ЕРЕКШЕ БӨЛIМ
2-БӨЛIМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ
4-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ
24-бап. Еңбек шартының нысанасы
Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшiн тиiстi бiлiктiлiгi бойынша жұмысты (еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртiптемесiн сақтайды, ал жұмыс берушi еңбек жағдайларын қамтамасыз етедi, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келiсiмiнде көзделген жалақыны уақтылы және толық көлемiнде төлейдi және өзге де төлемдердi жүзеге асырады.
25-бап. Еңбек шартын жасасу кезiндегi құқықтар мен
мүмкiндiктер теңдiгiнiң кепiлдiктерi
1. Еңбек шартын жасасу кезiнде құқықтар мен мүмкiндiктер теңдiгiн бұзуға тыйым салынады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктiлiк, үш жасқа дейiнгi балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектiк еңбек шартын жасасу құқығын шектей алмайды.
Осы тармақтың бiрiншi абзацында көрсетiлген адамдар санатының талабы бойынша жұмыс берушi бас тарту себебiн жазбаша нысанда хабарлауға мiндеттi.
3. Еңбек шартын жасасу кезiнде құқықтар мен мүмкiндiктер теңдiгiнiң бұзылу фактiсi анықталған жағдайда, жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
26-бап. Еңбек шартын жасасуға қойылатын шектеулер
1. Еңбек шартын:
1) медициналық қорытынды негiзiнде адамның денсаулық жағдайы бойынша қайшы келетiн жұмысты орындауға;
2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушiнiң мүлкi мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегенi үшiн қызметкердiң толық материалдық жауапкершiлiгi көзделетiн лауазымдар мен жұмыстарға, он сегiз жасқа толмаған азаматтармен;
3) соттың заңды күшiне енген үкiмiне сәйкес белгiлi бiр лауазымға тұру немесе белгiлi бiр қызметпен шұғылдану құқығынан айырылған азаматтармен;
4) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен шетелдiк жұмыс күшiн тартуға жергiлiктi атқарушы органның рұқсатын алғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi немесе алып тастауларды сақтамай, Қазақстан Республикасы аумағында уақытша тұратын шетелдiктермен және азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берiлмейдi.
2. Адамға мемлекеттiк қызметiн тоқтатқаннан кейiн бiр жыл бойы коммерциялық ұйымға жұмысқа орналасуға, егер мемлекеттiк функцияларды орындау кезеңiнде аталған адам өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiне орай осы коммерциялық ұйымның қызметiн тексеру нысанында бақылауды тiкелей жүзеге асырған болса не осы коммерциялық ұйымның қызметi өзiнiң құзыретiне сәйкес аталған адаммен байланысты болса, жол берiлмейдi.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерiнен
ерекшелiгi
Еңбек шартында мына талаптардың бiреуiнiң болуы:
1) қызметкердiң жұмысты (еңбек функциясын) белгiлi бiр бiлiктiлiк, мамандық, кәсiп немесе лауазым бойынша орындауы;
2) мiндеттемелердiң еңбек тәртiптемесiне бағына отырып жеке орындалуы;
3) қызметкердiң еңбегi үшiн жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге түрлерiнен ерекшелiгi болып табылады.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
1. Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелерi:
жұмыс берушi-жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), оның тұрақты тұратын мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
жұмыс берушi-заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жерi, жұмыс берушi-заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
қызметкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi, жеке сәйкестендiру нөмiрi және салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, әлеуметтiк жеке коды;
2) белгiлi бiр мамандық, бiлiктiлiк немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың атқарылатын орны;
4) еңбек шартының мерзiмi;
5) жұмыстың басталу күнi;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимi;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшерi мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепiлдiктер мен жеңiлдiктер;
9) қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi;
10) жұмыс берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртiбi;
12) кепiлдiктер мен өтемақы төлемдерi, оларды төлеу тәртiбi;
13) сақтандыру жөнiндегi талаптар;
14) тараптардың жауапкершiлiгi;
15) жасалу күнi мен реттiк нөмiрi болуға тиiс.
2. Тараптардың келiсiмi бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердiң жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелерi жарамсыз деп танылады.
29-бап. Еңбек шартының мерзiмi
1. Еңбек шарты:
1) белгiленбеген мерзiмге;
2) осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында белгiленген жағдайларды қоспағанда, бiр жылдан кем емес белгiлi бiр мерзiмге жасалуы мүмкiн.
Бұрын бiр жылдан кем емес белгiлi бiр мерзiмге шарт жасасқан қызметкермен жеке еңбек шарты қайтадан жасалған жағдайда, оның iшiнде еңбек шартының мерзiмi ұзартылған кезде, ол белгiленбеген мерзiмге жасалған болып есептеледi.
Еңбек шарты белгiленбеген мерзiмге жасалған қызметкерлер үшiн көзделген кепiлдiктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгiлi бiр мерзiмге жасауға тыйым салынады.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзiмi аяқталған кезде тараптардың бiрде-бiрi тәулiк iшiнде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгiленбеген мерзiмге жасалған болып есептеледi;
3) белгiлi бiр жұмыстың орындалу уақытына;
4) жұмыста уақытша болмаған қызметкердi ауыстыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына жасалуы мүмкiн.
2. Жұмыс берушi-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушiнiң құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген мерзiмге жасалады. Мұндай шартқа осы баптың 3-тармағында белгiленген ережелер қолданылмайды.
3. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзiмi айтылмаса, онда шарт белгiленбеген мерзiмге жасалған деп есептеледi.
30-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берiлетiн жас мөлшерi
1. Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол берiледi.
2. Ата-анасының бiреуiнiң, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келiсiмiмен:
1) орта бiлiм беру ұйымында негiзгi орта, жалпы орта бiлiм алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн, он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершiлiк тұрғысынан дамуына нұқсан келтiрмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшiн, осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының бiреуi, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиiс.
Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
31-бап. Еңбек шартын жасасуға қажеттi құжаттар
1. Еңбек шартын жасау үшiн мынадай құжаттар:
1) жеке басының куәлiгi немесе төлқұжаты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн тууы туралы куәлiгi);
2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгi (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн);
3) тиiстi бiлiмдi, дағдылар мен машықтарды талап ететiн жұмысқа еңбек шартын жасасу кезiнде бiлiмi, бiлiктiлiгi туралы, арнаулы бiлiмi немесе кәсiптiк даярлығының болуы туралы құжат;
4) еңбек қызметiн растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшiн);
5) әскери есеп құжаты (әскери мiндеттiлер мен әскери қызметке шақырылуға жататын адамдар үшiн);
6) алдын ала медициналық куәландырудан өткенi туралы құжат (осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге мiндеттi адамдар үшiн);
7) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн және әлеуметтiк жеке код беру туралы куәлiктердiң көшiрмелерi қажет.
2. Жұмыс берушi осы баптың 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.
3. Қызметкердiң келiсiмiмен құжаттардың түпнұсқалары жұмыс берушiде сақталған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген рәсiмдердi орындау үшiн уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс берушi қызметкерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша мiндеттеме бередi.
32-бап. Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру
тәртiбi
1. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемiнде екi дана етiп жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шарты бiр-бiр данадан қызметкер мен жұмыс берушiде сақталады. Қызметкердiң еңбек шартының бiр данасын алуы жазбаша нысанда расталады.
2. Еңбек шартына, оның iшiнде басқа жұмысқа ауыстыру кезiнде, өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен жазбаша нысанда жүзеге асырады.
Еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысты еңбек шарты тараптарының бiрi жазбаша нысанда бередi және екiншi тарап оны берiлген күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде қарайды.
3. Ұйымның атқарушы органының лауазымды адамдарымен еңбек шартын ұйым мүлкiнiң меншiк иесi не ол уәкiлеттiк берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен жасайды.
33-бап. Жұмысқа қабылдауды ресiмдеу
1. Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негiзiнде шығарылатын жұмыс берушiнiң актiсiмен ресiмделедi.
2. Жұмыс берушi үш күн мерзiмде қызметкердi актiмен таныстыруға мiндеттi. Жұмыс берушiнiң актiсiмен танысқаны қызметкердiң қол қоюымен куәландырылады.
3. Қызметкердiң талап етуi бойынша жұмыс берушi оған актiнiң тиiсiнше расталған көшiрмесiн беруге мiндеттi.
Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс берушi қызметкердi ұйымдағы iшкi еңбек тәртiптемесi ережелерiмен, жұмыс берушiнiң қызметкердiң жұмысына (еңбек функциясына) қатысы бар өзге де актiлерiмен, ұжымдық шартпен таныстыруға мiндеттi.
34-бап. Қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар
Мына құжаттардың кез келгенi:
1) еңбек кiтапшасы;
2) тоқтату күнi мен оны тоқтатудың негiзi туралы жұмыс берушiнiң белгiсi бар еңбек шарты;
3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негiзiнде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс берушi актiлерiнен үзiндi көшiрмелер;
4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзiндi көшiрмелер;
5) жұмыс берушiнiң қолы қойылған, ұйымның мөрiмен расталған не нотариат растаған қызмет ету тiзiмi (қызметкердiң жұмысы, еңбек қызметi туралы мәлiметтер тiзбесi);
6) қызметкердiң еңбек қызметi туралы мәлiметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжат болып табылады.
35-бап. Еңбек кiтапшасы
1. Еңбек кiтапшасы қызметкердiң еңбек қызметi туралы мәлiметтердi қамтитын құжат болып табылады.
2. Еңбек кiтапшаларының нысанын, оны жүргiзу және сақтау тәртiбiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
3. Жұмыс берушi қызметкердiң еңбек кiтапшасына (ол бар болған кезде) ұйымдағы еңбек қызметi туралы тиiстi жазбалар енгiзуге мiндеттi.
4. Еңбек кiтапшасына еңбек шартын тоқтатудың себептерi туралы жазбалар осы Кодекстiң нормаларын көрсете отырып жүргiзiлуге тиiс.
36-бап. Еңбек шартындағы сынақ мерзiмi туралы талап
1. Еңбек шартында қызметкердiң тапсырылатын жұмысқа бiлiктiлiгiнiң сәйкестiгiн тексеру мақсатымен сынақ мерзiмi туралы талап белгiленуi мүмкiн. Бұл талап еңбек шартында болмаса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзiмiнсiз қабылданды деп есептеледi.
2. Сынақ мерзiмi еңбек шарты күшiне енген кезден басталады.
3. Сынақ мерзiмi кезеңiнде қызметкерлерге осы Кодекстiң нормалары, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптары қолданылады.
4. Сынақ мерзiмi қызметкердiң жұмыс стажына қосылады және үш айдан аспауға тиiс. Қызметкер жұмыста iс жүзiнде болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
5. Жұмысқа қабылдау кезiнде:
тиiстi лауазымға орналасуға конкурс бойынша жұмысқа қабылданатын адамдарға;
орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiм беру ұйымын бiтiрген және алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кiретiн адамдарға;
мүгедектерге сынақ мерзiмi белгiленбейдi.
Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
37-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақ нәтижесi
1. Сынақ мерзiмi кезеңiнде қызметкердiң жұмысы терiс нәтиже берсе, жұмыс берушi сынақ мерзiмi аяқталуына күнтiзбелiк жетi күн қалғаннан бастап қызметкерге жазбаша түрде ескертiп, бұл қызметкердi сынақ мерзiмiнен өте алмады деп тануға негiз болған себептердi көрсете отырып, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.
2. Егер сынақ мерзiмi аяқталса және тараптардың ешқайсысы еңбек шартының бұзылуын талап етпесе, онда қызметкер сынақтан өткен болып есептеледi.
3. Жұмыс берушi сынақ мерзiмi аяқталғанға дейiн қызметкердi одан жоғары лауазымға тағайындаған жағдайда да қызметкер сынақтан өткен болып есептеледi.
38-бап. Еңбек шарты қолданылуының басталуы
1. Еңбек шартының қолданылуы оған тараптардың қолы қойылған күннен не шартта белгiленген күннен басталады.
2. Қызметкердi жұмысқа нақты жiберу еңбек шартына тараптардың қолы қойылғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады.
3. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиiстi үлгiде ресiмделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кiрiскен күннен бастап туындады деп есептеледi.
39-бап. Еңбек шартының жарамсыздығы
1. Еңбек шарты:
1) алдау, күш көрсету, қауiп төндiру арқылы ықпал етiп;
2) нақты немесе заңды салдар туғызу ниетiнсiз (жалған еңбек шарты);
3) әрекетке қабiлетсiз деп танылған адаммен;
4) осы Кодекстiң 30-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адаммен;
5) ата-анасының бiреуiнiң, қамқоршысының, асырап алушысының келiсiмiнсiз, он алты жасқа толмаған адаммен жасалған жағдайларда, сот оны жарамсыз деп таниды.
2. Еңбек шартының жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жарамсыз деп танылуы бұрынғы қызметкердiң еңбегiне ақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерi үшiн өтемақы төлемiн, өзге де төлемдер мен жеңiлдiктер алу құқығынан айрылуына әкеп соқпайды.
3. Еңбек шартының жұмыс берушiнiң немесе қызметкердiң кiнәсiнен жарамсыз деп танылуы олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына әкеп соғады.
4. Еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
40-бап. Еңбек шартында келiсiлмеген жұмысты орындауға
тыйым салу
Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушi қызметкерден еңбек шартында келiсiлмеген жұмысты орындауды талап етуге құқылы емес.
41-бап. Қызметкердi басқа жұмысқа ауыстыру
1. Қызметкердi басқа жұмысқа ауыстыру деп:
1) қызметкер жұмысының (еңбек функциясының) өзгеруi, яғни жұмысты басқа лауазым, мамандық, кәсiп, бiлiктiлiк бойынша орындау;
2) орындау кезiнде еңбек шартында келiсiлген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшерi, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимi, жеңiлдiктер мен басқа да жағдайлар) өзгеретiн жұмысты тапсыру;
3) жұмыс берушiнiң оқшауланған құрылымдық бөлiмшесiне ауыстыру;
4) жұмыс берушiмен бiрге басқа жерге ауыстыру есептеледi.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердi басқа жұмысқа ауыстыруға қызметкердiң келiсiмiмен жол берiледi, ол еңбек шартына тиiстi өзгерiстер енгiзумен және жұмыс берушiнiң актiсiмен ресiмделедi.
3. Қызметкердi сол ұйымда басқа жұмыс орнына, осы ұйымның сол жердегi басқа құрылымдық бөлiмшесiне ауыстыру, оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс iстеудi тапсыру, егер бұл осы баптың 1-тармағында көзделген өзгерiстерге әкеп соқпаса, басқа жұмысқа ауыстыру болып табылмайды және бұған қызметкердiң келiсiмiн алу талап етiлмейдi.
42-бап. Қызметкердi жұмыс берушiмен бiрге басқа
жерге ауыстыру
1. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудiң анағұрлым ұзақ мерзiмi көзделмесе, жұмыс берушi жұмыс берушiнiң басқа жерге көшетiнi туралы қызметкерге кемiнде бiр ай бұрын жазбаша ескертуге мiндеттi.
2. Қызметкер жұмыс берушiмен бiрге басқа жерге жұмысқа ауыстырылған жағдайда, жұмыс берушi қызметкердiң көшуiне байланысты осы Кодекстiң 153-бабында көзделген өтемақы төлемдерiн жасайды.
3. Қызметкер жұмыс берушiмен бiрге басқа жерге ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстiң 59-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негiз бойынша тоқтатылады.
43-бап. Өндiрiстiк қажеттiлiк жағдайында басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
Өндiрiстiк қажеттiлiк болған, оның iшiнде жоқ қызметкердi уақытша алмастырған жағдайда, жұмыс берушiнiң қызметкердi оның келiсiмiнсiз күнтiзбелiк жыл iшiнде бiр айға дейiнгi мерзiмге, орындалатын жұмыс бойынша еңбегiне ақы төлеп, бiрақ бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысынан кем емес жалақымен, еңбек шартында келiсiлмеген және денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтiн сол ұйымдағы, сол жердегi басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
44-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
1. Жұмыс берушiнiң бос тұрып қалу жағдайында қызметкердiң мамандығын, бiлiктiлiгiн ескере отырып, оның келiсiмiнсiз, күнтiзбелiк жыл iшiнде бiр айдан аспайтын мерзiмге, оны денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтiн басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
2. Бос тұрып қалу жағдайындағы ауыстыру кезiнде қызметкердiң еңбегiне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша, бiрақ оның бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысының кемiнде үштен екiсi мөлшерiнде жүргiзiледi.
Еңбек жағдайының өзгеруiне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстiң 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.
45-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
1. Қызметкер денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетiлген мерзiмге неғұрлым жеңiл жұмысқа уақытша ауыстырылады. Тараптардың келiсiмiмен қызметкердiң бұрынғы жұмысы бойынша жалақысы сақталуы мүмкiн.
2. Қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты жарақаттануына, кәсiптiк ауруға шалдығуына немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты еңбекке қабiлеттiлiгi қалпына келгенше немесе мүгедектiк белгiленгенге дейiн жұмыс берушi қызметкердi анағұрлым жеңiл жұмысқа ауыстыруға не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына , сондай-ақ еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес залалдың өтемiн төлей отырып, оны жұмыстан босатуға мiндеттi.
3. Қызметкер еңбек мiндеттерiн атқаруға байланысты өндiрiстiк жарақат алған, кәсiптiк ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндiрiске байланысты емес өзге де зақым келген кезде басқа жұмысқа ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстiң 59-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негiз бойынша тоқтатылады.
46-бап. Қызметкердi басқа жұмысқа ауыстыруды шектеу
Қызметкердiң денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындымен расталған қайшылықтар болған кезде, оны басқа жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.
47-бап. Қызметкердi басқа жұмыс орнына ауыстыру.
Лауазым (жұмыс) атауының өзгеруi
1. Құрылымдық бөлiмшедегi, белгiлi бiр жұмыс орнындағы, механизмдегi немесе агрегаттағы жұмыстың өзгеше еңбек жағдайлары болуын қоспағанда, қызметкердi басқа жұмыс орнына не сол жердегi басқа құрылымдық бөлiмшеге ауыстыруға, не оған еңбек шартында келiсiлген лауазым, мамандық, кәсiп, бiлiктiлiк шегiнде басқа механизмдегi немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға қызметкердiң келiсiмi талап етiлмейдi.
2. Қызметкер үшiн еңбек жағдайларын және (немесе) еңбек шартын өзгертуге әкеп соқпайтын қызметкер лауазымының (жұмысының), құрылымдық бөлiмшенiң атауын өзгертудi, басқару құрылымын өзгертудi жұмыс берушi қызметкердiң келiсiмiнсiз жүзеге асыра алады.
48-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруi
1. Өндiрiстi ұйымдастырудағы, соның iшiнде қайта ұйымдастыру кезiндегi өзгерiстерге және (немесе) жұмыс берушiнiң жұмыс көлемiнiң қысқаруына байланысты, қызметкер еңбек шартында келiсiлген тиiстi бiлiктiлiктегi лауазым, мамандық немесе кәсiп бойынша жұмысын жалғастырған кезде, оның еңбек жағдайларын өзгертуге жол берiледi.
Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына және (немесе) ұжымдық шартқа тиiстi толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiледi.
2. Егер еңбек шарты мен ұжымдық шартта ескертудiң анағұрлым ұзақ мерзiмi көзделмесе, жұмыс берушi қызметкерге және (немесе) оның өкiлдерiне еңбек жағдайларының өзгеруi туралы бiр айдан кешiктiрмей жазбаша түрде ескертуге тиiс.
Егер қызметкер жұмысты жаңа жағдайда жалғастыруға келiспесе, онда жұмыс берушi - бар болса, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен денсаулық жағдайына сәйкес келетiн өзге жұмысты, ал мұндай жұмыс болмаса, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен денсаулық жағдайы ескерiлiп, ол орындай алатын, бос тұрған төмен лауазым немесе ақысы төмен бос жұмысты жазбаша нысанда ұсынуға мiндеттi.
3. Еңбек жағдайларының өзгеруiне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстiң 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негiз бойынша тоқтатылады.
4. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайлар қызметкерлердiң санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкiн болса, жұмыс берушiнiң жұмыс орындарын сақтау мақсатында, қызметкерлер өкiлдерiнiң пiкiрiн ескере отырып, толық емес жұмыс уақыты режимiн енгiзуге құқығы бар.
Жұмыс берушi қызметкерлердiң санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкiн толық емес жұмыс уақыты режимiн тоқтатуды қызметкерлер өкiлдерiнiң пiкiрiн ескере отырып жүргiзедi.
49-бап. Жұмыс берушiнiң атауы, ведомстволық тиесiлiгi
Достарыңызбен бөлісу: |