Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.
Біз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиіспіз.
Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс істейтін және жедел қимылдайтын Ұжымдық күштердің әлеуеті мен жауынгерлік қабілетін арттыруға көмектесетін болады.
7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ – БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ
Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.
Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.
Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды.
Біздің команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсті.
Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ.
Үкіметке әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Бірінші. Жаңа қазақстандық патриотизм.
Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы.
Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады.
Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.
Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.
Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.
Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз.
Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.
2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.
Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |