Бейімбет Майлин атындағы


Жамбыл Жабаевтың өмірі жайлы мәлімет



жүктеу 1,23 Mb.
бет2/6
Дата07.02.2018
өлшемі1,23 Mb.
#8947
түріСабақ
1   2   3   4   5   6

1.1. Жамбыл Жабаевтың өмірі жайлы мәлімет

  Болашақ акын 1846 жылы ақпан айында казіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол жайында ақынның өзі “Менің өмірім" – деген өлеңінде:

 Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей — көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан, –

дейді. Әкесі Жапа кедей болғанмен, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан кездері де болыпты. Шешесі Ұлдан мінезі байсалды, абысын-ажын арасында беделді, орайы келгенде өз жанынан қиыстырып өлең шығара беретін, әдемі дауысты әнші екен. Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер шыққан. Ал оның руы – Екейлер туралы айтылатын ел ішіндегі:

Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын, – деген әзіл сөзде мол шындық бар. Жамбылдың ұстазы – әйгілі Сүйінбай ақын да осы Екей елінен шыққан. Бала Жамбыл ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда, әкесінің: "Екейде елу бақсы, сексен ақын" деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Акынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын, жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!" – дейтіні де Екей елінің өнер дарыған жұрт екенін көрсетеді.

Жамбыл өмірге келген кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі – Жетісу өңірі Қоқан хандырына бағынышты болатын. Ал Қоқандықтардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығы айтып жеткізгісіз ауыр еді. Ақынның өзі ауылдары солардан қашып бара жатқанда, қақаған аязды қыс айында көш-жөнекей туыпты.

1864 жылға дейін Қоқан хандығы, онан соң Ресей империясы билеген замандағы халықтың мүшкіл тірлігі, өз отбасының жұтаң тұрмысы, мықтының әлсізге зорлық-зомбылығы тумысынан талантты, намыскер Жамбылдың ішіне қайғы болып байланады. Ақын жыр, айтыстарының уыттылығы, адамдықты, әділдікті, батырлықты көксеген аңсары, кедейді жақтап, қайырымсыз бай, төрелерді ызалы шенеуі сол күйік-наладан бастау алып жатқан-ды. "Менің бақытым" деген бір сөзінде өзі де: "Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім", – дейді.

Жамбылдың өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі ерте оянған. Өзінің айтуынша, 13 жасынан бастап ақын болуға бекем бел байлайды. Дүмше молдадан оқығанша, "домбыраны қолға алам" деп, әкесінен рұқсат сұрайды.

Жас талаптың Жетісу өңірінің даңқты ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады. Бірде 14-15 жастардағы Жамбыл жарапазан айтуды сылтауратып, Сүйінбай ауылына келеді. Үйінің сыртында ат үстінде тұрып, жарапазанға жалғастыра өз жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды.

 Ардақты үйдің иесі,

Бата бер менің жырыма.

Қуат бітіп үніме,

Көңілін тапсын елімнің.

Жар бол да, өзің жәрдем ет,

Жібер мені бір демеп, –

деп өтінеді жасөспірім ақын. Айтқандарына сүйінген Сүйінбай Жамбылды үйге шақырып, ұзақ отырып, өлеңін зор ықыласпен тыңдайды. Бала ақынның болашағынан үлкен үміт күткен көреген жырау: "Осы шабысыңнан тайма! Өлең-жырыңды дауылдата бер! Жолың болсын! Бақытың ашылсын, балам! Шындықты айт, әділдікті жырла! Кәне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, даңғыл жолға түс! Өлеңің бүкіл халық сүйсініп, көңілімен иіліп тыңдайтын өлең болсын! Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын!" – деп бата береді. Жамбыл да:

 Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай.

Сырлы сұлу сөздері

Маған тартқан сыйындай.

Сүйінбай деп жырласам,

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай, –

деп, Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап, ұстазының есімін ардақтаумен өтеді.

Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, "Көрұғлы", "Өтеген" сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған.

 Ақын "Менің өмірім" шығармасында:

Топ десе он жетімде тартынбадым,

Семсердей майдандағы жарқылдадым.

Ақынды ауылға ермек басып озып,

Жұлдыздай көзге түсіп, жалқындадым, –



 дейді.

Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді.



Байдың қойын бағып жүргенде он үштегі кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты, Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қоныпты. Ол туралы Жамбылдың өзі: "Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақсақалды қария келіп: "Өлең аласың ба, көген аласың ба?" – деген. Мен: "Өлең!" – деппін. Оянып кетсем, түсім екен, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай, дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да, оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, орта түскендей болды", – деп еске алады.

Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны – Жаныспен айтысып, оны жеңеді. Әлгі "Менің пірім – Сүйінбай" деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтады. Жамбылдың "Жылқышы", "Пұшықтың ұрыға айтқаны" сияқты белгілі өлеңдері сол шамада шығарылады. Атақты "Айкүміспен айтысы" да осы тұста болады.

Одан кейін "Сәт сайланарда", "Жалғызбын деп жүрмесін", Алматыда Абайдың баласы Әбдірахманның қайтыс болуына байланысты көңіл айтуы, "Өсиет", "Әділдік керек халыққа", "Кәрібайдың төбеті" тәрізді белгілі өлең, толғаулары туады.

Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы атақты ақын Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетеді. Сөйтіп, Жамбыл осыдан былай Жетісу өңірінін нөмірі бірінші ақынына айналады. Бірақ, айтыстан кейін де екі ақын бірін-бірі құрметтеп, ардақтап өткен. Атақты Бақтыбай ақынмен кездескенде де:

 Қаздай қалқып, ерінбей,

Өлең тердім жасымнан.

Майкөт ақын, Құлмамбет

Орын берді қасынан, –

деп, Жамбыл аға ақынның есімін құрметтеп, ардақтай ауызға алады.

Қазақтың ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен көп үйренген Жамбыл өзінің өлең шығару шеберлігін де, айтыстағы шеберлігін де арттыра түседі.



ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында Жамбыл белгілі ақын болады. Бұл кездері ұсақ өлеңдерімен қатар, көлемді жылдар шығарады. «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты тарихи тақырыпқа арналған поэмаларын ақын асқан шеберлікпен, шабытпен, жаңа мән, мағына беріп жырлады. Ақын ол екі поэмасын да бүгінгі заманмен, бүгінгі өз сезімі, өз қуанышымен аяқтайды. Өмірінің соңғы жалдарында жиі науқастанған Жамбыл 100 жасқа аяқ басқанда, 1945 жылы 22 маусымда қайтыс болады.1
1.2. «Батаңды маған бер, әке!». Аңызға айналған айтыс

Табиғатынан ақындық дарыған жас талаптың көкірегін өлең кернеп, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Әрине, жас ақынның алғашқы қадамы өзі қалаған өнердің оң-солын бағамдау, үйрену кезеңінен басталады. Жамбылдың туа бітті алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткірлігі, тілге шеберлігі мен әзіл-оспаққа бейімділігі, сондай-ақ бір естіген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі ел өмірінің кез келген тақырыбына еркін баруына жол ашады. Сондықтан арынды талант бұрқыратып өлең де шығарып, құйқылжытып күй де тартып, киіп-жарып айтысқа да түседі.

Алғашқы "Шағым", "Әкеме", "Сарыбайға" деген өлеңдері қайсар да батыл Жамбылдың ақындыққа барар жолдағы кедергілерді жеңуге деген жігерлі талпынысын да, ақындық айтқыштығын да танытады. "Шағым" деген өлеңінде "бала келсе сабаққа, жем аңдыған дорбадан", "айтқаны ішке қонбаған", не оқытарын өзі де білмейтін молдадан құтқаруды әкесінен қиыла өтінеді, енді зорлаудан ештеңе шықпайтынын да ескертеді.

Шып-шып етіп молданың

Қолындағы тобылғы,

Қозғалтпайды жон жағым,

Талай дүре соғылды.

Торсылдатып танадай,

Жыртар болды тонымды, –

деп шағынады "молдадан" күдер үзген жасөспірім. "Әкеме" деген өлеңде бала Жамбыл әкесіне: "Батаңды бер, ақын боламын", – дей отырып, әкесінің әлденендей іс-әрекетін астарлап сынап та өтеді.

 Батаңды маған бер, әке,

Тіліме менің ер, әке.

"Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті" дер, әке.

Домбыра алып сөйлейін,

Күнде жасап мереке.

Мерекелі болған соң

Елде болар береке.

"Ұрлық түбі – қорлық" деп,

Болармыз құр келеке.

Екі өлеңдегі де он бес жасар баланың тауып айтқан шеберлігі, сөзінің суреттілігі, өлең құрылысының жатық, әуенділігі сүйсіндіреді. "Торсылдатып танадай" деген теңеу, "Ұрлық түбі – қорлық" – деген нақыл, соғылған дүренің сипаттамасы, "күн ұзаққа боздаған" – деген эпитет, "мереке", "береке", "келеке" – деген ұйқастардың тілге жеңіл әдемілігі болашағы үлкен ақындықтың нышаны іспетті. Ал, он тоғыз жасында шығарған "Сарыбайға" – деген өлеңі ойлы сарынын, жиырма жасында айтқан "Жаныс ақынға" дейтін өлеңі төпеп айтатын арынын танытады.

Сарыбай – Сүйінбай мен Жамбыл шыққан Екей елінің атақты болысы. Кезінде қоқандықтарды жеңген ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен, кейін ел басқарған абыройлы кісі. Жас жігіттің осындай кісіге тілегін әдемі ойлы өлеңмен білдіріп, кішілік пен кісілікті қатар танытуы "осал ақын" еместігін көрсетеді.

 Біреулер малмен бәрін бөктіріп жүр,

Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.

Көтеріп дүниенің кең-қоқырын,

Апарып қай шұқырға төккелі жүр?

Көңілі кейбіреудің бұлтта жүр,

Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.

Біреулер қара сөзді қамшы қылып,

Қуды мініп, құланды құрықтап жүр.

Қайсысын маған соның еп көресіз?

Әкетсем өзім таңдап, өкпелерсіз.

Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,

Өлең болсын серігің деп берерсіз.

Өлеңнен айналадағы өмір мен адамдар туралы түсінігі айтарлықтай терең, ойының өресі биік, ақындыққа төселген, тілі кестелі өнерпазды тану қиын емес. "Көңілі көкте, басы жердегі – жаман; өзі кішік, ойы биік – жақсы; Ұстауға күн мен айды жуықтау; қара сөзді қамшы қылып, қуды мініп, құланды құрықтау" сияқты нәрлі оралымдар анау-мынау өлеңшінің аузына түспесе керек. "Дүниенің кең-қоқырын апарып қай шұқырға төккелі жүр?" – деген риторикалық сұрақтың философиялық жауабы тіпті тереңде жатыр.

Кемелденген кездегі өлеңдері

Жамбыл өлеңдері мен айтыстары әуелден халықтық арнадан бастау алады. Сондықтан оның туындыларынан әлеуметтік сарын молынан байқалады. Оның өмір қайшылықтарын ерте танып, олардың сырына ой жүгіртіп өсуі шығармаларын мәнді, салмақты етеді. Жамбыл – ұстазы Сүйінбайдың үлгісімен кім болса да: мейлі болыс-би, мейлі бай, манап болсын, мінін бетіне айтып, кедей-кемтардың, әлсіздің жоқшысы болуды ақындық мұраты еткен ақын. Жамбыл ақындық өнер жайында:

 Ақын деген ат болмас, Қытығын таппай сұратпай.

Қандырмай мейір суаттай, Досың болса, күлдіріп,

Жыры болмай бұлақтай. Сүйсіндіріп жұтатпай.

Тұнығы болмай сынаптай. Жауың болса, бүлдіріп:

Алатаудан арындап, Домбыраң – берен,

Асқан судай құлатпай. Жырың – оқ,

Қыбыршыған көңілден Дәл тигізіп, сұлатпай, –

дейді. Жамбыл өзінің шығармашылық ұзақ ғұмырында осы ұстанымынан танған емес.

Ақынның көп жырлаған тақырыбы – "Туғалы сөзі өтпеген, қолы есеге жетпеген, құлшылықтан кетпеген" жарлы мен жалшының азапты өмірі, кедейдің күйі.

Жаман көйлек жыртылып,

От басында итініп,

Әрі дімкәс, тамақ аш,

Әрі тұттай жалаңаш,

Аш бұралып, күн суық –

Жұрт соңынан жоқшылық

Көшке ілескен итше ұлып.

Аш, жалаңаш, ауру, суықта қалтыраған кедейдің аянышты тағдыры бар болғаны бір-ақ шумақ – жеті жол өлеңге сыйып кеткен. Жоқшылықтың көшке ерген итше ұлуы туралы образ әрі түсінікті, әрі өте әсерлі. Бұл жерде ұлыған ит емес, жоқшылық. Демек, сөз көшке ілесіп ұлыған ит сияқты, жұрттың соңынан қалмай ұлып ілескен жоқшылық жайында. Ақын кедейдің күйін ұлыған аш иттің күйіне теңестіріп отыр.

"Кедей күйі" – деген өлеңінде жоқшылық тауқыметін тартқан кедей балаларының аянышты халі, кедей басындағы жоқшылық, шарасыздық шынайы бейнеленген.

Қайтіп жаның ашымас,

Неткен заман қатыбас.

Еткен еңбек, төккен тер

Қалай түкке татымас, –

дейді ақын күйзеліп. Жамбыл қысы-жазы тыным көрмей, бай малының соңында жүрсе де, ауыр азап, жоқшылықта өмірі өтіп жатқан кедей туралы "Жылқышыға" деген өлеңінде де қабырғасы қайыса, ашына айтады.

Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,

Салқын күзде бір жылы үйді білмей.

Сахарада салақтап күндіз-түні

Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей.

 

Әрідегі Дулат, Сүйінбай, берідегі ұлы Абай сияқты, Жамбыл да өз кезінің билік басындағыларының халық қамын ойламайтынын, әділетсіздігін, парақорлығын, екіжүзділігін әшкерелеп, көптің алдында беттеріне басады. Мұндай өлеңдерінің тілі уытты, мысқыл, сатираға толы болып келеді. Мұндайда ақын талантының сыншылдық қыры ерекше күшті сипаттарымен көрінеді. Жамбылдың "Сәт сайланарда", "Шалтабайға", "Мәңке туралы", "Қалиға" сияқты өлендері – сондай шығармалар. Сәт болыстың елдің сорын қайнатқанын ел көзінше бетіне басса, старшина сайланып келген Көкімге:



Әлде бекіп келдің бе,

Арын сатып бетіңнің?

Бір тояйын дедің бе,

Ақысын жеп жетімнің? –

деп, жетім-жесір, жарлының ақысын жегіш, жемір етіп көрсетеді. Жамбыл дәлел, факт келтіріп жатпайды. Мұнысымен қиянатшылдық билік басына келгендерге ортақ сипат, даусыз шындық екенін білдіреді. Ал Қали байға:

Сойылыңды соғып тұр,

Болысың мен орысың, –

деуінде көп мағына, үлкен шындық бар. Отаршылдар мен атқа мінерлер ауыз жаласып, екі жағы пара үшін байдың сөзін сөйлеп, сойылын соғады дегенге меңзейді.

Ұлық пен төренің, бай-болыстың халыққа көрсетіп отырған зәбірін Жамбыл "Әділдік керек халыққа" деген өлеңінде кеңінен айтады. Өлеңнің шығу тарихы былай екен. Ақын Ұзынағаш базарында Қиысбай деген бай бастаған ұлық, төрелермен кездесіп қалады. Олар Жамбылды жақтырмаған сыңай танытады. Ұлық, төреге бұрыннан ызалы ақын олардың мына астамшылығына өлеңмен жауап береді. Бай мен ұлық, төрелердің әлсіздің ақысын жеп, халықты жоқшылыққа душар етіп отырғандарын, кедейлігі болмаса, олардың ешкімнен кем еместігін, олардың арасында неше алуан асыл азаматтар барын айта келіп, билік пен байлық иелеріне деген өзінің қатынасын былайша білдіреді.

 Болыс төре жүрген жоқ, Болыс төре, билері,

Халықты қорлап, жылатпай. Кедейлерге теңдік бер

Шабарманы шаптығып, Қысы-жазы шулатпай!..

Барады елді шыдатпай.

Жырдың келесі бөлімінде билеуші әкімдерге халық мүддесін қорғап, сөзін сөйлейтін ақын тұлғасы қарсы қойылады.

Иттей көрем төрені

Тамаққа тойса үретін.

Халықтың ақын — перзенті

Ақтарып сырды беретін...

Айтқандары өтірік –

Ұлыққа кім бар сенетін.

Сыздауық жара секілді.

Денені сыздап керетін,

Жамбыл ақын сөйлесе,

Жарасы қалар жарылып,

Ел аңғарып көретін...

 Үзіндіде халық сөзін сөйлейтін ақынға, оның өнеріне менсінбей қарайтын ұлықтың қылығы, оған деген өзінің жек көру сезімі ұтымды да әсерлі айтылған. Ұлықты денені сыздап керетін сыздауық жараға теңеп, ұлық қанша сызданғанмен, "Жамбыл ақын сөйлесе, жарылып", масқара болатынын ащы мысқылға айналдырады.

Араны байдың ашылған,

Барды жоқ деп жасырған.

Тебеген есек секілді

Тепкілеп орын бермеді,

Бос жатқан жер қасынан.

Көңілі қалды халықтың,

Хан, төре, ұлық, тақсырдан.

Қысым жасап халыққа,

Ары болды қанішер

Қойға тиген қасқырдан.

Өмір бойы осылар

Аяусыз елге қас қылған...

Жуан білек қамшымен,

Нашарларды қорқытып,

Мазалаған, састырған.

 Мұнда хан, төре, ұлықтардың бейнесі, олардың халыққа көрсетіп отырған зәбірі, замана сыйқы көрініс тапқан.

 Байлықтың түбі пайдадан,

Өтірік-қулық айладан.

Ұрлық-зорлық талаумен

Жүздеп жылқы, мыңдап қой

Байлар судай айдаған.

Жарлының көз жасынан

Жиналған малы зұлымның.

Тұншығып босқа тұманда,

Адасып талай халықтар

Төте жол таппай жасыған, –

деген жолдарда сол кездің өмір шындығын суреттей отырып, әлеуметтік қорытындылар шығарады.

Ақынның "Мәңке туралы" әйгілі өлеңінің шығуына мынадай жағдай себеп болыпты. Бір үлкен тойда Жамбылдың сәйгүлік аты күміс ер-тұрманымен жоғалады. Бұған Қаржау дегеннің қатысы бары анықталған соң, Жамбыл ол елдің болысы Мәңкеге шағынады. Болыс ұрыны жақтап, ақынға теңдік бермейді Сонда ыза болған ақын елдің алдында осы өлеңді айтады.

Жанғойлық болысы пысық келеді,

Мұрындары пұшық келеді.

Екі арадан ептеп жерінде

Көздерін қысып келеді.

Сөздерін ұзарта келеді,

Өңешін қызарта келеді.

Өнімі азырақ жерде

Үстіне тұз арта келеді.

Ыңыранып отырып алады,

Әр алуан қырға салады.

Ақыры, Құдай жарылқап,

Қалталарын толтырып алады.

 Мұнда болыстың әділетсіздігі, екіжүзділігі мысқыл, ажуамен психологиялық шебер талдау түрінде бейнеленген.

 Жамбылдың жастық шағының мұңды да шуақты сырына толы ақындық өнерін танытатын сұлу жыры – Айкүміспен айтысы. Жамбыл Айкүміске "әуелден-ақ, болдың ойда", "құмары басылмаған албырт едім" – дей отырып, өзінің жүрек сырын, іңкәр көңілін астарлап жеткізеді. "Жасшылық ұрындырды талай жарға" – деп, өкінішінен де хабардар ете сөйлейді. Жігіттің арманға, сұлу сезімге бөлеп айтқан сөзіне қыз да:

 Асылға арсыдағы қол жетпей ме,

Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай, –

деп, Жамбылға жөн, жол сілтей сөйлейді әрі өзінің де ішкі, жүрек тереңінде жатқан асыл сырынан хабар бергендей қалып танытады. Айтыс үстінде Жамбыл бойжеткен қыз тағдырының ауырлығын, бағы ашылмаса, бір жаманға қор болып кете барарын айта келіп:

 Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға, –

дегенде, Айкүміс, айтыс салтына орай, әріптесіне тиісе сөйлейді:

Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша,

Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.

Қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың,

Тұтқасы дүниенің сенде болса?!

Айкүмістің "қолдағы қаршығаң" –

деп отырғаны Жамбылдың сүйген, ғашық болған құрбысы – Бұрым сұлу. Бұрыммен Жамбыл бір тойда танысып, айтысады. Бұрым өте сұлулығының үстіне тамаша әнші де, ақын да екен. Екеуі бұдан кейін де талай кездесіп, айтыса жүріп, бірін-бірі шын сүйіп, ғашық болады. Бұрым өзін айттырып қойған жаққа ұзатылатын күн тақағанда, Жамбылға білдіреді, Жамбыл қызды алып қашып, ағайындарына барып паналайды. Бірақ, екі ел арасы бұзылатын 2болған соң, Жамбылды өзіне жақын ұстайтын елдің беделді басшысы – Сарыбай болыс ақынды зорлап көндіріп, Бұрымды әкесінің үйіне қайтарады. Айкүміс "қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың?" дегенде, осы жағдайды меңзеп отыр. Бірақ, бұл үшін Айкүміс Жамбылды табаламайды, кінәламайды, "тұтқасы дүниенің" Жамбылдың қолында еместігін, жастардың теңіне, сүйгеніне қосыла алмайтын еріксіздігін айтады. Жамбылға: "Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы", – деп қалжыңдайды. Жамбылдың ойнақы әзіліне орай

"Жақсы сөз жан семіртер" – деген бар ғой, Әдепті мінездерің жүрсін ойда, –деп, өзі де сыпайы ұстамдылықпен құрбының жан семіртер сөзін айтады. Бұл жауап тебіренткен Жамбыл толғанып:

Айкүміс, амалым жоқ, хош, ендеше,

Кетелік сыр білдірмей жат пендеше.

Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,

Кеудемнен қашан менің от сөнгенше, –

дейді. Жамбыл мен Айкүмістің бұл айтысын екі ақынның салғыласқан нағыз айтысы деуге болмайды. Сол себепті профессор М.Жолдасбеков: "Тіптен Жамбыл мен Айкүміс айтысқаннан гөрі, сырласқанға көбірек ұқсайды. Сондықтан да айтыста драмадан гөрі, лирикалық сыр басым", – дейді.

Жамбылдың XIX ғасырдың 80-жылдарында жыр сайыстарында талай рет сыналып, арындап тұрған кезі еді. Бұл кезде егде тартқан, Арқаны, Жетісуды, Сыр бойын аралап, талай айтыста жеңіп, атағы шыққан Құланаян Құлмамбет ақын байтақ өлкенің айтыста алдына жан салмайтын жүйрігі саналатын. Жамбыл мен сол құдіретті Құлмамбетті бір айтыстыру қызық құмар елдің елегізе күткен арманындай еді. Ақыры соның сәті түседі. 1881 жылы Іле бойындағы үлкен бір жәрмеңкеде тоғыз ақынды жеңіп: мерейі асқан Құлмамбет: "Әлгі Жамбылдарың қайда, шақыртыңдар" – дейді. Жамбыл табалдырықтан аттай бергенде, домбырасын қолына ала салып:

Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық,

Сен – әтеш айғайлағыш ауық-ауық.

Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,

Басқасын қою керек жылы жауып.

Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан,

Оқтаулы ақ перенге қарсы шауып, –

деп, Жамбылды біржолата тұқыртып тастамақ ниетімен тұрпат-тұрқынан бастап, кем-кетігін санамалай жөнеледі. Одан әрі майталман жырау таныс даңғылға түсіп, елінің атқа мінерлерін, бай-манабын мадақтап, Жамбыл жағын жамандап, сөз нөсерін төгеді-ай келіп.

 Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң,

Не қылса да артық тұр сенен бағам.

Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам,

Қырылар, Шапырашты, бұзау, танаң.

Бұлбұл қабақ бастанған Екейім-ай,

Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай!

Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді,

Түбіңе, таза тақыр, жетейін бе-ай!

 Айтыс дәстүрінде мұндай "психологиялық шабуыл" кешірімді, сыйымды саналады. Анық дарынды, алғыр ақын әріптесінің айбатынан қаймықпай, қарсы жауап әзірлеп, алып ұратын сәтін күтеді. Құлмамбет өзінің тегеурінді екпінін байқатқан соң, елінің байлығын тізбелеп мақтауға көшеді.

Мұндайдың талайын көрген өжет те дарынды Жамбыл бойын тез жинап, аға ақын күтпеген, әрбір ақын өз руын мақтайтын үйреншікті, ескі сүрлеуге қарсы жаңа – халықтық сарынға көшеді. Өлеңнің түрі мен ырғағын сан құбылта, құйқылжыта келіп:

 Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, –

дейді. Адамдық, батырлық, елдік жоқ жерде адам мен мал басының көптігінде ешқандай қасиет болмайтынын дәлелді, қисынды етіп алға тартады. Осылайша қарсыласын тыңдаушылардың көкейіне қонымды, салмақты уәжбен тұқыртып алған соң, оның мақтаған байлары мен саудагерлеріне қарама-қарсы елдің тәуелсіздігі үшін күрескен Сұраншы, Сауырық батырларды нағыз ерлер, халық қалаулылары етіп көрсетеді.

Батыр Сауырық, Сұраншы жауда өлген,

Халық үшін шайіт болып, жанын берген.

Елді қорғап өлгеннің арманы не,

Қалың қазақ құрметтеп, соңына ерген.

Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң,

Ағайынмен ұрысып, даудан өлген.

Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,

Төңіректің төрт бұрышын жалмап өлген...

 Жамбылдың сынауы мен мадақтауының тағы бір ұтымды артықшылығы – олардың ел-жұртқа, мына тыңдаушылардың бәріне мәлім шындыққа, нақты деректерге негізделуінде. Екі батырдың есімі де, олардың Жетісуды қоқандықтардан азат етудегі басшылық және қаһармандық ерліктері де баршаға белгілі жайт. Бұған қарсы қисынды ештеңе таба алмаған Құлмамбет айтысты доғаруға мәжбүр болады.

Сөйтіп, Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы өз кезінің әлеуметтік өткір мәселелерін көтеруімен, халықтық, гуманистік сипатымен, образды өлең өрнегімен, идеялық-мазмұндық жақтан айтыстың жаңа өрісін ашуымен бағалы да мәнді. Жамбыл айтыстарынан оның қиыннан қиыстырып сөз табатын, үлкен қоғамдық мәселелер көтеретін, халық мүддесіне табан тіреген хас шеберлігі сезіледі. Ол айтыстардың әрқайсысы табанда сөз тапқыштық, халықтың көңіліндегі арман, мұратты тауып айтқыштық сияқты сипаттарымен ерекшеленеді.


жүктеу 1,23 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау