Тараптардың келісімі бойынша қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерге жұмыс
беруші үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де шығыстар (электр энергиясының,
судың құны және т.б.) өтелуі мүмкін.
2. Қызметкердің жұмыс берушімен жұмыс істеу байланыстарының тәсілдері мен
кезеңділігі еңбек шартында айқындалады.
221-3-бап. Жұмыс уақытын және демалыс уақытын есептеу,
еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды
қамтамасыз ету жағдайлары
Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге осы Кодексте белгіленген жұмыс
уақыты мен демалыс уақыты ұзақтығының нормалары қолданылады.
Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі
белгіленеді, оны бақылаудың ерекшеліктері еңбек шартында айқындалады.
Жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылаудың ерекшеліктері, еңбек
қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және қызметкер үшін осы
жағдайларды сақтау жөніндегі шарттар еңбек шартында айқындалады.
24-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
222-бап. Мүгедектердің еңбек ету құқығын іске асыруы
1. Мүгедектер әдеттегідей еңбек жағдайлары бар не мүгедектер еңбегін
пайдаланатын мамандандырылған ұйымдарда жұмыс берушілермен
еңбек шарттарын жасасуға
құқылы.
2. Медициналық қорытынды бойынша денсаулық жағдайы еңбек міндеттерін
орындауға кедергі келтіретін не оның денсаулығына және (немесе) басқа адамдар
еңбегінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, мүгедектік
себептері бойынша еңбек
шартын жасасудан бас тартуға, мүгедекті басқа жұмысқа
ауыстыруға, еңбек жағдайларын өзгертуге тыйым салынады.
Ескерту. 222-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
223-бап. Мүгедек қызметкерлердің еңбек жағдайлары
1. Еңбекті нормалау, еңбекке ақы төлеу және еңбекті қорғау жағдайлары, жұмыс
режимі, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару тәртібі,
техникалық, санитарлық,
гигиеналық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптар келісімі бойынша
еңбек шартының, ұжымдық шарттың өзге де жағдайлары басқа қызметкерлермен
салыстырғанда мүгедек қызметкерлердің жағдайларын
нашарлата немесе құқықтарын
шектей алмайды.
2. Мүгедектер еңбегін ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек
жағдайлары бар жұмыстарда пайдалануға тыйым салынады.
3. Жұмыс істеп жүрген мүгедектерге осы Кодексте, келісімдерде, жұмыс
берушінің актілерінде, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленген қосымша
кепілдіктер берілуі мүмкін.
4. Жұмыс беруші жұмыс істеп жүрген мүгедектердің толық емес жұмыс уақыты
режимі, жүктемені азайту және басқа еңбек жағдайлары туралы медициналық
қорытындыларды орындауға міндетті.
224-бап. Мүгедек қызметкерлердің жұмыс уақытының
қысқартылған ұзақтығы
1. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан
аспайтын ұзақтығы қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді.
2. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлердің күнделікті жұмысының
(жұмыс ауысымының) ұзақтығы жеті сағаттан аспауға тиіс.
225-бап. Мүгедек қызметкерлерге жұмыс уақытының жиынтық
есебін қолдануды шектеу
1. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге жұмыс уақытының жиынтық
есебін қолдануға жол берілмейді.
2. Егер үшінші топтағы мүгедек қызметкерлерге медициналық
көрсетулер бойынша жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленетін
режимге тыйым салынған болса, оларға мұндай есеп белгіленбейді.
226-бап. Мүгедек қызметкерлердің түнгі уақыттағы
жұмысын, үстеме жұмысын, демалыс және мереке
күндердегі жұмысын, оларды іссапарға жіберуді
шектеу
Мүгедек қызметкерлерді үстеме жұмысқа, түнгі уақытта, демалыс және мереке
күндеріндегі жұмысқа тартуға, іссапарға жіберуге, егер олар үшін мұндай жұмыстарға
медициналық көрсетулер бойынша тыйым салынбаған болса, олардың жазбаша келісімімен
ғана жол беріледі.
227-бап. Мүгедек қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек
демалысын беру
Мүгедек қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы олармен келісе
отырып, жұмыс беруші бекітетін демалыс кестесіне сәйкес беріледі.
228-бап. Мүгедек қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы
қосымша демалыс беру
Жыл сайынғы ақылы қосымша демалыс - жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымен бір
мезгілде не мүгедек қызметкердің қалауы бойынша жұмыс жылының басқа уақытында
беріледі.
25-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
229-бап. Азаматтық қызметке кіру
1. Азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша
жүзеге асырылады.
2. Конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын
ұйымдастырып, өткізеді.
3. Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына
орналасуға арналған конкурсты өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының
Үкіметі айқындайды.
4. Азаматтық қызметке қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің
актісін шығару жолымен жүзеге асырылады.
230-бап. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі
Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының
Үкіметі айқындайды.
231-бап. Азаматтық қызметте болумен байланысты шектеулер
1. Азаматтық қызметші:
1) материалдық-техникалық, қаржылық және
ақпараттық қамтамасыз ету
құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес
мақсатта пайдалануға;
2) азаматтық қызметтің қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық
міндеттерді атқаруға кедергі келтіретін іс-әрекеттерге қатысуға;
3) қызмет жағдайын азаматтық қызметпен байланысты емес мақсатта пайдалануға;
4) азаматтық қызметті өткеру кезеңінде белгілі болған мемлекеттік
құпияны, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді
жария етуге құқылы емес.
2. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам басқарушылық функцияларды
орындаумен байланысты лауазымға азаматтық қызметке қабылдана алмайды.