«Химия» пәнін оқыту мақсаты мен міндеттері
Қоршаған ортада әртүрлі құбылыстар мен үдерістер болып жатады, олардың көпшілігі химия ғылымы түсіндіретін заңдар мен заңдылықтарға бағынады. Химия пәні оқушыларға Жерде адамның тiршiлiк әрекетiне өте маңызды көптеген табиғи заттар бар екендігін және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау қажеттiлiгiн түсiнуге мүмкiндiк бередi.
Бұл пән оқушыларға заттардың әртүрлілігі мен олардың айналуларының маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Жаңа заттарды алу мүмкіндіктерін аша отырып, оқушыларды қоршаған ортаның экологиялық жағдайын берілген мәліметтер негізінде нақты бағалауға үйретеді. Химия оқушылардың дүниетанымын дамытуда, әлемнiң тұтас ғылыми бейнесін қалыптастыруда маңызды орын алады.
Мектепте химияны оқу оқушыларды қоршаған ортада болып жатқан химиялық құбылыстардың мәнiн түсiнуге жетелейді.
Химия оқушылардың сыни және сындарлы ойлауын, сонымен қатар көптеген эксперименттік және тәжірибелік дағдыларын дамыта отырып, мәселені шешуде шығармашылдық тәсілдерді қолдануды қолдайды. Бұл пәнді оқу барысында оқушылардың зертханалық құрал-жабдықтарды қолдану мен эксперимент жүргізу дағдылары дамиды.
Оқу бағдарламасының мақсаты:
оқушыларға зат және олардың айналымы, заттар қасиеттерінің олардың құрамы мен құрылысына тәуелділігін түсіндіретін заңдар мен теориялар туралы білім жүйесін ұсыну;
оқушыларға химиялық үдерістердің мағынасын, негізгі заңдар мен заңдылықтарды түсініп, оларды шынайы өмірде қауіпсіз қолдана алуға, ақпаратты сыни бағалауға және шешім қабылдауға мүмкiндiк беру.
Міндеттері:
Заттар және олардың бір – бірімен әрекеттесу заңдылығы туралы білім жүйесін қалыптастыру (фактілер, түсініктер, заңдар және теориялар);
Зияткерлік және экспериментальдық біліктер мен дағдылар түрінде іс – әрекеттердің танымал әдістерін жүзеге асыру тәжірибелерін қалыптастыру;
Жаңа мәселелердішешуде жаңа бір жағдайда бұрын меңгерілген білім және білікті өз бетімен жаңғыртуды талап ететін шығармашылық, ізденіс іс – әрекеттер тәжірибесін қалыптастыру, танымал іс‑ әрекеттер негізінде іс – әрекеттердің жаңа әдісін қалыптастыру;
Қоғамның әрбір мүшесінің өмірлік мәселесін шешуге әсер ететін, «Химия» пәнінің жиынтық үлесі болып табылатын өзекті және пәндік құзіреттіліктің қалыптасуында көрінетін, қоршаған ортаға қарым – қатынасын көрсететін адам әрекетінің нысанға немесе қаражатқа құнды және сындарлы қарым‑ қатынас тәжірибесін қалыптастыру.
Химия бойынша оқу бағдарламасы оқушылардың келесі білігі мен дағдыларын дамытуға бағытталған:
қауіпсіздік техникасын пайдалана отырып құрылғылар мен құрал-жабдықтарды қолдану, тәжiрибе жүргізу, химиялық заттарды анықтау, есептеулер жүргізу, моделдерді жинау;
табиғи құбылыстадың, химиялық үдерістер мен заңдардың мәнін түсіну үшін зертханалық, практикалық тәжірибелер және зерттеу жұмыстарын жүргізу, эксперименттік есептер шығару;
қоршаған ортада болатын өзгерістердің себеп-салдарын анықтау, оларды берілген жағдаятты шешу үшін түсіндіру және әдістерді ұсыну;
өмірдің кез-кез келген жағдайында химия бойынша теориялық білімін қолдана білу.
Оқу бағдарламасы сонымен қатар анализ және синтез, индукция және дедукция, салыстыру, жіктеу, жалпылау, қорытынды жасау және т.б. маңызды пәннен тыс дағдыларды қалыптастырып және одан әрі дамытуға бағытталған.
Оқу бағдарламасы табиғаттағы, адамзаттың іс-әрекетіндегі химиялық үдерістерді, экологиялық мәселелерді шешудегi химиялық технологиялардың мүмкiндiктерi, химиялық өнімдер өндірісінің ұстанымдары мен қоршаған ортаның сақталу тепе-теңдігі туралы білім береді.
Химияның оқу бағдарламасы оқушыларға:
атомдар мен заттар молекулаларының құрылысын, химиялық үдеріс барысында олардың қасиеттерінің өзгерісін;
химиялық реакциялар кезінде заттың жалпы массасы мен энергиясының сақталуын;
химиялық реакцияның жылдамдығының химиялық процесс шартының ауысуына байланысты өзгеруін;
ғылыми әдістер мен эксперименттерді жоспарлауға;
қоғам үшін химияның кең ауқымды мүмкіндіктерін бағалауға;
жағдайды шынайы бағалау, нәтижелерді қорытындылау, эксперименталды жұмыстар жүргізу кезінде қорытынды жасау маңыздылығын;
қауіпсіздік техникасының ережесін сақтап, қоршаған ортаға қауіпсіз химиялық айналымдарды жүргізуге болатындығын;
химияның маңызды заңдылықтарын пайдаланып, химиялық процестер мен заңдылықтарды болжауға және түсіндіруге болатындығын;
шығармашылық әдіс-тәсілдер арқылы химиялық ақпаратты пайдаланып, өмiр сапасын жақсартуға болатындығын түсінуге мүмкіндік береді.
2. Оқыту үдерісін ұйымдастырудағы педагогикалық әдіс-тәсілдер
Білім беру ортасы оқушылардың «үйрену үшін оқитын» және дербес, ынталы, қызығушылығы жоғары, сенімді, жауапты, зияткерлік дамыған тұлғаны қалыптастыру принципіне сай болуы қажет.
Мұғалімдер бұл қасиеттерді әртүрлі оқыту және оқу стратегияларын қолдану арқылы тәрбиелейді және дамытады деп күтіледі:
іс-әрекеттердің белсенді түрлерін ұйымдастыру және тапсырмаларды тиянақты сәйкестендіру арқылы ынталандыру және дамыта оқыту;
әрбір оқушының пікірін тыңдау және алынған білімдер мен түсініктерді қолдану мен оларды дамыту маңыздылығын мойындау;
проблемаларды шешу стратегиясын модельдеу және көрсету;
оқушылардың оқуын «оқу үшін бағалау» арқылы қолдау;
белсенді оқуға және зерттеу жобаларын орындауға негізделген оқушылардың зерттеу іс-әрекеттерін қолдау;
оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту;
жеке, топтық және жалпы сыныптық белсенді оқыту әдістерін пайдаланатын жұмыс түрлерін ұйымдастыру.
«Химия» пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық тәсілдер:
табиғатағы құбылыстарды түсіндіру және болжау үшін теориялар мен модельдерді қолдану;
мұғалімнің көрсетілімдерді жүргізуінің және оқушылардың зертханалық тәжірибелер, практикалық жұмыстарды орындауларының маңызын түсіну;
жоспарлау және ізденістер жүргізу арқылы мәселелерді зерттеу;
әртүрлі ақпараттар көздерінен химияның заманауи проблемаларын таңдау, синтезді жүзеге асыру және алынған ақпаратты бағалау;
ойындарды қолдану, құрастыру, модельдеу және пікірталастар мен дебаттарды жүргізу.
Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту
Білім беру бағдарламасының мақсаттарының бірі жеке тұлғаны әлеуметтендіру болып табылады, яғни, түрлі әлеуметтік топтармен тиімді тіл табысуға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу. Осы мақсатқа жетуге қажетті дағдыларды дамыту үшін ынталандырушы және қолдаушы ортаны құру керек. Коммуникацияның түрлі формаларын қолдану құнды болып саналатын мұндай ортада оқушылар өз пікірін еркін білдіре алады.
Түрлі ақпараттарды қолдану арқылы, оқушыларды пән бойынша академиялық тілді сауатты қолдануға ынталандырады.
«Химия» пәні бойынша оқу бағдарламасындағы оқылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
мазмұнды талдау, мәтін және басқа басылымдардағы негізгі ойды ерекшелеу;
негізделген қорытынды жасау үшiн жиналған материалдарды салыстыру, қарама-қарсы қойып қарау және сәйкестендіру.
«Химия» пәні бойынша оқу бағдарламасындағы жазылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
берілген жағдайды сараптау негізінде іс-әрекет жоспарын құру және тәжірибені жобалау;
химиялық тәжiрибе қорытындыларын жазбаша есеп түрінде жазу немесе таныстырылым түрінде сауатты рәсiмдеу.
«Химия» пәні бойынша оқу бағдарламасындағы айтылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
академиялық тілді химиялық түсініктер мен терминдерді айтқанда дұрыс қолдану;
есепті қорғау барысында қорытынды және тұжырымдамаларға ауызша негіздеме бере алу;
эксперименттік есептерді шешу үшін таңдап алған әдісін және тәсілдерін түсiндiру;
талқылауларға қатысу және өз көзқарасын қорғай білу.
«Химия» пәні бойынша оқу бағдарламасындағы тыңдалым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
қорытындылар мен тұжырымдарға негіздеме жасау үшін академиялық тiлдi түсіну және жинақтаған білімдерін сауатты қолдану;
IUPAC номенклатурасын түсіну және химиялық формулаларды құрастыру үшiн еркiн пайдалану.
Ақпараттық - коммуникациялық технологияларын қолдану білігі
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану білігі технологияларды біліктілікпен және шығармашылықпен пайдалануды қамтиды. Бұл ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың базалық дағдылары арқылы қалыптасады.
Оқушылар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша дағдыларын оқу барысында іздену, құрастыру, мәліметтерді талқылау, ынтымақтастық және мәліметтермен идеялар бөлісу арқылы, бірлесіп әрекет ету арқылы өз жұмысын бағалай және жетілдіре отырып дамытады.
«Химия» пәні бойынша оқу бағдарламасы келесі әрекеттерді қамтиды:
мәліметтерді тіркеп, оларды анағұрлым ыңғайлы әдіспен өңдеу және бай мультимедиалық орта құру сияқты жаңа тәсілдірді оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
мультимедиалық-ресурстарды қолданып оқушылардың химиялық құбылыстар жайлы білімін кеңейту;
оқушылардың өз жұмыстарының сыни тұрғыдан бағалауы, оны жетілдіру мен көпшілікке таныстыра алу дағдыларын дамыту мақсатында графикалық бейнелеу үшін бағдарламалық жасақтамаларын қолдану;
белсенді оқыту әдістерін пайдалану үшін интербелсенді тақталарды қолдану;
Web-ресурстарды қолдану арқылы мәліметтерді іздеу;
компьютер мен түрлі датчиктерді қолдана отырып мәліметтер жинау және жасау;
электрондық кестелер мен графикалық пакеттердің көмегімен берілген бағдарламаны басқару;
виртуалды зертханаларды қолдану;
химиялық құбылыстарды оқытуды қолдануда модельдеу пакеттерін қолдану.
Достарыңызбен бөлісу: |