ӨНДІРІС ЖҰМЫСЫ ӨЗІМІЗДЕН-АҚ АРТЫЛМАЙДЫ...
Оқырмандарымыз еліміздің батыс аймағы кен орындарының табиғи газын оңтүстік өңірлерге, сондай-ақ түркімен газын республика аумағымен Қытайға тасымалдап жеткізу мақсатымен халықаралық Қазақстан-Қытай магистралды газ құбыры құрылысын жүргізу қолға алынғалы жатқандығынан хабардар болар. Бұл құбырмен жылына орташа есеппен 40 миллиард текше метр «көгілдір отын» тасымалданатын болады әрі оңтүстік облыстарды өзбек газына тәуелділіктен құтқарады, магистраль толық іске қосылғаннан кейін облысқа газ берілімі көлемі қазіргі жағдаймен салыстырғанда үш есеге ұлғаяды деп те күтілуде.
Ең бастысы - осынау халықаралық маңызға ие газ-құбыр желісінің облыс аумағын - Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т. Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандарының жерін басып өтетіндігі. Осымен байланысты «Азия газ құбыры» ЖШС-нің аталған нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуде жергілікті мердігерлердің, материалдар жеткізушілердің көмегін, басқа да қызмет түрлерін пайдаланбақ ниеті бары белгілі болып отыр. Ал енді осы магистралды желінің облыс аумағына жататын бөлігіндегі құрылыс жұмыстарына жергілікті жас мамандарды неге көптеп тартпасқа! Өйтпесек, бұл іске «мәжбүрліктен» Қытай жағы өздерінің екі мыңға жуық жұмысшысын әкелмек екен. Қалай болғанда да осындай ірі индустриалды құрылыстар салуға келгенде өзіміздегі адам ресурсының - жұмысшы күшінің тапшылығы, ғылым, біліміміз өсіп, өркендеу үстінде болса да, индустриалдық-аграрлық саланың сапалы да білікті мамандарын жеткілікті деңгейде даярлай алмағанымыз өзімізге – қала берді аймақтағы алуан түрлі оқу орындарының әлеуеттілігіне сын болғалы тұр.
Рас, облыста, оның өзінде Амангелді газ кенішінің іске қосылуымен байланысты мемлекеттік тапсырыспен там-тұмдап болса да , осы салаға мамандар даярлануы біршама жолға да қойылған-ды. Бірақ, сол істің соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқан сыңайлы. Осы мамандық бойынша (сапасы қаншалықты екені ұстаздардың кәсіптік адалдықтарына байланысты) әзірленген кадрлардың барлығы бірдей «дүниенің кетігін тауып, қаланып» кете қойған жоқ. Басым деніне мұнайлы өңірлерден «несібе» бұйырып жатыр. Ал оған жағдайы келмегендер ше... Бір кездері Амангелді газ кенішінің дақпырты шығысымен, «газшылардың» оқуына ата-аналардың ұл-қыздарын «өлмес күнін көрер» деп орынды-орынсыз тықпалағандары да болды. Мұнай-газ өндірісі қалтасында «қатырма қағазы» (дипломы) бардың кез келгені «дөңгелентіп» алып кетерлік анау айтқандай жеңіл іс те емес қой. Оған «сен тұр, мен атайын» мамандар конкурстық негізде іріктеліп барып бір-ақ қабылданатынын да ескерген жөн. Шатты-бұтты білім алғанның әлім-берімде «сыр беріп қоятыны» да осы тұс. Дипломды мамандардың біразының мұнайлы өңірлерде «жұлдызды сәтін» тосып, әлі күнге «қара жұмыстан» қолдары бір босамай жүргенін де білеміз. Содан да болар, бұл салаға жастарымыз бұрнағыдай айырықша қызығушылық танытпайды, ықыластары аз-кем суыңқырап қалғандай...
Ал біз ауызға алып отырған мына жағдайдан кейін, біздіңше, газ-мұнай саласының білікті мамандарының керісінше, «қаны жерге тамбайтын» болады. Жұмысшыларының да. Қай-қай ісімізді де күніне мың құбылар, өзгермелі нарық ауанымен-талабымен үйлестіре алуымыздың бір ұшығы осыдан келіп шықпай ма! Қазіргі таңда ТарМУ-дің күндізгі және сырттан оқытатын газ-мұнай бөлімдерін машиналар және жабдықтау, газ-мұнай кеніштерін игеру, газ-мұнай құбырларын жобалау, пайдалану және салу мамандықтары бойынша 10-11 жыл ішінде бас-аяғы 300-ден астам маман инженерлер бітіріп шығыпты. Биылдың өзінде оның күндізгі бөлімі -60, сырттай оқу бөлімі 100-дей газ-мұнай өндірісі инженерлерін даярлап шығармақ. Келер жылғы көрсеткіш те осы шамалас. Ал Жамбыл политехникалық колледжінде негізінен газ-мұнай саласының орта буын мамандары (мұнай мен газдың химиясы және технологиясы, кеніштер орындарын игеру бойынша технолог, техниктер) даярланады екен. Осынау оқу орнынан өзі ашылғалы бергі 7 жылдай уақыт ішінде 240-тан астам өндірісшілер түлеп ұшқан. Бұл - аталған екі «кадрлар ұясының» өзі «ұлы дүбірге» - Қазақстан-Қытай магистралды газ-құбыр желісі құрылысына облыстың басқа бірен-саран мемлекеттік және жекеменшік орта арнаулы оқу орындарын былай қойған күннің өзінде биыл бітіргені, енді бітіретіні бар 300 –ге жуық өндірісші маман қоса алады деген сөз. Ал өндіріс жұмысшылары мәселесіне келсек, «ауызымызды қу шөппен сүртуімізге» тура келеді екен. Әзірге облыстағы 18 кәсіптік лицейдің бірде-біреуінде газ—мұнай ісі бойынша мамандар дайындалмайды. Біздіңше, кәсіптік лицейлердің салаға қажетті газшы, дәнкерлеуші, автогенші секілді мамандар даярлауды жедел қолға алуы өте-мөте қажет іс. Егер оларда материалдық база төмен дейтұғын болсақ, өндіріс жұмысшыларын қысқа мерзім ішінде даярлауды ТарМУ-дің құзырына-ақ берелік. Тармуліктер бұл іске тапсырыс болса бүгін-ақ құмбыл кірісіп кетуге алақандарын ысқылап отыр. Осынау үлкен құрылысты жүргізу үшін кәсіби білікті, бұрыннан тәжірибесі де бар мамандар заманауи талапқа сай ең қажетті мамандықтар бойынша тез арада қайта даярлаудан өткізіліп, іріктелсе де артықтық етпес еді...
Оқу орындарының тіпті бұған да шамасы жетіңкіремей, жергілікті жерде газ-құбыр магистралін жүргізетін өндіріс жұмысшыларының тиісті контингентін қалыптастыру мүмкін болмай жатса, бұл іске еліміздің басқа облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларынан білікті мамандар тарту жайы қазірден бастап қолға алынғаны да жөн-ау. Бұл тұрғыда аймақтағы мұндай құзырлы мекемелердің өзінің «бетінен қағып, жігерін құм ететін» біраз кедергілердің барын да білеміз. Мысалы, ТарМУ-нің жоғарыда аталған газ-мұнай факультетінің оқытушылары осы саланың болашақ мамандарын өндірістік тәжірибеден өткізу үшін кеніш орындарының өте-өте қат екенін айтады. Бұл тұрғыда еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнай, газ өндірістері, «Аджип», «Шеврон», мына іргеміздегі «Құмкөл» болсын – мейлі, білімгерлерді бірер ай маңдай терін де пұлдамай «сутегін» жұмыс істеп өндірістік тәжірибеден өтуіне де ықтияр бере қоймайтын көрінеді. Оның үстіне еліміздегі газ-мұнай саласы құрылыс жұмыстарының 60 пайызы қытайлықтардың үлесіне тиіп отырғаны және бар - қалай дегенде біздің қаупіміз негізсіз де болып шықпады.
-Рас, аталмыш нысан құрылысын жүргізуге сырттан келетіндер – қытайлық мамандар үшін 250 орынға квота белгілеп отырмыз. «Азия газ құбыры» ЖШС-і басшылығына осынау құрылысқа қажетті жұмысшы күшін (барлығы 1200-дей) жергілікті тұрғындар есебінен жинақтау жөнінде қатаң талап та қойылды. Біздің бұл шартымыз тиісті еңбек заңнамаларына сәйкес сөзсіз орындалуға тиіс, - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменті директорының орынбасары С. Сейітбеков.
Сала мамандарын даярлау ісін жедел түрде жолға қоюдың ешқандай да артықтығы да, кемдігі де жоқ деп білеміз. Өйткені, ертеңгі күні аймаққа газ берілімінің бұрнағыға қарағанда үш есе ұлғаюымен байланысты кәсіби мамандарға зәрулік те анағұрлым арта түспек. Ендеше, өндіріс жұмысшыларының ешқайсысы да далада қалып қоймайды. Тек білім беру ісінің сапасына қажетті деңгейде мән берілсе болғаны.
Жұмысшы күшін сырттан әкелмей-ақ, одан гөрі ең алдымен, еңбек биржаларының ауласында, көшелер бойында иін тіресіп, сарсылып, одан қалды ат төбеліндей «байшыкештерге» жалданып аз-мұз напаха айырумен жүрген бірнеше жүздеген өз қандастарымызды (олардың арасында осы саланың «майын ішкен» кәсіби мамандар да жоқ емес, баршылық) жарылқап алсақ – жарады. Бар гәп осында. Жұмыс беруші тараптардың есіне салғымыз келгені де, әлім-берім шақта көкейімізге оралған алғашқы ой да осы еді...
АСЫРАУШЫ САЛАНЫҢ АХУАЛЫ
Бүгінгі таңда аграрлық саланың қос секторында – егіншілікте және мал шаруашылығында алуан меншіктің пайда болуымен байланысты шешімн күткен мәселелер мейлінше қордалана түсті. Бұрынғы ірі шаруашылықтардың бөлшектеніп, ұсақталып кетуінің зардаптары енді айқын сезіле де бастады. Сан тарам жыланшық жылғалар қосыла келе бір арнаға құйғанда ғана әлеуетті, арынды өзенге айналады емес пе? Асау ағысты өзендер тауды бұзып, тасты жарып ағады. Ал жүлге сулар жылт етіп құмға сіңп жоқ болып кетіп жатады. әлеуеті соған ғана жетеді. Қазіргі уақ шаруашылық жүргізуші нысандар да соның кебін киіп отыр. Ең бастысы, біртұтас ғылыми негізге бағындырылмағандықтан да, жалпы пайдаланылудағы ауыл шаруашылығы жерлері өзінің бар құнарынан айырыла бастады... тар жайылымдықтар әбден тұяқкешті болып, шөптесіннің түр-түрі жойылуға қалды. Алда ауыспалы егіс жүйесі сақталмауының ауыр зардаптары тұр...
Міне, сондықтан да майда шаруашылықтарды мейлінше ірілендірудің қажеттігі туып отыр. Еліміздің түрлі қайсыбір аймақтарында мұның тиімді тәжірибелері де бар. Біздің облыста да талпыныстар жасалуда. Байзақ ауданында, мысалы, шаруашылық құрылымдарын осы жүйеге бейімдеп, бағдарлау ісі басталып та кетті. Бірақ, өте баяу. Неге? Бұл мәселелерді тарқата айтар болсақ...
Ауыл қайтсе «асыраушы салаға» айналады?
Кезінде Санкт-Петербургтің халқын етпен, сүтпен, басқа да азық-түліктермен жеткілікті қамтамасыз ету үшін І Петр патша қала іргесінен арнайы ауыл шаруашылығы фермаларын салдырғаны тарихтан белгілі.
Ал Таразды сүтпен, етпен, көкөніспен қамтамасыз етуде Қостөбе, Талас ауылдарындағы тауар өндірушілердің жағдайы бағзы бір кездегі жайылымдық жер көлемін сақтап қалған «Юнчи» өндірістік кооперативіне қарағанда көп төмен. Мұндағы бір кезде бес мың сауын сиырын ұстаған 3 тауарлы-сүт фермасының жұрнағы да жоқ, тек аңыз ғана болып қалды. Ол кезде мұндағы жайылымдық ғылыми негізде тиімді пайдаланылды. Соншама мал қысы-жазы қорада бағылып, күтіліп, қолдан азықтандырылу режимінде болды. Қыста сүрлемге, жазда «жасыл конвейер» жүйесіне – жоңышқа, рапс секілді жасыл азыққа сүйенілді. Бір сиырдан жылына 6 мың литр сүт сауған Е. Свинковцкая секілді Еңбек Ерлерінің жұлдызы сол тұста жарқырай жанды. Ал қазір...
Ауылдық аймақ тұрғындары жекеменшік иеліктегі сауын малын қайда сиғызарға білмей дал. Тұрғындардың кейі 20 –ға жуық сиыр ұстайды. Азын-аулақ өріс әбден таптауырын болып, шаңы шығып жатыр. Тұрғындар малын Таласты, үлкен жол бойын қуалай 105 –ші разъезге дейінгі айдап бағады. Ауыл маңайында басы артық жер жоқ, мемлекеттік жер қоры түгел үлесілген. Жем-шөптің де бағасы шарықтап өсті. Мұнда пішеннің бір тайы жазда 250, қыста 500- 600 теңгеге түседі. Тұрғындар тиесілі жерлеріне аз-кем жоңышқа, жүгері, ас бұршақ егіп ілдалдалаған болады. Қостөбеліктер ауылда тұрып, мал өсіре алу мүмкіндігінен көрінеу айырыла бастағандай...
Әлбетте, мұны реттеуге болады. Жаздыкүні жекеменшіктегі бойдақ малды құмға, тауға шығарып, ақы беріп бақтыру жөнінде тиісті басшылықтарға ұсыныс та жасалған көрінеді. Мұндай тәжірибе бірер жыл бұрын Шахан ауылында қолданылып, екі отар қой-ешкі, екі табын сиыр сыртқа шығарылып бағылған-ды. Бірақ, бүгінде «қолы ұзындар» құмдағы жайылымдықтарды, қора-қопсыларды бітедей қаптап, басып алды...
Жаз бойы қысылып-қымтырылып, несібесін жерден-көктен іздеп, аздаған қараусынды тамырымен қоса үзіп жеп, топырақ жалап ашқұрсақтанған малдың күзгі жиын-терін бітіп, жер ашылған соң құдайы беріп, бір жырғап қалады.
Береке – бірлікте
Бүгінде Қостөбе ауылының бір өзінде 18 жекеменшік дүкен, дәмхана, наубайхана, шұжық цехтары, техникалық қызмет көрсету стансасы секілді бірқатар әлеметтік нысандар бой көтеріп отыр. Арнайы кестеге сай қалалық маршруттағы қоғамдық көлік қатынасы да жолға қойылған. әрине, мұның барлығы ауыл халқының бақуаттылығының көрінісі. әнебір әлім-берім шақта халықтың тоз-тозы шығып, «торғай басымен, тұрымтай тұсымен» кетуіне жол бермеген алуан меншіктік жүйені қалай күстаналарсың! Бәрі де жер төсін еміп, еңбекке емінудің нәтижесі. Алайда қоғамдағы өмір сүру үдерісінің өзгермелілігі сол жердің құнарын сақтап, бар жұмысты ғылыми негізде, озық технологиялар көмегімен (қолмен емес) агротехникалық талаптарды кеңінен енгізе отырып жүргізуді талап ете бастады. Өйтпеген күнде ауылдықтардың аузын аққа жеткізіп, берекеге кенелтіп отырған жердің өндірімділігі кеміп, өзі – тақырға, өнімі – уға айналуы ғажап емес. Қазірдің өзінде «жалғыздың үні шықпайтынына» көз жетіп, көңіл сене бастады емес пе? әркімнің өз бақытын, әстетикасын, философиясын жалғыз іздеуіне үндейтін буржуазиялық ұстанымнан арылып, жалқыдан – жалпыға ұмтылатын мезгіл келіп жетті. Сонымен, бір ғана ауылдағы бірнее ондаған шаруа қожалықтары ірілендірілуі тиімді ме, жоқ па? Жұрт мұның пайдасын көре, біле тұрса да, әлі де болса «ортақ өгізден оңаша бұзауын» артық санайды.
-Әрине, уақ шаруашылықтарды ірілендіру-дұрыс іс. Жұрт та бұған қарсы емес. Әсіресе, жер мәселесінде. Бірақ қалай бірігерге білмей дал. Бірігу өте-мөте күрделі үдеріс болғалы тұр. Мысалы, қазір ауылдықтардың әр қайсысының иелігінде кемі 2 -3 гектардан суармалы жер бар. Басым дені соның үстінен күн көріп отыр. Олардың арасындағы жерді игеруге жалқаулық танытып жүрген бірен-сарандарының ғана бірігуге ойданбай бірден ықылас білдіретіні заңды. Олар жерлерін ортаққа қосып қойып, «тұяғын қимылдатпай» өнімін алып, пайда көргісі келеді. Бүгінде әрбір қожалық сайын бір-бір есепшіден бар. Ұзынырғасы 500-дей азамат қолына «пәпкі» ұстап жүр. Уақ шаруашылықтар біріктірілсе, есеп-қисапты бір ғана есепші дөңгелентіп кетер еді.
Ірі өндіріс болмайынша, егіс саласына озық ғылыми әдістерді енгізу де еш мүмкін емес. Қазір ауылда ауыспалы егіс жүйесі сақталмауынан жердің өндірімділігі төмендеп барады. өйткені, егістіктерде ала жаздай су жатады. Барлық ауыл шаруашылық алқаптарын суарып шығу бекер босқа уақыт алады. Ретсіздіктер көп. Мысалы бірыңғай дақыл егілген алқапты бір күнде-ақ жүгірте суарып шығуға болады. Ал бізде қалай... кейбіреулердің екі гектар бақшалығында 3-4 күн су жатады. Бейне судың сұрауы да жоқ секілді. Су пайдалану, шағын бөліктерге техникалардың баруы да қиын. Сондай-ақ, дәл қазіргі жағдайда жекелеген шаруа қожалықтарының бағысы қымбат техникалар алуына мүмкіндігі де жоқ. Оларға әрі-беріден соң, бір-екі гектар ғана жерін игеру үшін мұндай техника керек пе? Бар істі тырбанып қолмен істеуге мәжбүр. Сосын... ауылшаруашылығы алқаптарына агротехника талаптарына сай қандай дақылдар орналасырылуы керектігі алдын-ала жоспарлануы қажет-ақ, - дейді бұл тұрғыда «Байзақ» өндірістік кооперативінің төрағасы Тұрғынбай Тойбаев.
Мұндай пікірді Қостөбе ауылдық аймағы әкімінің орынбасары Жарылқасын Жексембиев те айтты.
-Бізде әзірге үш шаруа қожалығы ғана бірікті. Жалпы, ауылдық аймақтағы 192 шаруа қожалығын мейлінше ірілендірмей болмайды. Орта шаруашылық құрудың негізгі мүлікті кепілдікке қою арқылы қомақты несие, лизингпен техникалар алуда, ауыспалы егіс жүйесін сақтап, жерді құнарсыздандырып алмауда тиімділігі мол. әрі қазіргідей сандаған есепші, агрономның міндеттерін бір-екі маман ғана атқарады. Сондай-ақ, бақша дақылдарын,әлбетте, үш күндн бір, ал жоңышқалықты айына бір рет қана суарасың емес пе? Екеуінен де түсер пайда көлемі бірдей. Сондықтан егістіктер жүйесін бірыңғайландырып, бір бөлігіне бақша, екінші бөлігіне масақты дақылдар, үшінші бөлігіне жоңышқа егуді жүзеге асырса да әбден болады. өйтпеген күнде ұрығы сумен ағып екінші иеліктегі алқап бөлігіне өтіп, таралып егістікті қойтікен дегенің қаптап кетті. Ауыспалы егіс жүйесін енгізу алқаптардың арам шөптен тазаруына да септеседі.
Осымен байланысты су пайдалану кооперативін (СПК) құрдық. Мұның бір пайдалы жағы сол, ендігі жерде суды екі есеге жуық арзан бағаға пайдалана аламыз. Әрі су пайдалану ретке келеді. Суды көп қажет ететін дақылдар егісінің көлемі өз-өзінен кемімек. Осы су пайдалану жүйесі ретке келсе, ұсақ шаруашылықтар бірігеді-ау, сірә. Ал әлгі... шағын тауарлы-сүт фермасын құру мәселесін ауылдықтар жеке иеліктегі жерлерін біріктірмей тұрып шеше де алмайды, - деді ол.
Жақаң, сондай-ақ, кейбір ауылдастарының өздерін-өздері қамсыздандырудан, жинақтаушы зейнетақы қорына аударым жасаудан қашқақтап, қожалықтарын көбінесе зейнеткер әке-шешелерінің атына тіркететіндеріне, жұмысшы жалдайтындығын салықтан жасыратынына, статистикалық заңдылықтар бойынша жекеменшік жері бар отбасында жұмыссыздық жоқ деп есептелінетінін еске алмайтынына қынжылыс та білдірді. Бұл мәселе, тіпті жерді заңдастырудың бастапқы кезеңінде де ескерілмеген секілді. Осылай шаруа қожалықтарында жұмыс істейтіндердің басым денінің айлық жалақылары есебінен табыс салығын төлемеуі, әлеуметтік сақтандыру қорына, жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасамауы жалғасуда. Бұдан мемлекеттік бюджет қоржынының бүйірі қаншалықты олқы соғуда десеңізші!
Өмір талабынан туған үрдіс
Бұл тұрғыдағы әңгіме сәл кейіндеу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде одан әрі жалғасқан.
-Әзірге орта және ірі шаруашылықтар құрудың белгілі бір жүйесі, қалыптастыру тетіктері жасалынған жоқ, - деді бізге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұржан Тілепов. – Астана қаласында өткен семинар-кеңесте АШМ министрі А. Есімов келешекте бұл жүйенің нақты іс жүзіне асырылатынын атап көрсетті. Жалпы, шаруа қожалықтары алдағы уақытта фермерлер одағына біріксе ұтпаса, ұтылмайтыны анық дер едім. Ал селолық тұтыну кооперативі (СТК) аясына біріксе ше...СТК-ға мүшелікке өту бақташы, малшы, егіншілердің, коммерциялық саладағы аула сыпырушы, күзетші, әктеуші, тазалықшылардың әлеуметтік жеке коды, еңбек стажы, еңбек кітапшасы заңды түрде рәсімделуіне қол жеткізеді. Негізінен СТК-ға ұсақ шаруашылықтар мүше баола алады. Мұндай жағдайда олардың ұтатыны – СТК арқылы мемлекеттің жеңілдетілген несиелерін, лизингтік техникалар, тыңайтқыш, дизельді отын алу да қолжетімді. Кепілдікке мүлік қою мәселесіне тіпті бас ауыртпауларына да болады. Ал жекелеген ұсақ шаруашылықтардың ешқайсысының да бұлай істеуге әзірге мүмкіндігі жоқ. Не затты да қасықтап, қапшықтап емес, тонналап алғанда ғана арзанға өткерілетіні белгілі. Шаруа қожалықтврының ісін жүргізу әлі де жеткілікті заңдастырылмаған ғой. Оларға «сайда саны, құмда ізі жоқ» баз бір компаниялармен егістік жерлерін сақтандыру жөнінде жасасқан келісімдері тиімділік әкеліп отырған жоқ. Міне, сондықтан аудан көлемінде өзара сақтандыру қорын құру да маңызды. Құрылым шаруалармен барлық дәнді, масақты, майлы дақылдарды сақтандыру жөнінде алдын-ала шартқа да отырады. Алда-жалда базбір шаруашылықтардың егіні күйіп кетсе, оған тиісті өтемақы төленіле ме, төленсе қандай көлемде – міне, бұл мәселелерді ӨСҚ-ның алқасы жан-жақты зерттеп біліп барып шешіп отырады. Қазіргідей ұшы-қиыры жоқ құжаттар тізбесін әзірлеп тапсыру деген болмайды. Әрі қор аудан көлемінде құрылғандықтан да бірқатар жеңілдіктер де қарастырылады. Мұндай құрылымдар мына көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының Түркстан ауданында бар шаруашылықтар бойынша құрылып, алғашқы жұмыстарын бастап отыр. Шаруашылықтардың біріктірілуімен байланысты СПК қозғалысы да кең өрістеуде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген арнайы кестеге сай орта шаруашылықтардың иелігінде кемі 6 мың гектар жері болуы, сондай-ақ, онда 50-120 аралығында адам жұмыс істеуі тиіс. Ал бізде бірде-бір шаруашылық тіпті орта шаруашылыққа да жатпайды. Жер көлемінің әзірге 2,5 мың гектардан асатыны жоқ. Аудан көлемінде барлығы 2600 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 577-і 1-10, 923-і 10-50, 565-і 50-100 гектар аралығындағы, 535-і 100 гектардан жоғары жер көлеміне ие. Көбінің 2-3 гектардан ғана жері бар. Бұлар ұсақтың ішіндегі ұсағы ғой! Ірілендіру мәселесі қойылғанда, шаруа қожалықтарының әр түрлі деңгейде (10-200 мың теңге аралығында) қарыздарлығы барын да ескермей болмйды. Ал ондай қарыздарлық сомасы өсімімен қоса есептегенде қыруар ақша. Шаруалар ең алдымен осы қарыздарын жабуы тиіс. Біріккенде де бұлар бір-бірінің қарызын мойындарына алмайды ғой. әрі соңыра бірі төлесе, бірі төлемейді. Жалпы аудандағы шаруашылық құрылымдарының жаңашылдыққа бет бұрып жатқан 10 пайызы – 30 шаруа қожалығы іріленгісі келеді. өндірістердің дамуы да әрқалай. Біреуінің жері көп, біреуінде мүлде жер жоқ. Осы жайларды саралай келе әзірге ауданда 2 ауылдық аймаққа ірілендіру жүйесін енгізуді ұйғардық. Бүгінде Қостөбе, Диқан ауылдарында СТК құрып, бірқатар шаруашылықтарды соларға топтастырып отырмыз Бұл ауылдардың таңдалып алынуының себебі, әлеуметтік-экономикалық жағдайлары тиісті талапқа сай келеді. Әрі жаңа жүйенің енгізілуі, қалыптастырылуы жеңілге де түспейді, бір-екі жылдай ішінара қиындықтармен бетпе-бет келуімізге де тура келеді. Ал мұндай жүйені онысыз да әлжуаз шаруашылықтарда қолданудың кері әсері болуы әбден мүмкін. Алдағы басты міндет – осынау жақсылықты іске арна-жол ашу. Әлбетте, орта шаруашылыққа мүше қожалықтар саны 20-дан кем болмауы тиістігі, одан аз болса мемлекет тарапынан көмек көрсетілмейтіні де ескерілуі тиіс. Бұл істі бір бастап алсақ, одан әрі шарушылықтардың өздері-ақ дөңгелентіп алып кетері анық.
Сайып келгенде, мұның өмір талабынан туған үрдіс екені де анық. Ауылдық тауар өндірушілер жеке жан бағып та, өз қотырларын өздері қасып та көрді. Бәрібір аграрлық салада, оның ішінде егіншілікте заманауи ілгерілеу байқалмайды. Ендігі жерде халық «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адасуға» да пейіл. өйткені, «көппен көрген ұлы той» ғой қашанда! Шаруалар алдында заманауи жаңғыру, түлеу үрдісі тұр!
ӨҢІРДЕГІ УРАН КЕНІШТЕРІ
жаппай жабылғанына 21 жыл болды, сонымен, қауіп сейілді ме?
«Жарылыстан көз ашпаған далам-ай!» деп белгілі әннің мәтінінде айтылатындай, о шетінде ядролық сынақ жасалса, бұ шетінде зымыран ұшырылып, тағы бір өңірінде атомреактордың, зымыранның, жарылыстың «қозғаушы күші» – уран өндіріліп, қазақ сахарасының шұрқ-тесік болғанын бертінде, тым кеш білдік емес пе?
Қайран даламыз атомдық алапат сынақтар алаңына айналып келіпті-ау. Бұдан адамның денсаулығына, ұшқан құс, жүгірген аңға, қоршаған ортаға қаншалықты зиян келгені бір Жаратқанға ғана мәлім...
Кезінде бұл жасырын, жабық тақырып болып келді. Тек тоқсаныншы жылдардың басында ғана қоябасы ашылды ғой. Кешегі КСРО аталған алып империяның аумағында ресми мәліметтер бойынша 1946 жылға дейін де уран кешіні болған екен. Ол Тәжікстанның солтүстігінде орналасқан. Ал, атом құрылысының жаппай өрістей бастауы 1947 жылы ГУЛАГ жүйесінің құрылуымен байланыстырылып жүр. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі тек құпиялылығы ғана емес, сонымен қатар, уран кенін өндіру көлемін арттыру болып табылған-ды. Тағы бір назар аударарлық жай – 50-жылдардың ортасында КСРО аумағында уран өндірісінің негізгі орталықтары айқындалып, нақтыланған екен. Мына іргеміздегі Қырғыз кен-металлургия комбинаты ең басты уран өндірушілердің біріне айналыпты. Ал, оған қажетті шикізат негізінен, Қазақстан аумағынан (алғашында Жамбыл облысында) алынғанын, 70-жылдары орталықтандырылған қаржы есебінен Жамбыл және Шымкент облыстарында жаңа уран поселкелері жүйесі құрылғанын, сонымен қатар, өзіміздегі Ақсүйек поселкесінде уран кенін өндіру күрт арттырылғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, еліміздің аумағында кеңес уранының 40 пайыздан астамы өндірілген. 80-жылдардың орта шенінде уран өндіру шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның бір өзінде 30-дан астам уран кеніші болыпты. Оларда 90 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Кеңестік кезеңде ауыр қылмыспен сотталған базбір ауылдастарымызды «уранға апарып салыпты» деп еститінбіз. Сол сөздің шындығына бертінде көз жеткіздік емес пе? Ураныңыз біздің өңірімізге де мысықтабандап жетіп, уытын таратып жатыпты.
Бертінде қарусыздандыру үрдісінің белең алуына байланысты, бір жағынан АЭС-тегі апат сеп болды ма, уран өндіру керексіздене де бастады ғой. Соның әсерінен біздің облысымызда алғашқылар қатарында Қордай уран кеніші жабылған-ды. Содан соң Көктас-Мирный (1989-90 жылдары)... Бірақ, атом өнеркәсібіндегі радиоактивті қалдықтарды жер қойнына тапсыру ісі кешеуілдеп, біраз жылдар бойы тау-тау болып үйілген күйі ашық-шашық жатқаны жасырын емес. Сол тұста облысымыздың аумағындағы бір ғана Мойынқұм ауданында 3 миллион тоннаға жуық зиянды заттарды жер қойнына тапсыру күн тәртібінде тұрды (В.Пономарев. «Уран империясы»).
Бізге белгілісі — еліміздегі, оның ішінде, облысымыздағы уран кеніштері 1991 жылы радиоактивті өнімдер өндіруге мораторий жарияланғаннан кейін ғана жаппай жабылып, жұмысын тоқтатқаны. Уран қалдықтары мен оны өндіретін өндіріс орындарының өңделіп, залалсыздандырылуы жөніндегі жаңа ғасырдың басында қабылданған арнайы бағдарламаға сай жұмыстар тек 2004-2008 жылдар аралығында ғана қолға алыныпты. Осы екі аралықта улы қалдықтардың жер үстінде қалып қоюы, шахталар мен кеніштердің ашық-шашық күйінде жатуы қоршаған ортаға, адамдар денсаулығына қаншалықты кері әсер еткенін тап басып айту қиын.
Жоғарыдағы жоба аясындағы жұмыстармен сол тұста «Атомпром» АҚ жанынан арнайы құрылған республикалық «Уранликвидрудник» мемлекеттік мекемесі тікелей айналысыпты. Жалпы атқарылған жұмыс көлемі 11 514,8 мың теңгені құраған. Өңдеумен қамтылған ондаған нысанда барлығы 71 059 текше метр радиоактивті қалдық жерге көміліпті. Барлығы 42 726 шаршы метр ластанған аумақ өңделіп, 10 994 шаршы метр алаңға ландшафтық өңдеу жүргізілген, 5 шахта шурфы, 2 шахта ұңғымасы жойылған.
Аталмыш улы қалдықтарды уатып, үгітіп, жоқ ету еш мүмкін емес. Көмуден басқа жолы жоқ. Дүниежүзілік тәжірибеде де мұндай қалдықтарды пайдалы өнімге айналдырып, ұқсататын тиімді технология жоқтың қасында. Жер қойнына тапсырылып, жүзі топырақпен жасырылғаны, басына «қауіпті нысан» ретінде арнайы белгі қойылып, аумағы қоршалғаны көңілге медет демесек, бүгінде радиоактивті қалдықтар (бұрынғы Батыс және Шығыс кен басқармаларының аумағында — Көктаста – 1688, Ұзынсайда – 1800, Аномалия-800, Аномалия-190 өндірістік алаңдарында, тиісінше, 1730 және 1276, Қызылтаста – 40 956, Мыңаралда – 3810, Ақсүйекте – 1233, Қуеліде – 288, Мыңқазанда – 46, Шолақсайда – 532 текше метр) қол созым ғана жерде — бар-жоғы 0,5-1 метр тереңдікте жатыр.
Рас, Энергетика және минералдық ресурстар жөніндегі министрліктің бұйрығымен құрылып, арнайы жоба аясында жүзеге асқан осынау жұмыстарды қабылдап алған, құрамында аталған министрліктің, атом өнеркәсібінің, облыстық басқармалар мен мекемелердің тиісті бөлімдерінің басшылары бар мемлекеттік комиссия берген қорытындыда аталған уран кеніштері орындарындағы жағдайдың қалыптылығын, өңделмеген нысандардың қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына, экологияға қаншалықты әсері барын белгіленген уәкілеттіктер шегінде жылма-жыл қадағалап отыру, 10 жыл бойы әр 3 жыл сайын бір рет арнайы мамандандырылған мекемелер күшімен кешенді тексерулер жүргізу керектігі айтылған. Басқадай мекемелердің тексеру-өлшеу, мониторинг жүргізу жұмыстарына рұқсат етілмейді. Ал, топырағында уран уы сіңген өңірді өндірістік-құрылыстық мақсатта да, мал жайылымдығы ретінде де 200 жылға дейін пайдалануға болмайды екен. Уранның иммунитет жүйесін әлсірететіні бесенеден белгілі.
Дәл қазіргі таңда өңіріміздегі көмілулі улы қалдықтардың жағдайы қандай күйде? Қар, жаңбыр сулары жырып, болмаса екілене соққан жел-дауыл беткі қабатының топырағын ұшырып әкетіп, «көмулі тажалдың» қайсыбір тұсы жалаңаштанып, жер үстіне қайта уытын таратып жатқан жоқ па?
– Бұл аймаққа соңғы тексеру-өлшеу жұмыстары 2010 жылы «Уранликвидрудниктің» күшімен жүргізілді. Бұдан кейін аталған мекеме таратылды да, улы қалдықтар көмілген нысандар иесіздікке ұшырап, қараусыз-бақылаусыз қалып қойды. «Қауіпті аймақтың» жағдайын жылма-жыл қадағалау-тексеру міндеті СЭС-ке ме, «Гидрометорталық» мекемесіне ме, «Уранликвидрудник» секілді құрылымға ма нақты жүктелуі тиіс еді. Осындай мекемелердің, арнайы зертхана кешенінің болмауынан екі жылдан бері өңірдегі өңделген нысандардың жай-күйі жөнінде сараптамалық мәліметтер ала алмай отырмыз. Осы жұмыстарды үйлестіру жөнінде құзырлы мекемелерге, оның ішінде Энергетика және минералдық ресурстар жөніндегі министрлікке әлденеше мәрте ұсыныспен шықтық. Мемлекеттік комиссия қойған талапқа сай өңірдегі өңделген нысандар жағдайын өлшеу-тексеру жұмыстарының келесі белгіленген мерзімі де (2013) жақындап қалды. Осы істің оңтайлы шешімін табуына біз де мүдделіміз, — дейді бұл тұрғыда облыстық экология департаменті ауа тазалығы және радиациялық жағдайды бақылау бөлімінің бастығы Анна Ивановна Кудрявцева.
Достарыңызбен бөлісу: |