жұмыс берушiнiң материалдық жауапкершiлiгi
Қызметкердiң мүлкiне залал келтiрген жұмыс берушi оны еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес толық көлемде өтеуге мiндеттi.
164-бап. Қызметкердiң өмiрiне және (немесе)
денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн жұмыс
берушiнiң материалдық жауапкершiлiгi
1. Қызметкердiң еңбек мiндеттерiн атқаруына байланысты оның өмiрiне және (немесе) денсаулығына зиян келтiрiлгенде жұмыс берушi қызметкерге келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген көлемде өтеуге мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген зиян қызметкерде сақтандыру төлемдерi болмаған кезде толық көлемде өтеледi. Сақтандыру төлемдерi болған кезде жұмыс берушi қызметкерге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшерi арасындағы айырманы өтеуге мiндеттi.
3. Жұмыс берушiлердiң қызметкерлердiң өмiрiне және (немесе) денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
165-бап. Қызметкердiң жұмыс берушiге залал келтiргенi
үшiн материалдық жауапкершiлiгi
1. Қызметкердiң жұмыс берушiге залал келтiргенi үшiн материалдық жауапкершiлiгi осы Кодексте көзделген жағдайларда және мөлшерде басталады.
2. Қызметкер жұмыс берушiге келтiрiлген тiкелей нақты залалды өтеуге мiндеттi.
3. Егер залал еңсерiлмейтiн күштiң не аса қажеттiлiктiң, қажеттi қорғаныстың, сондай-ақ жұмыс берушi қызметкерге берiлген мүлiктiң сақталуы үшiн тиiстi жағдайларды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындамауы салдарынан туындаған болса, қызметкердiң жұмыс берушiге келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiгi жойылады.
4. Қызметкерге қалыпты өндiрiстiк-шаруашылық тәуекел санатына жатқызылуы мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк жүктеуге жол берiлмейдi.
5. Жұмыс берушi қызметкерлердiң қалыпты жұмысы және оларға сенiп тапсырылған мүлiктiң толық сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.
6. Тiкелей нақты залал деп жұмыс берушiнiң бар мүлкiнiң азаюы немесе аталған мүлiктiң (оның iшiнде, егер жұмыс берушi осы мүлiктiң сақталуы үшiн жауаптылықта болса, үшiншi тұлғалардың жұмыс берушiде жатқан мүлiктерiнiң) жай-күйiнiң нашарлауы, сондай-ақ жұмыс берушiнiң мүлiктi сатып алу немесе қалпына келтiру үшiн шығындалуына не артық төлем төлеуiне деген қажеттiлiгi түсiнiледi.
166-бап. Қызметкердiң материалдық жауапкершiлiгiнiң шегi
Қызметкер келтiрiлген залал үшiн, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, өзiнiң орташа айлық жалақысы шегiнде материалдық жауаптылықта болады.
167-бап. Қызметкердiң жұмыс берушiге келтiрiлген залал
үшiн толық материалдық жауапкершiлiкте болу
жағдайлары
Мынадай:
1) қызметкерге толық материалдық жауапкершiлiктi өзiне алу туралы жазбаша шарт негiзiнде берiлген мүлiктiң және басқа да бағалы заттардың сақталуы қамтамасыз етiлмеген;
2) қызметкер бiржолғы құжат бойынша есебiне алған мүлiктiң және басқа да бағалы заттардың сақталуы қамтамасыз етiлмеген;
3) алкогольдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайда залал келтiрiлген;
4) материалдар, жартылай фабрикаттар, бұйымдар (өнiмдер), оның iшiнде оларды әзiрлеу кезiндегiнi қоса алғанда, сондай-ақ жұмыс берушi қызметкерге пайдалануға берген құрал-саймандар, өлшеуiш аспаптар, арнайы киiмдер мен басқа заттар кем шыққан, қасақана жойылған немесе қасақана бүлдiрiлген;
5) қызметкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен расталған заңсыз iс-әрекеттерiнен залал келтiрiлген жағдайларда жұмыс берушiге келтiрiлген залалдың толық мөлшерiндегi материалдық жауапкершiлiк қызметкерге жүктеледi.
168-бап. Толық жеке және ұжымдық (ортақ) материалдық
жауапкершiлiк туралы шарттар
1. Өндiрiс процесiнде өзiне берiлген мүлiк пен құндылықтарды сақтауға, өңдеуге, сатуға (жiберуге), тасымалдауға, қолдануға немесе өзге де пайдалануға байланысты лауазым атқаратын немесе жұмыстар орындайтын қызметкер және жұмыс берушi қызметкерге берiлген мүлiктiң және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегенi үшiн қызметкердiң толық жеке материалдық жауапкершiлiгi туралы жазбаша нысанда шарт жасасады.
2. Өндiрiс процесiнде өздерiне берiлген мүлiк пен құндылықтарды сақтауға, өңдеуге, сатуға (жiберуге), тасымалдауға, қолдануға немесе өзге де пайдалануға байланысты, келтiрiлген залал үшiн әрбiр қызметкердiң материалдық жауапкершiлiгiнiң аражiгiн ажырату мүмкiн болмайтын жұмыстарды бiрлесiп орындайтын қызметкерлер және жұмыс берушi қызметкерлерге берiлген мүлiктiң және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегенi үшiн қызметкерлердiң толық ұжымдық (ортақ) материалдық жауапкершiлiгi туралы жазбаша нысанда шарт жасасады.
3. Толық жеке немесе ұжымдық (ортақ) материалдық жауапкершiлiк туралы шарттар еңбек шартын жасасу кезiнде де, еңбек шартына қосымша ретiнде де жасалуы мүмкiн.
4. Қызметкерлерге берiлген мүлiктiң және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегенi үшiн толық жеке және ұжымдық (ортақ) материалдық жауапкершiлiк туралы шарттар жасалуы мүмкiн қызметкерлер атқаратын немесе орындайтын лауазымдар мен жұмыстардың тiзбесi, сондай-ақ толық материалдық жауапкершiлiк туралы үлгiлiк шарт ұжымдық шартпен (ол бар болған кезде) немесе жұмыс берушiнiң актiлерiмен бекiтiледi.
169-бап. Еңбек шарты тараптарының келтiрiлген залалды
(зиянды) өтеу тәртiбi
Еңбек шартының басқа тарапқа залал (зиян) келтiрген тарапы оны осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде сот шешiмiнiң негiзiнде не ерiктi түрде өтейдi.
15-тарау. ЖЕКЕ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ҚАРАУ
170-бап. Жеке еңбек дауларын қарау жөнiндегi органдар
1. Жеке еңбек дауларын келiсiм комиссиялары және (немесе) соттар қарайды.
2. Жеке еңбек дауларын еңбек дауы тараптарының өтiнiшi бойынша келiсiм комиссиясы қарайды.
3. Еңбек шартының тараптары жеке еңбек дауын шешу үшiн өз қалауы бойынша тiкелей сотқа жүгiне алады.
171-бап. Келiсу комиссиясын құру және оның жұмысын
ұйымдастыру
1. Келiсу комиссиясы тепе-теңдiк негiзiнде жұмыс берушiнiң және қызметкерлердiң өкiлдерiнiң бiрдей санынан құрылады.
2. Келiсу комиссиясының сандық құрамы, оның жұмыс iстеу тәртiбi және келiсiм комиссиясы өкiлеттiгiнiң мерзiмi жұмыс берушi мен қызметкерлердiң арасындағы келiсiм бойынша қызметкерлердiң жалпы
жиналысында (конференциясында) белгiленедi.
3. Келiсу комиссиясының қызметкерлерден құрылатын мүшелерi қызметкерлердiң жалпы жиналысында (конференциясында) сайланады. Келiсу комиссиясының жұмыс берушiден құрылатын мүшелерi жұмыс берушiнiң актiсiмен тағайындалады. Келiсу комиссиясының мүшелерi бiрiншi ұйымдастыру отырысында көпшiлiк дауыспен өз құрамынан төраға мен хатшыны сайлайды.
4. Келiсу комиссиясы еңбек дауын өтiнiш берген күннен бастап жетi күндiк мерзiмде қарайды.
5. Қарау нәтижесi бойынша келiсу комиссиясының шешiмi қабылданады, ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей өтiнiш иесiне берiледi.
172-бап. Жеке еңбек дауларын қарау жөнiндегi органдарға
жүгiну мерзiмi
Жеке еңбек дауларын қарау жөнiндегi органдарға жүгiну үшiн мынадай мерзiмдер белгiленедi:
1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - жұмыс берушiнiң еңбек шартын бұзу туралы актiсiнiң көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап үш ай;
2) басқа еңбек даулары бойынша - қызметкер немесе жұмыс берушi өз құқығының бұзылғаны туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi күннен бастап бiр жыл.
173-бап. Еңбек даулары жөнiндегi келiсу комиссиясының
құзыретi
Келiсу комиссиясы, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында қараудың өзгеше тәртiбi белгiленген дауларды қоспағанда, ұйымдарда туындайтын еңбек дауларын қарау жөнiндегi орган болып табылады.
Егер қызметкер келiспеушiлiктердi жұмыс берушiмен арадағы өзi немесе өз өкiлi қатысатын тiкелей келiссөздер барысында реттемеген болса, еңбек дауын келiсу комиссиясы қарайды.
174-бап. Еңбек дауларын келiсу комиссиясында қарау
тәртiбi
Келiсу комиссиясына келiп түскен өтiнiш аталған комиссияда мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.
Келiсу комиссиясы еңбек дауын өтiнiш берiлген күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде қарауға мiндеттi.
Дау өтiнiш берушiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген өкiлдiң қатысуымен қаралады. Дауды қызметкердiң немесе оның өкiлiнiң қатысуынсыз қарауға тек оның жазбаша өтiнiшi бойынша ғана жол берiледi. Қызметкер немесе оның өкiлi аталған комиссияның отырысына келмей қалған жағдайда, еңбек дауын қарау кейiнге қалдырылады. Қызметкер немесе оның өкiлi дәлелдi себептерсiз екiншi рет келмей қалған жағдайда, келiсiм комиссиясы мәселенi қараудан алып тастау туралы шешiм шығаруы мүмкiн, мұның өзi қызметкердi осы Кодексте белгiленген мерзiм шегiнде еңбек дауын қарау туралы қайтадан өтiнiш беру құқығынан айырмайды.
Келiсу комиссиясы отырысқа куәгерлердi шақыртуға, мамандарды шақыруға құқылы. Комиссияның талап етуi бойынша ұйымның басшысы оған қажеттi құжаттарды белгiленген мерзiмде табыс етуге мiндеттi.
Келiсу комиссиясының отырысы оған қызметкерлер атынан өкiлдiк ететiн мүшелерiнiң кемiнде жартысы және жұмыс берушi атынан өкiлдiк ететiн мүшелерiнiң кемiнде жартысы қатысқан жағдайда, заңды деп есептеледi.
Келiсу комиссиясының отырысында хаттама жүргiзiледi, оған комиссияның төрағасы немесе оның орынбасары қол қояды.
175-бап. Келiсу комиссиясының шешiм қабылдау тәртiбi
және оның мазмұны
Келiсу комиссиясы отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды. Өтiнiш берушiнiң немесе комиссия мүшелерiнiң бiрiнiң талап етуi бойынша дауыс беру жасырын өткiзiледi.
Келiсу комиссиясының шешiмiнде:
ұйымның (бөлiмшенiң) атауы, комиссияға жүгiнген қызметкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты, лауазымы, кәсiбi немесе мамандығы;
комиссияға жүгiнген күн мен дауды қарау күнi, даудың мәнi;
комиссия мүшелерi мен отырысқа қатысқан басқа да адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты;
шешiмнiң мәнi және оның негiздемесi (заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiге сiлтеме жасай отырып);
дауыс беру нәтижелерi көрсетiледi.
Келiсу комиссиясы шешiмiнiң тиiсiнше расталған көшiрмелерi шешiм қабылданған күннен бастап үш күн iшiнде ұйымның қызметкерi мен басшысына берiледi.
176-бап. Келiсу комиссиясының шешiмдерiн орындау
Келiсу комиссиясының шешiмi онда белгiленген мерзiмде орындалуға тиiс.
Комиссияның шешiмi белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда қызметкер немесе жұмыс берушi еңбек дауын шешудi сот тәртiбiмен жүзеге асыруға құқылы.
177-бап. Жеке еңбек дауын қарау жөнiндегi органның
қызметкердi жұмысына қайта алдыртуы
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бұған заңды негiзсiз, не басқа жұмысқа заңсыз ауыстыру, басқа жұмыс орнына заңсыз көшiру, еңбек жағдайларын заңсыз өзгерту, жұмыстан заңсыз шеттету себебiнен тоқтатылған жағдайда, жеке еңбек дауын қарау жөнiндегi орган қызметтердi бұрынғы жұмысына қайта алу туралы шешiм шығарады.
2. Бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыз бос жүрген (жұмыстан шеттетiлген) барлық уақыты үшiн орташа жалақысы немесе төмен ақы төленетiн жұмысты орындағаны үшiн, бiрақ алты айдан аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленедi.
3. Жеке еңбек дауын қарайтын орган қызметкердiң өтiнiшi бойынша қызметкерге осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мөлшерде жалақы төлеу туралы шешiм шығарумен шектелуi мүмкiн.
4. Жеке еңбек дауын қарау жөнiндегi органның қызметкердi бұрынғы жұмысында қайта алу туралы шешiмi дереу орындалуға тиiс. Жұмыс берушi жұмысқа қайта алу туралы шешiмнiң орындалуын кiдiрткен кезде, жеке еңбек дауын қарау жөнiндегi орган қызметкерге шешiмнiң орындалуы кiдiртiлген уақыт үшiн орташа жалақысын немесе жалақысының айырмасын төлеу туралы шешiм шығарады.
3-БӨЛIМ. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДIҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГIН
РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
16-тарау. ОН СЕГIЗ ЖАСҚА ТОЛМАҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДIҢ ЕҢБЕГIН
РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
178-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбек
саласындағы құқықтары
Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер еңбек қатынастарында құқықтары бойынша кәмелетке толғандармен теңестiрiледi, ал еңбектi қорғау, жұмыс уақыты, демалыс уақыты және басқа да еңбек жағдайлары саласында осы Кодексте белгiленген қосымша кепiлдiктердi пайдаланады.
179-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң
еңбегiн пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар
1. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбегiн ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылығының дамуына зиян келтiруi мүмкiн жұмыстарда (ойын бизнесi, түнгi ойын-сауық мекемелерiндегi жұмыс, алкоголь өнiмдерiн, темекi бұйымдарын, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндiру, тасымалдау мен сату) қолдануға тыйым салынады.
2. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң өздерiне белгiленген шектi нормалардан артық жүктердi тасуына және қозғалтуына тыйым салынады.
3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбегiн пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тiзiмiн, он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң жүктердi тасуы мен қозғалтуының шектi нормаларын еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша белгiлейдi .
180-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердi
мiндеттi медициналық тексерулер
Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шарттары алдын ала мiндеттi медициналық тексеруден кейiн ғана жасалады. Одан әрi қызметкерлер он сегiз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс.
181-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер үшiн
жұмыс уақытының ұзақтығы
Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлерге:
1) он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi қызметкерлер үшiн - аптасына 24 сағаттан аспайтын;
2) он алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi қызметкерлер үшiн - аптасына 36 сағаттан аспайтын;
3) бiлiм беру мекемелерiнде оқитын және оқу жылы iшiнде оқуды жұмыспен қатар алып жүретiн он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi оқушыларға - күнiне 2,5 сағат, он алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi оқушыларға күнiне 3,5 сағат жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi.
182-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер үшiн
еңбекке ақы төлеу және өндiрiм нормалары
1. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ескерiле отырып жүргiзiледi.
2. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң өндiрiм нормалары қызметкерлерге арналған жалпы өндiрiм нормаларын негiзге ала отырып, осы Кодекстiң 181-бабында белгiленген жұмыс уақытының барабар қысқартылған ұзақтығымен белгiленедi.
3. Орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарын бiтiргеннен кейiн жұмысқа кiретiн, сондай-ақ өндiрiсте кәсiптiк оқытудан өткен он сегiз жасқа дейiнгi қызметкерлер үшiн өндiрiмнiң азайтылған нормалары белгiленуi мүмкiн.
4. Жұмыс берушi он сегiз жасқа толмаған қызметкерлерге күнделiктi жұмыстың толық ұзақтығы кезiнде қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу деңгейiне дейiн қосымша ақы төлей алады.
Ескерту. 182-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
183-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбек
және тынығу режимiнiң ерекшелiктерi
Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердi түнгi уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, жұмыс уақытының жиынтық есебi кезiндегi жұмысқа тартуға, оларды iссапарға және вахталық әдiспен орындалатын жұмысқа жiберуге, сондай-ақ оларды жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан керi шақырып алуға тыйым салынады.
184-бап. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң
материалдық жауапкершiлiгiн шектеу
Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен толық материалдық жауапкершiлiк туралы шарт жасасуға тыйым салынады.
17-тарау. ӘЙЕЛДЕРДIҢ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ МIНДЕТТЕРI БАР ӨЗГЕ
АДАМДАРДЫҢ ЕҢБЕГIН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
185-бап. Жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша еңбек шартын
бұзуды шектеу
1. Жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейiнгi баланы (он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек-баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзуға, осы Кодекстiң 54-бабы 1-тармағының 1), 3) - 18) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол берiлмейдi.
2. Егер әйел еңбек шартының мерзiмi аяқталған күнi мерзiмi он екi апта және одан көп апта жүктiлiгi туралы медициналық қорытынды
ұсынса, жұмыс берушi оның жазбаша өтiнiшi бойынша еңбек шартының
мерзiмiн бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты демалыс аяқталған күнге дейiн ұзартуға мiндеттi.
186-бап. Әйелдердiң еңбегiн пайдалануға тыйым салынатын
жұмыстар
1. Әйелдердiң еңбегiн ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда пайдалануға тыйым салынады.
2. Әйелдердiң өздерi үшiн белгiленген шектi нормалардан асатын жүктi қолмен көтеруiне және жылжытуына тыйым салынады.
3. Әйелдердiң еңбегiн пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тiзiмiн, әйелдердiң жүктердi қолмен көтеруiнiң және қозғалтуының шектi нормаларын еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсе отырып айқындайды .
187-бап. Әйелдердiң және отбасылық мiндеттерi бар басқа
да адамдардың еңбегi мен тынығу режимiнiң
ерекшелiктерi
1. Жұмыс берушiнiң жүктi әйелдердi түнгi уақыттағы жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегi жұмысқа, үстеме жұмысқа тартуға, оларды iссапарға жiберуге, сондай-ақ оларды жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан керi шақырып алуға құқығы жоқ.
2. Жұмыс берушiнiң:
1) жетi жасқа дейiнгi балалары бар әйелдердi және жетi жасқа дейiнгi балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды;
2) егер үш жасқа дейiнгi балалар, мүгедек балалар не отбасының ауру мүшесi медициналық қорытынды негiзiнде тұрақты күтiм жасауға мұқтаж болса, отбасының ауру мүшелерiне күтiм жасайтын не мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған қызметкерлердi жазбаша келiсiмiнсiз түнгi уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа тартуға, сондай-ақ iссапарға және вахталық әдiспен орындалатын жұмысқа жiберуге құқығы жоқ.
188-бап. Баланы тамақтандыруға арналған үзiлiстер
1. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiстерден, ауысымiшiлiк және арнайы үзiлiстерден басқа, бiр жарым жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, бiр жарым жасқа дейiнгi балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге (асырап алушыларға) баланы (балаларды) тамақтандыру үшiн жұмыстың кемiнде әрбiр үш сағаты сайын:
1) бiр баласы бар болғанда - әрбiр үзiлiс кемiнде отыз минут;
2) екi немесе одан да көп баласы бар болғанда - әрбiр үзiлiс кемiнде бiр сағат болатын қосымша үзiлiстер берiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметкердiң өтiнiшi бойынша баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзiлiстер тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiстерге қосылады не жиынтық үзiлiстер жұмыс күнiнiң (ауысымының) басында немесе аяғында берiледi.
3. Баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзiлiстер жұмыс уақытына кiредi. Үзiлiстер уақытында әйелдердiң (әкелердiң, асырап алушылардың) орташа жалақысы сақталады.
189-бап. Әйелдерге және отбасылық мiндеттерi бар басқа
да адамдарға толық емес жұмыс уақытын белгiлеу
Жұмыс берушi жүктi әйелдiң, үш жасқа толмаған баласы (балалары) бар әйелдiң, үш жасқа дейiнгi баланы анасыз тәрбиелеп отырған әкенiң, асырап алушының, сондай-ақ отбасының ауру мүшесiне медициналық қорытындыға сәйкес күтiм жасайтын қызметкердiң жазбаша өтiнiшi бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимiн бередi.
190-бап. Жүктi әйелдерге жұмыс уақытының жиынтық есебiн
қолдануды шектеу
Егер жұмыс күнiнiң ұзақтығы сегiз сағаттан асатын болса, жүктi әйелдерге жұмыс уақытының (жұмыс ауысымының) жиынтық есебiн қолдануға жол берiлмейдi.
191-бап. Жүктi әйелдердi басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Жұмыс берушi медициналық қорытынды негiзiнде жүктi әйелдi орташа жалақысын сақтай отырып, зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын басқа жұмысқа ауыстыруға мiндеттi.
192-бап. Жыл сайынғы ақылы демалыс кезектiлiгiн
белгiлеу кезiнде әйелдерге берiлетiн кепiлдiк
Әйелге, қалауы бойынша, жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тiкелей одан кейiн не балаға күтiм жасауға арналған демалыс бiткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
193-бап. Жүктiлiкке және босануға байланысты
демалыс
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, әйелдерге жүктiлiгiне және босануына байланысты ұзақтығы босануға дейiн күнтiзбелiк жетпiс күнге және босанғаннан кейiн күнтiзбелiк елу алты (қиналып босанған немесе екi немесе одан да көп бала туған жағдайда - жетпiс) күнге дейiн демалыс берiледi.
2. Демалыстарды есептеу жиынтықтап жүргiзiледi және демалыс әйелге босанғанға дейiн нақты пайдаланған күндерiнiң санына және жұмыс берушiдегi жұмысының ұзақтығына қарамастан, толық берiледi.
Ескерту. 193-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.12.19. N 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
194-бап. Жаңа туған балаларды асырап алған
қызметкерлерге берiлетiн демалыс
Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге (ата-ананың бiреуiне) баланы асырап алған күннен бастап және бала туған күннен елу алты күн өткенге дейiнгi кезеңге демалыс берiледi.
Ескерту. 194-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.12.19. N 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
195-бап. Балалардың күтiмiне байланысты жалақы
сақталмайтын демалыс
1. Жұмыс берушi қызметкерге:
1) ата-анасының қалауы бойынша - баланың анасына не әкесiне;
2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың бiреуiне;
3) баланы iс жүзiнде тәрбиелеп отырған әжесiне, атасына, басқа туысына немесе қамқоршысына;
4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерге бала үш жасқа толғанға дейiн баланың күтiмiне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге мiндеттi.
2. Бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметкердiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде оның қалауы бойынша толық немесе бөлiнiп пайдаланылуы мүмкiн.
3. Бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс уақыты жалпы еңбек стажына, мамандығы бойынша жұмыс стажына есептеледi.
Достарыңызбен бөлісу: |