Тақырып 7-8 : Сен қазақтың – аға халықтың ұлысыҢ : Ә. Бөкейханов және қазақ интеллегенциясы
1.Ә.Бөкейханов және оның саяси портреті
2.Алаш орда үкіметі , оның қызметі туралы
3.Қазақ интеллигенциялары:
3.1.Ахмет Байтұрсынов
3.2.Мағжан Жұмабаев
3.3.Міржақып Дулатов
3,4.Жүсіпбек Аймауытов
3.5.Шәкәрім Құдайбергенов
Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) - қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйбің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу - атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын. Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көрнеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті - мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі - өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді–кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәрін-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.
Дулатов Міржақып (1885-1935) - қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері - бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа болысының үшінші ауылы. Әкесі - Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі - Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.
Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, « Ахаң Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.
Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, жеке басының жүріс- тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен бірге ол Ахмет ағасы секілді жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, Сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай» деп, дүниеден арманда кетті.
Құдайбердіұлы Шәкәрім (1858- 1931) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өмірге белсене араласып, адамгершілік, ағартушылық идеяларды уағыздаған қазақтың ұлы ақыны. Ол сондай ақ прозашы, аудармашы, тарихшы және философ. Кейбір деректерде оның есімін «Шаһкәрім» деп те көрсетеді. Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған.
Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады. Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, Молда сабағынан басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.
Ұсынылған әдебиеттер:
1.Қазақстан тарихы, 5-томдық. А.,1996….
2. Қазақстан тарихы очерктері.А., 1994.
тақырып 11. Алаш партиясы және Алаш қайраткерлері
1.Әлихан Бөкейханов және Алаш Орда үкіметі
2..Демократиялық реформистер: М.Сералин. М.Тынышбаев. М.Шоқай және т.б.
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
Оқуын бітіріп, Омбыға орaлғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.
XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады.
1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.
Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі.
Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармагы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Осындай ынта-ықыласына табиғи қабілеттілігі қосылып, ол аз уақыт ішінде гимназия оқытушыларының назарын өзіне аударады. Жыл сайын кластан класқа І – дәрежелі наградамен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады. Гимназияның Алтын медалі мен педагогикалық кеңестің жоғары бағалаған мінездемесі жиырма жасар Мұхамеджанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады. Мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді. Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы - халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді. Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М.Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Осының алдында ол бүкілтүркістандық ІV – мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң, 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді. 1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған қызылдарға қызмет етуге мәжбүр болған ол енді бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Алайда қара тізімге алып, әр қадамын қалтқысыз баққан қызыл жендеттер оған халқының тарихын жазуға мүмкіндік бермей, қамауға алып, Ресейдің қаратопырақты аймағына (қазіргі Воронеж облысы) бес жылға жер аударады. Айдауда жүрген кезінде М.Тынышбаев Москва-Донбасс темір жолын жобалау бөлімінде жұмыс істейді. Содан кесілген мерзімін өтеп елге оралады. Бірақ ұзамай, ол 1937 жылдың қараша айында қайтадан тұтқындалып, көп кешікпей атылады.
Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941) - отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Торы тармағына жататын Шашты руынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған, отырықшылықпен айналысып, бау бақша салдырып, егін еккен, кірпіш үй салдырған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Әкесі батыр болыпты. Түркістанды орыс отаршылары жаулап алуға кіріскенде, Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған.
Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жастайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудесоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады.
Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады. Ол гимназияда да, университетте оқып жүргенде де, жергілікті әкімшіліктен зәбір жапа шегіп келген жерлестерінің атынан арыз жазып, олардың әділдікке жетуіне көмектеседі, тіпті, кейбір күрделі істер бойынша сенат алдына мәселелер қоюына тура келеді.
Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екенін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірінен айныған жоқ.
1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петeрборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.
Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, ек топқа бөлініп: бірі консервативті бағытты, екіншісі прогресшіл бағытты ұстанады. Қазан төңкерісінен кейін билікті алған Түркістан жұмысшы шаруа кеңестерінің үкіметі бұл екі топты саяси бірлікке келтірмеудің бар шарасын істеп бағады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.
Ташкенттегі жұмысшы солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш Құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси ғылыми баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл Мұстафа Шоқай ұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.
Ол өмірінің соңында тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.
Ол 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.
Ұсынылған әдебиеттер:
1.Қазақстан тарихы, 5-томдық. А.,1996….
2. Қазақстан тарихы очерктері.А., 1994.
Достарыңызбен бөлісу: |