Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі.
Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы: 1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;
2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы; 3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен
ерекшелігі болып табылады.
Еңбек шартының мазмұны. Еңбек шартында: 1) тараптардың деректемелері: жұмыс беруші-жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі; қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі және салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке коды; 2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы(еңбек функциясы); 3) жұмыстың атқарылатын орны; 4) еңбек шартының мерзімі; 5) жұмыстың басталу күні; 6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі; 7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары; 8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және зиянды және қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер; 9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері; 10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері; 11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі; 12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі; 13) сақтандыру жөніндегі талаптар; 14) тараптардың жауапкершілігі; 15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады.
Еңбек шарты: 1) белгіленбеген мерзімге; 2) еңбек кодексінің 29-бабының 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін. Бұрын бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге шарт жасасқан қызметкермен жеке еңбек шарты қайтадан жасалған жағдайда, оның ішінде еңбек шартының мерзімі ұзартылған кезде, ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі. Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгілі бір мерзімге жасауға тыйым салынады. Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың берде-бірі тәулік ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі; 3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына; 4) жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына; 5) маусымдық жұмысты орындау уақытына жасалуы мүмкін.
Жұмыс беруші – заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген мерзімге жасалады. Мұндай шартқа еңбек кодексінің 29-бабының 3-тармағында белгіленген ережелер қолданылмайды. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, онда шарт белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі. Ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен:
1) жалпы білім беретін оқу орнында орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен; 2) сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау ушін, он төрт жасқа толған оқушылармен; 3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершілік тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасасуға және орындауға қатысу үшін, осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін. Еңбек кодексінің 30-бабының 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.
Еңбек шартын жасау үшін мынадай құжаттар:1) жеке басының куәлігі немесе төлқұжаты (он алты жасқа толмаған адамдар үшін тууы туралы куәлігі); 2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін); 3) тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат; 4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшін ); 5) әскери есеп құжаты (әскери міндеттілер мен әскери қызметке шақырылуға жататын адамдар үшін); 6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (еңбек кодексіне және ҚР заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін); 7) салық төлеушінің тіркеу нөмірін және әлеуметтік жеке код беру туралы куәліктердің көшірмелері қажет.
Жұмыс беруші Еңбек кодексінің 31-бабының 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес. Қызметкердің келісімімен құжаттардың тұпнұсқалары жұмыс берушіде сақталған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау ушін уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша міндеттеме береді.
Достарыңызбен бөлісу: |