9 Қазақстан Республиксындағы аралық соттарды құқықтық регламенттеу
Мақсаты: аралық соттар қызметінің құқықтық регламенттеуін түсіндіру
Қазақстан Республикасының аралық соттар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi.
Аралық сотта iс қарау:
- туындаған дау бойынша аралық сотта iс қарауды жүзеге асыру тәртiбi мен талаптары мәселелерiн тараптардың өзара алдын ала келiсуi бойынша өз бетiнше шешуге құқығы бар екендiгiн бiлдiретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;
- аралық судьялар мен соттар өз шешiмдерiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңнамалық актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ғана нормаларын басшылыққа алатынын бiлдiретiн заңдылық;
- аралық судьялар мен соттардың өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз екенiн, шешiмдi оларға қандай да бiр ықпал етудi болғызбайтын жағдайларда қабылдайтынын бiлдiретiн тәуелсiздiк;
- тараптардың аралық сотта iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн мойнына алатынын, өз ұстанымын, оны қорғау тәсiлдерi мен құралдарын аралық соттан, басқа да органдар мен тұлғалардан дербес және тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн жарыспалылығы мен тең құқылы болуы;
- аралық судьялар мен соттар өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және аралық сотта iс қараудың тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдiретiн әдiлеттiлiк;
- азаматтың тиiстi органға ақпаратты хабарлау мiндетi заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, аралық судьялардың аралық сотта iс қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келiсiмiнсiз жария етуге құқығы жоқтығын және аралық сотта iс қарау барысында өздерiне белгiлi болған мәлiметтер туралы куәлар ретiнде олардан жауап алынбайтынын бiлдiретiн құпиялылық принциптерi сақтала отырып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында аралық соттар тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот немесе нақты дауды шешуге арналған аралық сот түрiнде құрылуы мүмкiн.
Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және олардың бiрлестiктерi (қауымдастықтары, одақтары) құра алады.
Тараптар нақты дауды шешуге арналған аралық сотты өздерiнiң азаматтық-құқықтық шарттарынан туындаған дауды шешу үшiн құрады және осы дау шешiлгенге дейiн немесе тараптар дауды құзыреттi сотқа беру туралы шешiм қабылдағанға дейiн әрекет етедi.
Нақты дауды шешу үшiн құрылатын аралық сот қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi тараптардың келiсiмiмен айқындалады. Қазақстан Республикасында аралық соттар мемлекеттiк органдар жанынан құрыла алмайды.
Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот, егер тараптар аралық сотта iс қараудың басқа ережелерiн қолдану туралы уағдаласпаса, тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес аралық сотта iс қарауды жүзеге асырады.
Нақты дауды шешуге арналған аралық сот аралық сотта iс қарауды тараптармен келiсiлген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық сотта iс қараудың орны тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес айқындалады.
Егер тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде аралық сотта iс қараудың орны нұсқап көрсетiлмесе не оны айқындау тәртiбi болмаса, онда аралық соттың құрамы, тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.
Талапкер өзiнiң талаптарын талап-арызда баяндайды, ол аралық сотқа жазбаша нысанда берiледi. Талап-арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
Талап-арызда:
- талап-арыздың берiлген күнi;
- тараптардың атауы, олардың тұрғылықты жерi немесе, егер тараптар заңды тұлғалар болып табылса, олардың орналасқан жерi, банк реквизиттерi;
- аралық сотқа жүгiну негiздемесi;
- талапкердiң талаптары;
- талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
- талапкердiң талаптарын растайтын дәлелдемелер;
- егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
- талап-арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
Талап-арызға талапкер немесе оның өкiлi қол қоюға тиiс. Егер талап-арызға талапкердiң өкiлi қол қойған жағдайда, талап-арызға өкiлдiң өкiлеттiктерiн куәландыратын сенiмхат немесе өзге де құжат қоса берiлуге тиiс. Аралық сотта iс қараудың ережелерiнде талап-арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкiн.
Жауапкер талапкерге және аралық сотқа өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап-арызға пiкiр беруге құқылы. Талапкерге және аралық сотқа аралық сотта iс қарау ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап-арызға пiкiр берiледi.
Егер аралық сотта iс қарау ережелерiнде талап-арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда аталған пiкiр аралық соттың бiрiншi отырысына дейiн кемiнде он күн бұрын берiледi.
Тарап аралық сотта iс қарау барысында өзiнiң талап-арыздарын немесе талап қоюға бiлдiрген қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы. Аралық сот талап-арызды қабылдап, өзiнiң ережесiне (регламентiне) немесе Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасының нормаларына сәйкес аралық сотта ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралу орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап-арызға жазбаша пiкiр берудi ұсынады. Жауапкердiң қарсылықтарын табыс етпеуi дауды қарауға кедергi бола алмайды.
Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксiз деп санаса, аралық сот тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
Аралық сот iс бойынша барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.
Аралық сотта iс қарауға қатысушы тараптардың:
- iс материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жазып алуға және көшiрмелер түсiруге;
- дәлелдемелердi табыс етуге;
- өтiнiш бiлдiруге, аралық судьялардан бас тартуға;
- процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
- процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн беруге;
- басқа тараптың өтiнiмдерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
- аралық сот отырысының хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертпелер беруге.
10 Сот орындаушыларының және сот приставтарының құқықтық мәртебелері
Мақсаты: Қазақстан Республикасында сот орындаушыларының және сот приставтарының құқықтық жағдайларын түсіндіру
Сот орындаушысы – сот актілерін және басқа мемлекеттік органдардың актілерін орындау бойынша өзіне заңмен жүктелген міндеттерді атқаратын тұлға
Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi:
Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға (жеке сот
орындаушысын қоспағанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген
коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш күннен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi;
4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынатын атқарушылық
құжаттар түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген басқа да органдарға жүгiнуге;
5) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша, оның iшiнде орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру, ұзарту, орындау тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту туралы, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша борышкерге iздеу салу мәселелерi бойынша сотқа ұсыныстар енгiзуге;
6) iс жүргiзiлiп жатқан атқарушылық құжаттар бойынша азаматтар мен
лауазымды адамдарды шақыртуға;
7) кез келген меншiк нысанындағы ұйымдарда атқарушылық құжаттардың орындалуын және олар бойынша құжаттаманың жүргiзiлуiн тексеруге;
8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша атқарушылық іс жүргізудің қатысушыларына тапсырмалар беруге;
9) борышкерлер, сондай-ақ оларда борышкерге тиесiлi мүлiктiң тұрғанын растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге құқылы. Қажет болған жағдайда борышкердің қатысуынсыз үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашуға, куәгерлердің қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
10) атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттiк органдар, ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының қабылдауына дереу кiруге;
11) борышкерлердiң банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
12) мүлiктің кiмге тиесiлi екенiн анықтағанға дейiн осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көзделген қағидаларды сақтай отырып оған уақытша тыйым салуға;
13) тыйым салынған мүлiктi алып қоюға, сақтау үшiн беруге және өткізуге;
14) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға;
15) қажет болған жағдайларда атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға;
16) қылмыстық қудалау органына сот актiлерiн орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге;
17) егер атқарушылық құжатты орындау процесінде осындай қажеттiлiк туындаса, басқа қаланың немесе ауданның сот орындаушыларына жекелеген атқарушылық әрекеттер жасауды тапсыруға;
18) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
Сот орындаушысы:
сот актілерін, оның ішінде талап-арызды қамтамасыз ету және
бітімгершілік келісімін бекіту жөнiндегi сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін орындауға;
тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу
материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
атқарушылық iс жүргiзу мәселесі жөнiндегi арыздар мен
тараптардың өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы
заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Атқарушылық іс жүргізу органдарының жүйесін:
уәкілетті орган;
уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы
қалаларындағы аумақтық органдары (аумақтық органдар);
аумақтық органдардың аудандардағы, қалалардағы және қалалардың
аудандарындағы бөлімдері (аумақтық бөлімдер) құрайды.
Қазақстан Республикасының заңдарымен мемлекеттік және жеке сот
орындаушыларының қызметі белгіленген.
Мемлекеттік сот орындаушысы мемлекеттік қызметші болып табылады. Мемлекеттік сот орындаушысын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аумақтық органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, жоғары заңгерлік білімі бар, Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін, өзінің іскерлік және жеке басының қасиеттерімен, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті адам мемлекеттік сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкін. Мемлекеттік сот орындаушыларына қызметтік куәліктер беріледі, олар үлгілерін уәкілетті орган бекітетін нысанды киіммен (погонсыз), жетонмен және эмблемамен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады. Мемлекеттік сот орындаушысының өзiне жүктелген мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Жеке сот орындаушыларының сот актілерін және өзге де органдардың актілерін орындау жөніндегі қызметі атқарушылық құжаттарды орындаудың балама тәсілі. Жеке сот орындаушыларының қызметі Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сәйкес атқарушылық және өзге де әрекеттерді жасау кезінде адам мен азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
Жеке сот орындаушысы лауазымына жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік бiлiмi бар, жеке сот орындаушысында кемінде бір жыл мерзімде үздіксіз тағылымдамадан өткен, біліктілік емтиханын тапсырған, атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия алған (бұдан әрі – сот орындаушысының лицензиясы), осы Заңда белгіленген тәртіппен жеке сот орындаушысы лауазымының бос орнына орналасуға конкурстан өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сот актісі бойынша борышкер болып табылатын адам жеке сот орындаушысы бола алмайды.
Ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық ісі тоқтатылған, сондай-ақ жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензиядан айрылған адам жеке сот орындаушысы бола алмайды.
Жеке сот орындаушысы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін өз қызметін жүзеге асыруға құқылы. Жеке сот орындаушысы зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өз міндетін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының ұсынуы бойынша қабылданған уәкілетті органның рұқсатымен ғана, бірақ зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін көп дегенде бес жыл орындауға құқылы.
Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін өз атынан және өзінің жауапкершілігімен орындайды. Сот орындаушысының лицензиясын алған жеке сот орындаушысы Заңға сәйкес атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысуға құқылы.
Жеке сот орындаушысының орындауына, тараптардың бірі ретінде мемлекет өкілдік ететін атқарушылық құжаттардан басқа, Заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттар қабылдануы мүмкін.
Жеке сот орындаушысы жасаған атқарушылық әрекеттерге өтеулі негізде жүргізеді. Жеке сот орындаушысымен жасалған атқарушылық әрекеттерге ақы төлеу заңмен көзделген тәртіппен айқындалған тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады. Жеке сот орындаушыларына Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының борышкерден атқару санкциясын өндіріп алу бөлігіндегі ережелері қолданылмайды.
Жеке сот орындаушысына қызметтік міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ оның кеңсесінде жұмыс істейтін адамдарға атқарушылық әрекеттер жасауына байланысты, оның ішінде өкілеттігін тоқтатқаннан немесе жұмысынан босатылғаннан кейін де, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне белгілі болған мәліметтерді жариялауға, құжаттарды жария етуге тыйым салынады.
Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы анықтамалар өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық немесе азаматтық істерге байланысты сот, прокуратура, тергеу органдарының талап етуі бойынша беріледі.
Сот приставы - мемлекеттiк қызметте тұратын және соттар қызметінің белгіленген тәртібін қамтамасыз ету бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды тұлға.
Сот приставтарының мiндеттерi:
1) сот отырысы кезiнде, сондай-ақ сот орындаушылары атқарушылық iс-әрекеттер жасаған кезде залда қоғамдық тәртiптi сақтау;
2) бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың орындалуын бақылау;
3) iс жүргiзу әрекеттерiн орындауда сотқа жәрдемдесу;
4) сот үйлерiн күзетудi қамтамасыз ету, судьяларды және процестiң басқа да қатысушыларын күзету, сондай-ақ атқарушылық iс-әрекеттерiн жасау кезiнде сот орындаушылары мен осы iс-әрекеттерге қатысатын тұлғаларды күзету;
5) соттардың және басқа органдардың орындаушылық құжаттарын орындауға мәжбүр етуде сот орындаушыларына жәрдем көрсету.
Сот приставтарының бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында және жергілікті соттарда құрылуы мүмкін. Сот приставтарының бөлімшелеріне аға сот приставтары жетекшілік етеді.
Сот приставы өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында:
- азаматтардан сот қызметiнiң белгiленген тәртiбiн сақтауды, сондай-ақ соттың үй-жайында және сот отырысы залында құқыққа қайшы iс-әрекеттер жасауды тоқтатуды талап етуге;
- сот орындаушылары атқарушылық iс-әрекеттер жасаған кезде азаматтардың белгiленген тәртiптi сақтауын және құқыққа қарсы iс-әрекеттердi тоқтатуын талап етуге;
- соттың үй-жайында (көшпелi отырыс өткiзiлген жағдайда - сот отырысы өткiзiлiп жатқан үй-жайда) және сот орындаушылары атқарушылық iс-әрекеттер жасаған кезде құқық бұзушыны әкiмшiлiк жолмен ұстауға;
- заңдарда белгiленген тәртiппен жауапқа тарту үшiн құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға; - құқық бұзушыны құқық қорғау органдарына жеткiзуге; - Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен атыс қаруын арнаулы құралдар мен күш қолдануға құқылы.
Сот приставы:
1) өзiне берiлген құқықтарды қатаң заңға сәйкес пайдалануға және өз қызметiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге жол бермеуге;
2) судьяларды және сот процесiне қатысатын өзге де тұлғаларды, сондай-ақ атқарушылық iс-әрекеттердi жасаған кезде осындай iс-әрекеттерге қатысатын тұлғаларды күзетудi жүзеге асыруға;
3) кеңесу бөлмелерiн, соттың басқа да үй-жайлары мен үйлерiн күзетудi қамтамасыз етуге;
4) атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарға сәйкес атқарушылық iс-әрекеттер жасауға қатысуға;
5) сот отырысы залында және соттың үй-жайында, сондай-ақ атқарушылық iс-әрекеттердi жасаған кезде құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
6) судьяның тапсырмасы бойынша қылмыстық iс пен заттық айғақтарды жеткiзудi және соттың тұрақты орналасқан жерiнен тыс сот талқылауын жүргiзу кезiнде олардың сақталуын қамтамасыз етуге;
7) судьяның сот талқылауын жүргiзу тәртiбiн сақтауға байланысты өкiмдерiн орындауға;
8) сотқа келуден жалтарған адамдарды сот орындаушысына немесе атқарушылық iс-әрекеттер жасалатын жерге күштеп алып келудi жүзеге асыруға;
9) қамауға алынған адамдарды қорғау және олардың қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша қарауыл қызметi қызметкерлерiмен өзара iс-қимыл жасауға мiндеттi.
Кемiнде жиырма бiр жасқа толған, орта (орта бiлiмнен кейiнгi) бiлiмi бар, өзiнiң iскерлiк және жеке қасиеттерi бойынша, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi орындауға қабiлеттi және арнаулы тексеруден өткен, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адам сот приставы болып тағайындала алады. Сот приставтары арнаулы даярлықтан өтiп, содан кейiн табельдiк атыс қаруын сақтау және алып жүру, арнаулы құралдарды пайдалану құқығына ие болады.
Сот приставы қызметiне бұрын сотталған немесе қылмыстық жауапкершiлiктен ақталмайтын негiздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен және құқық қорғау органдарынан келеңсiз себептер бойынша шығарылған адамдарды тағайындауға болмайды.
Аумақтық органдар мен аумақтық бөлiмдерде сот приставтарын тиiстi аумақтық органдардың басшылары қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында сот приставтарын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
ТӘЖІРИБЕЛІК БӨЛІМ
Сызбалар
Судьялар лауазымына заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негізде өкілетті болады. Судьяның өкілеттігі тек заңмен белгіленген тәртіппен ғана тоқтатылуы мүмкін.
Судьяның сот төрелігін жүргізуіне араласуға және қандай болмасын ықпал жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Судья қарастырған немесе қарастыруындағы сот істері бойынша қандай болсын түсініктер беруге міндетті емес. Кеңесу бөлмесінің құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етілуі керек. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық қамтамасыз ету және оларға тұрғын үй беру, сот төрелігін толық және тәуелсіз жүзеге асыруға жеткілікті көлемде, республикалық бюджеттен жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |