БІР БҮЙІР ОЙЛАР
Әдебиет жетекші пәнге айналуы тиіс
Ел басына күн туғанда басын бәйгеге тіккен талай азаматтарымыздың ұлт жанашыры болып өсуіне халқымыздың сан ғасырлық әдебиеті мен тарихының, отбасы тәрбиесінің әсері болғаны анық. Әдебиетке ықыласты балалар негізінен гуманитарлық салаларға икемделеді. Ал өзге салаға бейімделген балаларды әдебиетті құлай сүймегені үшін кіналауға да болмас. Оларды Құдай екінші жағына бейімді етіп жаратқан. Алайда, олар да әдебиетті белгілі дәрежеде білулері тиіс. Біздің бұрынғы-соңғы ғұламаларымыздың мейлі қай салада еңбектенсін, әдебиетті орағыта өткені, халық ауыз әдебиетті құндылықтарымен сусындамағаны кемде-кем.
Еврей немесе ағылшын ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерінің кез келгені өздерінің ұлттық әдебиетін жақсы біледі. «Маған әдебиеттің керегі не?» деп бірде-біреуі айтпайды. Олай болатыны, бұл олардың әдебиетке деген көзқарасының мектептен бастап-ақ мықтап қалыптасқандығының көрінісі...
Әдебиет – адам жанының тәрбиешісі. Адамгершіліктің негізі әдебиетте жатыр. Сондықтан да оқушы бойына ұлттық рухты сіңіретін пән ретінде, әсіресе, 9-10 сыныптарда әдебиет сабағын аптасына 1-2 рет емес, ең болмағанда 3-4 рет өткізу өте-мөте қажет, біздіңше. Оқытудың барлық сатысында әдебиет пәнінің сағаттары математикаға берілетін сағаттардан артық болмаса, кем болмайтындай деңгейге қол жеткізсек, қанеки!
Бүгінде еліміздің кей мектептерінде ағылшын, орыс тілдерін былай қояйық, тіпті қытай тілдері де оқытылып жатқандығы туралы айтылып жүр. Өз тілінде, өз тарихында, мәдениетінде, салт-санасында көзқарасы, санасы қалыптаспаған баладан ұлт патриоты, ұлтына адал азамат шығады деп ойлау қателікке ұрындырмақ. Сондықтан қаракөздеріміз бастауыш сыныпта тек ана тілінде білім алуы керек.
Қалай болғанда да әдебиет жетекші пәнге айналдырылуға тиіс. Оны жетекші пән ретінде оқыту дегенді ең алдымен білікті мамандар даярлаудан бастаған ләзім. Бұл мамандыққа арнайы дайындықтың та артықтығы жоқ. Аталмыш пәннің мұғалімі өз тілінде шешен сөйлейтін, ойы орамды, тілі көркем, шығармашылық қабілеті басым, көркем шығарма табиғатын терең түсініп, талдай білетін қасиеттерге ие болуы ләзім. Тіпті қазақ тілі мен әдебиетінің ара жігін ажыратып, екеуін де жоғары оқу орындарында екі бөлек мамандық ретінде оқытудың мезгілі пісіп-жетілген де сияқты.
Ал, енді әдебиет пәнінің облыс мектептеріндегі оқытылуы жайы қандай? Кімдер оқытып жүр? Бұған былтырғы оқу жылындағы 11 сыныптарға сабақ берген қазақ тілі пәні мұғалімдерінің сапалық құрамына талдау жасау арқылы да айқын көз жеткізуге болады.
Облыс бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің жалпы саны 1520 екен. Мұны 400-дей мектепке бөлгенде, үшеу-төртеуден ғана келмей ме? Мұның ішінде 381-і мектептердің 11 сыныптарына сабақ берген. Бұл аз ба, көп пе, өзіңіз болжамдай беріңіз. Олардың өзінің 242-сі педагогикалық жоғары оқу орындарының күндізгі, 139-ы сырттай бөлімдерін бітірген. 90-ының жоғары, 123-інің бірінші, 152-сінің екінші санаты бар. Ал, 16-сы ешқандай да санатқа ие емес. Былтырғы оқу жылында 11 сыныптарға сабақ берген аталмыш пән мұғалімдерінің 32-сінің (8 пайыз) 1-5, 59-ның (15,5 пайыз) 6-10, 132-сінің (34, 6 пайыз) 11-20, 158-інің (41 пайыз) 21-30 жыл және одан да жоғары педагогикалық өтілге ие екендігі белгілі болып отыр. Осы шоғырдағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ҚазПИ-ДІ 33-і (8,7 пайыз), ТарМУ-ді 82-ісі (21,5 пайыз), ТарМПИ-ды 37-ісі (10 пайыз), Жамбыл ПИ-ді 37-і (10 пайыз), ЖГТУ-ді 14-і (3,6 пайыз)…бітірген екен.
Міне, бұл деректер де біраз жайлардан хабар береді. Он саусақтың бірдей болмайтыны секілді, пән мұғалімдерінің барлығы бірдей ортадан озған өрен жүйрік емес. Қайсыбірі өзі сабақ беретін пәннің ұңғыл-шұңғылын түгел біле де бермейді. Облыстағы мектеп бітірушілердің жылма-жыл ҰБТ сынағы тұсында дәп осы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ақсап жататыны екінің біріне белгілі. Кейбір ата-аналардың ұл-қыздары мектеп бітірер тұста қазақ тілі пәні бойынша қосымша білім алуы үшін, білікті мұғалімдерден репетитор жалдауы үйреншікті көрініске айналды.
Осы ретте қайсыбір қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің өз шәкірттерінің шығармашылығын тиісті деңгейде бағалап, талдауға да қабілет-қарымы жете бермейтіндігіне қатысты, өзім екі күннің бірінде дерлік бетпе-бет келіп жүрген мына бір жайды ортаға сала кетсем, оның еш артықтығы болмас...
Көркем әдебиет басты тәрбиеші емес деп кім айтар! Бүгінде кәрінің де, жастың да өлең жазбайтыны кемде кем. Оның ішінде мектеп жасындағы балғындардың, жеткіншектердің, жастардың да қарамы молдығы қуантады. Олардың атынан хат қоржынымызға өлең, мақала күн құрғатпай түсіп те жатады. Қайсыбірінің жазған өлеңінің сиясы кеппестен редакцияға алып жүгіретіні де бар. Өлеңінің ұйқасы, құнары кемдігі, айтар ойының ашық еместігі, тәжірибесіздігі бадырайып көзге шалынып тұрады. Бірақ, жас өреннің көңіліндегі көрікті ойды, адамгершілік әдебі әлемінің лықси сыртқа тепкен бұла күшін өлеңмен өрнектегісі келетін талпыныс, тауанын қалай қайтарарсың! Шамамыз келгенінше өңдеп беріп, ақыл-кеңесімізді де айтамыз. Кейде талапкердің өлең ұйқасы, ритмі (ырғақ) секілді қарапайым талаптардың өзін мүлде білмейтіндігіне таңдана бас шайқауымызға тура келеді. Бұл жайлы (ұмытпасақ) бесінші сыныптың әдебиет оқулығында тәптіштеп жазылған ғой. Ал талапкеріміз болса жоғары сыныпта оқиды, тіпті арасында студенттері де бар! «Қарағым-ау, мектепте, тіпті университетте де әдебиеттен сабақ беретін мұғалімдерің бар емес пе? Мына өлеңдеріңді тым құрыса соларға бір көрсетіп алмайсыңдар ма?» дейміз, баяғы. «Сіздерге жіберіп отырған сол... мұғалімдеріміз» дейді олар. Әдебиет оқытушысының «көріп, тексергендері» әлгіндей...
Бұдан шығатын қорытынды не? Әрине, ол – біреу ғана. Мектептерде өз тілінде шешен сөйлейтін, ойы орамды, тілі көркем, шығармашылық қабілеті басым, көркем шығарма табиғатын терең түсініп, талдай білетін қасиеттерге ие пән мұғалімдерінің тапшылығы бар.
Бірде бір шаштаразшының екеуара әңгіме барысында менің көркем әдебиетті жақсы көретініме, классикалық әдебиет үлгілерін іздеп жүріп оқитыныма таңданыс білдіріп: «Мынадай заманда… кітап оқитын адамдар да бар екен-ау!» дегені бар. Оның мұнысы көзі ашықтығы қайта. Бүгінде елдің басым дені көркем әдебиетті оқуды қойғанын тамыршыдай тап басып біліп отыр. Біз ғана болсақ, бір сәрі... Бүгінде әлем интеллектуалдарының барлығы кітаптың көп оқылмайтындығына алаңдаулы. Д. Дидроның «Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады» деген сөзінің жаны бар, тегі. Кітап деп біз алдымен әдеби кітаптарды айтамыз... Бір кездері Ғабең, Ғабит Мүсірепов «Әдебиет – адамгершілікке сүйіспеншілік» деп жазды. Ал, бүгін «Әдебиет – елге, отанға, ұлтқа сүйіспеншілік» дейтін кезең туды.
Міне, бұл іске қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қосар үлес айрықша қомақты. Ендігі жерде қарадомалақтарымыз бен тұлымдыларымыздың кішкене күнінен бастап ұлттық әдебиетін терең білуі арқылы адамгершілік әдептерін бойына мол сіңіріп,тіліне, дініне, діліне берік болуы, ең бастысы на тілінің уызына жарып өсуі үшін Мұғалімнің ертегіші, шешен, тарихи шежіреге жетік, дана да абыз қарияларымыздың орнын алмастыруына да тура келеді. Бізге, бүгінгі жеткіншек ұрпаққа ... көркем әдебиет тәрбиесі ауадай қажет!
Қайыр сұрау қанымызда жоқ іс еді...
Дәл бүгінгі күні ел тұрғындарының қай-қайсысының да жай-күйі төмен дейтіндей деңгейде емес. Жұмыссыздық пен кедейшілікті болдырмауға бағытталған игілікті шаралар қалада да, далада да көптеп қолға алынып жатқанының да күнбе-күн өзіміз куәсі болып та жүрміз. Өрісіміз малға толып келеді. Ерінбегеннің, еңбектенгеннің бақуаттылыққа қол жеткізетіндігіне кепілдік те бар. Іскер, ілкімді азаматтардың төмен пайыздық өсіммен несие алып, бизнесі ауқымын ұлғайтуына, өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыс орнымен қамтамасыз етуіне қолайлы мүмкіндік туып-ақ тұр. Қайсыбір қожалықтар басшыларының 50-60 мың айлық жалақысы бар бақташы, малшылық, сауыншылық жұмыстарға адам іздеп сабылып жүргендігінен де хабардармыз. Қысқасы, «екі қолға бір күрек» қайдан да табылып тұр. Тек әлі де «өкімет өлтірмейдіге» сайып, әрекетсіздікке салынып, масылдық психологиядан ада-күде арыла алмай жатқанымыз болмаса...
Бүгінде базбіреулер, оның ішінде өз қандастарымыз маңдайы терлемей ақша табуға тым үйірсек болып барады. Бұл тұрғыда бірен-саран өзге ұлт өкілдерінің әсіресе, сығандар мен қаңғыбастардың қайыр сұрап, қол жайып көшеде отыратынына көзіміз әбден үйреніп те кеткен еді. Енді олардың қатарынан мұндайды ұят іс көретін өз қаракөздерімізді - егде жастағы кісілерді, тіпті ақ жаулықты ана, балалы әйелдерді де көптеп кездестіре бастадық. «Малым –жанымның, жаным - арымның садағасы» дейтін қазақтың өзін нарық иірімінде қанкөбелек ойнатты. Қайсыбір қаракөздеріміздің көшеде өткен-кеткенге «көзін сатып», қайыр дәметуді арына ұят іс көрмеуге айналғаны намысыңды да қамшылайды екен.
Қазіргі нарықтың қатынастар кезеңінде сауда қылу, тиын сауып, бірді екі ету соншалықты абыройсыз іс емес, керісінше жетістік саналатын болды. Сондықтан, мойны алыстау базардан көкөніс, жемісті болсын түп көтере сатып алып келіп, екі есе бағасына саудаласаң – «бетіңнің суын бес төгіп жүріп» қайыр сұрағаннан әлдеқайда абыройлы іс болар еді. Өзге ұлт өкілдері таразысын алдына қойып, салмағыңызды өлшеп бергеніне бес-он теңге алып, ың-шыңсыз осы ісінің өзімен-ақ күн көрістік нәпахасын айырып отыр. Славян ұлтының өкілдері өздерінің шіркеулері алдына шоқынып отырып қайыр, садақа дәметеді. Берсең алады, бермесең – оған да мақұл. Осынау «кәсіпті» біздің қазекеңдер өзгеше түрлентумен жүр. Біреуі «Ауруханадан жаңа шықтым, ауылға баруға қаражатым болмай тұр, көмектесіңізші» немесе «нан алуға ақша берші» деп сұрайды. Әлгі «ауырып, ауылына, бала-шағасының ортасына жете алмай жүрген» ағамыздың арада бірнеше ай өткеннен кейін де, алдыңды кес-кестей «жағдайын» айтудан жағы талмай жүр. Оны былай қояйық, соңғы кездері бір егделеу әйел кісінің көшеде өткен-кеткенге батаның неше атасын төгілдіріп айтып, «қайыр сұрайтынының» куәсі болып жүрміз. Мұны қасиетті, киелі саналатын батамыздың қадірін кетіру демеске лажың жоқ. Батаны ер азамат, ақсақалдарымыз айтушы еді, салтымызға сайсақ. Батаның қай жерде, қандай жағдайға байланысты айтылатынын мектепте, жоғары оқу орындарында ұстаздардың ақ тер, көк тер болып оқытып, түсіндіргендерін мына апайымыз керісінше насихаттап тұрған сыңайлы. Қоғамдық көліктерді жүргізбей, шатты-бұтты құран оқып, бет сипап «тиын сауып» жүрген сыған балаларынікін қанында бар «кәсіп» делік. Ал, сол балаларға сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге болады деген апамыздың асыл дәстүріміз - «бата беруді» көрінеу бизнестің көзіне айналдырғаны құптарлық іс емес, біздіңше.
Рас, мұндай құбылысты заманның алақұйын өзгерісі тудырып отыр. Қайыршы қоғамға масыл, еріншек жандардың қатарынан шығады. Жұмыссыздық, кемтарлық та мәжбүрлейді. «Жаман әдет жұққыш келеді», әлгі апайымыздың да, жұмысқа жарамды, аяқ-қолы балғадай балалы әйелдердің - өз қандастарымызды көшеде қол жайып, қайыр-садақа сұрауға жеткізген нендей мәжбүрлік екенін зерттеп біліп, соншама тіленіп өткен-кеткеннен алған бес-он теңгесі олардың ешқандай да жыртығына жамау болып та жарытпайтынын, мұның қазаққа жат қылық екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін, заңдық тұрғыда болсын тиісінше қолұшын созып, көмектесетін әлеуметтік сала қызметкерлері қайда қарап отыр, осы? Бұл намысты ойлайтын әр қазақ үшін де сын. Әрі-беріден соң бүгінде ерінбей еңбек етсек, «ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз – артымызда» бейқұт та берекелі заман басымызға орнап отыр емес пе?! Ал, мына жағдай оны түбегейлі жоққа да шығармай ма, мұны шетелден келген меймандарымыз зауқайым көре қалса, не дейді?! Бұл дегеніңіз, тіпті бүгінгі тоқшылық заманымыздың да шынайы көрінісі емес қой!
Қазақтың Ары мемлекеттік рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұранымыз секілді тек биіктен асқақтап көрінуіне қызмет етуге тиіспіз, қай-қайсымыз да!
Жазушылықтан әркімнің-ақ дәмесі бар...
Жергілікті бұқаралық ақпараттық құралдарында соңғы кездері ақынды да, журналисті де, жазагерді де «жазушы» деп жазу белең алып барады. Бірқатар қазақ тілді газеттер біраз кісілерді білместікпен тіпті «ҚР Жазушылар одағының мүшесі» деп жазып жіберді. «Знамя труда» газеті де (28 шілде, 2012 жыл) шулық суретші Асқар Сәрсенбековті «жазушы» деп жазды. Ал, жуырда телеарналардың бірі кәсіпкер келіншекті мақалалар кітабын шығарғанына бола «жазушы» деп таныстырып, оқырмандармен кездесуінен арнайы түсірілім ұйымдастырды. Көзі қарақты, көңілі ояу дейтін журналист қауымы өкілдерінің өздері бұл заманның жазушысы, жазбагері кім екенін айыра алмай жатқан соң, не жорық?!
Сөйлем құрастыра алатындрдың қай-қайсысы да өзін «жазушы» сезінеді. Солардың бірінің, тісі бата ма, шама шарқы жете ме оған да қарамай, шетелдік классиктерді «мұрындығынан тізіп» аудара бастағанының куәсіміз. Бұл күндері ардагер ұстаз да, малдоғдыр да, мәдениет қызметкері де ай сайын көди-сөди дүниелерін қалыңдығы керекқарыс кітап етіп бастырып елге таратып жүр. Олар да өздерін «жазушымыз» деп есептейді. Олардың көкейін тесіп бара жатқан не дейсіз ғой. Атақ, мансап, баяғы. Өздерімен тілдесе қалсаңыз, «үш кітап шығарып, Жазушылар Одағы мүшелігіне өтіп алсам деймін» деп көкейіндегісін бүкпей жайып та салады. Жазушылықты қалпақпен ұрып алатын нәрседей көреді, тіпті. Жазба әдебиетіміздің туу басында тұрған Абай хакімнің де, одан берідегі он-сан ақындарымыздың да, тіпті берідегі Сүйінбай, Жамбыл бастаған өлең-жырдың аузымен құс тістеген өрен жүйріктерінің де дәл осылардай мансапқа құлдық ұрып, өлермендене құлап-тұрып атаққа ұмтылған біреуі жоқ. Әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір шыңы болып, өз биіктерінде қалды. Жазушы емес, ақын ретінде.
Бүгінде жазушы емес, «жазбагер» көбейіп тұр. Қолы бос қой қазір, елдің көбінің. Жата қалады да жазады. Тоқтаусыз жазады. Сөйлем құрастыра алғанның, көлдей-көлдей мақала жазғанның бәрі жазушы атана берсе, жазушылықта қандай қадір-қасиет қалмақ? Ал, шын мәнінде бүгінде сөзі де, өзі де тұнған әдемілік, парасаттылық пен биязылықтың, зиялылықтың көркем үлгісіндей болып көрінетін, оқырмандары өзінен гөрі шығармаларында сомдаған кейіпкерлерді (мына сіз бен бізді, өзімізге таныс кісілерді) жақсы білетін көркемсөз зергерлеріне шабуыл басталған сыңайлы. Жазбагерлер (оның ішінде зиялы қауым өкілдері де бар) өлеңге ғана емес, жазушылыққа да «әркімнің таласы барын» өлермендене «дәлелдеп», жазушылық таным мен талғамның ілуде біреудің, оның өзінде ерекше таланттылардың ғана маңдайына жазылатынын мансұқтап, олардың мәртебе-беделін көрінеу аласартқысы келетіндей. Қолдарынан келіп жатса, жазушылар шыққан биікті кез келген құс қонып, «саңғып кетер» төбешікке айналдыруға да бейіл.
Жазушы кім, өзі? Несіпбек ағам (Дәутайұлы) айтты: «Жазушы – заманның үнін, адамның күнін кестелі тілмен көркемдеп жазып көрсетуші» деп. Задында, өмірде де, шығармашылығында да бір ауыз сөз де артық айтпайтын, қара сөздің хас шебері біздің маналы бері жауабын іздеп «бір қазанда басымыз піспей» жатқан мәселемізді бір ақ ауыз сөзбен сипаттады да берді!
Ғаламторыңызда да «Жазушы - туындыгер. Жазушы деп әдетте аталмыш іс негізгі кәсібі, немесе негізгі кәсіптерінің бірі саналатын адамды айтады. Жазушы санатына қосудың келесі түрі, Жазушылар одағының, әдебиет сыншыларының немесе сарапшылар бағалаулары арқылы мойындауы» деп тұр.
Қалай болғанда да, адамды, қоғамды, тұтас дәуірді болсын әрбір сөзді, деталь, штрихты айрықша сарабдалдықпен, талғампаздықпен, шеберлікпен пайдалану арқылы дем салып, жан бітіріп, шығармаларында қайта «тірілтетін» хас зергер суреткерге деген қашанғы құрметімізден айнымағанымыз жөн-ау, тегінде!
Үйлену де, үй болу да қиын боп тұр...
Егемен ел атанып, іргемізді бекітіп, шаңырағымызды шалқайта тіккелі жиырма жылдан асып жығылды. Ендігі жерде кең-байтақ жеріміз көлеміне сай басымызды көбейтудің де өте-мөте қажеттігі айқын сезілуде. Осымен байланысты 2020 жылға қарай ел тұрғындары санын 25 миллионға жеткізу міндеті алға қойылды. Солайы солай-ау, бірақ әлі күнге үй болуды ойламай, салт басты, сабау қамшылы күйде уақыт оздырып жүрген жігіттеріміз қатары көбейе түскені қоғамды алаңдата да бастады. Кейбір деректер елдегі «кәрі қыздар» саны кеңестік кезеңдегі 80 мыңдық межені әлдеқашан артқа тастап, 3-4 есеге артқанын көлденең тартады. Мұндай жағдайда бұрымдыларымыздың сыңарын табуы қиындай түсетіні белгілі, ал, жігіттерімізге не жорық? Қайсыбірінің жасы орда бұзар отыздан асып, қырықты кимелеп қалған. Олардың болашақ жарларын «қырық қыздың» ішінен «маңдайынан шертіп» жүріп таңдап алуына әбден болады емес пе? Уәждеріне құлақ қойсақ, ибалы да иманды, ақылына көркі сай қыздарды (олар соншалықты аз ба, сонда) әлі іздеп таппай жүрген сыңайлы. Бұған «кінәлі» қоғамның салғырттығы ма, әлде? Бағзы кезде мектепте, жоғары оқу орындарында болған, қыздар тәрбиесі мәселесімен түпкілікті айналысқан қоғамдық ұйымдар жұмысын, тіпті жеңгетайлық институты үрдісін жаңғыртқанымыз жөн бе? «Қызға қырық үйден тыйым» ұстанымындағы тәрбиені уыстан шығарып алдық па?
Солай шығар. Өйткені, бүгінде кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеулеріне қарасақ, 18-20 жастағы қазақ қыздарының үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шығуға ынталы. Осылай шешіп, алданып қалып, «бүлініп жүрген тағдырлар» қаншама! Жақсы тұрмыс, жайлы төсек Отаннан артық болғаны ма сонда? Ай жүзді аруларымыздың намыс жыртар сәті де осы тұс-ау.
Мұны былай қояйық, бүгінде адам өсімін шектеу саясатына байланысты ата-аналары отбасыларында біреу болса да, ер бала болғанын қалауы ниетінен соң дүниеге келіп, үлес салмағы қыз баладан отыз миллионға артып кеткен қытайлық 20-30 жас аралығындағы сүрбойдақ жігіттер (олардың саны 2015 жылға қарай 90 миллионға жетеді деп күтілуде) іргедегі «қызды ауылға» - біздің елімізге көзін сүзумен отыр. Бізде бір жігітімізге сегіз бұрымдыдан келетінін білгендіктен.
Ал, тарих сабағы не дейді? Кеңес кезінде орыстан жар жар таңдаған ардагер ағалардың балалары мен жиендерінің сексен пайызы қазір Қазақстанда тұрмайды екен. Алды Америка, Канада, одан қалды Еуропа елдерінде. Оқыған білімін, өз қабылетін басқалар үшін жұмсап жатыр. Қысқасы, жиендерден қайыр жоқ. Қырғыз халқының әйгілі «Манас» дастанында да белгілі бір елді шауып, қырып-жойып шаңырағын ортасына түсіру үшін қыздарын әйелдікке алып кетіп, олардан туған ұлдарды - «көзқамандарды» (нигилистер) ер жеткен соң қайрап салып, жұмсайтыны айтылады. Осындайда Бұқар жыраудың «Жылқыда өт болмас, жиенде ел болмас» деген сөзі еріксіз ойға оралады екен.
Қыз таңдап, үйіне келін етіп түсіргісі келетін ұлдарымыз толып жатқан ілу, киіт кигізу, құда шақыру, үйге түсу, ата сүті, әке ақысы, «қалыңмал» секілді алым-салықтарын (мұның көлемі орта есеппен 4-5 мың долларды құрайды) өтеу секілді бітіп болмайтын ырым-жырым, дәстүр-салттарымыз шығынынан да қорқасоқтайтын секілді. Рас, ұлын «аяқтандырып», қызын қияға қондыруды армандамайтын ата-ана кемде-кем. Олардың да келін түсіру, қыз ұзату рәсімдерін «ел қатарлы» өткергісі келеді. Бірақ, бұған екінің бірінің әлеуеті жетпейді. Жастарымыздың үй болудан бұрын үйленуінің өзіне осы жайлар басты кедергі сияқты. Ал, шетелдіктер болса, ай дидарлы аңғырт аруларымызды шытырлаған көк қағазымен қызықтырып, алдап-арбап торына түсіріп те жатыр. Біздің ел болып, көсегеміз көгергенін, көрпеміз ұлғайғанын ойлап жатқан біреуі болсайшы! Еліміздің болашағын ойлайтын сіз бен біз, бозбалаларымыз бен бойжеткендеріміз.
Бүгінде жастардың үй болып кетуіне жоғарыдан да, төменнен де – мемлекет пен олардың ата-аналары, ағайындары, достары, ұжымдары тарапынан да қолдау, көмек бар. Тек олардың тіл табысып, бір мақсат аясында жарастық табуы, бір бағытқа қарауы – үйленуі кемшін түсіп жатқан сияқты. ал, сіз қалай ойлайсыз, әлеумет?
Кітап дүкені неге жоқ?
Кітап оқымайтын қоғам.... Өкініштісі, бізде, міне, осындай қоғам қалыптасып отыр. Олай болатыны... Алыс-алыс ауылдар туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйық, өзіміз көріп жүрген кейбір аудан орталықтарында бірде-бір кітап дүкені жоқ екендігіне не айтасыз? Бір қарағанда, айтарға ұят іс. Айналасы он жылдың бедерінде ел-жұрт кітапсыз да күн көруге болатынына «көз жеткізді». Оңтайландырудың сойылы ең алдымен осы кітап дүкендеріне сілтеніп еді. Жойқын екпінмен сілтенген. Ақырсында, адамдарға рухани нәр-қуат беретін мұндай орындар (еліміз бойынша 1500 кітап дүкені) біржола жабылып, түп-тамырымен жойылып та кетті. Ең өкініштісі, әкімқаралардың, қолында «кірі» бар ілкімділердің қазір де «ауылдан бір кітап дүкенін салайын, ішін көркем әдебиет жауһарларымен толтырып қояйын» деп ойлайтын біреуі болмай тұр. Көркем әдебиетпен ауызданбауынан жеткіншек ұрпақтың жандүниесі де жұтаңданып, сүреңсіздене түскенін бүгінде екінің бірі айтады. Ол негізсіз де емес.
Қоғамда «тамақ тоқ, көйлек көк» болса, жеткілікті деген пікір қалыптасқалы қаш-шан! Адамға керегі сол ғана ма? Рухани азық ше? Мұндай нәр-азықты бағзы кездері басшы-қосшың, қойшың болсын барлығы да күнара үйіне пошташы үйіп-төгіп әкеліп тастайтын газет-журналдардан, жоғарыда айтқан кітап дүкендерінде болмашы тиын-тебенге көптеп сатылып жататын көркем әдебиеттерден алып, жандүниесі нұрланып, рухани кемелдене де түспеуші ме еді! Әрбір мерекелі, атаулы күндері ұл-қыздардың бір-біріне ең әуелі кітап сыйлау дәстүрі болды. Болмашы тиын-тебен тұрса да, өте қымбат сыйлық еді біз үшін. Сол бір буын өкілдері шын мәнінде көркем әдебиетпен, кітаппен тәрбиеленген-ді. Ал, қазір... газет-журнал, кітаптарыңыз тиыннан тиын сауып, бірін екі ете алмай, ілдалдамен күн кешкен ауылдықтар үшін соншалықты қолжетімді де емес. Ана тіліміздегі әдеби-көркем, ғылыми-танымдық әдебиеттерді тікелей тапсырыс (сонда кітаптың өзіндік құны да арзандай түспек) негізінде бастырып, тарату ісінде ел елдігін, басшылар қамқорлығын жасаса дейсің.
Тәуелсіздікпен құрдас жиырма жастағы бауырластарымыздың жеткілікті білімінің жоқтығынан діни экстремизмнің арбауына түсіп, СПИД-ке, нашақорлыққа тап болып баудай түсіп жатқаны қаншама! Жастарды, жеткіншектерді кітапқа, әдебиетке, әдемілікке баулысақ, өзге дүниеге – зиянды дағдыларға мойын бұра алмайтындай ахуал тудыруға ықпал жасауға болатын шығар. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алып, жамандықты болдырмаймыз десек, оңтайландырудың «құрбаны» болып кеткен облысымыз аумағындағы 16 мамандандырылған кітап дүкенін, 80 –ге жуық кітап бөлімі бар сауда орнын – Руханиятымыздың мәйегін қайта қалпына келтіргеніміз абзал. Тәуелсіздік жылдарында жалпы елімізді былай қояйық, бір ғана біздің облыстың өзінде екі жүзге жуық мешіт еңсе көтеріпті. Әрине, бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Ал, соншама көп мешіт саларлық әлеуетіміз бар екен, ендеше неге аймақтағы кітап дүкендерін қайта қалпына келтірмеске?!
Жекешелендіру жолымен болсын сақтап қалған болсақ, сол кітап дүкендері оқырмандарымыздың рухани қажетін толығымен өтеуге жетіп артылатұғын еді. Олардың сөрелерін әр алуан ғылыми-әдістемелік, танымдық, көркем әдебиеттермен толтыру үшін баспа индустриясы дамытылып, кітап саудасы қызып берсе, бұл өз кезегінде қазақстандықтарды рухани кемелдендіру саясаты сәтімен жүзеге асуына, жеке тұлғаның қалыптасып, дамуына, мақсаты мен жетістігіне және мәдени қоғамның қалыптасуына айтарлықтай септігін де тигізбек. Бұл жөнінде Елбасының жуырдағы Жолдауында айрықша аталып өтілгені белгілі. Ал, мәдени қоғам қалыптасқан кезде экономикамыз да, саясатымыз да, сонымен бірге діліміз, тіліміз де жақсы дамитын болады. Қалай болғанда да, кітап бүгінгі таңда өте-мөте қажетті тәрбие құралы болып қала да бермек.
Ән тәрбиесі
Бүгінде еліміздің шартарабын әсем ән мен тәтті күй кернеумен тұр. Жер де - ән, көк те - ән... Теледидар тетігін басып қалсаң да, радиоқабылдағыш құлағын бұрасаң да ар жағынан ән саулап жүре береді. Жастарымыз тіпті осындай әндерге емініп, ұялы телефонын құлағына таңып ұйықтайтын болды. Жер-көкті қазақ пен шетел музыкасы түзілісінен пайдан болған «будан әуен» жаулауда. Жаһандық әуендер жастарымыздың ділін бұзып, мінез-құлқын өзгерте ме, деген қауіп те жоқ емес. Мына көршілес Ресей телеарнасының арнайы хабарында ретро және заманауи әндердің өз тыңдармандары ән мазмұны мен тәрбиесі төңірегінде екі дай болып айтысады да жатады. Ал, біз мазмұны, маңызы, берер тәрбиесі қандай екенінде шаруамыз болмайды, әнді талқылауды емес, тыңдауды ғана білеміз.
Ән байғұстың араласпайтын жері, «құйысқанға қыстырылмайтын» қылтасы қалмауға айналды. Мерекелік және атаулы күндерді былай қояйық, нашақорлық пен шылымқорлыққа қарсы, денсаулыққа, білімге, спортқа қатысты, басқа да қоғамдық саяси мәні бар науқандық шаралардың барлығы да әнмен әдіптеліп, күймен «күптелетін» болды.
Үлкендер жағы - тойда, жасөспірімдер мен бүлдіршіндер - мектептер мен балабақшаларда ән салып, аядай сахнаны азан-қазан етіп жатқаны. Бұл жақсы ма, әлде... Бүйте берсек, біздің жас ұрпағымыз біржақты - тек ән тәрбиесімен ғана өсіп жетіліп, басқа пәндерді жылы жауып қойып жүрмей ме?
Әлбетте, жөнімен пайдаланса, ән тәрбиесі әлеуетті-ақ. Адамды мейірімділікке, жұмсақтыққа, сезімге де тәрбиелейді. Ұлттық қалпымызға келудің, болмысымызды бұзбаудың да кепілі ол. Бағзы кездегідей, «нан болса, ән де боладыға» сайып, бұл тақырыпта әңгіме қозғамауымызға да болар еді. Алайда, көп мәселеге қатысы боп тұр мұның. Жалпы, біздегі ән тәрбиесі қандай деңгейде, осы? Балабақшадағы, мектептегі жеткіншектердің де құлақ түретіні - Қ. Нұртастың, Б. Қорғанның, тағы басқаларының «хит-әндері». Жаңадан тұсауы кесіліп жатқаны, күн сайын эфирден тарайтыны бар, осы күнгі қазақ әндерінің басым дені «сүйдім, күйдімнің» төңірегінде. Махаббат әндерін балабақша бүлдіршіндері де, әскери бөлім сарбаздары да айтады. Мұндайға «ай» дер ажа, «қой» дер қожа табылмай тұр. Мұң-зары басым, «жылауық» әуендер онысыз да психикасы әлсіз жасөспірімдерге кәдімгідей «әсер» етіп, бірсыпырасының қиялиланып көп қабатты үй балконынан секіріп кетіп, «сезім құрбанына» айналып жатқанын да «ұзынқұлақтан» естіп қаламыз. Тәттіні көп пайдалансаң, ауызың уылатыны секілді, жас әншілеріміз «тәтті сезімге бөленуді» насихаттауда тым шектен шығып кеткен сияқты.
Радио эфирімізде бағзы кездегідей, «Батыр бала Болатбек», «Ортеке», «Біз лагерьге барамыз», «Туған ел», «Ақ көгершін» секілді Отан, туған жер, ерлік, бейбітшілік, елдің бақытты тұрмысы, табиғат, бақытты балалық шақ жайлы ұлттық нақыш-иірімге толы әуeндер неге аз? Ән қоржынымыз тақұл-тұқыл ма, әлде? Қалай болғанда да өсер ұрпағымыздың өмірді шынайы ұғынатын, жан-жақты ойлайтын, кемел ақыл иесі ретінде қалыптасып жетілуін ойлар кез жетті. Бізге... таңдай тұнық балалар әндері керек-ақ!
Достарыңызбен бөлісу: |