Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын азаматтар үшін медициналық көмек нені қамтиды?
Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек диагностикалау, емдеу, динамикалық қадағалау қызметтерін қамтиды.
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастарға (яғни, оларға диагноз қойылған болса және олар өз емханасында әлеуметтік мәні бар ауру бойынша диспансерлік есепте тұрса) негізгі ауруы бойынша медициналық қызметтер ТМККК шеңберінде көрсетілетінін түсіну (ескеру) маңызды. Осылайша, жүргізілетін терапияны түзету немесе созылмалы аурудың өршуі кезіндегі медициналық қызметтер ТМККК аясында ұсынылады, демек, МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді болады.
Алайда, диспансерлік есепке қою үшін диагностикалық процедуралар мен мамандардың консультациялары талап етіледі, ондай қызметтер МӘМС пакетіне енгізілген. Осыған орай әлеуметтік мәні бар ауруды анықтау үшін бастапқы диагностика, сондай-ақ басқа ауруларды, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ауру расталған кезде ілеспе ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүргізіледі, яғни ол қызметтерді алу үшін сақтандыру мәртебесі қажет.
Әлеуметтік мәні бар аурулар үшін қандай медициналық көмек қарастырылған?
Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға:
1) амбулаториялық жағдайларда;
2) стационарлық жағдайларда;
3) стационарды алмастыратын жағдайларда
медициналық көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын науқастарға тегін дәрі-дәрмектер беріле ме?
Белгілі бір әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын пациенттер ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі, оның ішінде:
- туберкулез;
- АИТВ инфекциясы;
- бауыр циррозының сатысын қоса алғанда созылмалы С вирустық гепатиті;
- В вирустық гепатиті;
- қант диабеті;
- онкологиялық аурулар;
- жүректің ишемиялық ауруы;
- жүрек қақпақшасын протездеу;
- психикалық аурулар;
- церебралды сал ауруы;
- реактивті артрит;
- аутоиммунды аурулар мен иммун тапшылығы жағдайында;
- түйіндік полиартрит;
- Альцгеймер ауруы;
- Бехчет ауруы;
- Крон ауруы;
- мукополисахаридоз және басқа да орфандық аурулар бар жағдайларда.
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар оңалтуға жататын аурулардың тізбесі бойынша жалпы негізде медициналық оңалтудан өте алады.
МӘМС үшін кімге және қанша төлеу керек?
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді.
Жұмыс беруші – жұмысшының еңбекақысының 3%-ын, бірақ 18 мың теңгеден аспайды, өйткені есептеу объектісі 10 ЕТЖ-нан аспауы тиіс. МАҢЫЗДЫ: егер жұмысшы 15 жеңілдік санатының біріне жататын болса, онда ол үшін аударым жасаудың қажеті жоқ.
Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар – өз табысының 2%-ын құрайды, бірақ 12 мың теңгеден аспайды, өйткені есептеу объектісі 10 АЕК-ден аспауы керек.
Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 200 теңге.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ төлейді:
- қала тұрғындары үшін-1 АЕК немесе 3 063 теңге;
- ауыл тұрғындары үшін-0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге.
Дербес төлеушілер – ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 000 теңге.
Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдікті санаты үшін төлейді – бұл 11 млн-нан астам адам. Ағымдағы жылы бір адам үшін жарна мөлшері 3 614,2 теңгені құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |