Сурет-35. Педагогикалық процестің негізгі сипаттамалары мен
көрсеткіштері
Педагогикалық процестің «оқушылардың үлгерімі» сипаттамасының көрсеткіштері: оқушылар үлгерімінің жалпы пайызы; үлгерім сапасының пайызы; орта тоқсандық балл; оқушылардың оқу-танымдық біліктерді меңгеру сапасының пайызы (оқу бағдарламасының бөлімі, тақырыбы бойынша): оқушының сынып ұжымындағы мәртебесі.
Педагогикалық процестің «оқушылар ұжымының қалыптасқандығы» сипаттамасының көрсеткіштері: сыныптағы сайланған және шынайы белсенділердің сәйкес келу пайызы; «оқшауланған» балалар үлесі, тәрбиесі қиын балалар үлесі, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын оқушылар үлесі.
Бұл сипаттама бойынша материалдарды талдау сынып ұжымы ішіндегі тұлғааралық қатынастар, белсенділердің мәртебесі туралы мағлұмат алуға жол ашады. Тәжірибе көрсеткеніндей, ұжым неғұрлым ұйымшыл болса, солғұрлым ондағы формальды емес көшбасшылардың сәйкестік пайызы жоғары, ешкіммен араласпайтын балалар аз болады.
Педагогикалық процестің «оқушылардың қоғамдық (әлеуметтік) белсенділігі» сипаттамасының көрсеткіштері: қоғамдық міндеті бар сынып оқушыларының пайызы; өз бастамасы бойынша қоғамдық міндеті бар сынып оқушыларының пайызы; міндеттердің сипаты (оқу, оқудан тыс, сыныптық, мектептік, т.б.); есеп беру түрі және есеп беруді кім қабылдайтыны. Тәжірибе көрсеткеніндей, қоғамдық белсенділік жоғары болған сайын оқушылар ұжымының қалыптасу деңгейі де, «үлгерім» сипаттамасының барлық көрсеткіштері де жоғары болады.
Педагогикалық процестің «оқушылар отбасының әлеуметтік- психологиялық портреті» сипаттамасының көрсеткіштері: отбасы құрамы (толық, толық емес); ата-аналардың мамандығы, қоғамдық жағдайы, қызығуы; толық емес отбасынан шыққан оқушылар пайызы; сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне қатысатын ата-аналар пайызы; өз қалауымен, өз бастамасымен мектепке келіп тұратын ата-аналар пайызы.
Мұғалім осы мағлұматтың бәрін білуі тиіс, өйткені мектептің педагогикалық ұжымы отбасының педагогикалық процесімен өзара тығыз байланысты. Мектеп пен отбасының тәрбиелік мақсаттары сәйкес келеді, себебі, отбасы – қоғамның кішкентай ұясы, бірақ отбасы мен мектептің міндеттері үнемі үйлесе бермейді, оның үстіне, ата-аналардың бәрінің мамандығы педагог болмауы мүмкін. Сондықтан, мектептің педагогикалық процесі отбасының педагогикалық процесіне оң ықпал етуі қажет. Аталған сипаттаманың жоғарыдағы барлық көрсеткіштері бойынша жағымды нәтиже алынған болса, сол отбасының жағдайын да жағымды деп есептеу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |