туралы еңбек шартын жасасуға құқылы.
2. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнінде
сілтеме болуы міндетті.
197-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын
жасасуға қажетті қосымша құжаттар
Қызметкер басқа жұмыс берушімен қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын
жасасу үшін осы Кодекстің 31-бабында көзделген құжаттардан бөлек, негізгі жұмыс
орны бойынша еңбектің сипаты мен жағдайлары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек
жағдайлары) туралы анықтама табыс етеді.
198-бап. Қоса атқаратын жұмыс кезіндегі жұмыс уақытының
ұзақтығы
Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті
жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 82-бабында белгіленген күнделікті жұмыс
уақытының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.
199-бап. Қоса атқаратын жұмыс кезіндегі жыл сайынғы
ақылы еңбек демалысы
1. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін
қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негізгі
жұмысы бойынша демалыспен
қатар беріледі.
2. Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақылы
еңбек демалысының ұзақтығы басқа жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса,
жұмыс беруші қоса атқарушы - қызметкердің өтініші бойынша демалыс ұзақтығының
айырмасын құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс береді.
200-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын
жасасуды шектеу
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын он сегіз жасқа толмаған
қызметкерлермен және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және
(немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлермен жасасуға тыйым салынады.
201-бап. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жұмыс
берушінің бастамасы бойынша бұзудың қосымша
негіздері
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты, осы Кодекстің 54-бабында көзделген
негіздерден басқа, еңбек шарты осы жұмыс өзі үшін негізгі болып табылатын
қызметкермен жасалынған жағдайда жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуы мүмкін.
19-тарау. АУЫР ЖҰМЫСТАРДА, ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЛАРЫ ЗИЯНДЫ (ЕРЕКШЕ
ЗИЯНДЫ) ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҚАУІПТІ ЖҰМЫСТАРДА ІСТЕЙТІН
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
202-бап. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды
(ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті
жұмыстарда істейтін қызметкерлердің жұмыс
уақытының қысқартылған ұзақтығы
1. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе)
қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының аптасына 36 сағаттан
аспайтын қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
2. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына құқық беретін өндірістердің,
цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ ауыр жұмыстардың, еңбек
жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті
жұмыстардың тізбесін еңбек
жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті
мемлекеттік органмен келісім бойынша айқындайды.
203-бап. Жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысы
Жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары қызметкерлерге өндірістердің,
цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, сондай-ақ жыл сайынғы ақылы қосымша
еңбек демалысына құқық беретін ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше
зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес беріледі. Демалыстың бұл
түрінің ұзақтығын, сондай-ақ оны берудің шартын еңбек жөніндегі уәкілетті
мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен
келісе отырып айқындайды.
204-бап. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды
(ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті
жұмыстарда істейтін қызметкерлердің еңбегіне
ақы төлеу
Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстарда
істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу қалыпты еңбек жағдайлары бар жұмыстарда
істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеумен салыстырғанда жоғарылатылған
лауазымдық айлықақылар (ставкалар) немесе қосымша ақылар белгілеу жолымен
жоғарылатылған
мөлшерде, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында, салалық
келісімдерде немесе ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеудің ең төменгі
стандарттарына негізделіп белгіленгеннен төмен емес мөлшерде белгіленеді.
Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ ауыр
жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті
жұмыстардың тізбесін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган денсаулық сақтау
саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып айқындайды.
Осы бапта белгіленген еңбекке ақы төлеу шарттары ауыр, зиянды (ерекше
зиянды), қауіпті жағдайлардағы еңбегі жұмыс орындарын
аттестаттау нәтижелерімен
расталған қызметкерлерге қолданылады.
Ескерту. Осы Кодекстің 204-бабы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап
қолданысқа
енгізіледі.
205-бап. Салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын
қамтамасыз ету
Ұйым қызметкерлеріне еңбек жағдайлары бойынша жұмыс берушінің қаражаты
есебінен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар белгілейтіннен төмен емес
нормаларда арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа да
дара қорғану құралдары, жуу
және зарарсыздандыру материалдары, сүт, емдеу-профилактикалық тағамдары беріледі.
20-тарау. МАУСЫМДЫҚ ЖҰМЫСТАРДА ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ
ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
206-бап. Маусымдық жұмыстар
Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайлары бойынша белгілі бір, бірақ бір
жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.
207-бап. Маусымдық қызметкерлермен еңбек шартын жасасу
ерекшеліктері
1. Еңбек шартында маусымдық жұмыстар орындауға арналған шарт жасасу туралы
талап және жұмыстарды орындаудың айқындалған кезеңі көрсетілуге тиіс.
2. Маусымдық жұмыстарға арналған еңбек шартын жасасу кезінде қызметкердің
өзіне тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру
мақсатындағы сынақ мерзімі
белгіленбейді.