1. Ереуілді басқаратын орган өзіне осы Кодексте берілген құқықтар шегінде
және жұмыскерлер (олардың өкілдері) берген өкілеттіктер негізінде әрекет етеді.
2. Ереуілді басқаратын органның:
1) қойылған талаптарды шешу мәселелері бойынша жұмыс берушімен,
жұмыс берушілер бірлестігімен (олардың өкілдерімен), мемлекеттік, кәсіподақ,
өзге де заңды тұлғалармен және лауазымды адамдармен өзара қарым-
қатынастарда жұмыскерлердің мүдделерін білдіруге;
2) жұмыс берушіден, жұмыс берушілер бірлестігінен (олардың өкілдерінен)
жұмыскерлердің мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша ақпарат алуға;
3) жұмыскерлер талаптарының қаралу барысын бұқаралық ақпарат
құралдарында жариялап отыруға;
4) даулы мәселелер бойынша қорытындылар беру үшін мамандарды тартуға;
5) жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) келісуімен ереуілді тоқтата тұруға
құқығы бар.
3. Бұрын тоқтатыла тұрған ереуілді қайта бастау үшін дауды татуластыру
комиссиясының, делдалдың қайта қарауы немесе еңбек төрелігінде қайта қарау
талап етілмейді. Жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі (олардың өкілдері)
және еңбек дауларын реттеу жөніндегі орган ереуілдің қайта басталуы туралы
үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ескертілуге тиіс.
4. Ұжымдық еңбек дауының тараптары оны реттеу жөніндегі келісімге қол
қойған жағдайларда, сондай-ақ ереуіл заңсыз деп танылған жағдайда ереуілді
басқаратын органның өкілеттіктері тоқтатылады.
174-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуіл барысындағы міндеттері
Ереуіл өткізу кезеңінде ұжымдық еңбек дауының тараптары осы дауды
келіссөздер жүргізу арқылы шешуді жалғастыруға міндетті.
Жұмыс беруші, мемлекеттік органдар және ереуілді басқаратын орган ереуіл
кезеңінде қоғамдық тәртіпті, ұйым мүлкінің сақталуын және жұмыскерлердің
қауіпсіздігін, сондай-ақ тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына
тікелей қатер төндіретін машиналардың және жабдықтардың жұмысын
қамтамасыз ету жөніндегі, өздеріне байланысты шараларды қабылдауға
міндетті.
175-бап. Жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты берілетін кепілдіктер
1. Ереуілдерді ұйымдастыру немесе оларға қатысу (осы Кодекстің 176-
бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) жұмыскердің еңбек
тәртібін бұзуы деп қаралмайды және осы Кодексте көзделген тәртіптік ықпал
ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
2. Ереуіл кезінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы), еңбекке уақытша
қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеміне құқығы, еңбек өтілі
сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына
кепілдік беріледі.
Ереуіл жалақының төленбеуіне немесе уақтылы төленбеуіне байланысты
өткізілгеннен басқа жағдайларда, ереуілге қатысушы жұмыскерлердің ереуіл
уақыты ішіндегі жалақысы сақталмайды.
176-бап. Заңсыз ереуілдер
1. Ереуілдер:
1) соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай не Қазақстан Республикасының
төтенше жағдай туралы заңнамасына сәйкес айрықша шаралар енгізілген
кезеңдерде; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің органдары мен
ұйымдарында, елдің қорғанысын, мемлекеттің қауіпсіздігін, авариялық-құтқару,
іздестіру-құтқару, өртке қарсы жұмыстарды қамтамасыз ету, төтенше
жағдайлардың алдын алу немесе оларды жою мәселелерімен айналысатын басқа
да әскери құралымдар мен ұйымдарда; арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау
органдарында; қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын ұйымдарда;
жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету станцияларында;
2) осы баптың 2-тармағында көрсетілген шарттар сақталмаған жағдайда,
темір жол көлігі, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында, халықтың
тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр
энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету), жұмысының тоқтатыла
тұруы ауыр және қауіпті зардаптарға әкеп соғуы мүмкін үздіксіз жұмыс істейтін
өндірістерде;
3) осы Кодексте көзделген мерзімдер, рәсімдер мен талаптар ескерілмей
жарияланған жағдайда;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін жағдайларда;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда
заңсыз болып танылады.
Осы тармақта көрсетілген негіздердің біреуі болғанда, сот тиісті шешім
қабылдағанға дейін прокурор ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
2. Темір жол көлігі, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында,
халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік,
сумен, электр энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету) ереуіл,
жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісім негізінде айқындалатын
халыққа қажетті тиісті көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемі сақталған
жағдайда өткізіледі.
Үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде ереуіл негізгі жабдықтардың,
механизмдердің үзіліссіз жұмысы қамтамасыз етілген жағдайда ғана өткізілуі
мүмкін.
3. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының
заңдарына сәйкес қабылдайды.
4. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот жұмыс берушінің немесе
прокурордың өтініші бойынша қабылдайды.
Сот шешімі жұмыскерлердің назарына ереуілді басқаратын орган арқылы
жеткізіледі, ол ереуілге қатысушыларға сот шешімі туралы дереу хабарлауға
міндетті, ал ереуілді басқаратын орган болмаған кезде – тікелей жұмыс беруші
жеткізеді.
Жұмыс беруші сот шешімінің мәтінін көпшілікке көрінетіндей қолжетімді
жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі дереу орындалуға, ал ереуіл
тоқтатылуға тиіс.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда
прокурор немесе сот тиісті шешім қабылданғанға дейін ереуілді тоқтата тұруға
құқылы.
5. Ереуілді басқарушы органның сот шешіміне Қазақстан Республикасының
заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
6. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатушы
адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен
жауаптылықта болады.
177-бап. Ереуілді заңсыз деп танудың салдарлары
Сот ереуілді заңсыз деп таныған кезде, жұмыс беруші ереуілді
ұйымдастыруға немесе өткізуге қатысқан жұмыскерлерді тәртіптік
жауаптылыққа тартуы мүмкін.
178-бап. Локаутқа тыйым салу
Ереуіл өткізуді қоса алғанда, ұжымдық еңбек дауын реттеу процесінде
локаутқа, яғни жұмыскерлердің ұжымдық еңбек дауына немесе ереуілге
қатысуына байланысты, осы Кодекстің 51-бабы 1-тармағының 22)
тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, олармен жасалған еңбек
шарттарын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға тыйым салынады.
4-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ
17-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
179-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды,
бақылауды және оған мониторингті;
Достарыңызбен бөлісу: |