131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.
2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру
1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.
2. Атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, талапты (цессияны) басқаға беру үшiн белгiленген тәртiппен берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес тиісті талапты орындау үшiн емес, оның жарамсыздығы үшiн жауапты болады.
2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.
3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлгенін жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.
Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).
Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.
Ескерту. 132-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен, 2003.05.16. N 416 Заңымен , 2003.06.03. N 426 Заңымен, 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау
1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.
2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.
Ескерту. 133-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 426 Заңымен.
134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру
Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
135-бап. Құжатталмаған бағалы қағаздар
Ескерту. 135-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен.
136-бап. Облигация
1. Облигация - шығару кезiнде айналыс мерзiмi алдын ала белгiленген, оны шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы алу және оның айналыс мерзiмiнiң аяқталуы бойынша облигацияның ақшалай немесе өзге де мүлiктiк балама түрдегi нақты құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.
4. Облигациялардың түрлерi және оларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Ескерту. 136-бап жаңа редакцияда - 1998.07.10. N 282 Заңымен, 2003.05.16. N 416, өзгерту енгізілді - 2004.12.20. N 13(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
137-бап. Чек
Ескерту. 137-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
138-бап. Вексель
Ескерту. 138-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
139-бап. Акция
1. Акция - акционерлiк қоғам шығаратын және акционерлiк қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлiк қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.
2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
Акцияларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.
5. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен акционерлiк қоғамның мүддесiн бұзған акционерден акцияларды сот шешiмi бойынша сатып алу мүмкiндiгi көзделуі мүмкiн.
Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен есептелетiн меншiктi капиталдың тepic мөлшерi болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемесi көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 139-бап жаңа редакцияда - 2003.05.16. N 416 Заңымен, 139-бапқа өзгерту енгізілді - 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
139-1-бап. Банктiк депозит сертификаты
Банктiк депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгiленген айналыс мерзiмi аяқталғаннан кейiн не ол аяқталғанға дейiн номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгiленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.
Ескерту. 139-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен.
140-бап. Банктік сертификат
Ескерту. 140-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
Параграф 3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар
141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау
1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған жеке тұлғаның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.
2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.
4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.
Ескерту. 141-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар
Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.
5. Егер соттың шешiмi орындалмаса, сот тәртiп бұзушыға бюджеттiң кiрiсiне өндiрiлiп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.
6. Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, осы баптың азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы қағидалары тиісінше заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға осы Кодексте белгіленген тәртіппен залалдың орнын толтыру туралы қағидалар қолданылады.
7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейдi деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.
Ескерту. 143-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы
1. Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделiктер, естелiктер, жазбалар, iшкi жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрiгерлiк, адвокаттық құпияны, банктiк салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар.
Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн.
2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келiсiмiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келiсiмiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келiсiмiмен жариялануы мүмкiн.
Ескерту. 144-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
145-бап. Өз бейнесiне құқық
1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.
146-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы
Заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйiне өзiнiң еркiнен тыс баса-көктеп кiрудiң кез-келген әрекетiн тыюға құқығы бар.
4-тарау. Мәмілелер
147-бап. Мәмiле ұғымы
Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар
1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.
2. Заңдарға немесе тараптардың келiсiмiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.
3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келiсiлген ерiк бiлдiруi қажет.
149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу
1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келiсiм болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.
2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi.
150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер
1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.
Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.
151-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2. Заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келiсiмi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi
1. Мынадай мәмiлелер:
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, жүз есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;
3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.
РҚАО-ның ескертпесі!
152-бапты 1-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.
РҚАО-ның ескертпесі!
-тармақтың екінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарымен және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда, белгiлі бір нысандағы бланкiде жасау, мөрмен бекемдеу сәйкес келуге және осы талаптарды сақтамау салдары көзделуге тиiс.
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.
Ескерту. 152-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02. N 211, 2003.01.08 N 372; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
153-бап. Мәмiленiң жазбаша түрiн сақтамау салдары
1. Мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырмайды, бiрақ дау туған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.
2. Заң құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде тiкелей көрсетiлген реттерде мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
3. Сыртқы экономикалық мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
154-бап. Мәмiленi нотариаттың куәландыруы
1. Заң құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiмен белгiленген реттерде жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп саналады. Мұндай талапты сақтамау осы Кодекстiң 157-бабының 3-тармағында көзделген салдармен мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi.
155-бап. Мәмілелерді тіркеу
1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.
Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады.
2. Егер тараптардың бірі мәмілені мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәміле бойынша құқықтарды тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәміле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.
Ескерту. 155-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.26 N 311 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
156-бап. Биржалық мәмiлелер
1. Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер.
2. Биржалық мәмiлелер осы мәмiлелердiң жасалғандығын растау үшiн биржа беретiн құжаттармен ресiмделедi.
3. Егер заңдардан, тараптардың келiсiмiнен немесе мәмiленiң мәнiнен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмiлелерге олардың мазмұнына қарай тиiстi шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады.
4. Заңнамада немесе биржалық сауда ережелерiнде, «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтерден басқа, тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келiсiмiнсiз жария етуге жатпайтын биржалық мәмiлелердiң талаптары көзделуi мүмкiн.
5. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты даулар тиiстi биржа жанындағы биржа төрелiгiнде қаралады, заңда көзделген жағдайларда оның шешiмiне сотта дау айтылуы мүмкiн.
6. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
Ескерту. 156-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2003.05.16 N 416, 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.06.21 N 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
157-бап. Жарамсыз мәмiлелер мен жарамсыздықтың салдары
1. Мәміленің нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда, мүдделі тұлғалардың, тиісті мемлекеттік органның не прокурордың талап-арызы бойынша мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Көрсетілген мәмілені жасау нәтижесінде құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады.
2. Мәмiле жарамсыздығының негiздемелерi, сондай-ақ оны жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдардың тiзбесi осы Кодексте не өзге де заң құжаттарында белгiленедi.
3. Мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болса) - қайтарылуға тиіс мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын, егер мәміле жарамсыздығының өзге салдары осы Кодексте көзделмеген болса, ақшалай қайтаруға міндетті.
4. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталып, екi тарапта да жымысқы ниет болған жағдайда олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға тиiстi болғандарының бәрi соттың шешiмi немесе үкiмi бойынша тәркiленуге тиiс. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған ретте, екiншi тараптан алғандарының бәрi және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң бәрi тәркiленуге тиiс. Егер тараптардың ешқайсысы да орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң бәрi тәркiленуге тиiс.
5. Қылмыстық мақсатқа жету жөнiндегi жымысқы ниет тараптардың бiрiнде ғана болған жағдайда оның мәмiле бойынша алғандарының бәрi екiншi тарапқа қайтарылуы тиiс, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге тиiс.
6. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген салдарды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған, не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеуге қатысты бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдар басталады.
7. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген салдармен қоса, сот мәмiленiң жарамсыз болуын туғызған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты екiншi тараптың залалын оның пайдасына өндiрiп беруi мүмкiн.
8. Егер осы Кодексте, заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе немесе мәміленің мәнінен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәміле заңдық салдарға әкеліп соқтырмайды, бұған оның жарамсыздығына байланысты және ол жасалған кезден бастап жарамсыз болған мәмілелер кірмейді.
9. Мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, сот нақты мән-жайларды ескеру арқылы оның одан әрi орындалуына тыйым салумен шектелуге құқылы.
Ескерту. 157-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
158-бап. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн мәмiленiң жарамсыздығы
1. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ құқықтық тәртiп негiздерiне немесе адамгершiлiкке көрiнеу қайшы келетiн мақсатпен жасалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Заң талаптарын, заңды тұлғаның жарғысын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi қасақана жасасқан адамның, егер мұндай талап пайдакүнемдiк себептерден немесе жауапкершiлiктен жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
3. Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемесiн орындаудан немесе үшiншi жақ не мемлекет алдындағы жауапкершiлiктен жалтару ниетiмен жасаған ретте, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi жақ (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
159-бап. Мәмiлелер жарамсыздығының негiздерi
1. Қажеттi рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданыс мерзiмi аяқталғаннан кейiн жасалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Терiс пиғылды бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын мәмiле жарамсыз болады.
3. Осы Кодекстiң 23-бабында көзделген мәмiлелердi қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адам (жас бала) жасаған мәмiле жарамсыз болады.
4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің келісімінсіз жасаған мәмілесін, заң бойынша оның өзі дербес жасауға құқығы бар мәмілелерді қоспағанда, сот заңды өкілдерінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы баптың қағидалары осы Кодекске сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылатын (осы Кодекстің 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы) кәмелетке толмағандардың мәмілелеріне қолданылмайды.
5. Есуастық немесе ақыл-есi кем болуы салдарынан әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған адам жасасқан мәмiле жарамсыз болады. Кейiннен әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiле (осы Кодекстiң 26-бабы), егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ бұл азаматтың психикалық шатасу жағдайында болғаны дәлелденсе, оның қорғаншысының талабы бойынша сот мәмiленi жарамсыз деп тануы мүмкiн.
6. Сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан мәмiленi сот оның қамқоршысының талап етуi бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
7. Әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
8. Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы).
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртiбiмен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн.
11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, өзге де заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп жасаған, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай жолсыздықтар туралы бiлгенi немесе бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң қуынымы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың заңды өкілдерінің талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн.
Ескерту. 159-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2007.01.12 N 225, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер
1. Заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған жалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.
161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары
Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды.
162-бап. Жарамсыз мәмiлелер бойынша талап қою мерзiмдерi
1. Алып тасталды- ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
2. Осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мәмiленiң жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзiмi қорлық немесе қорқыту ықпалымен мәмiле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын өзге де мән-жайларды бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл болады.
Ескерту. 162-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
5-тарау. Өкілдік және сенімхат
163-бап. Өкiлдiк
1. Басқа адамның (өкiлдiк берушiнiң) атынан бiр адамның (өкiлдiң) сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлеттiгi күшiмен жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушiнiң азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн тiкелей туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлеттiк өкiлдiң (бөлшек сауда жүйесiндегi сатушы, кассир және т.б.) әрекет жасаған жағдайынан да көрiнуi мүмкiн.
2. Өкiл жасаған мәмiле бойынша тiкелей өкiлдiк берушiде құқықтар мен мiндеттер пайда болады.
3. Өкіл жеке өзіне қатысты да, сонымен бірге өзі өкілі болып табылатын басқа адамға қатысты да өкілдік берушінің атынан мәмілелер жасай алмайды.
Бұл қағида коммерциялық өкілдікке қолданылмайды.
4. Басқалардың мүдделерi үшiн болса да өз атынан әрекет ететiн адамдар (коммерциялық делдалдар, мұрагерлiк кезiнде өсиеттi орындау тапсырылған адамдар және т.б.), сондай-ақ болашақта жасалуы мүмкiн мәмiлелерге қатысты келiссөз жүргiзуге уәкiлдiк берiлген адамдар өкiлдер болмайды.
5. Сипаты жөнiнен тек жеке өзi ғана жасауға болатын мәмiленi, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген реттердегi басқа да мәмiлелердi өкiл арқылы жасауға жол берiлмейдi.
Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
164-бап. Әрекет қабiлеттiгi жоқ адамдар үшiн өкiлдiк
Әрекет қабiлеттiгi жоқ азаматтардың атынан мәмiлелердi олардың заңды өкiлдерi жасайды.
Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
165-бап. Өкiлеттiгi жоқ өкiлдiк
Мәмiле жасауға уәкiлдiк берiлмеген адамның басқа адам атынан немесе өкiлеттiгiн асыра пайдаланып жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушi осы мәмiленi кейiннен мақұлдаған ретте ғана ол үшiн азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлдiк берушiнiң кейiннен мақұлдауы мәмiленi оның жасалған кезiнен бастап жарамды етедi.
166-бап. Коммерциялық өкiлдiк
1. Кәсiпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемi және дербес өкiлдiк етушi адам (коммерциялық өкiл) өкiлдiң өкiлеттiгi көрсетiлетiн жазбаша шарт негiзiнде, ал ол көрсетiлмеген жағдайда - сенiмхат негiзiнде де әрекет жасайды.
2. Коммерциялық өкiл сонымен бiр мезгiлде өзiнiң қатысуымен жасалатын шарттың түрлi тараптарының мүдделерiн бiлдiре алады. Бұл орайда ол өзiне берiлген тапсырмаларды кәдiмгi кәсiпкердiң ыждағаттылығымен орындауға мiндеттi.
3. Коммерциялық өкiл келiсiлген сыйақыны және өзi тапсырмаларды орындаған кезде жұмсаған шығындарын, егер өздерiнiң арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, шарт тараптарынан тең мөлшерде төлеудi талап етуге құқылы.
4. Коммерциялық өкiл өзiне белгiлi болған сауда мәмiлелерi туралы мәлiметтердi өзiне берiлген тапсырманы орындағаннан кейiн де құпия сақтауға мiндеттi.
5. Кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларындағы коммерциялық өкiлдiктiң ерекшелiктерi заңмен белгiленедi.
167-бап. Сенiмхат
1. Бiр адамның (сенiм бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенiм бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi сенiмхат деп танылады.
2. Мүлiкке билiк жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiлелер жасауға берiлетiн сенiмхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, нотариат куәландыруға тиiс.
3. Нотариат куәландырған сенiмхаттарға:
1) госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлердiң және өзге де адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, медицина бөлiмi жөнiндегi орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған сенiмхаттар;
2) мемлекеттiк нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлiмдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегi осы бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған әскери қызметшiлердiң сенiмхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерi мен әскери қызметшiлер отбасы мүшелерiнiң сенiмхаттары;
3) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған сенiмхаттары;
4) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiндегi кәмелетке толған әрекет қабiлеттiгi бар азаматтардың осы мекеменiң немесе тиiстi халықты әлеуметтiк қорғау органдарының басшысы куәландырған сенiмхаттары теңестiрiледi.
4. Хат-хабар, соның iшiнде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенiмхатты сенiм бiлдiрушi тұратын республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл әкімдері, ол жұмыс iстейтiн немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделiп жатқан тұрақты емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi, сондай-ақ әскери қызметшiлерге сенiмхат берiлгенде тиiстi әскери бөлiмдердiң командованиесi куәландыруы мүмкiн. Құжат жiберудi байланыс қызметкерi жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлерi арқылы жiберiлетiн сенiмхатты байланыс органдары куәландырады.
5. Үшiншi жақтар сенiм бiлдiрiлген адамға сенiм бiлдiрушi факсимилелiк және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздерiне қатысты әрекеттер жасау үшiн берiлген сенiмхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.
6. Заңды тұлға атынан сенiмхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген өзге де адамның қолы қойылып берiледi және егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аталған тұлғаның мөрі болуға тиіс болса, осы ұйымның мөрiмен бекемделедi.
7. Ақша және басқа бағалы мүлiктi алуға немесе беруге мемлекеттiк органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берiлетiн сенiмхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтерi де қол қоюға тиiс.
8. Банкiде операциялар жасауға берiлетiн сенiмхатты және сауда саласында мәмiле жасауға берiлетiн сенiмхатты беру тәртiбi мен нысаны арнайы ережелермен белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 167-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңымен; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
168-бап. Сенiмхат мерзiмi
1. Сенiмхат үш жылдан аспайтын мерзiмге берiлуi мүмкiн. Егер сенiмхатта неғұрлым ұзақ мерзiм көрсетiлсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзiмi көрсетiлмесе, берiлген күннен бастап бiр жыл бойы жарамды болады.
2. Берiлген күнi көрсетiлмеген сенiмхат жарамсыз болады.
169-бап. Сенiм ауысуы
1. Сенiм бiлдiрiлген адам өзiне уәкiлдiк берiлген әрекеттi өзi жасауға тиiс. Алған сенiмхат бойынша сенiм ауыстыруға уәкiлдiк берiлген не сенiм бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғауға мәжбүр болған ретте ғана ол осы әрекеттердi жасау сенiмiн басқа адамға аудара алады.
2. Сенім білдірілген адамның өз өкілеттігін басқа адамға беруі жөніндегі сенімхатты, осы Кодекстің 167-бабының 4 және 6-тармақтарында көзделгеннен басқа жағдайларда, нотариат куәландыруға тиіс.
Сенім білдірген адам өз өкілеттігін басқа адамға толық көлемде сеніп беретін сенімхатқа бастапқы сенімхат қоса берілуге тиіс. Сенім білдірілген адам бастапқы сенімхатта көрсетілген жекелеген өкілеттіктерді басқа адамға не бірнеше адамға сеніп беретін сенімхатқа бастапқы сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Сенiм ауыстыру жөнiнде берiлген сенiмхаттың қолданылу мерзiмi ол негiзге алынып берiлген алғашқы сенiмхаттың қолданылу мерзiмiнен аспауы керек.
4. Өз өкiлеттiгiн басқа бiреуге берген сенiм бiлдiрiлген адам бұл жөнiнде сенiм бiлдiрушiнi дереу хабардар етуге және оған әлгi адам туралы, оның тұрғылықты жерi туралы қажеттi мәлiметтердi хабарлауға тиiс. Бұл мiндеттiң орындалмауынан, сенiм бiлдiрiлген адамға нақ өз әрекеттерi үшiн жауапкершiлiк жүктелетiнi сияқты, өз өкiлеттiгiн берген адамның әрекеттерi үшiн де жауапкершiлiк жүктеледi.
Ескерту. 169-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
170-бап. Сенiмхаттың тоқтатылуы
1. Сенiмхаттың қолданылуы:
1) сенiмхат мерзiмiнiң өтуi;
2) сенiмхатта көзделген әрекеттердiң жүзеге асуы;
3) сенiмхатты берушi адамның оның күшiн жоюы;
4) сенiмхат берiлген адамның одан бас тартуы;
5) өз атынан сенiмхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;
6) атына сенiмхат берiлген заңды тұлғаның таратылуы;
7) сенiмхат берген адамның қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы;
8) сенiмхат берiлген азаматтың қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы салдарынан тоқтатылады.
2. Сенiмхатты берген адам сенiмхаттың немесе сенiм ауысуының күшiн кез келген уақытта жоя алады, ал сенiмхат берiлген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келiсiм жарамсыз болады.
171-бап. Сенiмхаттың тоқтатылу салдары
1. Сенiмхат берушi сенiмхаттың күшiн жойғандығы туралы (осы Кодекстiң 170-бабы) сенiмхат берiлген адамға, сондай-ақ сенiмхат берiлгендердiң алдында өкiлдiк ету үшiн өзiне белгiлi үшiншi жаққа хабарлауға мiндеттi. Сенiмхат осы Кодекстiң 170-бабының 5 және 7-тармақтарында көрсетiлген негiздерге сүйенiп тоқтатылған реттерде дәл сондай мiндет сенiмхат берушi адамның құқықты мирасқорларына да жүктеледi.
2. Сенiмхат берiлген адамға сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлгенге дейiн немесе бiлуге тиiс болған кезге дейiн оның жасаған әрекеттерi нәтижесiнде пайда болған құқықтар мен мiндеттер сенiмхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшiн үшiншi жақтарға қатысты күшiн сақтайды. Егер үшiншi жақ сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса бұл ереже қолданылмайды.
3. Сенiмхат берiлген адам немесе оның құқықты мирасқоры сенiмхат тоқтатылысымен оны дереу қайтаруға тиiс.
4. Сенiмхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенiмхат бойынша басқа адамға өкiлеттiк беру де (сенiм ауысуы) күшiн жояды.
6-тарау. Мерзімдерді есептеу
172-бап. Мерзiм белгiлеу
1. Заңдармен, мәмiлемен белгiленген не сот тағайындайтын мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе сөзсiз болуға тиiстi оқиға көрсетiлiп белгiленедi.
2. Мерзiм жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
173-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң басталуы
Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң өтуi күнтiзбелiк күннен немесе мерзiмнiң басталуы белгiленген оқиға болғаннан кейiнгi келесi күннен басталады.
174-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң аяқталуы
1. Жылдармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде бiтедi.
Жарты жылмен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады.
2. Жыл тоқсандарымен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады. Бұл орайда бiр тоқсан үш айға тең деп есептеледi, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргiзiледi.
3. Айлармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде бiтедi.
Жарты аймен белгiленетiн мерзiм күндермен есептелетiн мерзiм ретiнде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледi.
Егер айлармен есептелетiн мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, мерзiм сол айдың соңғы күнiнде бiтедi.
4. Апталармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде бiтедi.
175-бап. Мерзiмнiң жұмыс iстемейтiн күнде аяқталуы
Егер мерзiмнiң соңғы күнi жұмыс iстемейтiн күнге тура келсе, содан кейiнгi ең таяу жұмыс күнi мерзiмнiң аяқталған күнi болып саналады.
176-бап. Мерзiмнiң соңғы күнiнде әрекет жасау тәртiбi
1. Егер мерзiм қандай да бiр әрекет жасауға белгiленген болса, ол әрекет мерзiмнiң соңғы күнiндегi сағат жиырма төртке дейiн орындалуы мүмкiн.
Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиiс болса, онда мерзiм осы ұйымда белгiленген ережелер бойынша тиiстi операциялар тоқтатылған сағатта бiтедi.
2. Мерзiмнiң соңғы күнiндегi сағат жиырма төртке дейiн почтаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесiне тапсырылған жазбаша мәлiмдемелер мен хабарламалар мерзiмiнде жасалған болып саналады.
7-тарау. Талап мерзімі
177-бап. Талап қою ұғымы
1. Талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңi.
2. Талап қою мерзiмдерi және оларды есептеу тәртiбi заңмен көзделедi және оларды тараптардың келiсуiмен өзгертуге болмайды.
178-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi.
2. Талаптардың жекелеген түрлерi үшiн заң құжаттарымен талап қоюдың жалпы мерзiммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 177, 179-186-баптарының ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, талап қоюдың арнаулы мерзiмдерiне де қолданылады.
179-бап. Талап қоюдың қолданылуы
1. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады.
2. Талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады.
3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндiрiп алу, кепiлдiк берушiнiң жауапкершiлiгi және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi.
180-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады.
3. Орындалу мерзiмi белгiленбеген не талап ету кезiмен белгiленген мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi мiндеттеменi орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшiн жеңiлдiк мерзiмi берiлсе, талап мерзiмiн есептеу аталған мерзiм аяқталғаннан кейiн басталады (осы Кодекстiң 277-бабының 2-тармағы).
4. Регрестiк мiндеттемелер бойынша талап мерзiмiнiң өтуi негiзгi мiндеттеменi орындау кезiнен басталады.
181-бап. Мiндеттемедегi адамдар өзгерген кездегi талап қою мерзiмi
Мiндеттемедегi адамдардың өзгеруi талап қою мерзiмi мен оны есептеу тәртiбiн өзгертуге әкелiп соқтырмайды.
182-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұру
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi:
1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтiн күш) кедергi жасаса;
2) мiндеттемелердiң бұл түрiн орындау Қазақстан Республикасы Президентiнiң жариялауымен кейiнге қалдырылуына байланысты (мораторий):
3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшiрiлген әскери бөлiмшелер құрамында болса;
4) егер әрекет қабiлеттiгi жоқ адамның заңды өкiлi болмаса;
5) тиiстi қатынасты реттейтiн заңдардың қолданылуын тоқтатуға байланысты тоқтатыла тұрады.
Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.
3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.
Ескерту. 182-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134-I Заңымен.
183-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiндегi үзiлiс
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.
2. Үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
Ескерту. 183-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейiн басталған талап қою мерзiмi жалпы тәртiппен одан әрi жалғаса бередi.
2. Егер сот қылмыстық iсте қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейiн басталған талап қою мерзiмiнiң өтуi талапты қараусыз қалдырған үкiм заңды күшiне енгiзiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады. Мерзiмi тоқтатыла тұрған кездегi уақыт талап қою мерзiмiне есептелмейдi. Бұл орайда, егер мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айдан аз болса, ол алты айға дейiн ұзартылады.
185-бап. Талап қою мерзiмiн қалпына келтiру
1. Ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.
2. Белгiлi бiр iс бойынша сот шешiмiн орындаудан бас тартылуына байланысты заң құжаттарына сәйкес талапкердiң тап сол iс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған ретте талап қою мерзiмi қалпына келтiрiледi және қайтадан өте бастайды.
186-бап. Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндеттердi атқару
Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндетiн атқарған борышқордың немесе өзге мiндеттi адамның тiптi сол мiндеттi атқарған кезiнде талап мерзiмiнiң өтiп кеткенiн бiлмесе де, аталған адамның өзi атқарған нәрсесiн қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.
187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар
Талап қою:
1) заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;
2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;
3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;
4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына; P06008S
5) заң құжаттарында белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.
Ескерту. 187-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
II бөлiм. Меншік құқығы және
Достарыңызбен бөлісу: |