Қазақстан археологиясы


Көшпелілердің археологиялық ескерткіштері



жүктеу 7,26 Mb.
бет21/28
Дата25.11.2017
өлшемі7,26 Mb.
#1420
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   28

Көшпелілердің археологиялық ескерткіштері
Жетісу ескерткіштері. Жетісудың Қазақстан жағындағы аумағынан ортағасырлық көшпенділерінің бірен-саран ғана обалары қазылған, ал бұл уақыттың мәдениеті кездейсоқ табылған олжалар бойынша ғана белгілі болып отыр.

Моңғол заманына жататын ыдыстар, ІХ-Х ғасырлармен мерзімделген нефрит қапсырмалар, белдікті әшекейлеп тұрған қола қапсырмалар мен жапсырмалар ерекше қызығушылықтуғызады.

Ат қоса жерленген түркі замандағы қабірдің бірі Алматыдан шығысқа қарай 20 км жердегі Алатау кентінен қазылған, ол VІ-VІІ ғасырлармен мерзімделінген.

Мола шұңқыры 1,2-1,4 м тереңдіктен анықталған, оның ұзындығы 2,3 м, ені 1,3 м. Шұңқырдың оңтүстік бөлігінен аяғы бүгілген, бас сүйегі солтүстік-батысқа қаратылған жылқы қаңқасы аршылған.

Шұңқырдың солтүстік бөлігінде адам қаңқасы орналасқан. Жерленген адам шалқасынан жатқызылған, басы оңтүстік-шығысқа қаратылған. Моланы тазалау барысында садақтың сүйек жапсырмасы алынған. Тілі қозғалмалы, қалқаншасында адам бейнеленген қола айылбас табылған. Белбеу жапсырмалары нәзік торлы қапсырмалардан тұрады. Сонымен бірге күміс қаңылтыршамен қапталған ағаш түйме, ілгекті темір үзеңгі алынған.

VІІІ ғасырмен мерзімделінген тағы бір оба Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 км жердегі Қызыл-Қайнар қойнауынан аршылған.

Оба диаметрі 7 м, биіктігі 0,3 м. Тас үйінді астынан ұзындығы 2,1 м, ені 1,2 м қабір шұңқыры аршылған. 1,3 м тереңдіктегі текпішектен қабырғаларының астында темір үзеңгі жатқан жылқы қаңқасы аршып алынған.

Адам сүйектерінің орналасуына қарағанда, ол ұзынынан басы солтүстік-шығысқа қаратылып жатқызылған. Онымен бірге қабірге садақ (сүйек жапсырмалары ғана сақталған), ағаш қабығынан істелінген қорамсақ, үш қалақты жебе қойылған. Белбеу тұсынан рама және жүрек тәрізді қола қапсырма, сілеусін басымен аяқталатын сүйек алқа алынған.

Обаны зерттеген автор Жетісуды сол замандарда мекендеген қарлұқ тайпаларымен байланыстырады.

Кейінгі уақыттағы қабірлерге Талдықорған қаласы маңындағы Қадырбай, Алматы қаласынан батысқа қарай 160 км жерде орналасқан Қарақұдық қойнауларындағы қоршаулар мен обалар жатқызылған.

Қарақұдық қорымындағы қоршауларға жерленгендер топырақ қабатында жасалынған шұңқырға басы солтүстік-батысқа бағытталып, ұзынынан шалқая қойылған; Қадырбай қорымындағы қоршаулар – шикі кірпішпен жабылған ұңғыма қуыстан тұрады, оларға да осы жерлеу ғұрпы тән. Бұл молалардың қабірінен ислам ықпалы (бағыты, құрал-сайманның болмауы) аңғарылады. Олар ХІІІ-ХVІ ғасырлармен мерзімделінеді.

Тянь-Шань, Қырғызстан аумағындағы ортағасырлық көшпенділер жерлеу ескерткіштері (оба, қоршау, т.б.) біршама жақсы зертелінген.

Тянь-Шань көшпелілерінің обалары мен ғұрыптық ескерткіштері екі хронологиялық кезеңді қамтиды.

Ерте кезеңге (VІ-Х ғасырлар) жеке немесе топты обалар тән. Қорымға тән негізгі белгі олардың аумағында тас плиталарынан жерге қазылып, көмілген шаршы немесе тікбұрышты тұрпаттағы ғұрыптық қоршаулардың болуы. Ғұрыптық қоршаулардың батыс не болмаса шығыс жағында тас мүсіні немесе құлпытас орналасады. Сөйтіп, обалар мен ғұрыптық (еске алу) құрылыстар біртұтас кешенді құрады. Оба үйінділері топырақтан, тастан тұрғызылған; тас пен топырақ араластырып үйілгендері де бар; топырақпен көтеріліп, тас сауытпен жабылғандары да ұшырасады. Үйінділер әдетте үлкен, жоспары бойынша сопақша болып келеді, шаршы секілділері сирек. Обалардың диаметрі 3-6,5 м, тікбұрышты обалар 4х4 м-ге дейін жетеді немесе 8х5,6-5,5 м. Кейде оба үйіндісінен күл, керамика, мал сүйектері секілді берілген астың қалдықтары да табылып жатады.

Мүрде қабір шұңқырына, үңгімелерге, катакомбаларға қойылды. Адам мен жылқы арасына тастан далда жасалған ескерткіштер де ұшырасады.

Өлікті жерлеу ғұрпы жүзеге асырылған. Қайтыс болған адам шалқасынан жатқызылған.

ҮІ-Х ғасырлардағы қабірлердің басты айырмашылық белгісі жылқының адаммен бірге жерленуі болып табылады, екеуінің басы қарама-қарсы жаққа немесе бір жаққа бағытталуы мүмкін. Жылқының денесін адам денесімен бір деңгейге қойды не болмаса бір саты төмен немесе жоғары қойды.

Атсыз жерленген адам қабірі де кездескен. Жерленгендердің бағытталуы да әркелкі. Тек жылқы ғана жерленген молалар да ұшырасқан.

Аттар бүкіл әбзелдерімен бірге жерленген. Молаға кейде жылқы жүгендерінің бөлшектерімен бірге қой да қойылды. Мүрдемен бірге қабірге керамика, пышақ, айна, белдік, қару-жарақтар – жебе ұштары, сүйек жапсырмалы садақ, қорамсақ, қылыш қойылған болатын. Айылбастар, жебе ұштары, белбеу жиынтығынан алынған қапсырмалар ерекше қызығушылық туғызады. Олар біртегіс болып жасалды не болмаса жан-жануарлардың, балықтың бейнелерімен, өсімдік суреттерімен сәнделді. Жиынтық белбеулер (кісе белдіктер) әскери және әлеуметтік рәміздік қасиеттерге ие болды.

Қабірлерден әшекей бұйымдар арасынан қола сырғалар, сақиналар, жүзіктер табылған. Сырғалар көбіне жүзік секілді пішінде жасалынды. Сондай-ақ қабірлерден керамика, ағаш ыдыстар алынған. Әйел адамдардың қабірінен қола айналар шығып отырады.

Металдан жасалған қыруар заттар қалалық орталықтарда, отырықшылық аумақтарда дайындалғандығы анық.

Ал ХІ-ХІҮ ғасырлардағы көшпелі түркі мәдениетіндегі жерлеу дәстүрі біршама өзгереді.

Молаларға биіктеу жерлер, тау баурайлары таңдап алынды. Қорымдар обалардың шағын бөлігінен (25-ке дейін ғана) тұрды, жекелеген обалар да ұшырасады, оба үйінділері тастан, топырақтан көтерілді. Үйінділері дөңгелек, сопақ, тікбұрышты. Сопақ үйінділі обалар астында ислами дәстүрде жерленген қабірлер болады.

Обалардың диаметрі 4,5 м-ге, биіктігі 0,20 м-ге жетеді. Үйінділерден берілген астың қалдықтары (күл, сүйек) да аршылып алынып жатады.

Оба астына иықшалы қабір шұңқырлары салынды, оларға ағаштан немесе тас плитадан жасалынған жабынды тіреліп тұрды. Иықшасыз шұңқырлар мен тас жәшіктер де кездеседі. Мүрделердің басы солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай бағытталған. Мүрделер қабір түбіне ұзынынан арқасымен қойылды. Жандарына қой сүйектері қойылды.

Жетісу қабірлерінен қой сүйектерінің табылуы Байкалдың сыртқы жағындағы, Моңғолиядағы қабірлермен жақындастырады. Бәлкім, бұл ғұрып моңғол мәдениетінің ықпалымен байланысты да шығар. Мүмкін, ежелгі моңғолдар бұл дәстүрді түркілерден алған да болар.

Ат әбзелдерінен ер, жүген, үзеңгі, сүйек және темір айылбастар, жүген әшекейлері, сәндік қола тоғалар көп ұшырасады.

Үзеңгілер темірден жасалынған, дөңгелек, арка және сопақ пішінде.

Ерді еркек, әйел және жас балалар пайдаланғандығын да археологиялық материалдар растайды. Жүгендердің сақиналы түбі мен ауыздықтары болды.

Жебе ұштары жалпақ және линза тәрізді, барлығы темірден дайындалды, алайда сүйектен істелінгендері де кездесіп қалады.

Садаққа сүйек жапсырма салынды.

Негізі ағаш қабығынан жасалып, терімен қапталған қорамсақ қалдығы табылған. Қорамсақтың ұзындығы 72 см-ге, мойын тұсындағы ені 12 см-ге жеткен.

Жебе ағаштарының ұзындығы 55-56 см.

Әшекейлер арасында сырғалардың бірнеше түрі (ұштары қосыла қоймаған жүзік түріндегі, сұрақ белгісі немесе сегіз секілді) анықталған.

Балық бейнесі салынған, арабша тілектер жазылған қола айналар да ұшырасқан.

Тұрмыстық заттар арасында «моңғол типіндегі» өсімдік өрнекпен әшекейленген сабы көлденең орнатылған қола тостағандар кездескен. Тері боқша қалдықтары, қайшы, пышақ ұшырасқан.

Киім қалдықтарынан «боқа» деп аталған биік бас киімдер белгілі, олардың негізі ағаш қабығынан жасалынды. Мұндай бас киімдер моңғол заманында кеңінен таралған болатын.

Бірқатар археологтар бұл кездердегі қабірлерді қыпшақтармен байланыстырады.

Осы кездері ислам дінінің жосын-жоралғылары бойынша жерленгендер көбірек тарай бастайды. Кесене-күмбездерде жерлеу де орын алады. Ақсүйектер мен бақуатты адамдардың қабірінің үстіне күйдірілген кірпіштен кесенелер тұрғызылды. Олар өсімдік және эпиграфикалық өрнектермен әшекейленді.

Қимақтар мен қыпшақтардың археологиялық мәселелері. Қимақтар. Бұл халықтың атауы мұсылман авторларына белгілі болған мемлекеттің атына (қимақтар мемлекеті, қимақтар елі) айналған. Бірлестіктің негізін Батыс түрік қағанаты құрамына енген түркі тілді яньмо тайпасы қалаған деген де топшылау бар. Келесі бір зерттеушілер қимақтар атауын шығыстан келген кумоси тайпасымен байланыстырады. Қимақтар туралы мағлұматтар шығыстанушы Б.Е.Көмековтың еңбектерінде арнайы қарастырылған. Қимақтар арасынан бұрын олардың бір тайпасы болған қыпшақ халқы (Еуропада коман, орыс жылнамаларында половцы аталған) келіп шықты. Соңғы жылдары бірқатар шығыстанушы-мамандар (Б.Еженханұлы) қыпшақтар б.з. ІІІ ғасырларындағы дереккөздерінде пайда бола бастаған деген пайымдау да айтып жүр.

Қыпшақтар түркі халықтарының – қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, татар, башқұрт, алтай және Солтүстік Кавказдың кейбір халықтарының ұлт ретінде қалыптасуына қатысқан. Қыпшақ этникалық бөлшектері османлы түрік, мысыр, венгр құрамына да енген. Қыпшақтар тарихы, олардың мәдениетінің ерте кезеңдері Қазақстанмен тығыз байланысты. Қимақтардың (йемек, кимек) Қазақстандағы Ертіс бойында алғаш рет пайда болуы VІІ ғасыр орта кезінде орын алған болуы ықтимал, алайда олардың ІХ ғасыр ортасына дейін өмір сүргендігі жайлы мәліметтер әлі мардымсыз болып отыр.

ІХ ғасырда қимақ федерациясы қалыптасады, оның құрамына деректерде «қимақтарға қарағанда, жабайы. Патшасын қимақтар тағайындайды» деген қыпшақтар да болды. Келтірілген материалдар қимақ-қыпшақ бірлестігі тарихындағы (федерацияның қалыптасуы) екінші кезеңді – ІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысына жатқызуға мүмкіндік береді.

Үшінші кезең қимақ-қыпшақ тайпаларының кең аймаққа таралуымен, Еуразияның үлкен өңірлерін игеруімен байланысты, бұл өз кезегінде Х-ХІІІ ғасырларда олар құрған белгілі бір мәдени қауымдастықтың қалыптасуына алып келді.



Ертіс өңіріндегі қимақтардың археологиялық ескерткіштері. Шығыс Қазақстан (Ертістің жоғарғы ағысы) аумағындағы біздің заманымыздың І-мыңжылдығы соңына жататын бірқатар ескерткіштердің қимақтарға жататындығын осы сауалмен айналысқан зерттеушілердің (С.С.Черников, Ф.Х.Арсланова, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова, т.б.) барлығы құптайды. 1973 жылы Д.Г.Савинов Солтүстік Алтай мен Оңтүстік-Батыс Сібір маңындағы аудандарды қамтыған сросткин мәдениетінің ескерткіштерін қимақтармен салғастыруды ұсынды.

Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Алтай материалдарының өзара жақын екендігі Батыс Сібірдегі дәл сондай ескерткіштер қазбаларынан кейін нақтыланды, алынған мағлұматтар осы аймақта біртұтас мәдени дәстүр таралғандығын көрсетіп берді, оның негізгі өзегі Ертіс өңірінде болғандығы байқала бастады.

Ертіс алабында мейлінше ірі археологиялық зерттеулерді С.С.Черников (Пчела, Қызыл-Ту, Славянка, Юпитер қорымдары), Е.И.Агеева мен А.Г.Максимова (Трофимовка, Подстепное, Совхоз 499, т.б. қорымдар), Ф.Х.Арсланова (Зевакино, Орлов, Бобров қорымдары, т.б.) жүргізген. Өткен ғасырдың соңына қарай Шүлбі ГЭС-ы салынуына орай С.М.Ақынжанов пен Ю.И.Трифонов осындағы ортағасырлық молаларды қазған болатын. Жартас, Измайловка, Ақши-2, Қарашат қорымдарынан алынған материалдар толығымен жарияланған. Бұл ескерткіштерден ІХ-Х ғасырлармен (ішінара ІХ-ХІ ғасырларға жататындары да бар) мерзімделінетін жүзден астам молалар зерттелген. Қолдағы материалдар Жоғарғы Ертіс маңындағы аудандарға ескерткіштердің біршама бөлігі шоғырланғандығын көрсетеді, бәлкім, бұл өңір қимақ мемлекетінің орталығы да болған шығар.

Қимақтарға жататын археологиялық мәдениеттің ерте кезеңі, қалыптасуы әзірге мардымсыз қарастырылған. Бұл кезеңге Шіліктіде (С.С.Черников) жылқы жерленген қазба (үңгімелі) қабірді, Подстепное ауылы маңындағы қираған қабірді жатқызуға болады. Подстепное қабірінен үсті тегіс қапсырма, ал Шілікті қабірінен үш қанатты жебе ұштары, садақтың ортаңғы жапсырмалары, айылбас, жүген мен түйіндерді шешуге арналған зат шыққан.

Жылқы қосып жерлеу қимақ қабірлерін VІ-VІІІ ғасырлардағы алтайлық түркілердің молаларымен жақындастырады.

VІІІ-ІХ ғасырларға Орлов-І қорымындағы оба жатады, одан діңгек-табытқа (колодаға) жерленген жас өспірімнің мүрдесі шыққан, мүрденің басы шығысқа бағытталған және жанына бай қабір-саймандары қойылған. Діңгек-табыттың жоғары жағынан шашырап жатқан ер адамның қаңқасы, ал қасындағы оңтүстік жақтағы текпішекшеден үш аттың сүйегі мен ит қаңқасы шыққан. Жерлеу ғұрпына қарағанда Орлов обасы Таулы Алтайдағы Курай қорымындағы бай молаларды еске түсіреді. Алайда бұл уақытқа жататын ескерткіштер Ертіс өңірінде өте аз ұшырасады.

Екінші (ІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысы) және үшінші (Х ғасыр – ХІ ғасыр бас кезі) кезеңдерге Ертіс аңғарындағы қимақ қабірлерінің басым бөлігі жатады. Ертіс алабында олардың кеңінен таралуын ескерсек әрі қазіргі күнгі зерттеулерді бағамдасақ, онда қимақтардың археологиялық мәдениетінің бұл өңірден кем дегенде екі жергілікті нұсқаларын бөліп қарастыруға болады. Олар – Жоғарғы Ертіс пен Павлодар нұсқалары. Болашақта сросткин мәдениетінің новосібірлік нұсқасымен жалғасып жатқан омбылық нұсқаны да бөлуге мүмкіндік туатындығы анық.

Жоғарғы Ертіс нұсқасы. Шығыс Қазақстан аумағындағы ІХ ғасыр ортасы мен ХІ ғасыр бас кезіне жататын ескерткіштер қимақ-қыпшақтар құрған бірлестіктің орталық ауданындағы олардың мәдениетін айғақтайды. Молалар жерлеу ғұрпы мен қойылған бай құрал-саймандары бойынша ерекшелінеді. Мәселен, С.Черников қазған обалар былайша сипатталынады: мүрде жалғыз жерленген, қасына ат, жылқы терісі немесе жүген-ноқта асай-мүсейлері қойылған; кенотафтар да ұшырасады; мүрде ағаш табытқа салынып, жерден қазылған (үңгімелі) қабірге жерленген, қасына жылқы немесе ноқта-жүгендер қойылған. Ф.Х.Арсланова қазған Зевакино қорымына текпішекшесіне ат қойылған (ит сирек) жеке адам қабірі; кейде бір оба үйіндісінің астында бірнеше қабірлердің болуы тән. Шүлбі ГЭС-ы аймағындағы қазба жұмыстарының барысында да мол материалдар жинақталған. Мұндағы ерекшеліктер былайша сипатталынады: жалпағынан қойылған плиталардан тұрғызылған төрт бұрышты қоршаулар, кейде тігінен құлпытастар орнатылады; жер қабатынан (топырақтан) қазылған сопақ шұңқырлар, текпішекшелі немесе үңгімелеп қазылған шұңқырлар; жеке-дара, қос адамдық, ұжымдық қабірлер; ат қосып жерленген, жылқы терісі немесе мүрденің аяқ жағына ат әбзелдері қойылған қабірлер; қабірхана ішінде ағаш рама, діңгек-табыт, тас жәшік секілді құрылыстары бар молалар. «Ұзын обалар» деп аталынатын ескерткіштер тобы да дараланады. Олар адамдардың бір-біріне жалғасқан (үлкен-кіші) 2-8 қоршауларынан тұрады. Барлық мүрделер шығысқа және солтүстік-шығысқа қарай бағытталған.

Сайып келгенде, Шығыс Қазақстандық қимақтардың жерлеу ғұрпының өзіндік келбеті бар, ол қимақ-қыпшақ қауымдастығының қалыптасуындағы күрделі процестер аясына сай келеді. Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан қабірлеріндегі ерекшеліктермен қатар, қимақтардың археологиялық мәдениетінің Жоғарғы Ертістік нұсқасын өзара байланыстыратын заттар кешені де анықталған, олар: айқыштамасы тік келген екі жүзді ауыр қылыш; сегіз саны секілді бөліктері мен үлкен сыртқы сақиналардан тұратын ауыздықтар; S-тәрізді («етікшелі» темір және «балық құйрығы» сияқты аяқталынатын сүйек) сулықтар. Жебе ұштары үш қанатты, жалпақ және ланцет (қияқ) тәрізді; садақтың ортаңғы жапсырмалары мен қорамсақтың сүйек қапсырмаларына циркуль өрнек түсірілген; үзеңгілер ілгек секілді, т.б. Заттардың (белдік, кісе, жүген, т.б.) көпшілігіне алтын жалатылған және өсімдік (геометриялық ою-өрнектер сирек) өрнектері салынған. Бағалы металдардан жасалынған фантастикалық хайуанаттардың (самұрық, қанатты арыстан, т.б.) бейнелері қимақтардың Қазақстан мен Орта Азия отырықшы орталықтарымен тығыз байланыс орнатқандығын көрсетеді.

Жоғарғы Ертіс өңіріндегі қимақ археологиялық ескерткіштеріндегі күрделі этникалық «стратиграфия» мұндағы мәдениеттер тоғысымен түсіндіріледі.

Павлодар нұсқа. Археолог Ф.Х.Арсланова зерттеген Бобров қорымы Павлодарлық Ертіс маңындағы ҮІІ-ІХ ғасырларға жататын ең ірі ескерткіш болып табылады. Оған жеке қабірлер, жанына ат қойылған өртелген мүрде, үңгіп қазылған қабір шұңқыры, мола ішіндегі құрылыстарға ағаш рамаларды, ағаш қабықтарын кеңінен қолдану тән болып келеді. Павлодарлық Ертіс маңындағы басқа қорымдардан жылқының бас сүйегі мен құйымшағы, қайың бөренелерімен беті жабылған сопақша қабір шұңқыры, «ағаш жәшікке» мүрде қойылған қабір, бір оба үйіндісі астында бірнеше молалар, үйіндіден керамика мен мал сүйектері шыққан. Павлодарлық Ертіс маңында плиталары көлденеңінен орнатылған, құлпытастары тігінен қойылған шаршы қоршаулар, «ұзын обалар» мен тас жәшікке жерлеу ғұрпы байқалмайды.

Молалардан алынған құрал-саймандар Жоғарғы Ертіс маңындағы заттар жиынтығына жақын. Бірақ, бұл жерден жоғарыда айтылған қылыштар кездеспейді. Әшекейлер арасында торлы қола алқалар ұшырасады. Керамика олжалары да кездесіп отырады. Мәселен, Бобров қорымындағы обалардан 44 дана ыдыс алынған. Кейбір материалдар (керамикадағы ромб өрнектер мен ланцет түріндегі жебе үштары) Тува аумағындағы материалдарға ұқсайды (Л.Р.Кызласов). Мұндай түрлі мәдени бөлшектердің ұшырасуы Павлодарлық Ертіс маңы аумағында этникалық және мәдени ассимилиация процестері күрделі жағдайда өткендігін, тұрғындардың Шығыс Қазақстан, Саян-Алтай мен Батыс Сібір өңірлеріндегі халықтармен тығыз байланыс орнатқандығын көрсетеді.

Қимақ мәдениетінің іздері Орал маңына дейінгі аймақтарға таралған. Мұндағы Синеглазово көлі жанындағы обалар кешені азар аударуға тұрарлық. Синеглазово материалдарын жариялаған С.Г.Павлов пікірінше: «Синеглазово типіндегі екешендер қимақ-қыпшақ көшпенділерінің Оңтүстік Орал маңы мен Кама өңіріне ішкерілеп ену динамикасын көрсетуі ықтимал».

Осындай келбеттегі жекелеген олжалар Жетісудан да ұшырасады, бұл өз кезегінде мұнда қимақтардың жылжығандығын сипаттаған жазба дереккөздеріндегі мәліметтермен де сәйкес келеді. Әсіресе мұны Жоңғар Алатауының беткейлеріндегі Текелі қаласы маңынан зерттелеген қираған қабір материалдары да нақты көрсетеді. Сонымен қатар ат қосып жерлеу мен заттық кешендер ұқсастығы Қызыл-Қайнар, Айнабұлақ қорымдарынан да байқалады. Бұл қабірлердің кейбір материалдарын зерттеушілер қарлұқтарға балайды. Жоғарғы Ертіс пен Жетісуда қолдарында ыдыс ұстаған антропоморфты құлпытастар түріндегі тас мүсіндеркеңінен таралған.

Қимақтар мәдениеті таралған басқа аудандарда, соның ішінде Солтүстік Алтай мен Батыс Сібірдің оңтүстігінде сросткин мәдениетінің аумағында мұндай мүсіндер жоқ.

Сросткин мәдениетінің жіктелген нұсқаларынан (солтүстік-алтай, кемерово, новосібір, батыс-алтай) Ертіс алабындағы қимақ мәдениетіне ең жақыны батыс-алтай нұсқасы болып табылады.



Қыпшақтардың археологиялық ескерткіштері. Қимақ-қыпшақ бірлестігіне кіргенге дейінгі және сол мемлекет құрамында болған кездегі қыпшақтардың ескерткіштері нақты анықталына қойған жоқ. Дегенмен Шығыс Қазақстан, Солтүстік және Батыс Алтай мен Батыс Сібірмен шектесіп жатқан өңірлердегі осы уақытқа жататын көптеген ескерткіштер арасында қыпшақтардың да қабірлері бар екендігі айдан анық; алайда нақты дифференциялайтын белгілердің болмауы қыпшақ мәдени кешенін бөліп көрсетуге шынайы мүмкіндік бермей отыр.

Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдегі қыпшақтардың археологиялық ескерткіштерін бөліп көрсетудің бір жолы шығысеуропалық көшпенділер мәдениетінен, яғни қыпшақ-половцы нысандарынан ұқсастықтарды іздестіру болып табылады. Алайда шығысеуропалық көшпенділер ескерткіштерімен ұқсастық, жекелеген сросткин (қыпшақ?) мәдениеті белгілерінің болуына қарамастан, тек оның этнодифференциялдық белгілерін жалпылама түрде ғана сипаттайды. Бұл сросткин мәдениетімен өте жақын кейбір Оңтүстік Орал маңындағы ескерткіштер кешеніне де қатысты.

Бір айта кететін жайт, қыпшақтар қимақ-қыпшақ этноәлеуметтік бірлестігінің құрамында болған кезде, жазба деректемелерге қарағанда біртұтас этносты құрамаған, олар тоғыз тайпадан тұрған. Сондықтан да олардың арасында түрлі мәдени дәстүрлердің болғандығын, яғни әркелкі жерлеу ғұрпы мен сан алуан заттық кешендердің таралғандығын топшылауға болады. Сондай-ақ басқа этникалық топтар арасында да қыпшақтардың өмір сүргендігі анық, бұл да өз кезегінде қыпшақтардың археологиялық мәдениетін бөліп көрсету мәселесін қиындата түседі.

Қыпшақтардың қорымдары мен жекелеген молалары Жетісу мен Орталық Қазақстаннан табылып, зерттелген.

Осындай қабірлердің бірі Тараз қаласы маңынан табылған. Диаметрі 9 м, биіктігі 0,4 м үйінді астынан ұзындығы 2,5 м, ені 1,15 м қабір шұңқыры аршылған. Шұңқыр ұзын жағымен солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Басы солтүстік-батысқа бағытталған шалқасынан жатқан мүрде ағаш табытқа қойылған. Табыт шіріп кеткен. Бас сүйегінің жанынан күміс алқа табылған, иық тұсында күміс ыдыс тұрған. Осы жерден мата қалдықтары, қола және алтын тіліктер (пластиналар) табылған. Қола тілікке гүл суреті салынған. Мата кесігі мен тіліктер бас киімнің қалдығы сияқты. Белдіктен ортасында фантастикалық жануар бедерленген сегіз жапырақшалы сауыт түріндегі екі ірі қапсырмалар сақталған. Оған осы жерден табылған темір айылбас та жатады.

Мүрденің оң жағында ағаш қабығынан жасалған және беткі жағы сүйек жапсырмалармен әшекейленген қорамсақ жатқан. Қорамсақтан сапты жалпақ және ұзынша-ромб тәріздес тұрпаттағы жебе ұштары шыққан. Мүрденің сол жағында айқыштамасы тік темір қылыш жатқан. Ағаш қынынан шірік кесектері мен бұғының бір түрі бейнеленген күміс пластина ғана сақталған. Сол жақ аяғының қасынан сабы сүйек бір жүзді темір пышақ алынған. Аяғының сүйектерінде сирақ тұсы қола жіппен тігілген өкшесіз тері етік қалдығы сақталған.

Мүрденің аяқ жағында ат әбзелдерінің (темір үзеңгі, сақиналы сулық, тікбұрышты айылбастар, т.б.) қалдықтары тұрған. Моладан алынған сиыр сүйегі ақіреттік ас қалдығы болып табылады, ал үйіндіден қыш көзе алынған. Қабірден алынған екі монета ХІІІ ғасыр соңы мен ХІҮ ғасырда соғылған, бұлар қабір мерзімін нақты дәлелдейді, зерттеушілер пікірінше молаға қоғамда жоғары дәреже иемденген қыпшақ-жауынгері жерленген.

Орталық Қазақстаннан ХІV ғасырға жататын екі қабір табылған. Оның бірі Нұра өзені аңғарынан, Қарағанды қаласынан батысқа қарай 46 км жердегі Жартас қорымынан зерттелген. Обаның диаметрі 12 м, биіктігі 1 м. Тікбұрышты келген қабір шұңқыры ұзын жағы бойынша батыстан шығысқа қарай бағытталған. Оның көлемі 2х1,5 м. Шалқасынан жатқызылған мүрде 1,8 м тереңдікке қойылған. Қабірдің үсті ағаш қабықтарымен жабылған. Шіріген қайың астынан ромб секілді өрнектері бар алтын сары түстес жібек мата қалдықтары табылған.

Адам қаңқасының жамбас сүйегі мен сан сүйектерінің тұсынан тері (қой) шалбар мен тері етік қалдықтары алынған. Оң жағында бір жүзді ұшы тік темір пышақ жатқан. Сол жақ бүйірінде қабықтан жасалынған ұзын қорамсақ орналасқан. Қорамсақтың ұзындығы 60 см, ені 12-15 см. Қаусырына сары түсті жіп тағылған. Қорамсақ жебе ұштарына толы. Қорамсақта садақ та болған. Садақтың тек ағаш бөліктері ғана сақталған. Қабірден белбеудің темір тоғалары да шықты.

Жерленген адамның аяқ жағына ат әбзелдері (жүген-ноқта мен ер) қойылған. Олардан сақталынғандары – темір бөлігі мен ағаш қалдықтары. Сопақша темір үзеңгінің аяқ салар тұсы кең және оның белдікке арналған ілгегі бар, екі құрамалы ауыздықтардың қозғалмалы тілі бар. Моладан күміс тостаған мен үш күміс монета салынған тікбұрышты қапшық шыққан, монеталар ХІV ғасырдың алғашқы жартысында соғылған.

Дәл осындай саймандар жиынтығы Екібастұздан солтүстік-батысқа қарай орналасқан Тасмола-4 қорымындағы бір обадан алынған. Оба диаметрі 14 м, биіктігі 1,2 м. Үйінді астында, оның орталық бөлігінде солтүстіктен оңтүстікке бағытталған тікбұрышты тұрпаттағы топырақ шұңқыр орналасқан. Оның ауданы 2,4х1,1 м, тереңдігі 1,6 м. Қабір үсті түпсіз «жәшік» түріндегі құрылыспен жабылған.

Моладағы мүрденің басы солтүстікке бағытталған. Бас сүйегінің сол жағында сұрақ белгісі түріндегі күміс сырға жатқан. Сол алақаны тұсынан темір пышақ пен темір кресало алынған. Шұңқырдың сол жақ қабырғасында қабықтан дайындалған қорамсақ жатқан, одан алты темір ұшты жебелер шығып тұрған. Қорамсақтың ұзындығы 68 см, төменгі жағындағы ені 19 см, жоғарғы жағындағы ені 11 см. Сыртқы беті геометриялық өрнектері бар күміс жапсырмалармен әшекейленген. Жебе ұштары жалпақ, сапты; олардың бесеуі кесіндісі бойынша ромб пішінді, ал алтыншысы тікбұрышты келген. Қорамсақ жанынан ішкі сақиналары қозғалмалы (жылжымалы) темір жүгеннің екі бөлігі алынған. Қаңқа аяқтарының арасында табандығы кең темір үзеңгі және белбеу тесігі жатқан.

Қабірден екі монета табылған, оның бірі мүрденің аузына қойылса, екіншісі сол қолының жанына қойылған.

Алынған материалдар қыпшақ жауынгері қалай киінгендігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.



Мерке ғибадатханасы. Түркілердің обасы, тас мүсіндері, тас қаландылары жанында сақталған ғибадатхананы зерттеудің маңызы зор. Бұлар табыну мен культтық ғұрыптарды өткізетін орындар болған. Әсіресе адам өте бермейтін биік тауларда орналасқан, жүздеген жылдар бойы ешкім тиісе қоймаған баяғы қалпында тұрған ғибадатханаларды зерделеу өте қызықты.

«Қыпшақ ғибадатханалары» деп аталынған ХІ-ХІІІ ғасырлармен мерзімделінетін ескерткіштерден Азия бөлігіндегі қыпшақтар мен Еуразияның еуропалық бөлігіндегі половецтер арасындағы мәдени-тарихи байланыстарды байқауға мүмкіндік мол.

Мұндай ғибадатханалардың бірі – биік таулы ауданда, альпілік шалғын аймағындағы Мерке өзені, Аралтөбе, Белсаз, Сандық, Сұлусай, Қарасай, Қашқасу үстірттеріндегі – Мерке болып табылады.

Ескерткіштердің мейлінше шоғырланған жері Сандық үстірті. Бұл жердегі тас мүсіндердің үлкен шоғыры туралы ХІХ ғасыр соңында белгілі болған, алайда оларды өткен ғасырдың орта тұсында ғылыми айналымға жергілікті өлкетанушы А.Н.Печерскийдің көрсетуімен Э.А.Новгородова енгізген болатын. Мерке кешенін зерттеумен ұзақ жылдардан бері А.М.Досымбаева айналысып келеді. ХХІ ғасырдың бас кезінде Жетісу далалы аймағындағы VІ-Х ғасырларға жататын түркілердің ескерткіші Жайсаң ашылды. Мерке өзенінің жоғарғы ағысында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде тас мүсіңдері бар ғұрыптық ескерткіштер, петроглифтер шоғырының картасы жасалды (А.М.Досымбаева). Археологиялық-топографиялық картада барлығы бірнеше ондаған мүсінді оба құрылыстары көрсетілген. Зерттеу барысында 64 тас мүсін анықталды, оның 31-і әйел адамның мүсіні болып табылады. Ғұрыптық ескерткіштердің статисткалық талдауы және типологилық мәліметтері негізінде ғибадатхана құрамына 38 мүсінді кешен кіретіндігін анықтап берді. Ал ғұрыптық конструкцияның негізгі бөлігі диаметрі 4-5 метрден 16 метрге дейін, биіктігі 0,5 метрден 1,3 метрге дейін жететін тас үйіндіден түрады. Кейбір обалардың шығыс жағынан тастан қаланған қосымша құрылыстары да кездеседі.

Меркенің жарқын ескерткіштерінің бірі Сандық үстіртіне кірер жердегі екі оба мен алғашқыда обада тұрған құлпытас болып табылады. Оның бір жақ шетіне биік бас киім киіп тұрған әйел адамның бейнесі салынған. Ол екі қолымен ыдыс ұстап тұр.

Басы ойықшамен бөлініп, оны денесінен бөліп тұр. Қасы, көзі, жағы (беті), иегі, кеудесі, қолдары мен ыдысы шығыңқы. Ұзын тік мұрыны мен қастары Т-тәрізді тұрпатта шығыңқы сызықпен берілген, көздері сопақша келген ойық арқылы берілген, ауызы ішке қай кіріңкіреп тұрған. Нәтижесінде бет әлпетіне әсемділік беріліп, бұрыс дөңгелектер беттегі қызылын (шырайын) келтірген. Әйел адам жалаңаш күйінде берілген, алақаны толық өңделмеген, ал қолдары білек тұсында қайырылмаған. Ыдысы пиала (кесе) тұрпатты, алайда оның түбі көріне қоймайды.



Жалаңаш өзенінің жоғарғы ағысынан екі обада орналасқан үш мүсін анықталынған. Бұл №2, 3, 4 мүсіндері бар құрбандық шалатын орын. №2 және №3 тас мүсіндер обаның орталық бөлігіндегі тонаушылар қалдырған шұңқырда жатқан. Олар бастапқы орындарынан жылжытылған, нәтижесінде құлпытас терісінен қойылған.

№2 мүсін қызыл граниттен қашалған (оның көлемі 0,74х0,29х0,19 м). Басы шабылған. Қолдарына денесіне параллель түрде көрсетілген. Қолдары, саусақтары өңделе қоймаған. Екі қолындағы ыдыс кубок тұрпатында (ернеуінің диаметрі түбінің диаметріне сай келеді).

№3 мүсін дәл сондай (№2 мүсін) граниттен қашалып дайындалған. Қазіргі таңда олар қатар жатыр. Бұл мүсіннің көлемі: 0,62х0,25х0,18 м. Төменгі бөлігі опырылып түскен, дегенмен аздап бүгілген қолдары денесіне параллель орналасқанымен, ыдыс әдейі көрсетілмеген сияқты. Мүсіннің тек бір жағы (беткі) ғана өңделген. Шет (бүйір) жағынан жалғыз-ақ сырғасыз құлақ қабыршағы ғана түсірілген. Басы денесінен кішкентай ойықша арқылы бөлініп көрсетілген. Мұрыны мен қасы біртұтас Т-тәрізді мүсінде берілген, көздері миндаль түріндегі ойық, ауызы шығыңқы.

Құрбандық орнының осы тобына №4 мүсін де кіреді. Ол ұсақ түйіршікті қызыл граниттен қашалып дайындалған (0,68х0,28х0,16 м). Мүсін обаның ортасына орналасқан, жүзі солтүстік-шығысқа қаратылған. Тастың тек бір жақ шеті ғана қашалған. Бет әлпеті схема түрінде берілген: Т-тәрізді мұрын мен қас, т.б. Мүсіннен адам жынысы нақты ажыратыла қоймайды. Киімі де, қолдары мен ыдыстары, әшекейлері де көрінбейді.

Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай бірінен кейін бірі орналасқан сайлардан (Қоралас-сазы, Тоғансай, Жалаңаштың жартысы, Сулы-сай, Қарасай, Шөлсай, т.б.) ондаған тас мүсіндері анықталған. Барлық конструкциялар мен мүсіндер тпологиялық жағынан өзара жақын.

Әйтсе де ескерткіштер түрі тас мүсіндердің сыртқы пошымына, санына, орналасу орнына қарай жіктелінеді.

Сұлусай-7 обасында төрт мүсін орналасқан. Бес ескерткіштен үш-үштен мүсін анықталған, он бір обадан екі-екіден мүсін саналған, ал 28 конструкцияда бір мүсіннен болған. Конструкциялардағы екі немесе одан көп мүсіндердің бірі міндетті түрде ер адамның мүсіні болып табылады. Қалғандарында әйел адамдар бәдізделген. Дегенмен екі ер адамның мүсіні бар бір ескерткіш пен екі әйелдің мүсіндері қойылған үш конструкция да анықталған.

Қашқасу-1, Мүйізді қора-2 (№1, 2 обалар) ескерткіштеріндегі диаметрі 6-10 м, биіктігі 0,5-1,2 м обалар қасынан оларға шығыс жағынан жалғасқан көлемі 1,5х1,8 м және 2,3х2,7 м тікбұрышты құрылыстар анықталған. Мүсіндердің жүзі шығысқа қаратылған.

Шайсандық-1 қорымы ескерткіштің басқа түріне (типіне) жатады. Диаметрі 7 м, биіктігі 0,6 м обаның ортасына әйел адамның мүсіні орнатылған. Беті шығысқа қаратылған. Шөлсай-3 және Сандық-2 қорымдарындағы әйел адамдардың мүсіндері обаның шығыс жағында тұр, ал обаның ортасында тонаушылар шұңқыры сақталынған.

Құлпытас секілді статуялар (адам денесінің тек жоғарғы жағы ғана бедерленген мүсіндер) өз кезегінде бір обада мүсіндермен бірге тұра береді.

Статуялардың бірнеше түрі жіктелген: бас киімі көсретілген мүсіндер, ер және әйел адамдардың мүсіндері.

Ер адамның бас киімі дөңгелек пішінді, ол екі скульптурада көрсетілген. Алты мүсінде мұрт айқын бедерленген, бір ер адамның мүсінінде сына тәрізді сақалы нақышталған.



Аралтөбе-1 ғұрыптық кешені тікбұрышты қоршаулар тізбегінен тұрады. Қоршаулардың ортасында диаметрі 0,2-0,3 м, тереңдігі 0,2 м күл толтырылған шұңқыр анықталған. Қоршауға солтүстік-батыс жағынан оба асты конструкциясы жалғасқан, оның ортасындағы шұңқырдан малдың сүйегі мен жылқы жүгенінің үш металл тоғасы табылған. Солтүстік-батыс сыртқы қабырға ортасынан бастап барлық қабырғаларға антропоморфты құлпытастар орнатылған. Типологиялық тұрғыдан сипатталынып жатқан конструкция осы мәдениет таралған аумақтағы ежелгі түркі ғұрыптық қоршауларын сипаттап берген әдебиеттер материалдарына ұқсас.

Түркілердің Аралтөбелік ғұрыптық кешені Қырғызстан аумағынан табылған ежелгі түркі ғұрыптық конструкцияларына ұқсас, дегенмен қоршауға солтүстік-батыс жағынан жалғасатын шұңқырда құрбандық малын жерлеу салты бойынша өзгешеленеді. Шұңқырдан ат әбзелдерінің қалдықтары (металл қапсырмалар, т.б.) алынған.

Бірнеше көне түркі қоршаулары Көржайлау-7 қорымы құрамынан ашылып, зерттелген. Қорымнан үш қоршау мен бір оба қазылған. Обадан басы батысқа бағытталған, шалқасынан жатқызылған мүрде аршылады. Оның бас жағына қолдан жапсырылған, түбі дөңгелек ыдыс қойылған, одан қойдың құйымшақ сүйегі мен тігінен ғұрыптық асқа қадалған қадалған пышақ шыққан.

№1 қоршауды шеттерімен қоса есептегенде шамамен 2 м-ден сәл ғана асады. Конус тәрізді қосымша құрылыс негізгі конструкцияға оңтүстік-шығыс жағынан келіп қосылады. Қоршау қабырғалары тігінен қойылған тас плиталарынан тұрғызылған. Сыртқы жағын бойлай және қоршаудың ішкі ауданы ұсақ малта тастармен толтырылған. Қосымша құрылысқа тігінен ер адамның мүсіні орнатылған, түбі тастармен шегенделген. Мүсінге қару мен сол қолына пиала тәрізді ыдыс қашап түсірілген. Бет әлпеті мұқият өңделген, киімінің орамдары көрсетілген.

Мүсіннің сол қолындағы жүзі қайрылып жасалынған қылыш ескерткіштің хронологиясына түзетулер енгізуге мүмкіндік береді, оны зерттеген мамандар мүсін ІХ-ХІІ ғасырларда тұрғызылған деп пайымдайды.

Белсаз-1 қорымы диаметрі 5 м, 5 м және 8,7 м таспен үйілген үш обадан тұрады. Обалардың биіктігі 0,4-1,3 м аралығында. Диаметрі 8,7 м оба ортасында граниттен жасалған ер адамның скульптурасы тұрған. Археологиялық тазалаудан кейін оба конструкциясының жоспары бойынша тік бұрышты көлемі 7,5х7,4 м құрылыстан тұратындығы анықталынды. Скульптура барельеф техникасында дайындалған. Мүсіннің басы, денесі, қарын тұсында кубок тәрізді ыдысты ұстап тұрған қолдары айқын берілген. Сондай-ақ мүсіннің бет пішімі де мұқият бедерленген. Мұндай скульптура ғибадатханалық ескерткіштерде кеңінен таралған және Мерке өзені бойындағы биік үстірттегі туындыларға өте жақын.

Осы сипатталған оба қасындағы диаметрі 5 м-лік оба қазылған. Одан жас баланың мүрдесі анықталған. Мүрде өртеу ғұрпы бойынша жерленген. Қасына бұйымдар қойылмаған.



Белсаз-2 қорымы тас үйінділерінен тұрғызылған обалардан тұрады. Олардың диаметрі 3-20 м, биіктігі 1,5-3 м аралығында. Екі обада қазба жұмыстары жүргізілген. Диаметрі 6 м-лік обадан катакомбадағы қабір аршылған. Диаметрі 11 м-лік екінші обаның үйіндісі ормен қоршалған. Ауданы 2х1,5 м тік бұрышты құрылыс обаның ортасында орналасқан және шеттері бойынша оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай бағытталған. Онда бір ер адамның, бір әйел адамның тас мүсіні тұрған. Әйел адамның беті солтүстік-батысқа, ер адамның беті оңтүстік-шығысқа қаратылған.

Мүсіндер граниттен, барельеф техникасында дайындалған. Екі мүсіннің де белбеу тұсындағы қолында ыдыс тұр. Әйел адамның мүсіні ұқыпты қашалған, үшкір бас киімі, бет-жүзі, кеудесіне тағылған әшекейлері сынды бөлшектері мұқият берілген.



Мүйізді Қора-2 ғұрыптық ескерткіштері. Бұл кешен екі оба түріндегі құрылыстан тұрады. Үйіндінің шығыс жағынан тікбұрышты қосымша құрылыс жалғасқан. Қосымша құрылыстардың екеуінен де шығысқа қаратылған әйел адамдардың мүсіндері анықталған. Екі мүсін де граниттен, барельеф техникасы бойынша жасалған. Кеуделері дөңгелек төмпешік ретінде берілген. Екеуінің де кіндік тұсындағы қолдарында ыдыс бедерленген. №1 обадағы статуя түбі жалпақ кубок түріндегі ыдыс ұстап тұр. Бұл мүсіннің саусақтары нақты көрсетілген. Екінші мүсін алғашқысынан аздап өзгешелеу: мұндағы ыдыс тұғырлы кубок тәрізді; басынан бас киім байқалынады.

Мерке ғибадатханаларынан анықталған мүсіндер Оңтүстік Орыс далаларындағы половец ғибадатханаларына ұқсас.

Мерке ғибадатханасындағы культтық кешендер бойынша зерттелген әрі сипатталған ескерткіштер типі әдебиетте половецтік «жасырын ғибадатхана» ретінде белгілі. Шығыс Еуропа далалы аймақтарындағы обалардан мүсіндермен бірге мүрделер де анықталған.

Дәл осындай ескерткіштер Орталық Қазақстаннан да анықталған. Оларды зерттеушілер ХІІ ғасырмен мерзімдеген.



Батыс Қазақстан ортағасырлық көшпенділерінің археологиялық ескерткіштері. Қазақстанның батыс өңіріндегі жерлеу ескерткіштерін Г.B.Кушаев, В.А.Кригер, Железчиков, А.А.Бисембаев зерттеген.

Батыс Қазақстандағы ортағасырлық көшпенділердің обалары мен қабірлерінде жүргізілген археологиялық ізденістер мұнда ҮІІІ-ІХ ғасырларға жататын ескерткіштердің аз екендігін көрсетіп берді. Ірі қорымдар да жоқ.

Оба үйінділері топырақтан көтерілді, таспен тұрғызылғандары өте сирек. Үйінділердің негізгі бөлігі 8 м-ден 15 м-ге дейін жетеді. Қабір шұңқырының кеңінен таралған тұрпаты кертпе мен үңгіп қазу болды.

Жерлеу ғұрпындағы маңызды мәселе жылқы сүйектерінің болуы еді. Анатомиялық тәртіппен қойылған қаңқа қалдықтары қазылған қабірлердің тең жарымынан шыққан. Жылқы сүйектері шұңқырдағы адам қаңқасы жанындағы мола кертпесінен, шұңқыр жабындысынан алынған.

Оба үйіндісінде немесе қабір түбіндегі малдың сүйектері астың немесе ақіреттің тағамның қалдықтары болып табылады.

Бұл уақытқа жататын жерлеу кешендері негізгі үш түрге бөлінеді: ат қосып жерленген қабір, жылқы қойылмаған қабір мен кенотаф.

Ер адамдардың қабірлерінен қару-жарақ, әйел адамдардың қабірінен сәндік заттар (тарақ, айна, әшекейлер) алынады.

Қару-жарағы (жебе ұштары, сауыт-сайман, т.б.) толық шыққан жауынгерлердің қабірлері аршылған (Шалқар-3, Қарасу-1). Ат сүйегі шықпаған ер адамның қабірлерінен белбеу мен жүген-ноқта алынады.

ІХ ғасыр екінші жартысында қабір шұңқырының жабындысына не болмаса табыт қақпағына «ат тұлыбын» қою жоралғысы тарала бастайды. Сонымен бірге бұл жоралғының біршама өзгерген тұрпаты шыға бастайды, бұл ретте бір немесе екі ат тұяғы қойылды.

Кенотафтар жоғала бастайды.



ХІІ-ХІV ғасырлар ескерткіштері. Оба үйінділерінің көлемі 4-18 м аралығында. Көпшілік ескерткіштер топырақпен көтерілген. Тас араласқан үйінді және үйінді астындағы шикі кірпіш қоршаулары сирек ұшырасады.

Тікбұрышты тұрпаттағы қабір шұңқыры жиі қолданылады. Кей жағдайларда оның қабырғалары түбіне қарай тарылуы немесе кеңеюі мүмкін. Кертпелі немесе қабырғаларында кертпесі бар қабір шұңқырлары мен үңгіп қазылған молалар да ұшырасады.

Жерленгендердің бағытталуы әрқилы, алайда оңтүстікке қарай бағыттау басым.

Жабанды қарапайым тұрпаттағы қабірлерден де, иықшалы молалардан да кездеседі. Тақтай табыттардың қалдықтары да байқалып қалады. Мүрдені ойылған ағаш діңгегінен жасалған діңгек-табытқа салу да жағдайы да ұшырасқан.

Қабірлерден ат әбзелдері (үзеңгі, жүген, ер қалдықтары), қару-жарақ (жебе ұштары, қылыш, қорамсақ пен олардың әшекейлері, қанжар, найза, сауыт); әшекейлер (сырға, сақина, моншақ, айна, «бокка»); тұрмыстық заттар (кресала, пышақ, қайшы, біз, тарақ, ыдыстар); айылбастар, косметикалық құралдар, тері боқша қалдықтары, қола қоңыраулар алынған.

Бай адамдардың қабірі сән-салтанатымен ерекшелінеді. Мәселен, Лебедевка қорымынан ортағасырлық кезеңнің обасы қазылған. Мүрде 2 м тереңдіктегі тақтай үстіне қойылған, басы батысқа бағытталған. Қабір саңлауларына тақтай қойылған.

Қаңқада көйлекке тігілген сауыт пластиналары сақталған. Көйлектің жеңі мен шеттеріне ұзынша тар пластинкалар тігілген. Басының деңгейінде, оң жақта темір дулыға тұрған. Дулығаның төменгі жиегіне темір сақина бекітілген, оған екі қатар тар ұзынша пластинкалар айналдырыла тағылған. Дулыға мен жауынгердің басы арасынан алтын жүзік табылған.

Оң қолының саусақтары тұсында қорамсақ жатқан. Қорамсақ ішіне сапты үшбұрышты темір жебе ұштары салынған. Сауыттың қасында миндаль тұрпатты алтын жалатынған екі күміс пластина жатқан, олардың біріне мүйізді екі таутеке мен аузында күнді тістеп тұрған арыстан бейнесі түсірілген. Басқа екі қапсырмаға жіп түріндегі өрнек бедерленген.

Сарбаздың аяқтарының арасында, тізесінің деңгейінде қоңырау пішінді күміс ыдыс тұрған. Шұңқырдың артқы қабырғасында, мүрденің аяғына таман аттың жүген-ноқталарының қалдықтары жатқандығы анықталған.

Оң қолының сүйектерінің тұсынан ұзын, қайқы темір қылыш (ұзындығы 95 см, жүзінің ені 4 см) пен істік алынған. Аяқ сүйектерінің қасынан сақиналы жүген мен айылбас аршылған.

№3 обадан ер адамның қаңқасы шыққан. Бұл обаның диаметрі 16 м, биіктігі 1,1 м. Жоғарыдағы молаға қарағанда бұдан аса айтарлықтай ештеңе шыға қоймаған. Алынған заттар: үзеңгі түрлері, белбеу айылбастары, оған сән беріп тұрған күміс шаршы жапсырма мен екі жүзік.

ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында моңғол шапқыншылығына байланысты түпкілікті өзгерістер болды.

Бұл кездері солтүстікке қарай бағытталған қабірлер саны ұлғая бастайды. Қабір құрал-саймандары арасында «бокка» бас киімі мен металл қаңылтырынан қиылған адам мүсіндері секілді заттар пайда болады.

Алтын Орда тұсындағы кезеңде жерлеу ғұрпы өзгере бастайды, шығыс бағыт батысқа және солтүстікке ауысады, қабір шұңқырының тұрпаты қарапайымдана түседі.

Жерлеу қабірінен әлемдегі ең нұрлы ислами дәстүрлер анық байқалады. Қалалар маңындағы бейіттерде мұсылмандық жосын-жоралғымен жерленген адамдар саны арта бастайды.


жүктеу 7,26 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   28




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау