Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі


мердiгерлiктiң ерекшелiктерi



жүктеу 4,57 Mb.
бет6/17
Дата14.05.2018
өлшемі4,57 Mb.
#12448
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

мердiгерлiктiң ерекшелiктерi

667-бап. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт

1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер (жобалаушы, iздестiрушi) тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және (немесе) iздестiру жұмыстарын жүргiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы оларды қабылдап алуға және ақы төлеуге міндеттенедi.

2. Егер заң актiлерiнде немесе жобалау және (немесе) іздестіру жұмыстарына арналған шартта өзгеше көзделмесе, жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған шартты орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмауының тәуекелi тапсырысшыға жүктеледi.

668-бап. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректер

1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша тапсырысшы мердігерге жобалауға тапсырма, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшiн қажеттi бастапқы деректердi беруге мiндеттi. Тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалауға тапсырманы мердiгер дайындауы мүмкiн, бұл жағдайда тапсырма тапсырысшы оны бекіткен кезден бастап тараптар үшін міндетті болады.

2. Мердігер тапсырмадағы және іздестіру жұмыстарын жобалау мен орындауға арналған басқа да бастапқы деректердегi талаптарды сақтауға мiндеттi және одан тек тапсырысшының келiсiмiмен ғана ауытқуға құқылы.

669-бап. Тапсырысшының мiндеттерi

Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша, егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы:

1) мердiгерге барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін белгiленген бағаны төлеуге немесе оны жұмыстың жекелеген кезеңдерi аяқталғаннан кейiн бөлiп төлеуге;

2) мердiгерден алынған жобалау-сметалық құжаттаманы тек шартта көзделген мақсаттарға пайдалануға, жобалау-сметалық құжаттаманы үшiншi тұлғаларға бермеуге және ондағы деректердi мердiгердiң келiсiмiнсiз жария етпеуге;

3) мердiгерге шартта көзделген көлем мен жағдайда жобалау және iздестiру жұмыстарын орындауына қызмет көрсетуге;

4) мердігермен бiрге дайын жобалау-сметалық құжаттаманы құзіреттi мемлекеттiк органдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен келiсуге қатысуға;

5) мердiгерге қатысы жоқ мән-жайлардың салдарынан жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректердiң өзгеруiнен пайда болған қосымша шығындарды өтеуге;

6) жасалған жобалау құжаттамаларының немесе орындалған iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерiне байланысты үшiншi тұлға тапсырысшыға қойған талап бойынша мердiгердi iске қатысуға тартуға мiндеттi.

670-бап. Мердiгердiң мiндеттерi

Жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша мердiгер:

1) жұмыстарды шарт жасасу кезiнде жобалауға берiлген бастапқы деректерге сәйкес орындауға;

2) дайын жобалау-сметалық құжаттаманы тапсырысшымен, ал қажет жағдайда тапсырысшымен бірге құзыреттi мемлекеттiк органдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен келiсуге;

3) егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшыға дайын жобалық-сметалық құжаттаманы және iздестiру жұмыстарының нәтижесiн бір мезгiлде беруге;

4) тапсырысшының келісімінсіз жобалау-сметалық құжаттаманы үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.

671-бап. Мердігердің кепілдіктері

Мердігер жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша тапсырысшыға мердігер әзiрлеген жобалау-сметалық құжаттаманың негізінде үшінші тұлғалардың жұмыстардың орындалуына бөгет жасау немесе шектеу қою құқығының жоқтығына кепiлдiк бередi.

672-бап. Жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн мердiгердiң жауаптылығы

1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер құрылысты салу барысынан кейiн, сондай-ақ орындалған жобалау-сметалық құжаттама және iздестiру жұмыстары негiзiнде жасалған объектiнi пайдалану процесiнде анықталған кемшiлiктердi қоса алғанда, жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн жауапты болады.

2. Жобалау-сметалық құжаттамада немесе iздестiру жұмыстарында кемшiлiктер анықталған жағдайда мердiгер тапсырысшының талабы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тегiн қайта жасауға және тиiсiнше қосымша iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, сондай-ақ, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, тапсырысшыға келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi.

3. Жобалау құжаттамасының кемшiлiктерiнен туындайтын талаптарды оны дайындау жөнiнде тапсырысшы болмаса да, жобалау құжаттамасын пайдаланатын тұлғаның қоюы мүмкiн.

Параграф 5. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және


технологиялық жұмыстарға мердiгерлiктiң
ерекшелiктерi

673-бап. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарттар

1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы) тапсырысшының тапсырмасында көзделген ғылыми зерттеулердi жүргiзуге, ал тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарт бойынша - жаңа бұйымның үлгiсiн, оған конструкторлық құжаттаманы, жаңа технологияны жасауға немесе үлгi дайындауға міндеттенеді; тапсырысшы мердігерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге, жұмыс нәтижелерін қабылдауға және оларға ақы төлеуге міндеттенеді.

2. Мердiгермен (атқарушымен) жасалған шарт зерттеу жүргiзудiң, үлгiлердi әзiрлеу мен жасаудың бүкiл циклын да, сондай-ақ олардың жекелеген элементтерiн де қамтуы мүмкiн.

674-бап. Жұмыстарды орындау

1. Мердiгер (атқарушы) ғылыми зерттеулердi жеке өзi жүргiзуге мiндеттi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартты орындауға тапсырысшының келiсiмiмен ғана үшiншi тұлғаларды тартуға құқылы.

2. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде, егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер оларды орындауға үшiншi тұлғаларды қосалқы мердiгер ретінде тартуға құқылы.

675-бап. Жұмыстарды тапсыру, қабылдау және оған ақы төлеу

Мердiгер (атқарушы) толық аяқталған ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмысты тапсыруға, ал тапсырысшы оны қабылдауға және оған ақы төлеуге міндетті. Шартта жұмыстың жекелеген кезеңдерін қабылдау және оларға ақы төлеу не ақы төлеудiң өзге де әдiсi көзделуi мүмкiн.

676-бап. Шарт туралы мәлiметтердiң құпиялылығы

Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта өзгеше көзделмесе:

1) мердiгер (атқарушы) де, тапсырысшы да шарттың нысанасына, оның орындалу барысына және алынған нәтижелерге қатысты мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi. Құпия деп танылатын мәлiметтердiң көлемi шартта белгiленедi;

2) мердiгер аталған шарт бойынша алынған жұмыс нәтижелерiн тек тапсырысшының келiсiмiмен ғана патенттеудi жүзеге асыруға құқылы.

677-бап. Тараптардың жұмыс нәтижелерiне құқықтары

1. Тапсырысшының ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша өзiне берiлген жұмыс нәтижелерiн шартта көзделген шекте және жағдайда пайдалануға құқығы бар.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы) өзi алған жұмыс нәтижелерiн өзi үшiн пайдалануға құқылы.

3. Шартта мердiгердiң (атқарушының) жұмыс нәтижелерiн үшiншi тұлғаларға сату құқығы көзделуi мүмкiн.

678-бап. Тапсырысшының мiндеттерi

Ғылыми-зерттеу не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша тапсырысшы:

1) мердiгерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге және онымен жұмыс бағдарламасын (техникалық-экономикалық өлшемдердi) немесе тақырыптамасын келiсуге;

2) мердiгерге (атқарушыға) жұмысты орындауға қажеттi ақпарат беруге;

3) орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдауға және оларға ақы төлеуге (осы Кодекстiң 623-бабы) мiндеттi.

679-бап. Мердiгердiң (атқарушының) мiндеттерi

1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы):

1) жұмысты тапсырысшымен келiсiлген бағдарламаға (техникалық-экономикалық өлшемдерге) немесе тақырыптамаға сай орындауға және тапсырысшыға шартта көзделген мерзiмде жұмыс нәтижелерiн беруге;

2) интеллектуалдық меншiктi құқықтық қорғауға байланысты талаптарды сақтауға;

3) шартта немесе тапсырысшының техникалық тапсырмасында көзделген техникалық-экономикалық өлшемдерден ауытқуға соқтыруы мүмкiн техникалық құжаттамадағы өз кiнәсiнен жiберiлген кемшiлiктердi өз күшiмен және өз есебiнен жоюға;

4) тапсырысшыға күтiлетін нәтижелерге жету мүмкiн болмайтыны анықталғаны немесе жұмысты одан әрi жүргiзу орынсыз екенi туралы дереу хабарлауға;

5) тапсырысшыға осындай шарт негiзiнде берiлген нәтижелерге үшiншi тұлғаларда айрықша құқықтарының болмайтынына кепiлдiк беруге мiндеттi.

2. Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарттарда өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы):

1) жұмысты орындау кезiнде алынған ғылыми-техникалық нәтижелердi тапсырысшының келiсiмiнсiз жариялаудан тартынуға;

2) жұмысты орындау кезiнде алынған құқықтық қорғауға қабiлеттi нәтижелердi қорғау үшiн шаралар қолдануға және бұл туралы тапсырысшыға хабарлауға;

3) орындалған жұмыстарда қолданылған, құқықтық қорғауды иеленетiн ғылыми-техникалық нәтижелердi пайдалануға тапсырысшыға айрықша лицензия беруге мiндеттi.

680-бап. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартта нәтижеге жету мүмкiндiгi болмауының салдары

Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында мердігерге (атқарушыға) байланыссыз себептер салдарынан нәтижеге жетудің мүмкін еместiгi анықталса, тапсырысшы шартта көзделген нәтижелерге жетудiң мүмкiн еместiгi анықталғанға дейiн жүргiзiлген жұмыс құнын төлеуге мiндеттi, бiрақ ол шартта көзделген жұмыстардың тиiстi бөлiгiнiң бағасынан аспауға тиiс.

681-бап. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта жұмыс нәтижесiне жету мүмкiндiгi болмауының салдары

Егер тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау барысында мердiгердiң кiнәсiнсiз жұмысты одан әрi жалғастыру мүмкiн болмайтыны немесе орынсыз екенi анықталса, тапсырысшы атқарушы шеккен шығындарды төлеуге мiндеттi.

682-бап. Мердiгердiң (атқарушының) шартты бұзғаны үшін жауапкершілігі

1. Мердігер (атқарушы) тапсырыс берушінің алдында ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартты орындамағаны және тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн, егер шарттың бұзылуы мердiгердiң (атқарушының) кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жауапты болады.

2. Шартты бұзған мердiгер (атқарушы), егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушi шеккен залалды нақты зиян түрiндегi жұмыстың құны шегiнде өтеуге мiндеттi.

33-тарау. Өтелмелі қызмет көрсету

683-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шарты

1. Өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгiлi бiр iс-әрекет жасауға немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыруға) мiндеттенедi, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Осы тараудың ережелерi байланыс қызметiн, медициналық, мал дәрiгерлiк, аудиторлық, консультациялық, ақпараттық қызмет көрсетуге, оқыту бойынша көрсетiлген қызметтерге, туристiк қызмет көрсетуге және осы Кодекстiң 32, 34, 35, 39, 41, 43, 44-тарауларында көзделген шарттар бойынша көрсетiлетiн қызметтердi қоспағанда, өзге де қызмет көрсетулерге қолданылады.

684-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын атқару

Егер өтелмелi қызмет көрсету шартында өзгеше көзделмесе, атқарушы қызметтi өзi көрсетуге мiндеттi.

685-бап. Көрсетiлген қызметтерге ақы төлеу

1. Тапсырысшы өзiне көрсетiлген қызметтерге өтелмелi қызмет көрсету шартында көрсетiлген мерзiм мен тәртiпте ақы төлеуге мiндеттi.

2. Тапсырысшының кiнәсiнен орындау мүмкiн болмаған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе өтелмелi қызмет көрсету шартында өзгеше көзделмесе, көрсетiлген қызметке ақы толық көлемiнде төленуге жатады.

3. Орындаудың мүмкiн болмауы тараптардың ешқайсысы жауап бермейтін мән-жайлар бойынша туындаған жағдайда, егер заң актiлерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы атқарушыға оның iс жүзiнде шыққан шығындарын өтейдi.

686-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бiржақты бас тарту

1. Тапсырысшы атқарушының iс жүзiнде шеккен шығыстарын өтеген жағдайда өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бас тартуға құқығы.

2. Тапсырысшының кiнәсiнен болған жағдайды қоспағанда, атқарушы өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша мiндеттемелердi орындаудан тапсырысшыға шартты бұзудан келтiрiлген залалды толық өтегенде ғана бас тартуға құқылы.

687-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын құқықтық реттеу

Мердiгерлiк туралы жалпы ережелер (осы Кодекстiң 616-639-баптары) және тұрмыстық мердiгерлiк туралы ережелер (осы Кодекстiң 640-650-баптары), егер осы Кодекстiң 683-686-баптарына, сондай-ақ өтелмелi қызмет көрсету шарты нысанасының ерекшелiктерiне қайшы келмесе, өтелмелi қызмет көрсету шартына қатысты қолданылады.

34-тарау. Тасымалдау

688-бап. Жалпы ережелер

1. Жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүктi тасу тасымалдау шартының негiзiнде жүргiзiледi.

2. Тасымалдаудың жалпы талаптары көлiк туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен және оларға сәйкес шығарылған ережелермен белгiленедi.

Жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүктi көлiктiң жекелеген түрлерiмен тасымалдау талаптары, егер осы Кодекспен, көлiк туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен және оларға сәйкес шығарылған ережелермен өзгеше белгiленбесе, тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

689-бап. Жүктi тасымалдау шарты

1. Жүктi тасымалдау шарты бойынша бiр тарап (тасымалдаушы) өзiне басқа тараптың (жүк жөнелтушiнiң) сенiп тапсырған жүгiн белгiленген мекенге жеткiзуге және жүктi алуға уәкiлеттi адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші жүкті тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Жүк тасымалдау шарты көлiктiк құжатын, коносаменттi, тауар-көлiк құжатын немесе жүк тасымалдаудың көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген өзге құжатын толтыру арқылы ресiмделедi.

690-бап. Жолаушы тасымалдау шарты

1. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын мекенiне, ал жолаушы теңдеме жүктi тапсырған жағдайда теңдеме жүктi де апаратын мекенге жеткiзудi және оны теңдеме жүктi алуға құқық берiлген адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы жолына, ал теңдеме жүгiн тапсырған кезде - теңдеме жүгiн алып баруға ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Жолаушы мен теңдеме жүктi тасымалдау шарты тиiсiнше жол жүру билетiмен және теңдеме жүк түбiртегiмен ресiмделедi. Жол жүру билетi мен теңдеме жүк түбiртегiнiң нысаны көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiппен белгiленедi.

691-бап. Кеме жалдау (чартер) шарты

Кеме жалдау (чартер) шарты бойынша бiр тарап (кемемен жалданушы) басқа тарапқа (кеме жалдаушы) жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктердi тасымалдау үшiн бiр немесе бiрнеше көлiк құралын толық немесе оның сыйымдылығының бiр бөлiгiн бiр немесе бiрнеше рейске ақы төлеттiрiп беруге мiндеттенедi.

Кеме жалдау шартын жасасу тәртiбi, сондай-ақ оның нысаны мен түрлерi көлiк туралы заң актiлерiмен белгiленедi.

692-бап. Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар

Жүйелi түрде тасымалдауларды жүзеге асыру қажет болған кезде тасымалдаушы мен жүк жөнелтушi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы ұзартылған шарттар жасаса алады.

Жүктердi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы белгiленген мерзiмде жүктi қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - келiсiлген көлемде тасымалдауға жүк берiп тұруға мiндеттенедi.

Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдау көлемдерi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалдауға жүктердi берудiң басқа да жағдайлары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың заң актiлерiнде көзделмеген өзге де жағдайлары белгiленедi.

693-бап. Көлiк ұйымдары арасындағы шарттар

Әртүрлi көлiк ұйымдары арасында жүктердi тасымалдауды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру туралы шарттар (тораптық келiсiмдер, жүктердi орталықтандырылған түрде әкелу (әкету) шарты және басқалар)жасалуы мүмкiн.

Мұндай шарттарды жасасу тәртiбi көлiк туралы заң актiлерiмен белгiленедi.

694-бап. Аралас тасымалдар

Екі немесе одан да көп көлiк түрлерiмен бірыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша тасымалдау (аралас тасымалдар) кезіндегі өзара қарым-қатынастар, сондай-ақ осындай тасымалдарды ұйымдастыру тәртiбi Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлеріне сәйкес аралас тасымалдар қатысушыларының арасындағы жасалатын шарттармен айқындалады.



Ескерту. 694-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.10.2015 № 363-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

695-бап. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау

1. Коммерциялық ұйым жүзеге асыратын тасымалдау, егер заң актiлерiнен, өзге нормативтiк құқықтық актiлерден немесе осы ұйымға берiлген лицензиядан (патенттен) бұл ұйым жолаушыларды, жүктердi және (немесе) теңдеме жүктi кез келген азаматтың немесе заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға мiндеттi екенi туындайтын болса, жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау болып танылады.

2. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау шарты жария шарт болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).

696-бап. Көлiк құралдарын беру, жүктi тиеу (түсiру)

1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiге жүк тиеуге қабылданған өтiнiмде (тапсырыста), тасымалдау шартында белгiленген мерзiмде тиiстi жүкті тасымалдауға жарайтын күйінде ақаусыз көлiк құралдарын беруге мiндеттi.

Жүк жөнелтушi тиiстi жүктi тасымалдауға берiлген жарамсыз көлiк құралдарынан бас тартуға құқылы.

2. Жүктi тиеудi (түсiрудi) көлiк ұйымдары мен жүк жөнелтушi (жүк алушы) көлiк туралы заң актiлерiнде және оларға сәйкес шығарылған ережелерде белгiленген талаптарды сақтай отырып, шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырады.

3. Жүк жөнелтушiнiң (алушының) күшiмен және құралдарымен жүзеге асырылатын жүк тиеу (түсiру), егер мұндай мерзiмдер көлiк туралы заң актiлерiнде және оларға сәйкес шығарылған ережелерде белгiленбесе, шартта белгiленген мерзiмде жүзеге асырылуға тиiс.

697-бап. Кiре ақысы

1. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүкті тасымалдау үшін тараптардың келiсiмiнде белгiленген ақы төленедi.

2. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi тасымалдауға ақы төлеу көлiк туралы заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн тарифтер негiзiнде айқындалады.

3. Жүк иелерiнiң талабы бойынша орындалатын және тарифтерде көзделмеген жұмыстар мен қызмет көрсетулерге ақы тараптардың келiсiмi бойынша төленедi.

4. Тасымалдаушының өзiне тасымалдау үшiн берiлген жүктер мен теңдеме жүктi оған тиесiлi кiре ақысын және тасымалдау жөнiндегi басқа да төлемдердi (осы Кодекстiң 292-бабы) қамтамасыз ету үшiн, егер заң актiлерiнде, тасымалдау шартында өзгеше белгiленбесе немесе міндеттеме мәнiнен туындамаса, ұстап қалуға құқығы бар.

698-бап. Жүктi, жолаушыны және (немесе) теңдеме жүктi жеткiзу мерзiмi

Тасымалдаушы жүктi, жолаушыны және (немесе) теңдеме жүктi тиiстi пунктке көлiк туралы заң актiлерiнде айқындалған және оларға сәйкес тасымалдау ережелерiнде белгiленген мерзiмде жеткiзуге мiндеттi.

Егер жүктi, жолаушыны немесе теңдеме жүктi жеткiзу мерзiмi белгiленбесе және тараптар бұл мерзiмдi шартта көздемеген болса, жеткiзу қисынды мерзiмде жүргiзiлуi тиiс.

699-бап. Жүкке билiк ету құқығы

1. Жүк жөнелтушi немесе жүкке билiк ету құжатының иесi тасымалдаушыға тасымалдауды тоқтатуды немесе жүктi қайтаруды талап ете алады не басқа да өкiм бере алады. Бұл жағдайда тасымалдаушы жасалған тасымалға ақы төлеуді, сондай-ақ жасалған өкімге байланысты келтiрген шығындарды өтеуiн талап етуге құқылы.

2. Жүк баратын жерiне жеткеннен кейiн жүк алушыға жүктi берген кезде жүк жөнелтушi алдыңғы тармақта көрсетiлген құқықтардан айырылады.

3. Жүк алушы ерекше сақталу жағдайларын қажет ететiн (тез бүлiнетiн) жүктi алу жөнiндегi мiндеттемелердi орындаудан жалтарған кезде, мұндай жүктi сақтау мүмкiн болмаған және оның бүлiнуiне әкеп соғуы ықтимал жағдайда жүк жөнелтушiнiң оған қалай иелiк ету керектiгi жөнiнде нұсқауы болмаса, тасымалдаушының жүктi сатуға құқығы бар.

Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi соманы шегергеннен кейiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.



Ескерту. 699-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.06. N 260 Заңымен .

700-бап. Жолаушылардың құқықтары

Көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiп бойынша жолаушының:

1) өзiмен бiрге балаларды тегiн немесе өзге де жеңiлдiктi жағдайларда алып жүруге;

2) белгiленген нормалардың шегiнде өзiмен бiрге қол жүгiн ақысыз алып жүруге;

3) теңдеме жүкті тариф бойынша ақы төлеп, тасымалдауға тапсыруға құқығы бар.

701-бап. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда, тараптар осы Кодексте, көлiк туралы заң актiлерiнде, өзге заң актiлерiнде, сондай-ақ тараптардың келiсiмiнде белгiленгендей жауапты болады.

2. Көлiк ұйымдарының жолаушылармен және жүк жөнелтушiлермен (жүк алушылармен) заң актiлерiнде белгiленген жауапкершiлiктi шектеу немесе жою туралы келiсiмдерi, жүктi тасымалдау кезiнде мұндай келiсiмдер жасау мүмкiндiгi көлiк туралы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда, жарамсыз болады.

702-бап. Тасымалдаушының көлiктi бермегенi үшiн және жөнелтушiнiң берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн жауапкершiлiгi

1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмге (тапсырысқа) немесе өзге шартқа сәйкес жүктi тасымалдау үшiн көлiктi бермегенi үшiн, ал жөнелтушi жүктi ұсынбағандығы не өзге себептер бойынша берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн көлiк туралы заң актiлерiнде, сондай-ақ тараптардың келiсiмiнде белгiленгендей жауапты болады.

2. Тасымалдаушы және жүктi жөнелтушi көлiк құралдары берiлмеген немесе уақтылы берiлмеген не көлiк құралдары пайдаланылмаған жағдайда, егер ол:

1) дүлей күштің;

2) көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiппен белгiленген белгiлi бiр бағыттарда жүктердi тасымалдауды тоқтатудың немесе шектеудiң;

3) заң актілерiнде көзделген өзге де жағдайлардың салдарынан болса, жауаптылықтан босатылады.

703-бап. Тасымалдаушының тiкелей аралас қатынас кезiндегi жауапкершiлiгi

Тасымалдаушылар тiкелей аралас қатынаста жүктiң жоғалғаны, бүлiнгенi, зақымданғаны, кем шыққаны үшiн жүктi жөнелтушiнiң (жүк алушының) алдында ортақтасып жауап бередi.

Кешiктiргенi үшiн, егер кешiктiру тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.

704-бап. Тасымалдаушының жолаушыны жөнелтудi кiдiрткенi үшiн жауапкершiлiгi

1. Жолаушыны тасымалдайтын көлiк құралын жөнелтудi кiдiрткенi немесе мұндай көлiк құралының баратын жерiне кешiгiп барғаны үшiн (қалалық және қала маңы қатынастарындағы тасымалдауды қоспағанда) тасымалдаушы, егер кiдiрту немесе кешiгу дүлей күштiң салдарынан орын алғанын дәлелдемесе, жолаушыға көлiк туралы тиiстi заң актiлерiнде белгiленген мөлшерде айыппұл төлейдi.

2. Жолаушы көлiк құралы жөнелтiлуiнiң кiдiруi себебiнен тасымалдаудан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға кіре ақысын толық көлемiнде қайтаруға, сондай-ақ жолаушыға осындай кiдiртуге байланысты ол шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

705-бап. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны және зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi

1. Тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдауға қабылдап алған кезден бастап және алушыға, ол жүктi алуға уәкiлеттi адамға немесе теңдеме жүктi алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.

2. Егер тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) өзiнiң кiнәсiнен болмағандығын дәлелдемесе, ол жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны үшiн жауап бередi.

3. Жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау кезiнде келтiрiлген зиянды тасымалдаушы:

1) жүк немесе теңдеме жүк жоғалған немесе кем шыққан жағдайда - жоғалған немесе кем шыққан жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны мөлшерiнде;

2) жүк немесе теңдеме жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құнының төмендеген сомасының мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi қалпына келтіру мүмкiн болмаған кезде - оның құны мөлшерiнде;

3) тасымалдауға құны жарияланып тапсырылған жүк немесе теңдеме жүк жоғалған жағдайда - жүктiң немесе қол жүгiнің жарияланған құны мөлшерiнде өтейдi.

Жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны оның сатушының шотында көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасының негiзiнде, ал шот болмаған немесе шартта баға көрсетiлмеген кезде, салыстырмалы мән-жайлар кезiнде әдетте осыған ұқсас тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып белгiленедi.

4. Тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуынан, кем шығуынан немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген зиянның орнын толтыра отырып жөнелтушiге (алушыға), егер бұл ақы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, кем шыққан, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау үшiн алынған кiре ақысын қайтарады.

5. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң сақталмау себептерi туралы тасымалдаушы бiржақты тәртiппен жасаған құжаттар, (коммерциялық акт, жалпы фирманың актiсi және т.б.) дау туған жағдайда, жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдаушының, жөнелтушiнiң не алушының жауапкершiлiгi үшiн негiз бола алатын мән-жайларды куәландыратын басқа құжаттармен бiрге соттың бағалауына жатады.

706-бап. Жүктердi тасымалдау жөнiндегi талаптар мен талап қоюлар

1. Тасымалдаушыға жүктi тасымалдаудан туындайтын талап қоюға дейiн оған көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiпте талаптар қойылуы мiндеттi.

2. Жүк тасымалдаудан туындайтын талаптар бойынша талап қою мерзiмi бiр жыл деп белгiленедi.

3. Осы баптың ережелерi жолаушыны және теңдеме жүктi тасымалдаудан туындайтын талаптарға қолданылмайды.

707-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi

Жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілуі салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушының жауапкершiлiгi, егер заң актiлерiнде немесе шартта тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмесе, осы Кодекстiң 47-тарауындағы ережелер бойынша белгiленедi.

35-тарау. Көлік экспедициясы

708-бап. Көлiк экспедициясы шарты

1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және басқа тараптың (клиенттің - жүк жөнелтушінің, жүк алушының немесе экспедитор қызметтеріне мүдделі өзге тұлғаның) есебiнен жүктi тасымалдауға байланысты экспедиция шартында белгiленген қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүктi тасымалдау шартын (шарттарын) жасасуға мiндеттенедi.



Көлiк экспедициясы шартында қосымша қызметтер көрсету ретiнде экспорт немесе импорт үшiн талап етiлетiн құжаттарды алу, кедендiк және өзге шарттылықтарды орындау, жүктiң саны мен жай-күйiн тексеру, оны тиеу мен түсiру, клиентке жүктелетiн баждарды, алымдар мен басқа да шығындарды төлеу, жүктi сақтау, оны баратын жерiнде алу, сондай-ақ өзге де операцияларды орындау мен қызмет көрсетулер сияқты жүктi жеткiзу үшiн қажеттi операцияларды жүзеге асыру көзделуi мүмкiн.

Клиенттің келiсiмiмен экспедитор клиенттің мүддесiн, тарифтер деңгейiн және жеткізу мерзiмдерiн ескере отырып, клиенттің жүгiн көлiктiң қай түрiмен тасымалдауды өзi белгiлей алады.

2. Осы тарауда реттелмеген бөлiгiнде экспедиция шартына қатысты қатынастарға, егер шарт талаптары бойынша экспедитор клиенттiң атынан iс-әрекет жасаса, осы Кодекстiң 41-тарауының ережелерi қолданылады, егер ол өз атынан iс-әрекет жасаса, осы Кодекстiң 43-тарауының ережелерi қолданылады.

Ескерту. 708-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

709-бап. Шарттың нысаны

1. Көлік экспедициясы шарты жазбаша түрде жасалады.

2. Клиент экспедиторға, егер ол оның мiндеттерiн атқаруға қажет болса, сенiмхат беруге тиіс.



Ескерту. 709-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

710-бап. Экспедиторға берiлетiн құжаттар мен басқа да ақпарат

1. Клиент экспедиторға жүктiң қасиеттерi, оны тасымалдау ережелерi туралы құжаттарды, сондай-ақ экспедитордың шартта көзделген мiндеттердi орындауына қажеттi өзге де ақпаратты беруге мiндеттi.

2. Экспедитор клиентке алған ақпараттың анықталған кемшіліктері туралы хабарлауға, ал ақпарат толық болмаған жағдайда, клиенттен қажеттi қосымша деректердi сұрауға мiндеттi.

3. Клиент қажеттi ақпаратты бермеген жағдайда, экспедитор осындай ақпарат берiлгенге дейiн өзiнiң тиiстi мiндеттерiн атқаруға кiрiспеуге құқылы.

4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ақпаратты беру жөнiндегi мiндеттердi бұзуына байланысты экспедиторға келтiрген залалдары үшiн клиент жауапты болады.



Ескерту. 710-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

711-бап. Экспедитордың мiндеттерiн үшiншi тұлғаның атқаруы

1. Егер экспедиция шартынан экспедитордың өз мiндеттерiн жеке өзiнiң атқаруы мiндетi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тартуға құқылы.

2. Мiндеттеменiң орындалуын үшiншi тұлғаға жүктеу экспедиторды шарттың орындалуы үшiн клиенттiң алдындағы жауаптылықтан босатпайды.

712-бап. Ұстап қалу құқығы

Экспедитор жүктi тек оның экспедициялық қызмет көрсетулерi үшiн алуы тиiс сыйақының төленбеуiне байланысты ғана ұстап қалуға құқылы.

713-бап. Көлiк экспедициясы шарты бойынша экспедитордың жауапкершiлiгi

1. Экспедиция шарты жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн экспедитор осы Кодекстiң 20-тарауындағы ережелерге сәйкес белгiленген негiздер мен мөлшер бойынша жауапты болады.

2. Егер экспедитор мiндеттi бұзу тасымалдау шарттарының тиiстi дәрежеде орындалмауынан пайда болғанын дәлелдесе, экспедитордың клиент алдындағы жауаптылығы да экспедитордың алдында тиiстi тасымалдаушы жауап беретiн ережелермен белгiленедi.

Ескерту. 713-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

714-бап. Көлiк экспедициясы шартын орындаудан бiржақты бас тарту

1. Клиент немесе экспедитор, бұл туралы басқа тарапқа қисынды мерзiмде ескерте отырып, көлiк экспедициясы шартын орындаудан бас тартуға құқылы.

2. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту кезiнде бас тартуды мәлiмдеген тарап екiншi тарапқа шарттың бұзылуынан келтiрiлген залалды өтейдi.



Ескерту. 714-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

36-тарау. Заем

715-бап. Заем шарты

1. Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.

2. Орындалуы ақша немесе тектiк белгiсiмен айқындалған заттарды беруге байланысты шарттарда заем, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе және тиiстi мiндеттемелердiң мәнiне қайшы келмейтiн болса, аванс, алдын ала ақы төлеу, тауарларға (жұмысқа және қызмет көрсетулерге) мерзiмiн ұзартып және бөлiп-бөлiп төлеу түрiнде беру көзделуi мүмкiн.

3. Заңды тұлғалар мен азаматтарға кәсiпкерлiк қызмет ретiнде азаматтардан заем түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар олар жасалған кезден бастап жарамсыз деп танылады.

Бұл тыйым салу заемшылар депозиттер қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы бар банктер болған жағдайларда, сондай-ақ шығарылуы заңдарда белгiленген тәртiппен тіркелген бағалы қағаздарға ақшаны айырбасқа қабылдау жағдайларында қолданылмайды.

Ескерту. 715-бапқа өзгерту енгізілді Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 10 шілдедегі N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

716-бап. Заем шартының нысаны

1. Заем шарты осы Кодекстiң 151-152-баптарының ережелерiне сәйкес нысанда жасалуға тиiс.

2. Заем шарты заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.

717-бап. Заем шартын жасасу

Заем шарты, егер осы Кодексте немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ақша немесе заттар берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.

Шартта ақшаны немесе заттарды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) беру көзделген жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi бөлiгi берiлген кезден бастап шарт жасалды деп есептеледi.

718-бап. Қарыз шарты бойынша сыйақы

1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi.

2. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржы ұйымдарының және кредиттік серіктестіктердің қарыз алушыларының құқықтарын қорғау қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты қарыз беруші алатын сыйақыны, комиссиялардың барлық түрлерін және өзге де төлемдерді қамтитын және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен есептелетін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.

3. Егер қарыз шарты бойынша қарыз алушыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу оның көлемi мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.

4. Сыйақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi қарыз шартында белгiленедi.

Егер сыйақы төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.

5. Егер қарыз алушы қарыз нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы қарыз нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.

Ескерту. 718-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.11.26 N 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

719-бап. Заем нысанасын беру

1. Заем нысанасы шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.

2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.

3. Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (осы Кодекстiң 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.

720-бап. Нысаналы заем

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.

2. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

3. Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөнiндегi мiндеттердi, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.

721-бап. Заемшының мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету

1. Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.

2. Заемшы заем нысанасын қайтаруды және сыйақы төлеуді

қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.

722-бап. Заем нысанасын қайтару

1. Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi.

Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.

Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін.

Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.

2. Заем берушiнiң келiсiмiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келiсiмiмен айқындалады.

3. Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға (осы Кодекстің 321-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы) құқылы.

4. Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға (осы Кодекстің 321-бабы 2-тармағының 4) тармақшасы) құқылы.

Ескерту. 722-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

723-бап. Заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талапты қанағаттандыру мерзімі

Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.

724-бап. Заем шартын даулау

1. Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.

2. Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (осы Кодекстiң 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келiсiмiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.

725-бап. Заем шартында мiндеттеменi жаңалау

1. Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келiсiмi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн.

2. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (осы Кодекстiң 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (осы Кодекстiң 716-бабы) нысанда жасалады.

726-бап. Мемлекеттiк заем шарты

1. Мемлекеттiк заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады.

2. Мемлекеттiк заемдар ерiктi болып табылады.

3. Мемлекеттiк заем шарты заем берушiнiң шығарылған мемлекеттiк облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттiк бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады.

4. Мемлекеттiк заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi.

5. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.

727-бап. Банк заемы шарты

1. Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен қарызға ақша беруге мiндеттенедi.

1-1. Ислам банкі заем беруші болып табылатын банк заемы шарты бойынша ақша заемы мерзімділік және қайтарымдылық талаптары бойынша және ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы алынбай жүзеге асырылады. V095687

2. Банк заемы шартына осы Кодекстiң 728-бабында көзделген ерекшелiктерiмен қоса заем шартына қатысты ережелер қолданылады.

Ескерту. 727-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.12.23. N 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.12. N 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

728-бап. Банктік қарыз шартының ерекшелiктерi

Банктік қарыз шартының мынадай ерекшелiктерi бар:

1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның ақшалай нысанда қарыз беруге лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға қарыз берушi ретінде әрекет етеді;

2) шарттың нысанасы алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша болып табылады. Соңғы жағдайда, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, шарт жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне енген болып есептеледi;

3) шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік қарыз шартының жарамсыздығына әкеп соғады;

4) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, шартта банктің немесе уәкілетті мемлекеттік органның ақшалай нысанда қарыз беруге лицензиясы бар өзге де заңды тұлғаның шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды;

5) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктiк қарыз шартына осы Кодекстiң 722-бабы 2-тармағының ережелерi қолданылмайды;

6) осы Кодекстің 722-бабы 3 және 4-тармақтарының ережелері қарыз алушы қарыз нысанасының кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күн мерзімнен асырып бұзған кезде банктік қарыз шартына қолданылады.

Банктерге осы банк эмитентi болып табылатын акциялармен қамтамасыз етiлген қарыздар беруге не осы акцияларды сатып алуға арналған қарыздар беруге тыйым салынады.



Ескерту. 728-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

37-тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг)

729-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру (факторинг) шарты

1. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.

Борышқорға ақшалай талабын клиент қаржы агентіне сонымен бірге клиенттің қаржы агенті алдындағы міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз ету мақсатында да беруi мүмкiн.

2. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты бойынша қаржы агентінің мiндеттемелерi клиент үшiн бухгалтерлiк есеп жүргiзудi және берудiң нысанасы болып табылатын ақшалай талаптарға (ақшалай талаптар бойынша шоттар ашу) қатысты құжаттар ұсынуды, сондай-ақ клиентке осы талаптарға байланысты өзге де қаржылық қызмет көрсетуді қамтуы мүмкiн.

3. Осы Кодекспен белгiленген (осы Кодекстiң 339-347-баптары) талаптарды беру туралы жалпы ережелер, егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, ақшалай талапты берiп қаржыландыруға қолданылады.

730-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру туралы шарттың нысаны

Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты осы Кодекстiң 346-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып жазбаша түрде жасалуға тиiс.

731-бап. Қаржыландыруды алу мақсатындағы берiлген ақшалай талап

1. Төлем мерзiмi келген ақшалай талап (қойылып келген талап) та, болашақта туындайтын ақша алу (келешектегi талап) құқығы да қаржы беру нысанасы болуы мүмкiн.

Беру нысанасы болып табылатын ақша талабы клиенттiң қаржы агентiмен жасасқан шартында қолданылып келген ақшалай талапты шарт жасалған кезде, ал келешектегi талапты - ол туындаған кезден кешiктiрмей бiрыңғайландыруға мүмкiндiк беретiндей болып белгiленуге тиiс.

2. Қолданылып келген ақшалай талап шарт жасалған кезден бастап, егер онда өзгеше көзделмесе, қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.

Келешектегi ақшалай талапты беру кезiнде шартта көзделген талапты берудiң нысанасы болып табылатын ақшаны борышкерден алу құқығының өзi пайда болғаннан кейiн қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.

Егер ақшалай талапты беру белгiлi бiр оқиғамен байланысты болса, ол осы оқиға басталғаннан кейiн күшiне енедi. Мұндай жағдайда ақшалай талапты берудi қосымша ресiмдеу талап етiлмейдi.

732-бап. Клиенттiң қаржы агентiнiң алдындағы жауапкершiлiгi

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талаптың жарамсыздығы үшiн қаржы агентiнiң алдында клиент жауапты болады.

2. Егер клиент ақшалай талапты беру құқығына ие болса және осы талапты беру кезiнде борышқордың ол талапты орындамауға құқығы болатын мән-жайлар оған белгiсiз болса, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талап жарамды деп танылады.

3. Егер клиент пен қаржы агентiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, клиент қаржы агентi оны орындауды ұсынған жағдайда беру нысанасы болып табылатын талапты борышқордың орындамағаны немесе тиiстi түрде орындамағаны үшiн жауап бермейдi.

733-бап. Талапты беруге тыйым салудың жарамсыздығы

Қаржы агентiне ақшалай талапты беру, тiптi клиент пен оның борышқоры арасында оған тыйым салу немесе оны шектеу туралы келiсiм болғанда да жарамды болып табылады.

734-бап. Ақшалай талапты кейiн беру

Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентiнiң ақшалай талапты кейiн беруiне жол берiлмейдi.

Шартта ақшалай талапты кейiн беруге жол берiлген жағдайларда оған тиiсiнше осы тараудың ережелерi қолданылады.

735-бап. Борышқордың қаржы агентiне ақшалай талапты орындауы

1. Борышқор қаржы агентiне ол клиенттен немесе қаржы агентiнен ақшалай талаптың аталған қаржы агентiне берiлгендiгi туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда төлем жүргiзуге мiндеттi.

Хабарламада орындалуға жататын ақшалай талап нақты белгiленуге және төлем жүргiзiлуi тиiс қаржы агентi көрсетiлуi керек.

2. Борышқордың өтiнiшi бойынша қаржы агентi қисынды мерзiмде борышқорға ақшалай талаптың қаржы агентiне шындығында берiлгенiне дәлелдеме ұсынуға мiндеттi. Егер қаржы агентi бұл мiндеттi орындамаса, борышқор клиенттiң алдындағы өзінің міндеттемелерiн орындау үшiн оған аталған талап бойынша төлем жүргiзуге құқылы.

3. Борышқордың қаржы агентi алдында ақшалай талапты орындауы осы баптың ережелерiне сәйкес борышқорды клиенттiң алдындағы тиiстi мiндеттемелерiнен босатады.

736-бап. Қаржы агентiнiң борышқордан алынған сомаларға құқықтары

1. Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша клиенттi қаржыландыру одан осы талапты қаржы агентiнiң сатып алуы жолымен жүзеге асырылса, соңғысы борышқордан талапты орындау үшiн алатын барлық сомаға құқықты иемденедi, ал клиент өзi алған сома қаржы агентi клиентке төлеген сомадан аз болғаны үшiн қаржы агентi алдында жауап бермейдi.

2. Егер қаржы агентiне ақшалай талапты беру клиенттiң агент алдындағы өзiнiң мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету әдiсi ретiнде жүзеге асырылса және талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентi клиентке есеп табыс етуге және оған талапты берiп қамтамасыз етілген клиент мiндеттемелерi сомасынан асатын соманы беруге мiндеттi. Егер қаржы агентi борышқордан алған ақша клиенттiң қаржы агентiне талапты берумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерi сомасынан аз болып шықса, клиент мiндеттемелердiң қалған бөлiктерi бойынша жауапты болады.

737-бап. Борышқордың қарсы талаптары

Қаржы агентi борышқорға төлем жүргiзудi талап еткен жағдайда, борышқор осы Кодекстiң 370-бабына сәйкес талаптың қаржы агентiне берiлгенi туралы жазбаша хабарламаны өзi алған уақытта борышқорда болған, клиентпен арадағы шартқа негiзделген өзінің ақшалай талаптарын есепке алуға ұсынуға құқылы.

Егер клиент борышқор алдында мiндеттемелерi бар екенi туралы оған хабарламаса, қаржы агентi есепке алудан бас тартуға құқылы.

738-бап. Қаржы агентi алған сомаларды борышқорға қайтару

1. Клиент борышқормен жасалған шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, соңғысы агентке ауысқан талаптар бойынша өзi төлеген сомаларды, егер борышқордың осындай соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы болса, қайтаруды қаржы агентiнен талап етуге құқығы жоқ.

2. Талапты берудiң нәтижесiнде қаржы агентiне төленген соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы бар борышқордың қаржы агентiнен бұл сомаларды қайтаруды, егер соңғысының клиент алдындағы талаптың берiлуi бойынша оны қаржыландыруды жүзеге асырудағы мiндеттерiн орындамағаны не борышқордың алдындағы талаптың берiлуiне байланысты қаржыландыруға жататын мiндеттеменi клиенттiң орындамағанын бiле тұра қаржыландыруды жүргiзгенi дәлелденсе, дегенмен де талап етуге құқылы.

738-1-бап. Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезiнде ақшалай талап етуді беру

Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезiнде ақшалай талап етудің берілуіне орай қаржыландыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамалық актiсiнде белгiленедi. Егер Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамалық актiсiнде өзгеше белгiленбесе, осы тараудың ережелерi жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру мәмiлелерiне қолданылады.



Ескерту. 738-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 N 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

38-тарау. Банктік қызмет көрсету


жүктеу 4,57 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау