Функционалдық бағыт: кәсіпкерлердің құзыреттерін дамыту
«Кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту» құралы
«Кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту» құралы мынадай құрауыштарды іске асыруды көздейді:
1) «Жас кәсіпкер мектебі»;
2) «Бизнес-мектеп».
«Жас кәсіпкер мектебі» құрауышы
240. «Жас кәсіпкер мектебі құрауышы (бұдан әрі - «ЖКМ» жобасы) жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жәрдемдесуге, жас адамдарды кәсіпкерлік қызметке белсенді тартуға, жас кәсіпкерлердің құзыреттілік деңгейін арттыруға бағытталған.
241. Қазақстан Республикасының 18-29 жас аралығындағы азаматтары «ЖКМ» жобасының тыңдаушылары бола алады.
242. «ЖКМ» жобасы:
1) жастарды кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытуды;
2) бизнес-жоспарларды дайындау бойынша консультациялық қызметтер көрсетуді;
3) «ЖКМ» жобасына қатысушылардың бизнес-жоспарларын қорғауын ұйымдастыруды;
4) «ЖКМ» жобасы тыңдаушыларының неғұрлым сәтті бизнес-жобаларын таныстыру арқылы өңірлерде «Идеялар жәрмеңкесі» конкурсын ұйымдастыруды;
5) үздік бизнес-жобаларға - «Идеялар жәрмеңкесі» конкурсының жеңімпаздарына қаржыландыру алуға жәрдемдесуді көздейді.
243. Оқыту процесінде «ЖКМ» жобасының тыңдаушыларына кәсіпкерлік қызметті жүргізу мен бизнес-жоспарды дайындау негіздері бойынша оқу-әдістемелік материалдар, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті құру идеяларының анықтамалықтары ұсынылады. Бұл материалдар қағаз және/немесе электронды жеткізгіштерде ұсынылады.
244. «ЖКМ» жобасының тыңдаушыларын оқыту және оқу-әдістемелік материалдарды, шағын кәсіпкерлікті құру идеяларының анықтамалықтарын ұсыну өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
245. «ЖКМ» жобасының тыңдаушыларын оқыту КҚКО-да жүзеге асырылады. Оқыту қорытындылары бойынша бизнес-жоспарларын сәтті қорғаған жағдайда, «ЖКМ» жобасының тыңдаушыларына «ЖКМ» жобасы бойынша оқытудан өткені туралы сертификат беріледі.
246. «ЖКМ» жобасы бойынша оқытудан өткені туралы сертификаттың болуы Бағдарлама шеңберінде гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысуға құқық береді.
247. «ЖКМ» жобасын қаржыландыру қаржылай емес қолдау операторының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
248. «ЖКМ» жобасын іске асыру тетігі:
1) Қаржылай емес қолдау операторы Бағдарламаның өңірлік үйлестірушілерімен бірлесіп, оқытудың басталатын күнін, оның кезеңін көрсете отырып, «ЖКМ» жобасы бойынша қабылдаудың басталуы туралы жастарды тікелей және/немесе өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді;
2) өтініш беруші КҚКО-да «ЖКМ» жобасы бойынша білім алу үшін тіркеледі;
3) Қаржылай емес қолдау операторы «ЖКМ» жобасының кестесін, қатысушылар құрамын қалыптастырады және өтініш берушіге қызметтер көрсетуді қамтамасыз етеді;
4) «ЖКМ» жобасы тыңдаушыларының үздік бизнес-жоспарлары өңірлердегі «Идеялар жәрмеңкесі» конкурсында таныстырылады;
5) «Идеялар жәрмеңкесі» конкурстарында үздік деп танылған «ЖКМ» жобасы тыңдаушыларының бизнес-жоспарлары бизнес-жобаның қойылған талаптарға сәйкес келуі шартымен Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік грант алуға ӨҮК қарауына жіберіледі;
6) Қаржылай емес қолдау операторы әлеуетті инвесторларды тарту үшін «Идеялар жәрмеңкесі» конкурстарында үздік деп танылған «ЖКМ» жобасы тыңдаушыларының бизнес-жоспарларының қысқаша сипаттамасын интернет-ресурстарда орналастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |