11–ші дәріс Педагогикалық шеберлік және мұғалімнің беделі.
1. Мұғалімнің беделінің мәні және мазмұны.
2.Мұғалімнің беделінің қалыптасуы үшін басшылыққа алынатын принциптер.
3.Мұғалімнің беделінің қалыптасуына әсер ететін субъективті және объективті факторлар.
4. Беделдің құрылымы.
5. Беделдің түрлері, деңгейлері және белгілері.
Әдебиеттер:
Синица. Педагогикалық әдеп және ұстаздық шеберлік. Алматы, 1987.
Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика, /Дарын/, Алматы, 2004.-448 бет.
Андриади И.П.Основы педагогического мастерства: Учебное пособие для студ. Сред. Пед. учеб. Заведений.- М.:Издательский центр «Академия»,1999.-стр.93-139
Макаренко А. С. Мудрость воспитания. Книга для родителей. -М.:1989
Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жуапкершілігі мол киелі мамандық. Ондай мамандық иесі әрқашанда өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан ілтипаттылығы мен парасаттылығы, біліктілікке ұштасқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары жайсаң адам болуы керек.
Мұғалімнің беделді болуы - өсіп келе жатқан ұрпақты ойдағыдай тәрбиелеудің ең маңызды шарттарының бірі. Қандай жастағы болсын балаларға ықпал етудің нәтижесі - тек оларды неге және қалай үйретуде, оларға нені және қалай айтуда ғана емес, сондай-ақ, кімнің айтып, кімнің үйрететіндігімен де анықталады.
Мұғалім – ұлы есім. Оны қадірлемейтін, қастерлемейтін адам өмірде жоқ та шығар. Қандай дана адамның өзі, ең алдымен мұғалімнің ұлағатты сөздерін естіп өскені айдан анық. Мұғалім болу үшін адамның ішкі дүниесінің қалауы болу керек. Өзінің жеке қасиеттерімен өзіне деген құрметті, сыйластықты тудыра білуі қажет. Баланы жастан әдептілікке, сыйластыққа, отансүйгіштікке баулу маңызды. Бұл тұрғыда ұлы әл-Фараби бабамыз: “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы”, - деп бекер айтпаса керек. Ал тәрбие бастауы – этикалық нормаларды үйретумен қатар, өнер дарыту.
Беделді зерттеген ғалымдар: А.С. Макаренко, С.В.Ковалев, А.Фромм, А.В Петровский А.Н.Леонтьев , М.Ю. Кондратьева, Р.Х Шакурова, И.П. Андриади т.б.
Бедел –дегеніміз латын тілінен алғанда «билік» деген мағынаны білдіреді. Бір адамның білімі, тәжірибесі, адамгершілік қасиеттері арқылы басқа адамдармен қабылдануы, басқа адамдарға ықпал жасауға мүмкіндігі.
Билік деген ұғым туралы сөз болғанда әділдік, мәдениет деген ұғымдар туралы айту орынды. Психологияда беделді билік жасаумен байланыстырады, ғылымда ондай биліктің алты түрі бар. Олар: зорлық көрсету арқылы, сыйлық беру, лигитимдік – заңды түрдегі билік, эксперттік - білімге байланысты, информациялық – қажетті ақпараттың болуы, референттік – басқаларға үлгі беретін, басқалар оны қабылдайтын. Бедел - ол динамикалық өзгерісте болып отырады.
Бедел субъект - субъектілік іс-әрекет арқылы қалыптасады, ол үшін бірлескен әрекеттесу нәтижелі болу мәнді.
Тәрбиешінің нағыз беделінің мән-жайын аша отырып, А.С.Макаренко оның түп-тамыры бір нәрседе – барлығын: жұмысты, ойды, дағдыларды, мүдделерді, сезімдерді қоса алғанда мінез-құлықта екендігін дәлелдейді. Балалардың қандай болып шығатындығын көргісі келетін ұстаз беделге ие болуы тиіс.
Мұғалімнің беделінің қалыптасуы үшін басшылыққа алынатын принциптерге келетін болсақ, келесі принцитерді атап өткен жөн:
- бірлескен әрекетте жетістікке жетуге ұмтылу принціпі;
- беделдің бірлескен әрекеттің мазмұны, жағдайы арқылы, мұғалім басқарған ұжымның құрамы, даму деңгейіне байланысты бағалану принципі;
- мұғалімнің, оның басқарған ұжымының құндылық бағыттары, қызығушылығы, қажеттіліктері сәйкес келген жағдайда мұғалімнің қарым-қатынастық беделінің қалыптасуына мүмкіндік тууы;
- осы жағдайдан келесі принцип айқындалады - құндылық бағыттар мен түрткілерді, қажеттіліктерді есепке алу принципі;
- мұғалімнің талабын оқушыларға сенім, құрмет көрсету мен ұштастыру принципі;
- мұғалімнің белсенді позициясы, оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеуде мұғалімнің адамгершілік үлгі-өнегесінің ықпалы арқылы беделдің қалыптасуы;
- оқушылардың жас шамаларына қарай мұғалімнің беделінің әртүрлі бағалануы;
- мұғалімнің беделінің сақталуы үшін үнемі жетілдіріп отырылуы;
- мұғалімнің еңбегін бағалауда әлеуметтік перцепцияны есепке алу т.б.
Мұғалімнің беделінің қалыптасуына субъективті және объективті фактор -лар әсер етеді. Объективті факторлардың негізін қоғамның қажеттіліктері құрайды.
Объективті факторларға: мұғалім мамандығының әлеуметтік тұрғыда бағаланып қабылдануы, мамандықтың қоғамдық мәнге ие болуы жатады. Әлеуметтік қабылдау қоғамдағы мұғалімдік мамандық туралы қалыптасқан әлеуметтік стереотиптерге байланысты болып келеді. Қоғамда әртүрлі мамандықтарды қабылдау туралы түрлі көзқарастар болады. Ол стереотиптер әлеуметтік мәнге ие болып, сол саладағы мамандық иелерінің беделінің қалыптасуына ықпал етеді. «Әлеуметтік перцепция» деген ұғымды енгізген американ психологі Дж. Брунер(1947) әлеуметтік тұрғыда бағалап қабылдауды факті ретінде есептеледі.
«Стереотип» және «имидж» деген ұғымдар бір-бірімен байланысты болып келеді.
«Стереотип», «имидж» деген ұғымдардың маңызды атрибуты болып саналады. Мұғалімнің имиджінің оқу-тәрбие үрдісінің мақсатына сәйкес келуі мұғалімнің беделінің қалыптасуына ықпал жасайды. Қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес қалыптасқан мұғалімнің имиджі әлеуметтік жүйені басқаруға мүмкіндік беретін маңызды фактор. «Имидж» деген ұғымның мазмұнына мұғалімнің тәрбиелілігі, эрудициясы, іскерлігі, дара қасиеттері, мінез-құлық ерекшеліктері, қызметтегі стилі т.б. жатады. Мұғалімнің беделінің қалыптасуына әсер етудің тағы бір маңызды жағы – мұғалімнің статусына байланысты сипаттары. Мұғалімнің статусына байланысты оның рөлдік тәртібінің моделі іске асады. Статусына байланысты мұғалім басқа әлеуметтік топтармен байланыс жасайды. Беделдің рөлдік компонентіне: атқаратын қызметі, құқығы, міндеттері кіреді.
Объективті факторлар арқылы әрбір педагогтың қоғамдағы статусы, рөлі анықталып, имиджі қалыптасады.
Субъективті факторларға: мұғалімнің білімі, іскерлігі, шығармашылығы, жеке тұлғалық қасиеттері, мінез- құлық ерекшеліктері, темпераменті, құндылық бағыттары, қызығушылығы, қажеттіліктері, мәдениеті, адамгершілік-рухани және интеллектуалдық қасиеттері, іс-әрекет жасауға дайындығы, белсенділігі, әдебі, шыдамдылығы т. б. кіреді.
Бедел құрылымына жеке тұлғаның моральдық-психологиялық қасиеттерін және кәсіби қабілеттерін жатқызамыз. Мұғалімнің беделі белгілі ортаның оған деген қатынасынан байқалады. Беделдің мазмұны мұғалімге деген екі түрлі қатынас арқылы байқалады: әлеуметтік, спецификалық.
Бедел құрылымына жатады:
кәсіби қомпонент:
-кәсіби эрудиция;
-әдістемелік шеберлік;
-түрлі технологиялық.
Жеке тұлғалық компонент:
-құнды бағыттары;
-мінез –құлық ерекшеліктері;
-қатынас стилі, тәртіп мәдениеті, қызығушылығы, эрудициясы т.б.
Әлеуметтік компонент:
-мамандықтың әлеуметтік мәні;
-мамандықтың әлеуметтік ортада алатын орны;
Рөльдік компонент:
- атқаратын қызметі;
- құқығы және міндеттері.
Бұл компоненттер бір- бірімен тығыз байланыста болады.
Беделді С.В. Ковалев үш түрге бөледі: формалды, функционалды, жеке тұлғааралық.
Беделдің жоғары деңгейлеріне келетін болсақ, олар: шынайы, жоғары, нақты, нағыз бедел түрлеріне бөлінеді. Мұғалімнің қызметіндегі әрекетінің ерекшелігіне, шешетін мақсат міндеттеріне қарай, мұғалімнің беделін бағалануына байланысты төмендегідей деңгейлерді атауға болады: позициялық бедел, атқаратын билігіне, құқығына, міндеттеріне байланысты болатын түрлері. Позициялық бедел адамның әлеуметтік рөліне байланысты болып келеді. Мысалы, ата-ана – бала, мұғалім - оқушы, тренер - секция мүшесі. Бала өскен сайын бұл бедел түрі азая береді.
Функционалды бедел - білім , тәжірибе арқылы қалыптасады.
Ең жақсы бедел түрі - жеке тұлғааралық, ол төрт жағдайлардан тұрады: балалармен жиі қатынаста болу, балалар туралы хабардың молдығы, оларды түсіне білу, өзін-өзі жетілдіріп отыра білулері.
Бала үшін беделді мұғалім:
- эмоциялық жылылық пен қолдаудың көзі;
- барлық жақсылықтың биліктің нышаны;
- құрмет тұтып, үлгі- өнеге алатын адам;
- дос және кеңес беруші болғаны дұрыс.
Шынайы бедел білімге, сенімге, тусінушілікке, құрмет көрсетуге байла-нысты, шыдамдылық, жанашу таныту болып келеді.
Ата-аналар және мұғалімдер бір-бірлерінің беделін қолдап, балалардың алдында жанжалдаспай қатынас жасаулары қажет. Беделді болу оңай емес, жоғалтып алу оңай. Өздеріне сенімсіз мұғалім балалардың алдында беделін жоғалтады.
Неғұрлым жеңіл тәсілмен балалардың алдында беделге ие болу тілегі тек көз бояу беделге әкелетіні белгілі, оны А.С. Макаренко «жалған бедел» деп атаған. Оның төмендегідей түрлерін отбасының өміріне қатысты қарастырған.
Ендігіде жалған бедел түрлерінің сипаттамасына тоқталып өтейік.
Күш немесе жаншу беделі – бұл беделдің ең қорқынышты түрі. Мұндай беделмен көбіне әкелердің соры қайнайды. Егер әке үйде әрдайым ашулы болса, түкке тұрмайтын әрбір нәрсеге нажағай ойнатса, қандай да болсын қолайлы да қолайсыз жағдайда белдікті қолға алып, әр сұраққа дөрекі жауап беріп, баланы әр кінәсі үшін жазалап отырса, бұл жаншу беделі болғаны. Мұндай бедел кілең зиян келтіретінін дәлелдеп жатудың керегі жоқ. Бұл еш нәрсеге тәрбиелемейді, бұл баланы қорқынышты әке-сымақтан аулағырақ жүруге ғана үйретеді. Ол балаларда өтірік пен қорқақтық тудырады, ол қатыгездікті тәрбиелейді. Жасық, ырықсыз балалардан өмір бойы жаншылып, езілген балалық шағы үшін айналадағыларға кектенетін, көбіне былбыр, ештеңеге жарамайтын немесе қасарысқан адамдар шығады.
Өздерін басқалардан жоғары санау беделі. Басқа адамдарды өзінен төмен санау, менсінбей қарау, мақтануды ұнатып, кеуделерін қағатын ата- аналар.Олардың балалары да өздерінің отбасында әкелерінің қызметін, дәрежесін мақтаныш етіп, басқа балаларды өздерінен төмен санайды.
Педантизм беделі. Бұл бедел түрінде балаларға бұйрық беріп, қатал талап қойып, олардың пікірлерін есепке алмай қатал ұстауды бірінші орынға қоятындар. Балалардың еркіндігі, инициативасы төмен болып, ата-аналардың бұйрығын тосып, өз бетімен ешқандай шешім қабылдай алмайды.
Өсиетшілдік беделі. Мұны шетсіз-шексіз үйретумен, көпіртіп өсиет айтумен баланың өмірін жегідей жейтін ата-аналар ұстанады. Мүмкін, тіпті балаға әзіл-қалжыңы аралас бірер ауыз сөз айтудың орнына ата-аналар зеріктіретін, мезі ететін ұзақ сөз сөйлей бастайды. Көпіртіп ақыл айтуда педагогикалық даналық жатыр деп түсінеді олар. Мұндай жанұяда қуаныш пен жайдарылық дейім аз болады. Бұл – беделдің ең ақылсыз түрі.
Махаббат көрсету арқылы қалыптасатын бедел. Бұл бедел түрінде ата-аналар балаларынан оларды шексіз жақсы көрулерін қалайды. Кез келген жағдайда оларды жақсы көріп, аймалап,оларды өздерінің махаббаттарымен мазалай береді. Бала оны түсініп, оларды алдап өзінің қалағанын орындатуға тырысады.
Мейірімділік беделі. Тіл алғыштығына кеңшілік жасаумен, жұмсақтықпен жетуге тырысады: балаларға еркіндік беріледі. Отбасы тыныштығын сақтауды артық көргендіктен ата-аналар қандай да болсын қақтығыстан қашады. Олар тек көрер көзге бәрі дұрыс болуы үшін ғана, нені болса да түгелдей құрбандық етуге әзір болады. Ондай отбасында лезде-ақ балалар жайдан-жай ата-аналарына басшылық ете бастайды. Ата-ананың қарсылық көрсетпеуі жүгенсіз балалық тілектерге, еркеліктерге, қисынсыз талаптарға жол береді.
Сатып алу беделі. Тіл алғыштық сыйлықтармен немесе уәделермен сатып алынса, бұл беделдің ең арсыз түріне жатады. Ата-аналар қысылып-қымтырылмай-ақ былай дейді: тыңдайтын болсаң, саған ойыншық ат сатып әперемін, тыңдайтын болсаң, циркке барамыз...т.б. Жоғарыда аталған жалған беделінің кейбір түрлері мұғалімнің қызметінде де кездесіп тұрады, сондықтан оны мұғалім де біліп ескергені жөн.
Ю.Азаров жалған беделді мұғалімнің оқушылармен авторитарлық қатынаста болуымен байланыста болатынын ескертеді.
Беделді болу оңай емес, оны сақтап қалу одан да қиын, беделсіз қызмет атқару нәтиже бермейтіні баршаға белгілі.
А. С. Макаренко "ата-ананың өзіне талабы, отбасына деген құрметі, өзінің әрбір қадамын есепке алуы, бұл - тәрбиенің басты және бірінші принципі болып табылады және егер балаңыз нашар тәрбиеленсе, бірінші кезекте өзіңізді микроскоптың астына қойып тексеріңіз және баланы қайта тәрбиелеудің қажеті жоқ, тек өзіңіздің балаға деген қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз, бұл тек ата-анаға ғана қатысты", - деп баланың жеке басына құрметпен қарауды, олардың шешімдерін есепке алуды ерекше атап көрсеткен.
А. С. Макаренко ата-ана беделі жайында былай деген: "Беделсіз тәрбиелеу мүмкін емес, ата-ана беделі және үлгі-өнегесі, өскелең ұрпаққа үлкендердің адамгершілік тәрбие беруі бұл әулеметтік тәжірибенің басты механизмі". Бұл пікірлерді мұғалімдер де беделін сақтап қалу ұшін ескергендері жөн.
Өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мұғалімнің беделі деген не ?
2.Мұғалімнің беделінің қалыптасуына қандай объективті факторлар әсер етеді ?
3.Мұғалімнің беделінің қалыптасуына әсер ететін субъективті факторларды атаңыз.
4. Беделдің құрылымын атаңыз?
5. Беделдің қандай түрлері бар?
6.Мұғалімнің беделін қалыптастыруда қандай басшылыққа алатын принциптер бар?
12-ші дәріс Педагогтың сөзі тәрбиелік ықпал ету мен мағлұмат беру құралы ретінде.
1. Тіл мәдениеті туралы түсінік.
2. Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті. Сөз - мұғалім мен оқушылардың тіл табысу құралы
3. Мұғалімнің тіліне қойылатын талаптар.
Әдебиеттер:
Қазақстан Республикасының “Білім туралы Заңы” // Егеменді Қазақстан, 1999 ж., 11 маусым.
Ә.Нысанбаев, Т.Әбжанов. “Ой, ақыл, адамгершілік” – Алматы, 1994, 25-27 бет.
Ә.Табылдиев “Халық тағылымы” – Алматы, 1992,- 135 б.
4. Қазақ Совет энциклопедиясы, 11том – Алматы, 1977- 591 б.
5. Бөлеев Қ.Бөлеева Л. Мұғалім және ұлттық тәрбие.-Алматы «Нұрлы Әлем». 2000.
6. Якушева С.Д. Основы педагогического мастерства: учебник для студ. сред. Проф. Заведений/ С.Д.Якушева.-2-е изд.,-М.: Издательский центр «Академия», 2009.-256с.
7.Зязюн И.А. Основы педагогического мастерства. Учебное пособие для спец. Высших учебных заведений. М., Просвещение,1989.стр.47-61.
8.Основы педагогического мастерства. Упражнения. Тесты. Советы начинаю-щему педагогу. Учебно-методическое пособие/ Сост. Т.П. Смолькина. - Караганда, 2002.-88 стр.
Кезінде А. Байтұрсыновтың: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін азғыруға тырысады», - деп айтса, М. Жұмабаев «Педагогика» оқулығында: «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі, әрбір ұлттың бала тәрбиесінде ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан сара жол болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті», - деген ұлағатты ойы күні бүгінге дейін өз мағынасын жоғалтқан жоқ.
Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, өнер т.б. рухани өмір табыстарының жиынтығы, - дейді тілші-ғалым М.Балақаев өзінің «Қазақ тілінің мәдениеті» атты еңбегінде.
М.Балақаев «Тіл мәдениеті дегеніміз - тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» деген.
«Тіл мәдениеті дегеніміз - сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар, айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - деп анықтама береді Н.Уәлиев өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде.
Ал тілші-ғалым Р. Сыздықова: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», - дейді.
«Тіл мәдениеті» негізінен «Сөз мәдениеті», «Сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді. Өйткені, тіл мәдениетінің негізгі зерттейтін объектісі - сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екі ұштылықтың, күңгірттіктің болмауы. Соған орай тіл мәдениеті ғылымын үлкен екі салаға: ауызша сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениеті деп бөлуге болады.
Тіл байлығы - сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексикасындағы қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде. Себебі, сөзді көп біліп, бірақ оны орынды, ойлы, образды жұмсай алмасаң, одан не пайда? Ал сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің парын, мән-мазмұнын, стильдік бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасып жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін, лексикалық қабаттын баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр көзбен қадағалап отыру керек.
Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі - тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегенде, ойымыздың, сөзіміздің бөтен, бөгде элементтермен шұбарланбауын талап етеміз. Әрине, бөтен тілден сөз алмай, таза ана тілі материалының негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл деген болмайды. Көркем шығарманы, сондай-ақ, әдеби нормадан ешбір ауытқымай, бөтен тілдік элементтерді қоспай, сірестіріп, «таза әдеби» тілде де жаза беруге болмайды. Өйткені, көркемсөз шеберлері оқырмаңдарына өмірдің өзі көтерген саласын жан-жақты көрсету, олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын арттыру мақсатын көздейді.
Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалды. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», - деп ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді.
Л.И.Ожегов: «Тіл мәдениеті - бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы – бұл қоғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдік сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ, орынды сөйлеу» - деп тұжырымдайды.
Тіл мәдениеті ұғымына Қазақ Совет энциклопедиясында мынадай анықтама берілген: «Тіл мәдениеті - кісінің бойындағы мәдени қасиеттердің бірі, қоғамдық мәдениеттің бір компоненті. Тіл мәдениеті ауызекі тілдің орфоэпиялық нормасын, сөз қолдану, сөздерді тіркестіру заңдылықтарын, сөйлем құрау ерекшеліктерін дұрыс пайдалану және жазба тілде емлеге, тыныс белгілерін қолдануға байланысты ерекшеліктерді толық сақтап, сауатты жазу мәселелерін де қарастырады».
Оқушылардың тіл мәдениетіне педагогикалық сөздікте төмендегідей анықтама ұсынылады: «Оқушылардың тіл мәдениеті дегеніміз, ғылым негіздеріне оқыту үрдісі мен өзін қоршаған адамдармен тілдік қарым-қатынас негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ол жалпытілдік норманың сақталуымен, тілдің мазмұндылығымен, ойлылығымен, лексикалық байлығымен, көркемдігімен әрі мәнерлілігімен сипатта-лады». Қабілетті мұғалімнің тілі сабақ кезінде қашанда шәкірттерге бағытталған. Мұғалім жаңа материалды хабарласын, оқушы жұмысына түсініктеме берсін, мақұлдау немесе сөгіс айтсын, қашанда оның сөзі ішкі күшпен, сенімділікпен, өзі айтып тұрған нәрсеге қызығушылықпен ерекшеленеді. Ойын оқушылар үшін түсінікті, айқын, қарапайым түрде білдіру мұғалім үшін өте маңызды. Олай сөйлей білу мұғалімнің коммуникативтік қабілеттерінің жетіліп дамығандығын білдіреді.
Коммуникативтік қабілеттер – балалармен қарым-қатынас жасау қабілеті, олармен қарым-қатынас жасауда дұрыс тәсіл таба алу, олармен педагогикалық көзқарас тұрғысынан, орынды өзара әрекеттесуді орнату іскерлігі, педагогикалық әдептің болуы. Өз ойлары мен сезімдерін тілдің, мимика және пантомимика көмегімен айқын және нақты білдіре алу қабілеті. Сонымен коммуникативтік қабілеттер вербалды және вербалды емес іскерліктері арқылы жүзеге асады. Вербалды емес қабілеттерге байқағыштығы, назары, елестету қабілеттерін жатқызуға болады.
Назары – белгілі затқа, бейнеге, пікірге бір уақыт мөлшерінде ықылас қою, оның екі түрі бар: ерікті, еріксіз. Назары, зейіні дамыған мұғалім бір уақытта сыныптағы оқушылар немен айналысып отырғандарын аңғара алады.
Елестету – психикалық процесс. Өмірде кездескен жағдайларды, бейнелерді жаңаша өзгерген түрде еске түсіру. Елестету қабілеті дамыған мұғалімнің шығармашылық қабілеті басым болып келеді.
Сөз арқылы іске асатын қабілеттерге сендіру, иландыруды жатқызуға болады. Иландыру, ұйыту - иландыру, ұйыту үшін мұғалім сендіре білуі қажет. Иландыру сендірудің жоғары сатысы, баланың психикасына үлкен әсер жасайды. Иландыру сендірумен тығыз байланысты. Оларды дұрыс пайдалана білу мұғалімге қызметін нәтижелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сөздік қарым-қатынас жасаудың ұйыту түрі мұғалімдер тәжірибесінде сирек қолданылады. Өйткені, оның тиімді жақтары тәжірибеде әлі дәлелденбеген. Дегенмен, кейбір мұғалімдер аз да болса, оның кейбір элементтерін оқу-тәрбие ісінде қолданып жүр. Мысалы, оқушыны таңдандыру, шаттандыру болмаса үрейлендіру, т.б. жағдай-ларда. Ұйыту мазмұнына қарай тура және жанама болып келеді. Тура ұйыту, өсиет айту, әмір ету (бұйрық беру), ал жанама ұйыту оқушыларға хабарлама жасау, әңгіме айту және ишарат білдіру арқылы іске асады. Ұйытудың аталған түрлерінің нәтижелі болуы, мұғалімнің ұйыту физиологиясын және ұйытуға тән ептілік пен дағдының меңгеруне байланысты болып келеді. Зерттеулерге қарағанда, ұйыту физиологиясы түрлі тітіркендіргіштер арқылы зейінді бір объектіге шоғырландырып, бас миының қалған аймақтарын уақытша тежеуі. Бұл тұста тітіркендіргіш қызметін мұғалімнің әсерлі сөзі, қимыл-қозғалысы, келбеті, үйлесімді әрекеті атқарады. Олардың доминанттық (басымдылық) ықпалы болып, бас миындағы өзге қозуларды тежеп, ырықсыз зейін тудырады. Нәтижесінде оқушы мұғалімнің «арбауында» қалып ұйиды. Егер ұйыту терең болса, онда оқушының алаңдаушылығы төмендеп, оқу материалын қабылдау көлемі жоғарылайды, тіпті оның ұсақ-түйегіне дейін мән береді.
Сендіру - адам түрлі ортамен, адамдармен қатынаста болып, білім, тәжірибе жинақтайды, соның негізінде адамда сенім пайда болады. Сенім ақиқат не жалған болуы мүмкін. Ақиқат сенім болған кезде істің шындығы, дұрыстығы айқындалады. Ақиқат сенім адамды алға қарай ұмтылдырады, жалған сенім, керісінше, сенбеушілік тудырады. Бір оқушыларда жалған сенімдер де болады. Мысалы, тәртіп бұзу, ол оның мықтылығын көрсетеді деген. Сенім компоненттеріне: білім, сезім, мінез–құлық, көзқарастар жатады.
Сенім арқылы оқушының көзқарасы қалыптасады. Оқушыны сендіру үшін төмендегідей талаптар сақталуы тиіс:
- жас ерекшелігін есепке алу;
- дара ерекшелігін,қызығушылығын, көзқарасын;
- фактілерді, мысалдарды қолдану;
- саралау, талдау;
- мұғалім айтып тұрған сөзіне өзі сену,сөзінің эмоциялық әсері;
- мұғалімнің беделі.
Мұғалімнің сөзі айқын анықтылығымен, ақылға қонымды, дәйекті дәлелдігімен, тыңдаушыларды баурап алып кететіндігімен жұртқа үлгі болуы тиіс. Сөз оқушыларға өтімді болып, жақсы әсер беру үшін дауыс ырғағының, сөйлеу сарынының мәні зор. А.С.Макаренко «Оқушылар – сіздің сөзіңізден өзіңіздің еркіңізді, сіздің мәдениетіңізді, жас ерекшелігіңізді сезіне алатындай болуы керек»,- деп жазды. Сөйлеу кезінде адамның адамгершілік қасиеттері, ерік жігері мен қажыр-қайраты немесе жалтақтығы да аңғарылып қалады. С.М. Торайғыров өз кезінде, «шүлдірлеп, жолжаңдап, жығылып-сүрініп жүруге болмайды, ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сағынышы, онда дәм де, мән де болу керек», - деген.
Достарыңызбен бөлісу: |