Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі.
Біз – бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз.
Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс.
Біз – көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс.
Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс.
Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.
Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей.
Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.
Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.
Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек саясатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе жергілікті билік органдарына этностық ерекшеліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана – өте жоғары этика және кәсібилік. Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек.
Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс.
Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.
Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады.
Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз.
Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады.
Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.
Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.
Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды.
Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз.
Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі.
Бұл – әлемдік үрдіс.
Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты.
Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.
Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт.
Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.
Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз.
Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.
Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.
Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн.
Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек.
Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек.
Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуғабарынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |