Қазақстан республикасының азаматтық кодексi


Параграф 1. Жалпы ережелер



жүктеу 7,29 Mb.
бет10/11
Дата27.12.2019
өлшемі7,29 Mb.
#25002
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Параграф 1. Жалпы ережелер

292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету әдiстерi

1. Мiндеттеменi орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепiл, борышқордың мүлкiн алып қалу, аманат, кепiлдiк, кепiлпұл, кепілдік жарна және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.

Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актiлерiнде белгiленедi.

2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келiсiмнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.

3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.



Ескерту. 292-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Параграф 2. Айып төлеу

293-бап. Айып төлеу ұғымы

Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.



Ескерту. 293-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

294-бап. Айып төлеу туралы келiсiмнiң нысаны

Айып төлеу туралы келiсiм, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.

Жазбаша нысанның сақталмауы айып төлеу туралы келiсiмнiң жарамсыздығына әкелiп соқтырады.

295-бап. Заңды айып төлеу

1. Несие берушi тараптардың келiсiмiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.

2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келiсiмiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.

296-бап. Айып төлеу мөлшерi

Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.

297-бап. Айып төлеу мөлшерiн азайту

Егер төленуге тиiстi айып (айыппұл, өсiм) несие берушiнiң шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышқор мен несие берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, айып төлеу мөлшерiн (айыппұлды, өсiмдi) азайтуға құқылы.

298-бап. Айып төлеудi өндiрiп алу негiздерi

Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).

Параграф 3. Кепіл

299-бап. Кепiл ұғымы

1. Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.

Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.

2. Кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар (ипотека) кепiлi қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгiленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегi кепiл туралы жалпы ережелер қолданылады.

3. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерінің, ішкі суда жүзетін кемелердің, "өзен-теңізде" жүзетін кемелердің кепілі (кемелер ипотекасы) Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен реттеледі. Осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерінде өзге ережелер көзделмеген жағдайда кемелер ипотекасына қолданылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптар жасалып жатқан теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзетін кемелерге, "өзен-теңізде" жүзетін кемелерге де қолданылады.



Ескерту. 299-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2002.01.17. N 285 Заңдарымен.

300-бап. Кепiлдiң пайда болу негiздерi

1. Кепiл шартқа сәйкес пайда болады. Кепiл заң құжаттарының негiзiнде, егер заң құжаттарында қандай мүлiк және қандай мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiлде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетiлген мiндеттемелердiң пайда болуы кезiнде де туындайды.

2. Осы Кодекстiң шартқа сәйкес пайда болатын кепiл туралы ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, тиiсiнше заң құжаттары негiзiнде пайда болған кепiлге сәйкес қолданылады.

301-бап. Кепiл мәнi

1. Кез келген мүлiк, оның ішінде айналымнан алынған заттарды (осы Кодекстiң 116-бабының 2-тармағы), кредитордың жеке басымен тығыз байланысты талаптарды, атап айтқанда алименттер, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды және оларды басқа тұлғаға беруге заңнамалық актілермен тыйым салынған өзге де құқықтарды қоспағанда, заттар және мүлiктiк құқықтар (талаптар) кепiл мәні болуы мүмкін.

2. Кепiл құқығы келешекте кепiлге берушінің меншiгiне немесе шаруашылық жүргізуіне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн.

3. Өндіріп алуға жол берілмейтін мүліктің жекелеген түрлерін, атап айтқанда, азаматтардың мүлкін кепілге қоюға заңнамалық актілермен тыйым салынуы немесе ол шектелуі мүмкін.

4. Алып тасталды - ҚР 2007.01.12 N 225 Заңымен.

5. Алып тасталды - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.



Ескерту. 301-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 225, 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

302-бап. Кепiл арқылы қамтамасыз етiлетiн талаптар

1. Егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, кепiл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезiндегi көлемдi сыйақыны (мүдденi) қоса алғанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрiлген шығындардың өтелуiн, айып (айыппұл, өсiм) салуды, кепiлге салынған мүлiктi ұстау жөнiндегi қажеттi шығындарды, сондай-ақ өндiрiп алу жөнiндегi шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi.

2. Егер тараптар мұндай талаптарды кепiл арқылы қамтамасыз ету мөлшерi туралы уағдаласқан жағдайда кепiл болашақта пайда болатын тараптарға қатысты белгiленуi мүмкiн.



Ескерту. 302-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.

303-бап. Кепiл түрлерi

1. Ипотека - кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi.

Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары, ғарыш объектiлерi, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мәнi бола алады.

Бөлiнетiн жемiстер бөлген кезден бастап үшiншi жақтың құқықтарының объектiсi болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәнi бола алады. Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары мен ғарыш объектiлерi ипотекасы осындай объектiлердi тiркеудi жүзеге асыратын органдарда тiркелуге тиiс.

2. Кепiлзат - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi.

Кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiлге салынған зат кепiл ұстаушының құлпы салынып, мөрi басылып, кепiл салушыда қалдырылуы мүмкiн. Кепiл мәнi кепiл туралы куәландырылатын белгiлер салынып (анық кепiл), кепiл берушiнiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн.

3. Құқықтарды кепiлге салу кезiнде иелiктен айырылуы мүмкiн мүлiктiк құқықтар, атап айтқанда, кәсiпорындарды, құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды жалға беру құқықтары, шаруашылық серiктестiк мүлкiндегi үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық, өнертапқыштық және өзге де мүлiктiк құқықтар кепiл мәнi болып табылады.

Жер учаскесiне құқықтарды, сондай-ақ өзге табиғи ресурстарға құқықтарды кепiлге беруге, жер және өзге табиғи ресурстық заңдарда белгiленген шектер мен ережелер бойынша жол берiледi.

Мерзiмдi құқық оның әрекет жасау мерзiмi бiткенге дейiн ғана кепiл мәнi бола алады.

Кепiл құқығының борышқоры кепiл туралы хабардар болуға тиiс.

Егер кепiлге салынатын құқық құжатпен расталатын болса, кепiл шарты құқық белгiлеушi құжатты беру арқылы ресiмделуi мүмкiн.

3-1. Банктік салым кепілге қойылған кезде салымшының банктік салым шарты бойынша құқықтары кепілге ұсынылады. Кепіл беруші - салымшы кепіл ұстаушы туралы мәліметтерді көрсете отырып, банктік салым кепілі туралы банкке жазбаша хабарлауға міндетті.

4. Бағалы қағаздар кепiлi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

5. Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы ақша үшін алынатын сыйақы (мүдде) кепіл берушіге тиесілі болады.

Ақша кепiл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепiл ақшаны пайдалану мүмкiндiгiн шектейтiн шарттарды сақтаған кезде (банк сейфiне, сейфтiң ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй-жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берiлуi мүмкiн. Осындай тұлғаның кепiл ақшаны пайдалану жөнiндегi шектеулердi орындамауы оның ақша берiлген кезден бастап негiзсiз байығаны үшiн жауаптылығына негiз болып табылады.

Ескерту. 303-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 225, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

304-бап. Ортақ меншiктегi мүлiктi кепiлге беру

Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Ортақ мүлiктегi үлеске құқық кепiлдiң дербес мәнi бола алады.

305-бап. Кепiл берушi

1. Борышқордың өзi де, үшiншi жақ та кепiл берушi болуы мүмкiн.

2. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, заттың меншiк иесi не меншiк иесiнiң келiсiмiмен оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар адам заттың кепiл берушiсi бола алады.

3. Кепiлге салынатын құқыққа ие адам құқықты кепiлге берушi бола алады.

Жалға беру құқығын немесе бөтен адамның затына өзге құқықты оны меншiктенушiнiң немесе оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар жақтың келiсiмiнсiз, егер заң құжаттарында немесе шартта аталған жақтардың келiсiмiнсiз бұл құқықты иелiктен айыруға тыйым салынған болса, кепiлге салуға жол берiлмейдi.

306-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру

1. Кепiл ұстаушыға оның иеленуiне берiлген кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру мiндетi шартпен немесе заң құжаттарымен жүктелуi мүмкiн.

Кепiл берушiнiң пайдалануында қалатын кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру кепiл берушiге жүктеледi.

2. Сақтандыру жағдайы туған кезде кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы одан кепiл ұстаушы бас тартқан ретте ғана пайда болады.

Егер сақтандыру төлемінің сомасы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасынан асып кетсе, кепiл ұстаушы оны алған кезден бастап банктiк үш күннiң iшiнде кепiл берушiге айырмасын аударуға мiндеттi.

Ескерту. 306-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.12.18. N 128 Заңымен.

307-бап. Кепiл туралы шарттың мазмұны мен нысаны

1. Кепiл туралы шартта кепiл нысанасы мен оны бағалау, кепiлмен қамтамасыз етiлетiн мiндеттеменiң мәнi, мөлшерi немесе ең жоғары сомасы және орындалу мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Сонымен қатар, онда кепiлге қойылған мүлiк тараптардың қайсысында екендігі және оны пайдалануға болатындығы көрсетiлуге тиiс. Тараптардың келісуі бойынша кепілмен қамтамасыз етудің нақты сипаттамасы талап етілместен, кепіл нысанасы болып табылатын жылжымалы мүліктің және (немесе) жылжымалы мүліктің жекелеген санаттарының (машина жабдығын және материалдық айналым құралдарының қорларын қоса алғанда) кепіл нысанасының жалпы сипаттамасы болуы мүмкін.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, кепіл нысанасын бағалау теңгемен көрсетіледі және тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін. Міндеттемені шетел валютасында қамтамасыз ететін кепіл нысанасын бағалау теңгемен және кепіл туралы шарт жасалған күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша міндеттеме валютасымен көрсетіледі.

2. Кепiл туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс.

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы қағидаларды сақтамау кепiл туралы шарттың жарамсыз болуына әкеп соғады.



Ескерту. 307-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

308-бап. Кепiлдi тiркеу

1. Егер осы Кодекстен өзгеше туындамаса, тіркелуге жататын мүлікті кепілге салу осы мүліктің тіркелуін жүзеге асыратын органда тіркелуге тиіс.

Жылжымайтын мүлік кепілі жылжымайтын мүлікке құқықтардың тіркелуін жүзеге асыратын органда мемлекеттік тіркелуге жатады.

2. Кепіл нысанасының өзгеруі тіркелуге жатады.

Кепілдегі басқа өзгерістер қатысушылардың қалауы бойынша тіркелуі мүмкін.

3. Кепілді тоқтату туралы жазба тізілімге:

1) негізгі міндеттеменің орындалуына байланысты кепіл ұстаушының өтініші негізінде кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде;

2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен кепіл нысанасынан ақы өндіріп алу кезінде;

3) кепіл шартының бұзылуына байланысты кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде;

4) осы Кодексінің 322-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша кепілді тоқтату кезінде енгізіледі.

4. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындаған кепіл беруші тізілімдегі кепіл туралы жазбаның жойылуын талап етуге құқылы. Кепіл ұстаушы кепіл берушінің талабы бойынша тіркеуді жүргізетін органға қажетті құжаттар мен жазбаша өтініштерді табыс етуге міндетті. Кепіл ұстаушы бұл міндеттемелерді орындамаған немесе уақтылы орындамаған жағдайда, кепіл беруші өзіне келтірілген залалдың өтелуін талап етуге құқылы.



Ескерту. 308-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

309-бап. Кепiл ұстаушының құқығы қолданылатын мүлiк

1. Кепiл мәнi болып табылатын затқа кепiл ұстаушының құқығы (кепiл құқығы), егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның керек-жарақтары мен бөлiнбейтiн жемiстерiне де қолданылады.

Шартта немесе заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда кепiл құқығы кепiлге қойылған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған бөлiнетiн жемiстерге, өнiмге және кірістерге, сондай-ақ кейіннен иемденген активтер мен ауыстырылған активтерге қолданылуы мүмкін.

2. Кәсiпорынның немесе өзге мүлiк кешенiнiң ипотекасы жағдайында жалпы кепiл құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, талап ету, соның iшiнде ипотека кезiнде сатып алынған құқықтары мен ерекше құқықтарды қоса алғанда, оның барлық қозғалмалы және қозғалмайтын мүлкiне қолданылады.

3. Үй немесе ғимарат ипотекасына осы үй немесе ғимарат тұрған жер учаскесiне не осы учаскенiң кепiлге салынатын объектiнiң қызметiн қамтамасыз ететiн бөлiгiне құқық нақ сол шарт бойынша бiр мезгiлде жасалатын ипотека арқылы жол берiледi.



Ескерту. 309-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

310-бап. Кепiл құқығының пайда болуы

1. Кепiл туралы шартта өзгеше көзделмегендiктен, кепiл құқығы кепiлi тiркелуге жататын мүлiк жөнiндегi шартты тiркеу кезiнен бастап, басқа мүлiк жөнiнен - бұл мүлiктi кепiл ұстаушыға берген кезден бастап, ал егер ол беруге жатпаса, кепiл туралы шарт жасасқан кезден бастап пайда болады.

2. Айналымдағы тауарларға кепiл құқығы осы Кодекстiң 327-бабының 2-тармағының ережелерiне сәйкес пайда болады.

311-бап. Кейiнгi кепiл (кепiлдi қайталап салу)

1. Егер кепiлге салынған мүлiк басқа талаптарды қамтамасыз ететiн басқа бiр кепiлдiң нысанасы болса (кепiлдi қайталап салу), кейiнгi кепiл ұстаушының талабы алдыңғы кепiл ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн кепiл мәнiнiң құнынан қанағаттандырылады.

2. Егер кепiл туралы бұрынғы шарттарда тыйым салынбаса, қайтадан кепiл салуға жол берiледi.

3. Кепiл берушi келесi кепiл ұстаушысының әрқайсысына осы мүлiктiң бұрыннан бар барлық кепiлдерi жөнiндегi мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi және осы мiндеттiң орындалмауы себептi кепiл ұстаушыларға келтiрiлген залалдар үшiн жауап бередi.



Ескерту. 311-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2007.01.12. N 225 Заңдарымен.

312-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күтiп ұстау мен сақтау

1. Кепiл берушi немесе кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiк олардың қайсысында екенiне қарай, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе:

1) кепiлге салынған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн, соның iшiнде оған үшiншi жақтар тарапынан қол сұғылып, талаптар қойылуынан қорғау үшiн қажеттi шаралар қолдануға;

2) кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупiнiң пайда болуы туралы екiншi тарапқа дереу хабарлауға мiндеттi.

2. Кепiл ұстаушы және кепiл берушi басқа тарапта тұрған кепiлге салынған мүлiктi құжаттар бойынша және оның iс жүзiнде бар екендiгiн, көлемiн, жай-күйiн және сақталу жағдайын тексеруге құқылы.

3. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупi туып, кепiл ұстаушы осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мiндеттердi өрескел бұзған жағдайда кепiл берушi кепiлдiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын талап етуге құқылы.

313-бап. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну салдары

1. Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктiң кездейсоқ қирау немесе бүлiну тәуекелiн мойнына алады.

2. Кепiл ұстаушы, егер осы Кодекстiң 359-бабына сәйкес жауапкершiлiктен босатыла алатынын дәлелдей алмаса, өзiне кепiлге берiлген нәрсенiң толық немесе iшiнара жоғалуы немесе бүлiнуi үшiн жауап бередi.

3. Кепiл ұстаушы кепiлге салынған нәрсенiң жоғалғаны үшiн оның нақты құны мөлшерiнде, ал оның зақымданғаны үшiн кепiлге салынған нәрсенiң кепiл ұстаушыға оны берген кезде бағаланған сомасына қарамастан, осы құн төмендеген сома мөлшерiнде жауап бередi.

4. Егер кепiлге салынған нәрсенiң бүлiнуi салдарынан ол өзiнiң тiкелей мақсатында пайдаланыла алмайтындай болып өзгерiп кетсе, кепiл берушi одан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқылы.

5. Шартта кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуы немесе зақымдануы арқылы келтiрiлген өзге де шығындарды өтеуi көзделуi мүмкiн.

6. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышқор болып табылатын кепiл берушi кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген шығындарды өтеу туралы талапты кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындауға қоса есептеуге құқылы.

314-бап. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру және қалпына келтiру

1. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыруға, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепiл ұстаушының келiсiмiмен жол берiледi.

2. Егер кепiлге салынатын нәрсе жойылса немесе бүлiнсе не оған меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер бойынша тоқтатылса, кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ақылға қонымды мерзiмде қалпына келтiруге немесе оны басқа бiр сондай мүлiкпен алмастыруға құқылы.

315-бап. Кепiлге салынған нәрсенi пайдалану және оған билiк ету

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен өзгеше туындамаса, кепiл берушi кепiл нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалануға, соның iшiнде одан жемiстер мен табыстар табуға құқылы.

2. Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен туындамаса, кепiл берушi кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiлге салынған нәрсенi меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару иелiгiнен айыруға, оны басқа жаққа жалға немесе тегiн пайдалануға беруге не өзге түрде оған билiк етуге құқылы.

Кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi өсиет етiп қалдыру құқығын шектейтiн келiсiмi жарамсыз болады.

3. Кепiл ұстаушы өзiне кепiлге берiлген нәрсенi шартта көзделген реттерде ғана кепiл берушiге оны пайдалану туралы үнемi есеп бере отырып пайдалануға құқылы. Шарт бойынша кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң негiзгi мiндеттеменi өтеу мақсаттарында немесе кепiл берушiнiң мүдделерi үшiн жемiстер мен табыстар табу мiндетi жүктелуi мүмкiн.

316-бап. Кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсе жөнiндегi құқықтарын қорғау

1. Кепiлге салынған мүлiк болған немесе болуға тиiс кепiл ұстаушы оны өзгенiң заңсыз иеленуiнен, соның iшiнде кепiл берушiнiң өзiнен де талап етiп алуға құқылы.

2. Шарт ережелерi бойынша кепiл ұстаушыға өзiне кепiлге берiлген нәрсенi пайдалану құқығы берiлген реттерде, ол басқа адамдардан, соның iшiнде кепiл берушiден де өз құқығының қандай да болсын бұзылуы иелiктен айырумен байланысты болмағанымен, оның бұзылуын жоюды талап ете алады.

317-бап. Кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу негiздерi

1. Борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.

2. Егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы өте болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.

Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:

1) орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;

2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу өте болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.

Ескерту. 317-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

318-бап. Кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алу тәртiбi

1. Кепiл ұстаушының талаптарын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.

2. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де заң құжаттарында көзделген реттерде кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс күштеу тәртiбiмен сауда өткiзу (аукцион) арқылы өз бетiмен сатуға құқылы. Ақшалай қарызды қамтамасыз ететiн кепiлге салынған нәрсенi сату жөнiнде кепiл ұстаушы банктiң де осындай құқығы болады. Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп соттан тыс өткізуге жол берілмейді.



Ескерту. 318-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

319-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сату

1. Кепілге салынған мүлiктi өткiзу (сату), егер заң құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе, iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп бойынша жария саудаға салып сату арқылы жүргiзiледi.

1-1. Ақшаны және ақшалай мiндеттеме бойынша құқықтарды (талаптарды) кепiлге беру кезiнде - кепiлге қойылған осы мүлiктi өткiзу кепiл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай мiндеттеме бойынша кепiлге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесiлi ақшаны кепiл ұстаушыға беру жолымен, ал кепiл нысанасына өндiрiп алу қолданылған кезде ақшаны беру мүмкiн болмаған жағдайда кепiл берушiнiң кепiл нысанасына құқықтарын кепiл ұстаушыға ауыстыру жолымен жүргiзiледi.

Егер кепiл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақша сомасы кепiл ұстаушының кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптарының мөлшерiнен асып кетсе, айырма кепiл берушiге қайтарылады. Кепiл ұстаушының талаптарын өтеу үшiн ақша сомасы жетпеген жағдайда, заңнамалық актiлерде немесе шартта өзгеше нұсқау болмаған ретте, ол кепiлде негiзделген артықшылықтарды пайдаланбай, жетпеген соманы борышкердiң басқадай мүлкінен алуға құқылы.

2. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртiбiмен сату ерекшелiктерi осы Кодекспен және қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленедi. Ипотеканы iске асыру үшiн қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленген ережелер мен рәсiмдер, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кепiлдiң басқа түрлерiн орындау кезiнде мүлiктi сату үшiн қолданылады.

3. Кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша сот кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу туралы шешiмiнде жеке тұлғалардың кепілге салынған мүлкінің жария саудаға салынып сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге және заңды тұлғалардың кепілге салынған мүлкін бір айға дейінгі мерзімге кейiнге қалдыруға құқылы. Кейiнге қалдыру осы мүлiктi кепiлге салу арқылы қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды және борышкерді кейiнге қалдырылған уақыт iшiнде кредитордың өскен залалдары мен тұрақсыздық айыбы сомасын өтеуден босатпайды.

4. Кепiл берушi мен кепiл ұстаушыны қоса алғанда, кез-келген заңды тұлғалар мен азаматтар саудаға қатысуға құқылы.

Сауда басталардың алдында сот немесе сенiм бiлдiрiлген жақ (осы Кодекстiң 320-бабы) саудаға қатысушының әрқайсысынан кепiлдiк жарна төлеудi талап етуге құқылы. Кепiлдiк жарналар сауда аяқталғаннан кейiн қайтарылып берiлуге тиiс. Саудада ұтып шыққан қатысушының кепiлдiк жарнасы түпкiлiктi бағаның есебiне есептеледi. Саудада ұтып шыққан, бiрақ түпкiлiктi бағаны төлемеген қатысушының кепiлдiк жарнасы қайтарылмайды және соттың немесе сенiм бiлдiрiлген жақтың билiгiнде қалады.

5. Қатысқан сатып алушы екеуден аз болуы себептi сауда жасалмайтыны жарияланған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi сот шешiмiмен немесе мүлiктi бағалау жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалардың қорытындысы негiзiнде сенiм бiлдiрiлген жақ белгiлеген оның ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншiгiне аударуға, не жаңадан сауда белгiлеудi талап етуге құқылы.

6. Егер кепiлге салынған мүлiктi өткiзу кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткiлiксiз болса, ол заң құжаттарында немесе шартта өзгеше нұсқаулар болмаған жағдайда жеткiлiксiз соманы борышқордың басқа мүлкiнен кепiлге негiзделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.

Егер кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының кепiлмен қамтамасыз етiлген талабы мөлшерiнен асып кетсе, айырмасы кепiл берушiге қайтарылады.

7. Борышқор мен үшiншi жақ болып табылатын кепiл берушi (зат берушi) кепiлге салынған нәрсе сатылғанға дейiнгi кез келген уақытта одан ақы өндiрiп алуды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өтiп кеткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы. Бұл құқықты шектейтiн келiсiм жарамсыз болады.

Ескерту. 319-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2000.11.08 N 96, 2007.01.12 N 225, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

320-бап. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртiбiмен сату

1. Кепiлге салынған мүлiк соттан тыс мәжбүр ету тәртiбiмен сатылған жағдайда сауданы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бұзылған ретте кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiктi өткiзуге сенiмхаты бар сенiм бiлдiрiлген заңды тұлға мен азамат жүргiзедi.

2. Сенiм бiлдiрiлген адам мынадай рәсiмдердi орындайды:

1) кепiл берушiге мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама жазады және оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркейдi;

2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бiрақ мұны кепiл берушiге жiберер кезден бастап отыз күннен кейiн, кепiлге салынған мүлiктiң саудасы туралы хабарлама жазады, оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркеп кепiл берушiге тапсырады немесе тапсырыс хатпен кепіл шартында көрсетілген мекенжай бойынша кепіл берушіге жібереді;

3) сауда туралы хабарландыруды жергiлiктi баспасөзде ресми түрде жариялайды.

Ескерту. 320-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

321-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындау және кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу

1. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен тыс бұрын орындауды мына жағдайларда:

1) егер кепiл туралы шарттың ережелерiне сәйкестендiрiлмей кепiлге салынған нәрсе қалдырылған кепiл берушiнiң иелiгiнен шығып кетсе;

2) кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру туралы ережелердi бұзған (осы Кодекстiң 314-бабы);

3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабындағы 2-тармақта көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiл ұстаушы жауап бермейтiн (осы Кодекстiң 313-бабының 2-тармағы) мән-жайлар бойынша кепiлге берiлген нәрсе жоғалған жағдайда;

4) кепіл берушіде өзге мүлік болмаған кезде кепіл ұстаушы талабының алдында басымдыққа ие болмайтын үшінші бір тұлғалар алдындағы атқарушылық құжаттар бойынша кепіл берушінің міндеттемелерін орындау мақсатында кепілге салынған нәрседен ақы өндіріп алуды талап етуге құқылы.

2. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқылы, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса:

1) кепiл берушi кейiнгi кепiл туралы ережелердi бұзған;

2) кепiл берушi осы Кодекстiң 312-бабындағы 1-тармақтың 1 және 2-тармақшасында және 2-тармақта көзделген мiндеттемелердi орындамаған;

3) кепiл берушi кепiлге салынған мүлiкке билiк ету туралы қағидаларды (осы Кодекстiң 315-бабының 2-тармағы) бұзған;

4) кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған (осы Кодекстің 317, 720 және 722-баптары, «Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы) жағдайда кепiл нысанасына өндiрiп алуды қолдануға құқылы.



Ескерту. 321-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

322-бап. Кепiлдi тоқтату

1. Кепiл:

1) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер тоқтатылғанда;

2) осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағында көзделген негiздер болған кезде кепiл берушiнiң талабы бойынша;

3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабының 2-тармағында көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiлге салынған зат құрыған немесе кепiлге салынған құқық тоқтатылған ретте;

4) кепiлге салынған мүлiктi жария саудаға салып сатқан ретте, сондай-ақ оны сату мүмкiн болмаған ретте (осы Кодекстiң 319-бабы) тоқтатылады.

2. Кепiлдiң тоқтатылғаны туралы кепiл туралы шарт тiркелген реестрде белгi соғылуға тиiс.

3. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердiң орындалуы салдарынан не кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл тоқтатылған кезде (осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағы) кепiл ұстаушы өзiнде кепiлде болған мүлiктi кепiл берушiге дереу қайтаруға мiндеттi.

323-бап. Кепiлге салынған мүлiкке құқық басқа тұлғаға құқықты мирасқорлық тәртiбiмен көшуi кезiнде кепiлдiң сақталуы

1. Кепiлге салынған мүлiктi ақылы немесе тегiн иелiктен айыру нәтижесiнде не әмбебап құқықты мирасқорлық тәртiп бойынша мүлiкке меншiк құқығы немесе шаруашылық жүргiзу құқығы кепiл берушiден басқа адамға көшкен ретте кепiл құқығы сақталып қалады.

Кепiл берушiнiң құқықты мирасқоры кепiл берушiнiң орнын басады және, егер кепiл ұстаушымен келiсiмде өзгеше белгiленбесе, кепiл берушiнiң барлық мiндеттерiн атқарады.

2. Егер кепiл берушiнің кепiлге салынған нәрсе болып табылатын мүлкi құқықты мирасқорлық тәртiбiмен бiрнеше адамға көшсе, құқықты мирасқорлардың әрқайсысы (мүлiктi иеленушiлер) аталған мүлiктiң өзiне көшкен бөлiгiне кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамағандығы жөнiндегi кепiлден туындайтын зардаптарын көтередi. Алайда кепiлге салынған нәрсе бөлiнбейтiн болса немесе өзге негiздер бойынша құқықты мирасқорлардың бiрлескен ортақ меншiгiнде қалса, олар ортақ кепiл берушiлерге айналады.

324-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күштеп алу салдары

1. Егер кепiл берушiнiң кепiлге салынатын мүлiкке меншiк құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша мемлекеттiк қажеттер үшiн алып қою (сатып алу), реквизициялау немесе ұлт меншiгiне айналдыру салдарынан тоқтатылып, кепiл берушiге басқа мүлiк немесе тиiсiнше өтем берiлсе, кепiл құқығы оның орнына берiлген мүлiкке қолданылады, не тиiсiнше кепiл ұстаушы кепiл берушiге тиесiлi өтем сомасынан өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыру құқығына ие болады. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап ете алады (осы Кодекстiң 321-бабының 1-тармағы).

2. Кепiлге салынатын нәрсе болып табылатын мүлiк заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша осы мүлiктiң шын мәнiндегi меншiк иесi басқа тұлға болып табылатындығына сүйенiп, не әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде кепiл берушiден алынған реттерде бұл мүлiктiң кепiлге салынғаны тоқтатылады. Бұл ретте кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын талап етуге құқылы.



Ескерту. 324-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

325-бап. Кепiл туралы шарт бойынша құқықтарды беру

1. Кепiл ұстаушы кепiл туралы шарт бойынша несие берушiнiң құқықтарын беру туралы ережелердi сақтай отырып талапқа көну арқылы өз құқықтарын басқа жаққа беруге (осы Кодекстiң 339-347-баптары) құқылы.

2. Кепiл туралы шарт бойынша кепiл ұстаушының өз құқықтарын басқа адамға беруi, егер кепiлмен қамтамасыз етiлген негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорға талап ету құқықтары нақ сол адамға берiлсе, заңды болады.



3. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.

Ескерту. 325-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.

326-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышты аудару

Егер кепiл берушi жаңа борышқор үшiн жауап беруге несие берушiге келiсiм бермесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша кепiл борышты басқа адамға аудару арқылы тоқтатылады.

327-бап. Айналымдағы тауарларды кепiлге салу

1. Тауарлардың жалпы құны кепiл туралы шартта көрсетiлгенiнен кем болмайтын жағдайда оларды кепiл берушiде қалдыру және кепiл берушiге кепiлге салынған мүлiктiң (тауар қоры, шикiзат, материалдар, жартылай фабрикаттар, дайын өнiмдер және т.б.) құрамы мен нақты түрiн өзгерту құқығын бере отырып, оларды кепiлге салу айналымдағы тауарларды кепiлге салу деп танылады.

Айналымдағы кепiлге салынған тауарлар құнының кемуi, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалған бөлiгiне сәйкес болуына жол берiледi.

2. Кепiл берушi иелiктен айырған айналымдағы тауарлар оларды алушының меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе оралымды басқаруына көшкен кезден бастап кепiлге салынған нәрсе болудан қалады, ал кепiл берушi сатып алған, кепiл туралы шартта аталған тауарлар оларға кепiл берушiнiң меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы пайда болған кезден бастап кепiлге салынған нәрсеге айналады.

3. Айналымдағы тауарларды кепiлге берушi кепiлдердi жазу кiтабын жүргiзуге мiндеттi, оған тауарларды кепiлге салу шарттары туралы, кепiлге салынған тауарлар құрамының немесе нақты түрiнiң операция жүргiзiлетiн соңғы күнде өзгеруiне әкелiп соқтыратын, соның iшiнде оларды ұқсатуды қамтитын барлық операциялар туралы жазбалар жасалады.

4. Кепiл берушi айналымдағы тауарларды кепiлге салу шарттарын бұзған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған тауарларға өзiнiң белгiлерi мен мөрiн қою арқылы шарттың бұзылуы жойылғанға дейiн олармен операциялар жасауды тоқтата тұруға құқылы.

328-бап. Ломбардта заттарды кепілге салу

1. Қысқа мерзімді қарыздарды қамтамасыз ету үшін азаматтардан жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қабылдауды ломбардтар ретінде тіркелген заңды тұлғалар кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыра алады, олардың қызметінің айрықша түрі:

1) жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді қарыздар беру;

2) құрамында қымбат бағалы металдар мен қымбат бағалы тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алу, сақтау және сату болып табылады.

Ломбардтар инвестициялық қызметті жүзеге асыруға құқылы.

2. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт ломбардтың кепілге салу билетін беруімен ресімделеді және онда кепілге қойылған мүлікті сақтандыру туралы талап болуы мүмкін. Кепілге қойылған мүлікті сақтандыру ломбардтың есебінен жүзеге асырылады.

3. Ломбардтың кепілге қойылған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге құқығы жоқ.

4. Ломбард, егер кепілге қойылған заттардың жоғалуы және бүлінуі еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, заттардың жоғалғаны және бүлінгені үшін жауапты болады.

5. Ломбардтар өз қызметін ломбардтың жоғары органы бекітетін Ломбард операцияларын жүргізу ережелері болғанда ғана жүзеге асырады және онда мынадай ақпарат:

1) берілетін кредиттердің шекті сомалары мен мерзімдері;

2) берілетін кредиттер бойынша сыйақы ставкаларының шекті шамалары;

3) операциялар жүргізгені үшін ставкалар мен тарифтер;

4) ломбардтың және оның клиенттерінің құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі;

5) кепілге салу билетін жоғалтқан жағдайда кепіл берушіге дубликаттар беру тәртібі;

6) өзге де талаптар қамтылуға тиіс.

Ломбард операцияларын жүргізу ережелері ломбардтың клиенттері көре алатындай жерге орналастырылуға тиіс.

РҚАО-ның ескертпесі!

-тармақты үшінші бөлікпен толықтыру көзделген - ҚР 02.08.2015 № 343-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

6. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың, осы Кодексте кепіл берушіге берілетін құқықтармен салыстырғанда, кепіл берушінің құқықтарын шектейтін талаптары шарт жасалған кезден бастап жарамсыз болады. Мұндай талаптардың орнына осы Кодекстің тиісті ережелері қолданылады.

РҚАО-ның ескертпесі!

-бапты 7-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 02.08.2015 № 343-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).



Ескерту. 328-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.12.23. N 107(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

Параграф 4. Кепілдік және кепіл болушылық



Ескерту. 4 параграф жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.

329-бап. Кепiлдiк

1. Кепiлдiк бойынша кепiлдiк берушi, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып iшiнара жауап беруге мiндеттенедi.

2. Бiрлесiп кепiлдiк берген адамдар, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, несие берушi алдында ортақтасып жауап бередi.

3. Кепiлдiк шарты болашақта туындайтын мiндеттеменi қамтамасыз ету үшiн де жасалуы мүмкiн.

330-бап. Кепiл болушылық

Кепiл болушылық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенедi.

331-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың негiзi мен нысаны

1. Кепiл болушылық немесе кепiлдiк шарттарының негiзiнде кепiлдiк және кепiл болушылық пайда болады. Кепiлдiктi қолдану заңмен белгiленуi мүмкiн.

2. Кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартының жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.

3. Егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы борышқордың мiндеттеменi орындауын өз жауапкершiлiгiне алатынын несие берушiге жазбаша түрде хабарласа, ал несие берушi кепiлдiк берушiнiң немесе кепiл болушының ұсыныстарынан бұл үшiн жеткiлiктi болатын қажеттi уақыт iшiнде бас тартпаса, кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттарының жазбаша нысаны сақталған деп есептеледi.

4. Екiншi деңгейдегi банктер банк кепiлдiктерi мен кепiлгерлiгiн берудi уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде осы Кодекске сәйкес және уәкiлеттi органның аталған операцияларды жүргiзу тәртiбiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерiн ескере отырып жүзеге асыра алады.

Екiншi деңгейдегi банктердiң осы Кодекстiң нормаларын сақтамай және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын ескермей берген банк кепiлдiктерi мен кепiлгерлiктерi олардың жарамсыз болуына әкеп соғады.

Ескерту. 331-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы 2001.03.02. N 162, 2003.07.10. N 483(2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12. N 225 Заңдарымен.

332-бап. Кепiлдiк берушiнiң және кепiл болушының жауапкершiлiгi

1. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер шартта өзгеше белгiленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етедi. Кепiлдiк берушi мен кепiл болушы, егер олар әрекет қабiлетсiздiгi туралы өздерiне күнi бұрын белгiлi болған борышқорға кепiл болса, ал несие берушi бұл мән-жайды бiлмесе, жауапкершiлiктен босатылмайды.

2. Кепiлдiк берушi несие берушi алдында, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, борышқор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеудi қоса алғанда, борышты өндiрiп алу жөнiндегi сот шығындарын және борышқордың мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан туындаған несие берушiнiң басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап бередi.

3. Кепiл болушы несие берушi алдында, егер кепiл болушылық шарттарында өзгеше көзделмесе, кепiл болушылықта көрсетiлген сома шегiнде жауапты болады. Қосалқы жауапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талаптар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәртiп бойынша борышқордың мүлкiнен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс.

333-бап. Кепiлдiк берушiнiң өзiне несие берушi талаптар қойған жағдайдағы құқықтары мен мiндеттерi

1. Кепiлдiк берушi, несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырғанға дейiн бұл туралы борышқорға ескертуге, ал егер кепiлдiк берушiге қуыным жасалса, борышқорды iске қатыстыруға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда борышқор өзiнiң несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын кепiлдiк берушiнiң қайтарып қойған талабына қарсы қоюға құқылы.

2. Кепiлдiк берушi, егер кепiлдiк шартынан өзгеше туындамаса, несие берушiнiң талабына қарсы борышқор қоя алатын қарсылықтарды қоюға қақылы. Кепiлдiк берушi бұл қарсылықтарға құқығын тiптi егер борышқор олардан бас тартқан немесе өзiнiң қарызын мойындаған жағдайда да жоғалтпайды.

334-бап. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi мен кепiл болушының құқықтары

1. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушiге несие берушiнiң осы мiндеттеме жөнiндегi барлық құқықтары және кепiл ұстаушы ретiнде несие берушiге тиесiлi құқықтар кепiлдiк берушi несие берушiнiң талабын қанағаттандырған көлемде көшедi. Кепiлдiк берушi, сондай-ақ, борышқордан несие берушiге төленген соманың айыпақысын және сыйақысын (мүддесiн) төлеудi және борышқор үшiн жауапкершiлiкке байланысты шеккен өзге де залалдардың орнын толтыруды талап етуге қақылы.

2. Кепiлдiк берушi мiндеттеменi орындағаннан кейiн несие берушi борышқорға қойылған талапты куәландыратын құжаттарды кепiлдiк берушiге тапсыруға және осы талапты қамтамасыз ететiн құқықтарды беруге мiндеттi.

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелер, егер заңдарда немесе кепiлдiк берушiнiң борышқорымен шартында өзгеше көзделмесе және олардың арасындағы қатынастарда өзгеше туындамайтын болса, қолданылады.

4. Кепiл болушы дәл осындай құқықтарға борышқордың несие берушi алдындағы мiндеттемесiн өзi орындаған бөлiгiнде ие болады.

335-бап. Борышқордың мiндеттеменi орындағаны туралы кепiлдiк берушi мен кепiл болушыға хабарлауы

Кепiлдiктен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған борышқор кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға бұл туралы дереу хабарлауға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда өз кезегiнде мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiден негiзсiз алынғанды өндiрiп алуға, не борышқорға керi талап қоюға қақылы. Соңғы жағдайда борышқор несие берушiден тек негiзсiз алынғанды ғана өндiрiп алуға қақылы.

336-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың тоқтатылуы

1. Кепiлдiк және кепiл болушылық өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменiң тоқтатылуымен бiрге, сондай-ақ осы мiндеттеме кепiлдiк берушi мен кепiл болушының жауапкершiлiгiн соңғылардың келiсiмiнсiз арттыруға немесе өзге де қолайсыз салдарға әкелiп соқтыратындай өзгерген жағдайда, тоқтатылады.

2. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiге жаңа борышқор үшiн жауап беруге келiсiм бермесе, кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеме жөнiндегi борышты басқа жаққа ауыстырумен тоқтатылады.

3. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер олар өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменi орындау мерзiмiнiң басталуына қарай борышқор немесе кепiлдiк берушi мен кепiл болушы ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан несие берушi бас тартса тоқтатылады.

4. Кепiлдiк және кепiл болушылық оларға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартында көрсетiлген мерзiм бiткен кезде тоқтатылады. Егер мұндай мерзiм белгiленбесе, егер несие берушi кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындау мерзiмi басталған күннен бастап бiр жылдың iшiнде кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға қуыным жасамаса, ол тоқталады. Негiзгi мiндеттеменiң орындалу мерзiмi көрсетiлмеген және белгiлеуге болмайтын немесе талап етуiмен белгiленген кезде, кепiлдiк және кепiл болушылық егер несие берушi кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарты жасалған күннен бастап екi жылдың iшiнде қуыным жасамаса, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, кепiлдiк пен кепiл болушылық тоқтатылады.

Параграф 5. Кепілпұл

337-бап. Кепiлпұл ұғымы. Кепiлпұл туралы келiсiм нысаны

1. Уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады.

2. Кепiлпұл туралы келiсiм кепiлпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл ереже негiзгi мiндеттеме нотариалдық жолмен куәландырылуға тиiс болатын жағдайда да қолданылады. Келiсiмнiң жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепiлпұл келiсiмiн жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады.



Ескерту. 337-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы 2007.01.12. N 225 Заңымен.

338-бап. Кепiлпұлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi тоқтатудың және орындамаудың салдары

1. Мiндеттеменiң орындалуы басталғанға дейiн тараптардың келiсiмi бойынша не олардың кiнәсiнсiз-ақ оны орындаудың мүмкiндiгi болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепiлпұл қайтарылуға тиiс.

2. Егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шартта өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

Параграф 6. Ұстап қалу

Ескерту. 6 параграфпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2007.01.12. N 225 Заңымен.

338-1-бап. Ұстап қалу туралы жалпы ережелер

1. Борышқорға не борышқор көрсеткен тұлғаға берiлуге тиiс зат қарамағында болған несие берушi, борышқор осы заттың құнын төлеу немесе несие берушiге оған байланысты шығындар мен басқа да залалдарды өтеу жөнiндегi мiндеттеменi мерзiмiнде орындамаған жағдайда, тиiстi мiндеттеме орындалғанға дейiн оны ұстап қалуға құқылы.

Заттың құнын төлеуге немесе оған шыққан шығындарды және басқа да залалды өтеуге байланысты болмаса да, кәсiпкер ретiнде әрекет ететiн тараптардың мiндеттемелерiнен туындайтын талаптар да затты ұстап қалу арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.

2. Несие берушi өзiндегi зат иелiгiне түскеннен кейiн де оны иелену құқығын үшiншi тұлғаның алғанына қарамастан, ол затты ұстап қала алады.

3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың ережесi қолданылады.

338-2-бап. Ұстап қалынған мүлiк есебiнен талаптарды қанағаттандыру

Затты ұстап қалушы несие берушiнiң талаптары кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптарды қанағаттандыру үшiн көзделген көлемде және тәртiппен заттың құнынан қанағаттандырылады.

Параграф 7. Кепілдік жарна

Ескерту. 18-тарау 7-параграфпен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

338-3-бап. Кепілдік жарна ұғымы

1. Сауда-саттық немесе өзге де міндеттемені орындау кезінде шарт жасасу жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнаны төлеушінің кепілдік жарнаны алушыға беретін ақша сомасы кепілдік жарна болып танылады.

2. Кепілдік жарнаны төлеу жөніндегі міндеттеме заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда туындайды. Кепілдік жарнаны төлеу жөніндегі міндеттеме тараптардың келісіміне байланысты да туындайды.

338-4-бап. Кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамау, тоқтату немесе орындау салдары

1. Кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттеме төлеушінің кінәсінен орындалмаған кезде кепілдік жарна екінші тарапта қалады.

2. Кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттеме кепілдік жарнаны алушының кінәсінен орындалмаған не тараптардың келісімі бойынша немесе олардың кінәсінсіз орындаудың мүмкін болмауы салдарынан осы міндеттеме тоқтатылған кезде кепілдік жарна қайтарылуға жатады.

3. Егер осы Кодексте, өзге де заңнамалық актілерде, тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше туындамаса, шарт жасасу немесе кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген өзге міндеттемені орындау кезінде кепілдік жарна сомасы жасалған шарт немесе өзге де кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша кепілдік жарна алушыға тиесілі екінші тараптан түсетін төлемдердің есебіне жатқызылады.

19-тарау. Міндеттемедегі адамдардың ауыстырылуы

339-бап. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысу негiздерi мен тәртiбi

1. Мiндеттеме негiзiнде несие берушiге тиесiлi құқықтың (талап етудiң) ол мәмiле (талап етудi беру) бойынша басқа адамға берiлуi; немесе ол құқық заң құжатының негiзiнде басқа адамға ауыстыруы мүмкiн.

Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы жөнiндегi ережелер регрестi талаптарға қолданылмайды.

2. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы үшiн, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқордың келiсiмi талап етiлмейдi.

3. Егер несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысқаны жөнiнде борышқорға жазбаша түрде хабарланбаса, жаңа несие берушi осыдан туындайтын өзiне қолайсыз салдарға тәуекел етедi. Бұл жағдайда бастапқы несие берушiге мiндеттеменi орындағаны тиiстi несие берушiге орындағаны болып табылады.

4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша талап ету құқығын берудiң ерекшелiктерi заң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.

Ескерту. 339-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

340-бап. Басқа адамдарға ауыстыруға болмайтын құқықтар

Несие берушiнiң жеке басымен тығыз байланысты құқықтардың, атап айтқанда алимент жөнiндегi және азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру жөнiндегi талаптардың басқа адамға ауысуына жол берiлмейдi.

341-бап. Несие берушiнiң басқа адамға ауысатын құқықтарының көлемi

Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, бастапқы несие берушiнiң құқығы жаңа несие берушiге құқықтың ауысуы кезiнде болған көлемде және сондай жағдайларда ауысады. Атап айтқанда, жаңа несие берушiге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ басқа да құқықты, соның iшiнде алынбаған сыйақыға (мүддеге) құқықты талап етуге байланысты құқықтар ауысады.

Ескерту. 341-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.

342-бап. Жаңа несие берушiнiң құқықтарына дәлелдемелер

1. Борышқор талаптардың осы адамға ауысқанына дәлелдемелердi өзiне табыс еткенше жаңа несие берушiге мiндеттемелердi орындамауға құқылы.

2. Талап етудi басқа адамға берген несие берушi оған талап ету құқықтарын куәландыратын құжаттарды беруге және талапты жүзеге асыру үшiн маңызы бар мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.

343-бап. Жаңа несие берушiнiң талабына борышқордың қарсылық бiлдiруi

Борышқор мiндеттеме жөнiндегi құқықтардың жаңа несие берушiге ауысқаны туралы хабарды алар кезiнде бастапқы несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын жаңа несие берушiнiң талаптарына қарсы қоюға құқылы.

344-бап. Несие берушi құқықтарының заң құжаттары негiзiнде басқа адамға ауысуы

Мiндеттеме жөнiндегi несие берушiнiң құқықтары заң құжаттары және соларда көрсетiлген мынадай жағдайлардың болуы негiзiнде:

1) несие берушiнiң құқықтарындағы әмбебап құқықты мирасқорлық нәтижесiнде;

2) заң құжаттарында мұндай ауысу мүмкiндiгi көзделсе, несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы туралы сот шешiмi бойынша;

3) мiндеттеменi оның кепiл болушысы, тапсырушысы немесе осы мiндеттеме бойынша борышқор болып табылмайтын кепiлге зат берушiнiң орындалуы нәтижесiнде;

4) сақтандырушы сақтандыратын жағдайдың басталуына жауапты борышқорға несие берушiнiң құқықтарын алып берген кезде;

5) заң құжаттарында көзделген өзге жағдайларда басқа адамға ауысады.

Ескерту. 344-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

345-бап. Талап етудi беру шарттары

1. Несие берушiнiң талап етудi басқа адамға беруiне жол берiледi, себебi ол заң құжаттарына немесе шартқа қайшы келмейдi.

2. Егер несие берушiнiң жеке басының борышқор үшiн елеулi маңызы болса, борышқордың келiсiмiнсiз мiндеттеме жөнiндегi талап етудi беруге жол берiлмейдi.

346-бап. Талап етудi беру нысаны

1. Жазбаша (жай немесе нотариалды) түрде жасалған мәмiлеге негiзделген талап етудi беру тиiстi жазбаша түрде жасалуға тиiс.

2. Мемлекеттiк тiркеудi талап ететiн мәмiле бойынша талап етудi беру осы мәмiленi тiркеу үшiн белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.

3. Ордерлi бағалы қағаз бойынша талап етудi беру осы бағалы қағаздағы индоссамент арқылы жасалады (осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағы).

347-бап. Талап етудi берген несие берушiнiң жауапкершiлiгi

Талап етудi берген бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында оған берiлген талаптардың жарамсыздығы үшiн жауап бередi, бiрақ бұл талапты борышқордың орындамағаны үшiн бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында борышқор үшiн кепiл болуды өзiне алғаннан басқа жағдайда, сондай-ақ егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе, жауап бермейдi.



Ескерту. 347-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 426 Заңымен.

348-бап. Борыштың ауысуы

1. Борышқордың өз борышын басқа адамға ауыстыруына тек несие берушiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.

2. Жаңа борышқор несие берушiмен бастапқы борышқордың арасындағы қатынастарға негiзделген қарсылықтарын несие берушiнiң талабына қарсы қоюға құқылы.

3. Борышты аудару нысанына тиiсiнше осы Кодекстiң 346-бабының 1 және 2-тармақтарындағы ережелер қолданылады.

4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша қарызды аудару ерекшелiктерi заң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.



Ескерту. 348-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

20-тарау. Міндеттеменің бұзылғандығы


жүктеу 7,29 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау