Педагогикалық кеңес
Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын
бір шарт — жас күнде көрген өнеге.
Жүсіпбек Аймауытов
Тақырыбы: Ата-аналармен жұмыстың қолайлығы мен нәтижелілігін көтеру жолдары.
Мақсаты: Ата – аналар мен педагогтардың өзара қарым-қатынасын жақсарту.
Міндеттері:
Психологиялық кеңес, ағарту жұмыстарын жүргізу.
Бала тәрбиесіндегі балабақша мен отбасы ынтымақтастығын нығайту.
Ата-ана, бала, тәрбиеші үштігі арасында өзара сенім мен сыйластық орнауына ықпал ету.
Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру.
Мектепке дейінгі ұйыммен ата – аналар арасындағы ынтымақтастықты арттыру, баланың жеке тұлғасының дамуына жағдайлар тудыру.
Көрнекілігі: Музыка жазылған үнтаспа, қағаз, маркер, 3 қобдиша, 3 айна, ағаштың суреті, түрлі-түсті гүлдер.
Жоспары:
Шаттық шеңбері. Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж.
Педагогикалық кеңестің ережесі. Әдіскер Кошанова А.Д.
Негізгі бөлімі:
«Тәй-тәй» технологиясы бойынша отбасымен қарым-қатынас стратегиялары. Тәрбиеші Керимканова Л.Т.
Релаксация «Сиқырлы қобдиша». Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж.
«Отбасының түрлері» хабарлама. Әдіскер Кошанова А.Д.
«Ата-аналар жиналысын дайындау және өткізу» тақырыбында хабарлама. Тәрбиеші Төлтаева Н.Ө.
«Ағаш» тренингі. Әдіскер Кошанова А.Д.
«Ата-аналармен жұмыс жүргізудің негізгі алғы шарттары» тақырыбында пікір алмасу. Тәрбиеші Керимканова Л.Т.
Тест «Көңіл-күй түсі». Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж.
«Сиқырлы сөздер» тренингі. Тәрбиеші Керимканова Л.Т.
«Өзіңді-өзің танысаң — істің басы» жақсы немесе жаман қасиеттерді анықтау тренингі. Әдіскер Кошанова А.Д.
Қорытынды. Рефлексия «Алтын балыққа тілек». Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж. Педагогикалық кеңестің шешімдерін қабылдау. Меңгеруші Байскакова Д.С.
Барысы:
I. Шаттық шеңбері. Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж.
Ата - аналарды қолдарынан ұстатып, шаттық шеңберіне тұрғызу.
- Мен сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Қане, бәріміз бір - біріміздің қолымыздан ұстап шеңбер құрайық. Осы дөңгелек шеңберді неге шаттық, жылулық шеңбері деп атаймыз? Шеңберге тұрудың үлкен бір қасиеті бар. Шеңберіміз көктегі жылу беретін күн сияқты дөңгелек. Шеңберге тұрып, бір - бірімізді жақсы көре аламыз, жақсылық пен жылулығымызды сыйлай білуге үйренеміз. Міне, сондықтан бұл шеңберді жылулық, шаттық шеңбері деп атаймыз. Енді бәріміз жақсылық тілеп, шаттана қуанып, күлкімізді сыйлайық.
II. Педагогикалық кеңестің ережелері (тақтаға ілу). Әдіскер Кошанова А.Д.
Сенімділік.
Сыйластық.
Жақын араласу.
Болып жатқан «Қазір және осындағы» туралы айту.
Бағаламау.
Барлығы белсенді.
Сөзді бөлмеу, тыңдау.
Өз пікірін айту құқығы.
Негізгі бөлімі:
«Тәй-тәй» технологиясы бойынша отбасымен қарым-қатынас стратегиялары. Тәрбиеші Керимканова Л.Т.
«Ата-аналар өз балаларының басты тәрбиешілері болып табылады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деді халық даналығы. Отбасы – бұл баланың өмір сүру ортасы: қамқорлықтың тұрақты көзі, тәрбиелеу мен қарапайым біліммен қаруландыру және шешім қабылдай білуге үйрететін ең жақын адамдардың мейірім шуағын сезетін орын. Отбасында барлығы жақсы болған жағдайды – балалар жақсы жетістіктерге жетіп, өзінің даму әлеуетіне көтеріле алады. Отбасы мен педагогикалық ынтымақтастық – баланың қанағаттану деңгейі мен тәрбиешінің жұмысының сапасын арттырады.
Қазіргі заманның ата-аналарына көмек көрсету қажет, өйткені педагогика мен психология жөніндегі білімдердің болмауы қателіктерге, түсініспеушілікке демек, тәрбиенің нәтижесіздігіне әкеліп тірейді. Сондықтан да балабақша педагогтарының негізгі күштері ата-аналардың педагогикалық мәдениетінің деңгейін жоғарлатуға бағытталған.
«Тәй-тәй» технологиясының отбасыны педагогикалық ағарту бойынша жұмыс нысандарының бірі ата-аналар жиналысы болып табылады. Ол қандай болуға тиіс? Осындай жиналыстарда шаршаған ата-аналардың көңілін жандандыратын және сұхбаттардың мәнін анағұрлым жеңіл есте сақтауға жәрдемдесетін, жылы көңіл, ашық және іскер әңгіме үшін ерекше көңіл-күй жасайды.
«Тәй-тәй» технологиясының айрықша бір ерекшелігі - отбасының оқу-тәрбие ісіне қатысуы. Ата-аналар өз балаларының ең алғашқы ұстаздары мен адвокаттары. Себебі отбасы мүшелері өз балаларынан үлкен үміт күтеді және де бар жақсылықты тілейді. Балаларының алдарына қойған мақсаттарын жете біліп азамат болып өсуін қалайды, сондықтан да «Тәй-тәй» технологиясы әр ата-анаға балабақшадағы оқу-тәрбие процесіне араласып, өз пікірлерімен ұсыныстарын ендіруге мүмкіндік береді. Демек, бағдарламаға ата-аналардың қатысуын ынталандыру қажет.
Ата-ананың топта болып қатысуына әр түрлі жағдайлар жасалған:
Отбасы мүшелерінің топта болып, оқу әрекетіне қатысып, ассистенттік қызмет атқаруына.
Балалардың денсаулығы мен дамуы, тәртібі және де оларды алаңдататын басқа да мәселелер жөнінде хабар алмасып тұруына.
Отбасы бөлмесінде балаларымен бірге ойнап, тәрбиешілермен пікір алмасуға.
Отбасы мүшелерімен қарым-қатынас орнату. Оған қарым-қатынас дәптері, күнделік, ата-аналар үшін тренинг, анкета, тест сұрақтарын пайдалану.
Отбасы кеңес комитетін құру. Оның міндеті- педагог қызметкерлермен бірлесе бағдарламаны талқылап жүзеге асыру болып табылады.
Зерттеулерде көрсетілгендей, балаларды отбасынан бөліп қарауға болмайды, отбасындағы тәртіпке үйренеді және оны табиғи түрде қабылдайды. Әрине, әрбір ата-ана өз баласын ең жақсы, ақылды, талантты деп есептейді және бұл дұрыс та, талантсыз еш нәрсеге қабілеті жоқ бала болуы да мүмкін емес. Балалардың іс-әрекеттері бақыланып және басқа тән ерекшеліктерін байқап, оларға жағдай жасап, отбасымен тығыз байланыста боламыз.
Ата-анамен жұмыстың маңыздылығы неде?
Ата-ананың бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру.
Отбасын білім беру ісіне арасалтыру, балаларды құбылмалы әлемдегі өмірге бейімдеу, оның өз бетінше оқып үйренуге үнемі талпынысын қалыптастыру.
Ата-ананың, баланың психологиялық ерекшеліктеріне, көңіл-күйіне мән беруге бағыттау.
Бүгінгі бала ертеңгі тұлға қалыптасуына үлкен әсер ететіндігін атап өту.
Сабаққа қатысып, бірлесіп өткізген семинарлар арқылы ақпарат алмасып, тығыз қарым-қатынас орнатуға атсалысу.
Отбасы мүшелерінің топта болуы, отбасы үшін маңыздылығы:
Бағдарламаға жеке қатыстылығын сезінеді.
Балаларының басқалармен қалай қарым-қатынас жасайтынын көреді.
Балаларының дамуы туралы көбірек түсіне бастайды.
Педагогтік ұжымды жақсырақ біледі және оны көбірек сыйлай бастайды.
Балаларымен үйде рахаттана айналысатын қызмет түрлерін үйренеді.
Ата-аналарға араналған сауалнама қорытындысын ұсынамыз.
«Сіз балабақша туралы не ойлайсыз?» деген сауалға:
- ата-аналардың 100% «біздің ықшам аудандағы ел арасына әйгілі» деп жауап берді.
«Сіздің балаңыз балабақшаға қалай барады?» деген сауалға:
- ата-аналардың 97% «рахаттанып» деп жауап берді;
- ата-аналардың 3% «көбіне ризашылықпен» деп жауап берді.
«Сізді «Тәй-тәй» технологиясы бойынша педагогтардың жұмысы қанағаттандыра ма?» деген сауалға:
- ата-аналардың 100% «толығымен» деп жауап берді.
«Балабақшаның жұмысына қатысуға ынтаңыз» деген сауалға:
- ата-аналардың 45% «шешім шығаруға» деп жауап берді;
- ата-аналардың 54% «білім беру үрдісіне» деп жауап берді.
«Жұмыс туралы мәліметті алу жолдары» деген сауалға:
- ата-аналардың 19% «көрнекі ақпараттан» деп жауап берді;
- ата-аналардың 35% «педагогтан» деп жауап берді;
- ата-аналардың 46% «жиналыстан» деп жауап берді.
«Тәй-тәй» технология бойынша ата-аналар «Отбасы газетін», кітапшалар шығаруға белсене қатысады. «Отбасы газеті» беттерінде ата-аналармен ынтымақтаса, баламен бірге орындаған жұмыстардың нәтижелерін жарияланады. Олар: отбасы мүшелерінің шығармашылық жұмыстары, қолөнері, баланы салауатты өмір салтына бейімдеуі мен дәмді тағамдарды баламен бірге балабақша ұжымға арнап жасағаны сапалы нәтижелерді береді.
Бұл шаралар тұсында балалардың әке-шешесі, ата-әжесінің, әпке-ағаларының да бауырларының да өзара сүйіспеншілігі артты. Осындай іс-шаралардың арқасында ата-аналар кәсіби тәрбиеші болып, бірнеше нәтижелерге жетті. Біріншіден, ата-аналармен ауызбірлік деп аталынатын жақсы байланысқа қол жеткізілді. Балалардың бәрін, тіпті оның үй-ішін, әке-шешесінің, ата-әжесінің, аға-әпкесінің жағдайларын жақсы білетін болдық. Екіншіден, баланы бөліп-жармай бірігіп тәрбиелеуге мүмкіндік туды.
Балалар портфолиосында олардың шығармашылық жұмыстары жинақталған. Бұл баланың шығармашылық қабілетінің даму деңгейі мен балалық іс-әрекеттерді меңгеру мүмкіндіктерін анықтауға көмектеседі. Мектеп жасына дейінгі бала портфолиосы баланың кешенді дамуы аясында отбасы мен балабақшаның өзара қарым-қатынасындағы басты бағыт болып саналады. Портфолионың өзіндік құрылымы бар және әрбір бөлімнің аты бар. Сонымен қатар әрбір бөлім мазмұнының үлгісі беріледі. Барлық бөлімдер мектеп жасына дейінгі баланың жетістіктері мен мүмкіншіліктеріне сәйкес ақырын толықтырыла береді. Осындай папканы бір жыл бойы жүргізсе, баланың балабақшадағы өміріне қатысты да, маңызды құжаттармен жеткілікті толықтырылады.
Мектеп жасына дейінгі бала портфолиосы - өзіндік даму жолы. Жылына екі рет тәрбиеші, мамандар қажетті сұрақтар бойынша ата-аналарға кеңес береді.
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері мен әдістері олардың педагогикалық мәдениетін көтеруге, балабақша мен отбасының өзара серіктестігіне және тәрбие жұмысының әлеуетін арттыруға бағытталған.
Адам баласы – өмір бойы педагогикалық, психологиялық көмекке зәру болмақ, әсіресе оның нәрестелік, сәбилік, балалық шақтарында ауадай қажеттілік деп айтсақ та болады. Баланы тәрбиелеу алғашқы негізі отбасында қаланып, балабақшада әрі қарай жалғасын табады. Сондықтан да баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беруде отбасы мен балабақшаның бірлескен өзара тығыз байланыста, яғни ынтымақтаста болуы маңызды.
2. Релаксация «Сиқырлы қобдиша». Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж.
Тапсырманы орындау үшін қобдиша керек. Оның ішінде домалақ айна болады. Қатысушылар көздерін жұмады.
- Қазір сіздер мына қобдишаны бір-біріңіздің қолдарыңызға бересіздер. Әр қатысушы қолына келген қобдишаны ашып, ішіне қарайды. Оның ішінде кішкентай сиқырлы өзеннен сіздер жан-жақты және қайталанбайтын бейнені көресіздер. Оған күліп қарауларыңыз керек. Барлық қатысушылар қобдишаға қараған соң, сұрақтар қою:
- Сіздер жан-жақты және қайталанбайтын деген сөзді қалай түсінесіздер? Жан-жақты, қайталанбайтын бейне кім болып шықты? Сіздер ол бейнеге күліп қарағанда, ол сіздерге қалай қарады? Біз жан-жақты және қайталанбайтын бейнеге қандай көзқараспен қараймыз?
Қорытынды ой-түйін: әр адам жан-жақты және қайталанбайтын бейне екендігіне көз жеткіздік. Сондықтан өмірімізді дұрыс көзқараспен, сыйластықпен қарым-қатынас жасауымыз керек. Өзінің және басқалардың өмірін жоғары тұтып, өзін және басқаларды қабылдай білу, бір-бірімізге шыдамдылықпен, төзімділікпен қарау керек. Осындай ой пікірмен балаларды да тәрбиелейміз.
3. «Отбасының түрлері» хабарлама. Әдіскер Кошанова А.Д.
Адамгершілік қатынастары жоғары отбасы. Балалардың өз икемділіктерін жүзеге асыруға толық мүмкіндіктері бар. Тәрбиешінің көп араласуын қажет етпейді, дегенмен нақты бір кезеңде тәрбиелеу ерекшеліктеріне байланысты ұсыныстар мен кеңестер артық болмайды.
Ата-аналарының қарым-қатынасы жақсы, дегенмен тәрбиелеудің дұрыс бағыттарын ұстанбайтын отбасылар. Балалар ата-аналарының «ерекше» қамқорлығында болуы мүмкін, осыған байланысты менмендік, өзімшілдік ойы басым дамиды. Бұл педагогтің көңіл бөлуін сөзсіз талап етеді. Психологтың кеңесіне жүгінеді.
Дау-жанжалды отбасылар. Мұндай жағдайда ата-аналардың баламен ісі жоқ. Олар өзара қарым-қатынастарын шеше алмайды. Ешқандай парасатты тәрбие туралы сөз болуы да мүмкін емес. Мұндай жағдайда мамандардың ақыл-кеңесі қажет және үнемі қадағалауы тиіс.
Ұрпақтар арасындағы сезімталдық, көңіл-күй байланысы жиі бұзылып тұратын отбасылар. Ата-анасы жоқ, анасы, әкесі жоқ балалар, ата, әжесі, аға, апа қамқорлығындағы балалар бар. Мұндай отбасыларымен психологиялық, педагогикалық тәрбие жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.
4. «Ата-аналар жиналысын дайындау және өткізу» хабарлама. Тәрбиеші Төлтаева Н.Ө.
Ата-аналардың балабақшамен ынтымақтастығының басты баспалдақтарының бірі - оқу жылында 4-5 рет өткізілетін топтық ата-аналар жиналысы болып табылады. Топтық ата – аналар жиналыстарында топтағы оқу-тәрбие процесінің міндеттері талқыланады, тәрбиелік процестің құрылымы жоспарланады және талқыланады, ата-аналар мен балабақша ынтымақтастығының стратегиялық бағыттары анықталынады, бір жыл ішіндегі жұмыс қорытындылары шығарылады.
Ата-аналар жиналысының түрлері мынадай болуы мүмкін:
Ұйымдастырушылық.
Ағымдық немесе тақырыптық.
Қорытындылау.
Жалпыбалабақша бойынша немесе топтық.
Ата-аналар жиналысын ұйымдастыру ата-аналар жиналысының күн тәртібін белгілеу және оған барлық қатысушыларды шақырудан басталады. Жиналысты даярлауда ата-аналардың келуін ұйымдастыруды да ойластырылуы да тиіс.
Ата-аналарды алдын ала шақырып қою керек, балалардың топтан тыс өмірін көрсететін бейнематериалдарды даярлап, ата-аналар жиналысы өтетін топ бөлмесін безендіру қажет. Тап-таза топта мұнтаздай киінген жарқын жүзді тәрбиеші қарсы алғанда ата-аналардың көңіл күйі көтеріліп сала беретінін есте ұстаған жөн.
Топтық ата-аналар жиналысын даярлау ережелері:
1. ата-аналар жиналысының тақырыбы ата-аналар үшін өзекті болуы тиіс;
2. ата-аналар жиналысы ата-аналарға қолайлы уақытта өткізілуі тиіс;
3. ата-аналар жиналысын өткізу жоспары ата-аналарға белгілі болуы тиіс;
4. тәрбиешінің ата-аналармен қарым-қатынасы сыпайы әрі сенімді болуы тиіс;
5. тәрбиеші балаларға ат қойып,айдар тақпауы тиіс;
6. ата-аналар жиналысы педагогикалық жағынан пайдалы және жақсы даярланған болуы тиіс.
Кез келген ата-аналар жиналысы бес міндетті қамтуы тиіс:
Тәрбиеші балалардың оқу іс-әрекетіндегі жетістіктеріне талдау жасау.
Тәрбиеші ата-аналарды топтың жалпы жетістіктерімен таныстырады.
Ата-аналарды топтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалмен таныстыру.
Ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзіреттілік деңгейін көтеру –тәрбиешінің маңызды міндеттерінің бірі екенін есте ұстау маңызды.
Ата-аналарды кейінгі уақытта жарық көрген педагогикалық әдебиеттер
туралы ақпараттармен таныстыру дұрыс болады.
Ұйымдастырушылық мәселелерді талқылауға істелінген жұмыстар
(экскурсиялар, ертеңгіліктер) жайлы есеп беру мен алдағы атқарылар істер туралы ақпарат та кіреді.
Ата-аналармен жеке әңгімелесу. Бұл кезеңде оқу іс-әрекетінде және
дамуында проблемалары бар балалардың ата-аналарына баса назар аударылады. Бұл кезеңнің күрделілігі сол, мұндай ата-аналар көбіне жұрт алдында сын естуден қауіптеніп, жиналыстарға келмей қалады.Тәрбиеші бұл жер оларды кінәлау емес, керісінше, көмек көрсетуге, тырысатын жер екендігін түсіндіруі тиіс.
«Мен сізді түсінемін», «Мен сізбен келісемін» деген сияқты келісім тактикасы өте тиімді болады.
Мыналарды жасауға болмайды:
келген ата-аналарды өткен жиналысқа қатыспағаны үшін кінәлауға;
бүкіл топ ата-аналарына жағымсыз баға беруге;
ата-аналармен қарым-қатынаста уағыз айтушылық үнмен сөйлеуге.
Барынша сыпайы әрі өнегелі болыңыз!
Жиналыс қорытындысын шығару жиналыс үстінде-ақ басталады: айтылған сөздерге қорытынды жасалып, шешім қалыптастырылады. Ата-аналар жиналысының қорытындысы туралы ақпарат балабақша әкімшілігіне жеткізілуі тиіс.
5. «Ағаш» тренингі. Әдіскер Кошанова А.Д.
«Табиғатсыз адамдардың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші адам табиғатпен тығыз байланысты, табиғаттағы ең маңызды нәрсе ағаш, енді сол ағаштың несі болар едіңіз тамыры ма, әлде діңі ме, әлде жапырағы ма? Әркім өз қалауы бойынша тамыр, жапырақ, діңі болып бөлінеді.
Ал енді тамырлар бір бөлек, жапырақтар бір бөлек, діндер бір бөлек отырсыздар. Сіздер не үшін тамырды таңдадыңыздар, сіздер не үшін жапырақ таңдадыңыздар, сіздер не үшін діңін таңдадыңыздар, соны тобыңызбен келісе отырып, бір келісімге келіп, топтан бір адам шығып қорғайсыздар.
Сіздердің бұл таңдауларыңыз кездейсоқтық емес, психологиялық сәйкестік. Тамыр таңдағандар істің нәтижесіне мән беретін адамдар. Діңгекті таңдағандар берік, мықты, біреуге тірек бола алатын адамдар. Жапырақ таңдағандар сұлулықты, әсемдікті, ұқыптылықты қалайтындар.
Қорытынды: Осы ағаштың тамыры – ата-ана, діңгегі - тәрбиеші, жапырағы – балаларымыз. Егер тамырдан нәр алып, діңгегі мықты болып, бұтағы жапырағын жайса, ағашымыз жемісін береді.
6. Пікір алмасу «Ата-аналармен жұмыс жүргізудің негізгі алғы шарттары» Тәрбиеші Керимканова Л.Т.
Әрбір отбасының мықты жақтары болады, әр адам жақсы ата— ана болғысы келеді.
Барлық отбасы көмекті қажет етеді, көмек түрі отбасының нақты қажеттіліктеріне байланысты болады.
Ата–анамен жұмысты ұйымдастыру барысында ата—ананы, яғни отбасын тәуелді ету емес, оның қиыншылықтарды жеңу мүмкіндігін нығайтуды көздеу.
Баланың дамуы туралы ақпарат ата— аналарға бала тәрбиелеуде өз ролін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Әрбір отбасы көрсетілген көмектің тиімділігіне көзі жеткенде ғана, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Тәрбиеші мен баланың оқуға деген қызығушылығын арттыру жолдарын түсіндіреді.
Ата— анамен баланың ортақ қарым— қатынастары жөнінде кеңес береді.
Топқа ата – аналарды тартудың қажеттілігі:
Балаларда іс – әрекетті таңдаудың үлкен мүмкіндігі болады.
Балаларға маңызды жетістіктерге жете алатынын түсіндіреді.
Балаларға отбасы мен балабақша байланысын сезіну ұнайды.
Тәрбиешіге балаларға жетекшілік жасау жеңілірек болады, жекелеп оқыту мүмкіндігі туады.
Ата-аналар және отбасы мүшелері өздерінің балаларының оқытуға қатысы бар екендігін сезінеді.
Ата-аналар балабақшадағы оқыту - тәрбие жоспарларымен танысады.
7. «Сиқырлы сөздер» тренингі. Тәрбиеші Керимканова Л.Т.
Сонымен қатар ата-аналарға тәрбиеші сөзі әсерлі, отбасы қажеттіліктеріне байланысты екендігін түсіндіріп, толық тыңдату үшін сиқырлы сөздер айту:
Баласының жетістігін айту.
Сенімді болу.
Көңіл — күйіне қарау.
Намысына тимеу.
Материал арқылы сөйлесу ( анкета, тест, т.б).
Қарапайымдылық.
Пікірін сыйлау.
8. «Көңіл-күй түсі» тесті. Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж. (музыка)
- Бүгінгі көңіл-күйіңізді қандай түспен бейнелейсіз? Әр қатысушы өзінің көңіл-күйінің түсін таңдап алады. Қатысушылардың бүгінгі жиынға қандай көңіл-күймен келгендігін көрсету.
Сары - өзін де, басқаны да қуантып жүретін адамдар.
Көк - байсалдылық, қанағаттандылық белгісі, қонақжай адамдар
Жасыл - жүрген ортасында белсенді адамдар
Ақ - мейірімді адамдар
Қызыл - алдына мақсат қойса жетпей тынбайтын жігерлі адамдар
Қара - ішімдегіні тап деп отыратын тұйық мінезді адамдар
9. «Өзіңді-өзің танысаң — істің басы» жақсы немесе жаман қасиеттер тренинг. Әдіскер Кошанова А.Д.
Абай атамыздың «Сегіз батыр» деп басталатын жұмбағын айтқым келеді:
Алла мықты жаратқан сегіз батыр,
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.
Кезек-кезек жығылып, жатып тұрып,
Кім жеңері белгісіз түбінде ақыр.
Міне, осы жұмбақтың жауабы сегіз батырдың біріншісі «жақсылық» болса, екіншісі «жамандық» екен. Кез келген адамнан ол екеуін табу үшін айнадағы бейнемізге қарап ойланамыз. Ал, енді сіздер берілген парақтың оң жағына жақсы, сол жағына жаман қасиеттеріңізді жазасыздар.
Қандай қасиеттерді көп жаздыңыздар?
Осыған дейін осы қасиеттер жайлы ойланып көрдіңіз бе?
- Жаман қасиеттеріңізден арылғыларыңыз келе ме? Ендеше жаман қасиеттеріңізді бөліп жыртып алып «менің бойымнан осы жаман қасиеттер мәңгіге жоғалсын», — деп айтып ,ұсақтап жыртып тастаймыз.
Қорытынды: Бала үйде ата-ананың, балабақшада тәрбиешінің айнасы, демекші, баланың бойына өз бойымыздағы жақсы қасиеттерді сіңіре білейік. Осыны ата-аналарға да түсіндіре білуіміз керек.
III. Қорытынды. Рефлексия «Алтын балыққа тілек». Мультфильм «Золотая рыбка». Педагог-психолог Ергасенова Г.Ж.
- Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балабақша арасындағы қарым - қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан - жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя - жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз.
Сөз соңында сіздерді тағы да ғажайыптар әлеміне шақырсам деймін. Егер сіздің қармағыңызға алтын балық ілініп, ең маңызды, ең, ең, ең..... деген жалғыз ғана тілегіңізді орындаймын десе қандай тілек тілер едіңіз?
Жақсы тілектеріңіз періштенің құлағына шалынсын. Бүгінгі күні алдымызда томпаңдап жүгіріп жүрген бүлдіршіндеріміздің ертеңгі күндері жарқын болсын!
Ата-анамен балабақша арасындағы тығыз қарым-қатынас, бірлік, ынтымақ жарасым тапқан жағдайда оның бала тәрбиесіне тигізетін ықпалы да нәтижелі болмақ. Біздің мақсатымыз ХХІ ғасыр талабына сай жаңашыл, шығармашыл, мәдениетті, жан-жақты сауатты жеке тұлға тәрбиелеу.
Балаларды бір нәрсеге үйрету үшін алдымен оны ойын да үйретуіміз керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауында былай деген: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттың қадір-қасиеттердің мән-мағынасын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар тәрбиелеуге міндеттіміз». Сондықтан бала тәрбиесіне тек қана қоршаған орта немесе тәрбиешілер ғана емес, отбасы да жауапты.
«Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіз ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз.
Сіздің отбасыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер, болашақ күрескер өсіп келеді» А.С.Макаренко.
Отбасы - өмірді кемеліне келтіреді, бақыт әкеледі. Отбасы – адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын, адамның ең басты шаттығы болып саналатын, баланың өсіп, өмір сүретін орны. Екі адамның некелесуі толық отбасын құрамайды. Дүниеге шыр етіп нәресте келгенде ғана отбасы толық отбасы болып саналады. Қазіргі таңда ата – ананың бірінші мақсаты – қаражат табу, балаларын еш нәрседен мұқтаж етпеу болып қалды. Бала–шағаның қамымен жүрген ата-ана бала тәрбиесіне де көңіл бөле алмай қалды. Ал бала тәрбиесі отбасынан басталады, қалыптасады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші жақсы – жаман әдеттерді бала отбасында үйренеді. Отбасындағы кикілжің-ұрыстар баланың психикасына әсер етеді. Баланың мейірімді, еңбекқор, әдепті болып өсуі – отбасында жайлы, жақсы климаттың болуы. Баламыз өмірден өз орнын тауып, бақытты өмір сүрсін десек, бала тәрбиесіне көңіл бөлуді ешқашан естен шығармайық.
Достарыңызбен бөлісу: |