Мұғалімнің кәсіби өсуінің келесі деңгейі педагогикалық шеберлік болып табылады. Шеберлік – бұл өз мамандығы бойынша жұмыс істейтін әрбір мұғалімге қолайлы болатын оқыту мен тәрбиелеудегі жоғары және үнемі жетілдірілетін өнер. Педагог өз ісінің шебері – бұл өз пәнін терең білетін, ғылым мен өнерге сәйкес салаларды жақсы меңгерген, жалпы және балалар психологиясына қатысты мәселелерді шеше алатын, оқыту мен тәрбиелеу әдісін жеткілікті түрде меңгерген білікті маман.
Педагогикалық шығармашылық – оқу-тәрбие жұмысында педагогикалық әдістемелерді түрлендіру, әдістерді жетілдіру және т.б. Педагогикалық шығармашылық белгілі жаңашылдық элементтерінен тұрады, бірақ көбінесе, ол оқу мен тәрбие жұмысындағы жаңа идеяларды қозғаумен емес, оқу-тәрбие жұмысының әдістері мен түрлерінің өзгеруімен,
белгілі бір жаңғыртумен байланысты болады.
В.И.Андреев даму мен өзін-өзі дамыту процесінің 2 ерекшелігін атап өтеді: тұлғаның өзгерісі сырттан емес, оның өзіне-өзінің ішкі мақсатқа бағытталған әсерінен болады; өзгерістер тек қана мотивте, интеллектуалды, эмоционалды аймақта ғана болмайды, сондай-ақ, барлық «өзіндік» процестерде жүреді: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі басқару (27-сурет).
Сурет-27. Тұлғаның өзін-өзі басқа алу сапалары
Басқару жүйесі, оның педагогикалық іс-әрекетке, байланыс және қарым-қатынасқа бағыттылығы. Педагогикалық процесті басқару – қойылған мақсатқа сәйкес шешім қабылдау, ұйымдастыру, бақылау, басқару объектісін зерттеу, алынған ақпараттарды талдау және қорытындылау іс- әрекеті болып табылады.
Басқару объектісі биологиялық, техникалық, әлеуметтік жүйелер бола алады. Білім беру әлеуметтік жүйеге жатады және елдің, өлкенің, облыстың, қаланың және ауданның аумағында қызмет етеді. Сондықтан басқару субъектілері министрлік, облыстық, қалалық, аудандық білім беру басқармалары болып бөлінеді. Жалпы орта білім беретін мектептер күрделі динамикалық жүйе ретінде мектепішілік басқару объектісі болып табылады.
Мектепішілік басқару – тиімді нәтижелерге қол жеткізу мақсатында тұтас педагогикалық процестің объективтік заңдылықтарын тануға негізделген; оған қатысушылардың мақсатты, саналы өзара әсерлесуі.
Тұтас педагогикалық процесс қатысушыларының оны басқарудағы өзара әсерлесуі өзара байланысты: педагогикалық талдау, мақсат қою және жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, реттеу мен түзету тәрізді әрекеттер мен функциялардан тұрады.
Қазіргі білім беру жүйесінің дамуындағы бір ерекшелік – білім беру мемлекеттік-қоғамдық басқару болып табылады.
Білім беру жүйесін мемлекеттік басқару сипаты төмендегідей қағидалар (принциптер) жиынтығымен анықталады:
білім берудің ізгілік сипатта болуы;
білім беру жүйесінің ұлттық мәдениеттерді және салт-дәстүрлерді мемлекеттік тараптардан қорғауы;
білім берудің жалпыға бірдейлігі;
білім берудің зиялылығы;
білім берудегі еркіндік пен плюрализм;
білім берудің демократиялық сипатта болуы.
Мектеп іс-әрекетін ұжымдық басқару органы – мектеп кеңесі басқарады. Оның атқаратын функциялары мен жұмыс мазмұны жалпы білім беру мекемесінің типтік ережелерінде көрсетіледі.
Мектеп педагогикалық жүйеге жатады, себебі ол бірқатар жүйе құраушы факторлармен, қызмет көрсету жағдайларымен, құрылымдық және функционалдық компоненттер жиынтығымен сипатталады. Жүйе құраушы факторлар рөлін мақсаттар мен нәтижелер атқарады; қызмет көрсету жағдайлары – әлеуметтік-педагогикалық және уақытша байқалатын жағдайлармен; құрылымдық компоненттер – басқарушы (педагогикалық ұжым) және басқарылушы (оқушылар ұжымы) жүйелермен, педагогикалық іс-әрекет мазмұнымен, құралдармен, нысандармен және әдістермен; функционалдық компоненттер – педагогикалық талдаумен, мақсат қою және жоспарлаумен, ұйымдастырумен, бақылаумен, реттеу және түзетумен анықталады.
Мектепті педагогикалық жүйе және басқару объектісі ретінде қарастыру оны басқарушылардың басқару іс-әрекеті бір мезгілде мақсаттар анықтау мен олардың нәтижелеріне қол жеткізуге, педагогикалық және оқушылар ұжымдарын қалыптастыру жағдайларын жасауға, оқу-тәрбие жұмысы мазмұнын таңдап алу мен құралдарын, нысандарын, әрекетін қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай амал педагогикалық жүйе мақсаттылығын сақтай отырып, оны құрайтын компоненттерді жаңартуға тиімді әсер етеді.
Педагогикалық жүйенің бастысы болып табылатын, маңызды жүйе құраушы фактор – баланың тұлғалық күштерін үйлесімді дамытуға, оның өзін- өзі анықтауына және өзін-өзі дамытуына жағдайлар жасауға бағытталған мұғалімдер мен оқушылардың біріккен іс-әрекет мақсаты болып табылады. Мектептің мақсаты – тұлғаның интеллектуалдық, құлықтық, эстетикалық, еңбектік, экологиялық, құқықтық және басқа да мәдениетін қамтитын базалық мәдениет негіздерін қалыптастыру болып табылады.
Жүйе құраушы ретіндегі нәтижелер – жекелеген оқушылардың да, тұтастай алғандағы оқушылар ұжымының да тәрбиелік деңгейін анықтауды қамтамасыз ететін неғұрлым тұрақты және нақты өлшемдер жиынтығымен анықталады. Мұндай өлшемдердің болуы қойылған мақсатты оның жүзеге асырылу күйімен салыстыра отырып, мұғалімнің, педагогикалық іс-әрекетке қатысушыларың іс-әрекеті жолдарын түзетуге мүмкіндік береді.
Педагогикалық жүйенің әлеуметтік-педагогикалық жағдайларын жалпы және арнайы жағдайлар деп екіге бөлуге болады. Жалпы жағдайларға: әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ұлттық, географиялық жағдайлар; ал арнайы жағдайларға: оқушылардың әлеуметтік-демографиялық құрамы, мектептің тұрған жері, материалдық мүмкіндіктері, жабдықтар, ол тұрған жердегі қоршаған ортаның тәрбиелік мүмкіндіктері жатады. Педагогикалық процестің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштер – педагогикалық және
оқушылар ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуал, ата-аналар мен оқушылардың педагогикалық деңгейлері болып есептеледі.
Педагогикалық жүйенің құрылымдық элементтері педагогикалық ұжым және оның жетекшілерінің немесе басқарушы жүйенің іс-әрекеті негізінде анықталады.
Басқарылатын жүйеде негізгі орын оқушылар ұжымына беріледі. Мұнда басқарудың екі деңгейін анықтауға болады: тігінен – жалпы мектеп ұжымы және сыныптар ұжымы; көлденеңінен – қоғамдық ұйымдар, спорттық секциялар, шығармашылық, бірлестіктер, үйірмелер, бригадалар және т.б.
Ал, педагогикалық жүйенің функционалдық компоненттері жеке-дара өмір сүрмейді, мұғалім іс-әрекетімен бірлесе жүреді. Функционалдық компоненттер: педагогикалық талдау, мақсат қою және жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, реттеу мен түзету – бұлар педагогикалық процесті қозғалыста, өзгерісте сипаттайды, оны дамыту мен жетілдіру жолдарын анықтайды.
Қазіргі заман жағдайында жалпы білімдік немесе қалаған басқа да оқу- тәрбие мекемелерінің педагогикалық жүйесін әрқайсысы өз алдына күрделі жүйе бөлімшелері болып есептелетін төмендегідей жүйешелер бірлігі ретінде қарастыру қабылданған:
Достарыңызбен бөлісу: |