ТАРАУ ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ƏДІСТЕМЕСІ ПƏНІ
Информатика ғылым жəне оқу пəні
Информатика ғылым ретінде өткен ғасырдың екінші жартысында пайда болып, қалыптаса бастады. Информатиканың зерттеу саласы – ақпараттың құрылымы мен жалпы қасиеттері, сонымен қатар ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, түрлендіру, тарату мен адам қызметінің алуан түрлі салаларына пайдалану үдерістеріне байланысты мəселелер. Ақпараттың ауқымды көлемі мен ағымдарын өңдеу автоматтандырусыз жəне коммуникация жүйелерінсіз мүмкін емес, сондықтан да электрондық есептеу машиналары мен заманауи ақпараттық жəне коммуникациялық технологиялар информатиканың iргелi ядросы да, материалдық базасы да болып табылады.
“Информатика” термині (бірінші азат жолда қолданылғандай мағынада) əдебиеттерде кейінгi кезде ғана пайдаланылуда, оның үстіне оның түсіндірмесін əлі күнге дейін қалыптасып, қабылданған деуге болмайды. “Информатика” ұғымының (сол сияқты одан туындаған ұғымдар) өз мəніне байланысты терминологиялық жəне ұғымдық қиыншылықтар əлі күнге дейін шешілген жоқ. Электрондық есептеуіш машиналардың пайда болған уақытынан басталатын мəселе тарихына көшейік.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кибернетика əр түрлі – жасанды, биологиялық, əлеуметтік табиғатты жүйелердегі басқару мен байланыс туралы жалпы ғылым ретінде қарқынды дами бастады. Кибернетиканың пайда болуын, əдетте, 1948 жылы америка математигі Норберт Винердің «Кибернетика немесе жануарлар мен машинадағы байланыс пен басқару» кітабының шығуымен байланыстырады. Осы жұмыста басқарудың жалпы теориясын жасаудың жолдары көрсетіліп, əр түрлі жүйелер үшiн басқару жəне байланыс проблемаларын бір тұрғыдан қарастыру əдістерінiң негiзi қаланған. Кибернетика электрондық есептеу машиналарының өрлеуімен бірге дами отырып, уақыт өте ақпаратты түрлендiру туралы жалпы ғылымға айналды. Кибернетикада ақпарат деп қандай- да бiр жүйенiң қоршаған ортадан қабылданатын (Х кiру ақпараты),
Y
қоршаған ортаға берілетiн (Y шығу ақпараты), сонымен қатар өзiнде сақталатын (Z ішкі жүйелiк ақпарат) сигналдардың, əсерлердiң не- месе мəліметтердің кез келген жиынтығы түсініледі (1-сурет).
1-сурет
Кибернетиканың дамуы елімізде тартысты кезеңдерді ба- сынан өткізді (Кеңес Социалистік Республикалар Одағында информатиканың қалыптасуы туралы толық мəлiметтер мен фактiлер Д. А. Поспеловтың [1] мақаласында жеткiлiктi келтiрiлген). Кеңес Одағында кибернетиканың ресми мойын- далуына көп еңбек еткен А. И. Берг 1960 жылдардың басын- да былай деп жазды: «…1955-57 жылдары, тіпті, одан кейін де əдебиеттерде кибернетиканың маңыздылығы мен мүмкіндіктерін бағалауда үлкен қателiктер жіберілді. Бұл ғылымның біздің елімізде дамуына үлкен зиян келтіріп, көптеген теориялық қағидалар мен электрондық машиналар жасауды тежеуге алып келдi” [2].
«Қысқаша философиялық сөздiктiң» (1954) төртінші басылымында кибернетикаға «АҚШ-та екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пай- да болған жəне басқа капиталистік елдерде де кең дами бастаған реакциялық жалған ғылым, қазiргi кездегi механизмнің түрі» де- ген анықтама берiлгендiгiн айту жеткiлiктi [3]. Таза идеологиялық мотивтерден басқа, бұл құбылыстың себебі, біріншіден, жаңа өте жақсы дамып келе жатқан ғылымды «классикалық» бағыттағы жеке оқымыстылардың бағаламауы болса, екіншіден, əртүрлi салалардағы кибернетиканың нақтылы мəселелерiн белсендi түрде жасаудың орнына, бұл ғылымды дискредитациялап (сенімсіздендіріп), оның шексiз мүмкiндiктерi туралы жартылай фантастикалық болжамдарға алып сатарлық жол берушілердің шамадан тыс бос сөзділігі.
Бірақ, идеологиялық кедергілерден құтылып, ғылым ретінде мойындалғаннан кейін де (1959 жылы Кеңес Социалистік Рес- публикалар Одағының ғылым Академиясында “Кибернетика”
кешендi мəселесi бойынша Ғылыми кеңес құрылды) кибернетика үшiн қиыншылықтар азайған жоқ. Өйткені, кибернетиканың дамуы ұзақ уақыт бойы үлкен мемлекеттік жобаларды жүзеге асырудағы сəтсіздіктерімен қатар жүрді. Осы мəселемен ары қарай танысқысы келген оқырмандарға мамандардың бағалауына сілтеме жасай отыра, келтірілген 1980 жылдардың ортасында қалыптасқан жағдайларға шолуды [4] ұсынамыз.
Енді кибернетика негізінде информатиканың қалыптаса бастауы туралы мəселеге терминологиялық тұрғыдан келейік. «Кибернети- ка» термині пайда болғаннан кейін дүниежүзілік ғылымда «Computer Science» (компьютерлiк ғылым) ағылшын сөзі пайдалана бастады. Бұл термин қазір де АҚШ, Канада жəне кейбір латын-америкалық континентi елдерінде компьютерлер мен телекомуникациялық жүйелер көмегімен ақпаратты өңдеу, сақтау, тарату үдерістерін зерттейтін ғылым мен оқу пəнінің аттары ретінде кең тараған [5].
Сəл кейінірек ХХ ғасырдың 60-70 жылдар аралығында фран- цуздар «informatigue» (информатика) терминiн, яғни француздың
«informatione» (информация) жəне «avtomatigue» (автомати- ка) деген сөздерінен құралатын терминді енгізді. Жаңа термин Кеңес Социалистік Республикалар Одағында (демек, кейін ТМД елдерінде), Батыс Еуропа елдерiнде кеңiнен тарай бастады. Ерте- ректе (шамамен 1960 жылдар ортасында) орыс тілінде «информати- ка» терминінің қолданылуы ғылыми-техникалық ақпараттың нақты саласы мен документалистикаға байланысты болғанын айта кеткен жөн [6]. Үлкен Кеңестiк энциклопедияда информатика «ғылыми ақпараттың құрылымы мен жалпы қасиеттерін, онымен қоса оны құру, түрлендіру, тарату жəне адам қызметінің əр түрлі саласында пайдалану заңдылықтарын зерттейтiн пəн» деп қарастырылды [7]. Осындай анықтама информатиканы кітапханатанумен, библиогра- фиямен, құжаттар массивінен ақпарат іздеу əдістерімен байланыс- тырды. Осы мақсатпен 1952 жылы КСРО ҒА-да Ғылым ақпарат Инс- титуты құрылды, кейіннен Бүкiлодақтық ғылыми жəне техникалық ақпарат институты (БҒТАИ) болып өзгерді.
Академик А. П. Ершов 1970 жылдардың екiншi жартысында жоғары оқу орындарына арналған информатика курсы бойынша оқу құралы мен есептер жинақтарын [8, 9] неміс тілінен аударғаннан кейін отандық əдебиеттерде “информатика” терминiнің осы бағытпен қатар жəне одан тəуелсіз басқа түсіндірмесі кеңiнен тарай баста-
ды. Информатика терминінің мағынасын (1983 жылы КСРО Ғылым Академиясының құрамынан жаңа – информатика, есептеу техника- сы мен автоматтандыру бөлімінің ашылуына байланысты) түсіндіре келе А. П. Ершов бұл терминнің орыс тіліне ақпаратты тарату мен өңдеу үдерістерiн оқытатын iргелi жаратылыстану ғылымының аты ретiнде енетіндігін баса айтты. Бұлай анықталуында информати- ка философиялық жəне жалпы ғылыми категориялармен тікелей байланыстырақ болады да, оның «дəстүрлі» академиялық ғылыми пəндер» арасындағы орны айқындалады.
Информатиканың осы анықтамасын түсіндіре келе, А. П. Ер- шов ары қарай: «ғылымдардың салыстырмалы түрде жаратылы- стану жəне қоғамдық болып бөлінуін мойындай отыра, біз сонда да, сана мен оның атрибуттарының қосымшалық принципіне, жа- санды, биологиялық жəне қоғамдық жүйелерде ақпаратты өңдеу заңдарының ортақтығы (жалғыздығы) туралы түсінікке сəйкес информатиканы жаратылыстану ғылымдары пəнiне жатқызамыз. Информатиканың iргелi ғылымдар қатарына жатқызу ақпарат ұғымы мен оны өңдеу үдерістерінің жалпы ғылыми сипатын білдіреді. Əлемнiң оқып-танылатын фрагментіне ақпараттық модель атты мо- дель құрылғанда ғана информатика өз бетінше жеке ғылым ретінде өз құқығына ие болады. Дегенмен, ақпараттық модельдердi құрудың жалпы əдіснамалық принциптерi информатиканың пəні болғанымен, ақпараттық модель құру жəне оны негiздеу жекелеген ғылымның мiндетi болып табылады. Ақпараттық жəне математикалық модель ұғымдары бір-біріне өте жақын, себебі екеуі де белгілерден тұратын жүйе. Ақпараттық модель – информатиканың ол арқылы жеке ғылымдармен қатынасқа түсетін, олармен бірікпей жəне сонымен бiрге оларды өзі ішіне тартпайтын түйін» деп атап көрсетті [6, 29-30 б.].
Жоғарыда айтылған информатика ғылымы туралы түсінікке ака- демик Н. Н. Моисеевтің берген пікірі де үндес: «басқару үдерістерi туралы ғылым – кибернетиканың негiзiнде пайда болған информа- тика …аяқ астынан біздің көз алдымызда есептеу техникасының көмегiмен мəлiметтердi өңдеудiң құралдары мен əдiстерi туралы техникалық пəннен табиғат пен қоғамдағы ақпарат пен ақпараттық үдерістер жайлы iргелi жаратылыстану ғылымына айналды» [10]. Дегенмен, информатиканың жеке ғылым ретiнде о бастан қалыптаса бастаған кезінде оқымыстылар арасында «информатика деген не?» деген сұраққа жауап беруде толық ынтымақтық болған жоқ.
«Информатиканың қалыптасуы» атты жинақта В. С.Михалевич, Ю. М. Каныгин жəне В. И. Гриценко былай деп тұжырымдайды: «Ин- форматика – ақпаратты қайта өңдеудiң машиналық (ЭЕМ негізінде) жүйесi қызметінің барлық жасау, жобалау, құру, бағалау қырларын, олардың қолданылуы мен əлеуметтiк практиканың əртүрлi салала- рына əсерлерiн оқып зерттейтін кешендi ғылыми жəне инженерлiк пəн» [11]. Соңғы түсініктемеден информатиканың пайда болуының өзі компьютерлік техниканың дамуымен байланысты екендігін ғана емес, сонымен қатар информатика – ЭЕМ дамуының нəтижесi екендiгiнің де айқын көрсетілгендігін байқауға болады.
Информатика ғылымының объектісі мен пəні туралы мəселеге тоқталайық. Жалпы гнесеологиялық тұрғыда ғылымның объектісі мен пəнінiң қарама-қарсы қойылуы салыстырмалы нəрсе болып та- былады [12]. Дегенмен, «ғылымның объектісі» жəне «ғылымның пəні» ұғымдарының айырмашылықтары туралы түсiнiк кез келген ғылымның мəнін анықтау үшін маңызды.
Объект – зерттеушінiң iс-əрекетi бағытталған нақтылық облы- сы, ал пəн – зерттеудің субъектісі мен объектісі арасындағы аралық ұғым. «Ғылым пəні» ұғымы танымның объективті жəне субъективті жақтарының диалектикалық бірлігін білдіреді де, «ғылым объектісі» ұғымымен тепе-тең емес. Пəннің объектіден негізгі құрылымдық айырмашылығы пəнге негізгі, мейлiнше маңызды қасиеттері мен белгілердің кіретіндігінен тұрады.
Орта мектеп дидактикасы туралы оқу құралында бұл айырмашылық көрнекі мысал арқылы былай тұжырымдалады: «əр түрлі ғылым өкiлдерi бiр объектiге əр ғылым саласына сай түрлі есептер, ұғымдар жүйелері тұрғысында əр түрлі көзқараспен қарап, объектiде оның əр түрлi жақтарын, əр түрлi байланыстары мен қатынастарын ерекшелеп көрсетедi».
Оқыту – дидактика маманының, əдіскердің, психологтың, кибернетиктiң зерттеу, танып бiлу объектісі болуы мүмкiн. Бірақ əрбіреуі осы объектіде өз саласына қатыстысын таңдап алып, зерттеудiң əр түрлі мақсатын қояды да, осы мақсаттар пен зерттеу нəтижелерiн əр түрде тұжырымдайды. Бұл əркімнің өз пəні бойын- ша жұмыс істейтіндiгін көрсетеді. Бұл мамандар сабаққа бірге келсін делік. Олардың барлығы бір үдерістi көредi, бiрақ оған əркiм өз ғылымының көзiлдiрiгiмен қарайды. Дидакт мұғалімнің қандай жал- пы дидактикалық əдістерді қолданып, қандай жалпы принциптерді
іске асырғандығы туралы ойлайды. Əдіскер оқыту тəсілдері мен оқу материалының мазмұны осы пəндi мектепте оқытудың мақсатымен сəйкестігіне көңіл аударады.
Психологты көбінесе меңгерудің жалпы заңдылықтарының көрiнiсi ретiнде оқушылардың материалды меңгеру ерекшелiктерi қызықтырса, ал кибернетик үшiн оқыту тура жəне кері байланысы бар басқару жүйесі ретінде қаралады” [13, 9-б.].
Объект – объективтi шындықтың субъектпен өзара қатынаста болатын бөлiгi ретiнде көрінедi, оның үстіне таным объектiсiнiң ерекшеленуiнiң өзi қоғам арқылы пайда болған жəне объективтi шындықтың қасиетiн бейнелейтiн практикалық жəне танымдық iс- əрекеттiң формаларының көмегiмен жүзеге асырылады [12, 452-б.]. Пəндік облыс – берілген (жеке пайымдау, ғылыми теория не бүтіндей теорияның фрагменті ретінде түсінілетін) контекст шеңберінде қарастырылатын объектілер облысы, қарастырудың (пайымдаудың) əмбабаптығы, объектілер класы (жиыны). Мысалы, сандар теория- сында натурал сандар қатары пəндік облыс бола алады (бүтiн теріс емес сандар жиыны) [12, 325-б.].
В. С. Леднев ғылымның «объект» жəне «пəн» ұғымдарын са-
лыстыра отырып қарастырғанда ғылымдардың өз объектiлерiн бейнелеуiнiң аспектілiк жəне объектілiк тəсiлдерiне сүйенедi [14, 85- 87 б.]. Бұл кезде ғылым пəнін анықтағанда оның объектісі ғана емес, “… оның объектісінің ғылыммен бейнелену аспектісі” де ескеріледі [14, 99-б.]. В. С. Леднев кибернетика ғылымының пəні мен объектісін былай сипаттайды: «Кибернетиканың пəндік облысы … тірі табиғатты, адамды, қоғамдық жəне техникалық жүйелерді қамтиды. Бірақ кибернетика бұл пəндік облысты жан-жақты зерттемейдi. Оны (объектілі тұрғыда) биология, антропологиялық, қоғамдық жəне техникалық ғылымдар жан-жақты қарастырады. Кибернети- ка бұл пəндiк облыстың тек ақпараттық-басқару қырын – басқару үдерістерiн зерттейдi. Сонымен бірге ол басқару үдерістерінің белгілі бір жағын ғана, яғни нақты жүйелердiң ерекшелiгiне тəуелдi емес басқару үдерістерiнiң кез келгенiне тəн ортақ заңдылықтарды қарастырады» [14, 90-б.].
Осыдан информатика пəнi кибернетика пəні сияқты өз
қосымшаларының ауқымды облыстарының негізінде, ал оның объектісі табиғаттағы, қоғамдағы кез келген ақпараттық үдерістерге
тəн ортақ заңдылықтар негізінде қалыптасады деген қорытынды шығады.
Шындығында, ақпараттық тəсіл күннен күнге табиғат пен қоғамды танудағы жалпы ғылыми əдіс ретінде қабылдана бастағандықтан, информатиканың кең көлемдегi қосымшалары оның басты ерекшелiгi болуда. Бұл қосымшалар негiзiнен қоғамдық қызметтің барлық саласын: өндіріс, басқару, ғылым, білім беру, жо- балау, сауда, ақша-кассалық операциялар, медицина, криминалис- тика, қоршаған ортаны қорғау жəне т.б., сонымен қатар тұрмыс, жеке iс-əрекеттердi қамтиды. Бұл жерде ақпараттық үдерістер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негiзiнде əлеуметтік басқаруды жетiлдiру өте маңызды.
Информатика нақты ақпараттықүдерістердің (технологиялардың) барлық көптеген түрлеріне тəн ортақ мəселелердi зерттейдi. Осы ақпараттық үдерістер мен технологиялар информатиканың объектісi болып табылады [11, 33-35 б.].
Информатика пəні өзінің қосымшаларының көп салалығымен анықталады. Адам қызметінің алуан түрлi саласындағы ақпараттық технологиялардың (өндіріс үдерістерін басқару, жобалау жүйелерi, қаржы операциялары, білім беру жəне т.б.) жалпы қасиетке ие болғанымен бір-бірiнен айтарлықтай айырмашылығы бар. Сондықтан да амалдар мен процедуралардың түрлі жиынтығына, кибернетикалық аспап-құралдардың əр түрлерiне (көптеген жағдайларда, компьютермен бiрге арнайы құралдар мен құрылғалар пайдаланылады), əртүрлi ақпарат тасымалдаушыларға жəне т.б. негiзделген əртүрлi «пəндік» информатикалар пайда болуда.
Бүгiнгi таңда информатика белсенді ықпал жасап отырған адам қызметі саласының бірі – білім беру жүйесі. Информатиканың орта мектеп мəселесiмен шұғылданатын тармағы мектеп инфор- матикасы деп аталады. Ең алғаш бұл термин А. П. Ершовтың
басшылығымен жасалынған, осылай аталатын концептуалды құжатта кең қолданыс тапқан. Енді осы аталған жұмыстың негізгі қағидаларына сүйене отырып мектеп информатикасы пəніне сипат- тама берейік.
Мектеп информатикасы мектеп оқу үдерісінде ЭЕМ-ді қолдануды программалық, техникалық, оқу-əдістемелік жəне ұйымдастырушылық тұрғыда қамтамасыз етуді зерттеумен жəне жасаумен айналысатын информатиканың бір тармағы ретінде анықталады.
Мектеп информатикасын программалық (немесе матема- тикалық) қамтамасыз ету орта мектептің ақпараттық, басқару жəне оқыту жүйелерiн сүйемелдейді, оның құрамына осы жүйелердi жо- балау мен сүйемелдеуге арналған программалық құралдар, сонымен бiрге оқушылардың, мұғалiмдердiң жəне халық ағарту саласының қызметкерлерiнiң осы жүйелермен қатынас жасауына арналған құралдар кіреді.
Мектеп информатикасын техникалық қамтамасыз етудiң мақсаты, мектептiң оқу-тəрбие үдерісiн сүйемелдеу үшiн қажеттi техникалық құралдарды таңдауды экономикалық негiздеу; мектептегi есептеу техникасына арналған кабинеттердi жабдықтау параметрлерiн анықтау; орта мектепке арналып, ерекше жасалған жаңа құралдар сериясын пайдаланудың тиiмдi қатыстарын табу.
Мектеп информатикасын оқу-əдiстемелiк қамтамасыз ету – мек- теп информатика курсы бойынша, сонымен қатар информатиканың əдiснамалық ықпалына түсе алатын барлық мектеп пəндерi бо- йынша жəне оқыту барысында информатика құралдарын пайдалану жоспарланған курстар бойынша оқу бағдарламаларын, əдiстемелiк құралдар, оқулықтар жасаудан тұрады.
Оқу үдерісіне жаңа ақпараттық технологиялардың енуiне жəне оны сүйемелдеуiне байланысты ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мəселелерi күрделi де, əр қилы, əсiресе бұл мектепте бiлiм берудi компьютерлендiрудiң алғашқы кезеңiнде байқалады. Бұған, атап айтқанда, мектеп информатикасының техникалық базасын қамтамасыз ету мен ары қарай сүйемелдеу бойынша техникалық- ұйымдастыру шаралары; əдiстемелiк құралдар, педагогикалық программалық құралдар (ППҚ) жасап, оларды көбейтудi жəне мек- тепке (ҚБЖ) жеткiзудi ұйымдастыру; оқу-ағарту жүйесiнiң барлық деңгейлерiндегi мамандарды, əсiресе, информатиканы жаңа пəн ретiнде, басқа пəндердi оқытуды жетiлдiру құралы ретiнде, ойлау стилi ретiнде жалпы мектепке ендіруге қабілетті мектеп мұғалiмдерiн дайындау жəне қайтадан дайындау жатады.
Информатиканың дамуына байланысты оның кибернетика- мен өзара байланысы жəне шектелуі туралы сұрақ туындайды. Осыған орай, кибернетика ғылымының пəнін дəлірек анықтап, оның қатаңырақ түсіндірмесін келтіру қажет. Информатика мен ки- бернетика басқару тұжырымдамасына негізделген көптеген ортақ қасиеттерге ие, дегенмен «… информатика кибернетикаға бүтіндей
енiп кетпейдi” [11, 35-б.]. Информатика мен кибернетиканы шек- теу жолдарының бірi – информатиканың зерттеу аумағына кез кел- ген кибернетикалық (табиғаты кез келген жүйелердi: биологиялық, техникалық жəне т.б.) жүйелердегi емес, тек əлеуметтiк жүйелердегi ақпараттық технологияларды зерттеуді ғана жатқызу. Сонымен бiрге кибернетикада кез келген жүйедегі ақпарат қозғалысының ортақ заңдарын зерттеу сақталады да, ал информатика «осы теориялық iргеге сүйене отырып, технологияны, яғни ақпаратты өңдеу, та- рату, пайдаланудың негізгі тəсілдері мен əдiстерiн зерттейдi. Кибернетикалық принциптер дербес нақты жүйелерден тəуелдi емес, ал информатиканың принциптері əр кезде де осы нақты жүйелермен технологиялық байланыста болады» [11, 36-б.].
Информатиканың барлық бөлімдері бір уақытта пайда болған жоқ. Информатика тарихы оның мүдделері ауқымының бiртiндеп кеңеюіне байланысты. Кеңею мүмкіншiлiгі компьютерлердің да- муымен жəне модельдердің жинақталуымен жəне оларды əртүрлі типтегі есептерді шешу үшiн қолдану əдiстерiмен байланысты бол- ды.
Д. А. Поспелов айтқандай қазіргі уақытта информатика құрылы- мын келесі негізгі зерттеу аумақтары анықтайды [3]:
алгоритмдер теориясы (алгоритмнің формалды модельдері, есептелу проблемалары, есептеу қиындықтары жəне т.б.);
логикалық модельдер (дедуктивтiк жүйелер, шығару күрделiлiгi, дəстүрлi емес есептеулер: индуктивтiк жəне дедуктивтiк шығару, аналогия бойынша шығару, шындыққа жанасымды шығару, монотонды емес пайымдау жəне т.б.);
мəлiметтер қоры (мəлiметтер құрылымы, сұранысқа жауап iздеу, мəлiметтер қорындағы логикалық шығару, белсендi қорлар жəне т.б);
жасанды интеллект (бiлiмдi (мағлұматтарды) өрнектеу, бiлiм
(мағлұматтар) негізінде шығару, оқыту, сараптық жүйелер жəне т.б.);
бионика (биологиядағы математикалық модельдер, мiнез- құлық модельдері, генетикалық жүйелер мен алгоритмдер жəне т.б.);
үлгiлердi тану жəне көрiнiстiк сценаларды өңдеу (танудың статистикалық əдiстерi, (мəндi) кеңiстiктi пайдалану, тану алгоритм- дер теориясы, үш өлшемдi көрiнiстер жəне т.б.);
роботтар теориясы (автономды роботтар, əлем туралы білімді өрнектеу, орталықтанбаған басқару, мақсатқа сай мінез-құлықты жо- балау жəне т.б.);
математикалық қамсыздандыру инженериясы (программалау тiлдерi, программалық жүйелердi құру теориясы, инструментальды жүйелер жəне т.б.);
компьютерлер мен есептеу жүйелері теориясы (архитектуралық шешімдер, ақпаратты өңдеудің жаңа принциптері жəне т.б.);
компьютерлер мен есептеу желiлерiнiң теориясы (архитек- туралық шешiмдер, көпагенттiк жүйелер, ақпаратты өңдеудiң жаңа принциптерi жəне т.б.);
компьютерлiк лингвистика (тiлдiң моделi, мəтiндердi талдау мен синтездеу, машиналық аударма жəне т.б.);
сандық жəне символдық есептеулер (есептеудiң компьютерге бағдарлы əдiстерi, əртүрлi қолданбалы салалардағы ақпаратты өңдеу модельдерi, жаратылыстық-тiлдiк мəтiндермен жұмыс жəне т.б.);
адам мен машина арасындағы iс-əрекет жүйелерi (дискурс модельдерi, аралас жүйелердегi жұмыстарды бөлу, ұжымдық про- цедураларды ұйымдастыру, телекоммуникация жүйелерiндегi iс- əрекеттер жəне т.б.);
нейроматематика жəне нейрожүйелер (формальды нейрон желiлері теориясы, нейрон желiлерiн оқытуда қолдану, нейроком- пьютерлер жəне т.б.);
компьютерлердi тұйық жүйелерде қолдану (нақты уақыт моделдерi, интеллектуальды басқару, мониторинг жүйелерi жəне т.б.).
Төменде информатиканың пəндiк саласының құрылымы берiлген.
Достарыңызбен бөлісу: |