуі.
Тауарлардың ерекшелігіне, сатушы фирманың ауқымы мен қаржы мүмкіндіктеріне, оның мақсаттарына байланысты баға белгілеудің әртүрлі әдістері қолданылады. Баға белгілеу әдісін таңдаған кезде тауарлардың жаңалық дәрежесі, сапа бойынша тауар дифференциациясы, тауардың өмірлік цикл сатысы маңызды ықпал етеді. Кәсіпорындағы минималды баға өнімнің өзіндік құнымен, ал максималды баға өнімнің ерекше қасиеттерімен анықталады. Тауарға баға белгілеу баға бойынша жүйелі кезеңдердің өтуін қарастырады:
1 кезең. Баға белгілеудің мақсаты мен міндетін анықтау.
Тауардың бағасы кәсіпорын үшін басты қызмет атқарады, ол тауардың сатып өткізілуінен табыс алуды көздейді. Фирма баға белгілеген кезде тауарға белгіленген баға көмегімен қандай мақсаттарға жетуді анықтайды., мақсат нақты койылса, баға да дұрыс қойылады.
2 кезең. Сұранысты анықтау.
3 кезең. Өндіріс шығындарын бағалау.
Өндіріс шығындары тауардың минималды бағасын анықтайды. Әрбір фирма өндіріс шығындарын толық жабатын және қалыпты пайда әкелетін баға белгілеуге ұмтылады.
4 кезең. Бәсекелесуші тауардың бағасын және сапасын талдау.
5 кезең. Баға белгілеу әдістерін таңдау.
Бағаны әртүрлі әдістермен анықтауға болады, олардың әрбіреуі баға деңгейіне әртүрлі ықпал етеді. Сондықтан фирмалар нақты тауарға дұрыс баға белгілеуге мүмкіндік беретін әдісті таңдайды.
6 кезең. Бастапқы баға белгілеу.
Таңдалған баға белгілеу әдісі негізінде мүмкін баға деңгейі анықталады.
7 кезең. Қосымша факторларды ескеру.
Бағаның қорытынды деңгейін анықтау үшін, фирма баға деңгейіне ықпал ететін қосымша факторларды ескеруі қажет, баға саясатының мақсатттарының орындалуын бақылау, сатып алушылардың, делдалдардың, бәсекелестердің, мемлекеттің баға өзгерісіне бейімделуін ескеру қажет.
8 кезең. Қорытынды баға белгілеу.
Бұл кезеңде қорытынды баға белгіленеді, тиісті құжаттар толтырылады. Баға белгілеудің барлық әдістері 3 ірі топқа біріктіріледі: шығындық, нарықтық, эконометриялық. Бұл әдістер коммерциялық құпия болып табылады және басылымдарда жалпы түрде жарияланады.
2. Баға белгілеудің шығындық, нарықтық, эконометриялық әдістері.
Қазіргі уақытта нарықтық баға белгілеуде шығындық әдістердің келесі түрлері қолданылады:
1. Толық шығындарды анықтауға негізделген әдістер дәстүрлі тауарлардың бағасын есептеу үшін және жаңа тауарларға баға белгілеу үшін тауар дифференциациясы нақты көрінетін кәсіпорындарда кең тараған.
2. Тікелей шығындарға негізделген әдістер өзгермелі шығындарға қосымша пайданы қосу жолымен баға белгілеу болып табылады. Бұл әдіс сатып өткізу шарттарын ескере отырып, өнім өндіру көлемінің, өнім өндіруге кеткен шығындардың және сатып өткізу бағаларының оптималды сәйкестігін табуға мүмкіндік береді.
Баға белгілеудің нарықтық әдістері:
1. Ағымдағы баға белгілеу әдісі көшбасшыға бағытталу жағдайында пайдаланған дұрыс.
Бұл әдіс бірыңғай тауарлар нарығында кең қолданылады, себебі бәсеке жоғары нарығында бірыңғай тауар сататын фирманың бағаға ықпал ету мүмкіндіктері шектеулі болады.
2. Тендерлік баға белгілеу әдісі белгілі бір келісім-шартқа қол жеткізу үшін күшті бәсеке жүргізетін бірнеше компаниялардың салалаларында қолданылады.
Баға белгілеудің эконометриялық әдістері:
1. Үлестік көрсеткіштер әдісі негізгі бір параметрдың болуымен сипатталатын шағын өнім топтарының бағаларын талдау үшін қолданылады.
2. Регрессиялық талдау әдісі өнімнің техника-экономикалық параметрлерінің өзгеруіне байланысты баға өзгерісіне тәуелділігін анықтау үшін қолданылады.
3. Балл арқылы баға белгілеу әдісі тұтынушы үшін өнім параметрлерінің маңыздылығын эксперттік бағалау негізінде әрбір параметрге белгілі бір балл жоспарланады, бұл баллдың қосындысы өнімнің техника-экономикалық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
4. Агрегатты әдіс параметрлік қатарға кіретін өнімнің конструкторлық бөлшектер бағасының қосындысы ретінде анықталады.
Тақырып 5. Баға белгілеуді мемлекеттік реттеу.
1. Баға белгілеуді мемлекеттік реттеу мақсаттары.
2. Баға белгілеуді мемлекеттік реттеу әдістері.
1. Баға белгілеуді мемлекеттік реттеу мақсаттары.
Мемлекет баға саясатын және белгілеу туралы заңдылықтың іске асырылуын қамтамасыз етеді. Баға саясаты халық шаруашылығында және қызметтер саласында бағаларды реттеуге және олардың орындалуын бақылауды іске асыруға бағытталған мемлекеттік билік органдарының, жергілікті басқару органдарының және баға белгілеу субъектілерінің қызметтерімен іске асырылады. Баға саясаты монополияға қарсы заңдылықпен қарастырылған тәртіппен монополиялық іс-әрекеттің келеңсіз салдарын шектеу арқылы бағалардың мемлекеттік белгіленуін бақылау, реттеу және бағаларды қалыптастыруды талдау арқылы жүргізіледі. Баға саясаты мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігі болып табылады және нарықтық қатынастар жағдайында маңызды орын алады. Баға саясаты нарықтық қатынастардың дамуына үлес қосады, жеке, мемлекеттік және басқа меншік формаларының қорғау құралы болып табылады, инфляцияның баяулауына және келеңсіз экономикалық әлеуметтік салдарының жеңілдеуіне әкеледі, сонымен қатар бәсекенің дамуына, тауарлар, қызметтер, қаржы құралдарының еркін қозғалуына, экономикалық қызметтің еркіндігіне жағдай жасайды. Әрбір елде баға саясатын қалыптастыратын және іске асыратын органдар қаралған. Қазақстанда бұл органдарға атқарушы билік органдары, яғни Экономика және бюджетті жоспарлау Министірлігі, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекені қорғау Департаменті жатады. Атқарушы биліктің орталық органы бола тұрып, бұл Департамент мемлекеттік реттеуді ғана жүргізбейді, сонымен қатар бағларды салааралық координациялаудыіске асырады.
Департаменттің негізгі атқаратын қызметтері:
Елдегі бірыңғай баға саясатын жүргізу бойынша ұсыныстар енгізу
Әлеуметтік мәселелерді шешу
Халық шаруашылығында өзгерістерді енгізу мақсатыменбаға белгілеу механизмін жетілдіру
Халық шаруашылығында және жеке салаларда баға динамикасын болжау
Реттелетін нарықтық бағаларды белгілеу және қолдану тәртібін жетілдіру
Монополист-кәсіпорындардың өнімдеріне бағаларды реттеу
Шаруашылық субъектілердің мемлекеттік баға белгілеу бойынша заңдылықтардың орындалуын бақылау жүргізу
Шетелдерде және ТМД мемлекеттерінде баға белгілеу тәжірибесін зерттеу және жалпылау
Мемлекеттің субъектілері деңгейінде баға белгілеу мәселелерімен заң шығарушы, атқарушы, жергілікті басқару органдары айналысады. Бұл органдар баға белгілеу бойынша келесі қызметтер атқарады:
Жергілікті нарықтарда бағаларды реттеуді іске асырады
Жергілікті нарықтарда баға белгілеу бойынша саясат пен заңдылықтың іске асырылуын қамтамасыз етеді
Жергілікті нарықтарда өндірілетін және сатып өткізілетін әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны жергілікті бюджет есебінен бекітеді және реттейді
Жергілікті нарықтарда бағалардың өзгеруіне бақылау жүргізеді
2. Баға белгілеуді мемлекеттік реттеу әдістері.
Бағаларды мемлекеттік реттеудің тікелей және жанама әдістері қолданылады. Қалыптасқан бағалар деңгейіне мемлекеттің тікелей араласуы – бұл бағалар қозғалысы, құрылымы, деңгейін қалыптастыруға, баға белгілеудің белгілі бір ережелерін бекітуге мемлекеттің қатысуы. Баға белгілеу процесіне мемлекеттің тікелей араласу формалары:
Бағаларды жалпы бір қалыпта ұстау немесе белгілі бір тауар түрлеріне бағаларды қалыпта ұстау
Тұрақты тарифтер мен бағаларды белгілеу
Максималды және минималды баға деңгейінің шегін белгілеу
Рентабельділіктің шекті нормативін белгілеу
Қамтамасыз ету-сатып өткізу және сауда үстемелерінің шекті мөлшерін белгілеу
Биржалық және биржалық емес айналым үшін мемлекеттік сектордағы тауарларға бағаның шекті деңгейін енгізу
Бағаларды декларациялау
Басты өнім түрлері бойынша ұсыныс бағаларын енгізу
Баға белгілеуге жанама араласу әдістері нарықтағы тауар ұсынысын кеңейтуге, тұрғындар табысын басқаруға, өндірілетін және тұтынылатын өнімдерге салықты реттеуге жағдай жасайтын тәсілдер мен әдістер жиынтығының қолданылуымен қамтамасыз етіледі.
Баға белгілеуді жанама реттеу әдістеріне келесілер жатады:
Жеңілдік салық салуды қолдану
Жеңілдік несие беру
Мемлекеттік бюджеттен субсидиялау және дотациялау
Бәсеке мен кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау
Тұтыну тауарларын өндіруді, тұрғындарға көрсетілетін қызметтерді кеңейтуді, мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысын көбейтуді дамыту бойынша арнайы үкіметтік бағдарламаларды жасау
Жаңа өнім түрлерін өндіруге және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік қаржыландыру
Біріккен кәсіпорындар құру, елге шетел инвестицияларын тартуды мемлекеттік ынталандыру
Елдегі тапшылық тауарларына жеңілдік баж салығын және кеден тарифтерін тиімді пайдалану
Достарыңызбен бөлісу: |