қараша 2018 жыл www.kgu.kz
№6 (104)
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ:
ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ
Құрметті қазақстандықтар!
Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық.
Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи
прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен
қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік.
Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық,
конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.
Қазақстанның халықаралық беделінің артуына
және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол
жеткіздік.
Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін
әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет
болды.
Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық
және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз
етіп, жаңа елордамыз – Астананы салдық.
Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы
72,5 жасқа жетті.
Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық.
Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ
доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы
тартылды.
Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын
және орта бизнес нығайып келеді.
Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі
рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға
көтерілді.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай
әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын
«Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды
бастадық.
Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын
жарияладық.
Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік.
Оның басты міндеті – Қазақстанның жаһандық
бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық
өсімнің жаңа моделін құру.
Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық
трансформация үдерістері күшейе түсті.
Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.
Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру
еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына
қатысты талаптарды күрделендіруде.
Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар
тоғыса түсуде.
Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен,
табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына
байланысты.
ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ
Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде
және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып,
оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады.
Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан
бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42
мыңға дейін өсіруді тапсырамын.
Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік
нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін
1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей
қамтиды.
Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың
қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35
пайызға өседі.
Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық
бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.
Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін
қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру
және нарық еркіндігін қолдау керек.
Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары
ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен
қамтамасыз етіледі.
Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру
керек.
Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта
өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022
жылға қарай 2,5 есе көбейту.
Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге
заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға
бағыттау қажет.
Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және
ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік
мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы
саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз
керек.
Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға
жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге
қарастыруды тапсырамын.
ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ
Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру
деңгейінің артуы.
Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын
үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз
жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық
отбасына қатысты.
БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық
сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын
қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін
жеткізу қажет.
Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын
елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті
реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек.
ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын
түбегейлі жақсарту керек.
Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық
қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден
қалыптасады.
Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті,
сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және
командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.
ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер
белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына
баса назар аударған жөн.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі
мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай
стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың
қорытынды кезеңі болады.
Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық
стандарттарға негізделуге тиіс.
Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше
сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби
диагностика жүргізу маңызды.
ТӨРТІНШІ. Келесі жылы «Педагог мәртебесі
туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.
Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер
қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып,
жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен
тыс функциялардан арашалауға тиіс.
БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының