бөліністің азаматтық заңдармен реттелетін
қатынастарға қатысуы
111-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық құқық қатынастарына қатысуы
1. Қазақстан Республикасы азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға осы қатынастардың өзге қатысушыларымен тең негiздерде кiредi.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерiнiң осы органдардың мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, ережелерде және өзге де құжаттарда белгiленетiн құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады, сотта өкiлдiк ете алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген реттер мен тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының арнайы тапсырмасымен оның атынан өзге де мемлекеттiк органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкiлдiк ете алады.
3. Азаматтық-құқықтық дауларды Қазақстан Республикасының қатысуымен соттар шешедi.
Ескерту. 111-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
112-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы
1. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарда бұл қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негiздерде кiредi.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар осы органдардың мәртебесiн айқындайтын заң құжаттарында, ережелерiнде және өзге де құжаттарында белгiленетiн құзыретi шегiнде өз әрекеттерi арқылы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң атынан мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады, сотта өкiлдiк ете алады.
Заңдарда көзделген реттер мен тәртiп бойынша арнаулы тапсырмамен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс атынан жергiлiктi мемлекеттiк органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкiлдiк ете алады.
3. Заңдарда белгiленген реттерде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс азаматтық құқық қатынастарында мемлекет атынан өкiлдiк ете алады.
4. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пен оның органдарына, егер заңдардан өзгеше жағдай туындамаса, осы Кодекстiң тиiсiнше мемлекет пен оның органдарының азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға қатысуы туралы ережелерi қолданылады.
5. Азаматтық-құқықтық дауларды әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң қатысуымен соттар шешедi.
113-бап. Қазақстан Республикасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң мiндеттемелерi бойынша ақы өндiрiп алу
1. Қазақстан Республикасы өз мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк қазына мүлкiмен жауап бередi, ал әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс өз мiндеттемелерi бойынша жергiлiктi қазына мүлкiмен жауап бередi.
2. Қазақстан Республикасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс бiр-бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал азаматтар мен заңды тұлғалар осы Кодексте және заң құжаттарында көзделгеннен басқа жағдайларда Қазақстан Республикасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
114-бап. Мемлекетке және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiске заңды тұлғалар туралы қалыптарды қолдану
Мемлекетке және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерге заңды тұлғалардың азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға қатысуын анықтайтын қалыптар, егер заң құжаттарынан өзгеше қалып туындамайтын болса, қолданылады.
3-тарау. Азаматтық құқықтар объектілері
Параграф 1. Жалпы ережелер
115-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң түрлерi
1. Мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар азаматтық құқық объектiлерi бола алады.
2. Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады.
2-1. Ақшаға және ақшалай мiндеттемелер бойынша құқықтарға (талаптарға) (ақша төлеу жөнiндегi талап ету құқықтарына), егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен туындамаса, тиiсiнше заттардың немесе мүлiктiк құқықтардың (талаптардың) құқықтық режимi қолданылады.
3. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.
Ескерту. 115-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.01.12 N 225, 2008.12.10 N 101-IV(2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
116-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң айналым қабiлеттiлiгi
1. Азаматтық құқық объектiлерi, егер ол айналымнан алынып тасталмаса немесе айналымға шек қойылмаса, бiр адамнан екiншi адамға әмбебап құқықты мирасқорлық (мұрагерлiк ету, заңды тұлғаны қайта құру) тәртiбiмен не өзге де әдiспен еркiн берiледi немесе ауысады.
2. Берiлуге рұқсат етiлмейтiн заттардың түрлерi (айналымнан алынып тасталған заттар) заң құжаттарында тiкелей көрсетiлуге тиiс.
3. Айналымның белгiлi бiр қатысушысына ғана тиесiлi болуы мүмкiн не алынуына немесе берiлуiне арнайы рұқсат бойынша (айналым қабiлеттiгi шектеулi заттар) жол берiлетiн заттардың түрлерi заңдарда белгiленедi.
4. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар заң құжаттарында белгiленген реттердi қоспағанда, басқа әдiспен берiлмейдi және ауыспайды.
117-бап. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік
1. Жылжымайтын мүлікке (жылжымайтын заттар) жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын объектілер жатады.
Егер кондоминиум объектісінің құрамындағы пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлар дара (бөлек) меншікте болса, олар дербес жылжымайтын мүлік объектілері (түрлері) болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Заңнамалық актілермен жылжымайтын заттарға өзге мүліктер де жатқызылуы мүмкін.
Осы Кодекстің және өзге де заңнамалық актілердің жылжымайтын заттарға байланысты қатынастарды реттейтін нормалары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайда, осы тармақта көрсетілген заттарға қолданылады.
3. Ақша мен бағалы қағаздарды қоса алғанда, жылжымайтын затқа жатпайтын мүлік жылжымалы мүлік деп танылады. Заңнамалық актілерде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жылжымалы заттарға құқықтарды тіркеу талап етілмейді.
Ескерту. 117-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.06.22 N 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
118-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы осы Кодексте және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Мемлекеттік тіркеудің жылжымайтын мүлікке байланысты өзге де объектілері «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
2. Егер осы Кодексте және «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, жылжымайтын мүлiкке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындайды, өзгередi және тоқтатылады. Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу кезі деп өтініш берілген кез, ал электрондық тіркеу кезінде – жүргізілген тіркеу туралы хабарлама жөнелту арқылы тіркеуші органның құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растаған кезі танылады.
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы жүргізілген тіркеуді құқық иеленушінің өтініші бойынша куәландыруға міндетті. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге заттай құқық) туралы куәлік береді.
4. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жариялы болып табылады. Тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы ақпаратты кез келген тұлғаға «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектеулерді ескере отырып беруге міндетті.
5. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тарту не тіркеуден негізсіз жалтару жағдайларында сотқа шағым жасалуы мүмкін.
6. Мемлекеттік тіркеу тәртібі осы Кодекске және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.
7. Азаматтық әуе кемелерін, теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, «өзен-теңіз» жүзу кемелерін, ғарыш объектілерін жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілер ретінде мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі, сауда мақсатында теңізде жүзу, ішкі су көлігі, ғарыш қызметі саласындағы заңдарымен реттеледі.
Ескерту. 118-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.06 N 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
119-бап. Кәсiпорын
1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түрiндегi кәсiпорын деп танылады.
2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Кәсiпорын тұтасымен немесе оның бiр бөлiгi сатып алу-сату, кепiлге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.
3-1. Кәсіпорынның құрамына мүліктік кешен ретінде кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің ерекшеліктері «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
4. Мүлiк кешенi ретiндегi кәсiпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушiлердiң құқықтарына осы Кодекстiң 48-бабында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
120-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк
1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.
Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.
Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.
2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.
121-бап. Күрделi заттар
1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.
2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.
122-бап. Басты зат және керек-жарақ
Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.
123-бап. Жемiстер, азық-түлiк және табыстар
Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.
124-бап. Жануарлар
Заңдарда өзгеше белгiленбегендiктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.
125-бап. Интеллектуалдық меншiк
1. Осы Кодексте және өзге де заң актiлерiнде белгiленген реттер мен тәртiп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiне және оларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзi орындайтын жұмысының немесе қызметiнiң өнiмдерiне (фирмалық атау, тауар белгiсi, қызмет көрсету белгiсi және т.б.) ерекше құқығы танылады.
2. Шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерi мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншiктiң) объектiсi болуы мүмкiн даралану құралдарын пайдалануды үшiншi жақтар, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, құқық иеленушiнiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.
Ескерту. 125-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
126-бап. Қызметтiк және коммерциялық құпия
1. Үшiншi жаққа белгiсiз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негiзде еркiн танысуға болмайтын және ақпаратты иеленушi оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтiк немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.
2. Мұндай ақпаратты заңсыз әдiстермен алған адамдар сондай-ақ еңбек шартына қарамастан қызметшiлер немесе азаматтық-құқықтық шартқа қарамастан контрагенттер қызметтiк немесе коммерциялық құпияны жария етсе, келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
127-бап. Ақша (валюта)
1. Қазақстан Республикасының ақша бөлiнiсi теңге болып табылады.
2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өз құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма қол төлеп және қолма қол төлемей есеп айырысу түрiнде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттерi, тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
128-бап. Валюталық қазыналар
1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлiк түрлерi және олар арқылы мәмiлелер жасау тәртiбi заң құжаттарында белгiленедi.
2. Валюталық қазыналарға меншiк құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негiздерде қорғалады.
Параграф 1-1. Қаржы құралдары
Ескерту. 3-тарау 1-1параграфпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV(2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
128-1-бап. Қаржы құралдары
1. Қаржы құралы — операциялар нәтижесінде бір ұйымның қаржылық активімен бір мезгілде басқа ұйымда қаржылық міндеттеме немесе үлестік құрал туындайтын ақша, туынды құнды қағаздарды қоса алғанда, құнды қағаздар, туынды қаржы құралдары мен басқа да қаржы құралдары.
2. Қаржылық актив — ақшасын, басқа ұйымның үлестік құралын білдіретін кез келген актив, басқа ұйымнан ақшасын немесе өзге де қаржылық активті алуға немесе өзі үшін ықтимал тиімді жағдайларда басқа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық міндеттемелермен алмасуға шарттық құқық немесе есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарымен жүзеге асырылатын немесе жүзеге асырылуы мүмкін және бұл ретте, ұйымның меншікті үлестік құралдарының ауыспалы санын алатын немесе алуы міндетті болатын туынды құрал немесе ақшасының немесе өзге де қаржылық активтің белгіленген сомасын алмастыру жолынан гөрі есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарының белгіленген санына кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.
3. Қаржылық міндеттеме — ақшасын немесе өзге де қаржылық активті басқа ұйымға беру немесе өзі үшін ықтимал тиімсіз жағдайларда басқа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық міндеттемелерімен алмасудың шартты міндеттемелерін білдіретін кез келген міндеттеме немесе есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарымен жүзеге асырылатын немесе жүзеге асырылуы мүмкін және бұл ретте, ұйымның меншікті үлестік құралдарының ауыспалы санын беретін және беруге міндетті болатын туынды емес құрал немесе ақшасының немесе өзге де қаржылық активтің тіркелген сомасын алмастыру жолынан гөрі есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.
4. Үлестік құрал — ұйымның барлық міндеттемелері шегерілгеннен кейін қалатын оның активтеріндегі қалдық үлесіне құқығын растайтын кез-келген шарт.
128-2-бап. Туынды қаржы құралдары
1. Туынды қаржы құралдары — болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргізуді көздейтін, құны шарттың базалық активінің мөлшеріне (мөлшердің ауытқуын қоса алғанда) тәуелді шарт.
2. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгілерге сай келетін басқа да туынды, оның ішінде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.
3. Тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақтағы оқиғалар немесе жағдайлар, туынды қаржы құралдары туынды қаржы құралдарының базалық активтері болып табылады.
128-3-бап. Опцион
1. Опцион — оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) екінші тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келісілген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзіне міндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады.
2. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келісілген жағдайлары деп мынадай міндетті шарттарды келісу түсініледі: базалық активтің түрі, базалық активтің жалпы құны (опцион жасалатын сома), базалық активтің бағасы (страйк — опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзімі (опционның қолданылу кезеңі), опционның түрі.
3. Егер опционды сатып алушы өзі сатып алған құқықты іске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледі.
128-4-бап. Своп
Своп — оған сәйкес тараптар келісілген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдерді айырбастау жөнінде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.
128-5-бап. Форвард
1. Форвард — сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттарда базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын туынды қаржы құралы.
2. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.
128-6-бап. Фьючерс
Фьючерс — сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.
Параграф 2. Бағалы қағаздар
129-бап. Бағалы қағаздар
1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.
1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.
Борыштық бағалы қағаз — эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.
Үлестік бағалы қағаз — Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған өзге де түрлерi жатады.
3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:
1) құжатты және құжатсыз;
2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;
3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.
Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тiкелей оқу мүмкiндiгi болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткiзушi) шығарылған бағалы қағаздар.
Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаздар.
Эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде осы шығарылым үшiн бiрдей жағдай негiзiнде орналастырылатын және айналымда болатын, бiртектi белгiлерi мен реквизиттерi бар бағалы қағаздар.
Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген белгiлерге сәйкес келмейтiн бағалы қағаздар.
Атаулы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ұсынбалы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ордерлiк бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен берiлген жағдайда, басқа тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
4. Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн қайсыбiр нысанда шығару мүмкiндiгiне жол берiлмеуi мүмкiн.
Ескерту. 129-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.05.16 N 416, өзгерту енгізілді - 2008.12.10 N 101-IV(2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау
1. Бағалы қағаздың өзi құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына сақтауға берiлген жағдайда, оның есебiн жүргiзу мақсатында осы кәсiби қатысушы ашқан шоттан алынған үзiндi көшiрме оған берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкiлеттiнiң осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берiлген үзiндi көшiрменiң арасында алшақтық болған кезде үзiндi көшiрмеге басымдық берiледi.
2. Бағалы қағаздар рыногының өзiне берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеуге уәкiлеттi кәсiби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебiн жүргiзу мақсатында ашылған шоттан үзiндi көшiрме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебiн жүргiзуге арналған шоттарды ашу және жүргiзу тәртiбi, сондай-ақ осындай шоттардан берiлетiн үзiндi көшiрменiң мазмұны мен ресiмделуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
Ескерту. 130-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |