2.6. Жазушылар шығармаларындағы байырғы өлшем бірліктер
Бүгінгі таңда қазақ өлшемдері көпшілік ортада жиі қолданыла бермейді. Себеп те бар шығар. Алайда, көркем әдебиетті оқып жатып, кейде түсінбей қалып жататын жайымыз бар. Ондағы жазылатын өлшем бірліктері көнерген сияқты болып көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде қазақ халқында өлшем бірлікке байланысты айтылатын әдемі сөздер жеткілікті.
Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ең алдымен әр түрлі әдебиеттердегі байырғы өлшем бірліктері туралы ақпараттармен таныс болдық. Зерттеудің келесі кезеңінде классик жазушы Мұхтар Әуезов, Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкей, қара сөздің шебері Қалихан Ысқақ сынды аймақтық жазушылардың шығармаларымен танысып, шығарма беттерінен байырғы өлшем бірліктерін табуға тырыстық. Оралхан Бөкей «Апамның астауы» әңгімесінде «Бір-бір арқа отын көтеріп ең алда апам, содан кейін құндыздай шулаған біздер, күліп-ойнап келе жатыр едік». (83-бет), ал «Ардақ» әңгімесінде «Әйтпесе бір атым насыбайға бола өкпелескен абысындардай тосыраңдай қашатын қылық менің ғана мінім бе?» (26-бет). «Айпара ана» атты шығармасында «Кемпірқосақ қол созым жерде уықтай иіліп тұрар еді» (60-бет) деп суреттеген. Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» повесінде «Дөрбиген торсық танау қайыс бәтеңкенің басына табаным кере қарыс жетпей қалды» (22-бет), ал «Тұйық» атты романында «Зор денелі жігіттің сала құлаш кеудесін қап жаншып тастағандай, көмірдей тықыр бұйра шашы боз қыраудан бурылға айналған» (147-бет) деп жазған. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-томында «Жидебайдан жиырма шақырым жердегі Шыңғыс кешкі шақта ымырт жабыла, көкшілденіп, суық тартып алыстай береді» (90-бет) Бұл сөйлемдерден бір арқа отын, бір атым насыбай, қол созым жер, кере қарыс, сала құлаш, шақырым сияқты т.б. байырғы өлшем бірліктерін шығарманың өн бойынан кездестіруге болады. Сөз маржанын терген ағаларымыздың еңбектерін оқу арқылы сөздік қорымызды байытсақ, тілдік мұрамызға бір табан жақындай түсер едік. Зерттеудің үшінші кезеңінде оқушылардан сауалнама алдық. Сауалнамаға қазақ сыныптарынан 68 оқушы қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша "Қазақтың байырғы өлшем бірліктерімен таныссың ба?" деген бірінші сауалға сұралған оқушылардың 60% "жоқ", 40% "иә"деп жауап берді."Байырғы өлшем бірліктері бізге қажет пе?" деген екінші сауалға сұралғандардың 50% "қажет емес", 30 % "қажет ",10% "білмеймін" деп жауап берді. Біз тек көркем әдебиеттен ғана оқимыз деген жауаптар да болды. Ұзындық өлшемдерінен аттам, қарыс, адым деген сөздерді жиі айтса, қалыңдық өлшемдерінен шынашақ, елі деген ұғымдарды сирек те болса қолданады екен. Салмақ өлшемдерінен титтей, бір жапырақ ,бір жұтым, бір тілім, бір үзім, бір шелек (су, сүт), бір қап (ұн, қант) деген сөздерді күнделікті тұрмыста үнемі сөз арасында айтса, ал қашықтық өлшемдерінен ит өлген жер, ит арқасы қиянда, жер түбі, алты айшылық жер сияқты фразеологизмдерді қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сөйлем құрағанда, шығарма жазғанда ғана алса, шақырым сөзін математика сабағында мәселе есеп шығарғанда жиі қолданады екен. Біздің зерттеуімізше, қазақ балаларының ауызекі сөйлеуі жатық емес, қанағаттандырмайды. Оқушының әдеби тілмен айшықтап, мақалдап сөйлеуі, теңеулер келтіріп, өз ойын анық, өз дәрежесінде жеткізуі жоқтың қасы. Оқушыға суырылып сөйлеу тұрмақ, қара дүрсін әңгімелеудің өзі бір алынбас қамалдай. Көңіліндегі небір жақсы ойды айтуға келгенде берекесі қашып, сәні болмай, еңсесі түсіп, білгенін айта алмау қазақ баласына тән қасиет болып барады. Сондықтан да, баланың тілдік қорын дамытуда көркем әдебиетті оқудың маңызы зор деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |