Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі


Параграф 1. Жалпы ережелер



жүктеу 4,57 Mb.
бет4/17
Дата14.05.2018
өлшемі4,57 Mb.
#12448
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Параграф 1. Жалпы ережелер

517-бап. Рента шарты

1. Рента шарты бойынша бiр тарап (рента алушы) екiншi тараптың (рента төлеушiге) меншiгiне мүлiк бередi, ал рента төлеушi алған мүлiкке айырбас ретiнде рента алушыға белгiлi бiр ақша сомасы түрiнде немесе оны ұстау үшiн өзге де нысанда қаражат беру түрiнде мезгiл-мезгiл рента төлеп отыруға мiндеттенедi.

2. Рента шарты бойынша рента алушыға рентаны мерзiмсiз (тұрақты рента) немесе өмiр бойы төлеу (ғұмырлық рента) мiндетiн бекiтуге жол берiледi. Ғұмырлық рента азаматты өмiр бойы асырап отыру жағдайларында белгiленуi мүмкiн.

518-бап. Рента шартының нысаны

Рента шартын нотариат куәландыруға тиiс.



Ескерту. 518-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

519-бап. Рента төлеу үшiн мүлiктi иелiктен айыру

1. Рента төлеу үшiн иелiктен айырылатын мүлiктi рента алушы рента төлеушiнiң меншiгiне ақы төлетiп немесе тегiн беруi мүмкiн.

2. Рента шартында мүлiктi ақы төлетiп беру көзделген жағдайларда тараптардың беру және төлеу жөнiндегi қатынастарына сатып алу-сату шарты туралы ережелер (осы Кодекстiң 25-тарауы), ал мұндай мүлiк тегiн берiлетiн жағдайларда, егер осы тараудың ережелерiнде өзгеше белгiленбесе және шарттың мәнiне қайшы келмесе, сыйға тарту шарты туралы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 27-тарауы).

520-бап. Қозғалмайтын мүлiкке рента жүктеу

1. Рента жер учаскесiне, сондай-ақ оны төлейтiн етiп берiлген кәсiпорынға, үйге, ғимаратқа немесе басқа да қозғалмайтын мүлiкке құқық жүктейдi. Рента төлеушi осындай мүлiктi иелiктен айырған жағдайда оның рента шарты бойынша мiндеттемелерi мүлiктi сатып алушыға ауысады.

2. Рента жүктелiп берiлген, осы баптың 1-тармағында аталған мүлiктi басқа тұлғаның меншiгiне берген тұлға, егер осы Кодексте, басқа да заң актiлерiнде немесе шартта осы мiндеттеме бойынша бiрдей жауапкершiлiк көзделмесе, рента алушының рента шартының бұзылуына байланысты туған талаптары бойынша субсидиарлық жауапты болады (осы Кодекстiң 357-бабы).

521-бап. Рентаның төленуiн қамтамасыз ету

1. Жер учаскесi немесе басқа да қозғалмайтын мүлiк құқығы рента төлейтiн етiп берiлген кезде рента алушы рента төлеушiнiң мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн осы мүлiктi кепiлге беру құқығын алады.

2. Рента төлеушiнiң мiндеттемелерiн (осы Кодекстiң 292-бабы) орындауды қамтамасыз ету не осы мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк тәуекелi рента алушының пайдасына сақтандыру мiндетiн белгiлейтiн талап ақша сомасын немесе өзге де қозғалатын мүлiктi рента төлейтiн етiп берудi көздейтiн шарттың елеулi талабы болып табылады.

3. Рента төлеушi осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ рента алушы жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етуден айырылған немесе қамтамасыз ету талаптарын нашарлатқан жағдайда рента алушы рента шартын бұзуға және рента шартының бұзылуынан келтірілген залалдың өтелуiн талап етуге құқылы.

522-бап. Рента төлеудiң мерзiмiн кешiктiргенi үшiн жауапкершiлiк

Рента төлеу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн рента төлеушi рента алушыға, егер шартта тұрақсыздық айыбының өзгеше мөлшерi белгiленбесе, осы Кодекстiң 353-бабында көзделген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.

Параграф 2. Тұрақты рента

523-бап. Тұрақты рентаны алушы

1. Тек қана азаматтар мен коммерциялық емес ұйымдар, егер бұл олардың қызмет мақсаттарына сәйкес келсе, тұрақты рентаны алушылар бола алады.

2. Тұрақты рента шарты бойынша рента алушының құқықтары, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қойылатын талапқа жол беру және мұрагерлiк не құқық мирасқорлығы тәртiбiмен заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаларға берiлуi мүмкiн.

524-бап. Тұрақты рентаның нысаны мен мөлшерi

1. Тұрақты рента шартта белгiленген мөлшерде ақшалай төленедi.

2. Шартта рентаны төлеу рентаның ақшалай сомасының құнына сәйкес келетiн заттар беру, жұмыстар атқару немесе қызметтер көрсету жолымен қарастырылуы мүмкiн.

3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшерi заң актiлерiнде белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң өзгеруiне бара-бар өзгертiледi.

525-бап. Тұрақты рентаны төлеу мерзiмдерi

Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұрақты рента әрбiр күнтiзбелiк тоқсан аяқталғаннан кейiн төленедi.

526-бап. Төлеушiнiң тұрақты рентаны сатып алу құқығы

1. Тұрақты рента төлеушi рентаны сатып алу жолымен оны одан әрi төлеуден бас тартуға құқылы.

2. Бұлайша бас тарту рента төлеушi рента төлеу тоқтатылғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей немесе шартта көзделген неғұрлым ұзақ мерзiмде жазбаша түрде мәлiмдеген жағдайда жарамды болады. Бұл орайда рента төлеу жөнiндегi мiндеттеме, егер шартта сатып-алудың өзгеше тәртiбi көзделмесе, рента алушы барлық сатып алу сомасын алғанға дейiн тоқтатылмайды.

3. Тұрақты рента төлеушiнiң оны сатып алу құқығынан бас тарту туралы шарт талабы жарамсыз болады.

Шартта тұрақты рентаны сатып алу құқығы рента алушының тiрi кезiнде не шарт жасалған кезден бастап отыз жылдан аспайтын өзге де мерзiм iшiнде жүзеге асырылмайтындығы көзделуi мүмкiн.

527-бап. Тұрақты рентаны рента алушының талабы бойынша сатып алу

Рента алушы:

1) егер шартта өзгеше белгiленбесе, рента төлеушi оның төленуiн бiр жылдан астам уақытқа кешiктiрген;

2) рента төлеушi рентаның төленуiн қамтамасыз ету жөнiндегi өз мiндеттемелерiн бұзған (осы Кодекстiң 521-бабы);

3) рента төлеушi төлемге қабiлетсiз деп танылған не оның шартта белгiленген мөлшер мен мерзiмде рента төлей алмайтынын айқын куәландыратын өзге де мән-жайлар пайда болған;

4) рента төлемi ретiнде берiлген қозғалмайтын мүлiк жалпы меншiкке түскен немесе бiрнеше тұлғалар арасында бөлiнген жағдайларда;

5) шартта көзделген басқа да жағдайларда төлеушiнiң рентаны сатып алуын талап етуге құқылы.

528-бап. Тұрақты рентаның сатып алу бағасы

1. Тұрақты рентаны сатып алу осы Кодекстiң 526 және 527-баптарында көзделген жағдайларда шартта белгiленген баға бойынша жүргiзiледi.

2. Шартта рента төлемi ретiнде төлеу үшiн берiлген мүлiктiң сатып алу бағасы туралы ереже болмаған кезде сатып алу рента төлемдерiнiң жылдық сомасына сәйкес баға бойынша жүзеге асырылады.

3. Шартта рента төлемiн төлеуге тегiн берiлген мүлiктiң сатып алу бағасы туралы ереже болмаған кезде сатып алу бағасына рента төлемдерiнiң жылдық сомасымен қатар берiлген мүлiктiң бағасы да қосылады.

529-бап. Тұрақты рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi

1. Тұрақты рента төлемi ретiнде тегiн берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупін рента төлеушi мойнына алады.

2. Тұрақты рента төлемi ретiнде төлеу үшiн берiлген мүлiк кездейсоқ жойылған немесе кездейсоқ бүлiнген кезде төлеушi тиiсiнше рента төлеу жөнiндегi мiндеттемесiн тоқтатуды немесе оны төлеу талаптарын өзгертудi талап етуге құқылы.

Параграф 3. Ғұмырлық рента

530-бап. Ғұмырлық рента алушылар

1. Рента төлемi ретiнде мүлiк берген азаматтың өмiрi кезеңiне не ол көрсеткен басқа азаматтың өмiрi кезеңiне ғұмырлық рента белгiленуi мүмкiн.

2. Егер шартта өзгеше белгiленбесе, рента алу құқығындағы үлестерi тең деп саналған бiрнеше азаматтың пайдасына ғұмырлық рента белгiлеуге жол берiледi.

Рента алушының бiреуi қайтыс болған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның рента алу құқығындағы үлесi тiрi қалған рента алушыларға ауысады, ал соңғы рента алушы қайтыс болған жағдайда рента төлеу мiндеттемесi тоқтатылады.

3. Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың пайдасына ғұмырлық рента белгiлейтiн шарт жарамсыз болады.

531-бап. Ғұмырлық рентаның мөлшері

1. Ғұмырлық рента шартта рента алушыға оның өмiр сүруi кезiнде мезгiл-мезгiл төленiп тұратын ақша сомасы ретінде белгiленедi. Тараптар өмiр бойы асырауда ұстау туралы шарт жасасқан жағдайларда шартта мұндай асыраудың ақшалай бағасы белгiленуге тиiс.

2. Егер ғұмырлық рента шартында өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшері бір айға шаққанда заң актілерінде белгіленген ең төменгі жалақыдан кем болмауға тиiс.

532-бап. Ғұмырлық рентаны төлеу мерзiмдерi

Егер шартта өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента әрбiр күнтiзбелiк ай аяқталғанда төленедi.

533-бап. Ғұмырлық рента шартын рента алушының талап етуi бойынша бұзу

1. Төлеушi шарт талаптарын елеулi түрде бұзған жағдайда рента алушы рента төлеушiден осы Кодекстiң 528-бабында көзделген талаптармен рентаны сатып алуды не шартты бұзуды талап етуге құқылы.

2. Егер пәтер, тұрғын үй немесе өзге де мүлiк ғұмырлық рента төлемi ретiнде тегiн иелiктен айырылса, рента төлеушi шарт талаптарын елеулi түрде бұзған кезде рента алушы осы мүлiктi оның құнын рентаның сатып алу бағасына есептей отырып қайтаруды талап етуге құқылы.

534-бап. Рента төлемі ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу қаупi

Ғұмырлық рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылуы немесе кездейсоқ бүлiнуi рента төлеушiнi шартта көзделген талаптар бойынша оны төлеу мiндеттемесiнен босатпайды.

Параграф 4. Өмiр бойы асырауда ұстау

535-бап. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты

1. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты бойынша рента алушы азамат өзiне тиесiлi қозғалмайтын мүлiктi сол азаматты және (немесе) ол көрсеткен үшiншi бiр адамды өмiр бойы асырауда ұстауды жүзеге асыруға мiндеттенген рента төлеушiнiң меншiгiне бередi.

2. Өмiр бойы асырауда ұстау шартына, егер осы параграфтың ережелерiнде өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента туралы ережелер қолданылады.

536-бап. Асырауда ұстауға беру жөнiндегi мiндет

1. Рента төлеушiнiң асырауда ұстауға беру жөнiндегi мiндетiне тұрғын үйге, тамақ пен киiмге, күтiм жасауға және қажеттi көмекке деген қажеттерiн қамтамасыз ету енгiзiлуi мүмкiн.

Шартта рента төлеушiнiң салт-жора қызметiн көрсетуге ақы төлеуi де көзделуi мүмкiн.

2. Шартта жалпы асырауда ұстау көлемiнiң құны айқындалуға тиiс. Бұл орайда жалпы асырауда ұстау көлемi айына заң актiлерiнде белгiленген ең төменгi екi жалақы мөлшерiнен кем болмауы керек.

3. Азаматқа берiлетiн немесе берiлуге тиiстi асырауда ұстау көлемi туралы тараптар арасында туған дауды шешу кезiнде сот адалдық пен парасаттылық принциптерiн басшылыққа алуға тиiс.

537-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды мерзiмдiк төлеммен ауыстыру

Шартта асырауда ұстауға заттай берудi ақшалай мерзiмдiк төлеммен ауыстыру мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.

538-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген мүлiктi иелiктен айыру және пайдалану

1. Рента төлеушi өзiне өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыруға, кепiлге беруге және өзге де әдiспен жүктеуге рента алушының алдын ала келiсiмi болғанда ғана құқылы.

2. Рента төлеушi өмiр бойы асырауда ұстауға берiлген кезеңде аталған мүлiктi пайдалану осы мүлiктiң құнын оның табиғи тозуынан тыс төмендетуге әкеп соқпау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

539-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды тоқтату

1. Өмiр бойы асырауда ұстау мiндеттемесi рента алушы қайтыс болғанда тоқтатылады.

2. Рента төлеушi өз мiндеттемелерiн елеулi түрде бұзған кезде рента алушы өмiр бойы асырауды қамтамасыз етуге берiлген қозғалмайтын мүлiктi қайтаруды не осы Кодекстiң 528-бабында белгiленген жағдайда өзiне сатып алу бағасын төлеудi талап етуге құқылы. Бұл орайда рента төлеушiнiң рента алушыны асырауда ұстауға байланысты жасалған шығындарды өтеудi талап етуге құқығы жоқ.

29-тарау. Мүліктік жалдау (жалға алу)



Ескерту. 29-тараудың, 596, 1113-баптардың мәтіндеріндегі «Мүлік», «аренда», «мүлік жалдау», «мүлікті жалдауға», «мүлікті жалдау», «мүлік жалдаудың», «мүлікті жалға алу», «Мүлікті жалдаудың», «мүлікті жалға (арендаға) беру», «арендаға берушi немесе жалға» деген сөздер тиісінше «Мүліктік», «жалға алу», «мүліктік жалдау», «мүліктік жалдауға», «мүліктік жалдау», «мүліктік жалдаудың», «мүліктік жалдау», «Мүліктік жалдаудың», «мүліктік жалдау (жалға алу)», «жалға беруші немесе жалдауға» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Параграф 1. Жалпы ережелер

540-бап. Мүлiктік жалдау шарты

1. Мүлiктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша жалға берушi жалға алушыға мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.

2. Жалға алушы жалға алған мүлiкке осы Кодексте белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша иелiк етуге құқылы.

3. Лизинг, прокат шарттары да, сондай-ақ мүлiктi ақы төлеп уақытша иелену мен пайдалануға беруге байланысты шарттардың өзге түрлерi де мүлiктік жалдау шарттарына жатады.

541-бап. Мүлiктік жалдау объектiлерi

1. Мүлiктік жалдауға кәсiпорындар мен басқа да мүлiктiк кешендер, жер учаскелерi, үйлер, ғимараттар, жабдықтар, көлiк құралдары және оларды пайдалану процесiнде өздерiнiң табиғи қасиеттерiн жоймайтын басқа да заттар (тұтынылмайтын заттар) берiлуi мүмкiн.

2. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жер пайдалану құқығы, жер қойнауын пайдалану құқығы және басқа да заттық құқықтар мүлiктік жалдау объектiсi болуы мүмкiн.

3. Заң актiлерiнде мүлiктiк жалдауға тапсыруға жол берiлмейтiн немесе шектеу жасалатын мүлiк түрлерi белгiленуi мүмкiн.

4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тұрғын үй-жайларды, жер учаскелерiн, жер қойнауы учаскелерiн және басқа да оқшауланған табиғи объектiлердi мүлiктiк жалдауға тапсыру ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.

5. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде белгіленеді.

6. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде мүліктік жалдауға тапсыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы және концессиялар туралы заңнамалық актілерінде белгіленеді.

Ескерту. 541-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 380-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

542-бап. Мүлiктік жалдау шартының талаптары

Мүлiктік жалдау шартында жалға алушыға мүлiктiк жалдау объектiсi ретiнде берiлуге тиесiлi мүлiктi анықтауға мүмкiндiк беретiн деректер көрсетiлуге тиiс.

Шартта мұндай деректер болмаған кезде мүлiктiк жалдауға берiлуге тиесiлi объект туралы талап тараптармен келiсiлмеген деп, ал тиiстi шарт жасалмаған деп есептеледi.

543-бап. Жалға берушi

Мүлiктi жалға беру құқығы оның меншiк иесiне тиесiлi.

Заң актiлерiнде уәкiлдiк берiлген немесе меншiк иесi мүлкiн жалға берудi тапсырған тұлғалар да жалға берушiлер бола алады.

544-бап. Мүлiктік жалдау шартының нысаны

1. Бiр жылдан астам мерзiмге жасалған, ал егер тараптардың бiреуi заңды тұлға болса, мерзiмiне қарамай-ақ, мүлiктік жалдау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.

2. Алып тасталды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3. Азаматтар арасындағы бiр жылға дейiнгi мерзiмге оны қоса алғанда мүлiктік жалдау шарты ауызша түрде жасалуы мүмкiн.

4. Мүлiкке меншiк құқығының кейiннен жалға алушыға ауысуын көздейтiн мүлiктік жалдау шарты сондай мүлiктi сатып алу-сату шарты үшiн көзделген нысанда жасалады.



Ескерту. 544-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

545-бап. Мүлiктік жалдау шартының мерзiмi

1. Мүлiктік жалдау шарты шартта белгiленген мерзiмге жасалады.

2. Егер мүлiктік жалдау шарты мерзiмi көрсетiлмей жасалса, ол белгiсiз мерзiмге жасалған деп есептеледi.

Қозғалмайтын мүлiктi жалдаған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, әрбiр тарап екiншi тарапқа үш ай бұрын ескертiп, мұндай шарттан кез келген уақытта және өзге мүлiктi жалдаған жағдайда, бiр ай iшiнде бас тартуға құқылы.

3. Заң актiлерiнде мүлiктік жалдаудың жекелеген түрлерi үшiн, сондай-ақ мүлiктiң жекелеген түрлерiн жалдау үшiн шарттың барынша ұзақ (шектi) мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Мұндай жағдайларда, егер шартта жалдау мерзiмi белгiленбесе және заң актiлерiнде белгiленген шектi мерзiм бiткенге дейiн тараптардың ешқайсысы шарттан бас тартпаса, шарт шектi мерзiмiнiң бiтуiне қарай тоқтатылады.

Бұл жағдайда заң актiлерiнде белгiленген шектi мерзiмнен асатын мүлiктік жалдау шарты барынша ұзақ (шектi) мерзiмге тең етiп жасалған деп есептеледi.

546-бап. Мүлiктік жалдау шарты бойынша жасалатын төлем

1. Жалға алынған мүлiктi пайдалану үшiн төлемдi, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта белгiленген тәртiп, мерзiм мен нысан бойынша жалға алушы төлейдi. Шартта олар айқындалмаған жағдайларда салыстырмалы мән-жайларда әдетте сол секiлдi мүлiктi жалға алған кезде қолданылатын тәртiп, мерзiм мен нысан белгiленген деп есептеледi.

2. Төлем барлық жалданылған мүлiк үшiн тұтас немесе оның құрамдас бөлiктерiнiң әрқайсысы бойынша жеке:

1) мерзiмдiк немесе бiржолғы енгiзiлетiн төлемдердiң тұрлаулы сомасында белгiленген;

2) жалданылған мүлiктi, өнiмдi, жемiстердi немесе кiрiстердi пайдалану нәтижесiнде алынған белгiлi бiр үлес;

3) жалға алушының белгiлi бiр қызмет көрсетулерi;

4) жалға алушының шартта келiсiлген затты жалға берушiнiң меншiгiне немесе жалдауына беруi;

5) жалға алушыға жалданылған мүлiктi жақсарту жөнiнде шартта келiсiлген шығындарды жүктеуi түрiнде белгiленедi.

Тараптар шартта мүлiктi немесе өзге де төлем нысандарын пайдалану үшiн аталған төлем нысандарын ұштастыруды көздеуi мүмкін.

3. Мүлiктi пайдаланғаны үшiн жасалатын төлем мөлшерi, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, кем дегенде жылына бiр рет өзгертiлуi мүмкiн. Заң актiлерiнде мүлiктік жалдаудың жекелеген түрлерi үшiн, сондай-ақ мүлiктiң жекелеген түрлерiн жалдау үшiн жасалатын төлем мөлшерін қайта қарауға өзге де ең аз мерзімдер көзделуі мүмкін.

4. Орталықтандырылып белгіленген баға мен тарифтер өзгертілген жағдайда тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша төлем мөлшерi қайта қаралуы мүмкiн.

5. Егер жалға алушы жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты шартта көзделген пайдалану жағдайлары немесе мүлiктiң жай-күйi едәуiр нашарлап кетсе, заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ол төлемдi тиiсiнше азайтуды талап етуге құқылы.

6. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алушы мүлiктi пайдаланғаны үшiн төлем төлеу мерзiмiн елеулi түрде бұзған жағдайда жалға берушi одан төлемдi жалға берушi белгiлеген мерзiмнен бұрын төлеудi талап етуге құқылы. Бұл ретте жалға берушiнiң төлемдi қатарынан екi мерзiмнен астам уақытқа мерзiмiнен бұрын төлеудi талап етуге құқығы жоқ.

547-бап. Мүлiктi жалға алушыға беру

1. Жалға берушi мүлiктi жалға алушыға шарт талаптары мен мүлiктiң мақсатына сәйкес келетiн күйде беруге мiндеттi.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiк жалға оның барлық керек-жарақтарымен және оған қатысты құжаттармен (мүлiктiң жиынтықтылығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, пайдалану тәртiбiн куәландыратын және т.б. құжаттармен) бiрге берiледi.

Егер мұндай керек-жарақтар мен құжаттар берiлмеген болса, алайда жалға алушы мүлiктi оларсыз мақсатқа сәйкес пайдалана алмаса не шарт жасасу кезiнде үмiт етуге құқығы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылатын болса, ол өзiне жалға берушiден мұндай керек-жарақтар мен құжаттарды берудi немесе шартты бұзуды талап ете алады.

3. Егер жалға беруші жалға берiлген мүлiктi жалға алушыға шартта көрсетiлген мерзiмде бермесе, ал шартта мұндай мерзiм көрсетiлмесе, жалға алушы қисынды мерзiмде одан осы Кодекстiң 355-бабына сәйкес сол мүлiктi талап етуге немесе шартты бұзуды талап етуге құқылы.

548-бап. Жалға берушiнiң жалға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерi үшiн жауапкершiлiгi

1. Жалға берушi жалға берiлген мүлiктiң оны пайдалануға толық немесе iшiнара кедергi жасайтын кемшiлiктерi үшiн, тiптi ол шарт жасалған кезде бұл кемшiлiктер туралы бiлмесе де, жауап бередi.

Осындай кемшiлiктер табылған жағдайда жалға алушы жалға берушiден өз қалауы бойынша:

1) мүлiктiң кемшiлiктерiн тегiн жоюды;

2) жалдау ақысын соған мөлшерлес азайтуды;

3) жалға берушiге бұл туралы алдын ала хабарлай отырып, сол кемшiлiктердi жою жолында өзi жасаған шығындар сомасын мүлiктi пайдаланғаны үшiн төленетiн төлемнен ұстап қалуды;

4) шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.

2. Жалға алушының талаптары туралы немесе оның мүлiктiң кемшiлiктерiн жалға берушiнiң есебiнен жою ниетi туралы хабарланған жалға беруші жалға алушының келісімімен жалға берілген мүлікті тез арада тиiстi жағдайда тұрған басқа осыған ұқсас мүлiкпен ауыстыра алады не мүлiктiң кемшiлiктерiн тегiн жоя алады.

3. Егер жалға алушының талаптарын қанағаттандыру немесе оның мүлiктi пайдаланғаны үшiн жасалатын төлемнен кемшiлiктi жоюға кеткен шығындарын ұстап қалу жалға алушыға келтiрiлген залалды өтеуге жетпесе, ол шығынның өтелмеген бөлiгiн өтеудi талап етуге құқылы.

4. Жалға берушi жалға берiлген мүлiктiң шарт жасасқан кезде айтылған немесе жалға алушыға бұрыннан белгiлi болған кемшiлiктерi үшiн жауап бермейдi.

549-бап. Жалға берiлетiн мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтары

1. Мүлiктi жалға беру бұл мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтарын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiз болып табылмайды.

2. Жалға берушi шарт жасасқан кезде жалға алушыға жалға берiлетiн мүлiкке үшiншi тұлғалардың барлық құқықтары (сервитут, кепiл құқығы және т.б.) туралы ескертуге мiндеттi.

Бұл ереженi орындамау жалға алушыға мүлiктi пайдаланғаны үшiн төлемдi азайтуды не шартты бұзуды талап етуге құқық бередi.

550-бап. Жалға алған мүлiктi пайдалану

Жалға алушы мүлiктi шарт талаптарына сәйкес, ал егер шартта мұндай талаптар белгiленбесе, мүлiктiң мақсатына сәйкес пайдалануға мiндеттi.

551-бап. Жалға алушының жалға алған мүлiкке билiк ету шегi

1. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жалға алушы жалға берушiнiң келiсiмiмен жалға алған мүлiктi қосымша жалдауға (қосалқы жалға алу), мүлiктiк жалдау шарты бойынша өз құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруге (қайта жалға беру), жалға алған мүлiктi тегiн пайдалануға беруге, сондай-ақ осы құқықтарды кепiлге беруге және оларды шаруашылық серiктестiктерiнiң, акционерлiк қоғамдардың жарғылық капиталына салым немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде салуға құқылы. Аталған жағдайларда, қайта жалға берудi қоспағанда, жалға алушы жалға берушiнiң алдында шарт бойынша жауапты болып қала бередi.

2. Мүлiктi басқа тұлғаларға беру туралы шартты жалдау шартының мерзiмiнен асатын мерзiмге жасауға болмайды.

3. Қайта жалға беру шартына, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мүлiктік жалдау шарты туралы ережелер қолданылады.

552-бап. Жалға берушiнiң жалға берiлген мүлiктi ұстап-тұту жөнiндегi мiндеттерi

1. Жалға берушi жалға берiлген мүлiкке тараптармен келiсiлген мерзiмдерде, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, өз есебінен күрделi жөндеу жүргiзуге мiндеттi.

2. Жалға алушы жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты пайда болып, шұғыл қажеттiлiк туғызған жөндеудi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушi қисынды мерзiмдерде өз есебiнен жүргiзедi.

3. Жалға берушiнiң күрделi жөндеу жөнiндегi мiндеттерiн атқармауы жалға алушыға өз қалауы бойынша:

1) жөндеудi өз бетiнше жүргiзуiне және жөндеу құнын жалға берушiден өндiрiп алуына;

2) жөндеу құнын шарт бойынша төлемнiң есебiне есептеуiне;

3) шарт бойынша төлемдi тиiсiнше азайтуды талап етуiне;

4) шарттан бас тартуына құқық бередi.

553-бап. Жалға алушының жалданған мүлiктi ұстап-тұту жөнiндегi мiндеттерi

Жалға алушы, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мүлiктi дұрыс күйде ұстап-тұтуға, ағымдағы жөндеудi өз есебiнен жүргiзуге және мүлiктi ұстап-тұтуға кететiн шығындарды көтеруге мiндеттi.

554-бап. Жалға алушының жалданған мүлiктен алынатын өнiмге, жемiстерге және өзге де кiрiстерге меншiк құқығы

Жалданған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде жалға алушының алған өнiмi, жемiстерi және өзге де кiрiстерi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, оның меншiгi болып табылады.

555-бап. Мүлiктi жақсарту

1. Жалданған мүлiктiң жалға алушы жүргiзген бөлiгiнiң ажыратылып жақсартылуы, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның меншiгi болып табылады.

2. Жалға алушы өз қаражаты есебiнен және жалға берушiнiң келiсiмiмен, жалданған мүлiкке зиян келтiрмей ажыратуға болмайтын жақсарту жүргiзсе, шартта өзгеше көзделмегендiктен, оның шарт тоқтағаннан кейiн осы жақсартудың құнын өтеттiрiп алуға құқығы бар.

3. Жалға алушының жалға берушiнiң келiсiмiнсiз жүргiзген ажыратуға болмайтын жақсартуының құны, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, өтеуге жатпайды.

556-бап. Тараптардың бiреуiнiң талап етуi бойынша мүліктік жалдау шартын өзгерту және бұзу

1. Тараптардың біреуiнiң талап етуi бойынша мүлiктiк жалдау шарты осы Кодексте, өзге де заң актiлерiнде немесе шартта көзделген жағдайларда сот тәртiбiмен өзгертiлуi немесе мерзімiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.

2. Жалға берушiнiң талабы бойынша мынадай жағдайларда:

1) егер жалға алушы мүлiктi шарт талаптарын немесе мүлiктiң мақсатын елеулi түрде бұзып, жалға берушiнiң мұндай iс-әрекеттi тоқтату туралы жазбаша ескертуiне қарамастан пайдаланса;

2) егер жалға алушы қасақана немесе абайсызда мүлiктi елеулi түрде нашарлатса;

3) егер жалға алушы мүлiктi пайдаланғаны үшiн шартта белгiленген төлем мерзiмiнiң өтуi бойынша екi реттен астам төлем жасамаса;

4) егер жалға алушы жалға алу шартында белгiленген мерзiмде мүлікті күрделі жөндеуден өткізбесе, ал ол шартта көрсетілмеген жағдайда - заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес күрделi жөндеу мiндетi жалға алушыға жүктелген жағдайларда, оны қисынды мерзiмде өткiзбесе, мүлiктiк жалдау шарты бұзылып, мүлiк жалға берушiге қайтарылуы мүмкiн.

Жалға берушi жалға алушыға өз мiндетiн қисынды мерзiмде орындауға мүмкiндiк берiлгеннен кейiн ғана шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.

3. Жалға алушының талап етуiмен шарт мынадай жағдайларда:

1) жалға берушi мүлiктi жалға алушыға пайдалануға бермеген не мүлiкті шарт талаптарына немесе мүлiктiң мақсатына сәйкес пайдалануға кедергi жасаған;

2) жалға беруші өзiне жүктелген мүлiктi күрделi жөндеу мiндетiн шартта белгiленген мерзiмде, ал ол шартта болмаған жағдайда - қисынды мерзiмде жүргiзбеген;

3) жалға алушыға берiлген мүлiкте оны пайдалануға кедергi келтiретiн кемшiлiктер болып, оны шарт жасалған кезде жалға берушi ескертпеген, жалға алушыға алдын ала белгiлi болмаған және мүлiктi көрген кезде немесе шарт жасаған кезде оның ақаусыздығын тексерген кезде оның байқалуы мүмкiн болмаған;

4) егер мүлiк жалға алушы жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты пайдалану үшiн жарамсыз күйде болған реттерде мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.

557-бап. Жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға артықшылықты құқығы

1. Өз мiндетiн лайықты түрде атқарған жалға алушының, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шарт мерзiмi бiткеннен кейiн басқа тұлғалардың алдында мүлiктік жалдау шартын жаңа мерзiмге жасау үшiн басқадай тең жағдайларда артықшылықты құқығы болады. Жалға алушы мүлiктiк жалдау шартында көрсетiлген мерзiмде, ал егер шартта осындай мерзiм көрсетiлмесе, шарттың қолданылуы аяқталғанша қисынды мерзiмде осындай шартты жасағысы келетiндiгi туралы жалға берушiге жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.

2. Мүлiктi жалға алу шарты жаңа мерзiмге жасалған кезде шарт талаптары тараптардың келiсiмiмен өзгертiлуi мүмкiн.

3. Егер жалға берушi шартты жаңа мерзiмге жасасу жөнiнде жалға алушыдан бас тартса, бiрақ шарт мерзiмi бiткен күннен бастап бiр жылдың iшiнде басқа тұлғамен мүлiктiк жалдау шартын жасаса, жалға алушы өз таңдауы бойынша сотта осы жасалған шарт бойынша құқықтар мен мiндеттердi өзiне ауыстыруды және өзiмен шарт жасасуды жаңартудан бас тарту арқылы келтiрiлген залалды өтеудi не тек залалды өтеудi талап етуге құқылы.

558-бап. Мүлiктік жалдау шартын қайта жаңарту

Егер жалға берушi тарапынан қарсылық болмаған жағдайда жалға алушы шарттың мерзiмi бiткен соң да мүлiктi пайдалана беретiн болса, шарт нақ сондай талаптармен белгiсiз мерзiмге қайта жаңартылған деп есептеледi. Бұл орайда тараптардың әрқайсысы қозғалмайтын мүлiктi жалға алған кезде, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, бұл туралы басқа тарапқа кем дегенде үш ай бұрын және өзге мүлiктi жалға алған кезде - бiр ай ішінде жазбаша түрде ескерте отырып, шарттан кез келген уақытта бас тарта алады.

559-бап. Мүлiктік жалдау шартының тараптар өзгерген кезде күшiн сақтап қалуы

1. Жалға берiлген мүлiкке меншiк құқығының, шаруашылық жүргiзу құқығының немесе оралымды басқару құқығының басқа тұлғаға ауысуы мүлiктік жалдау шартын өзгертуге немесе бұзуға негiз болып табылмайды.

2. Қозғалмайтын мүлiктi жалға алушы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда осы мүлiктiк жалдау шарты бойынша оның құқықтары мен мiндеттерi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, оның мұрагерiне ауысады.

Мұндай мұрагерге шарттың қолданылу мерзiмiнiң қалған уақытында шарт жасасудан бас тартуға, шарт жасасу жалға алушының жеке басының қасиеттерiне байланысты болған жағдайды қоспағанда, жалға берушiнiң құқығы болмайды.

560-бап. Қосымша жалдау шартының негiзгi мүлiктік жалдау шартына тәуелдiлiгi

1. Егер мүлiктік жалдау шартында өзгеше көзделмесе, мүлiктік жалдау шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату соған сәйкес жасалған қосымша жалдау шартын тоқтатуға әкеп соғады.

2. Егер мүлiктік жалдау шарты осы Кодексте көзделген негiздер бойынша жарамсыз деп табылса, оған сәйкес жасалған қосымша жалдау шарты да жарамсыз болып табылады.

561-бап. Шарт тоқтатылған кезде жалға берушiге мүлiктiң қайтарылуы

1. Мүлiктік жалдау шарты тоқтатылғаннан кейiн жалға алушы мүлiктi алған кезiндегi күйiнде, қалыпты тозуын ескере отырып немесе шартта келiсiлген күйiнде оны жалға берушiге қайтаруға мiндеттi.

2. Егер шарт мерзiмi аяқталған соң қайтарылатын мүлiктiң жай-күйi осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, жалға алушы келтiрiлген шығынды жалға берушiге өтейдi. Егер жалға берiлген мүлiк шартта көзделген қызмет мерзiмiнен бұрын iстен шығып қалса, жалға алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiге мүлiктiң қалдық құнын өтейдi.

3. Егер жалға алушы жалға алған мүлiктi қайтармаса немесе оны мезгілінде қайтармаса, жалға беруші барлық мерзімі өткізілген уақыт үшiн мүлiктi пайдалану ақысын төлеудi талап етуге құқылы. Аталған ақы жалға берушiге келтiрiлген шығындарды жабуға жетпесе, ол оны өтеудi талап ете алады.

4. Шартта уақытында қайтарылмаған жалға алған мүлiк үшiн тұрақсыздық айыбын төлеу көзделген жағдайда шығын, егер шартта өзгеше көзделмесе, тұрақсыздық айыбынан тыс толық сомада өндiрiлiп алынуы мүмкiн.

562-бап. Мүлiктiң жалға алушының меншiгiне көшуi

1. Мүлiктік жалдау шартында жалға алынған мүлiк жалға алушының меншiгiне тараптардың келiсiмiнде белгiленген жағдайларда көшедi деп көзделуi мүмкiн.

2. Егер шартта жалға алынған мүлiктi сатып алу туралы ереже көзделмесе, ол тараптардың қосымша келiсiмiмен белгiленуi мүмкiн, бұл орайда олар мүлiктi пайдалануға бұрын төленген ақыны сатып алу бағасына есептеу туралы уағдаласуға құқылы.

3. Жалға алынған мүлiктi сатып алуға тыйым салу жағдайлары заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.

563-бап. Жалға алушының құқықтарын қорғау

Жалға алушыға оның жалға алған мүлiкке құқықтары меншiк құқығын қорғаумен тең қамтамасыз етiледi.

Жалға берушi жалға алынған мүлiктi пайдалану қандай да болсын құқықтары жоқ үшiншi бiр тұлғаның күш көрсеткен iс-қимылдарымен бұзылғаны үшiн жалға берушiнiң алдында жауапты болмайды.

Жалға алушының талап қоюға және өзге де түрде өз атынан өзiне тиесiлi құқықтарды қорғауға құқығы бар.

564-бап. Мүлiктiк жалдаудың жекелеген түрлерiнiң және жекелеген мүлiк түрлерiн жалдаудың ерекшелiктерi

Мүлiктік жалдау шартының жекелеген түрлерiне және жекелеген мүлiк түрлерiн жалдау шарттарына (лизинг, кәсiпорындарды жалдау, үйлер мен ғимараттарды жалдау, көлiк құралдарын жалдау, прокат), егер заң актілерінде және осы Кодекстiң ережелерiнде олар туралы өзгеше көзделмесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.



Ескерту. 564-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 75 Заңымен .

Параграф 2. Лизинг

565-бап. Лизинг шарты

1. Лизинг шарты бойынша лизинг берушi лизинг алушы көрсеткен мүлiктi сатушыдан меншiгiне сатып алуға және лизинг алушыға осы мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және кәсiпкерлiк мақсатта пайдалануға беруге мiндеттенедi.

2. Лизинг шартында сатушыны және сатып алынатын мүлiктi таңдап алуды лизинг берушi жүзеге асырады деп көзделуi мүмкiн.

3. Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен лизинг шартының жекелеген түрлерiнiң ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.



Ескерту. 565-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.03.10. N 532 Заңымен .

566-бап. Лизинг нысанасы

Yйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар, көлiк құралдары, жер учаскелерi және кез келген тұтынылмайтын заттар лизинг нысанасы бола алады.

Кепіл нысанасы болып табылатын жылжымалы мүлік лизинг нысанасы бола алады.

Бағалы қағаздар мен табиғи ресурстар лизинг нысанасы бола алмайды.

Ескерту. 566-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.04.2015 № 308-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

567-бап. Лизинг шартының елеулi талаптары

Лизинг шартында, осы Кодекстiң 542-бабында аталған талаптардан басқа, мынадай талаптар болуға тиiс:

1) мүлiктi сатушының атауы;

2) лизинг алушыға мүлiктi берудiң талаптары мен мерзiмi;

3) төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдiлiгi;

4) шарт мерзiмi;

5) егер шартта лизинг алушының меншiгiне мүлiктiң көшуi көзделсе, осындай көшудiң талаптары;

6) ауыртпалықтардың бар-жоғы.

Қаржы лизингі шартының елеулі талаптары «Қаржы лизингі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.



Ескерту. 567-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

568-бап. Мүлiктi лизингке беру туралы сатушыны хабардар ету

Лизинг берушi лизинг алушы үшiн мүлiк сатып ала отырып, мүлiктiң белгiлi бiр тұлғаға лизинг ретiнде беруге арналғандығы туралы сатушыны хабардар етуге тиiс.

569-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаупi

Лизингтiң нысанасы болып табылатын мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаупi, егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiктi берген кезде лизинг алушыға ауысады.

570-бап. Лизинг шарты бойынша төленетiн төлемдер

Лизинг шартына сәйкес төленуге тиiстi мерзiмдiлiк төлемдерi мүлiктiң шарт жасасқан кездегi баға бойынша құнының барлық немесе елеулi бөлiгiнiң амортизациясы ескерiле отырып есептелуi мүмкiн.

571-бап. Лизинг алушыға лизинг шартының нысанасын беру

1. Лизинг шартының нысанасы болып табылатын мүлiктi сатушы лизинг алушыға, егер шартта өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, лизинг алушы орналасқан жерде тiкелей бередi.

2. Лизинг шартының нысанасы болып табылатын мүлiк осы шартта аталған мерзiмде лизинг алушыға берiлмеген жағдайда, егер мерзiмiн өткiзуге лизинг берушi жауап беретiн мән-жайлар бойынша жол берiлген болса, лизинг алушы шартты бұзуды және шығынды өтеудi талап етуге құқылы.

3. Кепіл нысанасы болып табылатын жылжымалы мүлік лизинг шарты бойынша берілуі мүмкін.

Ескерту. 571-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.04.2015 № 308-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

572-бап. Сатушының жауапкершiлiгi

1. Лизинг алушы лизинг шартының нысанасы болып табылатын мүлiктi сатушыға - сатушы мен лизинг берушiнiң арасында жасалған сатып алу-сату шартынан туындайтын, атап айтқанда, мүлiктiң сапасы мен жиынтықтылығына, оны беру мерзiмiне қатысты және сатушы шартты тиiстi түрде орындамаған басқа да жағдайларда туындайтын талаптарды тiкелей қоюға құқылы. Бұл орайда лизинг алушы аталған мүлiктi сатып алу-сату тарабы болғанда сатып алынған мүлiкке ақы төлеу мiндетiн қоспағанда, оны сатып алушы үшiн осы Кодексте көзделген құқықтары болады және міндеттемелердi мойнына алады.

Сатушымен қатынастарда лизинг алушы мен лизинг берушi бiрлескен кредит берушi болады.

2. Егер лизинг шартында өзгеше көзделмесе, сатушыны таңдау

құқығы лизинг алушыда болған жағдайларды қоспағанда, лизинг берушi лизинг алушының алдында сатушының сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды орындауы үшiн жауап бермейдi. Сатушыны лизинг берушi таңдайтын жағдайда лизинг алушы сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды тiкелей өз қалауы бойынша бiрдей жауап беретiн мүлiктi сатушыға да, лизинг алушыға да қоюға құқылы.

Параграф 3. Кәсiпорынды жалдау

573-бап. Кәсiпорынды жалдау шарты

1. Кәсiпорынды жалдау шарты бойынша жалға берушi жалға алушыға кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы үшiн кәсiпорынды ақы төлеп уақытша иеленуге және кәсiпорынды толығымен бiртұтас мүлiк кешенi ретiнде пайдалануға (осы Кодекстiң 119-бабы), оның iшiнде құқық иесiнiң фирмалық атауына және (немесе) коммерциялық белгiсiне, қорғалатын коммерциялық ақпаратқа құқығын, сондай-ақ жалға берушiнiң басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ құқықтар мен мiндеттердi қоспағанда, шартта көзделген басқа да айрықша құқықтағы объектiлердi - тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн және т.б. (айрықша құқықтар кешенiн) беруге мiндеттенедi.

2. Жалға берушiнiң тиiстi қызметпен айналысуға берiлген лицензия негізінде алған құқықтары, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, жалға алушыға берiлмеуге тиiс. Шарт бойынша берiлетiн кәсiпорынның құрамына осындай арнаулы рұқсаты (лицензиясы) болмаған жағдайда жалға алушының орындауы мүмкiн болмайтын мiндеттемелердi енгiзу жалға берушiнi кредит берушiлер алдындағы тиiстi мiндеттемелерден босатпайды.

3. Кәсiпорынның қызметкерлерiне қатысты құқықтар мен мiндеттер жалға берушiден жалға алушыға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртiппен ауысады.

Ескерту. 573-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.

574-бап. Кәсiпорынды жалдау кезiндегi кредит берушiлердiң құқықтары

1. Жалға алушыға борыштарын аударғаны туралы жалға берушi өз кредит берушiлерiн жалдау шарты жасалғанға дейiн жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi, олар осындай аударумен келiспеген жағдайда хабарлама алған күннен бастап үш айдың ішінде жалға берушіден тиісті мiндеттемелердi тоқтатуын немесе мерзiмiнен бұрын орындауын және залалды өтеуін талап етуге құқылы. Егер көрсетiлген мерзiмде осы талаптардың ешқайсысы қойылмаса, кредит беруші тиiстi борышты жалға алушыға аударуға келiсiм бердi деп танылады.

2. Кәсiпорын жалға алушыға жалға берушiден мiндеттемелердi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап еткен кредит берушiлермен есеп айырысу аяқталғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.

3. Кәсiпорынды мүлiк кешенi ретiнде жалға бергеннен кейiн жалға берушi мен жалға алушы берiлген кәсiпорынның құрамына енгiзілген, жалға алушыға кредит берушiнiң келiсiмiнсiз аударылған борыштар бойынша бiрдей жауапты болады.

575-бап. Кәсiпорынды жалдау шартының нысаны



Ескерту. 575-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Кәсiпорынды жалдау шарты тараптар қол қойған бiрыңғай құжат жасау жолымен жазбаша түрде жасалады.

2. Кәсiпорынды жалдау шартының нысанын сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

3. Алып тасталды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



Ескерту. 575-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

576-бап. Жалға алынған кәсiпорынды беру

Кәсiпорынды жалға алушыға беру өткiзу актiсi бойынша жүзеге асырылады. Өткiзу актiсiн жасау мен қол қоюға ұсынуды қоса алғанда, кәсiпорынды беруге дайындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiнiң мiндетi болып табылады және соның есебiнен жүзеге асырылады.

577-бап. Жалға алушының кәсiпорынды ұстау және оны пайдалану бойынша шығындарды төлеу жөнiндегi мiндеттерi

1. Кәсiпорынды жалға алушы шарттың бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер шартта өзгеше көзделмесе, ағымдағы және күрделi жөндеудi қоса алғанда, кәсiпорынды тиiстi техникалық күйде ұстауға мiндеттi.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алынған кәсiпорынды пайдалануға байланысты шығындар жалға алушыға жүктеледi.

578-бап. Жалға алынған кәсiпорынның мүлкiн пайдалану

Жалға алушы жалға берiлген кәсiпорын мүлкiнiң құрамына кiретiн материалдық қазыналарды, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiнiң келiсiмiнсiз сатуға, айырбастауға, уақытша пайдалануға не қарыз етiп беруге оларды қосалқы жалға өткiзуге және шарт бойынша осындай құндылықтарға қатысты өз құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруге құқылы, мұндай жағдайда бұл кәсiпорынның құнын кемiтуге әкеп соқпауы және жалдау шартының басқа ережелерiн бұзбауы керек.

579-бап. Жалға алушының жалға алынған кәсiпорынға өзгерiстер мен жақсартулар енгiзуi

1. Егер кәсiпорынды жалдау шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы жалға берушiнiң келiсiмiнсiз жалға алынған мүлiк кешенiнiң құрамына оның құнын арттыратын өзгерiстер енгiзуге, оны қайта құруға, кеңейтуге, техникамен қайта жарақтандыруға құқылы.

2. Егер кәсiпорынды жалдау шартында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынды жалдаушы жалға алынған мүлiктен ажыратуға болмайтын жақсарту құнының, мұндай жақсартуға жалға берушiнiң рұқсат етуiне қарамастан, өтемiн алуға құқылы.

3. Жалға берушi жалға алынған мүлiктен ажыратуға болмайтын жақсарту құнын өтеу мiндетiнен, егер ол жалға алушының осы жақсартуға шыққан шығысының жалға алынған мүлiк құнынан оның пайдаланылу қасиетiн жақсарту мөлшерiне сәйкес келмейтiндей екенiн немесе мұндай жақсартуларды жүзеге асыру кезiнде адалдық пен ақылға сыйымдылық принциптерiнiң бұзылғандығын дәлелдесе, сот арқылы босатылуы мүмкiн.

580-бап. Жалға алынған кәсiпорынды қайтару

Жалдау шарты тоқтатылған жағдайда кәсiпорын тұтастай мүлiк кешенi ретiнде осы Кодекстiң 573, 574 және 576-баптарында көзделген ережелердi сақтай отырып жалға берушiге қайтарылуға тиiс. Өткiзу актiсiн жасауды және оны қол қоюға табыс етудi қоса алғанда, кәсiпорынды жалға берушiге беруге дайындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, бұл жағдайда жалға алушының мiндетi болып табылады және соның есебiнен жүзеге асырылады.

Параграф 4. Үйлер мен ғимараттарды жалдау

581-бап. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты

1. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты бойынша жалға берушi үйдi немесе ғимаратты жалға алушының уақытша иеленуiне және пайдалануына беруге мiндеттенедi.

2. Егер осы Кодекстiң кәсiпорынды жалдау туралы ережелерiнде өзгеше көзделмесе, кәсiпорындарды жалдауға осы параграфтың ережелерi қолданылады.

582-бап. Yйдi немесе ғимаратты жалдау шартының нысаны

Ескерту. 582-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты тараптар қол қойған бiрыңғай құжат ретiнде жазбаша нысанда жасалады.

2. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шартының нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соғады.

3. Алып тасталды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



Ескерту. 582-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

583-бап. Жалдау ақысының мөлшерi

1. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шартында жалдау ақысының мөлшерi көзделуге тиiс. Тараптардың жалдау ақысының мөлшерi туралы жазбаша түрде келiскен талаптары болмаған жағдайда үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты жасалмаған деп саналады. Бұл орайда осы Кодекстiң 385-бабының 3-тармағында көзделген баға белгiлеу ережелерi қолданылмайды.

2. Үйдi немесе ғимаратты жалдау ақысы шартта үй (ғимарат) алаңының бөлiнiсiне немесе оның көлемiнiң өзге көрсеткiшiне белгiленсе, жалдау ақысы жалға алушыға берiлген үйдiң немесе ғимараттың нақты мөлшерi негiзге алына отырып айқындалады.

584-бап. Yйдi немесе ғимаратты беру

1. Жалға берушiнiң үйдi немесе ғимаратты беруi және оны жалға алушының қабылдауы өткiзу актiсi немесе тараптар қол қоятын өткiзу туралы өзге де құжат бойынша жүзеге асырылады.

2. Үйдi немесе ғимаратты беру туралы құжатқа тараптардың бiрiнiң шартта көзделген талаптар бойынша қол қоюдан бас тартуы, тиiсiнше жалға берушiнiң мүлiктi беру жөнiндегi мiндетiн орындаудан, ал жалға алушының мүлiктi қабылдаудан бас тартуы деп қаралады.

3. Жалданған үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты тоқтатылған жағдайда жалға алынған үй немесе ғимарат осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ережелер сақтала отырып, жалға берушiге қайтарылуға тиiс.

Параграф 5. Көлiк құралдарын жалдау

585-бап. Көлiк құралын экипажымен жалдау шарты

1. Көлiк құралын (уақытша кеме жалдау) басқару және техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсетуiмен жалдау шарты (көлiк құралын экипажымен жалдау шарты) бойынша жалға берушi жалға алушыға ақы төлетiп көлiк құралын уақытша иелену мен пайдалануға беруге және өз күшiмен оны басқару мен техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсетуге мiндеттi.

2. Осы тараудың жалға алушының жалдау шартын жаңа мерзімге жасасуға артықшылықты құқығы туралы және жалдау шартын белгісіз мерзімге қайта жаңарту туралы қағидалары (осы Кодекстiң 557 және 558-баптары) көлiк құралдарын экипажымен жалдау шартына қолданылмайды.



Ескерту. 585-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

586-бап. Көлiк құралын экипажымен жалдау шартының нысаны

Көлік құралын экипажымен жалдау шарты оның мерзіміне қарамастан жазбаша түрде жасалуға тиiс.

587-бап. Жалға берушiнiң көлiк құралын ұстау жөнiндегi мiндетi

Жалға берушi шарт қолданылатын бүкiл мерзiм iшiнде жалға берiлген көлiк құралын, ағымдағы және күрделi жөндеудi жүзеге асыру мен қажеттi керек-жарақтарын берудi қоса алғанда, тиiстi жағдайда ұстауға мiндеттi.

588-бап. Жалға берушiнiң көлiк құралын басқару мен техникалық пайдалану жөнiндегi мiндеттерi

1. Жалға алушыға жалға берушi берген көлiк құралын басқару мен техникалық пайдалану бойынша көрсететiн қызметiнiң көлемi шартта аталған жалдау мақсатына сәйкес оның қалыпты және қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Көлік құралын экипажымен жалдау шартында жалға алушыға көрсетiлетiн қызметтiң неғұрлым кең ауқымы көзделуі мүмкiн.

2. Көлiк құралы экипажының құрамы және оның бiлiктiлiгi тараптар үшiн мiндеттi ережелер мен шарттың жағдайларына, ал егер тараптар үшiн мiндеттi ережелермен мұндай талаптар белгiленбесе, көлiк құралының осы түрiн пайдаланудың әдеттегi практикасы талаптарына және шарттың жағдайларына сай келуге тиiс.

3. Экипаж мүшелерi жалға берушiмен еңбек қатынастарын сақтап қалады. Олар жалға берушiнiң басқару мен техникалық пайдалануға қатысты өкiмдерiне және жалға алушының көлiк құралын коммерциялық пайдалануға қатысты өкiмдерiне бағынады.

4. Егер жалдау шартында өзгеше көзделмесе, экипаж мүшелерiнiң көрсеткен қызметiне ақы төлеу жөнiндегi шығындарды, сондай-ақ оларды ұстау жөнiндегi шығындарды жалға берушi көтередi.

589-бап. Жалға берушiнiң көлiк құралын коммерциялық пайдалануға байланысты шығындарды төлеу жөнiндегi мiндетi

Егер көлiк құралын экипажымен жалға беру шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы жанармайға және пайдалану процесiнде жұмсалатын басқа да материалдарға ақы төлеу жөнiндегi, алымдарды төлеу жөнiндегi шығындарды және көлiк құралын коммерциялық пайдалануға байланысты туындаған басқа да шығындарды көтередi.

590-бап. Көлiк құралын сақтандыру

Егер көлiк құралын экипажымен жалдау шартында өзгеше көзделмесе, көлiк құралын сақтандыру және (немесе) ол келтiруi мүмкiн немесе оны пайдалануға байланысты келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктi сақтандыру мiндетi мұндай сақтандыру мiндеттi болып табылатын жағдайда жалға берушiге жүктеледi.

591-бап. Көлiк құралын пайдалану туралы үшiншi тұлғалармен шарт жасасу

Жалға алушы жалға алынған көлiк құралын коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде жалға берушiнiң келiсiмiнсiз өз атынан үшiншi тұлғалармен, егер олар жалдау шартында көрсетiлген көлiк құралдарын пайдалану мақсаттарына, ал егер мұндай мақсаттар белгiленбесе, - көлiк құралының мақсатына қайшы келмесе, тасымалдау шарты мен өзге де шарттар жасасуға құқылы.

592-бап. Көлiк құралына келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк

Жалға алынған көлiк құралы жойылған немесе бүлiнген жағдайда, егер жалға берушi көлiк құралының жойылуы немесе бүлiнуi жалға алушы заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес жауап беретiн мән-жайлар бойынша болғанын дәлелдесе, жалға алушы жалға берушiге келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi.

593-бап. Көлiк құралы келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк

Үшiншi тұлғаға жалға алынған көлiк құралы, оның тетiктерi, құрылғылары, жабдықтары және т.б. келтiрген зиян үшiн осы Кодекстiң 931-бабының ережелерiне сәйкес жалға алушы жауапты болады.

594-бап. Көлiк құралдарының жекелеген түрлерiн жалдаудың ерекшелiктерi

Көлiк құралдарының жекелеген түрлерiн оны басқару және техникалық пайдалану жөніндегі қызмет көрсетуімен жалдаудың осы параграфта көзделгендерден басқа ерекшелiктерi заң актiлерiмен белгіленуі мүмкiн.



Ескерту. 594-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-1-бап. Көлік құралын экипажсыз жалдау шарты

1. Көлік құралын экипажсыз жалдау шарты бойынша жалға беруші жалға алушыға көлік құралын басқару мен техникалық пайдалану бойынша қызметтерді көрсетпестен, оны уақытша иеленуге және пайдалануға ақы төлетіп береді.

2. Жалдау шартын белгісіз мерзімге қайта жаңарту және жалға алушының жалдау шартын жаңа мерзімге жасасуға (Азаматтық кодекстің 557 және 558-баптары) артықшылықты құқығы туралы қағида көлік құралын экипажсыз жалдау шартына қолданылмайды.



Ескерту. Кодекс 594-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-2-бап. Көлік құралын экипажсыз жалдау шартының нысаны

Көлік құралын экипажсыз жалдау шарты оның мерзіміне қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиіс.

Ескерту. Кодекс 594-2-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-3-бап. Жалға алушының көлік құралын күтіп ұстау жөніндегі міндеті

Егер көлік құралын экипажсыз жалдау шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы көлік құралын экипажсыз жалдау шартының бүкіл мерзімі ішінде ағымдағы және күрделі жөндеуді жүзеге асыруды қоса алғанда, жалға алынған көлік құралын тиісті жағдайда ұстауға міндетті.

Ескерту. Кодекс 594-3-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-4-бап. Жалға алушының көлік құралын күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстарды төлеу жөніндегі міндеті

Егер көлік құралын экипажсыз жалдау шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы жалға алынған көлік құралын күтіп ұстауға, өз жауапкершілігін сақтандыруды қоса алғанда, оны сақтандыруға жұмсалатын шығыстарды, сондай-ақ оны пайдалануға байланысты туындайтын шығыстарды көтереді.

Ескерту. Кодекс 594-4-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-5-бап. Үшінші тұлғалармен жасалатын көлік құралын пайдалану туралы шарттар

Егер көлік құралын экипажсыз жалдау шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы көлік құралын экипажбен немесе экипажсыз жалдау шартының талаптарымен жалға алынған көлік құралын жалға берушінің келісімінсіз қосалқы жалға беруге құқылы.

Ескерту. Кодекс 594-5-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-6-бап. Көлік құралымен келтірілген зиян үшін жауаптылық

Үшінші тұлғаларға көлік құралымен, оның тетіктерімен, құрылғыларымен, жабдықтарымен келтірген зиян үшін осы Кодекстің 931-бабының қағидаларына сәйкес жалға алушы жауаптылықта болады.

Ескерту. Кодекс 594-6-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

594-7-бап. Көлік құралдарының жекелеген түрлерін жалдау ерекшеліктері

Көлік құралдарының жекелеген түрлерін оларды басқару және техникалық пайдалану бойынша қызметтерді көрсетпестен жалдау ерекшеліктері өзге де заңнамалық актілерде белгіленуі мүмкін.

Ескерту. Кодекс 594-7-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Параграф 6. Прокат

595-бап. Прокат шарты

1. Прокат шарты бойынша тұрақты кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қозғалатын мүлiктi жалға берудi жүзеге асыратын жалға берушi жалға алушыға мүлiктi ақы төлетiп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.

Прокат шарты бойынша берiлген мүлiк, егер шартта өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, тұтыну мақсатында пайдаланылады.

2. Прокат шарты жазбаша түрде жасалады.

3. Прокат шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).

596-бап. Прокат шартының мерзiмi

1. Прокат шарты бiр жылға дейiнгi мерзiмге жасалады.

2. Жалға алушының мүлiктiк жалдау шартын жаңартуға басым құқығы туралы және мүлiктiк жалдау шартын белгiсiз мерзiмге жаңарту туралы ережелер (осы Кодекстiң 557, 558-баптары) прокат шартына қолданылмайды.

3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алушы прокат шартынан кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

597-бап. Мүлiктi жалға алушыға беру

Прокат шартын жасасқан жалға берушi жалға алушының қатысуымен жалға берiлетiн мүлiктiң дұрыстығын тексеруге, сондай-ақ жалға алушыны мүлiктi пайдалану ережелерiмен таныстыруға не оған осы мүлiктi пайдалану туралы жазбаша нұсқаулықтарды беруге мiндеттi.

598-бап. Жалға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерiн жою

Жалға алушы жалға берiлген мүлiктiң оны пайдалануға толық немесе iшiнара кедергi келтiретiн кемшiлiктерiн тапқан жағдайда, жалға алушы кемшiлiктер туралы мәлiмдеген күннен бастап он күн мерзiмде жалға берушi, егер шартта одан неғұрлым аз мерзiм белгiленбесе, мүлiктiң кемшiлiктерiн ақысыз жоюға не осы мүлiктi соған ұқсас тиiстi күйдегi басқа мүлiкпен айырбастап беруге мiндеттi.

Егер жалға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерi жалға алушының мүлiктi пайдалану және ұстап-тұту ережелерiн бұзуы салдарынан болса, жалға алушы жалға берушiге мүлiктi жөндеу және тасымалдау құнын төлейді.

599-бап. Мүлiктi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы

1. Прокат шарты бойынша мүлiктi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы, мерзiмдiк немесе бiржолғы енгiзiлетiн, тұрлаулы сомада белгiленген төлемдер түрiнде белгiленедi.

2. Жалға алушы мүлiктi мерзiмiнен бұрын қайтарған жағдайда жалға берушi мүлiктi пайдаланғаны үшiн алған ақының тиiстi бөлiгiн оған мүлiктi нақты қайтарған күннен кейiнгi күннен бастап есептеп қайтарады.

3. (алынып тасталды)



Ескерту. 599-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен .

600-бап. Жалға алынған мүлiктi пайдалану

1. Прокат шарты бойынша жалға берiлген мүлiктi күрделi және ағымдағы жөндеу жалға берушiнiң мiндетi болып табылады.

2. Прокат шарты бойынша жалға алушыға берілген мүлікті қосымша жалға беруге, жалға алушының прокат шарты бойынша өз құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруiне, осы мүлiктi тегiн пайдалануға беруге, жалға алушының құқықтарын кепiлге салуға және оларды шаруашылық серіктестіктеріне, акционерлік қоғамдарға мүлік салымы, өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде енгiзуге жол берiлмейдi.

30-тарау. Тұрғын үйді жалдау

601-бап. Тұрғын үйдi жалдау шарты

1. Тұрғын үйдi жалдау шарты бойынша тұрғын үйдiң иесi немесе оның уәкiлеттi адамы (жалға берушi) азаматқа (жалға алушыға) және оның отбасы мүшелерiне тұрғын үйдi ақы төлеп пайдалануға беруге мiндеттенедi.

2. Тұрғын үйдi жалдау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.



Ескерту. 601-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

602-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шарты

1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлердi жалдау шарты жергiлiктi атқарушы органның, мемлекеттік мекеменің немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй беру туралы шешiмi негiзiнде жасалады.

2. Тұрғын үйдi беру талаптары, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi, мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шартын өзгерту мен бұзу негiздерi тұрғын үй заңдарында белгiленедi.



Ескерту. 602-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

603-бап. Жекеше тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шарты

Жекеше тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау талаптары, егер тұрғын үй заңдарында өзгеше көзделмесе, тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

31-тарау. Мүлікті тегін пайдалану

604-бап. Мүлiктi тегiн пайдалану шарты

1. Мүлiктi тегiн пайдалану шарты (несие шарты) бойынша бiр тарап (несие берушi) екiншi тарапқа (несие алушыға) мүлiктi тегiн уақытша пайдалануға бередi, ал соңғысы мүлiктiң қалыпты тозуын ескере отырып, қандай күйде алса, сондай күйде немесе шартта ескертілген күйде қайтаруға мiндеттенедi.

2. Мүлiктi тегiн пайдалану шартына тиiсiнше осы Кодекстiң 541-бабының, 545-бабының 1-тармағының және 2-тармағының бiрiншi бөлiгiнiң, 550-бабының, 555-бабының, 556-бабының 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларының, 558-бабының ережелерi қолданылады.

3. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартына Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктерге қоса осы Кодекстің ережелері қолданылады.



Ескерту. 604-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

605-бап. Несие берушi

1. Мүлiктi тегiн пайдалануға беру құқығы оның меншiк иесiне және соған заң актiлерi немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген өзге адамдарға берiледi.

2. Коммерциялық ұйымның өз құрылтайшысы, қатысушысы, (акционерi), директоры, өзiнiң басқару немесе бақылау органдарының мүшесi болып табылатын адамға мүлiктi тегiн пайдалануға беруге құқығы жоқ.

606-бап. Мүлiктi тегiн пайдалануға беру

1. Несие берушi мүлiктi тегiн пайдалану шартының талаптары мен мүлiктiң мақсатына сай келетiн күйде беруге мiндеттi.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiк тегiн пайдалануға оның барлық керек-жарақтарымен және оған қатысты құжаттармен (мүлiктiң жиынтықтылығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, пайдалану тәртiбiн куәландыратын және т.б. құжаттармен) қоса берiледi.

Егер мұндай керек-жарақтар мен құжаттар берiлмесе, алайда оларсыз мүлiктi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаса не оны пайдалану несие алушы үшiн едәуiр дәрежеде құнын жойса, соңғысы сондай керек-жарақтар мен құжаттар берудi немесе шартты бұзуды және өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

607-бап. Тегiн пайдалануға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерi үшін жауапкершілік

1. Мүлікті тегін пайдалануға берген несие беруші мүлікті беру кезінде қасақана немесе өрескел абайсыздықпен айтпай қалған осы мүлiк кемшiлiктерi үшін, егер бұл орайда несие алушыға нақты зиян келсе, жауапты болады.

2. Несие алушының талаптары туралы немесе оның мүлiктiң кемшiлiктерiн несие берушiнiң есебiнен жою ниетi туралы хабарландырылған несие берушi ақаулы затты тиiстi күйдегi соған ұқсас басқа затпен дереу ауыстыра алады.

3. Несие берушi мүлiктiң шарт жасаған кезде өзi айтқан кемшiлiктерi үшiн немесе несие алушыға алдын ала белгiлi болған не несие алушы шарт жасаған кезде немесе затты берген кезде мүлiктi қараған немесе оның дұрыстығын тексерген уақытта табылған кемшiлiктер үшiн жауап бермейдi.

608-бап. Тегiн пайдалануға берiлген мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтары

Мүлiктi тегiн пайдалануға беру бұл мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтарын өзгертуге немесе тоқтатуға негiз болмайды.

Тегiн пайдалану шартынба жасаған кезде несие берушi несие алушыға бұл мүлiкке үшiншi тұлғалардың барлық құқықтары (сервитут, кепіл құқығы және т.б) туралы Ескертуге міндетті. Бұл міндетті орындамау несие алушыға шартты бұзуды және өзi шеккен нақты зиянды өтеудi талап ету құқығын бередi.

609-бап. Несие алушының мүлiктi ұстау жөнiндегi мiндеттерi

Несие алушы тегiн пайдалануға алған мүлiктi, егер тегiн пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, ағымдағы және күрделi жөндеудi жүзеге асыруды қоса алғанда, дұрыс күйінде ұстап-тұтуға және оны ұстап-тұту жөнiндегi барлық шығындарды өтеуге мiндеттi.

610-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi

Егер мүлiк оны несие алушы, тегiн пайдалану шартына немесе мүлiктi мақсатына сай пайдаланбағандықтан жойылса немесе бүлiнсе не оны несие берушiнiң келiсiмiнсiз үшiншi тұлғаға берсе, ол тегін пайдалануға алған мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупiн өз мойнына алады.

Егер несие алушы нақты мән-жайларды ескере отырып, өз мүлкiн құрбан етiп, мүлiктiң жойылуына немесе бүлiнуiне жол берiлмеуi мүмкiн болып, бiрақ өз мүлкiн сақтап қалуды жөн көрсе, ол мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаупiн де мойнына алады.

611-бап. Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде үшiншi тұлғаға келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк

Егер несие алушының немесе бұл мүлiк несие берушiнiң келiсiмiмен қолына тиген адамның зиянды қасақана немесе өрескел бейқамдықпен келтiргенiн дәлелдей алмаса, мүлiктi пайдалану салдарынан үшiншi тұлғаға келтiрiлген зиян үшiн несие берушi жауап береді.

612-бап. Шартты мерзiмiнен бұрын бұзу

1. Несие берушi тегiн пайдалану шартын мерзiмiнен бұрын бұзуды несие алушы:

1) мүлiктi шартқа немесе мақсатына сәйкес пайдаланбаған;

2) мүлiктi дұрыс күйiнде сақтау немесе оны ұстап-тұту жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған;

3) мүлiктiң жай-күйiне елеулі түрде нашарлатқан;

4) несие берушiнiң келiсiмiнсiз мүлiктi үшiншi тұлғаға берген

жағдайларда талап етуге құқылы.

2. Несие алушы:

1) мүлiктi қалыпты пайдалануды мүмкiн етпейтiн немесе ауырлататын кемшiлiктерiн тапқан кезде, олардың бар екенi туралы шарт жасасу кезiнде бiлмеген және бiлуі мүмкiн болмаса;

2) егер мүлiк ол жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты пайдалануға жарамсыз күйде болса;

3) егер шартты жасау кезiнде несие берушi оған берiлген мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы ескертпесе;

4) несие берушi мүлiктi беру не оның керек-жарақтары мен оған қатысты құжаттарды беру мiндетiн орындамаса, тегiн пайдалану шартын мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.

613-бап. Шарттан бас тарту

1. Тараптардың әрқайсысы мерзiмi көрсетiлмей жасалған тегiн пайдалану шартынан, егер шартта хабарлаудың өзге мерзiмi көзделмесе, бұл туралы басқа тарапқа бiр ай iшiнде хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, несие алушы мерзiмiн көрсетiп жасалған шарттан, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен, кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

614-бап. Шарттағы тараптардың өзгеруi

1. Несие берушi мүлiкке иелiктен айыруды жүргiзуге немесе оны үшiншi тұлғаға тегiн пайдалану үшiн беруге құқылы. Бұл орайда жаңа меншiк иесiне немесе пайдаланушыға бұрын жасалған тегiн пайдалану шартынан құқықтар ауысады, ал оның мүлiкке қатысты құқықтарына несие алушының құқықтары қосылады.

2. Несие берушi азамат қайтыс болған не несие берушi заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда несие берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi тегiн пайдалану шарты бойынша мұрагерге (құқық мирасқорына) немесе мүлiкке меншiк құқығы немесе мүлiк тегiн пайдалануға берiлген деп негiзге алынған өзге құқық ауысқан басқа тұлғаға көшедi.

Несие алушы - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның құқықтары мен мiндеттерi шарт бойынша оның құқық мирасқоры болып табылатын заңды тұлғаға көшедi.

615-бап. Шартты тоқтату

Тегiн пайдалану шарты, егер шартта өзгеше көзделмесе, несие алушы азамат қайтыс болған немесе несие алушы заңды тұлға таратылған жағдайда тоқтатылады.

32-тарау. Мердігерлік


жүктеу 4,57 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау