Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы «___» _____
№ ____ қаулысымен бекітілді
Қазақстан Республикасының төлем балансы орнықтылығының мониторингін жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
Қазақстан Республикасының төлем балансы орнықтылығының мониторингін жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының төлем балансы орнықтылығының мониторингін жүзеге асыру және оның нашарлау тәуекелдерін барынша азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу Комиссия қызметінің мақсаты болып табылады.
3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Комиссияның міндеттері мен функциялары
4. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары:
1) Қазақстан Республикасы төлем балансының және Қазақстан Республикасының халықаралық инвестициялық позициясының нашарлау тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі шараларды әзірлеу;
2) қолданыстағы валюталық режимді өзгерту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген арнайы валюталық режимді енгізуді қоса алғанда, валюталық шектеулерді қолдану;
3) мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқарудың ортақ жүйесі шеңберінде сыртқы борышты және Қазақстан Республикасының халықаралық резервтерін басқару;
4) тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспорты үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру және Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық сауда статистикасын және төлем балансының статистикасын одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
3. Комиссияның құқықтары
5. Комиссия белгіленген тәртіппен және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы төлем балансының нашарлау тәуекелдерін барынша азайту жөнінде, уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті шаралар қабылдауы және Комиссия құзыретінің шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын қалыптастыруға;
3) Қазақстан Республикасы төлем балансының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын және оған әсер ететін факторларды бағалау үшін, Қазақстан Республикасы төлем балансының және халықаралық инвестициялық позициясының орнықтылығын қамтамасыз ету шаралары бойынша ұсыныстар әзірлеп, енгізу үшін мемлекеттік органдарды, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық компанияларды, ұлттық даму институттарын, отандық және шетелдік консультанттарды, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың сарапшыларын тартуға;
4) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ведомстволардан және ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға;
5) Комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
4. Комиссия қызметін ұйымдастыру
6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды және Комиссия әзірлейтін шешімдердің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
8. Комиссияның жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды, оның ішінде Қазақстан Республикасы төлем балансының жай-күйі мен болжамы туралы ақпаратты дайындайды, олар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
9. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттаманы ресімдейді.
10. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
11. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Комиссияның әрбір мүшесіне жіберіледі.
12. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
13. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулықтың (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшасына сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға және хатшы қол қояды.
Дауыс беру қорытындылары бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген кезде Комиссия хатшысы Комиссия мүшелеріне қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясымен бірге дауыс беру парағын келісу үшін жібереді.
Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап жібереді.
14. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
15. Дауыс беру парақтарымен қоса, Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
5. Комиссия қызметін тоқтату
16. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тоқтатады.
Достарыңызбен бөлісу: |